Бостандықта өмір сүру – әр адамның арманы

Home » Рефераттар » Бостандықта өмір сүру – әр адамның арманы
Рефераттар Комментариев нет

Адам баласы өмір сүруге қандай құштар болса, бостандықта болуға да сондай құштар. Себебі бостандықсыз өмірдің мәні жоқ. Мысалы, қылмыс жасаған адамды бостандығынан айырып, түрмеге отырғызып қояды, олай болса бостандықтың маңызын осы фактінің өзінен де көруге болады. Бостандық дегеніміз – адамдардың басқалардан қысым көрмей, еркін ойлап, еркін сөйлеп, еркін іс-әрекет етуге мүмкіншілігінің болуы. Былайша айтқанда адамдар өздерінің түсінігімен, сенім- нанымымен заңның шеңберінде, қоғамдық тәртіпті бұзбай, өмір сүруі және олардың санасында қауіп, үрей, қорқыныш сияқты жағымсыз сезімдердің болмауы. Әркім күнделікті өмірде үйлесімді өмір сүріп, ұнамды іспен айналысып, еркін жүріп-тұрса, олар өздерін бостандықта сезінеді. Бостандықты саяси, құқықтық, психологиялық, экономикалық, моральдық сияқты бірнеше мағынада түсінуге болады және ол жеке адамның, әлеуметтік топтың немесе тұтас бір ұлттың бостандығы туралы да болуы мүмкін. Бұған дәлел, біз тарихтан құл иеленушілік қоғам, ұлт- азаттық қозғалыс, таптық күрес туралы жақсы білеміз және мұның бәрі бостандық үшін күрес болатын. Бірақ та бостандық дегеніміз, әркімнің ойына не келсе соны істеуге ерікті деген сөз емес.

Адам өзіне қанша бостандықты қажет етсе, оның соншалықты міндеті де болуға тиіс. Себебі адамның бостандықпен бірге жауапкершілігі де бар. Былайша айтқанда, бір адам екінші адамның бостандығына кесел келтірмеуі керек. Жеке адамдар қоғамда бір-біріне тәуелді және олардың арасында тығыз диалектикалық байланыс бар. Жеке адам сол қоғамның азаматы болғандықтан, ол сол мемлекеттің заңдарына бағынуға тиіс және ол заңды бұзғаны үшін тиісті жазасын алып отырады. Әрбір мемлекет өзінің ата заңында азаматтарының құқығы мен міндеттерін анық көрсеткен және ол заңдар халықаралық қауымдастықтың адам құқығы мен бостандығын қорғау жөніндегі декларацияларға қайшы келмеуі керек. Адамзат қоғамы дамыған сайын мемлекетаралық саяси, экономикалық, рухани байланыс нығайып, олардың бір-біріне ықпалы да артып келеді. Қазіргі мемлекеттердің саяси құрылымы демократиялық, авторитарлық, тоторитарлық режим болып бірнеше түрге бөлінеді. Бүгінгі ақпарат құралдарының жетістігі арқасында, бір елде болып жатқан уақиға тез арада бүкіл дүниежүзіне тарайды. Сондықтан да әрбір ел халықаралық қауымдастықтың алдында өзінің беделін сақтау үшін, азаматтарының құқығы мен бостандығының бұзылмауына мүдделі. Бірақ та барлық жерде бұл қағида толығымен орындалады деп айта алмаймыз. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде халықты демократиялық жүйеде өмір сүресіңдер деп сендіріп келген болатын. Бірақ та Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, біз тоторитарлық қоғамда өмір сүргенімізді түсіндік. Себебі ол кезде әртүрлі хабар алудың еркіндігі болмағандықтан, адамдардың ненің шын, ненің өтірік екенін салыстыру арқылы таңдауға мүмкіншіліктері болмады. Ресми идеология болса, көп жылдар бойы адамдардың санасын түрлі айла-тәсіл қолдану арқылы оны өзінің бақылауында ұстады. Біз бостандықты бірнеше мағынада түсінуге болатынын айттық. Соның ішінде саяси бостандыққа келетін болсақ, ол көбінесе бұқара халық пен саяси биліктің арасындағы қатынасқа байланысты. Егер ол демократиялық қоғам болса, онда билік пен халықтың арасындағы қатынас сайлау арқылы демократиялық институттардың бірқалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасаумен реттелініп отырады.

Демократиялық жүйенің қағидасы бойынша адам құқығы, сөз бостандығы заң бойынша бекітіліп, адамдардың шеруге шығуға, жиналыс өткізуге, ақпарат таратуға құқықтары болуы керек. Егер де ол авторитарлық немесе тоторитарлық жүйе болса, ел басқаруда бюрократтық әкімшілдік-әміршілдік тәсіл күш алып, әр кез адамдардың құқығы мен бостандығы бұзылып отыруы мүмкін. Экономикалық бостандық дегеніміз – адамдардың еңбек етіп, өзінің материалдық қажеттілігін қамтамасыз етуге құқығының болуы. Мұны біз әлеуметтік бостандық дейміз. Адамзат тарихында ғасырлар бойы талқыланып, бірақ та осы кезге дейін толық шешімін таппай келе жатқан мәселе – осы қоғам ішіндегі әлеуметтік теңдіктің жоқтығы. Мұндағы басты қайшылық көпшіліктің кедейлік жағдайда қалуы. Осыған байланысты қоғам таптарға бөлініп, олар бір-бірімен тартысқа түсіп (еңбек пен капитал) келеді. Оның басты себебі, адам өзіне қажетті материалдық байлықты табиғаттан алады. Бірақ та табиғаттан алынған байлық адамдардың арасында тең бөлінбеуінің салдарынан, біреулер қанша байыса, екіншілер сонша кедейленеді, осыдан келіп қоғам ішінде әлеуметтік теңсіздік пайда болады. Бұл құбылыстың бірнеше объективті және субъективті себептері бар: Көп адамдардың табиғи жаратылысында олардың қабілеті әртүрлі болып келеді. Мәселен, біреулер өмірде ақылды, белсенді, еңбекқор болса, екіншілері, жігерсіз, еріншек, енжар. Осыдан келіп олардың арасында материалдық теңсіздік пайда болады. Қоғамда капитал иелерінің қолында өндіріс құралы мен қаржы болса, еңбекшілердің қолында тек еңбекке деген қабілеті-ғана бар. Соның салдарынан жұмыс берушілер мен жалданушылардың арасында әлеуметтік-құқықтық теңсіздік орнайды. Әр кез қолында капиталы бар адам билікке жақын болады, яғни оларда өз мүддесін қорғауға мүмкіншіліктері көп. Оның үстіне оларға өзінің білімін көтеруге, денсаулығын нығайтуға, мәдениетпен айналысуға жағдайлары мол, сол себепті олар өмірде бәсекелестікке қабілетті болып келеді.

Адамға тіршіліктегі ең қымбат нәрсе ол оның ары мен намысының таза болуы. Адам өмірде ізгілікті іс істесе де, зұлымдық іс істесе де бірінші кезекте жеке арының алдында жауап береді. Сондықтан да әрбір адамның рухани бостандықта болулары шарт. Рухани бостандық дегеніміз – адамның ішкі жан-дүниесінің “мені”. Сол арқылы ол өзінің мінез-құлқын, адамгершілік қасиетін білдіруге ерікті. Егер де адам рухани бостандықта болса, ол еркін адам ретінде өзінің бостандығын пайдаланып, ізгілікті іс істеу арқылы бойындағы адамгершілік қасиетінің мәнін білдіруіне мүмкіншілігі болады. Рухани бостандықтағы адам қоғамдағы заңдардың шеңберінде қамалып қалмай, онан әлдеқайда кең, бүкіл адамзат құндылықтарын басшылыққа алады. Адамзат құндылықтарының негізі адамға және табиғатқа деген адамдардың құрметі мен махаббаты. Жеке адамның өмірінде кездесетін қандай да бір жағдай болмасын, оның басты себепшісі сол адамның өзі болып табылады. Сондықтан әрбір адам әуелі сол проблеманы шешуден бұрын оның пайда болу себептерін анықтап алуы керек. Адамның сыртқы болмысты қалай түсініп, қабылдауы оның ойына, яғни ішкі жандүниесіне байланысты. Егер де ол өзінің ішкі сана-сезімінде сыртқы болмыстың жақсы жағын қабылдаса, оның ойы да жақсы болады, егер жаман жағын қабылдаса керісінше болуы мүмкін. Сондықтан да адам барлық уақытта да жақсы ойда болып, өзінің көңіл-күйін таза ұстауға тырысуы керек. Сонда ғана адамның өмірде кездесетін кедергілерден туындаған проблемаларды оңай жеңіп, өзінің ойлаған мақсатына жетуі жеңілірек болады. Адамның бұл өмірде бақытты немесе бақытсыз, бай немесе кедей, жақсы не жаман адам болуы бірінші кезекте адамның санасына және оның рухани имандылығына, былайша айтқанда адамгершілік қасиетіне тікелей байланысты. Олай болса адам бақытты болып, әділетті қоғамда өмір сүруі үшін әуелі ол өзін-өзі тәрбиелеуден бастауы керек. Қазіргі Қазақстанда тұратын адамдардың бостандықта, яғни, әділетті қоғамда өмір сүрулеріне толық жағдай бар. Конституциямыздың бірінші бабында “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” деп анық жазылған. Біздің міндетіміз – осы құқықтарымызды дұрыс пайдаланып, өзіміздің азаматтық парызымызды адал орындап, қоғамымызда салауатты өмір салтын орнатуымызға толық мүмкіншілігіміз бар. Жеріміз кең, табиғи байлығымыз мол, елімізде әр ұлттың өкілдері өзара түсінушілік пен татулықта өмір сүріп жатыр. Әрине кемшіліктер де жоқ емес, атап айтсақ, қоғамымызды жайлаған жемқорлық пен парақорлық, адамдардың имандылық қасиетінің жұтаңдығы, қазақ халқының бір бөлігінің ассимиляцияға ұшырап өзінің ана тілін білмеуі. Біз осы кемшіліктеріміздің салдарын жою үшін әуелі оның пайда болу себептерін зерделеп, талдап, анықтап алуымыз керек. Қоғамымыздағы парақорлық пен жемқорлықтың өршіп, нашақорлық пен маскүнемдіктің көбею себептері: Мемлекетімізде демократиялық институттардың әлсіздігінен бюрократия күш алып, халық пен биліктің арасындағы байланыстың берік болмауы. Елімізде осы кезге дейін адамдардың басын біріктіріп, бәрін бір мақсатқа жұмылдыратын ұлттық идеологияның жоқтығы. Адамдарды адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін ресми, не қоғамдық ұйымдардың болмауы салдарынан адамдардың Отанына деген патриоттық сезімінің жетіспей және күнделікті өмір салтында моральдық нормаларды ұстанбай, берекесіз өмір сүруі. Біз күнделікті ақпарат құралдарынан қоғамымызда рухани мәдениетіміз құнсызданып, адамдардың имандылық қасиеті азайып кетті деген пікірді көп естиміз. Оның себебі: Кеңес дәуірінде партия идеологиясының күштілігінен адамдар сол кездегі насихатталған моральдық кодекске сеніп, болашақта коммунистік қоғамда бостандықта өмір сүреміз деп ойлады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары адамдардың бұл үміті ақталмай, коммунистік идеологияның шындықтан алыс екені белгілі болғаннан кейін, адамдар ештеңеге сенбей тек күнкөріс қамын ойлайтын болды. Кеңес Одағы кезінде коммунистік партия атеизм идеясын жүргізіп, адамдарды діни моральдан қашықтатып жіберді. Сол себепті адамдар Құдайға сенбей, дінді сыйламай, моральдық құндылықты бағаламай адамгершілік қасиетін азайтып алды.

Егер де республикамызда осы кезге дейін толық шешімін таппай келе жатқан тіл мәселесіне келсек, бұл Ресей отаршылдарының бірнеше ғасырлар бойы қазақ халқын бодандықта ұстап, оны рухани мәдениетінен айыру мақсатында жүргізген ұлы державалық шовинистік саясатының салдары. Қазақстан саяси тәуелсіздігін алғаннан кейін де мұның қоғамдық проблема болып қалуында да бірнеше себептер бар. Республикамыздағы саяси элитаның ассимиляцияға ұшырап, ұлттық рухани мәдениеттен қол үзіп қалуы салдарынан осы кезге дейін отарсыздандыру саясатын жүргізбей, бұрынғы интернационалдық идеологияның ықпалында қалуы. Қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойғы бодандықтың кесірінен қоғамдағы әлеуметтік дамудың ең төменгі сатысында болып, ұлт санасының әлсіздігінен өзінің мүддесін қорғауға келгенде саяси жігерінің жетіспеуі. Қазақ халқының саяси тәуелсіздігін алуына байланысты Қазақстанда тұратын орыс диаспораларының кейбір өкілдері Одақ кезінде өзін мемлекет құрушы немесе титулды ұлт дәрежесінен айырылып қалғанына көнгісі келмей, кейбір жағдайда арандату әрекетіне баруы. Мұның бәрі уақытша психологиялық келеңсіздік, бұл проблеманы халықаралық қағидаларға сүйене отырып бейбіт жолмен шешуге болады. Былайша айтқанда бәріне уақыт төреші және мезгілі келгенде бәрін де өз орнына қояры анық. ХХ ғасырдың аяғында қазақ халқы өзінің ұлттық тәуелсіздігіне қол жеткізді. Енді бізге Еуразия құрлығының қақ ортасында өзіміздің ұлттық өркениетімізді құрып, оны дамытуға толық мүмкіндік туды. Оған Қазақстанның тарихи, мәдени, экономикалық жағдайы толықтай жетеді. Тарихи жағдайға келетін болсақ, қазақтар адамзат тарихындағы көшпенділер өркениетінің орталығында орналасқан ел және ол көшпенділер мәдениетін өзінің бойына толық сіңірген халық, сондықтан да олар көшпенділер өркениетінің заңды мұрагері болып саналады.

Мәдениет жағынан Қазақстан Еуразия құрлығының түйіскен жерінде орналасқандықтан Ислам, Христиан, Буддизм діндерінің әсерімен Шығыс пен Батыстың мәдениетін тең меңгеріп, отырықшылар мен көшпенділердің тұрмыс-салтын қатар ұстанған халық. Сондықтан болашақта қазақтар Батыстың технология жетістігінің негізінде пайда болған материалдық байлығы мен Шығыстың дәстүрлі мәдениет негізінде пайда болған рухани байлығын ұштастырып, өзіміздің салауатты өмір салты қоғамын құруға тиіс. Экономикаға келсек, жеріміздің кеңдігі (әлем бойынша 9-шы орында) және табиғи байлығымыздың молдығын пайдаланып, қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында экономикамызды өркендету онша қиын проблема болуға тиіс емес. Тек ол үшін адамдардың осы салада саналы еңбек етіп, нарықтық экономиканы меңгеріп, халқымыздың материалдық сұранысын қанағаттандыруға деген талпынысы болса жетіп жатыр. Олай болса ХХІ ғасырда қазақ халқы өзінің төл өркениетін жасап, салауатты өмір салтымен өмір сүруіне толық жағдайы бар.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.