Банк табысы

Главная » Рефераттар » Банк табысы

Коммерциялық банктердің табыс көздеріне мынадай банктік бизнес түрлерін жатқызуға болады:

  • ссудалық бизнес;
  • дисконттық бизнес;
  • сақтау бизнесі;
  • банктік кепіл беру қызметі;
  • бағалы қағаздармен жасалатын бизнес;
  • салымдар қабылдау және клиенттердің тапсырмасы бойынша операцияларды жүзеге асыру бизнесі;
  • басқа банктермен корреспонденттік қатынасқа негізделген бизнес;
  • дәстүрлі емес қызметтерді көрсету бизнесі.

Ссудалық бизнес екі элементтен тұрады: клиенттерге (жеке және заңды тұлғаларға) ссудалар беру және бос ресурстарды басқа коммерциялық банктерге уақытша пайдалануға пайыздық сыйақыда беру.  Сссудалық бизнестің екінші бөлігі кейде банкаралық несие, кейде басқа банктегі депозит формасында болуы мүмкін. Ссудалық бизнестен пайыз формасында табыс түседі.

Дисконттық бизнес, төленбеген вексельдерді, чектерді  және талаптарды банктің  белгілі бір төменгі бағамен – дисконт негізінде сатып алуын сипаттайды. Дисконт бизнестің түріне факторинг операциясы жатады. Факторинг операциясы айналымды және айналымсыз болуы мүмкін. Бірінші жағдайда, банк төлеушінің төлемеген міндеттемесін қаражатты алушыдан (жабдықтаушыдан) талап етуге құқылы. Ал екінші жағдайда, банктің ондай құқығы жоқ, бірақ ол ондай операциядан түсетін жоғары сыйақы үшін тәуекелге барады. Факторингтік операциядан түсетін сыйақының жоғары болуы, өнімді сатудан  түсетін жабдықтаушының табысын азайтады. Мұндағы табыс екі элементтен тұрады: 1) сатып алғаннан төлемнің түсуі арасындағы аралықта банктің несиелік ресурсын пайдаланғаны үшін төленетін пайыз және 2) факторинг операциясының түріне байланысты тәуекелге сәйкес шамасы ауытқып отыратын комиссиондық сыйақы. Факторинг операциясындағы комиссия пайызбен белгіленетіндіктен, факторингтік операциядан түсетін табысты банктің пайыздық табысына жатқызады.

.
.

Сақтау бизнесі банктің трасталық (сенім) және агенттікқызметтеріне негізделеді. Бұл бизнес клиенттің мүлкін (жылжымайтын мүлік, бағалы қағаз, шоттағы қаражатын) басқарғаны үшін немесе осы мүлікке байланысты клиенттің тапсырмаларын орындағаны үшін алатын комиссия формасындағы табыс түрінде банкке табыс әкеледі. Мысалға, траст келісім-шарты негізінде банк клиентке шоттағы қаражатын табыс әкелетін активтерге орналастыратындығына міндеттеме алады. Агенттік қызметте клиентпен нақты қай операцияға қаражат жұмсау қажеттігін келісіп алады. Трасталық операцияларда тәуекел жоғары, себебі мұнда банктің табысы клиенттің табысынан жоғары болуын қалайды. Соған сәйкес, трасталық операциялардан түсетін комиссия мөлшері де агенттік қызмет көрсетуден түсетін табысқа қарағанда біршама жоғары болып келеді. Мұндай ерекшелік, өз кезегінде трасталық қызметтен алынатын комиссиялық сыйақының құрылымын анықтайды. Ол мүлікті басқарғаны үшін төленетін комиссиондық сыйақы мен жұмыстың нәтижесі бойынша төленетін сыйақыдан тұрады. Бағалы қағаздармен бизнес мынадай элементтерді қамтиды: банктің өзінің бағалы қағаздарын шығару; оларды нарықта сату; кәсіпорындарды жекешелендіруге байланысты қызмет көрсетуде басқа да эмитенттердің бағалы қағаздарымен қайталама нарықтағы операциялары. Мұндай бинестен түсетін табыстар келесідей көзден құралады: 1) өзінің және басқа да эмитенттердің бағалы қағаздарын сату барысында бағамдық айырмадан; 2) жекешелендіруге байланысты көрсеткен қызметі (жекшелендірілетін кәсіпорынның есебін талап етілетін стандартқа жеткізіу, оның құнын бағалау, акцияларын шығару және орналастыру, реестр жүргізу) үшін комиссия. Банктің кепіл беру қызметі клиенттерге есеп айрысу үшін және несие алу үшін банктің әр түрлі формалардағы берген кепіл-хаты мен кепілдемесінен түсетін ақшалай сыйақы түріндегі табыс әкелетін банктің қызметін сипаттайды. Егер клиент банкі үшін оның атын шығаратын клиенттердің қатарында болса, банк оған ақысыз кепіл-хатын беруі мүмкін. Салымдар қабылдау және клиенттердің тапсырмасы бойынша операцияларды жүзеге асыру бизнесі банкке мынадай формаларда табыс алуға мүмкіндік береді: комиссиондық сыйақылар: а) шот ашқаны үшін; б) шотты жүргізгені үшін; белгілі бір мерзім ішінде белгіленген комиссия (ақша белгісінде); айналымнан алынатын комиссия (айналымнан % түрінде алу): в) шот бойынша операциялар туралы көшірме бергені үшін; г) шотты жабу үшін; д) қолма-қол ақша беруге немесе есеп айрысуға байланысты операцияларды жүргізгені үшін. Банктің корреспонденттік қатынас бойынша басқа банктердегі корреспонденттік шоттарындағы кредиттік қалдық үшін алатын пайызы; Дәстүрлі емес табыс түрлері банктің лизингтік, ақпараттық, кеңес беру, валюта айырбастауға байланысты, клиенттерге оқытып-үйреткені үшін және т.б алынатын табыстар. Мұндағы лизингтік операциялардан түсетін табысқа: лизингтік төлемдер, пайыздық төлем және комиссия жатады.

.

Банктің барлық табысын үш топқа бөлуге болады:

  1. пайыздық табыстар;
  2. банктік қызмет көрсетуден алатын комиссиялар;
  3. басқа да табыстар ( бағамдық айырма, яғни баланстық құны мен нарықтық құны арасындағы айырма, алынған айып пұлдар, пенялар және т.с.с.)

Пайыздық табыс пен комиссиялармен ұштасуы мүмкін. Мысалға, несиелік және факторингтік операциялардан банк пайыздық төлем мен комиссияға иеленеді. Ссудалық пайыз – пайыздық табыстың басты көзі ретінде банктің берген ссудалары үшін қарыз алушылардың төлейтін төлемі болып табылады. Ссудалық пайызды мынадай белгілерге байланысты жіктеуге болады:

  1. несие формасына қарай: коммерциялық, банктік, тұтыну несиелерінің пайызы және т.с.с.;
  2. несиелік мекеменің түріне байланысты: Орталық банктің есепке алу пайызы, банктік, ломбардтық;
  3. ссудалардың мерзіміне қарай: қысқа мерзімді ссудалар бойынша пайыз, ұзақ мерзімді ссудалар бойынша пайыз;
  4. ссудалар түріне байланысты: овердрафт бойынша айналым құралдарына берілген ссудалар, вексельдерді есепке алу, мақсатты ссудалар бойынша пайызы;
  5. операциялар түрлеріне қарай: ссудалар бойынша пайыз, банкаралық несиелер бойынша пайыз, депозиттік пайыз;
  6. есептеу тәсіліне қарай: жай және күрделі, қарапайым және тура және т.б.

Комиссия– банктік операция үшін сыйақы, латын тілінен аударғанда “comissio” сөзі тапсырма дегенді білдіреді. Оның мөлшеріне көрсетілетін қызметтердің өзіндік құны мен қажетті пайда жатады. Табыс көздері екіге бөлінеді: тұрақты, оған банктік қызметтен алынатын пайыздық және пайызсыз табыстар жатады; тұрақсыз, оған қайталама нарықтағы бағалы қағаздармен жасалатын операциялардан және көзге көрінбейтін операциялардан алатын табыстарды жатқызуға болады. Коммерциялық банктердің шығыстарын формасына және есепке алу тәсіліне қарай жіктеуге болады. Формасына қарай, олар мынадай түрлерге бөлінеді: пайыздық шығыстар; пайызсыз шығыстар; басқа да шығыстар. Пайыздық шығыстар клиенттердің талап ету және мерзімді депозиттері, басқа банктердің депозиттері бойынша, басқа да банктерден сатып алынған несиелік ресурстар үшін, сондай-ақ шығарған бағалы қағаздары бойынша төленген пайыздардан құралады. Пайызсыз шығыстарға жалпы банктің операциондық шығыстары мен басқару аппаратын ұстау шығындары жатады. Басқа да шығыстар, банктік операциялардың өзіндік құнына жататын резервтерді құру, салық төлеу шығыстарын, бағалы қағаздар нарығында, валюталық нарықта алып-сатарлық операцияларды жүзеге асыруға, банктің мүлкін сатуға және т.б. байланысты болатын зияндарды  сипаттайды. Есепке алу тәсіліне қарай банктік шығыстарды мынадай түрлерге бөледі: банктің операциондық және түрлі шығыстары: банктің төлейтін салықтарының бір бөлігі, (мүлік, жол, көлік құралдары, жер, ҚҚС, яғни бұл салықтар банктің операцияларының өзіндік құнына жатады) тартқан қаражаттар бойынша төленген пайыздар, негізгі құралдардың амортизациясы, арзан бағалы тез тозатын заттардың және материалдық емес активтердің тозуы, жалгерлік шығыстары, жарнама, есептесу орталықтарының, пошта және телеграф қызметтері үшін төлемдер, оқытуға төлемдер, бланктер, ақпарат тасымалдаушылар, орайтын материалдар үшін шығыстар және капиталдық емес сипатттағы басқа да шығындар; басқару аппаратын ұстау шығыстары: жалақы, сыйлықақы, ынталандыру ақысы, ғимаратты, құрал-жабдықтарды және жеңіл машиналарды ұстау, күзет үшін шығыстар, іс-сапар және кеңсе заттары үшін шығыстар, яғни олар пайызсыз шығыстарды білдіреді; банктің төлейтін айып пұлдар, пенялары және т.б. шығыстары.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.