Балық анизакидозының таралуы

Home » Рефераттар » Балық анизакидозының таралуы
Рефераттар Комментариев нет

Қазақстанның балық шаруашылығы су қорына бай, балықтар түрі көп жəне балық өсiру мен аулауды қарқынды дамытуға қолайлы жағдайлар жасалған. Біздің республикамызда жалпы көлемі 7 млн гектардан астам үлкенді-кішілі көлдер көп. Соның ішінде, балық шаруашылығы қорының құрамына Каспий жəне Арал теңiздерiнiң қомақты су айдыны, Балқаш көлi, Алакөл көлдерiнiң жүйесi, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймалары мен басқа да халықаралық, республикалық жəне жергiлiктi маңызы бар су тоғандары кiредi. Балық түрлерінің саны барлық суларда сан алуан болады. Қазақстанда жалпы балықтардың 147 түрі тіршілік етеді. Республикаға балық жəне балық өнiмдерi 43 шетелдiк мемлекеттерден келiп түседi. Негiзгi балық жеткiзушiлерге Ресей, Норвегия жəне Қытай жатады. Каспий теңізінде 97 кəсіби балықтардың түрі тіршілік етеді. Олар қаракөз, сазан, көксерке, табан, балпан, тұқы, мөңке, бекіре, шоқыр, қортпа, пілмай, басқын, жайын, шортан, танабалық сияқты азық-түлік ретінде қолданылады. Сонымен қатар балық молшылығына қолдан өсіру əдісінің маңызы зор. Балық өсіретін зауыттар балық уылдырығын қолдан ұрықтандырып өсіріп, көптеген шабақтарды өзен, көлдерге жіберу арқылы балық санының артуына мүмкіндік жасайды. Алайда, балықтардың саны жыл сайын азайып барады, оған себеп — ең алдымен экологиялық жағдайлар жəне көптеген аурулар. Аурулардың ішінде инфекциялық, инвазиялық жəне жұқпалы емес аурулар балық арасында кең тараған. Балықтың инвазиялық ауруларының қоздырушылары: қарапайымдар, ішекқуыстылар, гельминттер, ұлулар жəне буынаяқты шаянтəрізділер. Сонымен қатар антропогенді əсерлердің кесірі балықтың инвазиялық ауруларын туды- рып, оның өсімін тежейді жəне қырылуға жол беретіні белгілі.

Осы инвазиялық аурулардың ішінде адамның денсаулығына аса қауіптілері: анизакис, порроцекум, контрацекум, эустронгилидес жəне описторхис балаңқұрт- тарымен (личинкаларымен) зақымданатын аурулар. Анизакидоздар қоздырғышының балаңқұрттары каспийлік майшабақта, долгиндік майшабақта, үлкен көзді майшабақта, беріште, көксеркеде, ақмарқада, қылышта, жайында, теңіз көксеркесінде, парсы бекіресінде, орыс бекіресінде, шоқырда, табанда, балпанда, қаракөзде, шабақта, тікенді балықта, айнакөзде, көктыранда жəне алабұғада кездеседі. Бұл паразиттердің ақтық иелері итбалықтар мен балық жейтін құстар, ал аралық иелері шаянтəрізділер болып табылады. Балықтар аралық иелерімен қоректенгенде залалданып, қосымша иесіне айналады. Анизакид тұқымдас нематодтар (Anisakidae) жер шарына кең тараған. Анизакидоздар қоздырғышының балақұрттары теңіз жəне мұхит балықтарында тоғышарлықпен өмір сүреді. Олар негізінен тынық мұхит майшабақтарында көп кездеседі. Анизакидоз – нематоздар тобындағы асқазан-ішекті зақымдайтын тікенекті биогельминтоз балақұрттары тобына жатады. Аурудың қоздырғышы негізінен нематодтар тұқымдастарына жататын Anisakidae, Anisakis, Contracaecum, Pseudoterranova, Porrocaecum, Hysterothylacium балақұрттары болып табылады. Олар бір-бірінен ас қорыту мүшелерінің алдыңғы бөліктері арқылы ерекшеленеді. Бұл паразиттердің ересек жəне орташа түрлері теңіз сүтқоректілерінде, құстарда, балықтарда, рептилиялар мен баурыменжорғалаушыларда, ал балаңқұртты түрлері – балықтар мен омыртқасыздарда тіршілік етеді. Адамдардағы анизакидоз ауруы алғаш рет 1955 жылы Голландияда тіркелді. Сол кезден бастап адамдардың аталмыш ауруға шалдығуы туралы мəліметтер Еуропа, Солтүстік жəне Оңтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде жиі орын ала бастады. Ресейде де бірен-саран ауруға шалдыққандар тіркелген. Жетілген гельминттер негізінен киттұқымдас жəне ұсақ ескекаяқтылар мен шеміршекті балықтар (акула,скат), балықпен қоректенетін құстарда (көкқұтан) тіршілік етеді. Гельминттердің ұрықтанған жұмыртқалары негізгі тіршілік иелерінің нəжістері арқылы су шаяндары тəріздес аралық иелеріне өтіп, екінші даму циклын бастайды. Анизакид балаңқұрттарының үшінші даму сатысы балаңқұрттардың тіршілік көзі саналатын бірінші аралық иеліктерден теңіз балықтары жəне кальмар сынды екінші қосымша иеліктерге өтеді. «Анизакидоз» диагнозы шикі теңіз тағамдарды тұтыну туралы мəліметтер алынғанда немесе клиникалық сипатына, биопсиялық метариалдарға жасалған морфологиялық зерттеулерді негізге ала отырып қойылады. Анизакид балаңқұрттарына қарсы рентгенография жасау жəне эндоскопия арқылы немесе асқазан жəне ішектің бөліктеріне ота жасап жонып алынған бөлшегін зерттеу арқылы көруге болады. Фиброгастродуоденоскопия жасау кезінде гельминттердің таралған жерлерін көптеген эрозия нүктелері бар ісінген шырышты қабығы арқылы білуге болады. Қанды зерттеу барысында бірыңғай лейкоцитоз бен эозинофилия айқындалады. Ал копроскопия кезінде анизакид личинкалары мен жұмыртқалары байқалмайды.

Паразиттің біртектілігін балаңқұрттарды зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Анизакидозды асқазан, ащы ішек, гастрит, панкреатит, холецистит жəне ісік аурулары арқылы сəйкестендіріп саралауға болады. Ішек түрінде аппендицит, дивертикулит, ісік, шаншу жəне энтероколит түрлерін шығарып тастау қажет. Қазақстанда да бұл ауру жайлап орын алуда. Əсіресе Каспий теңізінде, себебі ақтық иесі итбалықтар арқылы таралатындықтан осы теңізден ауланатын балықтардан анизакидоз ауруы анықталуда. Сонымен қатар, шет елдерден келіп азық-түлік мақсатында пайдаланатын балықтарда, соның ішінде майшабақ балықтарында көптеп кездеседі. Сол себепті мемлекет тарапынан да бұл жағдайлар ескеріліп, зерттеу тапсырыстары берілуде жəне ғылыми мамандардың қатысуымен экспедициялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Біз жүргізген зерттеу жұмыстары бойынша Каспий балықтарының жəне Қазастанға келетін шетелдік балықтардың 5 түрінен жүзге тарта балық зерттелді. Зерттеу жұмыстары РМҚ «Республикалық ветеринариялық зертханасы» паразитология жəне ихтиопатология бөлімінде балықтарға ихтиопатологиялық зерттеу жүргізілді. Зерттелінген балықтар: ақмарқа (жерех) –10, қаракөз балық (вобла) – 10, майшабақ (сельдь) – 55, мойва – 20, скумбрия – 10. Балықтардың: басы, денесі, желбезектері, бұлшық еттері, ішкі ағзалары микроскоппен компрессорлық тəсіл арқылы жəне визуальды түрде зерттелді.

Зерттеу жұмысының нəтижесі бойынша аталған балықтардан Anisakidae тұқымдасына жататын Anisakis, Contracaecum, Porrocaecum балаңқұрттары табылды. Балықтың ағзасында анизакид балақұрттары балықтың денесін жауып тұратын сірі қабықтарында орналасқан. Сондай-ақ ағзаның ішкі мүшелерінің бетінде немесе ұлпасында, бұлшық етіндегі жартылай мөлдір қабықта оралған спираль немесе солылған күйінде кездеседі. Анизакид балақұртының түсі ақ-сары, кейде қызыл-қоңыр болып келеді. Ұзындығы 1 см-ден 4 см-ге дейін, ені 0,2-0,5 мм-ге дейін, ал қабығының диаметрі 3,5 милиметрден 5,5 милимтерге дейін жетеді. Төмендегі кестеде зерттелінген балықтарда табылған анизакис балаңқұрттарының мағлұматы берілген.

Анизакид балаңқұрттарымен зақымданған балықтар адамдар мен етқоректілер денсаулығына қауіпті. Сонымен қатар жасанды өсірілетін бағалы мамық жүнді аңдарға да тəн, мысалы, құрамында осы гельминттердің балаңқұрттары бар жаңа ауланған теңіз балықтарымен қоректендірілетін қаракүзен жəне т.б. пайдалы жануарлар. Бұл паразиттермен жоғары зақымдалған балықтар мен кəсіптік омыртқасыздардың тауарлық сапасын шұғыл төмендетеді жəне оларды өңдеу мен өткізу кезінде теріс салдар тудырып, айтарлықтай экономикалық шығындар алып келеді. Балаңқұрттар залалалсыздандырылмаған балықтармен бірге асқорыту жүйесіне түскеннен кейін ішектің қабырғасына өтіп, сонда түлейді. Бірақ жыныстық жетілу кезеңіне дейін дамымайды. Балаңқұрттардың өмір сүруінен кейін қабыну процестері пайда болып шаншып ауырады жəне ішек-қарын жүйесінің жұмысының бұзылуымен, уланудың, аллергияның ауыр түрімен, кейде өліммен аяқталады. Қорыта келе, балық шаруашылығымен айналысатын аумақтарда жəне үйлерде заңды жəне жеке тұлғалар жұмыс істейтін адамдардың анизакид балақұрттарын жұқтырмаудың алдын-алу шараларын қамтамасыз ету керек. Балықтарды өңдеуші адамдар қорғану шараларын сақтауға тиіс. Нақтырақ айтсақ, балықтың шикі тартылған етінің жəне басқа да балықтың шикі өнімдерінің дəмін татуға болмайды.Уақытында қалдықтарды залалсыздандыру керек.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.