Қазіргі Қазақстан: тарих және методология

Home » Рефераттар » Қазіргі Қазақстан: тарих және методология
Рефераттар Комментариев нет

Қазіргі Қазақстан тарихы жане методологиясы сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бергі уақыттың бедерінде Ресейге бодандықты мойындаумен жат жұртқа телмірген қазақ халқының санасы мен жан-дүниесін мазалаған түйткілді ойы ұлттык һәм мемлекеттік тәуелсіздік еді. Азаттық жолында қанды майдан жорықтар мен құрбандыктар аз болған жоқ. Ол тіпті «адамзаттың жарқын болашағы — коммунизм» құру тұсында да жалғаса берді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда жұлдызды сәт туды. Содан бері бір ұрпақ өсіл-өнген мерзім өте шығыпты. Қария тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен «елім», «жерім» деп ет жүрегі елжіреген әрбір қазақ баласын тебіренткен уміт пен күдікке толы жылдар артта калды. Барымыз бен жоғымызды ғылыми зерделеудің, әсіресе азаттық тарихы мен тағылымын. тереңнен толғаудың методологиялық ұстанымдарын дәйектейтін уақыт келді. Әрине, мәселенің шешімін әр ғылым өз биігінен пайымдайтыны акиқат. Солардың қатарында тарих ғылымының өздік методологаясы болғаны абзал. Методология ежелден өзекті мән-мағынаға ие. Бұл -түсінікті де. Ғылымның қарымы, ақикатқа қол жеткізуі бірінші кезекте оның методологиялық ұстанымымен анықталады. Табиғаттың, қоғамның, адамдар қауымдастығы мен сананын болмыс-бітімін, өзгерістерін және беймәлім құпияларын ашу үшін әрқашан қатпары қалың деректер мен қисапсыз ақпарат қажет бола бермеуі мүмкін, есесіне, олардың шығу тегін, өзара байланысын, ықпалдастығын, ілгерілеу мен іркілісті бейнелеуін жазбай тану зерттеуінен биік кәсіби даярлыққа қоса миқазанында кайнату үстіндегі құбылыстың әрбір «клеткасына» сергектікпен, тіпті күдікпен қарауды талап етеді. Бұл — озық методология арқылы қол жететін нәтиже. Методология — ғылыми ақиқатқа жол бастайтын, ізденісті тиімді ұйымдастыратын, зерттеу нысаны мен пәніне тән заңдылықтарды, қисынды, қайшылықтарды сан-салалы диалектикалық байланыс пен өзгеріс динамикасында дәйектейтін ақыл-ой әрекетінің әдіс-тәсіл жиынтығы.
Азаттық тарихының методологиясын, басты ұстанымдарын калыптастыруда Елбасымыз — Н.Ә. Назарбаевтың үлесі зор. Тұңғыш Президентіміз дәйектеген: «Алдымен — экономика, содан кейін — саясат», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», Еуразиялық одақ, Азия кеңесі, ядролық қарудан бас тарту, Астананы көшіру, әлемдік діндер съезін шақыру идеялары Тәуелсіздік құрылысына да, отандық тарих ғылымының ізденістеріне де соны серпін бергенін ешкім бекерлей алмайды. «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы» кітаптары — заманауи үдерістің зандылықтары мен қиыншылықтарына жаңа методологиямен бойлаудың тамаша үлгісі. Президенттің ғылыми-практикалық ізденісі мен бастамашылығына уақыт үдесінен шығуға, тек қана ақиқатты айтуға құштарлық тән. Демек, 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бергі Отан тарихын зерттеудегі методологиялық ұстанымның басты көздегені азаттығымыздың мәні мен мазмұнын, орнығуы мен ерекшеліктерін, ілгерілеуі мен қайшылықтарын қосып-алусыз шынайы анықтау болса керек. Бұл орайда Қазақстан салиқалы ғылыми ой-санаға арқау боларлықтай жолды жүріп өтті. Тәуелсіздігімізді әлем таныды. Қазақстан мемлекеттілігі қалыптасты, кеңестік экономика мен идеология ыдырап өмірдің бар саласында нарықтық қатынастар, идеологиялық әр алуандық орнықты, жаңа Астана бой түзеді, қазақтар мемлекет кұраушы ұлтқа айналды, әділетсіздікке, зорлыққа ұшыраған мәдени-рухани кұндылықтар мен тұлғалар қайта тірілді. Аз жұмыс атқарылған жоқ.
Бүгінгі Қазақстанды 1991 жылғы Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Бірақ социализмнен кеткенімізбен біз өтпелі кезеңді бастан кешудеміз. Оның мәнісі — таптық күресті бәрінен жоғары қойған марксшілер айтқандай «Кімді кім жеңеді?» емес, тіпті Америкадағы, Еуропадағы, Азиядағы табысты мемлекет моделіне ұксау да емес, Мәселе — кешегі отарланған, кеңестік тоталитарлық зорлық пен модернизацияны басынан өткізген Қазақстан сыртқы фактордың әсерімен жабысқан дертінен айығып, өздік даму жолын қашан табатынында — Мемлекеттік билігі мен заңы тұрақты, байлығы кедейшілікті жеңген, бірлігі мен тұтастығы ұлттық қауіпсіздік үдесіне сай, демократиясы өз қолындағы елге айналумен өтпелі кезең аяқталады. Тап бүгін — құрылыс материалдарының, тұрмыстық техниканың, тіпті азық-түліктің жартысынан көбі сырттан келіп жатқанда, биік технологияларға зәрулігіміз басқалардың есебінен өтеліп отырғанда, білім мен ғылымды қаржыландыру әлемдік көрсеткіштерден көш кейін калғанда, ұлттық ақпараттық кеңістікті бөтен елдің тілі жаулап алғанда, кедейлер мен байлардың арасындағы орташа алшақтық ұлғаймаса, азаймаған кезде: «өтпелі кезеңді артта қалдырдық, яғни хақ азаттыққа жеттік», — дей алмаймыз.
Әлемдік және отандық тәжірибені зерделесек, мәні мен көздеген мақсатына жеткен-жетпегеніне қарай азаттық дәуірінің әлденеше кезеңнен тұратынын байқаймыз. Бірі — номиналды азаттық, екіншісі — сындарлы азаттық, үшіншісі — шынайы азаттық. Номиналды азат ел басқа бір немесе бірнеше мемлекеттің ыкпалынан шыға алмайтын кіріптар күйде қала береді. Әдетте мұндай елдің экономикасы бөтеннің мүддесіне жұмыс істеп, сыртқа қарыз-берешегі басынан асып жатады. Ауық-ауық мемлекеттік төңкеріс болып тұрады, Сындарлы азатыққа жеткен елге, кешегі бодандык мұрасынан (рухани, тілдік, экономикалық, менталитетгік т.б.) толық қол үзбесе де, өзіндік даму жолын табуға талпыныс, кейбір іргелі салаларда оны таба алғандық, халыққа ершіл рух тән. Шынайы азат ел ішкі — сыртқы саясатын әлемдік өркениет талабына, ұлттық мүддеге сай жұргізетін биіктіктен керінеді. Біз әзірге дамыған, шынайы азат елдер қатарына қосылмасақ та, озат та өміршең құндылықтарды игеруге бейімделіп, болашақ даму бағытын тандау негізінде аныкталған сындарлы қазақстандық жол басында келеміз. Номиналды азаттықпен қоштасуды бастаған күніміз, шартты түрде айтар болсақ, саяси түрғыдан — 1991 жылдың 16 желтоқсаны, экономикалық тұрғыдан — 1993 жылдың 15 қарашасы, стратегиялық тұрғыдан — 1997 жылдың 1 қазаны. Әлемнің саяси картасында дербес мемлекетінің пайда болуымен Қазақ елі өркениеттің ұлы көшінен лайықты орнын табуға кірісті, ал ұлттық валюта — теңгенің дүниеге келуі және айналымға енуі номиналды экономикадан ұлттық экономикаға көшудің шешуші қадамы болды, «Қазақстан — 2030» бағдарламасы азат елдің жасампаз интеллектуалдық әлеуетін паш етті. Одан беріде сындарлы азаттықтың қайшылығын, қиыншылығын танып білдік, жемісін де көре бастадық. Қазақстандық жол салтанатына, яғни шынайы азаттық жеңісіне 2030 жьш мұғдарында куә болатын шығармыз — Бәрі стратегияда жоспарланғандай жүзеге асып жатса, XXI ғасырдың үшінші онжылдығына қарай президенттік, заң шығарушы, атқарушы, сот биліктері жүйесін, басқаша айтқанда, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның тағдырын айқындаушы адам факторын кешегі коммунистік, кеңестік тәрбиеден мүлде ада ұрпақ жасақтайтыны ақиқат. Қалай болғанда да, тәуелсіздік тарихын дәуірлеу, әр дәуірдің мәнді белгілері мен ерекшеліктерін тиянақтау ешқашан методологиялық өзектілігін жоймақ емес. Азаттық тарихын зерттеу методологиясына қойылатын биік талаптың маңдай алдысы — тәуелсіз елімізге тән ерекшеліктерді артта қалған дәуірлермен, бүгінгі елішілік, халықаралық ахуалмен сабақптастықта, сәйкестікте, айырымда дәлме-дәл тани алуы.
Біздің қазіргі тарихымызда геосаяси орналасуымыздың, мол қазба байлықтары үстінде отыруымыздың, көпұлтты, көпдінді халық құрамының әсер-ізі сайрап жатыр. Әлемнің түкпір-түкпіріне шашыраған қазақтардың тарихи Отанына оралуы, Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды бірегей құрылымның пайда болуы, ядролық державалардың Қазақстан қауілсіздігіне кепілдік беруі, индустриялық — инновациялық даму, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асуы, тағы басқа үдерістер азаттық тарихының ерекшеліктерін айшықтауда. Ал осы ерекшеліктердің өзегінде азаттықты қастерлеген, ұлтаралық келісім мен үйлесімді сақтай алған, Абай өсиеттеген барша адамзатты суюге ықыласты қазақ факторы тұр. Әйтпесе пост кеңестік кеңістікте мүмкіндігі Қазақстаннан әлдеқайда жоғары Украина неге қарыштап алда жүрмейді, қазба байлығы мен жер аумағы шағын Балтық республикалары неге тұралап қалмайды? Бүгінгі методология Отан тарихына тән ерекшеліктерді туындатқан адам факторын, бірінші кезекте мемлекет құраушы ұлт факторын сандық-сапалық, салыстыру-шендестіру, кешенді-жүйелік тәрізді қарымы мол ұстанымдармен басты зерттеу пәні мен нысанына айналдырғанда, тарих ғылымының интеллектуалдық әлеуетін арттырары әрі сындарлы азаттықтың болашағына қызмет етері сөзсіз.
Азаттық тарихында адам факторы ілгерілеудің қаншалықты себепкері болса, іркілістің де соншалықты тежеуішіне айналып отыр. Мәселенің үлкені демократияның аз-көптігінде, мемлекетгік қызметшілердің бір бөлігінде әлеуметтік-кәсіби біліктіліктің төмендігінде, жекелеген салаларда мамандардың жеткіліксіздігінде емес. Тәуелсіздік болашағы мен тағдырына адамның ашкөздігі, жемқорлық пен парақорлық қатер төндіруде. Бұл кеселдің ортасы, таратушысы, азаттық жауына айналдырушысы -материалдық-қаржылық және кадрлық шешім қабылдауға өкілеттігі бар мемлекеттік қызметшілер, үлкенді-кішілі ұжым басшылары мен құқық қорғау жүйесіндегілер. Осы топтар парақорлық пен жемқорлықтан тыйылса, бизнесмендер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, ғалымдар мен мәдениет мамандары — бәрі заңның аясынан шығатын қадамға бармас еді. Қазіргі Қазақстанда экономикалық қылмысқа қарсы күрестің тап-тәуір тәжірибесі жинақталғанымен жемқорлық пен парақорлықтың тарихына методологиялық негіз қалау тарихшы ғалымдардың әзірге қолға алмаған міндеті екенін мойындау керек.
Сындарлы азаттығымыздың бейімделе — ырғақты нығаю жолындағы басты олжасы — адамдардың санасы мен өмір салтына батпандап енген елес қуудан арылғаны, киімін, сыртын жаңартқан адамды емес, санасын жаңартқан адамды жаңа адамға жатқызамыз. Өтпелі кезенде адам факторының бар мәні — осында. Мәселені өзекті методологиялық ұстаным қатарына шығаруымыздың себебі бар. Патшалық отарлау тұсында да, кеңестік жылдарда да ертеңгі күннен үмітін үзбеген қазақ халқы Мәскеудің саясаты мен насихатынан тарататындай болса да, жақсылық көргісі келді. Әсіресе социалистік идеяға көп үміт артты. XIX ғасырдың ортасында К. Маркс: «Еуропаны елес кезіп жүр. Ол — коммунизм елесі», — деген еді, Коммунизм елесін қазақ жалықпастан қуды. Тіпті сталиндік қуғын-сүргін ілімнің утопиялық болмысын әшкерелей алмады.

Азаттық тарихын ақиқат биігінен саралаудың келесі бір методологиялық шарты — көшбасшылардың практикалық — қолданбалық және теориялық -шығармашылық қарымы мен бәсекеге қабілеттілігін, ел тағдырындағы жасампаз немесе кереғар рөлін салиқалы зерделей білу. Иә, халықтың тарихтағы орнын ешкім жоққа шығармайды. Астананы тұрғызған, материалдық игіліктерді арттырған, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін куш — халық. Бірақ халықтың жасампаз әлеуеті ездігінен жүзеге аса қалмайды. Бәрі халықтың қолында тұрса, фашизм де, тоталитаризм де, екі дүниежүзілік соғыс та, Аралдың тартылуы да, үлескерлердің алдануы мен жемқорлардың тайраңдауы да мүмкін емес қой. Алысқа бармай, өзіміз жақсы білетін Ресей империясының қүйреуі, КСРО-ның ыдырауы тарихына көз жүгіртсек, елдегі қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени-имандық қатынастар мазмұнына қарай халықтың екі мінезбен, екі құндылық бағдармен өмір сүретінін байқаймыз, Бірі — құлшыныс, екіншісі — енжарлық. Көптің лайықты өмір сүруге, ұрпақ өсіруге, еңбек етуге, дем алуға құқы қағаз жүзінде қалмай, нақты істе атқарылғаңда, адамдардың көңіл-күйі, өмір дағдысы, ертеңге көзқарасы кұлшынысқа оранып, арасынан, біріншіден, нағыз таланттар шығады, екіншіден, халықтың жасампаздық қабілеті ашылады. Сырттан жау келмесе, орта табы қалың мұндай мемлекеттің табиғи-ырғақты дамуы тамаша табыстармен көмкерілмек. Заңы мен нақты өмір шындығының, сөзі мен ісінің арасындағы алшақтық ұлғайған мемлекетте, яғни халық мүддесіне биіктің көздегені қайшы келген сәттен әділетсіздікке іштей наразы тарих субьектілері алғашқыда енжарлыққа салынады, уақыт өте қоғамдағы даму қайшылықтары асқынады, түбінде билік пен қоғамдық құрылысқа наразылық бұрқ етіп сыртқа шығады. Мұның бұлтартпас айғақ-дәлелі — тоқырауға ұшыраған кеңес қоғамы мен кеңестер Одағының ыдырауы. Биліктен, меншіктен шеттетілген, санасын енжарлық билеген халық 1991 жылғы тамызда коммунистік келешектен бас тартып, жаңа демократия жағына шығуы бір күннің нәтижесі емес. Ашынған халықты тәуелсіздік құндылықтарының өзі тоқтата алмайтынын 2005, 2010 жылдардағы Қырғызстан оқиғасы көрсетіп берді. Орталыктың өктемдігінен енді ғана құтылған Қазақстанға — өтпелі кезеңдегі жас мемлекетке — қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени биік белестерге шығуы үшін халық мүддесін қорғайтын заңнамаларға қоса тегеурінді билік вертикалі керек. Басқаша айтқанда, методологиялық басымдықты адам факторымен байланыстырғанда оның жабық, көзге көріне бермейтін («адам аласы ішінде») қасиеті бар екендігін ескеріп, нысаналы-мақсатты әрекетін ұйымдастыратын мемлекет, билік, кұқық жүйесіне ерекше мән беретін уақыт келді. Әзірге тарихшы ғалымдар тәуелсіз мемлекет, билік, құқық тарихының методологиясын зерделеуде көп іс тындыра қойған жоқ. Бұл міндетке артынар жауапкершілік зор екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Бізді мұндай пайымға жетектеген себептер: біріншіден, мемлекеттік тәуелсіздік жарияланған сәтте қоғамдық сана, тіпті отандық тарих ғылымы нарықтық экономиканың, демократияның, идеологиялық либерализмнің, әлемдік саясаттың, қоғамдық топтар мен әлеуметтік қозғалыстардың шын мағынасындағы қыр-сырынан хабарсыз еді; екіншіден, уақыт алға тартқан міндеттерді ауыр дағдарыс үстінде шешуге тура келді; үшіншіден, әрқашан дұрыс шешім табыла бермеді. Тәжірибенің жоқтығы, білікті мамандардың тапшылығы, технологиялық мешелдік қателесуге, жаңсақ басуға ұрындырып жатты, объективті үдерісті тежеді. Мәселен, президенттік қызмет 1990 жылы енгізілгенмен, президенттік билік институтының орнығуы 1995 жылы жаңа Конституция қабылдау негізінде мүмкін болғаны — осыған айғақ-дәлел. Қазақстан элитасы, ең бастысы — ел тағдырына жауапкершілікті мойнына алған тұңғыш Президент — Н. Назарбаев мемлекеттілікті, билік вертикалін қалыптастыруда төл тәжірибемізге сүйену аздық ететінін білгеңдіктен, Батыс пен Шығыстың үлгілерін шығармашылықпен пайдалануға басымдық бергені рас. Сондықтан да болар, қазіргі Қазақстанның билік жүйесі, демократиясына тән ерекшеліктері, ұят пен ұятшылдығы, орталықтанған басқару мен жергілікті өзін өзі басқарудың арақатынасы, мемлекеттің рөлі, экономикасы қаншалықты калиталистік, қазакстандық, «импорттық» екені қоғамдык сана мойыңдаған әрі түсінікті дәйектелген методологиялық талдау биігіне шықты дей алмаймыз. Біздің ойымызша, бөтеннің уысынан енді босаған мемлекеттің номиналды азаттықтан шынайы азаттық биігіне көтерілгенше табиғи-ырғақты даму жолына түсу-туспеуін, бәсекеге қабілетті болу-болмауын, барша тағдырын мемлекеттік биліктегі тұлғалар, бірінші кезекте тұңғыш Елбасы, оның саяси кемелдігі, интеллектуалдық көрегендігі, нысаналы-мақсатты қызметінің негізділігі анықтайды. Күні өткен қоғамдық катынастар ығыстырылмаған, жаңасы толық басымдыққа жетпеген өтпелі кезенде, әсіресе демократия мен саяси мәдениет қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін факторға айналмаған елде ұлттық тұлға мен көшбасшының әрбір шешімі, әрбір қадамы тағдыр анықтығын мән-мағынаға ие. Сондықтан Қазақстанда президенттік басқару институтының тууын, нығаюын, конституциялық реформалармен қамтамасыз етілу эволюциясын, бүкілхалықтық қолдауға ие болу диалектикасын методологиялық тұжырыммен даралаудың орны ерекше. Күрмеуі күрделі осы мәселені шешкенде, Президенттің тұлғалық қасиеттері мен тарихи рөлі ғана ашылмайды, командасы мен оппозицияның идеялары мен сыншыларының көздегені, іс-әрекетінің нәтижесі өз бағасын алады.
Көшбасшылар мен халықтың қазіргі Отан тарихындағы ықпалдастығын методологиялық пайымдағанда әр затты өз атымен атаған абзал. Көзінің тірісінде бағаланбай, дүниеден озған соң «И.Н. Худенко тамаша басшы еді», «М. Мақатаев акиық ақын», «Ш. Қалдаяқов — талантты сазгер», «С. Қондыбай екінші Шоқан екен» деп көлтірсу — кемел методологияның жоқтығынан, жартыкеш ғылымның сөзі. Тарихи үдерісте көшбасшылар факторының әсері жария әрі ұзақ мерзімді, ал халық факторы көзге түсе бермейді, кейде тіпті бір сәттік. Айғақ-дәлел келтірер болсақ, Тәуелсіз Қазақстан тарихында Назарбаев факторы ұзақ сақталатынын, келесі Елбасы билікке келгеннен кейін де «жұмыс» істей беретінін алға тарта аламыз. Ал халықтың билеушіге ықпалы күнде көріне бермейді, оның жоғары жаққа жазған хаттары, өтініш-сұрағы, тіпті жан айқайы жауапсыз қалатыны бар. Ол — ол ма, бүкілхалықтық Президент сайлауы әрісі бірнеше айдың, берісі бір күннің еншісіндегі таңдау ғой. Түйіп айтсақ, тәуелсіз Қазақстан тарихынан жазылған еңбектерде миллиондаған тонна көмір, темір, мұнай, миллиардтаған пұт астық өндіргеніміз, жүздеген мың маман даярлағанымыз, ақбас Алатау мен ертегідей Бурабайды жалғаған жол салғанымыз ауызға алынбай тұрып, осылардың бәрінің қажет әрі мүмкін екенін дәйектеген тұлғалық-интеллектуалдық фактор мен халық еңбегінің, мүддесінің үйлесімін немесе қайшылығын биік методологиялық мәдениетпен пайымдаудың парқы да, нарқы да жоғары. Бұған арқау боларлық тәжірибе — Мемлекеттік егемендік туралы декларациядан «жол картасына» дейін бізде баршылық. Сонда әлдекімді асыра дәріптеуге немесе адал еңбекті ескерусіз қалдыруға соқтыратын, азаттық тарихын көшбасшылар тарихына айналдыратын сыңаржақ тарихи көзқарасқа жол берілмейді. Көшбасшылар мен халыққа қатысты методологиялық ұстаным қазіргі Отан тарихындағы ұлт факторын дөп басып тануға (септеседі. Әрбір ұлт өзінің таңдаулы ұл-қыздарымен мақтануы — әсте бекер емес. Демократиясы мен нарықтық экономикасы уақыт сынынан өткен АҚШ, Англия, Франция, Германия тәрізді дамыған елдерде ұлт мәселесі ауық-ауық көтеріліп жататынын ескерсек, өтпелі кезеңдегі көпұлтты Қазақстан үшін оның тағдыраның шағын мәні бар. Тап осы мәселеде азаттық тарихын зерттеушілердің методологиялық ұстанымы ақиқаттан қылаудай ауытқымағаны абзал Ұлттан ұлттың артықшылығы да, кемшілігі де жоқ.

Қазіргі Қазақстан тарихын зерттеу методологиясында мемлекет пен қоғамның, тіпті жекелеген ұжымдар мен адамдардың өмірі әр алуан екенін, қыртысы қалың факторлар әсерімен қалыптасатынын ерекше назарда ұстау керек. Айталык, азаматтардың әл-ауқаты елдің табиғи байлығына, ғылымы мен білімінің тікелей өндіргіш күшке айналу дәрежесіне, мемлекеттік басқару тиімділігіне, негізінен ішкі саясаттың қарымына қарай жақсарады немесе төмендейді. Және бұл мәселе Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіне, ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты көрсеткіш орнына жүреді Ал ұлттық қауіпсіздіктің қамал-қорғаны — Қарулы Күштер тәуелсіз Қазақстанның ішкі қажеттілігін бейнелей алмайды. Ол — сыртқы себептің пәрменімен кұрылған бірлестік. Сөйте тұра азаматтардың лайықты әл-ауқаты мен Қарулы Күштердің сақадай сай тұруы арасында ажырағысыз байланыс жатыр. Демек, бүгінгі методологияға азаттық тарихын кешенді, жүйелі, динамикада ашу ғана жүктелмейді, әрбір кұбылыс пен үдерістің пайда болуына, өзара ықпалдастығы мен дербестігіне, ішкі басымдықтары мен тетіктеріне, тағылымына қисынды әрі деректі жауап іздеу маңызды. Әрине, бәрін елішілік қажеттілікпен, билік шешімімен, бірер маманның жазғандарымен аша салу мүмкін емес. Әр құбылыстың немесе үдерістін өз бастау-бұлағын, заңдылыктарын, тәжірибесін тиянақтаумен қатар әлемдік, өңірлік тәнікті (аналог) іздеу міндеті алда тұр. Тарихтың әр алуан тағылым-тәжірибесін арасынан қыл өтпестей кіріктірумен жалпыадамзаттық заңдылыққа қайшы келмейтін тұтас ұлттық тарих түзілетінін методологиялық-танымдық ережеге айналдырғанда ғана азаттық ақиқатына оқырмандарды иландыра аламыз. Бұл жерде тарих тәжірибесі мен заманауи мәселенің мазмұнын, тіпті барысы мен бағытын әлемдік кездейсоқ немесе стихиялы себеп күрт өзгертіп жібере алатынын бекерлеуге болмайды. Мәселен, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та басталған қаржы дағдарысы Қазакстанды аз әбігерге түсірген жоқ. Жоспарланған біраз игілікті істерді доғара тұруға мәжбүрледі. Ендеше, жаһандану тұсындағы методология ұлттық таным шеңберінде қалумен іргелі нәтижелерге кол жеткізе бермейді. Жаңа әлемнің өзара әсері мен байланысы қанша артса, ғылыми танымның методологиясы да соншалықты ықпалдастықпен баюы керек. Мұның сыртында Қазақстанның да қазіргі әлемге ықпал ете бастағанын ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан көріп отырмыз. Бұдан туындайтын келесі методологиялық пайым: мейлінше күрделіленген әрі іргелі әр саласы өз заңдылықтарымен өмір сүретін бүгінгі Қазақстанның тарихын бөтеннің ілімімен ғана дәйектеу ақиқатқа апармайды. Бір ғана ғұламаның, тіпті 3-4 ғұламаның ілімін басшылыққа алудың, оны догмаға айналдырудың арты қоғамды да, мемлекетгі де күйрететінін КСРО-ның, социалистік елдердің құрдымға кеткен тағдыры әшкереледі. Бізге үздік интеллектуалдық ізденістер жетістіктерін кәдеге жаратқан жарасады. Саясат тарихын зерттегенде, б.з.д. өмір сүрген Аристотельден XX ғасыр ойшылдары Ә.Бөкейхановтың, Хайдегтердің, Ясперстің, Арендтің, мемлекеттілік тарихының мәселелерін кетергенде, Конфуций, әл-Фараби, Шоқан, Фукуяма, Хантингтон, Жан Моне зерттеулерінің, экономика тарихын талдағанда, XVIII ғасыр ғалымы А. Сметтен тартып, XX ғасыр ортасына қарай әлемге мәшһүр болған Кейнс, одан кейінгі М. Фридман, Э,Ф. Шумахер т.б. тақырыптары мен идеяларының, ұлт қауіпсіздігі, Отан тарихы жайлы қазақ ойшылдарының, Елбасымыз — Н. Назарбаевтың толғаныстарының танымдық-методологиялық жаңашылдығы қолданым тапса, азаттық тарихын биік өремен түзеріміз сөзсіз.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.