Қазтуған жырау

Главная » Рефераттар » Қазтуған жырау

Қазтуған жырау туралы аз жазылған жоқ. Зерттеу еңбектердің баршасы да оны XV ғасырдың тұлғасына жатқызады. Бірақ ол пікірдің шындықтан ауылы алыстау. Қазтуған жырау — Ноғайлы жырауларының ең кенжесі, ХVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген тұлға. Жыраудың өмір сүрген кезеңін анықтауға Ноғайлы шежірелері септеседі. Қазтуған жырау шежіресі былай түзіледі: Ысмайыл — Дінбай -Тінікей — Абдол — Сүйініш — Қазтуған. Ысмайыл Мұса бидің ортаншы ұлдарының бірі болғандықтан 1480 жылдар шамамында дүниеге келді деп болжауға болады. Ал өлген жылы 1563 жыл. Оның төрттнші ұлы Дінбай Орыс би заманының 1578-1590 атыс-шабысының бел ортасында болды. Қазтуған жырау Ысмайылдың бесінші ұрпағы. Әр ұрпаққа 20-25 жастан бергенде Қазтуған 1600 жылдар шамасында дүниеге келген болады. Ол ноғай ұлтының төл перзенті. Үшінші атасы Дінбаи би дәрежесіне көтерілмегенмен, Башкирияның уәлиі болған Ноғайлының атақты мырзаларының бірі. Қарғыс тигендей өмірлері атыс-шабыспен өткен Ысмайыл ұлдары арасында үнемі әділет жолына жығылушылардың бірі болды. 1556 жылы Астраханды орыс ләшкері екінші рет алып, Ысмайылдың талабымен Еділдің өткелдеріне қатаң күзет қойылған-ды. 1558 жылы Ливон соғысы басталып, күзет алынып тасталғанда, Ысмайылдың құйытқы қылықтарына наразы болған Дінбай әкесінен бөлініп, Қырымға ауғанды. Қырым ханы Дәулеткерей апаларынан туған жиен еді. Хан Ысмайыл балалары Дінбай мен Құтлықбайды, олармен бірге ілесе барған Сейідахмет би ұрпақтары мен Оразалының тоғыз ұлын құшақ жая қарсы алды. Дәулеткерей 100 мың ләшкермен Мәскеуге жорыққа аттанбақшы еді. Әлгілерді ләшкер санатына қосты. Бірақ орыс межелерінің күзеті мықты екенін барлап біліп, жорықтан бас тартты. Ногайлыдан келгендерге елдеріне қайтуға кеңес берді. Дінбай қайтар жолда Дон казактарының шабуылына ұрынып, інісі Құтлықбайды тұтқында қалдырып, соңындағы қалың найман елін жауға беріп, он бес адаммен ғана қашып келді. 1559 жылы әжептәуір жасақпен барып, тұтқын болған інісін қолды болған елін және бүлгін кезінде ауып кеткен қыруар жұртты қайтарып әкелді. Риза болған әке оны Башкирияға уәли ғып жіберді. Дінбай 1563 жылдың қысында Ноғайлыдан қашып кеткен Шейх мамайдың үш ұлы Ташкент билеушісі Барақұлы Баба жасақтарымен тізе қосысып, Ноғайлының шығыс қанатын тонағанда, сондарынан аттанып, мал-мулікті айырып алып, жорық жетекшілерінің бірді-екісін байлап алып қайтқан да осы Дінбай еді. Ал 1576 жылы Дінахмет бидің тұсында Башкирия уәлиі Дінбай дәрежесі жағынан бимен теңестірілді. Ал Орыс би тұсында ол батыс тарап шекараға жауапты нұрадын қызметін 1584 жылға дейін атқарды. 1586 жылы қаңтарда Орыс пен Дінбай елшілері Бақшасарайға келіп, Түрік сұлтанына сұранды. ДІнбай Орыс бидің түрікпен тізе біріктіру саясатын қолдады.
Міне, осы шамадан бастап, Дінбай аты кұжаттарда кезікпейді де, Дінбай ұрпақтары атымен Тінікей, Қанай, Рахманқұл есімдері ауызға Ілігеді. Демек, Дінбай ақ патшаға жаны қас Орыс бидің үнемі серіктесі болып, саяси сахнаға Орыс бидің ұлы Жанарслан шыққанда да Дінбай ұлдары оның шашбауын көтерді. Сөйтіп, Дінбай және Дінбай ұрпағы Ноғайлының Ресейге қарсы тобының басты тіректерінің бірі болды деуге негіз бар. Дінбай ұрпақтары орысшыл Ормамбетті өлтіруге қатысты. Осы оқиғадан кейін Ноғайлыға Астрахан атқыштары шыққанда Дінбай ұрпақтары Жемнің сыртына көшіп кетті. Бұл мәселелерді тәптіштеп баяндап отырған есебіміз: сөз болған жағдайлардың көбісі Қазтуған толғауларына жыр жолдары болып енген. Эпоста елден ажырай көшкен Ноғайлының шағын тобының ел ағалары Қарғабойлы мен Қазтуғанның бірге тумағанмен, үзеңгі жолдас бастас-достас адамдар екені әңгімеленеді. Қарғабойлының бірінші боп аталуына қараған да Қазтуғаннан бір ит көйлек бұрын тоздырған үлкенді болса керек. Ұлы жоқ Қазтуғанның үлкен қызы Асылзат — он бесте ал Қарғабойлының ұлы онда. Осыған қарағанда ол екеуі де 40-45 жас шамасындағы күйінен қайтпаған, дер шағындағы батырлар. Біз жоғарғыда құжаттан Қазтуғанның әкесі Сүйінішті айтпағанда, атасы Абдолдың ел жұртын қорғаштап, ат арқасынан қалмаған адам екенін көрдік. Атасы Абдолға 80, әкесі Сүйінішке 60 жас бергеннің өзінде Қазтуған 40 жас шамасындағы азамат. Мұрын жырау өз қаһармандарының жас мөлшерін дұрыс шамалады десек, ендеше Қазтуған 1600 жылдары туған болады. Сонымен Қазтуғанның үшінші атасы Тінікені Ноғайлы құжаттарынан кезіктіре алмағанмен, Тінікенің туған інісі 1622 -1638 жылдар аралығында би болған Қанайдың іс-әрекеттерінен, Қазтуғанның төте атасы Абдол мен өз әкесі Сүйініш туралы хатталған құжаттарға иек сүйей отырып, Қазтуғанды XVII ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүрген тұлға деп таңбалай аламыз.
200-250 мыңға жуық жауынгер атты жасақ ұстап, орысты қамыстай қалтыратқан, 200 жыл бойы Ресейден албана алып тұрған Ноғайлының алауыздықтан аяқ асты болғанына күйінген намысшыл жырау тесіктау өтіп, Шамға кетуді ниет етіп, Оқ-Балқанға мандай тіреді. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Түрікмендер ол туралы ләм-мим ештеңе білмейді. Қазтуғанның өзі Ноғайлыдан кеткенмен, ұрпағының туған топырақта қалғанына Мұрың жырау куәлік етеді. Ол Қазақ Ғылым академиясының сұрауымен қандай жырларды жатқа білетінін айтып жатқанда: «Қазтуған батыр. Оның ұлы Манаш батыр. Оның ұлы Тұяқбай батыр» деп көрсеткен. Бұл дерек Қ.Сатбаев пен Н.Сауранбаевтың Мұрын жырау мұраларын жазып алу туралы Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа жолдаған мәлімдеме хатында сақталған. 1645 жылдар шамасында қалмақ шапқыншылығына тап болып, қатты кеміп қалған атасы Абдол, әкесі Сүйініш ауылдары орысқа берілу үшін Астраханға қайтып оралып, Қазтуған мен Қарғабойлы олардан бөлініп Оқ-Балқанға қарағанда, Қазтуған баласы Манаш атасымен бірге кеткен. Олар Астраханға қайтып оралғанмен, Бозандағы байырғы қоныстарын ала алмай, Бозанның сәл шығысына, Қиғаш сыртына орналасқан. Манаштың моласы Атырау-Астрахан тас жолының іргесінде, әлі де Манаш деп аталады. Манаш моласының орны ғана қалып, ол елді мекен атына айналған. Исатай мен Махамбет Қарауылқожамен алғашқы шайқасын осы моланың іргесінде өткізді. Осы Манаштан Тұяқбай туып, әкелі-балалы екеуі де жырдың қаһарманына айналды.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.