Қазақ тіліндегі табиғат нысандары арқылы түзілетін концептілер

Главная » Рефераттар » Қазақ тіліндегі табиғат нысандары арқылы түзілетін концептілер

Адам санасында оның эмоциялары, ойлары, қуаныш-қайғысы түгелдей қорытылады. Сөз арқылы берілген осы көріністер, ұғымдар, ілімдер «байланысы» концепт болып табылады. Концептілер адам ойында ғана болмайды, олар адам санасына әбден сіңіп кетеді. Концептінің құрамында оның тіл мен мәдениет дерегі болып табылатын этимология, тілдің даму тарихы, ассоциациялар, бағалаулар т.б. барлығы қарастырылады. Қазақ тілінің негізгі байлығын – концептілердің барлық саласы арқылы зерделеу ұлт мәдениеті, халық ауыз әдебиеті және жазба әдебиетінің арасындағы тығыз байланысты көрсетеді. Осы жерден концептілік аяны қалыптастыруда қазақ мәдениеті мен қазақ тілдік танымының ерекше орны бар екені келіп шығады. Концепт деп аталған сөз ерекше символға, ішкі және сыртқы еркіндікте ие болады, оның қолданылу саласы контекст жағдайында жаңа мән-мағына қосылуы арқылы кеңейе түседі. Концептінің негізгі ерекшелігі ол бейнелі жеке-авторлық интерпретация жолымен ерекше символдық мән білдіреді, адамның ішкі рухани ойын білдіреді, сонымен қатар адамның психикасына және оның сырттай іс-әрекеттеріне әсер ететін қомақты энергетикалық қорын бейнелейді.

Табиғаттың өзіне беймәлім бейнеде оның жалғасы ретінде мәдениет басталып, одан ары қарай өмір сүріп келеді. Онда жаратылыстың табиғи сыңарлары олардың жаратылыстан тыс шыққан мәдениеттегі мағыналарымен тоғысып кетеді. Табиғаттың бір нысаны – өзен (су) – мәдени нысанның мәдениетіне айналады және мәдениет философиясында концепт ретінде танылады. «Өзен» ұғымы абстрактілі бейне ретінде түсіндірме сөздіктерде былай анықталады, мысалы, «өзен – белгілі арнамен ағатын табиғи су» [1, 648]. Концепт – сөйлеу кезінде қалыптасады, яғни тіл ұғымы. Ол грамматика саласында емес, жан кеңістігінде қарастырылады. Концептінің негізгі – оның сол мәдениетке жататын барлық адамдарға түсінікті болуы. «Өзен концептісі» – өзеннің әр кезде әртүрлі болып көрінуін, яғни оның (өзеннің) мәдени-символдық мағыналарын тудырып, соған негіз болатын бейнелерін есепке алу. Өзен (қозғалыстағы су) – бойында барлық нәрсе қамтылатын табиғат нысаны. Бұл жердегі міндет – өзен (су) барлық нәрсеге сәйкес келеді, себебі әлемде өзен (су) арқылы модификацияланбайтын бірде-бір нысан таба алмайтындығымызды анықтау. Мысалы, қазақ тілінде «Өмір-Өзен» деген атауды алып қарайтын болсақ, өзен өмір деп қарастырылады. Ал бұл әлемдегі нысанның барлығы біздің өмірімізге тікелей қатысты. «Әртүрлі мифологияда су – әлемнің бастауы, барлық нәрсенің алғашқы қалпы, әлемде бірінші су болған… Су – бұл орта, жалпы жаратылыс судан басталады…» [2]. Жер бетіндегі тіршіліктің негізі су болып табылады. Су әлемнің пайда болуына негіз болады, ол оның бастауы ретінде танылады.

Осы айтылғандарды негізге ала отырып, Бекет Ата туралы аңыздардағы «өзен» концептісін қарастырайық. Осы «өзен» концептісі Бекет Ата туралы аңыздарда ерекше сипатта көрінеді. Оның себебі Бекет Атаға байланысты болғандықтан. Қазақтың «Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет», «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген сөздері тегін айтылмайды. «Пірдің бәрі де Аллатағалам ерекше қабілет пен қасиет сыйлаған әулие адамдар болған. Әулие – арабша «уали», көпше түрінде «аулийа» Алланың досы, Аллаға жақын тұрушы адам, Алланың қамқорлығындағы адам, Алланың мейірімі түскен адам, Алланың қалаулы адамы деген мағына береді. Сопылар Алланың нұры алдымен әулиелерге, сосын барып адамдарға беріледі дейді. Дінімізде Аллатағала пайғамбарларға, әулиелерге, шиит имамдары мен сопы шейхтеріне (пірлеріне) береке мен керемет береді делінеді. Ал Шығыстың ұлы ойшылы Абу Али ибн Сина Аллаға қалтқысыз қызмет еткен, тақуалық жолына түскен, таза, шын ниетпен өмір сүрген адамдарға да әулиелік қонып, кереметтер көрсету қабілетіне ие бола алады деген пікір айтады. Бірақ әулиелер көрсететін кереметтің пайғамбарлар жасайтын ғажайыптан көп айырмашылығы бар» [3, 54]. Яғни Бекет Ата осы Пір, әулие атақтарына ие болған адам ретінде танылған.

.

Бекет Ата туралы аңыздарды алып қарайтын болсақ, мынадай оқиға кездеседі: Алланың шапағаты тиген жасұлан жолдағы бір өзеннен өте бергенде су бетінде бір қол пайда болады да, көрінбей кетеді. Не екенін білмей ақылы айран болып тұрғанда көп кешікпей әлгі қол саусақтары жазылған күйде тағы көрінеді де, көп кідірмей ол да суға батып кетеді. Бекет Ата көрген ғаламатын неге жоруды білмей таң-тамаша қалады. Ұзақ толғаныстан кейін: «Бір қол – бір Алланы есіңнен шығарма, бес саусақ – бес парызыңды ұмытпа, енді бәрін қой да, дін жолына бағыттал дегені болар», – деп, тәубаға келіп, бұдан былай қанша тұрмыс тапшылығын көрсе де өзге қарекеттердің бәрінен тыйылып, имандылық жолға түсіп, кісінің ала жібін аттамаған, аттағандарды да жақтамаған (Тәубаға келу // Пір Бекет. – Алматы: Жазушы, 2008. – 76-б.).

.

Тура осы оқиға мына аңызда да айтылады: Жорықшылар елге қарай бет бұрғанда, Жем өткел бермей, жасақ дағдарып қалады. Осы сәтте салт атты біреу еш бөгелместен тасып жатқан өзенге қойып кетеді. Өзен арнасының орта тұсына барғанда бір қолын көтеріп белгі жасайды да, атымен бірге өзі де толқынға көміле суға батады. Әлгі адам енді бір көрінгенде бес саусағын көрсетеді де, көрінбей кетеді. Назарқожа: – Бұл кісі кім болды екен? – деп, назары жасаққа ауады. Қапелімде жауаптан тосылған олар ештеңе айта алмайды. Сонда бала Бекет тұрып: – Нағашы, әуелі жасағыңыз түгел, дін аман ба, соны бір аңдап қараңызшы! Егер баршасы түгел болса, сауалыңызға жауабымыз сай келеді, – дейді. – Жиенжан, біздің тобымыз тас-түйін, шашау шыққан жоқ. Ал әлгі екі дүркін екі түрлі белгі беріп ғайып болған пенденің жай-күйі маған жұмбақ, – дейді Назарқожа. – Бұл жұмбақтың сырын, – дейді бала Бекет, – әуелі Алла, қала берді нағашы Сіз бен туғаным Меңдіқұл ықтияр етсе ашып беруге тырысайын. – Алла атынан және баршамыздан рұқсат, айта ғой, жиенжан. – Жасағыңыз түгел, тас-түйін болса, бұл баршамызды ақылға шақырып, жол-жоба көрсетіп жүрген Алланың елшісі Қыдыр Ілияс болғаны. Бір қолын көрсеткені, пендем, қашан да құдайдың жалғыз, дара екенін бұлтақсыз біл, ал бес саусағын көрсеткені бес парызыңды өтеуді, бес уақыт намазыңды қаза қалдырмауды ұмытпа, осыларды ұғын да, тұтын, жауласудан, қан төгуден қақас бол дегені, – депті. Осыдан кейін Назарқожа қол бастауды қойып, басқа шаруаға араласпай тек мұсылманның бес парызын өтеумен өмір сүріпті (Нағашысы Назарқожа ауылында // Пір Бекет. – Алматы: Жазушы, 2008. – 87- 89-б.).

Бұл екі аңыздың оқиғасының негізгі мазмұны бір-бірімен сәйкес келеді. Бірақ біріншісінде Бекет Ата – бала Бекет ретінде суреттеліп, өзі қалай тәубаға келгені туралы айтылады да, екіншісінде алғашқыдағыдай көп ойланбастан көпшілікке бірден жауабын беріп, қаншама адамның тура жолға түсуіне себеп болады. Яғни бұл аңыздардан өзеннің Бекет Атаның имандылық жолына түсуіне бастау осы өзеннен (судан) басталып тұрғанын бағамдаймыз. Яғни, ең алдымен, өзеннің (судың) не нәрсенің бастауы концептісі ашылады. Екіншіден, Бекет Ата туралы аңыздарда Бекет Атаның Алланың құдіретімен табиғатпен етене екендігі көрсетілген. Яғни өзенді (суды) өзіне бағындыра алған. Мұндай қасиет мақаламыздың бас жағында айтқанымыздай, Пірлер мен әулиелерге тән болған. Философияда судың мінезі болатындығы туралы айтылады: «Судың өз мінезі болады: су апатты жағдайда асау, адам үшін адам үшін қауіп тудыратын ашулы, ызалы, жуасытуды талап ететін мінез көрсете алады. Алғашқы су апатын бағындыру, суды, өзенді жуасыту – бұл адамның өзінің жеке адами болмысын танудағы адамның самғауы және оның өзге болмысы үшін табиғи тәртіпке қастық ойлауы, мәдени азаттық қабілеті арқылы өзін құлдыратуы болып табылады. Суға жүргізілген билік өлі жерлерді жандандырады» [4, 1].

Бұл мәселеге қатысты, яғни тасып жатқан өзеннің (судың) мінезін бағындыру Бекет Ата туралы аңыздарда келтіріледі. Мәселен, «…Бақыржан ұстаз Бекет оқитын топтағы жиырма шақты шәкіртті Амударияның Хиуаға таяу өтетін тұсынан өтіп, өзеннің арғы бетінен отын шауып келуге жұмсайды. Мезгіл көктем айы болса керек, екі ат-арбаға бөлініп мінген шәкірттер өзен жағасына таяп барса, өзен суы қайық емес, кеменің жүзуін қиындататындай кемерінен аса жаздап жатыр екен. Бұл ғаламат су тасқынын көрген шәкірттер істейтін амалы болмай дағдарып қалады. Өзен суы өткел бермегенмен, ұстаз тапсырмасын орындау керек. Шәкірттер екі ұдай пікірде аңтарылып тұрғанда Бекет топ арасынан бөлініп шығып, өзенге бағыт алады. Енді жігіттердің назары Бекетке ауады. Өзен суына таяқ тастам жер қалса да, іркілетін бала Бекет жоқ, екпіндей басып алға ұмтыла береді. Еш қиындықсыз келесі жағаға өтіп, көз ұшындағы орманнан балтасымен құрған отынды шаба бастайды. Қалғандары қанша ниеттенсе де арғы бетке өте алмайды. Бұл кереметті көрген шәкірттер құрбысы жайлы түрлі пікірлер айта бастайды. Ауылға қайтуға ұстаздан ұят екенін сезінген тентектер тұра беру де қисынсыз болғанмен Бекеттің келуін күтеді. Күн ұясына батуға тақап қалғанда, шапқан отынын арқалап, өзен суы тобығынан да келмей кері оралады» (Ұстаздың шәкірттеріне Бекетті мойындатуы // Пір Бекет. – Алматы: Жазушы, 2008. – 80-82-б.).

«Бекет Ата қырыққа жақындаған шағында Сыр бойына жолы түседі. Баратын ауылы өзеннің шығыс жақ беті екен. Арғы жағаға өтуге өзен өткел бермей тасып жатады. Қатты ағыс пен дауылдан пайда болған толқыннан аттары үркіп, суға түспей, біраз әбігер болады. Бекет Ата жүрелеп отыра қалып аят оқып, Алладан тілек тілейді. Көп кешікпей жел басылып, айнала тып-тыныш күйге түседі. Таудай толқын да тыйылады. Мұны көрген жолаушылар өзенге көліктерімен қойып кетіседі де, келесі бетке еш қиындықсыз өтеді. … Әбден қалжырағандықтан сөйлеуге әлі келмей жатқан бақсымен қоштасқан Бекет Ата қасындағы жолдасымен толқын мен ағысқа дес бермей қарсы беттен бір-ақ шығады» (Бекет Ата мен бақсы // Пір Бекет. – Алматы: Жазушы, 2008. – 111-112-б.).

Яғни Бекет Атаны мойындатуды Алла көбіне өзен (су) арқылы көрсетеді. Алдымен өзі оқып жүрген кезінде Бақыржан ұстазы өзімен бірге оқитын шәкірттеріне мойындату үшін шәкірт Бекет Алланың құдіретімен ұстаздың тапсырмасын жалғыз өзі орындайды, толысқан шағында бақсылардан асып, тағы да әулиелігін мойындатуды Алла өзен (су) арқылы іске асырады. Бұл жерде өзен асау, бой бермейтін нысан ретінде көрсетілген. Яғни Бекет Атаның әулиелігі – кез келген асауды көндіре алатыны, ал өткел бермес өзеннен асқан асау болмайтындығы қазаққа аян.

Ал енді келесі аңызда Атаның кемеліне келген кезінде тасып жатқан өзеннің өзі Ата жақындағанда қақ жарылып, Бекет Ата өткеннен кейін асау ағысын ары қарай жалғастырғандығы туралы айтылады: «Бекет Ата Ақмешітте отырған жылдарының бірінде мұсылман қауымының жаңа жылы Наурыз айы басталысымен кәрі нағашысы тама Есет батырдың ауылына көрісе барып, қайтып келе жатса Жем өзенінің кенеріне сыймай тасып жатқанының үстінен шығады. Жыра-жыраны құлай еңіске қарай ағып, ойпат жерлерді толтырып, Жем бойын жағалай отырған елдің берекесін алып тұрған топан су Бекет Ата өзенге жақындай бергенде Алланың әмірімен екі айырылып, өтуге мұрсат беріпті. Ата өтіп келе жатқанда өзеннің табаны құп-құрғақ болып тұрыпты да, өткеннен кейін судың деңгейі көтеріліп, бұрынғы қалпына қайта келіпті» (Атаға өткел берген // Пір Бекет. – Алматы: Жазушы, 2008. – 163-б.). Бұл аңыздан байқайтынымыз Алла Бекет Атаның жолына еш тосқауыл жоқ екеніне әбден халықты сендіре түседі.

.

Бекет Атаға байланысты аңыздарда судың концептілері тек өзен арқылы ашылумен қатар, жаңбыр, мұз түрінде де кездеседі. Мәселен, «Ақпанның ашулы аязы ақырып тұрған бір күні шай қайнатып ішейін десе, көзедегі су мұз болып қатып қалса керек. Соны көрген Ата Аллаға сыйынып, аят оқып, саусақтарының ұшын тигізгенде құдіреттің күшімен қатқан мұздың көбесі сөгіліп, мұздай су қайнай жөнеліпті (Ақмешіт қонып, Жем жайлап… // Пір Бекет. – Алматы: Жазушы, 2008. – 99-б.). Бұл жерде су өзінің тура мағынасында берілген, бірақ судың белгілі бір күйден (мұз) екінші күйге (қайнау) ауысуын көрсету арқылы Бекет Атаның Алла берген құдіреті көрсетілген. Осы мәнде Бекет Ата туралы аңыздардың ішінде суға қатысты тағы бір-екі оқиғалар айтылады. Мәселен, «Судың жоқтығы туралы Шопан Атаның ескертпесі ойынан шықпаған әулие Бекет айналасына көз тастап тұрғанда назары бір кішкене тасқа түседі. Оны көтеріп қалса, астынан тұнық та тұщы су жылымшылап аға жөнеліпті» (Оғыланды құт мекен // Пір Бекет. – Алматы: Жазушы, 2008. – 104-б.).

Сонымен қатар Бекет Ата туралы аңыздардағы суға, бұл жерде жаңбыр түрінде көрсетілген, қатысты енді бір оқиға былай өрбітіледі. «Шағын мешіттің құрылысы межелеген мерзімде бітпегенін Бекет Ата біліп, ренжіп жүреді. Басқа адам болмаған соң шыдамдылық көрсетеді. Осындай қиналып жүрген кезінде тәуліктеп жауған жаңбырдан ат-көліктері жүре алмай қазақ ауылында кідіре тұруына тура келген өзбек керуені Баялыға аялдайды. Арасында біреуі сәулетші-шебер болып шығады. Жартысы ғана көтеріліп тұрып қалған мешіт әлгілердің назарына ілігеді де, балшықтан аяқтарын әрең алып ерінбестен барып көреді. О, Құдірет! Мешіт тұрған жерде жаңбыр жоқ, құп-құрғақ! Одан отыз қадам аттаса, жаңбыр себелеп жауып тұрады.

Осы құдіретті байқаған жолаушылар мән-жайды сұрастырғаннан кейін оның құрылысын бір жұмада бітіріп беретіндерін, ешқандай ақы алмайтындарын айтады да, дәл сол күні іске кіріседі. Өзбек ағайындар үш-ақ күнде күмбезін айшықтап, мешітті тұрғызады да, сол түнді соның ішінде өткізеді («Жаманның берген асынан, жақсының айтқан сөзі артық» // Пір Бекет. – Алматы: Жазушы, 2008. – 160-б.). Бұл контексте су (жаңбыр) құпия, жұмбақ мағынасында беріледі. Себебі барлық жерде жаңбыр, адам аяқ алып жүре алмайды, ал Бекет Атаның бітпей тұрған мешітінің айналасында неге жаңбыр жоқ, құп-құрғақ. Осы құпияның мәнін ұғынықты болғанда, мешіттің құрылысы аяқталады емес пе? Сонымен мақаламыздың қорытындысында айтарымыз, концепт туралы түрлі көзқарастар бар. Біз Е.С. Кубрякованың: «концепт дегеніміз – жеке тұлғаның әлемнің шынайы (реальное) және шынайы емес (нереальное) кез келген нысаны туралы болжамы, ойы, оны елестетуі туралы мәліметтер жинағы» [5, 90] дегеніне қосыламыз. Когнитивтік лингвистиканың қалыптасуында ғалымдар, ең алдымен, мәдени концептілерге көңіл аударды [6]. Біздің ойымызша, мәдени концептілермен қоса тілдік концептілер, яғни ақиқат дүниедегі нақты құбылыстарды білдіретін сөздерге назар аудармай болмайды. Сондықтан біз талдау үшін Бекет Ата туралы аңыздардағы өзен (су) сөзі арқылы берілген қазақ танымындағы концептіні алдық. Алланың құдіретімен Бекет Ата табиғаттың өзімен үндесіп кеткендігін табиғат құбылыстарын игере алғандығымен түсіндіруге болады. Ал Бекет Ата туралы аңыздарды су мынадай концептілерді білдіреді екен, біріншіден, су өзінің тура мағынасында жұмсалған, екіншіден, дүниедегі кез келген нәрсенің бастауы ретінде беріледі, үшіншіден, өзеннің асау, ешкімге бой бермейтін мағынасында жұмсалады. Сонымен қатар су жаңбыр ретінде көрініп, ол құпия, жұмбақ мәнінде келтіріледі. Яғни табиғаттың бір нысаны ретінде судың әр контекстегі концептілері өте кең мағынада жұмсалады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.