Байғасқаұлы Есім

Главная » Рефераттар » Байғасқаұлы Есім

Байғасқаұлы Есім — Алаш қозғалысына қатысқан қайраткер, отандық баспаcөз және оқу-ағарту ісі ұйымдастырушыларының бірі. 1893 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезіне қарасты Ақсу-Сарысу жерінің Тораңғыкөл маңындағы бұрынғы №5 ауылда туған. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1914-1918 жылдары Омбы гимназиясында оқиды. Осында жастардың «Бірлік» ұйымының жұмысына қатысады. Төңкерістер уақытында 1918 жылы 5-13 сәуірде Омбы қаласында өткен алашшыл жастардың тұңғыш сиезіне қатысады. Жаңадан өсіп келе жатқан С.Садуакасұлы, Қ.Кемеңгерұлы сынды қатарлас қайраткерлермен достық байланыста болады. Ол аталған сиезде құрылған «Жас Азамат» ұйымына кіреді. Алаш қозғалысы қарқын алған жылдары Ақмола облыстық Алаш комитеті жұмысына атсалысады. Кеңес билігі толық орнағанда, Ақмола облыстык атқару комитетінде қызмет атқарады. Қазақ секциясының нұсқаушысы, халық ағарту бөлімінің қызметкері болады. 1924 жылы Түркістанға қоныс аударып, Ташкенттегі Орта Азия университетінің экономика факультетіне окуға түседі. Оны 1928 жылы бітіріп шығады. Осында жүріп, «Ақ жол» газетімен, Қазақ халыққа білім беру институтымен тығыз байланыс орнатады. Аталған екі мекеменің бірінде журналист, бірінде оқытушы болды, 1925 жылы Мәскеудің Қ.Кемеңгерұлының жетекшілігімен шыққан «Қазақша-орысша тілмаш» сөздігін құрастыруға М.Бұралқыұлы, А.Байтасұлы, Ғ.Дәулетбекұлы, М.Сәрсенбайұлы сынды азаматтармет бірге қатысады. Оқуын тамамдаған соң «Средазбюрода», аудандық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарады. 1932 жылы Шымкентте жұмыс істейді, ал 1934 жылы Алматыға қоныс аударып, зооветеринарлық институттың директоры қызметін атқарады. Осы кезде Алаш қайраткерлері жаппай репрессиялана бастағаны мәлім. Есімнің бұл шақта айтқан бір әңгімесі казір аңыз болып айтылады, Бірде ақын-жазушылар бір үйде бас қоса қалады. Сірә, бұл дәстүрлі соғым кезі. Ет желініп болады. Ол кезде бүгінгі майлық қағаз жоқ, сондықтан қолды алғаш газет-қағазбен сүртсе керек. Сонда «Социалды Қазақстанның» редакторы Ғабит Мүсірепов: «Қол сүртетін қағаздарың кәні?» депті. Осыны күткендей өжет Есім: «Социалды Қазақстанды әперіндер!» деген екен. Мұнысы — Алаш қайраткерлерін күнде жалған айыппен жазықсыз сынап жатқан газетке берген бағасы-тын. Әлгі жауапты естіген ресмилеу Ғабит: «Өйт, алашординец!» деп, жатып кеп ашуланыпты (деректі жеткізген Ғаббас Дәулетбекұлының әйелі Хабибжамал). Бір қызығы, қайраткердің жары Құсни кейінірек «Социалистік Қазақстан» газетінде машинистка болып жұмыс істепті.
Есім Байғасқаұлы 1937 жылы қазан айында тұтқынға алынып, кешікпей атылған. Гүлнар Міржақыпқызының дерегіне қарағанда, күйеуі ұсталғаннан кейін Құсни НКВД-ға жұбайымен жолықтыруды өтініп хат жазған, 5-6 айдан соң оны ерімен кездестірген. Сонда әйелі Есімнің әбден азапталғанын өз көзімен көрген. Ал, Құсниды шиеттей балаларынан бөліп «халық жауының әйелі» ретінде алғаш сол Есім жатқан түрмеге қамап, кейін «Карлағқа» айдаған.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.