Қазақтың ұлттық санасы мен құндылығының қазіргі жағдайы

Главная » Рефераттар » Қазақтың ұлттық санасы мен құндылығының қазіргі жағдайы

Биыл біз еліміздің тәуелсіздігінің жиырма жылдығын атап өткелі отырмыз. Бұл тарихи өлшем бойынша онша ұзақ уақыт емес, бірақ қазіргі 21-ғасырда уақыттың космостық жылдамдықпен өтуіне қарағанда аз да уақыт емес. Сол кезде дүниеге келген сәбилер қазір ер жетіп, білім алып, жұмысқа тұрып, отбасын құрып, өмірдің екінші сатысына аттап жатыр. Яғни бұл осы уақыт ішінде елімізде бір ұрпақтың өсіп жетілгенін көрсетеді. Олай болса осы жиырма жылда қазақ халқы өзінің саяси тәуелсіздігін нығайтуда, рухани мәдениетін жетілдіруде, әлеуметтік экономикасын дамытуда қандай жетістіктерге қол жеткізді немесе неден кенже қалды осы мәселелер жөнінде бүгін сөз қозғауға тура келеді. Біздің қазіргі ресми қоғамдық ақпарат құралдарының айтуына қарағанда бәрі ойдағыдай. Қоғамымыз демократиялық жолмен дамып, экономикамыз қарқынды өсіп, рухани мәдениетіміз гүлденіп келеді екен. Ал, оппозициялық ақпарат құралдарының айтуынша бәрі керісінше. Қоғамымыздағы саяси жүйе авторитарлық жолға түсіп, билікте бюрократтар күш алып кетіпті, экономикада біз әлі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы көрсеткіштің деңгейіне жеткен жоқ екенбіз, рухани мәдениетте халқымыз моральдық азғындыққа түсіп, ұлттық қасиетінен айырылып, ассимиляциаланып барады екен. Олай болса, осы қарама-қайшы пікірлердің қайсысы дұрыс және ақиқат-шындық кімнің жағында, соған жауап іздеп көрейік. Бұл сұрақтарға дұрыс жауап табу үшін, біз әуелі мемлекет құрушы ұлт дегеніміз не, оның ұлттық мүддесі қалай қорғалуы керек және ол мемлекет құрушы ұлт ретінде толыққанды дамуы үшін оның қандай белгілері болуы шарт деген сұрақтар қойып, оның теориялық негізін анықтап, қазіргі кезде ол еліміздің өмірінде қалай іске асып жатқанын білсек, шындықтың кімнің жағанда екенін анықтауға болады. Ұлттың қалыптасуы бұл тарихи процесс, ол алғашқы қауымдық құрылыстан басталып, белгілі бір қоғамдық-экономикалық формациялардың өзгеруінің әсерінен руға, тайпаға, онан ұлтқа айналып, дамып отырады. Былайша айтқанда, халықтың ұлтқа айналуы адамзат баласының қоғамдық, әлеуметтік, рухани дамуының ең жоғарғы сатысы деуге болады. Ұлт болып қалыптасу үшін оның территориясы, экономикасы, мәдени-тілдік ортасы болуы керек және ол ұлт осы құндылықтардың иегері болып, соған қожалық етуі тиіс. Сонда ғана ол ұлт өзінің ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын жасап, ұлттық мүддесін қорғап, оны әрі қарай дамытуына мүмкіншілігі болады. Қазіргі кезде жер бетінде түгелдей бір тектес ұлттан тұратын мемлекет жоқ десе де болғандай. Көп мемлекеттерде бірнеше ұлт өмір сүреді, немесе бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Бірақ та көпшілік мемлекеттер сол мемлекетте өмір сүретін ұлттардың біреуінің атымен аталады және ол мемлекет құрушы, титулды ұлт болып саналады. Сондықтан ол мемлекеттің халқы бір ортақ тілде, яғни мемлекет құрушы ұлттың тілінде сөйлеп, алдарына бір ортақ мақсат қойып, сол үшін күреседі. Мемлекет құрушы ұлт сол мемлекеттің территориясында тарихи қалыптасқан және ұлттық құрамы басқа ұлттарға қарағанда сан жағынан анағұрлым басым болуға тиіс. Бүгінгі Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрушы қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында осы белгілердің бәрі бар. Ортақ территориясы, экономикасы, мәдени-тілдік ортасы дегендей. Бірақ та қазақ халқының ұлт болып қалыптасуындағы бір әлсіз жері, ол тарихи даму барысында қоғамдық-экономикалық формациялардың капиталистік сатысынан өтпеуі. Соның салдарынан оның ұлттық санасы берік қалыптаспай, ұлттық құндылықтарын онша бағаламай, ұлттық мүддесін қорғауға келгенде онша белсенділік танытпай отыр. Мұның басты себебі, қазак халқының бірнеше ғасырлар бойы патшалық Ресейдің, онан кейін қызыл империяның отары болып, өзінің басында билігінің болмауы. Соны пайдаланып Қазақстан егеменді ел болғаннан бері Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері, соның ішінде орыс ұлтының диаспоралары қазақтардың мемлекет құрушы титулды ұлт екенін онша мойындамай, «біз де мемлекет құрушы ұлтпыз, сондықтан орыс тілі де мемлекеттік тіл болуы керек» деп, Қазақстанда ұлттардың бірігіп, алдарына ортақ мақсат қойып, берік қоғам құруына қарсылық көрсетіп келеді. Әрине, жетпіс жылдың үстінде қызыл империяның құрамында болған кезде республикамызда индустрия дамып, өндіріс орындары, қалалар салынғаны рас. Бірақ та қалаларда тұратың халықтың, өндіріс орындарында істейтін жұмысшылардың басым көпшілігі басқа ұлт өкілдері болып, қазақтар ауылдық жерде мал шаруашылығымен айналысуға мәжбүр болды. Осындай себептердің салдарынан қазақ халқының әлеуметтік құрылымы негізінен шаруалар табы болып, олардың қоғамдық дүниетанымы онша дамымай, ұлттық санасының уақыт талабынан кенже қалуының себебі сондықтан. Ұлт толыққанды ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы және ұлттық мүддесі болуы керек. Олай болса, бүгінгі күні қазақтар өздерінің саяси тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғаннан бері, өткен жиырма жылдың ішінде ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын қадірлеп, ұлттық мүддесін қорғауда қандай жетістіктерге қол жеткізгенін білу үшін біз әуелі ұлттық сана, ұлттық құндылық, ұлттық мүдде деген сөздердің мағынасына талдау жасап, оның ұғымына түсінік беруіміз керек.

Ұлттық сана. Егерде ұлттық санаға келетін болсақ, біз бірінші кезекте оған-идеологияны, психологияны, менталитетті, патриотизмді, тәрбиені жатқызамыз. Қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет болып, көшпенді өмір салтымен өмір сүргенде, онда негізінен рулық сана басым болды. Сол кезде қазақ қоғамының өмір салты соған беймделген болатын және ол кездегі адамдар аталас, рулас болып топтасып өмір сүрді. Бұл үрдіс Ресейге отар болғаннан кейін де өзінің жалғасын тапты. Тек жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде большевиктердің қазақтарды күштеп ұжымшар, кеңшарларға орналастыруына байланысты және тоталитарлық жүйенің интернационалдық идеологиясының салдарынан рулық сана әлсіреп, космополиттік сана күш ала бастады. Қазіргі кезде қоғамымызда идеология жөнінде сөз бола қалса адамдардың санасына Кеңес одағы кезіндегі комунисттік идеология елестейді. Ол идеология бір жақты, таптық мақсатқа бейімделген идеология болатын. Оны Кеңес одағының коммунистік партиясы орыстардың ұлы державалық, шовинисттік саясатының ықпалын дүние жүзіне тарату үшін пайдаланды. Сонымен қатар олардың мақсаты Кеңес одағында тұратын басқа ұлт өкілдерін орыстандыру үшін оларды «советтік өмір салтымен» өмір сүруге, яғни орыс тілінде сөйлеп, орыстардың мәдениетін қабылдап, солардың салт-дәстүрімен өмір сүруге мәжбүрлеу болатын. Жетпіс жылдың үстінде тоталитарлық биліктің жүргізген саясатының салдарынан адамдардың психологиясы өзгеріп, көп адамдар демократиялық принциппен өмір сүруге болатынына сенімсіздікпен қарады. Оның үстіне қазақ халқының санасында феодалдық-патриархалдық дәуірден қалған, шығыс халқына тән менталитет те бар болатын. Ол менталитеттің негізгі сипаты – әлеуметтік өмірдегі енжарлық, қоғамдық өмірдегі самарқаулық және жай халық билікке қарсы келмей, шенеуніктердің заңсыз әрекетіне төзімділік көрсетіп, олардың айтқанын екі етпей орындауға тиіс деген түсінік. Қазақ халқының осындай көнбістік менталитетін пайдаланып, қазіргі шенеуніктер өз міндеттеріне жауапсыздықпен қарап, көбіне өзінен жоғары басшыларға қайткенде жағынудың қамын ойлап, халыққа ойына келгенін істеуде. Сонымен қатар қазақтар қоғамдық- экономикалық формацияның капиталисттік сатысынан өтпегендіктен олардың санасында бұрынғы рулық қауымдағы ағайыншылдық, туысқандық психология әлі сақталған. Сондықтан қоғам ішінде заңдардың орындалмауы, әділеттіктің болмауы салдарынан адамдар билікке сенімсіздікпен қарап, көбіне өз шаруаларын тез шешу үшін қайткенде шенеуніктерге пара берудің жолын қарастырады. Осыдан кейін қоғам ішінде заңсыздық пайда болып, адамдардың Отанына деген патриоттық сезімі әлсіреп, әркім өзінің жеке басының мүддесін қоғамдық мүддеден жоғары қоятын болады. Мұның бәрі халықтың ұлттық санасының қалыптасуына зиянын тигізіп, ұлттық идеологиямызды жасауға кедергі келтіруде. Халықтың басын біріктіретін ұлттық идеяны қалыптастыру үшін біз тәрбие жұмысына баса назар аударуымыз қажет. Тәрбие дегенде бұрынғы кеңес одағы кезіндегі интернационалдық идеологиядағы тәрбие емес, әр халықтың ғасырлар бойы тарихи қалыптасқан өзінің ұлттық болмысына, психологиясына, менталитетіне жақын, күнделікті өмір салтында толық көрініс табатын, ұлттық тәрбие болуы керек.

Ұлттық құндылық. Ұлттың ұлт болып қалыптасып дамуы үшін ұлттық санадан кейінгі маңызды орын алатын ұлттық құндылық. Ұлттық құндылыққа – ұлтымыздың мәдениетін, әдебиетін, өнерін, музыкасын, спортын жатқызамыз. Егерде ұлттық мәдениетке келетін болсақ, қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігіне бейімделген ежелден өзінінің ұлттық мәдениетін қалыптастырды. Ол мәдениет негізінен көшпенді өмір салтына бейімделген болатын. Сондықтан қазіргі қазақ мәдениетін еуразиялық ұлы дала көшпенділерінің мұрагері деуге болады. Қазақта «ата-қоныс» деген ұғым бар. Яғни, «ата-қоныс» қазақ үшін киелі жер болып саналады және осы көшіп-қонып жүрген жерлердің тауы мен даласы, өзен мен көлдері, орманы мен құмы қазаққа өте ыстық, әрі қасиетті болып көрінеді. Сол себепті қазақ халқы аңыз-әңгімелерінде, өлең-жырларында өзінің өмір сүретін табиғат ортасының сұлулығы мен әсемдігін творчестволық шығармашылыққа арқау еткен. Бұрын қазақ халқы өз алдына, тәуелсіз мемлекет болып өмір сүргенде оның мәдинетімен қатар әдебиеті де қалыптасып дамыған. Әдебиет, былайша айтқанда көркем сөз өнері қазақ халқының өмірінде жоғары бағаланып, рухани мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. Себебі, онда халықтың ғасырлар бойы басынан өткерген тарихи тағдыры, арман-мұраты, мұң-мүддесі сөз болды. Қазақта ертеректе жазу-сызу онша дамымай, адамдардың көбі сауатсыз болған кезде көпшілік арасында ауыз әдебиеті кең тараған болатын. Ауыз әдебиетінің ішінде, әсіресе фольклор, поэзия айрықша орын алды және аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер де жоғары дамыды. Қазақтың мәдени құндылықтарының ішінде өте жақсы дамыған ұлттық өнер болатын. Өнердің дамуы негізінен сол ұлттың күнделікті өмір салтына байланысты. Себебі өнер халықтың тұрмыс- тіршілігіндегі қажеттіліктен туындайды. Әрине, өнердің түрі өте көп, соның ішінде күнделікті тұрмыс қажеттілігінен туындыған қол өнерін айтуға болады. Оның ішінде – ағаштан, теріден істелінген ыдыс-аяқ; жүннен, теріден істелінген киім-кешек; асыл тастармен әшекейленіп, алтын күмістен жасалынған зергерлік бұйымдар; кілем, алаша тоқу, киіз басу т.б. Мұнан басқа қазақ ұлтының рухани мәдениетіне байланысты – сөз өнері, сәулет өнері, күй өнері, сән өнері, бейнелеу өнері сияқты өнердің басқа да түрлері өте көп. Ертеде қазақтар өзінің ұлттық табиғи өмір салтымен өмір сүргенде осы айтылған өнер туындылары күнделікті тұрмыста қолданыста болып, дамып жетіліп отырған болатын. Бірақ та соңынан қазақ халқының бірнеше ғасыр бойы Ресейдің бодандығында болып, өмір салтына өзгерістер енгеннен кейін қазақтың төл ұлттық қол өнері басқа рухани және материалдық құндылықтармен ауыстырылып, қазір көбі ұмыт бола бастады,. Ұлттың рухани мәдениетін дамытуда музыка өнерінің алатын орны ерекше. Себебі музыка халық өмірінің әр кезеңінің тыныс-тіршілігінен хабар береді. Халық ән-күйдің әуен-сазы арқылы өзінің күнделікті өмір салтын, тарихи оқиғаларды келесі ұрпаққа осы өнер арқылы жеткізіп отырған. Ауылдық жерде тұратын адамдар бос уақыттарын көңілді өткізу үшін талантты өнер қайраткерлерін, соның ішінде – ақын, жырау, жыршы, күйші, әнші адамдардың өнерін тамашалайтын болған. Бұл дәстүр өз кезінде халық арасынан талантты өнер қайраткерлерінің көптеп шығуына себебін тигізген. Сол кездегі күй шығаратын композиторлар әрі ақын, әрі әнші болуға тиіс еді. Себебі, ол өзі шығарған әніне сөз жазып, әрі бірінші орындаушы да болды. Сондықтан ол адам күйші-композитор болуымен қатар, өзінің шығарған күйін орындайтын шебер домбырашы да болатын. Егерде жаңадан шыққан ән-күй көпшілікке ұнап, адамдардың жүрегіне жол тапса, ол халық арасына тез тарайтын. Ол өнерді шебер орындайтын талант иелерін халық өте жоғары бағалап, үлкен құрмет көрсетіп, оларды «сал-сері» деп атайтын болған. Ұлтымыздың құндылықтарының бірі, ол – спорт. Спорт адамдардың денесімен қатар, рухын да шынықтырып, олардың дамып жетілуіне жағдай жасайды. Әр адам өмірде денсаулығы мықты болып, денесінің сымбатты болғанын қалайды. Адамдар оған тек спортпен айналысу арқылы қол жеткізуіне болады. Қазақ халқы бұрын көшпенді мал шаруашылығымен айналысқандықтан оларда өзінің өмір салтына бейімделген спорттың түрлері қалыптасты. Көбіне ол ойындар жылқы малымен байланысты болатын. Атап айтар болсақ – бәйге, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу т.б. Қазақ қоғамында онан да басқа спорттың түрлері көп. Мысалы, қазақша күрес, жаяу жарыс, асық ойындары, тағы басқа. Спорт ойындарының маңызы сол, олар тек жеке адамдардың денесін шынықтырумен шектелмейді. Жылда республика бойынша және халықаралық жарыстарға еліміздің спортшылары қатысып, ол басқа елдің адамдарымен арадағы өзара қатынасты нығайтуға себеп болады және сол жарыста жеңіске жеткен спортшыларымыз еліміздің абыройын көтеріп, мемлекетіміздің беделінің өсуіне ықпал етеді. Қазіргі кезде республикамызда спорттың түрлері көбейіп, стадиондар, спорттық кешендер салынып, адамдарға спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасалып отыр. Бірақ та, қазіргі кезде ұлттық ойындар, соның ішінде ат ойындары өте мардымсыз дамуда. Әсіресе, қазақтар жиі орналасқан ауылдық жерлерде ұлттық ойындар жоқтың қасы деуге болады.

Ұлттық мүдде. Ұлттық мүдде дегеніміз – сол ұлттың рухани, әлеуметтік, қоғамдық дамуында шешуші рөл атқаратын оның басты белгілері. Біздің пайымдауымызша, бүгінгі күні қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде оның басты мүдделері – тәуелсіздігіміздің нығаюы, жеріміздің тұтастығы, тіліміздің дамуы, дініміздің сақталуы, салт-дәстүріміздің өркендеуі. Олай болса, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері осы жоғарыда көрсетілген ұлттық мүддеміз қалай қорғалып, қалай дамып келеді, соған талдау жасап көрелік. Тәуелсіздігіміз туралы сөз жүзінде айтылудан кенде емес және жылда 16 желтоқсанда оны атап өтуді ұмытпаймыз. Бірақ, тәуелсіздіктің шын мазмұнына үңіліп, оған сараптама жасап, ғылыми баға беріп жатқан ешкім жоқ. Тәуелсіздік – саяси, экономикалық, рухани болып үш салаға бөлінеді. Қазіргі кезде халқыаралық қауымдастық мойындаған саяси тәуелсіздігіміздің бар екені рас. Бірақ ол – экономикалық және рухани тәуелсіздікпен бекімесе, уақыт өте келе ол тәуелсіздік құр декларацияға айналып, өзінің мазмұнынан айрылуы мүмкін. Бүгінгі күні біздің тәуелсіздігімізге осындай қауіп төніп тұр. Егерде экономикалық тәуелсіздікке келетін болсақ, экономистердің айтуына қарағанда, елімізге азық- түліктің 70 пайызы, жеңіл өнеркәсіп тауарларының 95 пайызы сырттан әкелінеді екен. Яғни, бұл дегеніміз өз елімізде халық тұтынатын тауарларды шығару жоқтын қасы деген сөз. Оның үстіне Ресей, Беларуспен Кедендік Одаққа кірдік. Осы үш мемлекет ортақ экономикалық кеңістік құрмақ. Ол дегеніміз – үш ел арасында шекара ашық болып тауар, капитал және жұмыс күші еркін бәсекелестікте болады деген сөз. Сол кезде тауар өндірмейтін біздің әлжуаз кәсіпорындар, банкротқа ұшырап жатқан банкілер, мамандығы жоқ, базарда арба сүйреп, көше сыпырып жүрген адамдар Ресейдің алпауыттарымен қалай бәсекеге түспек? Мұның бәрі болашақта «Еуразия Одағын» құрумен аяқталуы тиіс» екен. Олай болса, біз келешекте экономикалық тәуелсіздгімізбен бірге саяси және рухани тәуелсіздігімізден де айырылып, қайтадан бұрынғыша бодан болу қаупі бар. Еліміздің тәуелсіздігінен кейінгі қазақ үшін ең маңызды құндылық, ол жер мәселесі. Қазақстанда жерді жеке меншікке сату жөнінде заң қабылданғаннан бері бұл да үлкен проблемаға айналып отыр. Себебі, республикамызда ауыл шаруашылығына қолайлы, құнарлы жерлерді қалтасы қалың латифунистер меншіктеніп алған. Ауылдық жерде тұратын жәй халық аздаған малдарына жайылым, жем-шөп әзірлейтін жер таппай қиыншылық көруде. Оның үстіне үлкен қалалардың маңындағы бос жерлерді шенеуніктер өзінің жақын-жуық, туған-туысқандарына үлестіріп беріп, баспанасы жоқ адамдар үй салуға заң бойынша тиісті 10 сотық жерлерін де ала алмай жүр. Осы мысалдардың өзінен республикамызда жер мәселесіне байланысты проблемалардың қаншалықты күрделі жағдайда екенін білуге болады. Қазақ үшін өте маңызды әрі күрделі сұрақ және рухани тәуелсіздігіміздің негізі болып табылатын, ол – тіл мәселесі. Қазақ тілі түрік тілді топқа жатады және ол тілде дүние жүзі бойынша ондаған елде жүздеген миллион адам сөйлейді. Солардың ішінде қазақ тілі ертеден қалыптасқан, сөз қорына өте бай тіл болып саналады. Тілдері түрік тобына жататын – түрік, өзбек, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, азербайжан, түркімен, ұйғыр, қарақалпақ т. б. халықтар тілмашсыз бірінің тілін бірі оңай түсініп, шапшаң үйреніп кете алады. Қазақстан Ресейге бодан болғаннан кейін қазақ тілі қоғамдық қатынас тілі болудан шеттетіле бастады, себебі іс қағаздары орыс тілінде жүргізілді. Соңынан Кеңес Одағы орнағаннан кейін де бірнеше ғасырлар бойы қолданыста болған араб қарпі әуелі латын, соңынан кириллицаға ауыстырылып, бұрын мұсылманша сауатын ашқан адамдар бір күнде сауатсыздар қатарына қосылып, өмірдің қоғамдық дамуына белсенді қатыса алмады. Оның үстіне Кеңес Үкіметі орыстандыру саясатын жүргізіп, қалалық жерлерде орыс тілін білмесең жұмыс істеп, нан тауып жей алмайтын жағдайға жеткізді. Сондықтан көп адамдар амалсыз балаларын орысша оқытып, болмаса аралас мектептер ашып, қалай болғанда да орыс тілін үйрету басты мақсат болды. Соның салдарынан қазақ ұлтының бір бөлігі ассимилияцияға ұшырап, ұлттық қасиетінен айырыла бастады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еліміз саяси тәуелсіздігін алғанмен, ассимилияциялану процесі жалғасын табуда. Себебі, үкімет басына билікке келген шенеуніктер сол бұрынғы коммунистік идеологияда тәрбиеленіп, орысша оқыған адамдар болатын және іс қағаздары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де сол бұрынғы орыс тілінде қалып қойды. Оның үстіне, билік Қазақстан көп ұлтты мемлекет, сондықтан интернационалдық идеологияны ұстануымыз керек деп, мемлекет құрушы қазақ ұлтының құқығын көп диаспоралардың қатарына қосып, солармен теңестіріп қойды. Егерде қазақ ұлтының ұлттық мүддесі туралы кім сөз қозғаса, оған «ұлтшыл» деген кінә тағып, ондай адамдарға қарсы қоғамдық пікір тудыруға тырысады. Мемлекеттік тіл дегеніміз бұл еліміздің тәуелсіздігінің – туы, гербі, әнұраны, астанасы сияқты ұлттық рәміздерінің бірі. Конституциямызда «Қазақ тілі мемлекеттік тіл» деп жазылған. Соған қарамастан бүгінгі күнге дейін тіл проблемасы шешімін табудың орнына, уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Қазақ халқы ислам дінін қабылдағанына он ғасырдан асты. Сонан бері оның ұлттық мәдениеті құран қағидаларымен сәйкестендіріліп, тілі араб сөздерімен байып, салт-дәстүрі мұсылман өркениетімен үндесіп, соның салдарынан қазақ халқының ұлттық санасы қалыптасып, ұлттық құндылықтары пайда болып, ұлттың мүддесін қорғай алатын іргелі ел болып тарихқа енген болатын. Соңынан бірнеше ғасырлар бойы тілі басқа, діні басқа, салт-дәстүрі басқа патшалық Ресейге, соңынан атеистік кызыл империяға бодан болып, өзінің ата діні исламнан, мұсылман өркениетінен, шығыс мәдениетінен қол үзіп, өзінің ұлттық рухани құндылықтарының көбінен айырылып қалды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін парламентіміз дін жөнінде либералдық әлсіз заң қабылдауына байланысты түрлі діни секталар көбейіп, халқымыздың діни сауатсыздығын пайдаланып, адамдарға жалған діни қағидаларын уағыздап, көп адамдарды теріс жолға түсірді. Әрине адамдардың дүние танымы қалыптасып, адамгершілік қасиеті жетіліп, имандылық жолға түсуде діннің атқаратын рөлі өте зор. Сондықтан тәуелсіздігімізді нығайтып, қоғамымыз салауатты өмір сүруі үшін мұсылмандығымызды сақтап, оны әрі қарай дамыту мақсатында дінімізге берік болуымыз керек. Әрбір тәуелсіз ұлттың өзіне тән ұлттық бейнесі болуға тиіс. Ол ұлттық бейне сол ұлттың тарихи қалыптасқан салт-дәстүрі болып табылады. Сол сияқты қазақ халқының да өзіне тән ұлттық белгісі бар. Ол қазақ халқының көшпенді өмір салтына бейімделіп, қалыптасқан ұлттық салт- дәстүрі. Бұрын қазақ халқы әдет-ғұрып, салт-дәстүрге өте бай халық болатын. Күнделікті тұрмыс- тіршілікке, отбасын құруға, бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрып, ырым-жоралар қазақ халқының өмір салтында берік орын алатын. Өкінішке орай, өткен ғасырдың бас кезінде қазақтар зорлықпен отырықшылдыққа көшуіне байланысты тарихи қалыптасқан салт- дәстүрінен, рухани мәдениетінен айырылып «Советтік өмір салтымен» өмір сүруге мәжбүр болды. Енді қазір тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл болса да қазіргі жастар ұлттық салт- дәстүрінен, ұлттық мәдениетінен, ұлттық болмысынан айырылып, дәстүріміз ұлтқа айналып барады. Еліміздің саяси тәуелсіздігін алғанына жиырма жыл толуына байланысты ұлттық санамыздың деңгейне, ұлттық құндылығымыздың сақталуын, ұлттық мүддеміздің қорғалуына ой жүгіртіп көрсек, көңілге қонбайтын жағдайлар өте көп екен. Егерде ұлттық санамызға келетін болсақ, қазіргі қазақ қоғамында рулық санадан бастап, космополиттік санаға дейінгі неше түрлі идеялар орын алып, адамдардың дүниетанымын, өмірге көзқарасын қалыптастыратын, бәрін бір мақсатқа жұмылдыратын ұлттық идеология жасауға мүмкіншілік болмай отыр. Мұны кейбіреулер демократияның заңы деп түсіндіргілері келеді, ал шын мәнісінде бұл нағыз анархия болып табылады. Ұлттық құндылық туралы да осыны айтуға болады. Бұрынғы қазақтын өмір салтына байланысты қалыптасқан рухани және материалдық құндылықтар күнделікті өмірде қолданыс таппай ұмыт болуда. Оны кейбір білгіштер ескіліктің қалдығы деп, қазіргі жас ұрпақтың санасынан аластап, болашақ қазақ халқының болмысын ұлтсыздандыру саясаты жүріп жатыр. Осы үрдіс осылай жалғаса берсе болашақ ұрпақ ұлттық қасиетінен аырылып, толықтай ассимиляциялану қаупі бар.

Ұлттық мүддеміздің негізі болып саналатын – тәуелсіздігіміздің, жеріміздің, тіліміздің, дініміздің, салт-дәстүріміздің қазіргі жағдайын жоғарыда айтып кеттік. Ұлттық мүддені қорғау саяси биліктің тікелей міндеті болуға тиіс. Қазақстанды көп ұлтты мемлекет деу, жерді жеке меншікке сату, «Еуразия одағын» құру идеясы, «Үш тұрғылы тіл» туралы, «Қазақстандық ұлт» жасау мәселесі, осының бәрі қазақтың ұлттық мүддесіне зиянды, стратегиялық қате саясат болып табылады. Демократиялық елдерде мемлекет құрушы титулды ұлттың мүддесі туралы даурығып ештеңе айтпайды, қайта сөз жүзінде барлық ұлт тең құқылы, жеке адам құқығы бәрінен жоғары болуы керек деген қағида ұсынады. Бірақта күнделікті өмірде мемлекет басқарып отырған саяси биліктің мақсаты мен іс-әрекеті қайткенде де бірінші кезекте мемлекет құрушы титулды ұлттың мүддесін қорғау. Егерде билік ондай саясат жүргізбесе, халық оларды патриот емес деп, келесі сайлауда басқа саяси күшке дауыс беріп, оларды орнынан кетіреді. Ал, бізде болса бәрі керісінше, сөз жүзінде ұлттың мүдде жөнінде көп айтылады да, іс жүзінде басқаша істеледі. Егерде қазақ елін салыстырмалы түрде бәйтерекке теңесек, ол бәйтерек дұрыс өсуі үшін оған күннің жылуы, құнарлы топырақ, және дымқыл керек. Сол сияқты қазақ елінің де дұрыс өркендеп, дамуы үшін оның ұлттық мүддесі қорғалуға тиіс. Ағаштың гүлденіп өсуінде оның тамыры қандай рөл атқарса, ұлттың өмір сүріп дамуында жастар сондай рөл атқарады. Бүгінгі күн «қазақ елі» деген бәйтерекке қауіп төніп тұр. Себебі ол ауруға шалдыққан. Ол аурудың аты ассимиляция және жемқорлық. Бұл екі аурудың пайда болуы бір- біріне байланысты. Себебі ана тілін, ата салтын ұмытып, мәңгүрттенген адамда отанына деген патриоттық сезім, халқына деген мейірімділік болмайды. Сонан кейін өз қарабасының мүддесін ойлайтын жемқорлар пайда болады. Оған дәлел ұлтымыздың болашағы қазіргі жастарымыздың көбі ана тілін, ата-салтын білмейді, сондықтан оны сыйламайды. Яғни, бұл дегеніңіз – болашақта қазақ халқы өзінің құндылықтарын жасап, оны дамыта алмайды деген сөз. Олай болса ол ұлт тамыры солып қураған ағаш сияқты өзінің тіршілік өмірін тоқтатады. Бүгінгі күні қазақ ұлтының басына осындай қауіп төніп тұр. Енді осы апаттан құтылудың қандай жолы бар. Қазіргі кезде қазқтың ұлттық мүддесі туралы айтқанды тыңдайтын билік, оны қолдайтын халық болмай тұр. Бірақта мұның бәрі уақытша жағдай. Ертең бұл мәселе бірінші болып алға шығады. Сонда қазақ халқы өзінің конституциялық құқығын талап етері анық. Осындай жағдай бола қалған күнде қоғамымызда түсінбеушілік, қарама қайшылық болмас үшін қазірден халқымыздың ұлттық мүддесін анықтап алып, оны бейбіт жолмен шешуіміз керек.

Бүгінгі күні қазақ қоғамында бес саяси қозғаушы күш бар, олар – халық, билік, зиялылар, оппозициялар және патриоттар. Алдағы уақытта осы бес саяси күш өзара келісімге келіп, бәрінің басын біріктіретін ұлттық идеология қабылдап, алдарына ортақ мақсат қойып, соған жетудің жолын іздеу керек. Сонда ғана қоғамда өмір сүретін барлық халық ұлтына, дініне, нәсіліне, жасына, жынысына қарамай бейбіт тату-тәтті, салауатты өмір сүріп, бақытқа қол жеткізері анық.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.