Бала Шоқан Сапарғали Бегалин

Home » Рефераттар » Бала Шоқан Сапарғали Бегалин
Рефераттар 2 комментария

БАЛА ШОҚАН

Мүсiншi Мысық

Қосқималы атанған Құсмұрын адырының солтүс-тiгiндегi Төре аулының күзеу құдығы күзгi малға шөбi шүйгiн құйқалы қоныс. Бiр жағы Құсмұрын саласына жалғасатын бетегелi кең тепсең; екiншi жағы жағалай көктарлаулы қара отты ашылауыт ой. Төре аулының бұл күзегiн ұшқан құс, жүгiрген аң, болмаса, салт атты кiсi баспайды. Қыста құлан, елсiз болып қар басса, жазда жалғыз үй күзетшi отырады. Осы күзетшiнiң қара лашығы Қосқималының ық жағында қалың шидi ықтай қарақшы болып шоқаяды да тұрады. Сол қара лашықтан шыққан арықтау шегiр көз сары баланың екi түрлi ғана ермегi бар. Бiрi – екi сиырдың бұзауын бағып, енесiне жамыратпай жаю, мезгiлiнде суару. Екiншiсi – тебiндегi саздан балшық алып, ойыншық жасау.

Төре ауылы күзекке келгенде сары бала сондай қу-анды. Ала жаздай зарыға жалғыз ойнағандағы ойынан кетпейтiн бiр досы бар. Ол төре баласы – Шоқан. Шыңғыс Құсмұрын елiне аға сұлтан болып тағайындалысымен, осы күзекке екi бөлмелi кеңсе үйi салынған. Сол үйдiң жазғы, қысқы күзетшiсi – сары баланың әке-шешесi. Сары баланың сол сағына күткен досы жолбарыстай шұбар құнанын елеңдете аяңдатып жетiп келдi. Ә дегенде тосырқап қалған сары бала балшықтан жасаған ойыншықтарын жия қойып, орнынан ербиiп тұра келдi.

– Ей, Мысық, аман ба? Мына ойыншықты кiм iсте-дi? – деп Шоқан сары балаға жылы амандасып, күлiм-дей қарады.

– Өзiмдiкi, өзiм iстедiм, – деп танауын бiр тартып, кiшкене көкшiл көзi шегiрейiп, Мысық ойыншықтарын бауырына қарай икемдей бердi. Шоқан құнаннан түсiп, өзiне қарай жүргенде, сары бала:

– Иә, бермеймiн, – деп ойыншықтарын жинай бастады.

– Ей, Мысық, немене, өзiң сонша қорқасың. Алмаймын, көрейiн, – деп күлiмдей сұрады Шоқан.

– Жоқ, сенiң құнаның бар, алып қашып кетесiң. Мен жаяумын. Кеше әлгi бiр тентек бала өзiмдi сабап кеттi. Сен тимейсiң бе? – деп Мысық батылдана, мұңын шаға сөйледi.

– Жоқ, мен алып қашпаймын. Тек көрем. Мысық Шоқанға бұрынғы үйiрлiгiне сенiп, ойыншықтарын те-гiс көрсеттi.

– Үйлерiң қайда, Мысық?

– Әне, – деп, қалың шидiң iшiнен шанышпа қара қостың шошайған төбесiн көрсеттi.

– Сен, немене, менi жатырқап қалғансың ба? – дедi Шоқан Мысықты өзiне тарта сөйлеп. – Әкең қайда?

– Әкем үлкен төренiң аулына кеткен.

– Сен мына ойыншықтарыңды маған бересiң бе?

– Жоқ, бермейiм, кешегi балалардай сен алып қашасың, – деп ойыншықтарын шолақ критон көйлегiнiң етегiне сала бастады.

– Қорықпа, мен тимеймiн. Кәне, көрсетшi, өзiң ұстасың ғой. Ақысына не аласың, маған ана балшық атыңды бершi, – деп Шоқан, зорлық емес, ықтиярымен алмақ болды.

– Не бересiң, бауырсақ бересiң бе, қант бересiң бе? – деп Мысық икемге келе бастады.

– Берем, сен маған ойыншығыңды бер. Бiздiң үйге жүр, апамнан көп қант, бауырсақ әперем, – деп Шоқан сендiре сөйледi.

– Иә, бармайым, қорқам, сiздiң ауылдың балалары тентек, итi қабаған, менi итке талатады, – деп Мысық бұрынғы көрген зорлықтарын айтып жолағысы келмедi.

– Жоқ, мен тигiзбейiм, өзiм ертiп барам.

– Иә, апаң ұрсады, қорқам, – деп етегiнен түйе ғып жасаған бiр ойыншығын алып Шоқанға бердi.

– Ей, кәдуiлгi түйе. Өй өзiң қандай шеберсiң. Жүр менiмен. Апама ұрыстырмайым.

– Құнаныңа мiнгестiресiң бе, барайын, – дедi Мы-сық өз тiлегiн бiлдiрiп.

– Кел, мiн! – деп, Шоқан өзi құнанына мiнiп, үзең-гiсiн босатты. Ойыншықтарын бiр шидiң түбiне тасалай тастай берiп, Шоқанның құнанына жармасып мiне бергенде, құнан мөңки жөнелдi. Мiнгесiп орнықпаған Мысық жерге топ ете түстi. Шоқан ерiнiң қасынан ұстап құлауға сәл-ақ қалды.

Шоқан құнанын тоқтатып, қайта бұрылып келгенде Мысық кейiн шегiнiп:

– Мiнбейiм, құнаныңның мiнезi жаман екен. Тулайды, – деп тайқақтай қорқақтап ойыншығына қарай жөнелдi. Шоқан да құнанынан түсiп, Мысықтың қасына келiп:

– Немене, бiр жерiң ауырып қалды ма? – деп жаны аши сұрады.

– Жоқ, еш жерiм ауырған жоқ. Бiрақ жығылғанда жаман қорықтым, сен де жығылады екен деп ойлап ем. Атқа мықты екенсiң, жығылмадың.

– Мен бұдан асау күнiңде де бұл құнаннан жығылғаным жоқ, – деп Шоқан мақтанып қойды. – Ендеше жаяу барайық, жүр, – деп Шоқан құнанын жетектеп ауылға қарай жүрдi. Бұрынғыдай емес, Шоқанға бойы үйренген Мысық тартынбай ерiп келедi. Бұлар үйге таянғанда, алдарынан Шоқанның iнiсi Жақып жүгiре шықты. Кесек денелi Жақып келе Шоқанға:

– Ей, мынау кiм, қайдан ерттiң, түу өзi сап-сары, – деп шайпау мiнезбен Мысықты бiр нұқып қалды.

– Өй жынды, әрi кет, мұнда нең бар, – деп Шоқан тұра ұмтылып едi, қашып үйге кiрiп кеттi. Ерке, сотқар Жақыптың ұрыншақ мiнезiнен қаймығып Мысық кейiн шегiнiп, орынсыз тиген қол өктемдiк күшке қорланып жылап та жiбердi.

– Мысық, неге жылайсың? – деп Шоқан қасына келдi. Iнiсiнiң ешбiр кiнәсiз ұрып кеткен тентектiгiне iшiнен ыза да болып тұр. Бiрақ ол Мысықты қолынан тартып үйiне қарай алып жүрдi. Мысықтың тартынғанына жол берген жоқ.

Үлкен ақ үйдiң есiгiнен Шоқан өзi кiргенде Мысықты қалдырмай ерте кiрдi. Бұрын мұндай үйге кiрiп көрмеген кiшкене Мысық аяғын iлгерi басуға бата алмады.

Есiктен төрге дейiн кiлем төселген, уықтың қарына тiрелте жасау жиналған, ғажап мүлiктi үйге Мысық өзiн сыйғыза алмады. Ол қайтадан атып шығып тұра қашуға, сыртта жатқан қос қарала төбеттен қорқып бо-сағада сiлейiп тұра қалды.

– Мысық, берi жүр, – деп Шоқан оны қолынан тартты.

Үлде мен бүлдеге оранған үлкен ақсары әйелдiң қасында отырған әлгi тентек Жақып қолына шыбырт-қы қамшы ұстап, әлi де Мысыққа өшiге қарап:

– Өй, өзiн қара, неге келдiң, шық үйден, – деп тұр. Шоқан Жақыпты ала көзiмен атып:

– Аулақ кет, мұнда нең бар? Қорқытпа, тиiспе, бұл менiң жолдасым, – деп апасына қарады.

Балалардың қағысып қалған сәттегi iстерiне салмақпен қараған сары бәйбiше Шоқанға бiр, Мысыққа бiр қарап:

– Шоқан-ау, мынауың кiм? Қайдағыны қасыңа ертiп, үстi-басы немене, қасына жоламашы. Ойнауыңа бiр жөндi бала табылмады ма? – деп, Мысыққа қарап: – Ей, сен қай ауылдың баласысың. Мұнда қайдан кел-дiң? – дедi.

Мысық төмен қарап үндей алмай тұр. Шоқан шеше-сiнiң ертiп келген жолдасын қорлаған сөзiне қысыл-ғандай, қорқып тұрған Мысыққа таман таянып, ақырын ғана:

– Қорықпа, – дедi.

– Иә, мен кетем. Бағана айтқаным қайда, ұрсады, сабайды деп, – Осыны айтып Мысық есiкке қарай шегiншектей бердi. Сырттан үйге кiрiп келе жатқан Шоқанның әкесiнiң тiзесiне соқтығып етбетiнен түстi. Сыртынан өзiн бiреу ұрды деп ойлаған Мысық қорыққаннан бақырып жiбердi. Шоқанның әкесiнiң әрi ат-қосшысы, әрi қаршығасын ұстаған Сыдық еңкейiп үйге кiре бергенде аяғының астынан шыққан ащы дауыстан шошып, қолындағы қаршыға далпылдап Мысықтың басына құстың қанаты келiп соғылды. Менi құсқа жегiз-гелi жатыр деп түсiнiп, Мысық басын қолымен басып, онан сайын бақырды.

– Өй, Мысық, қорықпа! – деп Шоқан қасына жетiп барды.

– Кейiн тартшы қолыңды. Мына шiркiндi қайдан ертiп жүрсiң. Даусы қалай ащы едi, әкетшi әрi, – деп семiз бәйбiше сырттан кiрген құсшы жiгiтке бұйыра сөйледi. Бәйбiшенiң жарлығы құлағына тиер-тиместен:

– Өй, кет былай, жолдан! – деп Сыдық аяғымен нұқып қалғанда, аяғы Мысыққа тимей босағада тұрған үлкен шылапшынға тиiп қаңғыр еткiздi. Шоқан Мысықты орнынан тұрғызып алды. Ендi Сыдықтың Мысықпен жұмысы болған жоқ. Ол қолындағы қаршығаның аяқ бауын керегеден бiр iлiп жiберiп, сырлы тұғыр-ға қондырды.

Көк қаршыға шегiр көзiн төңкере шаңырақтан аспан әлемiне құмарта бiр қарап, бiр рет дүр сiлкiнiп қойды. Бұрын мұндай құсты көрмеген Мысық онан көзiн алмай әрi таңданып, әрi қорқып қарайды. Мысықтың бағанадан берi көзi түспеген бiр нәрсе тағы шыға келдi. Ол сонау балбырап отырған семiз бәйбi-шенiң аржағындағы үлкен биiк төсектiң бас жағынан тұра келген тарғыл арлан едi. Екi құлағының балбыраған шашағы төгiлiп тұр. Күмiс қарғылы тайдай тазы тұрып алып, алдыңғы екi аяғын көсiлiп жiберiп, төсiн жерге тигiзе керiлдi. Мойнындағы күмiс қарғының күмiс сақиналары сылдыр қағып, тазы есiкке қарай бет алды. Мысық мұрны шуылдап, зәресi ұшып Шоқанның артына қарай ығыстай бердi.

– Қорықпа, тимейдi, – деп Шоқан Мысықты өзiнiң қатарына қарай ығыстырды. – Әжеке, мына Мысыққа бауырсақ бергiзшi, – деп Шоқан шешесiне өтiнiштi ерке тiлек айтты.

Ши жақта ыдыс-аяқ әзiрлеп жүрген қара торы әйелге:

– Әй, Қанипа, ана балаға бауырсақ әпершi, ана жерге отырғызып қымыз бер. Шоқанжан ертiп келiптi ғой, – деп сары бәйбiше бағанадай емес, Шоқанның ығына иiлiп жұмсай сөйледi. Шоқаннан именiп қалған тентек Жақып, әжекесiнiң арғы жағынан мысқылдай қарап, сықылықтай жұдырығын көрсетiп, кiжiнiп қояды.

Қара торы әйелдiң сырлы тостағанға салып қойған бауырсағын бiр-бiрлеп алып имене жеп, қымызды жайлау имене жұтып отырған Мысықка Шоқан:

– Сен немене, әлi де қорқып отырсың ба? Жеп қой бауырсақты, қалғанын етегiңе салып ал, – дедi оған тос-тағанды ысырып. Шоқанның сөзi ширатқан Мысық сыпайыланып отырған қысылудан жадырап, қымызды жұтып салып, аяқты жерге қойып, бауырсақты етегiне төге бүктеп алып, есiкке беттедi. Босағаға таяп барып сiлейiп тұра қалды. Оның сырттағы иттерден қорқып тұрғанын сезген Шоқан қасына келiп:

– Сiрә, қорқып тұрсың-ау, ә. Кәне, жүр, – деп ертiп үйден алысқа шығарып салып, – ертең мен барам, маған жақсылап түйе iстеп қой! – дедi.

– Жоқ, мен құс iстеймiн, – дедi Мысық, кiшкене шолақ мұрнын тартып.

– Иә, иә, iсте, тiптi жақсы, – дедi Шоқан оның ойын құптап.

Мысық ауылдың солтүстiгiндегi шилеуiтке жете бе-ре артына бiр қарап, иттен, тентек Жақыптан аман құ-тылғанына қуанып, жүгiре басып үйiне тартты.

2 thoughts on - Бала Шоқан Сапарғали Бегалин

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.