Бүркітті қолға үйрету. Саятшылық

Home » Рефераттар » Бүркітті қолға үйрету. Саятшылық
Рефераттар Комментариев нет

Аңшылықтың жұртқа белгілі бірнеше түрі бар. Ол аңшылардың істететінқұрал – жабдықтарына қарай, мерген, қақпашы, саятшылық «бүркітші немесе бүркітті қолға үйрету» деп үш түрге бөлінеді. Халқымыз кезінде осының қайсы түрі болсада кәсіп ете білген. Мұның ішінде бір қыдыру өнер талап ететіні саятшылық. Тұз тағысына тіл үйрету, оған айтқаныңды істеткізіп, ырқыңы көндіру шынында оңай емес. Біле алмассың құс салып дәм татпасаң, – деп оның оңай – оспақ іс емес екенін ескерткен. Жайшылықта саятшылар өзін басқа аңшалардан гөрі жоғары ұстайтыны да осы өнеріне арқаланатынынан болса керек. Саятщылық расында ұлтымыздың дәстүрлі өнері. Ол ұзақ ғасырлар бойына ұрпақтан – ұрпаққа қалып, осы күнге дейін жалғасып келеді. sayatshilikОнымен үнемін айырмасада, тұғырынан құс, сағанағынан саңғыру кетпейтін адамдар әлі де аз емес. Сондықтан оны атадан қалған асыл мұра деп айта аламыз. Саятшылық әсілі пайдасыз да кәсіп емес. Онымен қорасына қой салмаса да, біреу қызығына, біреу тірлігіне бола пайдаланады. Құс салумен шындап айналысатындар оның қызығына еліктеп, табысымен көп есептеспей де кетеді. Оның үстіне олар асқан марқа көңіл, жомарт келеді де, алғанынан байлағаны көбейіп, алдырғанына, атағына мәз болып жүретін аңқылдақ саятшылар екінің бірінен кезігеді. Абайдың «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңдегі сүреттеулерді оқыған кісі осы жайттерді қолмен қойғандай түсінеді. Тіпті өзі де бүркітші болғысы келеді. Жұрт арасында да «қақпан құрған жатып алады, мылтық ұстағанның сілесі қатып алады, бүркіт салған қызыққа батып алады» дейтін тәмсіл бар. Бұл оның пайдасын қызығы бүркеп тұратынына қарата айтылған мысал. Бүркіт ет қоректі құстардың ішіндегі алыбы болмаса да, оның жүректілігіне, күштілігіне, ұшқырлығы мен көрегендігіне өзі тектес имек тұмсықты құстардың ешқайсысы тең келе алмайтыны рас. Оның жүректілігі сонша, шабытына келгенде түлкі ғана емес, қасқырдан тартып, қоңыр аңдардың қай – қайсына да тайынбай түсе береді. Азықсырап ашу қысқанда, иесіне түсетіні де кезігеді. Ел ішінде кейбіреудің бағып өсірген баласы өзіне тізесін батырса, немесе туыстас адамнан шыққан кейбір адамдар «мықтылар» өз жақынын жәбірлесе, сүбе ағайындар оны «Тінейдің сары құсынша өзіне-өзі түсіпті» деп масқаралап жататыны да бар. Бұл құстың иесіне түсетіні тарихтан бері бар. Бүркіттің ірі аңдарға түсетінін көзім көрген жоқ. Бірақ, баяғыда Омарқан дейтін қарт саятшы тамам бүркітшілердің дүрілдеп отырған бір кезінде, мынандай бір таңғаларлық істі айтқаны әлі есімде: «қырыққа енді келген қарулы кезім еді, – деді ол еліден істелген үлкен түлкі тымағын тізесінің астына басып қойып, қызына сөйлеп, – бір жылы қыста бір бақыршы мен үш аңшы түйеге қос артып құбының құмына тарттық. Екеумізде бүркіт, біреумізде мылтық бар. Ол кезде бір түлкіні бір бұзаулы сиырға қақпай әкететін заман. Құмның орта шеніне ілінгенде, бір қазан құмның кезеңіне шыға келсек, қалың сексеуіл мен қызылшаның арасында бір шікін құлан өз алдына ойнақ сап жүр екен. Жалт бұрылдық та аттан түсіп баспалап жата қалдық. Жанымдағы мерген атуға оңтайланғанда, сабыр ет дедім сыбырлап. Құлан ұзап қашпайды не тыныш тұра алмайды. Делие болған жылқыдай қазан құмды айнала шабады. Тоқтай қалып белгісіз бір нәрсеге құлақ тігеді. Соның арасынша бір нәрсенің ызыңы естілді. Аспанға қарасақ бір қара құс лақтырған тымақтай, қанат–құйрығы ысқырып, сорғалап келеді екен. Оны құлан да көре қойып қазан құмды қапталдай жөнеле бергенше болған жоқ, жарқ ете түсті. Кесер басынан ұстағанын көріп тұрмыз. Сонымен құлан сүт пісірім тулап, дығдызы құрғағанда барып жығылды. Жерге түспейтін қыран екен, әбден тояттағанда ұстап алайық деп ақылдасып жатырмыз. Сөйтсек, баулып жүрген балапаны да бар екен. Әне–міне дегенше, ала қозыдай бір балапан шүйілген беті құланның бөксе жағынан келіп алды да, жұқа шаптан бірақ есті… екеуін әбден тұяқтатып алдық та, қазанқұмның аузынан өрлете лап қойдық. Жемсауын көтере алмай қалған балапан аттың аяғының астында қалды да, кәрі күшіне сеніп, кезеңге қарата сабалай жөнелді. Әудем жерге жеткізбей оны өзім ұстап қалдым. Артыма қарасам, үш жолдасым әлгі балапанның қасында ұйлығып тұр екен. Алаңғасарлау бір досым әлгі балапанды ұстаймын деп, үстіне жығылыпты да, жемсауын жарып тастап, Тәнтыбай беттеніп тұр екен. Бір астау ет жерде жатыр. Әй, шіркін. Сол балапанға күні бүгінге дейін ішім ашиды ғой!» Омарқан албаты ескеуілдеп кетпейтін адам еді. Кезінде көп жорытқан, білетіні де көп адам болатын. Оның айтып берген осы әңгімесіне тыңдаушылардың таңдай қақпағандары жоқ. Қазақ халқы бүркітті аса шарапатты құс деп біледі. Бүркіт ұстап әкелінсе де, біреуден сатып әкелінсе де үйімізге бақыт кірді деп ырымдайтындар көп. Тұрмыста таршылық көріп. Жарымай жүргендерді, құс салумен зауқы жоқтарды «сағанағына саңғыру жұқпаған неме» деп кемсітетіндер де жоқ емес. Әуелгі ескі нанымда бүркіті бар үйге «шайтан жоламайтын» көрінеді. «Марту басқан әйелдің» үстіне бүркітті енгізіп, быштақтатқан әдет сол нанымның туындысы болса керек. Жайшылықта да бүркітті үкілеп, « оны жарықтық», «қасиетті құс», « құстың падишасы» деп қастерлеп отыратындарды екінің бірінен кезіктіреміз. Қысқасы, халқымыз саятшылықпен ұзақ уақыт айналысқан. Бүркітті өмір бойы зерттеп, оның бойындағы бар ерекшелігін жеттік аңғарған аса сұңғыла халық. Сол себепті әрқандай қазақ бүркіт туралы бір нәрсе айта алады. Айта алмаса да бүркіт құстың ішіндегі кереметі екенін біледі. Құс сала білмейтін ақындарымыздың, жазушыларымыздың тартымды теңеулері де осы қыран құстың төңірегінде болып жатады. Енді айтпақшы болғанымызға аялдағанымыз жөн болар. Бүркіт сірә қандай құс, тұлғасы, үлкен – кішілігі, өңі жағынан бүркітке ұқсап кететін құстардан бірталай бар. Енді нағыз бүркіттің өзі бір–ақ түрлі. Өңі қарақоңыр, құмайдан, көшігеннен, қара құстан (су бүркіт) сыптығыр, сымбатты, сұлу болады. Тұмсығы көкшіл әрі шұғыл имек, көзі қара және шүңіректеу, жанары отты, қабағы биік, аса рухты, қағылез болады. Отырғанда екі шалғысы айқасып, бір – бірінен сүйемдей асып тұрады. Оның үстіне иықты келеді. Еркін отырғанда топшысы салақтап мелжемді көрінеді. Аяғы көкшіл сары, жіліншігінің қыры жыланның қабыршағы тектес бедерлі болады. Саусақтары да салалы келеді, саусақтарының үстіңгі қырында тізген маржандай теңбіл бар, ол «тысас» деп аталады. Жембасарынан кейінгі саусағының үстіндегі «тастың» саны көп болса, соған қарай саусағы да салалы болған есептеледі. Ал, мамықтары негізінен екі түрлі. Бұл тораңғы жапырақ, тал жапырақ деп аталады. Тораңғы жапырақ дегеніміз дөңгелектеу, тал жапырақ ұзыншақ келеді. Бүркіт негізінен көп жасайтын құс. Кейінгі кездегі бір жарияланған материалда, бүркіттің тіршілігін әдейілеп зерттегендер оның жиырма жылдан артық жасайтынын айтқан. Халқымыз бүркіттің балапан кезінен тартып жеті жасына дейін балапап, тірнек, тастүлек, құмтүлек, бала, баршын, ана, қана деп атап, онан арғысын кәрі бүркіт деп салады. Олай дейтіні балапан бүркіттің құйрығының астынан қарағанда, астынғы жақ ұшынан үш елі жері ғана қара болады. Қалғаны түбіне дейін сарғылтым ақ болады. Жасы ұлғайған сайын құйрығының ұшындағы әлгі қара түбіне қарай жылжып, жеті жасқа келгенде жаңағы сарғылтым ақ түс жоғалып, құйрығының асты мен үсті бірдей қара түске өзгереді. Бүркіттің өзі де мөлдір қараға бейімделеді. Бұл кәрі бүркіт есептеледі. Бірақ ондай жағдайда оның рухи күйінен ешқандай кәрілік білінбейді. Тағы да жалындап жайнап тұрады. Әлгі «тышқаншыл» болатын кезге келгенде ғана денесі шөгіп кішірейіп, қанат–құйрығы азаяды. Енді бүркіт тектес қайыруға келетін, түлкі алмаса да, қауқары қарсақтық қана «сарша» деп аталатын тағы бір құс бар. Ол қаршығадан қарқынды, сүйегі бүркіттен әлдеқайда ұсақ, өңі сарғыш болады. Оны бүркітке қолы жетпегендер ермекке қана пайдаланады. Бірақ ол да бүркіт мінездес, шамасына қарамай түлкіге түсе береді. Амал қанша, ұстағанымен айрылып қалып, жерге қаратып кетеді.

Бүркітті қолға түсіру әдістері және оның мекені. Бүркіт әсілі құзарлы, таулы өңірде жасайтын құс. Ол балапанын өз «жауларынан» аман сақтау мақсатында, кезігетін қатердің бәрін ойлағандай–ақ, өзімнен басқа мақұлық жете алмайды деген нелер қиын құз жартастың жапсарына ұялайды. Сол ұялаған төңірек оның алыс кетпейтін мекені есептеледі. Алыс кетуге тура келгенде де, келер жылғы ұялайтын мезгілде, сол маңға тағы да пайда бола кетеді. Жылына бірақ рет балапан басады. Балапандары 1 – 2-ден көп болмайды. Жұмыртқадан тек шыққан балапанның тең жетілетіні де, үздік–создық жетілетіні де болады. Соңынан жетілген балапан ұя басар деп аталады. Саятшылар бүркітті көбінесе екі түрлі әдіспен ұстайды. Бірі – балапан кезінде ұядан алады. Енді бірі – иенге тор құрып ұстайды. Ұядан балапан алу өте машақатты жұмыс. Беліне арқан байлап, құздың жақпарына түспей балапан алған адам тым сирек кездеседі. Құзға түскенмен ала алмайтындар да бар. Мұндайда балапан ақ үрпек дәуірден өтіп, темір қанат болғанда, тағы да арқан байлап түсіп, ұяға жақындап барып, елеген, дас сияқты бір нәрселерді даңғырлатып, ұядағы балапанды үркіту керек. Ұшуға дағдыланбаған балапан ақыры қираңдап барып жерге түседі. Мейлі қандай әдіспен алынса да, әкелгеннен кейін оны байлап – матамай, шарбақ немесе темір тор, еш болмағанда қашаға қамап еркін баққан жақсы. Оның таранып- сылануына, қанат– құйрығының бөлінбеуіне қолайлы болу үшін ішіне тұғыр орнатып қою, тым болмағанда, жуан дөңбектердің кескінінен тастап қою керек. Мұндайда, балапан құстың топ қанат болып қалмауын да ескерген жөн. Сондықтан шыжымдап ауық–ауық ұшырып үйрету, биікке шығарып еңістете ұшыру керек. Осылай істегенде бірден топ қанат болмайды. Екіден, ұшуға жаттығады. Осылай бағып – баулып, кәдеге жараған бүркітті саятшылар «қолбала» деп атайды. Ал түз құсын тор құрып ұстағыңыз келсе, тор құратын жеріңіз бүркіттің мекені болғаны жақсы. Мекенді жері болмағанда да, ұстамақшы болған бүркітіңіз әр күні, тым болмағанда аптасына бір рет көзге шалықса, ол әлі сол маңнан алыстамаған болады. Осыған көзіңіз жеткеннен кейін әрине қамдануыңыз керек. Бүркіт қашанда адамзаттан алыс. Иенде жүретіні түсінікті. Ол балапанын ұшырғаннан кейін ұзақ уақыт баулиды. Осы мезгілде өзі ұялаған маңайдан көп ұзап кетпейді. Қатерге, қуғынға жолықпаса, сол маңды қыстап шығатыны да болады. Ұзап кетуге тура келсе, балапанның топшысы қатып, бау ашқан соң, дербес тіршілік ете алатын болған соң, қарды бірер жауғызып барып ұзайды. Оның осы қасиетін білгеннен кейінгі жылбурындық саятшыға байланысты. Бүркітке құрылатын тор бұрын кереге көздеп кендірден тоқылатын. Қазір әр түрлі заттардан тоқып жүргендер де бар екен. Оны жайған керегенің биіктігіндей етіп, көзге тез шалынатын ашыққа құрасыз да, ішіне қарға, сауысқан, қоян қатарлы ұсақ аюандардың біреуін байлап қойып, тасаланып аңдып жатасыз. Азықсыраған қыранның көзі алыстан торға емес, аюанға түседі де, кейінгі қатерді ойлап үлгергенше, екпіндеп келіп те қалады. Көзі тұнған қыран тәуекелге басып, тордың төбесінен, немесе бүйірінен келіп киіп әкетеді. Енді сіз де тағат ете алмайсыз. Жайшылықта бүркіт қонарда тік түсе алғанымен, отырған орнынан сауысқанша тік көтеріліп ұша алмайтын құс. Сол себепті қандай жағдайда да алдымен көлбей ұшады. Бұл оның бойындағы бір әлсіздігі. Әлгі шақыртқы аюанға түскеннен кейін оның бұл әлсіздігі сіз үшін пайдалы. Егер тордың төбесінен түсіп әлгі шақыртқыны ұстаса, ұшуға келгенде көлбей ұшып, торға оранады да, домаланып қалады. Бірақ бүркіттің қайратын жай шамалауға болмайды. Торыңыз осал болса, бұзып шығып кететіні де бар. Істің бәрі ойлағаныңыздай болса, құсты құндақтап үйге әкелген күні қойыңыз мыңға, жылқыңыз жүзге жететіндей бір масайрайтын боласыз.

Бүркітті қайыру өнері. Бүркіттің ерекшеліктерін, осы қайырудың өнерін және игерген, бүл жөнінде тәжірибесі аса мол адамдар «құсбегі» деп аталады. Құсты құсбегі қайырады. Қайыру дегеніміз құсты түлкі алуға дағдыландыру деген сөз. Біз жоғарыда бүркітті мақтадық. Дегенмен, оның жаратылысында да парық көп. Ол да қыран, біршама қыран, нашар (күйшіл) деп бөлінеді. Оған байланысты мінезі де әртүрлі келеді. Бұл парықтар және мінезінің әркелкі болуы қайыруда қиыншылық тудыратын басты фактор. Оның түлкі алмайтын күйшіліне кезіксең дүниенің қорлығы. Ол әрқандай құсбегіні де мезі етеді. Сол себепті оны халықта, бүркітші де қорлыққа теңеп: Шабан ат, шайпау қатын, өтпес пышақ, Күйшіл құс түлкі алмайтын бәрі бірдей. – деп өлеңге қосады. Күйшіл құс түлкі алмайтын бәрі бірдей. – деп өлеңге қосады. Бірақ құстың бәрі шетінен күйшіл емес, көбінесе ішінара кездесіп қалып отырады. Қазақта «ит иесіне, құс тамағына тартады» дейтін сөз бар. Мұнда құстың иесі үшін емес, тамағы үшін істейтіні айтылған. Бүркіттің ашқарақтығы, қомағайлығы, тамаққа (жемге) алданғыштығы оның бойындағы тағы бір әлсіздік. Адамдар осы әлсіздігінен пайдалана отырып, оны өзі үшін істете алады. Құс қайырудың басынан аяғына дейін осы тамақпен алдау тәсілі қолданылады. Құсты жалпы алғанды 2 – 3 аптаның аралығында қайыруға болады. Жоғарылап әкетеді. Онда асығыңыздың алшысынан түскені сол. Ертеңінде дәл сондай бабында Алдымен қолбаланы қайыруға келейік: қолбала қолда ержету барысында, қайырудың шарт–жағдайы өздігінен жартылай әзірленіп қалады. Жасынан бастап оның барлық тіршілігі бізге ғана қатысты болғаннан кейін, ол табиғи түрде бағынышты болады және бауыр басады. Балапанды бағып– баптаудағы жем беру, ұшырып үйрету, қолға қондыру, шақыру, томағаға дағдыландыру сияқтылардың бірге жүріп жатуы іс жүзінде қайырудың шарт–жағдайы да әзірленіп болды деген мағынаны білдіреді. Бүркітті, әсіресе түз құсын жоғарыдағыдай дәрежеге келтіру ең қажетті шарт. Енді осындай жағдайда енді оған ебін тауып бау аштырсаңыз болғаны. Бау аштыру алдында шырға тартып көру керек. Шырға тартудан бұрын бүркітке жем бермеген дұрыс. Шырғаңыз толған соң, шырғаға ұзын шыжым тағып, ұрымтал жерден үйрете аласыз. Егер қолбалаңыз зерделі болса, шырғаны, жүрексінбей түлкі көрсетуіңізге болады. Ал, түз құсын қайырудың машақаты көп, ұстап әкелінген күні құсаланып, ылғи қарсылық көрсетумен болады. Үркеді, жуытпайды, жақындасаң шауып алады, далбырлайды, бұлқынады, өзін де, сізді де әбігер етеді. Бірақ. Бірақ тым еркіне жібермей, аяқ бауын тағып, томағалап тастау керек. Ертеңінде одан көрі жуасып қалады. Өйткені әбден ашығып, бойын алдырады, қалжырайды. Осы кезде алдына жем тастап береді. Істікке бір жапырақ ет шаншып алып, жақындатсаңыз қағып алады. Егер қарамай қойса, бірер сағат немесе жарты күн өткеннен кейін тағы да осы әдісті істеу керек. Жан–жануарға тамақтан жақын нәрсе жоқ, аштыққа төзе алмағанда, ақыры жейтін болады. Қолдан жем жейтін дәрежеге келгеннен кейін де, тым жуаси қоймайды. Сол үшін оны арықтату керек. Арықтаған сайын обырланып, қолға қарауға мәжбүр болады. Сізге де бауыр баса бастайды. Бұрынғыдай қиғылық салмайды. Арықтағанда бірден жемді аз және бір қалыпта беру; екіншіден, ырғаққа отырғызып алып ұйықтату тиіс. Аштық пен ұйқы бірдей қысқаннан кейін, күйсізденіп арықтай бастайды. Егер бұған бой бермесе, қоя салу қажет. Киіздің қырдасынын қара сабынның көбігіне салып сықпағын, жұтқызып жібересіз, бұл «қоя салу» деп аталады. Ол мұны біраздан кейін қайта құсады. Бұл біріншіден, оның жүрегін қарайтып, жемге обырландырады. Және арықтатады. Екіншіден, жұмыршағын удай ашытып қинайды да, онан әрі күйсіздендіреді. Бұл кезде қарсыласудан қалады. Осы орайда оны томағасыз да, томағасымен де үнемі сылап–сипап, мазасын ала берген жақсы. Қолға да қондыру керек. Осындай қимылмен бір апта айналысқан соң, оның жуыспасқа шарасы жоқ. Бергеніңді қайтармайтын, тіпті тілей тұратын болады. Ежелгі еркін өмір есінен шыға бастайды. Бұл оның бауыр басуының алғашқы сатысы.

Енді екінші сатыда, шақыруға келтірудің қамына кірісу керек. Мұнда алдымен аяғына ұзын шыжым (қанша ұзын болса сонша жақсы) тағып, шыжымның бір ұшын қазыққа байлайсыз да есік пен төрдей жерден қызыл көрсетіп қолға шақырасыз (бұл істі алдыңғы басқышта да істей бергеннің зияны жоқ). Мұнда жаяулап келетіні де, ұшып келетіні де, мелшиіп отырып алатыны да болады. Егер шақыруға келмесе, ашықтыра түскен жөн. Оның жаратылысындағы ашқарақтығы ақыры шақыруға да келтіретін болады. Жаңағыдай жерден қолыңызға қонса, онан соң арқан бойы жерден, онан да алыс жерден шақыруға келтіру керек. Бірақ аяғынан үзбеңіз, исырын ішіне бүгіп жүргендері болса, осындайда көкке қарап кетеді, ендігі жерде ат үстінен шақыруға дағдыландырасыз. Ат үстінен шақыруға келген соң, кәдімгідей бірнеше күн алып жүру, адамдар тобына үйірлестіру керек. Енді қашпайтынына көзіңіз жеткенде, алыстан шақырып та ала бересіз. Құсыңыз осыншылық икемге келгеннен кейін, ендігі жерде қолбалаға қолданылғын әдіс бойынша бау аштыру керек. Құсқа біріншірет түлкі алдыру – бау аштыру деп аталады. Алған түлкісін «тырнақ алды» деп атайды. Мұнда не қолбала, не түз құсы болсын, бау ашқаннан кейін де, бірде бұзылып, бірде түзеліп тұрады. Бұл қалыпты құбылыс. Құсыңыз бұзылса, түлкіге түспейді, түскенімен қоя береді, түскенімен илғи түлкіні қанатымен ойнап, шалықтап жүріп алады. Шақыруға да сараң келеді. Бұл көбінесе етінің көтеріңкі болуына байланысты. Сол себепті түлкі алған күнгі оның азықтануын, етінің қандай дәрежеде екенін есте сақтау қажет. Етінің қандай дәрежеде екенін білу үшін, аңға шығарда қара санын тұтамдап ұстап, бұлшық еттің тұтамға толған–толмағанын, нығыз, әлде болбыр екенін белгілеп қою керек. Сол күні құсыңыз түлкіге түссе, осы қалпын сақтауға тура келеді. Олай дейтініміз, бүркіттің арықтауы қиын, семіруі оңай, арықтап түлкіге жете алмай қалған құсқа мойын еті сылынып алынғаннан кейінгі қойдың қу моынын (мұжырымен) жатарда жаншып берсеңіз, тәңертең семіріп шығады. Құсбегілер құстың етін қалыпты ұстау үшін жемнің сөлін шығарып тастап, ақ жем қып беретіні, қандай жем бергенде де қант бүркіп беретіні осыннан. Кей бүркітті тәңертең аңға алып шыққаныңызда, қанша түлкі көрсетсең де түспей қойып, түстен кейін алады. Бұл оның түстің алдында тоқ, түстен кейін азықсырағанына байланысты. Ал түстен кейін кезіккен түлкіге де түспей қойса, дереу қарды сықпалап қоя салу керек. Осыдан кейін–ақ тілене бастайды.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.