Ғажайып құмыра Зейнолла ШҮКIРОВ

Home » Рефераттар » Ғажайып құмыра Зейнолла ШҮКIРОВ
Рефераттар Комментариев нет

ҒАЖАЙЫП ҚҰМЫРА

I

Сарытөбенiң басына шыққан кезде артыма қайырылып бiр қарадым. Лагерьде қатты қорқатын адамым – Асан. Рұқсатсыз аяғыңды қия бастырмайды. Сондықтан бала бiткен түскi демалыс сағатында төсекке қисайған кезде аңдып жатып, тайып тұрғанмын.

Әне, лагерь! Шифер шатырлы, екi қабат, аппақ үй бiр шақырымдай артта қалыпты. Алыста өзiмiз күнде шомылатын теңiз бетi жарқырап көрiнедi. Қазiр бiр жан жоқ, бүкiл жағалау жым-жырт…

Ендi қайта бұрылып, Болатбектер кеткен жаққа қараймын. Олар жолға шыққалы толық бiр сағат та өткен жоқ. Көп болғанда анау жаққа бара жатқан шығар, керек. Сонан кейiн ертпей көрсiн… Лагерьдi қайта таба алмаймын деп, қиғылықты салайын бiр. Сосын амалдары жоқ, бiрге алып кетедi.

Болатбек ертпекшi едi, бәрiн iстеген Асан. «Әлi кiшкентай, жорыққа жарамайды», – дейдi. Менiң жаяу жарыстан мектепте бiрiншi орын алатынымды бiлсе екен-ау… Кенет ойыма былтыр көктемде болған бiр оқиға түстi. Бiр топ бала қалың шабыр iшiнен көжек қашырып, қуып ұстағанбыз. Сонда да ең алдымен мен жетiп едiм… Ендi бүгiн жорыққа жарамайтын болып шығыппын.

Өркеш-өркеш құм iшiнде әлi жүгiрiп келемiн. Нар өркеш құм шоқының бiрiнен ассам, алдымнан тағы бiреуi шығады. Болатбектер соның арғы жағында бара жатқан сияқты… Маған бiр минут демалуға да болмас… Әр жерде ақ күлтелi қызыл дүзгендер көрiнедi. Аңызақ жел лебiмен шоқ-шоқ қияқтар жапырағы әзер қозғалады, қалың ақ селеу ақырын елбең қағады.

Зауал ауа қиыр-қиыр құмның арғы шетiне де шықтым-ау. Бiр шақырымдай жерде қалың тоғай көрiнедi. Одан әрiрек жарқыраған теңiз жағалауы… Оның түстiк жағында биiк, көк шың көз тартады. Әлде Асан айта беретiн Кеңтүбек шыны сол ма екен? Болатбектер осында соғуы керек едi ғой. Елсiз теңiз түбегiн түгел аралап қайтпақ… Ендеше, сонау жағалауда сайрандап жүрген шығар қазiр.

Құмнан далаға шықкан соң, тыңайып кеткен сияқтымын. Бiраздан кейiн қалың қарамық бұталарының iшiне кiрдiм де кеттiм. Әлгiнде тоғай болып көрiнген сол екен.

Жiңiшке бұтақшаларда моншақтай тiзiлген қарамықтар тас төбемнен қарайды. Жас ботаның көзiндей жаудырап, қызықтыра түседi. Саусағыңның ұшымен үзiп алғаныңша шыдамай, бырт етiп жарылып кетедi. Аузыңа қағып саласың, шырын сөлi тәттi, тiлiңдi үйiредi. Алғашқы қарқында топ-тобымен ауызға жөнелткенмен, ендi iрiсiн таңдаймын. Бiр бұтадан екiншiсiне қол созам. Екi қолым сияға батырып алғандай көкпеңбек.

Бiраздан кейiн балалар түстi есiме. Олар мына қы-зықты бiлмейдi ғой… Алып барып көрсетер ме едi. Айтпақшы, терiп алсам қайтедi?! Ол үшiн үлкен дорба керек, бiрақ… көйлегiмнiң етегiне салып алсам ше? Ақ, көйлек… бүлiнiп қалады. Сонан кейiн апай да маңда-йымнан сипай қоймас. Бәрiнен де бас киiм қолайлы. Мұның да астары көк. Былғана қойғанда да ешкiм аңғармайды…

Ендi жақсы болды тiптi. Мөлдiреген қарамықты үзе бергенiмде жарылып кетсе аузыма, аман қалса бас киiмiме саламын. Сөйтiп, оны да лезде толтырайын деп қалдым, төбелiгi әжем үйiнiң қара сиырының желiнiн-дей салбырап кеттi.

Бiр кезде… Алдымдағы бұтаның астында бiр нәрсе сытыр-сытыр етiп… тұла бойым мұздап кеттi. Бас киiм-iмдi де қолымнан түсiрiп алдым.

Есiмдi жиғанымша болған жоқ, кiшкентай бiр нәрсе аяғымның астынан ата жөнелiп, аунап түстi.

– Көжек!

Қас қаққандай уақыт iшiнде, былтырғы көжек көзi-ме елестедi. Екi күн жәшiкке салып баққан еңбегiмiз зая кетiп, қашырып алғанбыз. Мынау содан айнымайтын сияқты. Қуа жөнелдiм.

Алдымыз көк сораң өскен қатқыл екен. Көжек екi құлағын жымып алып зытып барады. Әрiректегi жың-ғыл төбешiктердiң тасасына жетiп, қарасын батырғысы келетiндей. Жоқ, мынау былтырғы көжек емес сияқты. Жүгiруi бөлек, қарасына iлестiрер түрi жоқ.

Биiк шоқатқа сұр көжекпен бiрдей жетiп, өкшелей қудым. Одан кейiн бiр қалың бұтаға енiп, екi рет адастырып кете жаздады. Содан соң шеңгелге қойып кеттiк. Сол жерде сұр көжектен де көз жазып, ақ шеңгелдiң сояудай тiкенектерiне бетiм мен балтырымды бiрнеше жерден остырып, мен де ентiгiп тоқтадым.

Айнала жым-жырт. Әлдеқайдан шуылдаған теңiздiң әлсiз үнi емiс-емiс естiледi. Бiр сәт қайдан шығып, қайда келгенiмдi де түсiне алмай мең-зең тұрып қалыппын.

Өмiрi адам iзi түспеген жыңғылды тоғай. Қалай қарай жүрсем де, бiрiнен-бiрi айнымайтын шоқатқа тап боламын. Бiраз адасып жүрiп, теңiз жағасынан шықтым. Қалың камыс. Қайта кейiн бұрылдым. Алдымда манағы биiк шың көрiнедi. Атақты Кеңтүбек шыңы… Әлде Болатбектер соның баурайында дем алып жатыр ма екен?

Қалай қарай жүрерiмдi бiлмей дағдарып тұрмын. Күн төмен еңкейiп кетiптi. Соны байқаған соң, көңiлiм тiптi қобалжи түскендей.

 

II

 

Кеңтүбек көрiнiп тұрып-ақ жеткiзер емес. Мен жақындаған сайын өзi биiк шың еселей, етегi кең жайылып, әрiрек жылжитындай. Тас төбемнен бiр алып қарақұс айналып шықпайды. Алға ұзап кетедi де, қайта айналып келiп, үстiмде қалықтап жүрiп алады. Әлдеқайдан шағалалар шаңқылдайды.

Мен шың баурайына көтерiлгенде, кеш түсiп едi. Аяғымның астында теңiз жарқырап жатыр. Шет-шексiз айдын. Алтын сары күн теңiздiң арғы жиегiнде қонып тұрған сияқты. Үстiнде қызыл нұрға малынған бiр шоқ бұлт шөгiп қалыпты. Күн соған ғана iлiнiп, теңiзге батып кетпей тұрғандай.

Қазiр күн батады. Айдала, иесiз теңiз жағасында жалғыз өзiм… Сол ойдан денем түршiккендей. Айнала қарап Болатбектердi iздеймiн. Жоқ, қайда жоғалып кеттi? Мына шыңның қай жағында жүр? Мойнымды қанша созсам да, тiрi жан көрiнер емес. Қазiр басқаны қойып, лагерьдi көруге де зар болып тұрмын.

Батыс жақ бетте теңiз. Артымда манағы өзiмдi адас-тырған жыңғылды тоғай қалды. Ол жаққа ендi қайтып беттер емеспiн. Күндiз қоян кезген жерде түнде қасқыр жүрмесiн кiм бiлiптi… Бiраз ойланып тұрғаннан кейiн, биiк шыңның күншығыс жағына қарай өрлеп жүрiп кеттiм. Мүмкiн лагерь со жақтан көрiнетiн шығар…

Көп ұзамай күн теңiзге шым батып, көзден таса болды. Қараңғы ымырт. Әлдеқайда шегiртке шырылдайды. Алдыңғы жағымда әупiлдек даусы естiледi. «Әуп! Әуп!» Әупiлдек тоғыз рет әупiлдесе, топан суы тасиды. Мұны маған әжем айтқан. Кенет сол есiме түсiп, тұла бойым тiтiркенiп кеттi. Бiр… екi… үш… Содан кейiн әупiлдек үнi де тына қалды.

Аспанда сансыз электр шамдары iлiнген сияқты, жұлдыздар жымыңдайды. Бiрақ ай туа қоймай, қараң-ғылық қоюлана түстi. Жан-жағым андаған қорқыныш. Әлденелер қарайлайды. Жортып жүрген қасқырлар ма, карайып тұрған бұталар ма, адам айырып болар емес. Алақтап келе жатқанымда, аяғымның астынан бiр нәрсе дүр еттi. Шайтан!..

Сол ой қалай басыма сап еттi, қатты бақырып ата жөнелдiм. Артымда дүсiрлеген аяқ дыбысы… Бiреу қыр соңыма түсiп алып, қуып келе жатқандай. Жүрегiм жарыла жаздап, ұшып келемiн. Қанша жүгiргенiмдi бiлмеймiн. Әлде дiңкем құрып, өкпем өшiп бiткен жерiм бе, әлде бiр нәрсеге сүрiнiп кеттiм бе, етпетiмнен құлап түстiм. Қозғалар дәрмен қалмапты. Ал әлгi дүсiрлеген аяқ дыбысы… Жақындап келiп қалғандай. Айқайлағым келiп неше оқталдым, бiрақ дыбыс шығара алмадым. Өлдi деген осы…

Бiрақ маған бұл жерде өлуге тура келген жоқ. Әлден уақытта әлгi дүсiрлеген аяқ дыбысы да алыстап, сап болды. Құлап жатқан менi байқамай етiп кеткен сияқты. Ендi дыбыс шығарып, басымды көтерсем-ақ қайта жетiп келердей, бетiмдi жерге басып, бұғып жатырмын. Жүрегiм дүрс-дүрс… Сол дыбысты бүкiл әлем естiп тұрғандай. Көз жасым да ағыл-тегiл бетiмдi жуып барады. Дыбысымды шығармай, өкпемдi соғып, солқылдай түсемiн.

Лагерь үйiнiң кең ауласы. Болатбек бәрiмiз жорықтан оралыппыз. Күн шыжып тұр. Тiлiм аузыма сыймайды. Барлық бала бiздiң айналамызды қоршап алыпты. Болатбек көрген-бiлгенiн жыр қылып айтады. Кеңтүбек шыңына шықтық… Күн теңiзге батып кетiп едi, тормен ұстап алып, қайта орнына қойдық. Былтыр қашып кеткен сүр көжектi әкелдiк… Айтпақшы, сұр көжектi ұстап алған екенбiз ғой… Бiрақ үш күннен кейiн айрылып қалған жоқ па едiк… Мен соны айтқалы аузымды аша бергенiмде Асан келедi. Қолында ақ шәйнек, маған қарап көзiн қысады. Шiркiн, бiр кесе мұздай су… Ұмтыла бергенiмде Асан маған буы бұрқыраған бiр кесе шай ұсынады.

Түу, не деген ыстық!.. Мен көзiмдi ашып қалдым. Күн ұлы сәске болыпты, шыжып тұр. Бұл далада жат-қаным қалай? Тұла бойымды зiл басқандай, айналама мең-зең қарап, оң жағыма аударылып түстiм. Сол мезет бiр нәрсе басыма тиiп, ұйқым шайдай ашылды. Қу медиен, шың баурайында жатқанымды сонда бiлдiм.

Шекем удай ашып барады. Басыма соғылған нәрсеге көзiм жаңа түстi. Құмыра… Жартысы жерге көмулi жатыр. Ашу үстiнде аяғыммен теуiп жiбердiм. Құмыра қозғалғандай. Сол сәт бiр бүйiрiндегi ғажап суреттi көрiп, таңырқап қалдым.

Құмыраны жатқан жерiнен көтерiп алып, тiкесiнен қойдым. Ендi суретi анығырақ көрiндi. Қашып бара жатқан жылқы. Басында бастыра киген шошақ төбелi тымағы бар жылқышы қуып келедi. Жылқышы қолындағы садағын кезенiп алыпты.

Осындай бiр суреттi әлдеқайда бiр жерде көрген сияқтымын. Айтпақшы, апамның тарих оқулығында екен ғой. Бiрақ онда ылғи тымақ қиген, жаяу адамдардың, ерте замандағы скифтердiң суретi едi, мынау болса атты…

Мен суреттi анықтаңқырап көру үшiн құмыраның сыртындағы жұққан топырақты сүртiп тастадым. Iшi толған құм екен, бiраз отырып оны да тазарттым. Қызық құмыра, лагерьге апаруым керек оны… Балалар қалай таң қалар едi, шiркiн!.. Лагерьдi ойлауым-ақ мұң екен, қарным ашып жүре бердi. Күнде бұл уақытта, таңертеңгi тамақты iшiп алып, теңiз жағасына шығушы едiк…

Өзiмнiң айдалада адасып жүргенiм де ендi есiме түсiп, кеудеме қорқыныш ұялағандай. Айналаға көз жiберiп, ұзақ тұрдым. Бiрте-бiрте қайдан келiп, қайдан шыққанымды да топшылай бастағандаймын. Алыстан кеше өзiм асып түскен құм белесi көрiнедi. Онан әрi Сарытөбенiң бөктерiн де тани кеттiм.

– Алақай! – дедiм, даусым қаттырақ шығып кеттi. Ең әуелi сонау тоғайға бұрыла жүруiм керек. Әйтпесе қамысты қолтыққа кiрiп кетемiн де, тағы адасамын. Ендi жүгiре жөнелуге оқталғанымда, есiме құмыра түстi. Ұмытып кете жаздағанымды қарашы. Лагерьге бостан босқа баруға болмайды ғой.. Онан соң Болатбек те әжуа-лап, қыр iзiмнен қалмас… Әсiресе Асан… Сұраусыз кеткенiм үшiн сазайымды тартқызар. Сондықтан да құмыраны алып баруым керек. Асан менiң босқа қаң-ғырып жүрмегенiмдi көрiп, кешiрер.

Өзi тiптi ап-ауыр екен. Бiраз көтерiп жүрген соң байқадым. Иыққа салуға ыңғайсыз, қолтықтап алуға құшаққа сыймайды. Ақыры көйлегiмдi шешiп алып, iшiне салып арқалап көрдiм. Ең дұрысы осы сияқты, көтеруге де жеңiл, алып жүруге де ыңғайлы.

III

Кеңтүбек шыңының етегiне түскен соң, алыс құм белес те көзден таса болды. Күн ысып келедi. Шоқа-шоқаттың ара-арасымен жортып келемiн. Қып-қызыл жыңғыл шыбықтары, көк күлтелерi төгiлiп мүлгiп тұр. Тыныштық. Қарсы алдымдағы шоқат баурайында дөңбектей тасбақа маған тарамыс мойнын соза қарап, бiр нәрседен кауiптенгендей кiшкене басын iшiне тартып ала қойды. Оған мен де сескене қарап, тұсынан жүгiрiңкiреп өттiм. Тасбақаның адамға зияны жоқ екенiн бiлсем де, жексұрын түрiнен бойым түршiгедi.

Алдымда қарайып тоғайы көрiнедi. Әлде кеше бас киiмiмдi ұмыт қалдырған тоғай осы ма екен? Мен айналама алақтап келе жатырмын. Шiркiн, бас киiмiм алдымдағы табан жолда жатар ма едi! Менiң қарным ашып қалғанын бiлгендей қап-қара сансыз қарамықтар мөлдiрей түседi.

Бiр қомақтырақ қарамық бұтасының түбiне тоқтадым. Торсықтай жемiстердi бiрiнен соң бiрiн үзiп алып, ауызға ұрып жатырмын.

Қарамықтар бiр күннiң iшiнде бұрынғыдан да гөрi пiсiп шыққан сияқты. Маған балдай да тәттi көрiндi. Бiрақ бүгiн бұл бұтаның қасынан қуса ұзайтын емеспiн. Тағы да кешегiдей адасып кетемiн бе деп қорқамын.

Шөл қысып барады карамықты жеген сайын, тiлiм таңдайыма жабысып, шөлдей түсемiн. Шiркiн-ай, бiр жұтым су болар ма едi? Жақын жерде теңiз бар екенiн жүрегiм сезедi. Қазiр шөл қысқан күйiмде ащы судан да тайынар түрiм жоқ. Бәрiнен де мұздай суға бiр сүңгiп шыққанды айтсайшы!.. Бiрақ теңiзге баруға адасып кетемiн бе деп қорқамын.

Ақыры қарамықтардан да тәбетiм қайтты. Тұла бо-йым дел-сал, ауыр тартып, шекем зырқ-зырқ етедi. Денемде қызу бар сияқты, күйiп-жанып барады. Сiрә, ауырсам керек… Япыр-ай, лагерьге тезiрек жетсем едi…

Жүрiп келемiн, жүрiп келемiн… Тiптi әлсiреп қа-лыппын. Бiраз жүрген соң маңдайым жiпсiп едi, әрi-берiден соң көзiме тер құйылып кеттi. Аяғымда буын жоқ, кез келген бұтаның түбiне жата кеткiм келедi. Бiрақ тал түсте еш жерде қарайған көлеңке көрiнер емес.

Қарамық тоғайының шетiне де шықтым. Алыста қыл белбеуленiп кешегi құм белес жатыр. Одан әрi Сарытөбе… Лагерь… құмды көрген соң, бойым сәл ширағандай. Бөксемдегi құмыраны қатты бiр көтерiп, арқама салып алдым.

Түу, мына басымды-ай!.. Сәл қаттырақ жүрсем зырқ-зырқ етедi. Бiреу балғамен солқылдатып ұрып тұрғандай. Арт жағымда айқайлаған дауыс шығады. Анау қарамық бұталарының арасында тағы бiреулер адасып жүрген сияқты. Мен артыма алаңдай қарап, сәл кiдiрдiм. Тағы айқайлады. Тоқта, мынау таныс дауыс қой… Кiмнiң даусы?

– Болатбек!

Ертелi шаршап келе жатқаным бiр сәтте ұмыт болғандай, өкпемдi қолыма алып ұшып келемiн.

– Болатбек! – деймiн бар даусыммен. – Болатбек! Болатбек!

Алдымда балалар айқайы молая түсiп, жақындап келiп қалғандай. Әлiм бiтiп калғанына қарамай, әлi бүлкек қағып жүгiргiм келедi. Әне, өзiмнен жүз метрдей жердегi қарамық бұтасының тасасынан бiреу шыға келдi. Асан!

– Асан! – деймiн, өзiмше қатты айқайлаған сияқтымын, бiрақ үнiм сыбырлап қана шығады.

Ұмтылып жүгiре түскен бетiмде сүрiнiп құладым. Қайтып тұрар әл жоқ, өкпемдi құр соғып жатырмын. Басымды көтерiп қараймын, Асан жаңа көрдi менi.

– Марат!

Асан даусы құлағыма шалынған сәтте-ақ көзiмнен жас ытып кетiптi. Қазiр маған кейидi екен деп те қорықпаймын. Орнымнан әзер тұрып, құмырамды iздеймiн…

– Ей, балалар! – дейдi Асан, өзi маған қарай жүгiре түсiп, қолын бұлғайды, – Марат мұнда. Таптым!

Менi iздеп жүр екен ғой… Сол ой буынымнан әл кетiргендей, қайта сылқ отыра кеттiм.

IV

Кеше түсте менен бiр сағаттай бұрын кеткен Болатбектер лагерьге ымырт үйiрiлген соң ғана оралыпты.

Мен қарамықтың қызығында жүрген кезiмде, олар Кеңтүбек шыңына тартып барады екен. Содан кейiн шың басына шығып қызықтапты. Бүкiл түбек аяқ астында тұрғандай… Тiптi лагерь үйiнiң төбесi де көрiнiптi. Бұл кезде мен, әрине, көжек қуып, жыңғылды шоқаттар арасында адасып жүрмiн.

Түстен кейiн биiк шыңның арғы етегiне түсiп, кiшкене қойнау жағасына тоқтайды. Қармақ салып, көп алабұға аулап алады. Бақырға асып, балық сорпасын жасайды. Қысқасы, бiр күн iшiнде Болатбектер көрген қызықта есеп жоқ сияқты.

Бұл кезде лагерьдегiлер тып-тыныш, қаннен-қаперсiз екен. Менi Болатбекке ерiп кеттi деп ойлаған ғой. Жорыққа шыққандар ымырт үйiрiле оралған кезде, жоғалып кеткенiмдi бiр-ақ бiлiптi. Бiрақ мен Болатбектердi iздеп, далада адасып жүрмiн бе, әлде қашып ауылға кеттiм бе, соны бiле алмай дал болыпты.

Сонан кейiн лагерь тiк көтерiлiп iздеуге шығады да, бiр жағынан қалаға да хабарлайды. Түнiмен Асан бастаған топ Кеңтүбекке дейiнгi даланың ой-шұқырын арылтып шығады. Айқайлай-айқайлай дауыстары да қарлығады. Аспанға мылтық та атады. Менi қасқырлар қамап жүрер деп, шошытқылары келiптi.

Таңертеңнен берi балалар қарамық бұталары мен шоқаттар арасын түгел тiнтiп шығыпты. Мiне, сол жерде Болатбек менiң ұмыт қалдырған бас киiмiмдi тауып алады.

– Бiз, әрине, сенi көжек қуып жүрiп түсiрiп алды екен дегенiмiз жоқ, – дедi Асан шынын айтып. – Болатбек бас киiмiңдi алып келгенде жүрегiм тас төбеме шықты. Қасқырдан қорықтым. Әр жерге бiр түскен iзiң де сол күдiктi күшейткендей едi. Бiрақ не дегенмен ер екенсiң өзiң…

Мен Асан жүзiне тiктеп қарай алмаймын. Кейiстiк орнына мақтау естiгенiме де қысыламын. Манағыдай емес, шөлiм қанып келедi. Екi құты суды бiрден iшiп қойғанымды көргенде, Болатбектiң есi шығып кете жаздады. Одан кейiн неше құтыны тауысқаным есiмде жоқ. Су iшсем, тер құйылады, тер құйылса, қайта шөлдеймiн…

Бұл күнгi үлкен әңгiме, әсiресе құмыра айналасында болды. Оны көрiп таң қалмаған бiр бала жоқ. Тiптi тауып алған өзiм еш нәрсе бiлмейдi екенмiн. Қыш құмырада қандай ғажап сыр жатқанын Асан айтып бердi.

Осы өзiмiз күнде көрiп жүрген Сырдария өзенi бо-йында ерте заманда талай үлкен қала болыпты. Отырар, Сайрам, Сығанақ сияқты қалалар атағы тiптi бүкiл әлемге белгiлi болса керек. Соның бәрi Шыңғысхан шапқыншылығы кезiнде құрып кетiптi. Хан дегендер қандай зұлым… Бiр қаланы шауып алса, халқын түк қалдырмай қырып тастап, үйлерiн өртеп жiбередi екен.

Ал ерте кезде бiздiң Арал теңiзi жағасында өмiр сүрген халықтар балық аулап, мал өсiрiп күн көрiптi. Саздан ыдыстар жасап, оны отқа күйдiрiп, көзе, құмыра iстеп шығару да сол кезде басталыпты. Сөйтiп, мен та-уып алған құмыраны ерте замандағы шеберлер жасаған болып шықты.

– Мынау атты жауынгер суретiне қарап отырып-ақ, ғалымдар бүкiл бiр халықтың тұрмыс-салты туралы кең түсiнiк алуы мүмкiн, – дедi Асан құмыраны айналдыра тағы бiр қарап шығып.

– Ғажайып құмыра болды ғой өзi, – дедi Болатбек көз шарасы кеңейе түсiп.

– Мұны музейге тапсырамыз, – деп Асан өзiнiң түпкi ойын ендi бiлдiрдi. – Сендер үшiн тағы бiр қызық жаңалық: келесi жұмада Кеңтүбек шыңына жаңа жорыққа аттанамыз. Мүмкiн, мына құмыра жатқан жерден баяғы заманның тағы бiр ескерткiштерi табылып қалар.

Бiз бәрiмiз шу еттiк. Әрине, бұл сияқты қызық жорықтан ешкiмнiң де қалғысы келмейдi. Ал олардың менi ала кететiнiне шүбәм жоқ.

Өйткенi… Ғажайып құмыраны қай жерден тауып алғанымда мен ғана бiлемiн ғой.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.