Бөкейхан Әлихан өмірбаяны

Главная » Рефераттар » Бөкейхан Әлихан өмірбаяны

5am8JidZАлаш арысы Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы — аса көрнекті қоғам, ұлт-азаттық қозғалыстың және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғалым, аудармашы, публицист 1866 жылы 25 наурызда бұрынғы Семей облысы, Қарқалы уезі, Тоқырауын болысының 7-ауылында дүниеге келген. Әлихан Орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірак ол молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы каласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды, 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны техник мамандығы бойынша бітіріп шыкты. 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялык институтының экономика факультетінде оқыды. Мұнда ол студенттік қызу пікірталастарға қатысып, XX ғасырдың босағасын аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды, өз ойын да шыңдай түсті.
Әлихан Бокейхан туралы «Семипалатинский листок» газетінің 1906 жылғы 5 маусымдағы санында: «Ол Орман институтының студенті болып жүріп кезінде барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе солшылдарға ілесетін. Марксизм туралы қызу пікірталастарда экономикалық материализм қағидаларын дем бермей қорғайтын» делінген. Әлихан Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің қара тізіміне алынды». Ол институтты бітіргеннен кейін Омбыға барады. Онда орман шаруашылық училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасты. Социалистік бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне беленді түрде араласып, оның редакция алқасы құрамына енді. 1896-1903 жылдар аралығында Щербина экспедициясы жұмысына қатысты. Оның ойы бойынша, экспедиция жұмысына қатысу сол тарихи кезеңде қазақ халқы үшін ең зәру мәселеге айиалған — жер қатынастарын тереңінен түсініп белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді. Әлихан Бөкейхан экспедиция жұмысына қатысу барысында қазақ даласына байланысты Ресей империясының кездегі мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және отарлық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатканын байқады. Қалай болғанда да, Әлиханның көзқарасының Щербина экспедициясына қатысқаннан кейінгі кезеңде үлкен өзгерістерге ұшырағандығы анық. Дегенмен Әлихан Бөкейхан сияқты қазақ зиялыларының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне 1-орыс төңкерісі ерекше ықпал етті. Студенттік және омбылык өмірінің алғашқы кезеңінде маркстік бағытта тұрған Әлиханның саяси көзқарасы өзгерді. Ол қазақ даласын отарлау саясатына білек сыбана кіріскен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы тұрған саяси күштерге сүйенуді алға тартты. Әлихан 1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен замство және қала қайраткерлерінің сиезіне қатысты. Сиезде қазақ халқының жоғын жоқтап сөз сөйледі. Сөзінде ол қазақ халқының тіл, сайлау, дін, т.б. бостандықтары мәселесін көтерді. Ол осы жылы «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партиясының мүшелігіне, ал 1906 жылы оның ОК-і құрамына енді. Әлихан конституциялык-демократиялық партияның Қазақстанда бөлімшесін ашуға ынта білдірді. 1906 жылы маусымда Семейде өткен қазақ сайлаушыларынын сиезінде Әлихан Бөкейхан «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйледі. Ол I Мемлекеттік думаға Семей облысының қазақтары атынан депутат болып сайланды. Бірақ ол I Мемлекеттік Дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Әлихан Дума өз жұмысын бастаған кезде Дала генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, үш ай Павлодар абақтысында отырды. Ал абақтыдан шығып Санкт-Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Әлихан да солардың артынан аттанып, Выборг үндеуіне қол койды. Сол үшін жазаға тартылып, Санкт-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды. 1906 жылы Омбыда шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 жылы Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909-1917 жылдар аралығында Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді, 1917 жылы кадеттер партиясы ОК-нің мүшесі болды. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани өмірі жарияланып тұрған «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. 1914 жылы маусымда Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен шақырылған Бүкілрессйлік мұсылман сиезіне қатысты, мұсылман фракциясы бюросының тұрақты мүшесі болды. 1-дүниежүзілік соғыс жылдары майданның қара жұмысына алынған қазақ, қырғыз, өзбек, т.б, ел азаматтарына кажет түрлі көмек көрсету ісіне басшылық жасады. Осы мақсатта 1917 жылы 15 акпанда Минскідегі земство және қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы қызметін аткарды. 1917 жылы 20 наурызда Уақытша үкіметтің Торғай облысы комиссары және Түркістан кадетінің мүшесі қызметіне тағайындалды. Әлихан ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыс басшысы дәрежесіне көтерілген алғашқы қазақ болатын. Ұлттық мемлекет күру Әлиханның тұпкі мақсаты болды. Ол Уақытша үкіметке, сондай-ак кадет партнясына үлкен үмітпен қарады. Бірак оның бұл үмітінің негізсіз екендігін көп ұзамай уақыттың өзі көрсетіп берді. Бұл Әлихан Бөкейханның кадет партиясынан шығуына алып келді. Оның жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде бірінші жалпықазақ сиезі өткізілді, сондай-ақ «Алаш» партиясы құрылды. Әлихан 1917 жылдың күзі мен қысында мемлекеттік бостандыққа жетудің түрлі жолдарын карастырды. Г.Н. Потанин бастаған Сібір автономияшыларымен қатынас жасап, Сібір автономиясы құрыла қалған күнде Қазақстанның оның құрамына енуін жақтады. Бірақ бүкіл империя көлемінде жағдайдың күн өткен сайын шиеленісе түсуіне байланысты, бұл пікірдің іске асуы екі талай еді. Міне, осындай жағдайда Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ қайраткерлердің ұйымдастыруы бойынша 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселе көтерген жалпы қазақ сиезі болып өтті. Сиездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе — кеңестік билікке қатынас жөнінде баяндаманы Әлихан Бөкейхан жасады. Сиез қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «¥лт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім кабылдады. 25 орыннан тұрған бұл үкіметтің торағасы болып көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейхан сайланды. Азамат соғысы басталып кеткеннен кейінгі кезеңде Әлихан бастаған Алашорда өкіметі кеңес билігіне қарсы күресіп, қазақтар мен патша генералдарының жағында болды. Большевиктер партиясы ұсынған бағдарламаны қазақ қоғамын үлкен апатқа ұрындыруы мүмкін эксперимент есебінде бағалап, ал қазақ коммунистерін орталык биліктің колшоқпары ретінде айыптады. 1918-1919 жылдар аралығында Алашорда жасақтары қызыл әскерге қарсы шайқастарға қатысты, кеңес билігін қолдаған қазақтарды жазалады. Кеңес өкіметі 1919-1920 жылдар аралығында Алаш қозғалысына қатысқандарға жариялаған кешірімнен кейінгі уақытта да Әлихан Бөкейхан өз принципіне сенімді күйде қалды. Кеңес билігі тұсында ол туған елі үшін белсенді қызметінен бас тарткан емес. 1920 жылы Қазақ АКСР Егіншілік халық комисеариаты коллегиясының мүшесі, 1922 жылы ұлттар істері жөніндегі Халық комиссариаты (Мәскеу) жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, 1926-1927 жылдар аралығында Ресей ҒА-ның ғылыми қызметкері болды. Өкініштісі, Сталин басқарған жоғарғы билік төңкеріске дейінгі қазақ зиялыларына, оның ішінде Әлихан Бөкейханға сенімсіздік танытты, коғамдық қызметін теріс бағалап, шектеп отырды. 1925 жылы Қазакстандағы саяси билікке Ф.Голощекин келгеннен кейін жүргізген оның қоныс аударушыларға кең жол ашу саясатына жол бермеу үшін қазақ қожалықтарына қажет жер нормасын анықтау мақсатында КСРО жанынан профессор С.П. Швецов бастаған экспедицияны құру ісіне белсене араласып, онын құрамына өзі де енеді. Қазақстанда қоныс аударушыларға жарарлық артық жер жоқ екендігін ғылыми тұрғыда негіздеп берген бұл комиссияның жасаған тұжырымдары мен ұсыныстары Ф.Голощекинге және орталық мекемелерге ұнай қойған жоқ. 1926 жылы Әлихан Бөкейханды Мәскеуден бақылаушы орындардың рұқсатынсыз шығып кеткені үшін ОГПУ қызметкерлері Ақтөбеде тұтқынға алады да, кейін қайтарып, Бутырка абақтысына жабады. Бірак оны 15 күннен соң шығаруға мәжбүр болады. Зорлықшыл биліктің бұл қоқан-локқысы күресте ширыққан кайраткердің жүрегін шайлықтыра алған жоқ еді. Келесі, 1927 жылы одақтың Егіншілік комиссариатында ол профессор Швецов ұсынған жер нормасын қорғап сөз сөйлеп, отаршыл пиғылдағы шенеуніктерді әшкерелеп сынға алды. Әлихан Бөкейхан 1927 жылдың, 1 қазанынан бастап Мәскәуде, ОГПУ орындарының бақылауы астында тұруға тиіс болды. Үкімет орындарының жеке адамдардың оны Қазақстанда тұрып, қызмет ісіне рұқсат сұрап орталыққа жасаған өтініштерінен нәтиже шықпады. 1928 жылы және 1930 жылы екі мәрте Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері тұтқынға алынып, сотталғанда, ОГПУ орындары Әлиханды бір-ақ рет шакырып түсінік алумен шектелді, ОГПУ орындарының Әлиханды да қамап қоймай, сырт қалдыруын шамалап түсінуге болады, Өйткені оны тұтқындау аркылы олар өз пиғылын қоғамдық пікір алдында тым айғақтап алудан қаймықты, 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілді. Соңғы тергеуде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Әлихан Бөкейхан ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» деп мәлімдеді. 1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс кұрамы жоқ болғандықтан ақталды.
Әлихан Бөкейхан қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер-суын, қысқасы, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты зерттеген санаулы ғалымдардың бірі. Ол Щербина экспедициясының Семей облысына қарасты Павлодар, Қарқаралы, Семей уездері мен Акмола облысының Омбы уезінде жүргізген жұмыстарына тікелей қатысып, алуан түрлі деректер жинастырды. Экспедиция жұмыстары біткеннен кейін, жиналған бай материалдарды іріктеп, өңдеп, ғылыми қорытындысын жазысты. Экспедицияның қорытындылары 1903-1905 жылдары жалпы көлемі 13 том болып жарықка шыкты. Әлиханның Щербина экспедициясында атқарған қызметі ғылыми жұмыстарға жан-жақты дайындығын терең білімін аңғартты. Щербина экспедициясынан кейін ол 1903 жылы С.П. Щвецов бастаған Сібір темір жолы бойында орналаскан Челябі мен Томбы калалары аралығын мекендеген қазақтардың мал-шаруашылығын зерттеуге бағытталған экономикалық экспедициясына атсалысты. Экспедиция жүктелген міндетке сай, қазақтың кой шаруашылығының жағдайын зерттеді. Сол өңірдегі қой шаруашылығымен коса ол бүкіл қазақ даласының түпкір-түпкіріндегі, атап айтсак, Жетісу, Сырдария өңіріндегі қазақтың қой тұкымдарын, шаруашылықтарын түгел қамтып, бір-бірімен салыстыра отырып қарастырды. Әлихан Бөкейхан қазақтың қой шаруашылығы жайында сүбелі еңбек жазып шықты. Бұл еңбек экспедицияның басқа материалдарымен бірге «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги» деген 3 бөлімнен тұратын кітап болып 1904 жылы Томбы қаласында басылып шықты. Әлихан Бөкейхан Ресей императорлық география қоғамының қызметіне қызу араласты. 1896 жылы оның Батыс — Сібір бөлімінің мүшесі болды, ал 1901 жылы оның басқару кадетіне сайланды. Әлиханның тарих саласында жазып қалдырған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты алғашқы еңбегі 1903 жылы «Россия. Полное географическос описание нашего отечества» деген көп томды альманахтың 17-томына еніп, Санкт-Петербургте жарык көрді. Шығармада қазақ өлкесінің тас дәуірінен бергі тарихы көрініс тапқан. Сонымен бірге қазақ даласының соңғы ғасырлардағы өмір-тарихыи сипаттаған, «Киргизы» атты еңбегі алғаш рет «Формы национального движения в современных государствах» атты жинақта 1910 жылы Санкт-Петербургте басылып шықты. Бұл еңбекте казақ халқының отаршылдық саясатқа деген көзқарасын ұлт-азаттық күресінің бағытын мақсат-мүддесін ашып көрсеткен. Әлихан Бакейхан қазақ мемлекетінің пайда болуының тарихи кезеңдерін, даму зандылықтарын да терең зерттеген. Бұған оның әр жылдары Ресей императорлық география қоғамы Батыс-Сібір бөліміне қараған Семей бөлімшесінің басылымдарында жарияланған «Из переписки (писем) киргизских ханов, султанов», «Из переписки хана Средней киргизекой орды Букея и его потомков» және «Из бумаг султана Большой киргизской орды Сюка Аблайханова» атты ғылыми жарияланымдары куә бола алады. Әлихан Бөкейхан назарынан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі де тыс калмаған. Оның бұл тақырыпта 1923 жылы Ташкентте «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» атты кітапшасы шыққан. Әлихан халықтың ауыз әдебиеті мұраларынан үлгі алмай ұлттық әдебиеттің еркіндігін мүмкін емес деп түсінген. Ол ауыз әдебиеті туындыларын жинауға көп күш салды. Сондай-ақ Әлихаи тұңғыш абайтанушы да болды. Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы, лебі деп түсінді, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп бағалады. Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға атсалысты. Абайдың өлендері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, жинақтың 1909 жылы Санкт-Петербургте басылып шығуына қол ұшын берген.
Әлихан Бөкейханның кейінгі ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасының ең көлемдісі — көркем аударма. Аудармаларының ішінде орыстың классик жазушылары Л.Н. Толстой, А.П. Чехов, В.Г. Короленко, Д.М. Мамин Сибиряктармен қатар, Еуропаның қаламгерері, сондай-ақ үнді, түркі тектес халықтардың әдеби шығармалары бар, Әлихан Бөкейхан көркем аудармаларының басым көпшілігі 20-30 жылдар аралығында, яғни 1922-1927 жылдар аралығында КСРО халықтарының орталық баспасындағы Қазақ секциясының әдеби қызметкері болып кызмет етіп жүрген кезінде аударған. Әлихан қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған публицист. Оның каламынан шықкан макалалар Санкт-Петербургтің «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь» секілді басылымдарынан жиі көрініп тұрған. Ол халықтың сана-сезімі мен ұлттық мәдениетін көтерудегі баспасөздің орасан зор маңызын бағалай білген Әлихан Бөкейханның атқарған ісі, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат-мұрасы әлі де жан-жақты талданып, зерттеле түспек.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.