Әбікен Бектұров

Home » Рефераттар » Әбікен Бектұров
Рефераттар Комментариев нет

Әбікен Бектұров — 1901 жылы желтоқсанның 25-інде Павлодар облысы Баянауыл ауданының 8-ауылында дүниеге келген. Өткен ғасырдың құрдасы Әбікен Бектұров қоғамдық құрылыс өзгеруінің, саяси дауылдардың, екі бірдей дүние жүзі соғысының, кәмпескелеу мен ұйымдастыру кезеңінің, аштық тақсыретінің куәсі. Осындай зұлмат дәуірдің талай қиындықтарын басынан кешіре отырып, ғалым бүкіл тұрмыс-тіршілігінде, өмір жолында адалдықты мұрат тұтқан. Өзгені түсінуге деген ықыласын, басқаға көмектесуге деген құлшынысын, білімге деген құштарлығын өмір бойы сақтай білген. Сондықтан да болар, сырт сипаты қатал көрінетін Әбікен Бектұрұлы жомарттық пен жайсандықтың, жолдасқа деген ілтипаттылыктың, адамға деген ізгі ниеттіліктің ордасы болатын.
bekturovabikenӘбікен Бектұровтың жоғарыда аталған қасиеттері мен ғылымға құштарлығы өзінің айналасындағы көптеген шәкірттері мен әріптестеріне, бүкіл бір ұжымның тағдырына игі әсерін тигізгенін айтып өткеніміз жөн. Бұл құштарлық ғылыми жұмыстарды Қазақстанның минералдық қорын тиімді меңгеруге нақты бағыттағандығынан айқын танылады. Ғалым қызметінің осы бір ерекшелігі оның бала кезінде-ақ: 16 жастағы балаң жігіттің жер өлшеуші болып жүріп, жерананың таңғажайып мүмкіншілігінен ел тіршілігіне талғажау болар қасиетін танығаны жас шағында-ақ пайда болғандай, Әбікен Бектұров өзінің еңбек жолын 1917 жылдан бастады. Алғашында жер өлшеуші, содан кейін Қызылжар уездік төңкеріс комитетінің жер бөлімі бастығы болады. 1923 жылы Омбы қаласындағы рабфакқа оқуға түседі де, оны бітіргеннен кейін Семей губерниялық жер басқармасында қоныстандыру партиясының жетекшісі болып жұмыс атқарады. 1928 жылы Ә. Бектұров Омбыдағы ауылшаруашылық институтына түсіп, оны 1931 жылы агрохимия мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына түседі. 1935 жылы Орта Азиядағы ғылыми адамдардың ішінде «Қышқылдардың екі қосылыспайтын фазалар арасындағы бөлінісу коэффициентіне температура мен күшті электролиттердің әсері» деген тақырыпта тұңғыш рет диссертация қорғап, химия ғылымдарының кандидаты атағына ие болды. Оның алғашқы ғылыми еңбектерін белгілі совет ғалымдары жақсы бағалаған еді.
Сол жылы Ә. Бектұров Алматыға Қазақ мемлекеттік университетіне шакырылады, содан бастап педагогикалық ғылыми және қоғамдық қызметтермен айналысып, химияның түрлі салаларында ғылыми зерттеу, ұйымдастыру жұмыстарына қызу жігермен белсене кіріседі. 1934 жылдан бастап ол жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының тұңғыш меңгерушісі әрі алғаш ашылған химия факультетінің тұңғыш деканы қызметін қатар атқарады. Университеттегі алғашқы күндерінен бастап жиырма бес жыл бойы үздіксіз педагогикалық қызметпен айналысып, жалпы және бейорганикалык химия пәндері бойынша лекциялар курсын, бейорганикалық қосылыстарды физика-химиялық әдістермен зерттеудің, заттардың құрылысы туралы арнаулы курсын оқиды. Оның лекциялары әрқашан да терең мағыналы, тартымды және әсерлі болған.
Ә. Бектұров кафедрасындағы жұмыс бағытын практикалық семестр кезінде студенттердің Қаратау өңіріне барлау жасауымен ұштастырып отырады. Қаратау жоталары мен жон қыраттарынан палеозой дәуіріндегі осыдан екі миллиард жыл бұрын тіршілік еткен теңіз жәндіктері мен бізге геологиялық атаулармен аңыз болып жеткен Кембри, Силур атты мыртық, қысқа бойлы жылқылар ізінің сілемдерін шарлай іздеген еңбектері зая кетпейді. Еткен еңбек, төккен тердің басты мақсаты сол жер қойнауының қабат-қабат қыртыстарындағы минералды тұздардың қасиетін және сапасын танып білу, оның қордалы көзін тауып, халық игілігіне асыру еді.
Ғалым декан болып қызмет істеген кезінде оның ұйымдастыруымен лайықты кадрлар топтастырылып, факультетте аналитикалық, физикалық, органикалық химия секілді бірнеше кафедралар ашылды. Университетте жүмыс істеп жүріп Ә. Бектұров республиканың ғылыми потенциалын құруда академиялық ғылымның шешуші рөль атқаратынына мойын сұнды. Өзінің педагогикалық және ұйымдастырушылық жұмыстарын ғылыммен ұштастырып, 1942 жылдан бастап СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының Химия-металлургия институтында лаборатория меңгерушісі қызметін атқарды. Оның өмірінің бұл кезеңі Қазақстан минералдык қорын игерудегі негізгі бастамамен сабақтас болған еді. Әсіресе ол 1937 жылы ашылған Қаратау фосфоритіне, тұзды шелдер мен басқа да минералды тұздар кендеріне үлкен мән берді.
Тамды өзені төңірегіндегі жалқын-жалқын жөн беткейлеріндегі суармасыз егілген астықтың шығымы, тіпті жаңбырсыз маусымдарда да мол болу құпиясының ішкі сырын ғалым қапысыз болжай білді. Яғни, сол маңайдағы жер бедерінде табиғи минералды тыңайтқыш бар деген сөз еді.
Соғыстың ауыр жылдарында (1941-1945 ж.) қышқылдардың негізгі бөлігін қорғаныс өнеркәсібінде пайдалануға байланысты, Ә. Бектұров СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының тапсырмасы бойынша тыңайтқыштарды қышқылсыз әдістермен алу жұмыстарымен шұғылданады. Бұл зерттеулер 1945 жылы Москвада Бүкілодақтық минералды шикізат ғылыми-зерттеу институтында қорғалған «Қаратау фосфориттерінен алынған термофосфаттардың химиясы мен технологиясын зерттеу» атты Ә. Бектұровтың докторлық диссертациясына, сонымен қатар 1947 жылы жарық көрген «Термофосфаттардың химиясы мен химиялық технологиясын зерттеу» монографиясына кірді.
Ә. Бектұровтың ғылыми және ұйымдастырушылық қабілеті, әсіресе 1946 жылы СССР Ғылым академиясының филиалы негізінде құрылған Қазақ ССР Ғылым академиясындағы қызметінен айқын білінді. Әбікен Бектұрүлы осы кезде академияның негізін қалаушылармен бірге, академияның алғашқы толық мүшелерінің бірі болды. Ол сегіз жыл бойы Қазақ ССР Ғьшым академиясының Президиум мүшесі, минералды ресурстар бөлімінің алғашқы академик председателі, сонымен қатар өз алдына шаңырақ көтерген. Химия ғылымдары институтының тұңғыш директоры болды. Бұл қызметте Әбікен Бектұрүлы ширек ғасыр бойы жұмыс атқарып, республикамыздағы химия ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосты.
Әбікен Бектұрүлының ғылыми білім өрісі өте кең. Оның қалыптасуы мен дамуы арқылы Қазақстанда бейорганикалық химияның өркендеу тарихын анықтауға болады. Біріншіден, 1936 жылы Қазақстанның оңтүстігінде Қаратау қоймасында өте сирек кездесетін фосфориттер кенінің ашылуына байланысты басталған жұмыстар. Екіншіден, Қаратау фосфориттерінің маңызының бірден-бір артуына оған фосфор тыңайтқыштарына мұқтаждығы зор аудандардың тікелей жақындықта болуы себепші. Осы жұмыстар Ә. Бектұров ұйымдастырған ғылыми бағыттың бастамасы болып саналады.
Оның алғашқы жұмыстары Қаратау фосфориттерін күкірт, азот, түз және фосфор қышкылдарымен ыдыратуын зерттеуге арналған. Сонымен қатар фосфор қышқылын алу технологиясына да көп көңіл аударылған. Ерекше кең көлемді жұмыстар фосфор тыңайтқыштарын термиялық әдістермен алуды дамыту бағытында жүргізілді. Ә. Бектұров пен оның қызметтестері сілтілі (сода, поташ, тенардит) және силикатты (серпентин) қоспалар қолдану арқылы әр түрлі термофосфаттар алу әдістерін зерттеген, бұл зерттеулер одан кейін термофосфаттарды агломерация әдісімен алу технологиясын жасаудың негізі болды.
Осы кезде тапшы натрий карбонаты мен тенардитті ауыстыру мақсатымен, Қаратау фосфориттерін астраханитпен тотықсызданбайтын атмосферада қосып балқыту процесіне көп көңіл бөлінді. Кейінірек бұл процесс энергетика институтында циклонды пештер деп аталатын жаңа балқытқыш агрегаттардың ойдағыдай игерілуіне байланысты, аппаратура жағынан қарапайым болғандықтан, балқытылған фосфаттарды алу бағытында өрістеді. Осының нәтижесінде фосфаттың балқымасын астраханиттің қатысуынсыз фторсыздандыру әдісі жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы ғылыми және практикалық жетістіктерге еліміздің екі ғылыми фосфатшылар мектебінің — СССР Ғылым академиясының академигі С.И. Вольфкович пен Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Ә. Бектұров орындаған ғылыми жұмысының қорытындысында қол жетті. Осындай тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде Жамбыл суперфосфат заводында циклондық балқыту өдісімен фторсызданған балқытылған фосфаттар алу технологиясы жүзеге асырылды.
Бұл өнімдер елімізге жыл сайын миллиондаған сом пайда әкелген еді, сондай-ақ малға минералды қосымша азық ретінде фторсыз балқытылған фосфаттар кең түрде пайдаланылды. Ә. Бектұровтың ғылыми бағытының дамуындағы аса бір ірі белес — шикізат өңдеудің термиялық және қышқылдық әдістерін бір-бірімен ұштастыратын, құрамында концентрациясы жоғары фосфор бар тоттырақта ретроградацияға аз ұшырайтын, полимерлік фосфаттардың химиясы мен технологиясы саласындағы теориялық зерттеулері. Жаңа қышқылдық-термиялық технология фосфат рудалары мен сүйытылған фосфор қышқылының кез келген түрлерін қолдануға мүмкіндік беріп, шикізатты фторсыздандыру дәрежесін арттырады. Бүл барлық жағынан да, оның ішінде қоршаған ортаны сақтауда, аса маңызды мәселе. АҚШ-та шыққан «Әлемдік ғылымдағы тұлғалар» (1700-1968 ж., Чикаго, «Маркиз» баспасы) анықтамасына Ә.Б. Бектұровтың енуі — оның дүние жүзіне танымал ғалым екендігінің айғағы. Қазақстанда химия ғылымдарының негізін салушы Ә.Б. Бектұровтың есімін Білім және ғылым министрлігінің Химия ғылымдары институтына беруі елімізге ғалымның еңбегінің әрқашан есте сақталатыныны жарқын үлгісі болады.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.