Қазақтың ою-өрнегі

Главная » Рефераттар » Қазақтың ою-өрнегі

Қазақ ою-өрнегінің даму тарихы. Қазақ халқының ою-өрнек өнері байырғы ұлттық өнерлердің ішіндегі ең ежелгісі, әрі кең тараған саласы. Бұл-ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, адам жанына ләззат сыйлайтын, эстетикалық мәні зор өнер. Бүгінгі таңда қазақтың 230-дай оюдың ежелден келе жатқан атаулары бар.

Қолөнер шеберлері ертеден ою-өрнек атауларын екі топқа бөліп қарастырған, бірінші топқа ою-өрнектердің тікілей өзіне, түріне қатысты негізгі атаулар, екінші топқа жалпы ою-өрнек қолданылатын бұйымдардың атаулары жатады. Ою-өрнекті теориялық жағынан негіздеу- этнолингвистикалық атауларды лексико-семантикалық топтарға бөлуге қатысты нақты қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Ою-өрнек тарихы, халық тарихымен жасасып келе жатқан төл мұрамыз екені белгілі. Бүгінгі таңда ою-өрнектің практикалық маңызы артып отыр. «Ою», «өрнек» сөздері бір мағынаны білдіреді. Бедері түсірілген үлгіні ойып, кесіп, киіп немесе екі затты оя кесіп, қиюластыру ою деп алады. Ал киім-кешекке, тұскиізге, т.б қолөнер бұйымдарына кестелеп бейнеленетін бедер, сол сияқты тоқылатын алашаға, басқұрға және қоржынға түсірілетін түрлі геометриялық бедерлерді өрнек дейді. [1;15] Қазақ ою-өрнегін көне тәсілмен жасау кезінде шеберлер оның дәлме-дәлдігін сақтамай-ақ, көзбен мөлшерлеп қиып, ою-өрнектің тең пропорциясын жасай білген. Мұны бізге мұра болып қалған көне ескерткіштерден айқын көруге болады. Ою-өрнектің құрылымы ырғақ заңдылықтары бүгінгі күнге дейін ғалымдардың назарынан тіс қалып отыр, себебі өнертанушылардың оюлар саласына жүргізген ғылым зерттеулерінде өрнектің түп-тамыры, пайда болуы мен символикасы бізге қазірше жұмбақ. Соған қарамастан қолөнер саласында ою-өрнек негізгі роль атқарады.

Ою-өрнек өнері мүсін немесе сұңғат сияқты өз бетімен өмір сүре алмайды, әрқашан қосалқы роль атқарады. Оны біз сәулет өнерінен, үй жиһаздарына, сандыққа, кебежеге, бесікке, жүкаяққа, ұлттық киім-кешекке, ер-тұрман, қару-жараққа салынған оюлар ретінде қабылдаймыз, яғни, ою- өрнекті қандай да болмасын бір затпен байланыссыз елестете алмаймыз. Қазақ ою-өрнегін зер салған адам әрбір бұйымда бейнеленген ою-өрнектің тақырыптық мазмұны, құрылымы, тепе-теңдігі мен ырғағы, ең бастысы, өзіндік философиялық мәні бар екенін байқау қиын емес. Ою-өрнекті салып не киіп дағдыланған шебер өлең жазатын ақын секілді, табан астында-аяқ мағынасы мен құрылымы сәтті үйлескен ою үлгісін өз қиялынан шығарып сол сәтте қиып бере алады. Ол үшін тәжірибенің молдығымен қоса, ой- қиялдың ұшқырлығы қажет. Қолданбалы өнер түрлері ішінде бір жүйеге келтірілгені ою-өрнек. Көне дәуірдегі қолөнершілер «егіз» өрнегін немесе егіз аңды, жануарды бейнелегенде өмірде бейбітшілік пен тепе-теңдікті сақтау ұғымын білдірген. Әрбір ою-өрнектің негізі, яғни, симметриялық осі болады. Киізден, ағаштан, темірден жасалған кез келген затты бұйымға бейнелегенде оның осіне арнайы салынатын ою-өрнек элементтері болады, олар-өрнектер: «күнкөзі», «жұлдыз», «жұлдызгүл»  өрнектері… Мүмкін болашақта ою-өрнектің мағынасы, логикалық күшін түсіне отырып, оюдың әр элементі көркем туынды ретінде қабырғаға әсемдік үшін ілетін болар. Өйткені ғасырлар бойы «тұмар», «ұмай», «қошқармүйіз» ою-өрнегінің магиялық күші бар деп сеңген ата-баба дәстүрінің әлі де ашылмай жатқан құпия сыр бар. [2; 123]

.

Ою-өрнектің көне атаулары-халықтың тарихы мен мәдениетінен, ұлттық ерекшілігінен, ертедегі дүниетанымынан мол мағлұмат беретін құндылық. Олар-халықтың өткен тарихы,   рухани, мәдени, материалдық өмірінің айнасы. Қазақ тіліндегі ою-өрнек атауларының шығу төркіні сансалалы болғанымен, олардың атауларында тек қазақ тіліне ғана тән сөздер, яғни, түркі тілдеріне ортақ атаулар ғана кездеседі. Қазақтың «ою» және «өрнек» деген сөзі бірігіп келіп, латынша «орнамент» деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз көп халықтың тіліне сіңген термин, мағынасы-сәндеу, әсемдеу. [3; 35] Сан алауан ою-өрнек әрбір қолөнер туындысында жаңа түрге ие болады және қолданыста бірін-бірі қайталамайды. Қара дүрсін бұл өнер туындысында өнердің басқа түріндей аса талғампаздық пен бай мазмұн кездеспейді. Соған қарамастан ою-өрнектің тілі өте күрделі, ал құрылымы аса қарапайым.

Қорытындылай келгенде, қазіргі таңда шеберлер оюлардың бірін-бірі қайталамайтын жүздеген түрін ойлап тауып, күнделікті тұрмыста қолданып келеді. Ою бедерін қанық шығару үшін бояудың атқаратын ролі үлкен. Ежелден шеберлер өз қолөнер туындыларына бояуды пайдаланғанда, оның нышандық мәнін түсінген. Оюлар әсем әрі ұтымды шықсын десек, біз бірнеше мәселені ескеруіміз қажет: біріншіден, оның, ырғағы мен мөлшерін сақтау, өрнек бедерленетін материалды таңдай білу, ал ең негізгісі ою-өрнектің мазмұнды болуы суретшінің білікті дүниетанымына байланысты. Ою-өрнек элементтерінде формальді түрде бейнеленетін элемент жоқ, олардың бәрінің мазмұны бар.

Ою-өрнектің тематикалық түрлері. Қазақ қолөнерінде қолданылатын түстердің символдық мәні бар: көк түс-аспанның, қызыл-оттың, күн көзінің, ақ түс-ақиқаттың, сары-ақыл- парасаттың, қайғы-мұңның, қара-жердің, жасыл-жастықтың, көктемнің символы. Бұйымдағы ою-өрнек осы түстердің бірімен бейнелегенде ғана оған белгілі мән беріледі. Сырмақ сыруда қара мен ақ түсті пайдалану қалыптасқан, сол сияқты көк пен сары түстің, көк пен жасыл, қара мен ашық қызыл түстің қатар пайдаланылуы ғасырлар бойы дәстүрге айналған. Көбінесе түстен нақ ортадан бастап шетке қарай түрленеді. Сонда ортада қара, ақ, қызыл, жасыл, сары көк түс келеді. Бұл — ұлт өрнегінде түстерді орналастырудың көне мәнері. Өрнек атауларын түгел қамтып, олардың әрқайсысына жеке атау беру мүмкін емес, әр шебер өзі жасаған ою-өрнекке өзі ат береді. Сол оюдың пайда болу тарихын оюшыдан артық ешкім білмейді. Ою-өрнек саласын зерттеп жүрген ғалымдар оларды бір жүйеге түсіріп, мынандай топтарға бөлген:

  1. Өсімдік типтес ою-өрнек («жапырақ», «үшжапырақ», «шиыршық гүл «, «ағаш»)
  2. Зооморфтық ою-өрнек (жан-жануарлардың табиғи және мифтік бейнелері, «қошқармүйіз», және оның түрлі нұсқалары: «қосмүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», сондай-ақ «өркеш», «табан», «ботамойын», «құсқанаты»)
  3. Космогониялық өрнек («дөңгелек», «ирек», «шимай», «торкөз»).

Соған қарамастан қазақ тіліндегі сан алуан ою-өрнек атауларын лексика-семантикалық топқа ғылыми тұрғыдан былай қарастыруға болады:

.
  1. Ай, күн, жұлдыз-аспан әлеміне байланысты ою-өрнектер.
  2. Малдың дене мүшелеріне, ізіне байланысты ою-өрнектер.
  3. Аңға, аңның дене мүшесіне, ізіне байланысты ою-өрнектер.
  4. Құрт-құмырсқаларға, олардың ізіне байланысты ою-өрнектер.
  1. Құстарға байланысты ою-өрнектер.
  2. Жер, су, өсімдік бейнелі ою-өрнектер.
  3. Қару-құралдарға байланысты ою-өрнектер. [4; 54, 107]

Бүгінгі таңда халқымыздың мәдени асыл қазынасының өзекті бір саласы ою-өрнек өнері қайта дамып, бай мазмұнға ие болып, жаңа түр тауып, саналы өміріміздің кәдесіне жарауда. Қазақ халқының көне дәуірден өшпес мұрасы болып, ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, өзіндік тарихымен, әдет-ғұрпымен, сәндік, көркемдік жолымен, көшпенді елімізді бүкіл әлемге өзінің ерекшелегімен таныта білген-қолөнері. Олай болса бұл бөлімде айтайық деп отырғанымыз, өткен өмірімізбен бірге, өшпес мұра болып, материалдық мүліктерімізбен қатарласып, сабақтасып келе жатқан ою-өрнек туралы болмақ.

Сонымен бірге, ою-өрнектің өркендеуіне ата-бабаларымыздың сезімдік-талғампаздық дүниесі, қоршаған табиғат аясы, өскен ұясы, туған жердің қасиетті топырағы мен тоғай-тауларының құлпырған ренк-түрлері, шикізат байлықтары да көп ықпал етті. Әр халыққа, ұлтқа тән өзіндік ою-өрнек негіздері қалыптасып, дәстүрге алды. Кілемге, киімге, сырмаққа, ыдысқа, қару-жараққа, үй жиһаздарына арналған ою түрлері қалыптастып. Олай болса, ою-өрнек бүгінгі өмірімізге бірден дайын күйінде келмеген. Ою-өрнек — адам баласының ақыл-ойының толып-толқуынан, жүрегінің лүпілінен, өзін айнала қоршаған ортаны танып-тамашалауынан туған бейнелер нақты сол шын қалпында берілмей, көшірілмей, образдар арқылы ою-өрнекке айналып, қолдану аясына ерекше мәнермен, үндестікпен, әуенмен жеткен. Бұл — халықтың білімінің, шеберлігінің өсіп, ою-өрнек өнеріне қосқан үлесі, тапқырлығы, данышпандығы.

Ою-өрнек бояулары – ой мен идеяны бейнелеудің, күрделі сюжеттер жасаудың құралы. Бояудың өзінде нышандық мән болғандықтан, қиылған ою-өрнек түрлі-түске боялғанда, ол белгілі бір мазмұнды, философиялық ойды білдіреді. Ою-өрнектегі бояу түсінің сан құбылмалығы бірден көз тартады. Бояулар бір-бірімен үйлескенде терең мағынаны меңзейді. Сан алуан көріністер қоғам өмірі мен адам қызметінің ауқымдылығын, шексіздігін, белгілі бір мақсатты көздейтінін баяндайды. Мысалы, қызыл, жасыл, ашық және анық, жарқын түсті ою-өрнектердің жасырын құпия тілдерін түсіну қиын емес. Ою-өрнек өнері бір елдің тілімен жазылған мәдени шежіре десе де болады. Халықтың биік мұраты мен асыл арманы, бейбіт өмірді аңсаған асқақ үміті, қуанышы мен шаттығы, ел мен ер басына түскен қиындықтар ою-өрнектің басты тақырыбы. Ою-өрнек қазақ халқының мәдени шежіресі ғана емес, бейнелеу өнерінде сезімді сергітетін, эстетикилық тәлімі мол өнер саласы. Ою-өрнек тілімен бейнеленген көріністерде уақыт, заман тынысы сезіледі. [5; 18]

Шеберлер ою-өрнекке еш қоспасыз табиғи түстер ғана пайдаланған, ал бояу түстерін аса бір талғампаздықпен қолданған. Қазақ қолөнер шеберлері жасаған өнер туындыларына көз салып қарасақ, ырғақ, пропорция, композициядан басқа-бояудың қанықтылығы да елеулі роль атқарады. Халқымыздың мұңын, сағынышын, қуанышы мен бейбіт өмірін ою-өрнектегі түстердің, бояулардың құбылуынан байқауға болады.  Шеберлер қолымен тоқылған кілемнен, шымшида немесе алашалардан табиғаттың төрт мезгілін көруімізге болады және олар жасыл дала, биік тау, қалың орман мен тау қойнауында ағып жатқан бұлақ көрінісін тұспалдап, ұтымды бере білген. Бояулардың ішінде қазақ қолөнерінде ақ бояу көбірек қолданылады. Ақ түс —  халқымыздың қуанышын, бақытты кезеңдерін белгілейді, ал сарғыш қоңыр, қара түстер халқымыздың мұңын, соғысты, қайғыны бейнелейді. [6; 65]

Оюлар халқымыздың тарихи дамуында және көркемдік белесінде белгілі дәрежеде мәдени үлесі бар ұлттық асыл қазынаның бірі және халықтың мәдени мұрасы. Бүгінгі таңда халқымыздың мәдени асыл қазынасының өзекті бір саласы ою-өрнек өнері қайта дамып, бай мазмұнға ие болып, жаңа түр тауып, саналы өміріміздің кәдесіне жарауда. Қазақ халқының көне дәуірден өшпес мұрасы болып, ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, өзіндік тарихымен, әдет-ғұрпымен, сәндік, көркемдік жолымен, көшпенді елімізді бүкіл әлемге өзінің ерекшелегімен таныта білген-қолөнері. Олай болса бұл бөлімде айтайық деп отырғанымыз, өткен өмірімізбен бірге, өшпес мұра болып, материалдық мүліктерімізбен қатарласып, сабақтасып келе жатқан ою-өрнек туралы болмақ. [7; 6], [8; 79]

Қорыта айтқанда, қазір табиғи бояулардан гөрі тұрмыста жасанды бояуларды көбірек пайдаланады, себебі бұл бояулар табиғи бояуларға қарағанда түстерінің саны жағынан көп және қанықтылығы да әлде қайда жоғары әрі сапалы. Ою-өрнекте бояулар — ой мен идеяны бейнелудің, күрделі сюжеттер жасаудың құралы. Қазақтың ұлттық немесе жаңа ою-өрнектерде қолданылатын бояу түсі оның эстетикалық әсерін, өмір танытқыш күшін, болмыс шындығын бейнелеудегі қарқымдылығын, адам әрекетінің белсенділігін танытады.

Оюдың стильдік ерекшелектері. Ою деп заттың, бұйымдардың, жиһаздардың, ғимараттардың сыртқы пішініне, түріне, шығармашылық әуеніне ерекше мәнер, қосымша әсер беріп, қарапайым симметриялы элементтерден құрылып, ырғақ, теңеу, рең арқылы түзу жазықтықта немесе квадрат, ромб, шеңберлерде тұйықталып орналасқан әшекейлі өрнекті айтады.Оюды кілемге, сырмаққа, текеметтерге, киімдерге, ыдыс-аяққа, үй жиһаздарына, аяқкиімдерге, зергерлік бұйымдарға, қару-жараққа, сәулет ғимараттарына әр түрлі композициялық жолдармен қолданады.Оюлар құрылысына, жазықтықта, кеңістікте тұйықталу мәніне және образдардың негізгі мазмұнына байланысты бірнеше топқа бөлінеді: мысалы, мал шаруашылығы мен аңшылық өнерге байланысты жан-жануарлар, хайуанаттар образын сипаттайтын оюлар; гүл, жапырақ, орман, тоғай, жер-суды бейнелейтін өсімдік тектес ою-өрнектер; тұрмыс-шаруашылықтағы заттардың формаларын бейнелейтін үш, төрт ромб және тағы басқа көп бұрышты геометриялық оюлар: Айды, Күнді, Аспанды. Бүкіл әлемді сипаттайтын космогониялық ою-өрнектер. Ата-бабаларымыз осы топтарға құрылысына, мән-мазмұнына қарай атаулар беріп, оқып, танып бір-бірінен ажырата білген.

Классикалық ою-өрнектің төрт тобына : геометриялық ою-өрнектер, жан-жануар мен хайуанаттар ою-өрнектер, өсімдік тектес ою-өрнектер және космогониялық ою-өрнектер жатады.

Зооморфтық оюлардың сиппатамасы. Жан-жануарлар бейнелес ою-өрнектер қазақтың ою-өрнектерінің ішінде ең көп қолданылатын түрі. Жабайы аңдар мен ұшатын құстар, малдар адам баласына ішетін сусын, жейтін тамақ, киетін киім болып, ғасырлар бойы асырап келе жатқанын айтудың қажеті жоқ. Ата-бабаларымыз малдың ерекше қасиеттерін бағалап ән-жырға, күйге қосты. Бұл оюдың негізін «қошқар мүйіз» өрнеге қалайды. Әрі қарай «қошқар мүйіз» өрнеге өзінің құрамын мүйіз тектес ою– өрнектердің түрлерімен жалғастырады. Оларға қос мүйіз, сыңар мүйіз, арқар мүйіз, сынақ мүйіз, тармақ мүйіз, бұғы, ешкі мүйіз, қисық мүйіз және тағы басқа жатады. Қазақтың ұлттық дәстүрлі бұйым, дүние-мүліктерінің ішінде ою-өрнектің негізгі болған «мүйіз» оюымен әшекейленіп безендірілмеген заттар жоқ десек қателеспейміз. Қошқар мүйіз ою-өрнегемен зергерлер, шеберлер алқа, сырға, білезікті, сырмақ текеметті, кілем, тұскиізді, сандық-кебежені, киім-кешектерді өз ырғақ-мәнерімен безендірді. Оған оюдың құрамы, сырт пішіні, ырғақты толқыны, сызықтары матаға, қағазға, теріге, киізге, ағашқа, тағы басқа түсіруге не соларға арналған үлгілерді ойып алуға ыңғайлы болды.Мысалы, ботакөз, итқұйрық, құсқанат, құстұмсық, тышқаніз, түйетабан, омыртқа. [10; 10-12]

Өсімдік тектес ою-өрнектер туралы сиппатама. Өсімдік тектес ою-өрнегінің негізін гүл, жапырақ, сабақ құрайды. Гүл — жапырақ оюлары әр түрлі заттарға сәнімен қалыптасып, ұйқасымын табады. Олар өзінің даму барысында әр түрлі жолдардан өтіп, қолданылатын затқа сәндік, көркемдік қасиет беріп, мазмұндарын шешті. Өсімдік тектес оюлардың негізгі болған гүл, жапырақты талдап, классификациялық топқа бөле келіп, үш гүл, төрт гүл, бес гүл, үш жапырақ, бес жапырақ, түйе табан, жауқазын, теріс бұтақ, шырмауық, райхан ою-өрнектерді қолөнер бұйымдарынан кездестіруге болады. Текемет, сырмақ, тұскиіз, кілемдерге қарасақ, аралық бөлік, жиек, сыңар жиек секілді композициялық тепе-теңдікпен бірге симметриялық үйлестірулерді кездестіреміз. «Су» өрнегі мазмұны мен орындалу пішіні жағынан өсімдік тектес оюлардың қатарында жатпайды. Жалпы ою-өрнектерді кейбір ұлттық заттарға қолданған кезде олардың мән-мағынасын, түрлерін жетік білу шарт. [11; 12-14]

.

Геометриялық ою-өрнектердің түрлері. Геометриялық ою-жалпы адамзат қауымның, оның ішінде қазақ халқының қолөнер заттарымен үйлесіп, қалауын тапқан ою.. Бұл ою тас, қыш, темір, ағаш, киіз, терілерде нүкте, сызық, үш, төрт, бес бұрыш, ромб, квадрат, шеңбер формаларында кездесіп, кілем, сырмақ, текемет, тұскиіз, алаша, кебеже, күбі, сандық, білезік, сырғаларда күрделі композициялық өрнектер тобын құрайды. Ең қарапайым оюды нүкте мен сызықтардан алып, күрделі формаға айналдырып, өрнек тізбектерін аламыз.  Басқа ою-өрнектер секілді бұл ою да әрбір шикізат түрлеріне жеңіл қолданалып, үй жиһаздары, сәулет ғимараттарында кең өріс алып тарады. Геометриялық оюлар затты көркемдік әдістері, сұлулық белгілермен ерекше түр-түске бөлейді. Зергерлік, ұсталық өнерде темірдің түр-түсімен қатар, тастан салынған көз, зер оюларды толықтырса, қыш пен сәулет өнерінде балқытылған шыны рельефті болып әсемдік қосылады. Кілем, терме алаша тоқуда жүн мен теріден терілген оюлар затқа мән-мағына береді. Енді геометриялық оюлардан үлгі алу жайында бірер сөз. Ежелден барлық шеберлер қағаздан оюдың үлгілерін өздері қиып, жасалатын заттың өлшеміне сай дайындап отырған. [12; 14-16]

Космогониялық ою-өрнектердің бейнелері. Космогониялық ою-өрнектер біздің көркемдік мәдениетімізге өте ерте замандардан сіңіп қалыптасты. Бұл ою-өрнектің негізін әлем, аспан, Күн, Ай, жұлдыз, бүкіл кеңістік бейнелері құрайды. Күннің тұтылуы кезінде Күн шеңберінде аппақ күмістей жарық пайда болады, бұл ғажапты Күн тәжі деп атайды.  Қалай болсын Күннің шапағы мен Айдың шығып тууы, теңелеуі, тұтылулары, жұлдыздардың ағуы бәрі ерекше әсер қалдыратын құбылыстар. Орталық Қазақстаннан табылған қыштардағы «айшық», «жұлдызша» оюлары осының дәлелі. Сол секілді осы оюлар «сақтар» кезінде жасалған көптеген зергерлік бұйымдарда, архитектуралық, сәулет мазарларында көптеп кездеседі. Егер осы күн, ай оюлары ертеден келеді десек, оларға қосымша шұғыла, кемпірқосақ, жарты ай, толған ай секілді ою үлгілері қосылып космогониялық оюлар қатарын байыта түседі. Аталған оюлар сонымен қатар түр–түстерімен де бөлінеді. Космогониялық оюлар қатарында «Күн нұры», «Күн көзі», «Күн сәулесі», «шыққан, батқан күн», «Ай–таң», «Ай-гүл», «Айтаңба», «Түнгі ай», «Жұлдыз», «Аққан жұлдыз», «Үркер» секілді өрнектер топтары пайда болды.[13; 16-18]

Сонымен бірге, біз ою-өрнекті сөз, теория түрінде ғана емес, көптеген суреттер арқылы талдап отырмыз. Оларды топтарға бөліп, классификациялық, композициялық құрылымның негізін құрудың схемасын ұсындық.  Гүлдің, жапырақтың, жалпы өсімдіктердің табиғи суреттерін, образдарын стилистік түрге көшіріп, ою түрлеріне ауыстыру жолдарын көрсеттік.Оюлардың әрбір шикізатқа, ыдыстарға, бұымдарға байланысты негізгі түр-пішінін сақтай отырып, элементтерін өзгертіп, заттың сыртқы формасын шешуде әсемдігін сақтап қалу процестерін бердік.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.