Қазақ-Қытай сауда қатынастары

Главная » Рефераттар » Қазақ-Қытай сауда қатынастары

Қазақ-Қытай сауда байланыстарының барысы. 1851 жылға дейін Ресей мен Цин империясы арасындағы сауда-экономикалык байланыстар негізінен Кяхта қаласы арқылы жүзеге асырылатын. Шығыс Қазақстан және ішінара Жетісу өңіріндегі Шыңжаңмен сауда айналымы әлі де жүйелі жолға қойылмады. Ресейдің шетел миністрлігінің Азия департаментінің вице-директоры Н.И.Любимов Қытайдың батыс аудандарынан қайтып оралғаннан кейін мемлекеттік канцлер К.В.Нессельродеге жолдаған арнайы хатында, бұл сауданы нақты жолға қоюдың Ресей мен Қытай елдері үшін тіпті саяси алауыздықтарды шешу ісінде ерекше орын алатындығын аңғартты.

Ресей империясының бұл кезде хан Кенесары Қасымұлының көтерілісін жаншып, Қазакстанның оңтүстік өңірі мен Жетісудың бір бөлігін басып алуы Орта Азияның дербес хандықтарын жаулауға қолайлы жағдай туғызды. Бір жағынан, ағылшындардың Цин империясының батысына ықпалының таралуына қарсылық, екінші жағынан, экономикалық қатынас арқылы өзінің өктемдігін күшейту үшін, сонымен қатар дәстүрлі керуен саудасының жергілікті халықтарға да, мемлекеттік қазынаға да пайдалылығын ескерген Ресей үкіметі 1851 жылғы шілде айының 25-інде Қытай үкіметімен Құлжа келісіміне қол қойды.

Осы шартқа сай Батыс Қытайда Ресейдің елшілік орталықтарының, орыс көпестерінің арнайы сауда орындарының ашылуы, Ресей мен Қытай мемлекеттері арасындағы жалпы экономикалық және саяси ахуалды бір ретке келтіруге себепші болды. Әлі де болса Цин империясымен тікелей саудаға орыс көпестеріне бірқатар шек қойылды. Айта кететін бір жағдай, Құлжа шартына сай Қытаймен ертеден керуен саудасын дамытуда белгілі орталықтар — Троицк, Орынбор, Семей кедендерінің, Өскемен кеден бөлімінің сауда құқықтары кеңейтілді.

.

Құлжа сауда шарты сонымен қатар Қазақстанмен іргелес Жаркент, Ақсу, Шәуешек қалаларының сыртқы саудасында біртіндеп шай, жібек, қант сияқты қазақ руларының күнделікті тұрмысында аса қажет тауарлардың көлемін бірден көтерді. 1852 жылы бір ғана Шәуешек қаласы арқылы қазақтардың бұйымдарын айырбастауға 15 пұттан артық жібек мата жеткізілді. Орта Азия және қазақтар үшін әсіресе қажет, басты тауар, әрине — шай. XIX ғасырдың 40-жылдарының аяғында Батыс Қытайдан Қазақстан арқылы Ресейге орташа есеппен 140 пұтқа жуық шай жеткізілсе, Құлжа шартының бекітілуіне орай кейінгі жылдары жылына шамамен 3000 пұт шай сатып алынатын. Аталмыш сауда келісімінен кейінгі бірнеше жылдың ішінде Қазақстан арқылы іске асырылатын орыс-қытай саудасы төрт есеге ұлғайды. Алайда 1855 жылы Ресеймен экономикалық байланыстың белгілі орталықтарының бірі — Шәуешектегі орыс көпестерінің сауда орындарын жергілікті тұрғындардың талан-таражға салуы Шыңжаңмен Қазақстанның байланыстарын уақытша тоқтатты. Осыған байланысты Батыс Сібір генерал-губернаторы екі ел арасындағы қайшылық шешілмейінше сауда қатынастарын шегере тұруды жөн көрді. Ресей көпестерінің саудасы тек қана Құлжа қаласымен шектелді.

Ресейдің Қырым соғысындағы жеңілісі, Орта Азия иеліктерімен қайшылықтар, осы өңірдегі ағылшын-орыс бәсекелестігі Шәуешек қайшылығын шешуді тездетті. 1856 жылы I Александр патша Сібір комитетіне жолдаған нұсқауында сауда байланыстарын кеңейтуге жол ашуды талап етті. Шәуешекке арнайы жіберілген Ресей үкіметі өкілінің алдына қойылған талап — осы дауды екі жақтың мүдделерін ескере отырып шешуді көздеді.

Жоғарыда көрсетілген Шығыс Қазақстанның елді мекендерімен қатар XIX ғасырдың 50-60-жылдарында Шыңжаңмен саудаға Жетісудың бірқатар коныстары кеңінен тартыла бастады: Қапал, Верный, Орта жүз бен Жетісудың аралығындағы Аякез (Сергиополь) Батыс Қытайға баратын керуен сауда жолдарында орналасқан еді. Бір жағынан, Қоқан хандығында Ресейдің ықпалын күшейту, екінші жағынан, Жетісу мен Солтүстік Қырғызды отарлауда маңызды тірек болған Қытаймен сауданы кеңейтуде Верный қаласы мен уезі де ерекше орын алды.

Қазақстан арқылы дамыған орыс-қытай сауда байланыстары XIX ғасырдың 60-жылдарының екінші жартысында біршама құлдырап кетті. Маньчжур-Цин әулетінің өзін басқа мемлекеттерден алшақ ұстауы, ірі Еуропа елдері мен Ресей саясатының қайшылықтары, олардың отаршыл саясаты, тайпын көтерілісі, 60-жылдардағы Іле өлкесінде жергілікті халықты әлеуметтік жағынан езудің күшеюі Қазақстанның Шыңжаңмен байланыстарын әлсіретті. 1864 жылғы Шыңжаңдағы көтерілістің барысында дербес Іле өлкесінде Іле сұлтандығының, Қашқарияда — Жетішар мұсылман мемлекеттерінің құрылуы орыс-қытай, қазақ-қытай байланыстарына бірқатар өзгеріс енгізді.

1871 жылы патша әскерінің Іле өлкесіне енгізілуі тек саяси жағдайға әсер етіп қоймай, шекаралық ауданда сауда-экономикалық қатынастарды үзбеуді қарастырды. Іле сұлтандығының Түркістан генерал-губернаторлығына бағындырылуы шынайы түрде Жетісу өлкесі мен Батыс Қытай арасындағы керуен саудасына дем бергенімен, ресейлік отарлық тәртіптің орнауына да жол ашты. Орыс әскерлерінің уақытша осы өңірде болуы жергілікті тұрғындардың экономикасының өзіндік шаруашылығы шеңберінен шығып, көрші елдермен тұрақты шаруашылық байланыстардың кеңеюіне себепші болды. 1881-1883 жылдары орыс үкіметінің келісімімен Қырғыз бен Жетісу өлкесіне ұйғыр, дүнген және қазақтардың бір бөлігінің қоныс тебуі халық санының өзгеруіне, шаруашылық ынтымағының тереңдеуіне жол ашты.

1881 жылғы Петербург келісімі. Өзара тиімді сауда қатынастарының қарқыны Ресей және Цин империясының арасындағы әр түрлі саяси алауыздықтарды шешуге де байланысты еді. 1860 жылғы екі ел арасындағы Пекин шарты,1864 жылғы Шәуешек хаттамасы Ресейдің Қырғыз елі мен Жетісу бойын өзіне қаратып алғаннан кейін қалыптасқан ахуалды ресми түрде тануды негіздеді.

.

XIX ғасырдың 70-жылдарындағы патшалы Ресейдің отаршыл саясатының күшеюі, осы маңызды өңірде өзінің дара үстемдігін орнатуға тырысуы, шетелдіктерді, әсіресе ағылшындарды, осы өңірден ығыстыруға ұмтылуы сауданы кеңейту арқылы да іске асырылатын мақсат еді. Шыңжаңға сапар шеккен керуендер құрамына арнайы қосылған үкімет өкілдеріне. Батыс Қытайдағы саяси жағдайды бағдарлау, әр қилы ахуал жайында мәлімет жинастыру тапсырылатын. Осындай жағдайда 1881 жылы ақпан айында екі елдің арасында Петербург шартына қол қойылды. Келісім Ресей мен Қытайдың Қазақстан арқылы сауда байланыстарына кең жол ашты. 80-жылдардағы шекаралық аудандар арқылы ұйымдастырылған керуен саудасыньң көтерілуі де Петербург келісімінің тікелей нәтижесі. Қытаймен экономикалық байланыста Петропавл және Семей қалалары басты орын алды. Орта Азия мен Қазақстанның Шыңжаңмен қатынастарындағы ірі мекендер ішінде Семейдің үлесі айрықша: 1880 жылы Шыңжаңмен сауда байланыстары 255 мыңнан астам, 1882 жылы 337 мыңнан астам сомға жетті. Шыңжаңмен жалпы экономикалық байланыстардың кеңеюі саяси қайшылықтардың бәсеңдеуіне, саудаға Зайсан, Бақты, Қорғас тұрғындарының, мардымсыз елді мекендердің тартылуына себепші болды. 1881 жылдың 12 акпанындағы Петербург шартына сай орыс-қытай шекарасынан 60-65 шақырым жерге дейінгі қашықтықта шайды баж салығынсыз сатуға рұқсат берілді. Бір қадағы (фунт*) орташа есеппен 43 -55 тиынға сатылатын қытай шайы XIX ғасырдың соңғы ширегінде Шыңжаң қалаларынан Қазақстанға шығарылатын басты тауарға айналды.

1867 жылы дербес Жетісу облысының құрылуы, 1882 жылы Түркістан генерал -губернаторлығының ұйымдасуы Жетісу аймағының Қытаймен саудасына мейлінше әсеретті. Жаркент, Қорғас, Жетісу облысы құрамына Ыстықкөл уезінің кіруі, Қарқара жәрмеңкесінің сауда орталығы ретіндегі қарқынды қадамдары Жетісудың Шығыс Қазақстанмен қатар ірі сауда экономикалық ауданға айналуына себепші болды. XIX ғасырдың 80-жылдарының басында Жетісу арқылы өтетін орыс-қытай саудасының көлемі 5 миллион сомға жетсе, соның ішінде экспорт 3 миллион сомнан асты. Қазақстанның Қытаймен әр жақты, әсіресе сауда байланыстарының тарихында белгілі орын алатын -су жолы экономикалық қатынастарының жолға қойылуы. Іле өзенінің алабын сауда қарым-қатынасына пайдалануда Ресей мен Қытай арасындағы арнайы келісімнің болмауы Балқаш көлін, Іле өзенін сауда мақсатына пайдалану мүмкіндігіне шек қойды. Бұл мәселе 1881 жылғы Петербург шартында анықталды. Жетісу облысының губернаторы генерал-лейтенант Г.А.Колпаковский Іле өзенін Қытаймен саудада пайдаланудың, экономикалық маңызына көңіл аударып, мәселенің шешілуі Ресей және Қытай арасында келісім-шартқа қол қоюға байланыстылығын атап көрсетті. Ресейдің сырткы істер министрлігі де Құлжа қаласына дейін кемемен сауда ұйымдастырудың шаруашылық жағынан маңыздылығын толық мойындады. Іленің су тереңдігін бағдарлау нәтижесі Іле қонысынан Қытайдың Сүйдін бекінісіне дейін кеме сауда ісін жолға қоюға барлық мүмкіншілік бар екендігін көрсетті.

1882 жылы Верныйдың аукатты көпесі Вали Ахун Юлдашев және инженер Поклевский Г.А.Колпаковскийдің қолдауымен Англиядан кеме алдырып, Ресейдің Құлжадағы елшілігінің демеуімен 1883 жылы көктемде осы күрделі шаруаны іс жүзіне асырды. Мамыр айының 4-інде 20 мың пұт астық тиеген кеме Қытайдың Сүйдін бекінісіне жетіп, 20-сында Іле қонысына қайтып оралды. Қытаймен тікелей Іле су жолының ашылуы XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыс-қытай қарым-қатынасындағы белді оқиғалардың бірі болды.

.

Алайда Қазақстанның Шыңжаңмен сауда байланыстарының басты бөлігі әлі де болса шекаралық кеден мен қалалар арқылы жүргізілді. XIX ғасырдың соңғы кезінде Қытайдың да біркатар калалары Қазақстанмен саудаға бейімделді. Джинхо, Шихо, Манас, Үрімші, Тұрпан, Ақсу, Қарашар, Шәуешек, тағы басқа  қоныстар мен Қазақстан арқылы іске асырылған сауда Ресейдің сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейтті. Жылдан-жылға Қытайдан әкелінетін бұйымдардың құрамы, сапасы өзгеріп отырды. XIX ғасырдың 80-жылдарында Қазақстанға шығарылатын дәстүрлі қытай тауарларымен қатар мал мен аңның қымбат терілері, Қашқар түбіті, марал мүйізі, күміс, бұрын сатылмайтын «Ақ-құйрық» атты шай, жүздеген пұт жібектің жаңа сорттары да әкелінді. Ресейдің Ірбіт, Крестовск жәрмеңкелерімен қатар қытай рыногінде Жетісу өлкесіндегі Қарқара, Орталық Қазақстандағы Қоянды (Ботов) жәрмеңкелері ерекше көзге түсті.

Қазақ жері арқылы Ресейдің Шыңжаңмен тауар айналымының өсуі өзінің саяси мақсаттарын шешуге тырысқан Ресей үшін әсіресе экономикалык жағынан пайдалы еді. 1890 жылы маусым айында Мемлекеттік кеңестің Шыңжаңмен сауданы ұйымдастыру үшін Түркістан округімен қатар Семей сауда округін құруы да Қытаймен шекаралық сауданы орнықтыруға байланысты. Жаңа сауда округін ашу, сонымен қатар бүкіл Қазақстан және Оңтүстік Сібір арқылы өтетін шекарадағы кедендердің қызметін, әсіресе баж салығының қазынаға құйылып отыруын қадағалауға оңтайлы еді. Катонқарағайда, Қосағашта және Зайсанға жақын өңірде кедендік бақылау ұйымдастырылуы да мемлекеттің осы мүддесіне байланысты. Кеден қызметкерлеріне 70 мың сом қаржы жұмсалуы да осы мәселеге Ресей үкіметінің ерекше мән бергендігінің көрінісі. Қытаймен саудаға жылдан-жылға тауар айналымын ұлғайтқан қазақ саудагерлері бірқатар үлес косты. Әсіресе Қытай шайына құмартқан қазақтар Ресей мемлекетінің Шыңжаңмен шекаралық саудаға жол ашуын дұрыс пайдаланды. Қазақтың белгілі көпестері Шаянбайұлы, Жандыбайұлы, Жақыпұлы, Жетіқұлының есімдері бүкіл Шығыс Түркістан сауда әлеміне белгілі болды. Қазақ саудагерлерінің Қытайға шығаратын басты тауары — мал Құлжаның, Шәуешектің, Қашқардың, тағыда басқа  ірі сауда орталықтарының базарларында көптеп сатылды, айырбасқа түсті. Шыңжаңға мал сатуда басқа қоныстармен салыстырғанда шекараға мейлінше жақын орналаскан Жетісудағы Қарқара жәрмеңкесі үлкен рөл атқарды. Ыстықкөл және Қарқара жәрмеңкелері аркылы Ақсу, Тұрпан, Қашқар қалаларына, әсіресе мал семірген, құны көтерілген жаз айларында жүздеген казақ, ұйғыр, орыс көпестері малды топ-тобымен айдап бара жататын. Шыңжаң жағынан бұл саудаға қытайлықтармен қатар Батыс Қытайда қоныстанған өзге де ұсақ ұлттар, қытайлық қазақтар да қатысып, Ресей билігіндегі қазақтардың саудасы көңілді ойын-сауық, думанмен аякталатын. 1892 жылдың бір ғана желтоқсан айында Қытайдан Алтай (Николаевск) жәрмеңкесіне тек қытайлық қазақтар 1000-ға жуық түйе мен жылқыға тиелген әр түрлі тауарлар жеткізді.

1894 жылғы тамыз айының 30-ы күні Сібір темір жолының іске қосылуы Қазақстанның Қытаймен саудасын жаңа сатыға көтерді. Қазақстан қалаларын жанай өтетін, бүкіл Сібір өлкесінің экономикалық дамуына себепші болған бұл темір жол Қытайға жақын аудандарға тауарларды жылдам жеткізетін болды. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ өлкесі аркылы дамыған сауда байланыстары өзара тиімді болды, екі елдің арасында тығыз шаруашылык байланыстар орнап, кейбір саяси қайшылықтарға қарамастан, кейінгі кезеңде де дәстүрлі байланыстарға жол ашты.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.