Азаматтық сот ісін жүргізудегі ұлттық тіл

Главная » Рефераттар » Азаматтық сот ісін жүргізудегі ұлттық тіл

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін және Қазақстан Республикасы өз егемендігін алғаннан соң бұрынғы кеңестік республикалар сияқты өзінің ұлттық тәуелсіздік декларациясын қабылдап, қазақ жерінде қазақ мемлекетінің негізін қайта өркендете бастады. Біздің еліміз құқықтық мемлекет құру жолына түсті. Осы орайда нарықтық экономиканы дамытуға, азаматтардың әлеуметтік қажеттілігін қанағаттандыруға және қолданылатын заңдардың сапасының жоғары болуы мемлекет үшін үлкен маңызға ие. Біздің мемлекетіміз қазіргі таңда көп ұлтты халқы бар ел. Осыған орай елімізде жылдан жылға ұлттық тіл мәселесі өркендеп өсуде. Ұлттық тіл мәселесін біз жалпы қоғамдағы азаматтардың арасындағы қатынастарда ғана емес, сонымен қатар азаматтық сот ісін жүргізу барысында туындап отыратынын байқауымызға болады.
Азаматтық сот ісін жүргізудегі ұлттық тіл принципінің түсінігі мен мазмұнын анықтау алдында, «принцип» және «ұлттық тіл» терминдерінің түсінігін ашуымыз қажет. Біріншіден, «принцип» терминіне тоқталып өтсеқ, ол ҚР АІЖК-нің екінші тарауы азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері мен принциптеріне арналған. Бұл тарауда «принцип» термині орысша сөзбен аталып кеткен. Сондықтан да, «қағида» деген сөзбен ауыстыру қажет деп есептейміз.
А.Ф. Вороновтың пікірінше кұқық принципі кұқық теориясында, сонымен қатар құқық саласындағы ғылымда ғалымдардың зерттеу пәнінің өзектілігі көп жылда, онжылдықта, ғасырларға жалғасады. Бұл шынында да зерттеудегі «әрдайым қарастырылатын тақырып», әлеуметтік өзгерістерде қоғамның даму процесінде кұқық принципінің көрінісін байқауга болады. Е.О. Егембердиевтің айтуынша азаматтық сот ісін жүргізу принциптерінің түсінігін беру үшін ең алдымен жалпы құқық принциптерінен бастаған дұрыс. Принцип латын сөзінде екі негізгі магынаны білдіреді: объективтік (қандай болмасын гылымның, теорияның негізгі ережелері) және субъективтік (болмысқа қатынасын белгілейтін адамның ішкі қасиеті — сендіру) деп анықтап кеткен.
А.Ф. Вороновтың пікірінше принциптер — кез келген құқық саласының, сонымен қатар азаматтық іс жүргізу құқығының да негізі болып табылады [13; 3 б.]. С.В. Мойсеев «принцип ұғымы бірыңғай емес. Философиялық тұрғыдан тереңірек қараса, принцип орнатудың бастамасы, түпкісі» деп айтқан [12; 13 б.]. Г.Д. Улетова принциптер — бұл азаматтық іс жүргізудегі барлық сатыларында және барлық сот өндірісінде сот әділдігіне жету мақсатында қамтамасыз ететін, азаматтық істерді қарау және шешу жөніндегі сот қызметінің бастапқы жүргізудің жүйесі деп белгілеген [27; 32 б.].
Ал В.Ф. Тараненко ғылымда принцип ілімнің қандай да бір ең нақты негізі болып табылатын саласының теориялық тұжырымы деп анықтаған [9; 5 6.]. Г.А. Ильясованың пікірінше, қағидалар — негізгі бастамалар, азаматтық процесс соларға сүйеніп құрылады, олар азаматтық істер бойынша сот төрелігін іске асыру мақсаттарын көрсетеді және сот төрелігін жүзеге асыру әдісін анықтайды деген. Бұл жерде Г.А. Ильясова өз еңбегінде «принцип» деген терминді «қағида» деп қолданған. Сондықтан да, «принцип» деген терминді «қағида» деген терминге ауыстыратын кез келді деп есептейміз.
С.А. Сапожников өз еңбегінде: «Принцип тек әріпті ғана емес, сонымен қатар судьяларға гуманизмнің бастапқысы мен әділеттіліктің ең қатаң императивті заңның мәні мен рухын анықтайды», — деп белгілеп көрсеткен. А.Г. Давтян сот өндірісінің барлық бағытын анықтайтын жалпы ережелері заңнамада бекітілген азаматтық сот өндірісінің принциптері болып табылады деп айтып өткен.
В.М. Семенов азаматтық іс жүргізу принциптердің қатарына іске қатысушылардың ақиқаттық және адалдық сонымен қатар сот өндірісінің жеделдігі мен сот өндірісіне қоғамның қатысу принциптерін енгізуді ұсынады [8; 64 б.]. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері құқықтық нормаларда бекітілген, нақты құқық туралы дауды сот отырысында шешуді, сот пен іске қатысушылардың іс жүргізу кұқықтарын және іс жүргізу міндеттерін, қатынастарын белгілейді. Кезінде ғалым-процессуалист Н.А. Чечина былай деп айтқан: «Азаматтық іс жүргізу қүқығының принциптері осы құқық саланың субъектілер қызметтерінің сипатын және мазмұнын айқындайды» [29; 53 б.]. Сот пен іске қатысушы тұлғалардың тіл принципінің қолжетімділігі азаматтық сот өндірісі шеңберінің дамуы болып келеді [30; 24 б.].
Азаматтық сот ісін жүргізудің ұлттық тіл принципінің маңыздылығын тәжірибеде азаматтық істерді сотта қарау барысында судья азаматтық іс жүрпзудің принциптерін басшылыққа алып қолдану кезінде негізгі принциптердің бірі — тіл принципі екені байқалады. Азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізудің тіл принципін қолдану кезінде судья объективті және дұрыс шешім шығару үшін ең алдымен бастапқы сатыда бұл принциптің бұзушылығына жол бермейді.
Екіншіден, «ұлттық тіл» терминіне түсінік беруіміз керек. Қарастырылған мәселелерге қатысты көптеген кешенді сұрақтардың ішіндегі ұлттық тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Әрбір халыққа, әрбір ұлтқа, ана тілі — ол халықтың ұлттық мақтаныш сезімін, ұлттық болмысын, мәнерлеп айту кұралы болып табылады. Ал әрбір ұлт өзінің тарихын, мәдениетш және дәстүрін сақтауы — келешек ұрпаққа берілуі парыз болып табылады. Мысалы, В.И. Лениннің ұлттық саяси ұлтаралық қатынастардағы ұлттық тіл даму сұрағына көңіл бөлуі осымен түсіндіріледі. Кеңес мемлекеті құрылған кезінде бірінші күні онымен қалыптастырып, мынадай маңызды принцип айтылған: «Бірде-бір ұлтқа, бірде-бір тілге ешқандай ерекше жеңілдіктер жоқ! Этникалық кішігірім топтар ұлтқа ешқандай да зұлымдық, ешқандай да әділетсіздік болдырмау!». Э.Н. Мишкуров сипаттама, сезімді білдіру, сезімді бағалау мен сезімді сендіру үшін тіл қолданылады. Оны сөз сөйлеуде қалыпты жүзеге асыруға болады деген. Азаматтық істі сотта қарау кезінде сот пен іске қатысушы тұлғалардың арасындағы қарым қатынаста байланыс жасаудың ең негізгі құралы тіл екеніне тұжырым жасауға болады. С.В. Воробьеваның айтуынша халықтың тарихы мен мәдениеті тіл тарихымен біртұтас екендігіне күмәнді ойлар жатпайды [32; 32 б.]. Сот ісін жүргізудегі ұлттық тіл принципі бірінші рет жас Кеңестің мемлекеттік заңында бекітілген. 1918 жылғы 15 ақпандағы №2 Сот туралы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (БОАК) және Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) декретінде былай көзделген: «Барлық сот сатыларында жергілікті тілде сотта сөйлеуге рұқсат етіледі».
1925 жылы 1 қазанда Қазақстанда қазақ тілінде іс жүргізу туралы Декрет қабылданғаннан кейін сотта 172 істің ішіндегісінің 71 ісі қазақ тілінде, ал 63 ісі орыс тілінде және 38 ісі өзге де тілде қаралыпты. Бүгінгі күні біздің елімізде азаматтық іс бойынша қанша істің өзінде, қандай тілдерде істің қарастырғанын айту қиын. Себебі, бізде азаматтық істер бойынша, оларды қарайтын соттарда ондай статистикалық мәліметтер жоқ. Мұндай мәліметтер қазіргі таңда қажет деп санаймыз. Сондықтан да азаматтық істерді қарайтын соттарда қанша істердің, қандай тілінде қаралғандығы жөнінде статистикалық мәліметтер болуы қажет.
Қазіргі таңда ұлттық тіл принципі тіл аспектілерінің және ұлттық мәселелердің бірі. XX ғасырдың аяғында адамзат баласы ұлттық тіл мәселесі өткір жарылыстан да қауіпті мәселеге айналғанын айқындады. Көп ұлтты мемлекеттерде демократиялық мемлекетті кұру жолдарының бірі ұлттық тіл принципінің дамуына мемлекет тарапынан көп үлес қосу болып табылады. Әрбір көп ұлтты мемлекеттерде қоғамда көптілдік мәселесі орын алып отырады және бұл «ұлттық тілдер» деген түсінікпен қатар жүреді. 1988-1990 жылдары көп ұлтты халқы бар мемлекеттердегі қатынастар тарихта маңызды орын алуы таң қалдырмайды. Осы үш жылдықта егеменді одақ республикалары бірінен кейін бірі тілдер туралы заңдар қабылдады, ал солардың біреуіне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Сонымен бірге қос тілдікті орналастыру туралы процестері жүріп жатты. Көптілдіктің жүруі ол өмірдің талабына сәйкес болып отыр, егерде әлемде көптілдіктің тіршілігі бар болатын болса, көптілдік бұрыннан тіршілік еткен және тіршілік етеді де. Сондықтан да сот ісін жүргізу кезінде қүқықтық қатынасқа түсетін қатысушылардың қарым-қатынастары тіл принципін бұлжытпай сақтай отырып, қамтамасыз ету керек (Джафаркулиев М.А.).
КСРО және одақтық республикалардың 1977-1978 жылдарда жаңа Конституцияны қабылдаулары кезінде Кавказ одақтық республикалардың (Әзірбайжан, Армения және Грузия) конституцияларында олардың ұлттық тілдері де мемлекеттік тіл болып танылған. Сонымен бірге жоғарыда аталған конституциялар қабылданғаннан кейін тек қана осы үш одақтық республикада және Абхазия автономиялық республикасында заң тәртібімен бұл құрылымдар үшін олардың ұлттық тілдері мемлекеттік болып танылды және сонымен бір уақытта барлық басқа тілдер үшін тең құқықтылық жарияланды. Кейіннен мемлекеттік тілді қолдану процесі барлық қалған одақтық республикаларды қамтып, 1989-1990 жылдарда олардың бірінен кейін бірінде тілдер туралы заң қабылдана бастады (Джафаркулиев М.А.).
XIX ғасырдың 40-жылдарында араб графикасында татар тілі қазақ даласындағы іс жүргізуде ресми тіл болды, сонымен қатар сол заман адамының айтуынша, «ойлардың, мәліметтердің және білімнің әзірге жалғыз жазбаша жол көрсетушісі» болды. Мұнда сот өндірісі татар тілінде жүргізілгені туралы тұжырым жасауға болады.
Егемен республикаларда олардың мемлекеттік тілдерінің танылуымен бірге орыс тілі жаппай ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде таныла бастады және КСРО Жоғарғы Кеңесінің алдында оның бұл мәртебесін ел көлемінде бекіту туралы мәселе қойылды. Кейіннен 1990 жылы 24 сәуірде қабылданған «КСРО халықтарының тілдері туралы» КСРО Заңымен орыс тілі КСРО аумағында ресми тіл және ұлтаралық қарым-қатынас құралы ретінде танылды (Джафаркулиев М.А.).
Осылайша, 1990 жылы КСРО және егемен одақтық республикаларда мемлекеттік тіл орнату процесі жөніндегі пікірталас негізінде аяқталып, бүкіл ел аумағында ресми түрде біртілділілік, ал кейбір аймақтарда көп тілділілік пайда болды. Сонымен мұндай айқын фактімен тек санасып қана қоймай, оған заңды талдау жасап, сот ісіне қатысушылардың кепілдіктерін ары қарай кеңейтуіне бағытталған процессуалдық нормаларды жетілдірудегі прогрессивті рөлін анықтаудың қажеттілігі туындады (Джафаркулиев М.А.).
Қазақстанда сот өндірісіндегі тіл принципі жағымды сипаттаманы танытады. Бірінші кезеңде Қазақстанның Ресей Империясына қосылуымен байланысты, сот өндірісінің тіл принципіне қосалқы мән береді, себебі қазақ халқының этникалық тіл ерекшеліктерін есептемей, оған ұқсас татар тілін қолданған. Екінші кезеңде сот өндірісіндегі тіл принципі Қазан революциясының бастапқы жеңісімен анықталады. Осыған қарамастан негізгі сот өндірісінің мемлекеттік тіл принципі орыс тілі болып қалды. Қазақ тілі қазіргі таңдағы Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік тіл болып танылады.
Т.В. Губаева мен В.П. Малков мемлекеттік тіл деп — белгілі бір қоғамдық ортада қолдануда құқықтық мәртебесі берілген, ресми түрде Конституцияда немесе өзге де заң актілерінде танылған деп анықтайды. В.П. Нерознака «тіл мәртебесі» деген терминге келесідей түсінік берген. Тіл мәртебесі — бұл мемлекеттің негізгі заңда Конституция мен өзге де заң актілеріне бекітілген, әлеуметтік жүйедегі кұқықтық ережесі, сонымен қатар қызметтік сипаттамасын анықтайтын әлеуметтік ереже. Ұлттық тіл, мемлекеттік тіл және ұлтаралық тілдің байланысы туралы айтатын болсақ, біз олардың үш топқа бөлінуі одақтық республикаларда қабылданған тілдер туралы заңдар арқасында осындай айқын кескінге келгендігін мойындауға тиістіміз. Оған дейін біз «іс жүргізу тілі» немесе «жұмыс тілі» деген ұғымдарды ғана қолданғанбыз. Соның өзінде, іс жүзінде бұл атаулар тілдер негізіңде топталған болатын және олардың арасынан мемлекеттік тіл ұлтаралық қарым-қатынас тілі және қалған тілдер бөлініп шыққан. Сонымен қатар олардың мұндай бөлінуінің ресми еместігі олардың бірін қатаң ұстанып, сол тілде іс жүргізуге мүмкіндік бермеді. Осы себепті барлық жерде тілдер араласып кетіп, азаматтардың тілдері шатасқан, кейде сауатсыздыққа жол берілді, ал грамматика заңдарын сақтау туралы сөз көтеру жөнінде айтудың да керегі жоқ еді. Соған байланысты, қоғамда тілге деген менсінбеушілікке жол берілді. Кейбір кездерде мемлекеттік мекемелерде тілдердің тең мәртебесі туралы ереже түгелдей ұмытылып кетіп, бүкіл істер тек олардың бірінде ғана жүргізілді, ал бұл — азаматтардың құқықтарды дөрекі бұзушылығы еді. Тілдік саясаттағы жоғарыда аталған бассыздықтарды жою үшін тіл туралы белгілі заңдарды қабылдаудың маңызы мен рөлі әрине орынды болып табылады. Бірақ бұл заңдарды іске асыру кезінде мемлекеттік тілдің беделімен ұлтаралық қарым-қатынас тілі және қалған көптеген тілдерді басып тастамау үшін екінші шекке ұрынудан қауіптену қажет. Дүние жүзінде 160 мемлекеттің аумағында 2500-3000-ға жуық тілде сөйлейтін адамдар тұрады. Тек Африканың өзіңде 1600 тіл қолданылады. Қазіргі мәліметтерге сәйкес бұрынғы КСРО аумағында 160-тан астам тіл қолданылған. Олардың тағдырлары әртүрлі. Бірақ бұның себебі әлдекімнің ассимиляция немесе жүргізілген орыстандыру саясаты емес, экономикадағы жаңылыс есептеулер мен республикалардағы әлеуметтік өзгерістердің ұлғаюы себебінен.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.