Қазақтың шежірелік деректері

Главная » Рефераттар » Қазақтың шежірелік деректері

Халқымыз тәуелсіз ел болғалы шежірелерді, шежірелік деректерді жариялау айырықша ынтамен қолға алына бастады. Бұл сан ғасыр күткен азаттығымыздың арқасында жүзеге аса бастады десе де болады. Сондай-ақ, шежірелерді жинау, жариялау – халқымыздың ұлттық тарихына тың деректер қосары сөзсіз. Өсер ұрпақ шежірені біліп, неғұрлым қанық болған сайын, солғұрлым қазақ халқының түп тамырын, өзінің ата-тегін тереңірек парықтайтын болады. Әсіресе, жеті атаға дейін қыз алыспау сияқты ұлттық салт-дәстүріміздің арқасында қандас-туыстастығы мейлінше бекемделген, “қарға тамырлы қазақ” екенін сезіне түседі. Қазақ шежірелерінің көптеген нұсқалары Қазақстан Республикасының Орталық Ғылыми кітапханасына, Ұлттық кітапханаға, Мемлекеттік Орталық мұрағатына жинақталған. Бір ғана Орталық Ғылыми кітапхана қорында 20 мыңдай қолжазба болса, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында 6 мың беттей шежіре бар. Ал өлеңмен жазылған шежірелердің басым көпшілігі еш жерде жарияланбаған. Солардың біразына тоқтала кетсек.

.

«Түрік тайпалары мен қазақ үйсіндер» атты жыр-аңызды ақын Төлтай Меңлібайұлы жазып алып, 1960 жылы ӘӨИ-дің қолжазба қорына өткізген. Жыршы шежіреде адамзаттың тарихын Адам атадан бастап түгел қамтып, қазақтың үш жүзге бөлінетін құрылымына дейін таратып жырлаған. Асан ата шежіресіне сүйене отырып ежелгі тайпа, ру, жер атауларын көптеп пайдаланған. Соның ішінде Ұлы жүз руларына шолу жасаған. Шежіре аңыздың тағы бір ерекшелігі – жырлаушының тарихи деректер мен оқиғалардан жан-жақты хабардар болуы. Өйткені мұнда тек қазақ рулары туралы ғана емес, өзге де халықтардың шығу төркіні жан-жақты сөз болады. Сондай-ақ жыршының грек (мәтінде иунан), қытай ғалымдары мен М.Қашқаридың еңбектерімен таныс болғанын: Жайларды бұл айтылған дәлелдейді Шежіре Қашқаридың намасында,– деген жолдардан айқын аңғаруға болады. Шежіренің «Түрік тұқымдары және қазақ үйсіндер» аталатын қарасөзбен жазылған нұсқасын Есенғараев Батылхан 1980 жылы қорға тапсырған. «Қазақ шежіресі (қысқаша)» атты шежіреде аталуында көрсетілгендей, жырда қазақ шежіресіне қысқаша шолу жасалған. Жыршы қазақ халқын арабтардан, Аннас сахабадан таратудың бұрыс екенін, оның себебін айта келіп, арғы тегіміз түрік, Алаша ханның үш баласынан тараған ұрпақ екенімізді дәлелдеуге тырысады.

Сонымен қатар «Ақтабан-шұбырынды» оқиғасы, Ресейге бодан болу сияқты тарихи оқиғаларды да қамтыған. Қолжазбаның мұқабасында «Оспанов Әлмағамбеттің шығармалары. Ақтөбе облысы, Торғай ауданының азаматы Әлмағамбет Оспанұлы мен Нұрхан Ахметбекұлының өлеңдерінің көшірмелері. Жинаушы – Мұқанұлы Смағұл» деген жазу бар. 1932 жылы латын әрпінде жазылған қолжазба әбден ескірген. Мәтінді көшіру барысында біраз қателіктерге жол берілген. Бірнеше өлең жолдары мен шумақтары түсіп қалған.

.
.

«Қазақ шежіресі» атты шежіре-аңызда қазақ халқының тарихы, оның ХV ғасырға дейінгі тұрмыс- тіршілігі, өмірі – моңғол, қалмақ, өзбек халықтарының ұлт болып қалыптасу тарихы жырланады. Мәтінде жеке бір жүзді, не руды ғана таратпай, тек қазақ халқының ұлт болып қалыптасқанға дейінгі кезеңі сөз болады. Шежірені жырлаушы Жақсылық Төлепұлы Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келген. Жастайынан қисса-дастандарды, жырларды өздігінен үйреніп, ел арасында нақышына келтіріп орындаған. Қойын кітапшаға араб әрпімен жазылған мәтінді қорға 1946 жылы Ж.Аралбаев тапсырған. «Үш жүздің шежіресі» атты жыр-шежіренің басқа жырлардан басты айырмашылығы – жырдың толғаумен, үгіт-насихат айтумен басталуы және жеке бір ру тарихына тоқталмай, үш жүзді түгел қамтуы. Әр жүзді салаға бөле отырып, жыршы өте көркем жырлаған. Шежірені жырлаушы ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, ақын Байбатыров Мұқаш. Мәтін кирилл әрпінде. Қолжазба оқушы дәптеріне көк сиямен жазылғандықтан, кейбір сөздері өше бастаған. «Сатыпалдин Файзолла қаридың өлең-шежіресінде» дүниежүзі халықтарының түп төркіні Нұх пайғамбардың үш ұлынан таратады. Аннас сахабаның тегі түрік екенін, Мәдина қаласына көшіп барғанын, сол Аннастың үшінші әйелінен Азия халықтарының өсіп-өнгенін айтады. Алаштан үш жүзді өрбіте келіп, осы үш жүздің руларына жеке-жеке тоқталады.

Шежіре-аңызды жырлаушы Сатыпалдин Файзолла – ел есінде 1931-32 жылдардағы аштықта құрбан болғандардың әр жерде шашылып жатқан сүйектерін ең алғаш жинатып, жерлеуді ұйымдастырушы, қыр қазақтарын шағын өнеркәсіпке үйретуші ретінде сақталып қалған тарихи тұлға «Көкжарлы мен Бура» атты шежіре-жырда Найман руынан тарайтын Көкжарлы және Бура руларының аталу тарихы сөз болады. Бақана мен Бақанастың күндестіктің салдарынан өзбектерге сатылып, ағайыны Саржомарттың көмегімен еліне оралып, ұрпақтары өсіп-өнеді. Бұқар қаласының хәкіміне көкжал ат пен қара бураны тарту етіп, екі баланы азат еткені үшін азан шақырып қойған есімдерін көкжарлы мен бура деп атанып кеткен. Жыр 1991 жылы «Дидар» газетінде жарияланған. «Кіші жүз шежіресі» атты жыр-шежіре тікелей Кіші жүз руларына арналған. Кіші жүздің арғы атасы Жанарыстан бастап, бергі ұсақ руларға дейін таратады. Жыр арасында ру атауларын қарасөзбен тізбектеп те тарататын тұстары бар. Сонымен қатар жыршы тарихи деректерге сүйене отырып, үш жүздің басы қосылып хан, би сайлағанын да айтып өтеді. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы тарихи кезеңдерді суреттейді. Қазақтың үш биі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің халық алдындағы беделі мен көрегендіктерін жырлайды. Әйтеке бидің әділдігі мен шешендігін, данышпандығын дәріптейді. Кейбір оқиғалар бөлімдерге бөлінген. Ру атауларын түрліше аталуы да ұшырасады. «Өлең-шежіре» атты жырда Әнес сахабадан бастап, қазақтың шығу тегін айта келіп, Кіші жүз руларына кеңінен тоқталады. Аталған шежіренің бірнеше нұсқасы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы. Ал «Адай шежіресінде» Адай руының қонақжайлылығы, кеңпейілділігі айтылады. Адай руынан шыққан беделді адамдарды айта келіп, Бекет атаның қасиетті адам болғанын тілге тиек етеді. Шежірелерді жырлаған атақты Жақсылық жыраудың шәкірті – Қылышев Қартбай. Мәтіндерді Құлпыбаев Ерғожаның орындауынан 1978 жылғы Әмудария құйылысындағы қазақтардың ауыз әдебиеті үлгілері мен этнографиялық материалдарын жинау экспедициясы кезінде жазып алған Қ.Саттаров пен Қ.Құлпыбаева.

«Адайлар жайында» атты жыр-шежіренің атауы айтып тұрғандай жырда Кіші жүз оның ішінде Адай руының тарихы туралы айтылады. Жырды жинап, қорға тапсырған – белгілі ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, профессор Қ.Саттаров. Ол 1982 жылғы Амудария құйылысындағы қазақтардың ауыз әдебиеті үлгілері мен этнографиялық материалдарын жинау экспедициясы кезінде Өмірзақ Қалбаевтан жазып алған. «Қайролланың туыс шежіресінің» мазмұнында басқа шежірелерден өзгешеліктер бар: Әнес сахабаның Қырым, Ұрым, Алаулы деген үш баласы болады. Кіші баласы Алаулының Алаш, Наурыз деген екі ұлы, соның Алашынан тарағанбыз дейді. Алаштың Мағаз деген баласынан алты алашты тарата келіп, Кіші жүз руларына тоқталады. «Қазақ шежіресі» атты жыр-шежіреде XV ғасырдан бастап, XIX ғасырға дейінгі қазақ тарихы жырланады. Әртүрлі шежірелік ұғым бойынша қазақты түрік нәсілінен тарата келіп, Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын құруы, қазақтың үш жүзге бөлінуі туралы сөз болады. Аталған шежіренің ерекшелігі – салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа көп көңіл бөлуі. Және де жыр бөлімдерге бөлінген. Жырдың жырлаушысы Жайлаубайұлы Бұзаубай 1894 жылы бұрынғы Қостанай облысы, Семиозерск ауданы, Целинный совхозында дүниеге келген. Төрт қалың дәптерден тұратын шежірені 1953–1973 жылдар аралығында яғни өмірінің 20 жылын шежіреге арнаған. Жинаушысы Жексенбіұлы Қайырбектің мәліметі бойынша: «Қазақ шежіресін жазғанда Бұзаубай ақсақал 89 жаста болғандықтан алғашқы бөлімін өлең сөзбен, соңғы бөлімін қарасөзбен жазған». Алайда бұл тарихи мәліметтері өте көп, құндылығы зор шығарма. Жоғарыда аталған жыр-шежірелердің басым көпшілігі қалың көпшілікке беймәлім, еш жерде жарияланбаған. Бұл туындылардың қазақ тарихына, мәдениетіне қосар үлесі мол деп ойлаймын.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.