Барымта

Home » Рефераттар » Барымта
Рефераттар Комментариев нет

Барымта — қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетінде ерте замандарда қалыптасқан ұғым. Барымта бастапқы кезде прогрессивті рөл атқарған; “қанға-қан, жанға-жан” дәстүрі адам мен адам, ру мен ру арасындағы қастықты күшейте түсетіндіктен, кек қайтаруды құн төлеумен алмастыру, егер де кінәлі жақ әр түрлі себептермен белгіленген құн мөлшерін өтей алмаса, немесе бұлтарса ақсақалдар алқасының, билер сотының кесімімен барымта жасауға, яки, оның өрістегі малын айдап алып кетуге рұқсат етілген. Сондықтан барымтаны ұрлықпен, тонаушылықпен, шапқыншылықпен шатастыруға болмайды. Кезінде барымтаны кегі қайтпаған, есесі кеткен жақ жариялы түрде жасаған. Оған біреудің ақ баталы жесірін не некелі әйелін азғырып әкету, кісі өлтірген жақтың кесімді құнды төлей алмауы, біреудің қорық жеріне мал жайып, қыс қыстауына, жаз жайлауына рұқсатсыз қону, ортаға түскен олжадан тиісті үлес-сыбаға бермеу, тойға шақырмай, елеусіз қалдыру, т.с.с. дала заңына, салт-санасына қайшы келетін жағдаяттар себеп болған. Сондықтан, барымталаушының ісі заңды әрекет саналған.

Барымтаның түрлері — ұрлық жасалып, уры малды сіңіріп алса, біреудің кісісі өліп өлтіруші жақ тез арада алты жақсысын алып алдарына жығылмаса біреудің қорық жеріне өзгенің малы жайылып істен шығарса. Сонымен қатар некемен отбасы мәселелерінен өрбитін; қалың малын төлемей қыз алып қашу біреудің заңды некесін бұзу, ортаға тускен олжадан сыбаға бермеу, қонағасы дәстүрін бұзу т.б.

Егер барымта шектеулі мөлшерден артық жасалса, онда жапа шеккен жақ қарымта қайтарған. “Барымтаға — қарымта” деген мәтел соған байланысты шыққан. Екі жақтың дауы біткен кезде барымталанған мал, мүлік түгелдей есепке алынған. Ал санаққа ілінбей, білінбей қалғандары сырымта ретінде сіңіп кеткен. “Білсе — барымта, білмесе — сырымта” деген сөз де содан қалған. Тәуке ханның тұсында құн төлеу институтының тәртіптелуіне байланысты, Барымта дала қоғамындағы заңдылық пен реттілікті сақтаудың бірден-бір құралына айналды. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында Қазақ елі Ресейдің қол астына қарап, отарлық өктемдіктің күшеюіне, дала халқын билеп-төстеудің жаңа әкімш.-құқықтық тетіктері енгізілуіне орай, көптеген әдет-ғұрып қағидалары өзінің бастапқы мән-мағынасын жоғалтты. Әсіресе, құн өтеу амалы — Барымта мал ұрлау мен талан-тараж, шапқыншылық ретінде айыпталды. Мысалы, 1822 жылы 22 маусымдағы “Сібір қазақтары туралы жарғының” 202-бабында: “қазақтарға қатысты тек: 1) мемлекеттік мүддені сату; 2) кісі өлтіру; 3) тонау мен барымта; 4) өкімет билігіне әдейі бағынбау қылмыстық іс саналсын” деп атап көрсеткен. Содан бастап қазақ жерінің әр тарабында билер соты Барымтаны ұрлыққа жатқызып, барымташыларды қатаң жазалау туралы үкімдер шығара бастады [2].

Барымта уақыты — жаз мезгілі. Барымташылықпен ауылдың қарулы жігіттері айналысқан. Барымташы: «жаудан бос қайтқанша жаралы қайт» деп тарамыс жеп, жорыққа дайындалып аттанған. Тарамыс қазақтардың дәстүрлі наным-сенімі бойынша барымташыға күш береді, жолда қауіп-қатерден сақтайды-мыс. Барымташылар құрамы әлеуметтік жағдайы темен орташа кедейлер еді. Кәнігі барымташылардың ұлдары да өсе келе барымташылыққа үйренді, бір жағынан ерлік көрсетіп, ептілік танытудың бір сәті тәрізді көрінген.

Көшпелілердің еркін өмірі, өзара талас-тартыстары, кек алу, кешірім беру, бұл істерге билердің араласуы сияқты мәселелер осы барымташылық кезінде көрініп отырды. Жылқы барымталау мен жылқы ұрлау екеуі екі бөлек жағдай. Н.Гродековтың түсіндіруі бойынша, біріншіден, Барымта алдын ала ескертіліп ашық түрде жасалады; екіншіден, түнде емес, күндіз жасалады; үшіншіден, барымта жасауға негіз керек, мысалы, оның жесірін, қалыңдығын алып қашқан, айыбын төлемеген, ұрлық жасағанда т.б. Сондай-ақ барымта біреу айыпкер болып, би кесіп берген айыпты төлеуден бас тартқан жағдайда да жасалады. барымта тек жылқының иесіне, кей жағдайда оның рулас туысына, сол әулеттің ақсалына, яғни қарсыласына жасалған шабуыл болып саналады.

Н.Гродеков: «Қазақ хандығы тұсында барымта соғыспен тең болды. Қазір де одан кем емес, жау шаптыға теңейді. Барымта қатыгездікке де ұласқан. Барымталаған ауылдың адамдарының аяғына арқан салған, ағашқа байлаған», -дейді. Белгілі «Айман-Шолпан» оқиғасында Көтібар батыр Маман байдың ауылын барымталағанда, қыздары Айман мен Шолпанды алып кеткен. Барымталасқан екі ауыл мәселесіне билер араласып, бір-біріне барымталасқан малдарын қайтартатын болған. Барымталап әкелген малдан Барымташыларға аз ғана үлес тиген. Айталық 200 жылқыдан тек 20-30-ға жуығы ғана барымташыларға қалдырылып, қалғаны сұлтандар мен билерге тиесілі болған. Қазақы ортада барымташылық туралы: «Ол ұрлаган жоқ барымталап алды» деген қағида қалыптасып, барымташылықпен айналысуға өздерінің «заңды» құқықтары бардай сезінген. Барымта қазақы ортада руаралық қатынастар жүйесін реттейтін функция да атқарды. Оның зорлық-зомбылықтың құралына және оспадар түріне айналуы орыс отаршылығының күшейген кезеңінде болды. Себебі жері тарылған, ежелгі басқару жүйесі мүлдем өзгерген қазақ рулары орыс шенеуніктерінің айдап салуымен барымташылдықты бір-бірінен жер тартып алу, мал айдап алып кету, сан алуан зорлық-зомбылық көрсету сияқты жағымсыз мақсаттарға қолданды

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.