Қазақ зиялылары бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында

Главная » Рефераттар » Қазақ зиялылары бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында

1913 жылдан «Қазақ» газетінің төңірегіне біріге бастаған қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси айқындамасы империядағы, қазақ облыстарындағы нақты саяси жағдайға байланысты қалыптасып, өзгеріп отырды. Сонымен бірге жоғарғы билік оппозициялық күш ретінде танып, жергілікті отаршыл әкімішілік бітіспес жауы ретінде қуғынға алған ұлттық интеллигенция өз халқы тарапынан да түсінушілік пен айтарлықтай үлкен қолдау таба алған емес. Мұндай ауыр жағдай оның саяси көзқарасы мен ұстанған бағытына да өз әсерін тигізбей қоймады. Ұлттық ннтеллигенцияның бірінші дүниежүзілік соғыс және 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы қоғамдық-саяси қызметін тура түсіну үшін, міне, осы аталған факторларды есепке алмай болмайды.

Қазақ зиялыларының бірінші дүниежүзілік соғыс және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсындағы қоғамдық-саяси қызметі арнайы зерттелген емес. С.Брайнин мен Ш.Шафиро өздерінің еңбектерінде бұл мәселенің алғашқы бөлігін айналып өтіп, ал екінші бөлігін баяндауда ашықтан-ашық ғылыми әдіске жат, таза саяси-конъюнктураға ұрынды. Оның себебі түсінікті еді. Өйткені алаштық интеллигенцияның бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты қызметін баяндау үшін олардың қолында қажет деректік материалдар жоқ болатын. Ондай материалдарды «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінен ғана алу мүмкін еді, ол басылымдарды Брайнин мен Шафиро оқи алған жоқ. Ал көтеріліске қатысты деректерге келсек, олардың да біразы қазақ басылымындарында берілді, ал архивтік материалдардың ішінен тек өздеріне керектілерін ғана теріп алды. Міне, осындай деректік негізде жасалынған «ғылыми» тұжырымдардың қаншалықты қүнды екендігі түсінікті болса керек.

Мәселеге байланысты Брайнин мен Шафиро негізін жасап берген таптық және саяси-партиялық айқындама соңғы жылдарға шейін өзгеріссіз келді. Мәселен, бес томдық «Қазақ ССР тарихының» үшінші томында құрамында бірде-бір қазақ болмаған большевиктер партиясының соғыс жылдарындағы қызметі арнайы баяндалғанын, ал қазақ зиялыларының бұл тұста атқарған ісі жөнінде бір ауыз сөздің жоқтығын байқаймыз. Оның есесіне «феодалдық-патриархаттық жоғарғы топ патша үкіметімен және орыстың импе­риалистік буржуазиясымен ауыз жаласып, бұл үшін Мемлекеттік Думаның мінбесін (мұсылман фракциясы арқылы), сондай-ақ өздерінің баспасөз органы — «Қазақ» газетін пайдаланды» немесе «байлар, болыстар, ауыл старшындары мен олардың буржуазиялық-ұлтшыл ин­теллигенция қатарынан шыққан құйыршықтары патша указын орындауды жақтап шықты»1 сияқты қандай тұрғыдан болсын негізсіз тұжырымдардың біразын кездестіреміз.

.

Мәселені қажет деректік және ғылыми-әдістемелік негізде қарау тек соңғы жылдарда ғана қайтадан қолға алына бастады2. Академик М.Қозыбаев 1916 жылғы көтеріліске арналған проблемалық мақаласында «ұлттық интеллигенцияның 1916 жылғы оқиғаға қатысы ерекше қызығушылық туғызады» деп көрсетіп, қазақ зиялыларының I дүниежүзілік соғыс жылдарындағы айқындамасын және соғысқа алынған қазақ жұмысшыларына көрсеткен қызметін арнайы зерттеу қажеттігіне көңіл аударды. 1914 жылдың жазында басталған соғысты жүргізуші күштердің мақсат-мүддесін қазақ зиялылары жақсы түсінді деп айтуға болады. Ә.Бөкейханов жаңа басталған соғысқа байланысты «Қазақтың» оқырмандарына арнайы жазған «Тағы соғыс» атты мақаласында соғысты бастаушылардың түпкі мақсатын, соғыстың реакциялық сипатын ашық көрсетумен бірге, оның еңбекші халықтардың өміріне тигізер ықпалына тоқталып: «Бұл соғыстан жалпы жұртқа ешбір пайда жоқ. Нарлар алысар, ал шаруасын бұзып қанын төгетін сорлы халық болар»2 деп тұжырымдап, Еуропа социал-демократтарының соғысқа қарсы жүргізген шараларынан нақты түсінік береді. «Қа­зақ» газетінің А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқа қызметкерлерінің де шамамен осындай пікірде болғаны даусыз. Міне, осы фактілерді есепке ала отырып, қазақ демократиялық интеллигенциясы жаңа басталған соғыстың қазақ елінің тұрмысына, күнделікті шаруашылығына тигізер ықпалын түсінбеді деп айту, әрине, қисынсыз болар еді. Олар түсінді, түсіне отырып шарасыздан үкімет саясатына ашық қарсы емес, оған бейімделу саясатын ұстанды.

Соғыс басталып кеткеннен соң, көп ұзамай-ақ орталықтағы мұсылман басшыларының белсенділігімен Петроградта «Әскерлерге һәм олардың үйде қалған бала-шағаларына жәрдемші уақытша мұсылман орталық комитеті» құрылады. Оның төрағасы болып Ғ.Дәулетшин, ал қазынашысы болып X. Мансуров сайланады1. Жоғарғы діни басшылардың пікірі бойынша, «мұсылман елдерінің орыс мемлекеті мен халқына берілгендік» пиғылын танытуға тиіс болған бұл комитеттің негізгі міндеті соғысқа Ресей мұсылмандарының көмегін ұйымдастырып, сол арқылы жоғарғы саяси биліктің сеніміне ие болу еді. Комитет бүкіл Ресей көлемінде «мұсылман қоғамдарына, ел адамдарына, инабатты саудагерлерге» түрлі әкімшілік орталықтарында, мұсылмандар орналасқан қалаларда, елді мекендерде соғысқа жәрдем комитеттерін ұйымдастыру туралы өтінішпен қайрылады. «Қазақ» газеті Петроградтағы орталық мұсылман комитетіне Б.Қаратаевтың мүше болып енгенін айтады. Петроградтағы мұсылман комитетінің үндеуімен қа­лаларда соғысқа көмек пайдасына түрлі мәдени шаралар өткізіле бастайды. 1915 жылдың 28 сәуірінде Петроградта мұсылман өнерпаздарының күшімен астана жұртшылығына үлкен концерт беріліп,  одан түскен қаржы комитет қорына аударылады. Ал сол жылдың 1 мамырына дейін түрлі жерлерден келіп түскен қаржының көлемі 7 мың 159 сом 77 тиын еді1.

Бүкіл Ресей мұсылмандарын қамтыған бұл шараларға қазақ зиялылары да белсенді түрде араласа бастайды. Олардың бұл мазмұндағы қызметін айғақтайтын бірнеше фактіге тоқталайық. 1915 жылы жазда Орал облысында Ойыл және Темір жәрмеңкелері болып өтеді. Ойыл жәрмеңкесінде Халел Досмұхамедовтың басшылық етуімен соғысқа жәрдемге 6126 сом 50 тиын, ал Темір жәрмеңкесінде I Мемлекеттік дума мүшесі Алпысбай Қалменовтың басшылық етуімен 1097 сом 12 тиын жиналып, тиісті орындарға өткізіледі. Қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен елдің соғысқа жәрдемге берген көмегі түрлі мазмұнда болған еді. Мәселен, осы 1915 жылдың жазында Лбишин уезі Жұбанышкөл елінің азаматтары Некей Нарынбайұлы және Дәулетғали Сарсенбайұлы Орал шаһарына 15 шақырым, «Барбастау» деген өзен жағасынан он үй тігіп, жаралы солдаттар емделетін лазарет ашады. Лазаретке сауынға Нарынбайұлы 15 бие, 4 түйе, ал Сәрсенбайұлы 10 бие береді. Лазаретке жұмысқа шақырылған дәрігерлер мен басқа қызметкерлердің жалақысын төлеуді Жұбанышкөл елінің қазақтары мойындарына алады. Ақмола облысы, Атбасар уезіне қарасты 11 болыс Бағаналы және 8 болыс Арғын ауылдары 1915 жылы соғысқа үш дүркін көмек жинап 1718 сом ақша, 150 ат, 16 киіз үй өткізеді2. Осы облыстың Қызылжар уезіне қарасты қазақтар 1914 жылдың соңына қарай жүз мың сом ақша, көшпелі лазаретке деп 30 шамалы ақ киіз үй жинап береді3.

Міне, соғысқа осы сипаттағы жәрдем ісіне бүкіл қа­зақ ауылдары тартылды. Соғыс шығыны қазақ бұқарасына жеңілге түскен жоқ болатын. Толық емес деректердің көрсетуі бойынша, соғыстың үш жылы ішінде тек Түркістан өлкесінен (мұнда басқа ортаазиялық облыстармен бірге қазіргі Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы және Талдықорған облыстары енген) 20 899 мың пұт мақта, 300 мың пұт ет, 109 мың пұт мақта майы, 474 мың пұт балық, 229 мың пұт сабын, 50 мың пұт май-кене, 70 мын жылқы, 12,7 мың түйе, 38 мың шаршы кез киіз, 13 441 киіз үй тасып әкетілген. 1914 жылы Жетісудың бір өзінен ғана 34 миллион сомның малы мен шаруашылық өнімдері алынған.

.

Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында Ресей мұсылмандары үшін елеулі саяси оқиғалардың бірі соғыс зардабын шеккен Карс облысындағы мұсылмандарға жәрдем ұйымдастыру шарасы болды. Жәрдем ұйымдастырудың орталық штабы Баку қаласыңда құрылып, оның қоғамдық бөлімшелері басқа қалалар мен елді мекендерде ашылып, «Иаңы иқбал», «Уақыт», «Қазақ» сияқты басылымдар бұл шараның ұйымдастырушы үніне айналды. Сондай жәрдем комитеті 1915 жылдың ақпан айында Орынбор қаласында да құрылып, оның құрамына мүше болып А.Байтұрсынов енеді. Осы кезден бастап «Қазақ» газеті күнделікті нөмірлерінде Карс мұсылмандарына жәрдем ұйымдастыру барысын үзбей жазып, оқырмандарына, есеп беріп отыруды дәстүрге айналдырды. Газеттің әрбір санында жәрдем берушілердің аты-жөні, жіберген жәрдем көлемі жазылып отырды. Газет жүзінде басылған олардың ұзын саны ондаған мыңмен саналатын еді.

.

Қазақ зиялыларының соғыста жараланғандарға, Карс мұсылмандарына берген жәрдемі түрлі мәдени шаралар өткізіп, одан түскен қаржыны осы мақсатқа жұмсау түрінде де көрінді. Олардың тікелей ұйымдастыруымен немесе белсенді атсалысуымен 1915 жылы 13 ақпанда Семей қаласында, 19 ақпанда Том қаласында, 11 сәуірде Орынборда, 15 сәуірде Омбыда әдебиет кештері болып өтеді2. Көптеген қала және ауыл тұрғындарынын, зиялылардын, қатысуымен өткен бұл кештердің мазмұны, оларды ұйымдастырушылар жөнінде «Қазақ» газетінен біраз қызықты материалдар кездестіруге болады. 1915 жылдың 11 сәуірінде қазақ және татар зиялы қауымының ұйымдастыруымен Орынбор қаласында да әдебиет кеші болып өтеді. Кешке қала тұрғындарымен бірге төңіректегі елді мекен адамдары да жиналады. Келушілердің көптігі сондай, театр үйіне сыймай қалады. Сахнаға домбырасымен шыққан А.Байтұрсыновты жұрт үлкен ықыласпен қарсы алады. Ол әуелі «Соқыр Қыз» әнін орындап, -соңынан көрермендердің өтініші бойынша тағы да бірнеше ән айтады. Осыдан кейін «Хұсайния» медресесінде оқып жүрген қазақ шәкірттері

қосылып «Ахау, Семей», «Құбақан», А.Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы», Ғұмар Қарашұлының «Бар еді қазағымның оңған күні…» атты өлеңдерін әнге қосып, нақышына келтіріп шырқайды. Міне, осындай саяси шараларда белсенділік таныта отырып, қазақ зиялылары белгілі бір мақсаттарды көздеді ме? дегеи сауалдың тууы әбден ықтимал. Әрине, бұл арада барлық қазақ зиялыларына байланысты кесіп бір пікір айту мүмкін емес. Дегенмен, бізге мәлім деректерге сүйене отырып, қысқаша мынадай тұжырымдар жасауға негіз бар сияқты. Ең алдымен, қазақ зиялыларының соғыс құрбандары мен олардың отбасыларына жәрдем шараларына белсенді түрде ат салысып өздерінің азаматтық борышын орындағандығы даусыз. Сонымен бірге бұл саяси актінің саяси астары да жоқ емес-тін. Оны Ә.Бөкейхановтың «Қазақта» жариялаған материалдарынан байқауға болады. Мәселен, ол «Соғыс көлеңкесі» атты мақаласында қазақтарға соғысқа жәрдем беру ісінде буряттарды үлгі есебінде көлденең тартып, «мынау жұртқа земства келе жатыр. Мұны надан жұртқа бермейміз дегендер болады. Сонда бурят жұртының үлгілі ісі алдынан шығады» деген ойды білдіріп, земства алу үшін соғыс шығынына белсендірек ат салысуға шақырған сынай танытады. Сөйтіп, Ресей араласып кеткен дүниежүзілік соғыс шығынына жәрдем көрсетуге қазақ елін де тарта отырып, қазақ зиялылары, бір жағынан, халықтың саяси белсенділігін көтеруден үміттенсе, екінші жағынан, өзі де белгілі дәрежеде, «орыс мемлекеті мен халқына берілгендік» науқанына араласып кеткенін байқамай қалды.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.