Қазақ тіліндегі кірме сөздер

Home » Рефераттар » Қазақ тіліндегі кірме сөздер
Рефераттар Комментариев нет

Қазақ тілінің сөздік құрамына әрқилы жолдармен, әрқилы кезеңдерде енген, бірақ байырғы сөздік қорына тән емес сөздер тобы әдетте кірме сөздер деп аталып жүр. Бұлардың қатарында терминдік тұрақты ұғымы тиянақталмай ауытқып жүрген тағы бірнеше атау сөздерді әңгімелеуге болады. Олар — шет тіл сөздері, интернационалдық терминдер, ғылыми терминдер, арабизмдер, русизмдер, техникалык атаулар, халықаралық терминдер т.т. Бұлардың бәрінің өзді-өзіне тән аздаған ерекшеліктерімен бірге, ортақ белгілері де жетерлік. Олардың тілімізге келу, ену жолдары талай сырдың бетін ашады. Мұрты бұзылмай әу баста түп нұсқа тілде қалай пайда болса, дәл сол қалпында қабылданған кірмелер де бар. Сонымен бірге тіл даму процесінде едәуір өзгеріске ұшырап, сыртқы түрін құбылтып алған мысалдар да баршылық. Бұларды, әрине, бір қатарға қойып талдауға болмас еді. Алып отырған объектіміз кірме сөздер мен терминдер болғанмен, бұл жерде кірме сөздер бір бөлек, кірме тіркестер бір бөлек және «өздік» терминдер мен «өзгелік» терминдер және терминдік тіркестер өз алдына жеке-жеке қарастырылуға тиіс мәселелер. Дегенмен мұның әрқайсысы өзіндік зерттеу сарабынан әлі өтіп үлгермегендіктен біз бұларды әзірге өзара тығыз байланыста қарастыруға мәжбүрміз. Жалпы дәстүрлі әдебиетте өзге тілден сөз алмасу процесін прогрестік құбылыс деп табады. Яғни бұл тіл байытудың бір көзі саналады. Бір қарағанда солай да сияқты. Бұған мысал ретінде қазақ тілі тарихының қалыптасу жолына зер салса болады. Біз бұдан қазақ тілін қорландыра түсуге себі тиген, оның сөздік қорын байытқан әлденеше кезеңді көреміз. Мамандардың айтуына қарағанда, мұны мынадай кезеңдерге бөліп, әрі диахрондык сипатта қарауға болатын тәрізді, оның өзін де шартты түрде ғана.

Кірме сөздердің тілімізге қатар енген ыңғайыиа қарай айқындалатын ең үлкен екі дәуірді байқаймыз. Ол — арабизмдер, парсизмдерді алып келген VIII-ІХ ғасырдан бергі жердегі он ғасырлық уақыт пен XX ғасырдың еншісіне тиетін интернационалдық терминдер мен русизмдер. Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің табиғатын зерттеген Л. Рүстемов бұларды 14,5 пайыз шамасында деп көрсеткен. Біз бүл жолы батыс Еуропа тілдері мен орыс тілінен енген сөздердің кейбір түстарына ғана тоқтағанды жөн көріп отырмыз. Жалпы кірме сөздер табиғаты қызық. Әдетте бір тілден екінші тілге алуан-алуан сөз элементтері өтіп жатады. Бұл морфология, синтаксис, лексика салаларына тән құбылыс. Әсіресе лексика саласындағы кірме сөздер жайы айрықша назар аудартады. Өйткені тілдік процесте сөз алмасудың жөні бөлек. Ең жиілік жағынан сөздің алдына фонема да, морфема да түсе алмайды. Лексика — тіл білімінің басқа салаларына қарағанда сыртқы әсердің қандайына болса да елгезектік танытып тұратын қабатқа бай. Қоғамда болып жататын өзгерістердің бәрі дерлік лексикадан орын теуіп жатады. Бұл негізінен халық пен халықтың өзара қарым-қатьшасына байланысты болып жататын процес болып табылады. Соның ішінде заттар мен ұғымдар атауы бір тілден екінші тілге жиірек ауысып жатады. Белгілі бір тілде кірме сөздер қарасының көбейіп кетуін қайсыбір зерттеуші әлгілерді қабылдаушы тілдің кедейлігінен деп түсіндіруге тырысуы мүмкін. Мұндай пиғылдар болған да. Ал негізгі себеп, біздіңше, басқа. Тіл тілде, оның ішінде қазақ тілінде әсіресе, ғылыми-техникалық прогрестің қанат жаюына байланысты көптеген сөздер мен ұғымдарды жаңаша саралауға тура келді. Әрбір саладағы сөз саралау барысында қайсыбір ұғымдарды нақтылай, анықтай түсу ниетімен өзге тіл элементтерін қоспалап, жарыстыра қолдану дағдысы пайда болды. Мәселен, репортаж, репортер, информация, хобби, коммерсант, бизнес, холдинг, комфорт, сервис, лимит дегендер, бір қарағанда мұқтажымызды өтеп тұрғандай. Екінші жағынан, дәл осы сөздерді арқалаған мағыналық жүгін түгел бере қоятын лексикалық элементтердің қазак тілінен әзір табыла қоймауынан. Кейде авто, аудио, авиа, аэро, кипо, метро тәрізді қысқарған сөз бөліктері де бір тілден екінші тілге көшіп жүреді. Бұларды автоқалам, аэрошана, киноқондырғы деген мысалдардағыдай түрде туындатып, сөздердің жаңа бір үйірін жасауға болатынын байқаймыз. Зерттеушілердің топшылауынша, ғылымда терминжасамның басты-басты (ең негізгі) деген үш тәсілінің жігі айқындала түскен тәрізді. Оның біріншісі бойынша терминжасам процесінде туынды сөздер, біріккен сөздер, қысқарған сөздер және сөзтіркестері іске тартылады. Сонымен бірге жалпы халықтық тіл элементтері де қолданылып жатуы мүмкін. Яғни тілдің өз сөз байлығын сарқа пайдалану принципіне қатысты тәсіл. Екінші тәсілдің мәнісі мынада. Тілде бұрыннан бар термин сөздердің негізінде, немесе оның мағынасы мен тұлғасын аздап өзгертіп барып жаңа термин жасау. Мысалы: оку — оқулық — оқу құралы; немесе кейбір синонимдес сөздердің мағыналық жігін таратып жаңа өріс беруге болады: ілім — білім — ғылым т.т. Үшінші тәсіл бойынша өзге тілдердегі дайын терминдерді қабылдап алу. Бір кезде қазақ тілінде қаптап қатар түзеген коммунизм, социализм, марксизм, совет, коммунист, лектор, журналист, юрист т.т. осыған дәлел. Осы соңғы тәсіл жайына біраз тоқтала түсу қажет. Негізгі сөздік қорымызға жатпайтын бөгде сөздер жоғарыда сөз болғанындай казақ тілінде әрқилы аталып жүр. Шет тіл сөздері, бөгде сөздер, интернационалдық терминдер, кірме сөздер, кірмелер т.т. Жалпы біз тілімізге ешқандай өзгеріссіз енген сөздерді де, тұлғалық езгерістерге душар боп, төл байлығымыздың катарынан орын алған сөздерді де кірме сөздер ретінде әңгімелеп жүрміз. Әйтсе де кірме сөздер табиғатын тарихи кезеңдерге бөліп жіктеп, жүйелеп қарау керек сияқты. Мәселен, бұлардың тіліміздегі өрісін саралай отырып біз формалды түрде мынадай үш түрлі ыңғайды байқаймыз. Біріншінің қатарына тілімізге бағзы бір замандарда еніп қолданыла келе әбден сіңіп, бөтендігі байқалмай мүлде өздік болып үлгерген сөздерді жатқызуға болады. Мәселен: мәдениет, кағида, ғылым, білім, ғалым, мұғалім, мектеп, медресе тәрізді арабы сөздер мен сот, жәшік, бәтіңке, болыс, бөкебай, бөтелке, әптек тәрізді орыс сөздері әу бастағы өзгелік ерекшелігін сыпырып тастап, қазақ тілінің заңдылығына сәйкес икемделіп, төл байлығымызды молайтқан қазына. Екіншіге сыртқы пішінін өзгертпегенімен жиі қолданылу нәтижесінде сол қалпында-ақ негізгі сөз байлығымыздан жатырқамай орын ала бастаған аспирант, студент, академик, пойыз, станса, журналист, корреспондент, машина, автомашина, солдат, лейтенант, офицер, касса, кассир, экономика, трамвай, троллейбус тәрізді сөздерді жатқызуға болады. Ал үшінші лекті таза шет тіл сөздері құрайды. Бұлар көбінесе мамандар аузында, аз ғана топтың қолданысында жүрген сөздер. Бұл жерде әңгіме тілге тиек етіліп отырған терминдердің ертелі-кеш енуі ғана емес, олардың қолданыс аясы мен өрісінің де шеңбері есепте болуы тиіс. Мұндай саралаудың бәрі әрине шартты. Дегенмен мұндай зерттеуде жүйелілік бола қоймайды.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.