Батыс Қазақстан облысы аумағындағы тас ғасыры

Главная » Рефераттар » Батыс Қазақстан облысы аумағындағы тас ғасыры

Адам баласын қай уақытта болмасын өзінің шығу тегі туралы мәселе қызықтырып келеді. Алғашқы адамдардың мифтік аңыздарынан ежелгі дәуірдің философиялық жүйесіне дейін осы құпияны ашуға түрлі пікірлер мен қарапайым болжамдар арқылы талпыныстар жасалып келеді. Өте ежелден білуге құмарпаздардың назары «найзағай оқтары» аталып, кейде бойтұмар ретінде пайдаланылған тас бұйымдарға түскен болатын. Алғаш рет бұндай ғажап тастар адам қолымен жасалынуы мүмкін екендігі туралы ойды сонау XIX ғ. ортағасырлық дәуірдің минералогы М.Маркоти айтқан болатын. ХҮІІІ — XIX ғ. басында — ақ ежелгі заман әуесқой — антикварлары тас құралдарды дайындаушылар адамдар болғандығын білді, бірақ олардың тіршілік еткен уақыты туралы түрлі болжамды тек салыстырмалы түрде ғана бере алатын еді. 1836 ж. Данияның ежелгі заман мұражайының сақтаушысы К.Ю. Томсон табылған олжаларды тас, қола және темір дәуірлеріне сай келетін үш бөлімге бөлді: осылайша, алғашқы қауым археологиясының ғылым ретінде пайда болуына бастама болған негіз құраушы «үш дәуірлік жүйе» құрылды. 1865 ж. ағылшын Джон Леббок тас дәуірінің екі кезеңі туралы түсінікті енгізді — палеолит және неолит. 1892 ж. А. Браунның «мезолит» (орта тас ғасыры) терминін енгізуімен күні бүгінге дейін қолданылып жүрген тас ғасырының үштік классификациясы қалыптасқан болатын. XIX   ғ.   бірінші   жартысында   Евразияның   бірқатар   елдеріндегі ежелгі үңгірлерде қазба жұмыстары жүргізіліп, оларда жануарлардың сүйектері, тас құралдар, сол сияқты кейде адам қаңқалары да табылды. Тас құралдардың ежелгі заманға жататындығын, олардың жер бетінен жойылып кеткен жануарлармен синхронды екендігін мойындауда француз әуесқой археологы Буше де Пертаның (1788 — 1868) зерттеулері ерекше рөл атқарады. Ұзақ жылдар бойы ол тас құралдар мен жануар қалдықтарынан коллекция жинақтаумен айналысқан. Алғашқыда Буше де Пертаның негізгі қорытынды пікірлерін ғылыми қауымдастық қабылдамаса да, тас бұйымдар табылған орындарды беделді геологтар мен археологтар тексеріп шыққаннан кейін олардың көзқарастары  өзгерген болатын. Бұл одан арғы палеолит ескерткіштерін іздестіру мен қазу жұмыстарына жаңа серпін беріп, ең әуелгі кезекте олардың неғұрлым көп шоғырланған жері Францияның оңтүстік — батысындағы, Большой Перигор ауданында өз жалғасын тапқан болатын. Атап айтқанда, осы облыстың көпқабатты үңгірлеріндегі материалдар бойынша Э. Ларте алғаш рет палеолит шеңберіндегі дәуірлердің классификациясын жасауға тырысты. XIX ғ. екінші жартысында — XX ғ. басында тас ғасырын зерттеу эволюция туралы ілімнің ықпалымен одан әрі дами түсті. Эволюционизм табиғаттың барлық құбылыстарының прогрессивті дамуы туралы ілімді алға тартқан еді. Оның негізгі идеялары Ч. Дарвиннің «Происхождение видов путем естественного отбора» (1859) және «Происхождение человека и половой отбор» (1871) деген еңбектерінде берілген. Ч. Лайелдің, Т. Гекслидің, Э, Геккельдің және де басқалардың еңбектерінің арқасында эволюционизм тұжырымдамасы барлық жаратылыстану ғылымдарында салтанат құрды және адамзат мәдениеті мен оның жекелеген элементтерінің дамуына да қолданыла бастады. Эволюционизмнің кәдімгі өкілі Габриэль де Мортилье (1821 — 1898) болып табылады, оны палеолит туралы кәсіби ғылымның атасы деп те атауға болады. Тас құралдарының пішіндері мен оларды дайындау әдістерінің сипатты белгілеріне қарап, ол ежелгі тас ғасырын бірнеше дәуірлерге бөлді; олардың әрқайсысына тас бұйымдар табылған жерлердің аттары берілді. Мортилье жүйесі өзінің соңғы нұсқасында мынадай кезең атауларына ие болды: ашель, мустье, солютре, мадлен. Уақыт өте келе палеолитті төменгі (ерте) және жоғары (кейінгі) деп екі кезеңге бөлетін түсінік қалыптасты. Археология адамзат мәдениетінің ежелгі іздерін зерттейтін археология ғылымының саласы болып табылады. «Тас» ғылымының қалыптасуы мен дамуы адамның пайда болуын — антропогенезін зерттеумен тікелей байланысты. Тас ғасырының төменгі хронологиялық кезеңі — палеолит (ежелгі тас ғасыры), неғұрлым ертеректе табылған артефактармен (адам қолының туындылары) ерекшеленеді. Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, ежелгі ескерткіштер табылған Африкадағы адамдардың ата — бабалары тас құралдарды шамамен бұдан 2,6 млн, жыл бұрын дайындай бастаған. Ерте палеолит үш үлкен дәуірге бөлінеді: олдувайлық (2,6 млн. — 700 мың ж. бұрын), ашельдік (700 мың — 150 — 120 мың ж. бұрын) және мустьерлік (150 — 120 мың — 35 — 30 мың ж. бұрын). Палеолиттің жоғарғы шекарасы Жер табиғатының даму тарихындағы маңызды палеографиялық оқиғамен анықталады — кейінгі мұз басудың соңы мен мұз басу аралығы (голоцен). Қазіргі заманмен екі аралықты 10 мың ж. астам уақыт бөліп жатыр. Палеолиттің ерте кезеңінде біз сырт пішіні қазіргі адамдардан гөрі маймылға көбірек ұқсайтын тіршілік иелерін көреміз, олар тек дөрекі тас құралдарды ебедейсіз ұстай білген. Палеолиттің соңына қарай анатомиялық жағынан сіз бен бізден айырмашылығы жоқ, шынайы адамзат қоғамының барлық атрибуттарына ие — дамыған материалдық мәдениет: тастан, ағаштан, сүйектен, мүйізден жасалған бұйымдардың жүздеген түрі; тілі, әлеуметтік ұйымы, отбасы, діні, өнері, жерлеу дәстүрлері т.б. бар толық қалыптасқан адамды көреміз. Сондықтан да, дүниеге Homosapiens сияқты антропологиялық түрдің, тағы да басқа адамзат мәдениетінің негізгі базалық элементтерінің күрделі пайда болу үрдісі осы тас дәуірінде жүзеге асқандықтан, қоғамдық ғылымдар ішінде оның маңыздылығын ештеңемен теңестіруге болмайды. Ежелгі тас ғасыры дәуірі — адамзат пен оның шаруашылығының қалыптасқан уақыты — өндіргіш күштер деңгейінің төмендігімен сипатталады. Қарапайым шаруашылық қызметі табиғаттың дайын өнімдерін пайдаланумен шектелді. Алғашқы адам жабайы өсімдіктерді, жеміс — жидектерді жинап, жабайы жануарларды аулады. Адамдардың өзара қарым — қатынасы ұжым мүшелерінің экономикалық теңдігіне, еңбектің табиғи жыныстық — жастық бөлінуіне және ұжымдық сипатқа ие болды. Палеолит дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымдасуы дамудың күрделі де ұзақ жолынан өтті. Оның бастапқы кезеңі алғашқы табын — бірлесе қорғану және шабуыл жасау, аң аулау, терімшілікпен айна-лысу үшін құрылған бірлестік. Бұл руға дейінгі әлеуметтік бірлестік басқаларынан өзінің тыныштық күйімен, қоғамдық қатынастарының дамымағандығымен, қауымдық — отбасылық шаруашылықтың қалыптаспағандығымен ерекшеленеді, алайда бұл сатыда некелік байланыс біршама ретке түсіп қалған еді. Алғашқы табын төменгі палеолиттің неғұрлым ертеректегі екі сатысына — ашельге дейінгі және ашель кезеңіне тұспа — тұс келді. Ашель кезінде біртіндеп жаңа әлеуметтік ұйым — алғашқы қауымның алғышарттары пісіп жетіле бастайды. Мустье дәуірінде отырықшылық пайда болып, еңбек бөлінісі табиғи түрде жынысқа және жасқа қарай бөлінеді, қауымның бастапқы формалары өмірге келеді. Кейінгі палеолиттің адамдар ұжымы әлеуметтік қатынас жағынан жаңа қырлармен — алғашқы рулық қауымның неғұрлым жетілген формаларының қалыптасуымен    ерекшеленеді. Бұндай сапалық даму сатысы, көптеген зерттеушілердің пікірінше, неандерталь адамының қазіргі адамға (Homosapiens) ауысу уақытымен сәйкес келеді. Палеолит — бұл Жер табиғатындағы орасан зор қайта құрулар кезеңі, бұл кезде аса қатты суықтан планетаның бүкіл болмысы зор өзгерістерге ұшырап, жануарлардың көптеген түрлері пайда болды және жойылып кетті. Палеолиттің табиғи — ғылыми аспектілерін зерттемейінше, ескерткіштердің геологиялық — геоморфологиялық позицияларын білмейінше, табиғи ортаны қайта қалпына келтірмейінше, зерттелетін қалдықтардың жасын анықтау, палеолит адамдарының шаруашылығы мен тұрмысын қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Палеолит — бұл шын мәнінде « барлық бастаулардың» дәуірі: тап осы дәуірде алғашқы өнер, дін, отбасы, әлеуметтік ұйымдар өз тамырларын жіберген болатын. Қайнарларды зерттеу құбылыстың мәін анықтауа мүмкіндік береді. Сондықтан да, философтардың, тарихшылардың этнографтардың, антропологтардың, өнертанушылардың палеолитті зерттеуге үлкен қызығушылық танытулары да заңды құбылыс деп айтуға болады. Өз кезегінде, археолог — палеолиттанушылардың да гуманитарлық ғылымдардың түрлі саласы бойынша білімдері болуы керек. Бұндай жанжақтылық — палеолиттік археологияның неғұрлым тартымды жақтарының бірі болып табылады. Палеолит дәуірінің тағы бір ерекшелігі артефактар жинағы шеңберінің салыстымалы түрде алғанда тар болуымен байланысты. Органикалық материалдардың басым бөлігі (ағаш, мата, тері) өте бір сирек жағдайларда болмаса, бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Тіпті сүйек қалдықтарының өзі де көбіне сақтала бермейді. Егер орта ғасырларды зерттеуші — археолог қоныстардың; бекіністердің, жерлеу орындары бар обалардың қалдықтарын зерттей алса және іс жүзінде барлық бұйымдар (құмыра, қанжар, қылыш, айна, алқа, моншақ т,б.) оған тарихи деректер мен этнография арқылы таныс болса, палеолиттанушы үшін негізінен бірден — бір дерек — қарапайым адам үйін жәй ғана жұмыр тас болып көрінуі мүмкін, адам қолымен өңделген қарапайым тастар болып табылады. Осы бір «өлі» тастарға «тіл бітіріп» сөйлету үшін зерттеушілерге қаншама күш — жігерлерін жұмсау керек десеңізші! Сонда ғана ол тастар біздің назарымыздан уақыттың мыңжылдықтарының шымылдығымен бөлінген алғашқы адамдардың өмірі туралы сыр шертер еді. Палеолитті зерттеу мысалы арқылы біздің ежелгі заман туралы біліміміздің тиянақсыз, салыстырмалы түрде ғана екендігін айқын аңғаруға болады. Палеолитті зерттеу археологияның басқа салаларын зерттеумен салыстырғанда (мысалы, антикалық) өте қарқынды жүруде. Бұнда кейде барлық қалыптасып қалған пікірлердің тас — талқанын шығарып, мүлдем басқа көзқарас туындататын жаңа ашулар да болып жатады. Алайда, біздің еліміздің орасан зор аумағы палеолиттік ескерткіштердің орналасу картасында жұмбақ «ақ таңдақтарға» бай аймақ болып қалып отыр. Батыс Қазақстанның палеолитін зерттеудің пионері ретінде А, Г. Медоевты атауға болады. Ол Сарытас шығанағын Тұпқараған түбегін, Құмақәпе жазығын, Қаратау қыратын (Маңғыстау түбегі) зерттеді. Ерте палеолиттен бастап, неолитке дейінгі қоныстар ашылып, зерттелді. А. Г. Медоев археологиялық материалдардың негізінде, геологияның, геоморфологияның және де басқа жаратылыстану ғылымдарының мәліметтерін есепке ала отырып, алғаш рет Қазақстан палеолитінің геохронологиялық межесін жасады. Батыс Қазақстан үшін ол мынадай мәдени кезеңдерді сипаттап берді: протолеваллуа — ашель (ерте палеолит), леваллуа ашель I (ерте ашель); леваллуа — ашель II (мустьеге сәйкес келеді), шақпақата I (кейінгі палеолит), шақпақата II (эпиполеолит). Маңғыстау палеолитін зерттеуді 80 ж. ортасында Ж.Қ, Таймағамбетов жалғастырды, ол шақпақата қоныстарының индустриясына ұқсас Онежек 1-7 палеолиттік ескерткіштерінің бірқатарын ашты (Таймағамбетов Ж. Қ., Нұрқабаев М.С. 1987. 58 6.) Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Батыс Қазақстанның палеолитін зерттеуге үлкен назар аударыла бастады. Археологиялық жұмыстардың барысында үлкен археологиялық материал жинақталды, ондаған қоныстар мен мекендер табылды. 1992 жылы бастап Қазақстан аумағында тас ғасырын зерттеу бойынша бірлескен Ресей — Қазақстан археологиялық экспедициясы (СРКАЭ) өз жұмысын бастады. «Ежелгі адамның полиэкологиясы және Евразия материгін бастапқы игеру» атты жаһандық халықаралық бағдарлама негізінде 1993 ж, СО РАН Археология институты мен ҚР РАН Ә.Х Марғұлан атындағы Археологиялық институтымен және Қ.И. Сәтпаев атындағы Геология  ғылымдары институты арасында ғылыми ынтымақтастық жөнінде келісім шартқа қол қойылды Батыс Қазақстан бойынша басымдық берілетін аудандар ретінде Маңғыстау мен Мұғалжар аталды.

 

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.