Болмыс туралы жалпы ұғым

Главная » Рефераттар » Болмыс туралы жалпы ұғым

Адамның дүниеге қатынасының негізінде қандай құндылық жатса оның бастамасы — болмыс. Мәнділік жөнінде айтқанда не нәрсенің болса да дүниеде болу жолы немесе тәсілі оның негізін құрайды дегенбіз. Болу жолдары және саналуан құндылықтар — бәрі ең алдымен жалпы болуға тиіс. Онда болу деген не нәрсе? Бұл сұраққа оның барлық формаларының мазмұнын ашу арқылы ғана жауап беруге болады. Ал қазіргі айтпағымыз — болмыстың жалпы мазмұны. Болудың нақты, жеке формаларының бәріне ортақ жалпы қасиет, ол — болу. Құндылыққа, мәнділікке ұмтылу — соларды болдыру, іске асыру. Яғни олардың бәрінің мұраты -барлық, іске асқандық, өмірдің белгілі бір формасына айналу. Алғашқы бастамадан біз басқа нақты, жеке айқындықтар-ды, белгілерді күте алмаймыз. Жалпы өмірде бар екендігінен әрі қарай нақты сипаттамаларға ауыса бастасақ, біз оның өзге нақты формаларына және соны айқындайтын ойлауға өткен болар едік. Болмыстың формаларын ойлаудың формаларынан бөлек қарамаған Ф.Гегель (себебі, ол үшін болмыс абсолюттік рухтың іске асқан формалары) ең бастама форма барынша аб-страктылы болу керек деген. Яғни қандай да болмасын нақты айқындықтардан мақрұм. Гегель диалектик болғандықтан, барлығын даму жолының тұрғысынан қарайды. Оның ойынша ең бастама форма өмірде болсын, ойлауда болсын ең қарапайым нәрсе. Ол өзін күрделі, әртүрлі нақты белгілері мен айқындықтарын әлі тудырмаған, ішкі айырмашылықтарға жіктеле қоймаған нәрсе. Болмыс туралы ең жалпы ұғым да осындай жалаң. Осы ұғымның шеңберінде болмыстың тек бар екендігінен басқа ешнәрсе айта алмаймыз. Ол әлі мазмұнсыз форма.
Қарапайым форма — ешнәрсе арқылы дәнекерленбеген тікелей барлық. «Оның осы тікелейлік сипаты оны еш сыртқы не одан бұрынғы бірнәрсенің нәтижесі дегенге меңземейді. Ол өзінен-өзі бар. Өзіне негізделген деуге де болмайды. Ол негізделмеген барлық. Өзіне-өзі негізделген деген сөз оның ішкі айырмашылыққа құрылғандығын көрсетер еді. Ал қарапайым барлық әлі өзімен — өзі де дәнекерленбеген. Ішкі қарама-қарсылықтарға да ажырамаған. Оның барлық өзгешілігі онан арғы өзгеріс — қозғалыстарда жаңа мазмұндармен баюға дайындығы және ашықтығы. Ішкі айырмашылықтарға бөліну сол ажыратылғандарды бір-бірімен қатыстыру, теңдестіру т.б. жақгарын ашу болар еді, ал бұл онда тікелей барлық емес, дәнекерленген барлық болар еді.
Болмыстың барлық мазмұны оның даму жолында өзінің барлық формаларын туғызып, барлық мәнділікті іске асырғанда ғана айқындалады. Бұл жолды Гегель және одан басқаша теориялық негізде Маркс та негіздеуге тырысқан. Гегель оны танымның (абсолюттік идеяның өзін іске асыру арқылы тануы) жолы деп білді. Ал ол жалпы адамдық болмыстың жолы. Осындай ең абстракциялық, кез келген өзгешіліктерден, айқындықтардан ада барлық, яғни жалпы бар екендігінен басқа айқындығы жоқ барлық, ол — нақты барлыктардың, бәріне бірдей, олардың накты өзгешеліктеріне селқос. Мысалы, Шекспирдің Гамлетінің: «Болсын ба, әлде болмасын ба, мәселе осында!» — деп басталатын әйгілі монологы оның, Гамлеттің, тірі қалуы немесе өлуі туралы айтып тұрған жоқ. Гамлеттің Король болған әкесін өлтіріп өзі король болып алған ағасына қандай қарекет жасау керегі, дәлірек айтсақ, соған көніп, мойынсұнып, яғни адамдығынан ажырау ма немесе одан кек алып өліп, бірақ адам болып қалу ма — деп сұрап тұр. Гамлет ұшін болу — адамдық намыстың, абыройдың деңгейінде калу, сол үшін кұресу. Тірі қалу, яғни сол қорлыққа көну, өзінің адамдығын өзі таптау, нағыз өлу, жоқ болу — осы. Сол сияқты Абайда «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» деген және көптеген басқа оқушылардың өздері жақсы білетін өлеңдерінде қазақтың сол кездегі түрлаусыз болмысына күйініп, оны шын болмысқа жаратпай сынауы нақты бір құндылықтың болмысына шақырады.
Абстракциялық барлық, яғни таза болмыс осы екі түрлі іс-әрекеттің барлығы, ол іс-әрекеттің қайсысының шын, қайсысының теріс екендігіне ол бейтарап, ол тек әйтеуір барлықгы, бір нәрсенің іске асқандығын білдіреді. Бұл дәрежеде, бұрын айтқандай ақиқат болмыс пен жалған болмыстың арасын ажы-рататын өлшем әліжоқ. Себебі ескерткеніміздей, абстракциялық болмыстың ұғымы, ол — әлі болмыстыңтолық ұғымы емес. Өзінің бар екендігінен басқа айқындығы жоқ, накты маз-мұннан бос форма, яғни мағынадан таза болмыс белгілі дәрежеде жоқтықпен барабар, ол осы жағынан — жоқтық (ни-что) немесе басқаша атасақ, ештеңе, таза ештеңе. Әйтеуір бір нәрсе, бірақ оның қандай, қалай екендігі туралы ешнәрсе айтуға болмайды, себебі одан басқа қасиеттерге көшсек, онда біз басқа категорияға (формаға) ауысып кетеміз. Яғни болмысты оның накты формаларынан бөлек, оқшау қарау осыған әкеледі. Бірақ бар болса, барлық тым жалпы болса да, белгілі бір айқындық. Сондықтан таза болмыстың таза ештеңелікпен пара-парлығы абсолюттік емес. Біз ештеңелікті де белгілі бір бар нәрседей қабылдаймыз, оны болмысқа қарсы қоямыз. Осындай таза болмыстың өзі бірдеңе (нечто). Ал егер біз ешгеңе туралы да оны бар нәрседей қабылдап, оны болмыстан бөлінбейтін қасиетіндей қарайтын болсақ, оның негізінде ештеңе де бар, себебі ештеңе белгілі бір бірдеңенің ештеңесі, бірдеңенің басқа бір қалпы не өзіне өзінің қатынасы болғаны. Осы ойдың соңғы түйінін айтсақ, бірдеңе мен ештеңе болмыстың ішкі екі жағы, өйткені ештеңе де алаңсыз, абсолюттік жоктық емес екен, ол барлықтың өзіне өзінің қатынасы екен. Өзінің барлығын терістеу, оз барлығының жоқтығы әрбір бар нәрсенің өз ішінде екен.
Кәдімгі ойлауда, тіпті ғылым мен философияның көп салала-рында ештеңені бірдеңеге алаңсыз қарсы қою үйреншікті жағдай. Яғни олардың мазмұндарының бір-біріне іштей қатыстылығы, тәуелді байланыстылығы көрінбейді, олардың бір-бірінсіз де жоқ екендігі мойындалмайдьі. Олардың бірінсіз екіншісін де түсіндіру мүмкін емес. Мүндай қарама-қарсылықгардың өзара қатыстылығымен біз әр мәселеде кезігіп отыратын боламыз.
Философия тарихында таза болмысты абсолюттік ақиқат ретінде алғаш жария етіп, дәлелдеуге тырысқан Элей философтары, олардың ішінде, әсіресе, Парменид (б.д.д. VI-V) болатын. Парменидтің айтуынша дүниеде болмыс қана бар, одан басқа ешнәрсе жоқ, болмыс — біртұтас, ол жіктелмеген, бөлектенбеген. Біздің ойымыз тек бар нәрсе туралы болуы мүмкін.ал жоқ нәрсені біз ойлай алмаймыз. Олай болса, жоқтық, ол — алаңсыз жоктық, барлық — абсолюттік барлық, ол екеуінің ешқандай байланысы болуы мүмкін емес. Бүтіндік бар, бөліктер жоқ, бірлік бар, көптік жоқ. Дүниеде бос кеңістік жоқ, барлық кеңістік толтырылған. Сондықтан онда қозғалыс та, өзгеріс те болмайды. Олар туралы біздің сезімдеріміз жалған көрініс.
Тап осы кезеңде өмір сүрген грек философы Гераклит керісінше көзқарас айтып, дүниенің негізі от, ал ол — процесс, олай болса дүниеде тұрақты ешнәрсе жоқ, бәрі де қалыптасу қозғалысының бір-біріне өтіп жататын кезеңдері ғана деген. Ол тұрғыдан болмыс та жоқ, яғни бірдеңе де, ештеңе де жоқ. Олар, әрине бар, бірақ өмір деген тасқынның бір жалт етіп өте шығатын өткінші кезеңдері ғана. Бар нәрсе — осы мәңгілік тасқын. Шығыста кең таралған: туғанның бәрі өлуге жаралған, ал өлім — жаңа бір өмірге кіру — дейтін мәтел де осы барлық пен жоқтықтың, бірдеңе мен ештеңенің бірлігін айтып тұр. Ұзақ уақыт философияда болмыс тек танымның тұрғысынан қаралғандықтан, онда болмыс ойлаудан, санадан тыс алынып, олармен қарама-қарсы қатынаста анықталып жүрді. Бұл материалистік бағыттарда осылай. Мұнда болмыс алғашқы, бірінші, негізгі, тудырушы (сананы) куш. Әрине, бұл да бір құндылықтың тұрғысынан көзқарас.
XX ғасырдағы Батыс философиясында кейбір бағыттар сананың әлемдік, космостық, яғни болмыстық рөлі, мәні жөнінде мәселе қойды. М.Хайдеггер, Ж.П.Сартртб. ойшылдар сананың болмыстағы орнын «өмір суру» (существование) сферасымен байланыстырады. Ал бұл сферада болу болмысты жан толғанысында бастан кешу. Жеке тұлға ушін көп жағдайда болған іс-әрекет, оқиғалардан гөрі соларды өз жан әлемінде, сезімдерінде өткеру маңыздырақ. Сонда қай өмірді ол шын мағынасында «болу» немесе «болмау» деп түсінер еді?
Бұрынғы тарауларда ақиқат, мәңділік жайында айтқанымызда адамның өзі таңдаған, ұстанып жүрген нәрселерін жалған да, ақиқат та құндылық болуы мүмкін дегенбіз. Олай болса болудың өзі де адам әлемінде әртүрлі, яғни жалған да, шын да болатыны ғой. Біреулердің «болдым» деп жүрген болмысы мазмұны жағынан пәс, яғни жалған болуы ықтимал. Ол әрине, абстракциялық болмысқа кіреді, ол болудың бір түрі, өйткені бір «жанның» мұратының іске асқаны ғой. Адамға жануардың болмысымен болу жарамайды дедік. Оған табиғаттағы кез келген заттың болмысы да болмыс емес. Бірақ олардың барлығына өз деңгейіндегі болмысы жарамды. Адам универсалдық жануар болғандықтан, оған барлық болмыстардың өз мәнін, шын мәнін олардың өзіндік өлшемінде қабылдауы және бағалай білуі тиіс. Сол мағынада оған басқа барлық дүниенің өзіндік болмысы тартымды. Сондыктан да өзінің универсалдық мәнділігінің шеңберінде басқа барлық болмыстардың шын мәнділігінің орны болуға тиіс. Бұл адамның бүкіл әлемнің алдындағы жауапкершілігі. Осыдан келіп оның бүкіл әлеммен үйлесімді қатынасы шығады, шығуға тиіс. Яғни біздің түсінуіміздегі болмыс, — ол адамның мәнділігінің болмысы, тірі организм болып тіршілік етіп жүруінде ғана емес. Философия тарихында да әртүрлі бағыттар негізінде қандай құндылықты қабылдауына сай біреулері болмысты, екіншілері мәнді т.т әртүрлі категорияларды алға тартуы мүмкін. Сонымен қатар сол категориялардың мазмұнының өзі, оларды қалай түсіну керек екендігі де сол құндылыктың ықпалынан дедік.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.