Қазақ құқығының ерекшеліктері

Главная » Рефераттар » Қазақ құқығының ерекшеліктері

Дәстүрлі қазақ құқығы әдетте ғылыми және ғылыми-жариялым әдебиеттерде далалық құқық, көшпелі құқық немесе еркіндік (қазақ) құқығы деген мінездеме атаумен беріліп жататындығы, оның мәдени болмысымен және тарихи ерекшелігімен тығыз байланысты. Сондай-ақ, қазақ құқығының аталғандардан басқа өзге де құндылық-қасиеттер мен мазмұндық ерекшеліктері жеткілікті. Мәселен, тыныштық пен бейбіт өмірді қалаушы құқық ретіндегі бейнесі бірден көзге түседі («Біз — қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай-жатқан елміз…»); еуразиялық далалық азаматтық қоғамның «адам — адамға дос», «адам күні — адаммен» қағидасын негізге алатын өзара көмек пен ағайынгершілік-адамгершілік дәстүрге бай мінезі (жылу, асар, шүлен тарату, қызыл көтеру, жұртшылық, ас-той, тасу, ат майы және т. б.); өзін-өзі басқару және ұйымдастырушылық дәстүрі (рулық билер соты); зайырлы құқық, яғни, шариғатқа жеткізбей, ушықтырмай қазақи кеңдікпен бітістіруі («Қазақ жолы — қанағат, қасаң дау емі — шариғат, ол да жолдан адаспас»); рухани-өнегелі құқық (Абайдай төбе би «Малға бірлік — бірлік емес, бірлік — ақылға бірлік» деп бірліктің мәнін ашса, қазақтың ұлы билерінің билікке ұмтылған жасты сынап қояр жұмбақ-санамағындағы ең бірінші ауызға алатыны да «Бір дегеніміз — бірлігі кеткен ел жаман…» немесе билердің өсиет сөздерінде «Бай бол — халқыңа пайдаң тисін, батыр бол — жауыңа найзаң тисін…» деген және т. б. аталы сөздер айтылған ойдың дәлелі); әскери-жауынгерлік рухы басым құқық (билер сотының тарихында жауға аттанбай елде себепсіз қалып қойып, кісі қолынан қаза тапқан ерге құн төленбейтін биліктер кездеседі); ар құқығы — қазақ құқығының «малым жанымның садақасы, жаным арымның — садақасы» деген қағидасы бүгінде заң ғылымында ең қымбат қазына болып есептелетін адамның өмір сүру құқығы — «ар» құндылықтары алдында құқықтық деңгейі мен қымбаттылығы жағынан одан кейінгі орынды алатынын көрсетеді және тағы басқа мінездік ерекшеліктері тұтастай алғанда қазақ құқығының тектік элементтерін құрайды.

Қазақ құқығы ұлттық кеңістікте дәстүрлі құқықтық жүйенің негізін қаласа, мәдени-шаруашылық кеңістікте түркі тектес көшпелі, жартылай көшпелі халықтардың құқықтық отбасын байыта түсті әрі оның шырқай дамыған ерекше классикалық формасы — «әділсоттың Алтын ғасыры» деген бағамен әлемдік өркениетте қомақты тарихи із қалдырды. Қазақ құқығы ХVI ғасырдан бастап — Шығыс Дешті-Қыпшақ аталатын мәдени-саяси кеңістікте түркілік құқықтық отбасының көшбастаушысы болды, әрі құқықтық эпицентріне айналды. Қазақ Ордасының құрамында болып, қатар қоныстанған қырғыз, қарақалпақ, қатаған, ноғай және т. б. түркі тілдес елдердегі көшпелі тайпалардың құқықтық өмірі тікелей «Жол», «Жарғы» аталатын қазақтардың құқықтық жинақтарымен реттеліп отырды, әсіресе сот билігін жүзеге асырушы билердің қызметтері мен бедел-абыройлары қазақ (еркіндік) құқығының кең рецепциялануына жол ашты.

.

Көшпелі қазақ қоғамының дәстүрлі ерекшелігі — өркениеттің жемісі болып табылатын далалық қазақ құқығының көне болмысы мен этноәлеуметтік жүйенің тығыз байланысты құрылғандығында жатыр. Дәстүрлі қазақ қоғамының бүтін-болмысы мен тыныс алысын, бағдары мен темірқазығын айқындауда қазақ құқығының әлеуметтік, мәдени және саяси бейнесі терең із қалдырып отырған. Әрбір өмір құбылыстарының астарында құқықтық таным-түсінікті бейнелейтін және оның қабыршықтары болып табылатын әлеуметтік нормалар (салт-дәстүр, әдет-ғұрып) жатты.

.

Нормалардың ішкі мәні мен сыртқы болмысы кең, жомарт, кешірімшілдігімен («Алдыңа келсе адамның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспейді») қатар этноәлеуметтік құндылықтар мен мемлекеттік мұраттарға қауіп төнген тұста аса қатар әлі сұсты кейіпте бейнелейді. Мәселен, «Жебенің ұшы» (Әнет бабаның Қалқаманға байлаған байламы), «Түйенің қомы» (Құнанбайдың Қодар мен Қамқаға кескен кесімі), «Жылқының құйрығы» (Кеңгірбайдың Кебекке қиған жазасы) сияқты биліктер бірінші кезекте ел бірлігі мен ұлт (ар) тазалығын қорғаушы қызмет атқарған немесе құқықтық артықшылық беретін «жасқа қарап отырып, жаққа қарай сөйлейтін» жолдың нормаларын жиынға қараусыз келген кісіге берілмеген (Жеті Жарғы), яғни үлкеннің жолы ел басына күн туған жаугершілік кезеңде жиынға «қарусыз — күшсіз — керексіз» келсе елеп орын берілмей, жиыннан сөз ала-алмай моральды-құқықтық кемсітушілікке ұшыраған осы қырынан келгенде қазақ құқығында әскери демократияның элементтері бейбіт өмір орнағанға дейін, қазіргі заңи тілмен айтсақ төтенше не соғыс жағдайы жойылғанға дейін орын алатынын көреміз. Құқықтық нормалар жүйесі көшпенділер тыныс-тіршілігімен табиғи жарасымдықта, іштей сырластықта дамыды. Өзара табиғи-қоғамдық құбылыстың әуені (ритмі) бұзыла бастаса болды. Кешенді иммунитеттік қасиеттерін максималды деңгейге дейін қосып оның құқықтық күш-қуатын пайдаланды. Қазақ құқығы деген ұғым тек қазақ ұлтының құқығы деген түсінікпен шектелмейді әрі нақтылы бір ұлтты аумағына сыйымды, ол — мәдени сұрыпталудан өткен «көшпелілердің еркіндік құқығы» және осы тұрғыға келгенде өзге де көшпелі түркі тектес халықтардың құқықтық нормаларын біріктіруші қасиетке ие. Демек қазақ құқығы дегенде, еркіндікке ұмтылушы және оның басты құндылық ретінде танушы ұлттар мен ұлыстардың құқығы дегеніміз ғылыми объективтілікке жанасады. Қазақ құқығының табиғат заңдылықтарына негізделген шикізаттық болмысына адами-өнегелік келбет беруде ірі билер көп еңбек сіңірді.

Қазақ құқығының ең басты ерекшеліктерінің бірі — «Жол» аталатын құқықтық нормалардан тұратындығы. Жол — дәстүрлі қазақ қоғамында да әуелі құқықтың одан кейін барып заңның («Қасқа Жол», «Ескі Жол») рөлін атқарды. Заңгер Ж. Ақпаевтың 1927 жылы 23 қаңтарда Семей мемлекеттік географиялық қоғамында жасаған «Қазақ халқының шығу тегі туралы» баяндамасында жолға келесідей түсінік береді: «(Жол — құқық, заң жүретін жол…) Қасқа Жол — құқық немесе Ай (құдай) заңы; қастерлі құқық».

.

Жолдың ерекшелігі — ол тұрмыстық қарым-қатынастан бастап мемлекеттік-құқықтық деңгейге дейін өзінің икемділігімен, әмбебаптығымен, ықшамдылығымен қоғамдық қатынастарды тұтастай алып реттеп отырды. Шығыстық қоғам, оның ішінде Еуразиялық кеңістікте орналасқан далалық қоғамда ең алдымен адами қатынасты басты орынға қояды. Сондықтанда болар тіпті мемлекеттік деңгейдегі жазбаша міндеттемелердің өзі орындалмай жататындығы. Адам құжатқа емес, бірінші кезекте адам — адамға сенеді. Жол — негізінен қоғамның әлеуметтік қабаттары мен қабыршықтарында орналасқан адами қатынастарды анықтаушы, бекітуші және жүйелеуші сипатқа ие болады және бастапқы даму сатысында ең алдымен табиғи заңдылықтарға басымдық беріп отырды. Кейіннен біртіндеп «Жолдар» мазмұндық жағынан байытылып жаңа мәдени сапаға көтерілді.

«Жолдың» басты ерекшеліктерінің бірі — оның шариғат нормаларына қосылмайтындығы, зайырлылығы және осы қасиетімен қазақ құқығының төлтума қайнары болып табылатындылығы. Ұлы билердің (Төле би, Қазбек би, Әйтеке би) ұстазы аталатын Әнет баба Бұхарадағы «Көгелташ» медресесінде даладан барып мұсылманша жеті жыл білім алып, шариғат нормаларын қазақ құқығына сіңіруші әрі жоюшы қызмет атқарған және шариғат пен қазақ құқығының қолданылу, іске асу шекарасын (пәнін) айырып көрсетіп кетті. Жоғарыда Әнет бабаның (1626–1723 жж.) «қазақ жолы — қанағат, қасаң дау емі — шариғат» деген құқықтық маңызы бар өсиет-сөзді келтіріп кеттік. Оның мәнісі, қазақ жолы (құқығы) кез келген даулы қанағатпен, объективті жағдайға орайластырып, бітіммен, кеңдікпен, екі жақты тоқтаммен жарастырып шешуі керектігін паш етеді. Ал егер де дау қасаңданып, сабасынан шығып береке-бітімге келмей жатқанда жаза кесуге шарасыздықтан көнеді. Жолдың екінші бір ерекшелігі — өлім жазасын кесуге шектеу қоюшылығы, заңи тілмен айтқанда өлім жазасына мораторий жариялаумен маңызды.

Қорыта айтқанда, көшпелілер түсінігінде «жол» адам аралық қатынастың сапалық ерекшеліктерін анықтап беруші рөлді атқарды. Әрбір адамның қоғамдағы орны туыстық белгісіне қарай ғана сан түрлі сипатта көрініс тапты (өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты) және қарым-қатынастың тәртібін бекітті. Ханның жолы, бидің жолы, батырдың жолы деген түсініктер олардың қоғамдағы орны мен көтеретін міндеттерін білдірді. Заңи мағынада «жол» — қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін анықтап-бекіту арқылы олардың дербес әлеуметтік құзыреттерін таныды.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.