Бруцеллез — жұқпалы ауру

Home » Рефераттар » Бруцеллез — жұқпалы ауру
Рефераттар Комментариев нет

Бруцеллез — жұқпалы ауру. Оның бруцелл дейтін түрліше микробтары бар, олар негізінен қой-ешкі, сиыр және шошқа бруцеллі деп үш турге бөлінеді. Бруцелл дене сыртында да жақсы өседі. Олар сүтте, сүттен жасалған тағамдарда және етте он күнге дейін, кейде 30— 45 күндей өмір сүреді, ал жер бетінде, суда, көңде, шіри бастаған өліктерде бір айдан төрт айға дейін өлмейді. Бруцеллілер аязға да өте төзімді келеді, ыстықты сүймейді. Температура 70 градусқа жетсе, бруцеллез микробы жарты сағатта қырылады. Бруцелл күннің сәулесінен де, дезинфекция дәрі-дәрмектерінен де тез қырылады.

Қой мен ешкі бруцеллезі жұғымтал. Бруцеллез ми-кробтары ауырған малдың сідік, қи, тезегі т. б. арқылы да сау малдарға, малшыларға жұға береді. Мұнымен қатар микробтар жаңа бұзаулаған ауру сиыр мен қой-ешкі сүттерінен де жұғады. Ауру мал іш тастағанда не төлдегенде олардың жыныстық ағзаларынан бруцеллез микробтары көп тарайды. Бруцеллез аурулы малдан шала туған төл өлігі де өте жұқпалы. Өлік тек адам үшін ғана емес, соны жеген ит пен шошқаға да қауіпті. Бру-целлез адамға көбінесе жазғытұрым жұғады, өйткені малдың төлдеуі және сүт маусымы да жылдың осы кезеңінде басталады.

Бруцеллез микробы ауру адамнан сау адамға жыныстық қатынас арқылы жұғуы да мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері сезілгенше үш жеті өтеді. Кейде науқас, температурасының 38,5—39,0 градуска дейін көтерілгенін де сезбей қалуы мүмкін. Бруцеллез науқастың қызуы бірде көтеріліп, бірде төмендеп отырады. Қызуы түскенде адам өзін айыққандай сезеді, тамақ ішкісі келіп, көңілі серігеді. Бруцеллез қозғанда науқастың ұйқысы қашады, түнде ағып терлейді, кейінірек буындары іседі, шет. нервтері қабынады, төсек тартып жатып та қалады. Бруцеллез еркектің тұқым безін ісіндіреді, әйелдің етеккірін бұзады, бала тастатады. Адамды ауруханада емдеу мерзімі бір айдан төрт айға, кейде одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Науқас ауруханадан «сауықтым» деп шықса да, бірнеше ай өткен соң аурудың қайта білінуі кәдік. Тіпті жазылды дегеннің өзінде де бруцеллездің салдары қалуы ғажап емес.

Емдеу тәртібі. Адамды дәрігерге апарғанша тынықтыру керек. Ауырған, домбыққан буындарға дене сүйсінгендей етіп грелка басылғаны жөн. Соңғы кезде бруцеллезді емдейтін әсерлі дәрілер шықты, олардың нәтижелері жаман болмай жүр. Бірақ, бруцеллезді қандай әдіспен емдеу керек екенін дәрігер ғана шешеді. Айталық, бруцеллез созылмалы болса, сүйек-буынға шапса ауруханада, курортта емдеуге тура келеді.

Бруцеллезді адамға жұқтыратын ауырған мал және малдың өнімдері мен қи-тезек тағы басқалары екенін жоғарыда айттық. Сондықтан да бұл ауру әсіресе малшылар арасында жиі кездеседі. Әрине, бұдан қала халқы бруцеллезбен ауырмайды деген ұғым тумайды. Олар да ауырады. Демек, бұл аурудан сақтану жолдарын білу ауылды жерде болсын, қалада болсын әрбір азаматтың тәл ісі деп білеміз.

Бруцеллезден алдын ала сақтану үшін: бруцеллезбен ауырған малды сау малдан бөлек бағу; ауьгрған мал тұрған қора-қопсыларды, олардың төңіректерін, ондағы құрал-саймандарды тиісті дәрілермен дезинфекциялау; малдағыларды тексергенде бруцеллезбен аурулы адам кездессе, жедел емдету кереқ; бруцеллез мал сатылмайды; төл алушылар, іш тастаған малды күтушілер және құсхана, ферма қызметкерлері, жүн жуғыш, тері-терсек жұмысшылары және т. б. жұмыс кезінде арнаулы киім (халат) киюі тиіс; жұмыс орнында құман, сабын, орамал, дезинфекциялық дәрілер даяр тұрсын; бруцеллез малдың сүтін пастеризациядан (70 градусқа дейін 30 минут қыздырмайынша) өтпейінше ішуге немесе сатуға болмайды; бруцеллезбен ауырған төлді тұрғын үйде ұстамау керек.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.