Дәнді дақылдардың қаракүйе аурулары

Главная » Рефераттар » Дәнді дақылдардың қаракүйе аурулары

Дәнді дақылдардың қаракүйе ауруларын кәдімгі саңырауқұлақтар (Еuтусоtа) бөліміне, Базидиомицеттер (Basidiomycetes) класына, қаракүйе (Ustilaginales) қатарына жататын қоздырғыштар тудырады. Олар бейімделген паразиттер болып табылады, әрбір түрі белгілі бір дақылды залалдайды. Ұлпалар бүзылып, түрі күйік тәрізді болады. Қара түсті телиоспоралар (бір дөнде 8-20 млн. дана) пайда болып, зақымдалған жер қарайып кетеді. Бидайдың тозанды қара күйесі. Бидай өсіретін аудандарда жаппай та-ралған. Тозанды қаракүйенің қоздырғышы екі вегетациялық кезеңде дамиды. Бидай бірінші жылы гүлдеген кезде за-лалданады, ауру екінші жылы бидайдың масақтану кезінде байқалады, Бидай гүлдеген кезде ауадағы телиоспора аналықтың аузына түседі, телиоспора-дан диплоидті жіпше өсіп аналықтың түйініне енеді. Зақымданған дәннің сырттай сау дәннен айырмашылығы болмайды. Саңырауқұлақ жіпшумауы өскіннің ішінде масақтану кезеңіне дейін диффузиялық жолмен өсу нүктесінің артынан бойлап дамиды. Жапырақ қынабынан масақ бүлінген күйінде шығады, тек өзегі ғана (гүл шоғырының сағағы) сақталып қалады. Кейде жекелеген сағақтар немесе масақтар сақталады. Ауру масақтың жұқа түссіз қабығы оңай жыртылады да, споралар жеңіл шашылады. Саңырауқұлақ жіпшелері тұқымда 3 жылдан аса уақыт сақтала алады. Өсімдіктердің зақымдануына ауаның жоғары ылғалдылығы (60% -дан астам) немесе гүлдену кезінде тамшылы сұйық ылғалдың болуы қолайлы.

Бидайдың қатты қаракүйесі. Жаппай таралған. Ауру өсімдіктің масағының қабыршақтары аналық түйіннің үлкеюінің әсерінен ашылып кетеді. Түйіннің ішінде саңырауқұлактың споралары дамып жетіліп, тұздалған балықтың иісі шығып тұрады. Аурудың әсерінен тұқымның өнгіштігі төмендейді, өнім түсімі азаяды. Егінді орып бастырған кезде қаракүйе қапшықтары (ішінде телиоспоралар бар түйін) жарылып, телиоспоралар сау дәндерге түседі. Залалдану құрал-жабдықтар, ыдыс және т.б. арқылы да жүзеге асады. Тұқым өніп-өскен кезде телиоспоралар да өседі. Олардың жіпшелері дамып бидай өскінінің ішіне өтеді. Өскіннің ішінде саңырауқұлақ диффузиялық жолмен дамиды. Аурудың сыртқы белгілері бидайдың сүттенуі кезінде білінеді. Егін ору кезінде қаракүйе қапшықтары жарылады да, споралар шашылып дәндерді залалдайды. Қыста телиоспоралар тұқым бетінде сақталады және өнгіштігін 5 жылға дейін жоғалтпайды. Ал егін орағы кезінде топыраққа түскен телиоспоралар өнгіштігін ұзақ сақтай алмайды. Өскіндердің залалдануына топырақтың ылғалдылығының 60% -дай болуы жөне 5-10° С температура, тұқымды терең сіңіру қолайлы болып табылады.

Бидайдың ергежейлі (қортық) қаракүйесі. Көбінесе күздік бидайды зақымдайды. Ауру Қазақстанның оңтүстігінде, Орта Азияда және Солтүстік Кавказда тараған. Залалданған өсімдіктер баяу өседі, әрі шамадан тыс көп сабақтанады. Масақ қысқа, тығыз болады, кейде жоғарғы жапырақтардың қынабында толық немесе жартылай қалып қояды. Масақтың бұтақтануы байқалуы мүмкін. Масақта түйіндер саны көбейеді, олар қаракүйенің басқа түрлеріне қарағанда аса үлкен емес. Аурудың қоздырғыштары топырақ пен тұқымда сақталады. Топырақта өміршеңдігін ұзақ уақыт (3 жыл және одан көп) сақтайды. Аурудың қоздырғышы өсімдікті өскіннің пайда болған кезінен сабақтану басталғанға дейін залалдайды. Бидай тұқымы топыраққа саяз егілгенде ауру көп таралады. Саңырауқұлақтың өсуіне топырақтың ылғалдылығының 46-60%-дай болуы мен қоңыржай температура қолайлы. Бидайды бір жерде бірнеше жыл қайталап өсіру аурудың көп таралуына мүмкіндік тудырады.

.

Бидайдың үнді (карналдық) қаракүйесі. Ауру Үндістанда, Пәкістанда, Мексикада, Түркияда, Ауғанстанда және басқа елдерде таралған. Біздің республикамызда бұл ауруға қарсы карантин жарияланған. Дән зақымданғанда көбінесе бүлініп, майшабақ иісті споралар жиынтығына айналады. Көбінесе дән ұрығы немесе жырашығы залалданады. Масақта жекелеген масақшалар залалданады. Оның белгілері пісіп жетілу кезінде анық көрінеді. Аурудың қоздырғыштары (телиоспоралар) топырақта және тұқымда сақталады. Саңырауқұлақ топырақта өнгіштігін көп жылдар бойы сақтайды. Өсімдіктер гүлдеу кезінде зақымданады. Зақымдануға 15-22° С температура және гүлдену кезіндегі ауаның 70-80% ылғалдығы қолайлы.

Арпаның тозанды қаракүйесі. Жаппай таралған. Ауру қоздырғышының биологиясы және ауру белгілері бидайдың тозаңды қара күйесіне ұқсас. Арпаның қатты (тас) қаракүйесі. Қылтанақтан басқа масақтың барлық бөліктері зақымдалып, жұқа түссіз қабықпен жабылған қара түсті споралар жиынтығына айналады. Споралар біріне-бірі тығыз, жабысып орналасқан, сыртқы ортаның әсерінен жеке кесектерге оңай бөлінеді. Споралар өздігінен шашылмайды. Дән астық бастыру және өңдеу кезінде залалданады. Залалданған дән тұқым ретінде пайдаланылғанда, аурудың әсерінен өскіндердің өліп қалуынан егістік сиреп кетеді. Өскіндер топырақтан залалдануы да мүмкін. Аурудың дамуына 5-10°С температура мен топырақ ылғалдылығының 60-70% болуы өте қолайлы.

Арпаның (жалған тозаңды) қаракүйесі. Біліну белгілері бойынша арпаның тозаңды қаракүйесінен айырмашылығы болмайды. Өзек пен қылтанақтардан басқа масақтың барлық бөліктері залалданады. Ауру тұқым өне бастаған кезде жұғады. Биологиялық жағынан қоздырғыш қатты қаракүйемен ұқсас, дән қабықшаларында және олардың астында сақталады. Өзінің өнгіштігін 3 жылға дейін жоғалтпайды. Зақымдалған масақ жапырақ қынабынан шықпай қалады.

.

Сұлының тозанды қаракүйесі. Гүл шоғырының бұтақшаларынан басқа барлық бөліктерін зақымдайды. Оларды оңай шашылатын споралар жиынтығына айналдырады. Астық бастыру кезінде дәннің қабығының астына түскен телиоспоралардан жіпшелер өседі, олар геммаға ыдырап сол күйінде көктемге дейін сақталады. Тұқым өне бастаған кезде, геммалардан кіпшелер дамып өскінді зақымдайды.

Сұлының қатты (жабық) қаракүйесі. Аурудың белгілері сұлы бас ала бастаған кезде көрінеді. Гүл шоғыры споралар жиынтығына айналады. Тек телиоспораларды жауып тұратын масақ қабыршақтары ғана зақымданбайды. Сондықтан да аурудың бұл түрін жабық қаракүйе деп те атайды, Гүл шоғыры бұтақшалары қысқарғандықтан жинақы болады. Споралар тығыз жинақталған оңай шашылмайды. Олар егін орағы кезінде таралады. Дән қабығының астында мицелий және дәннің бетінде телиоспоралар қыстап шығады. Көктемде өскіндерді зақымдайды.

.

Қара бидай сабағының қаракүйесі. Өсімдіктің сабағы зақымданады. Сабақтың жоғарғы бөлігінде, кейде жоғарғы жапырақтарында және олардың қынаптарында оңай шашылатын споралар жиналған ұзынша жарықшалар пайда болады. Масақтың дамуы тежеледі, түссізденеді, дәннің болмауы мүмкін. Сабақ ұлпаның біркелкі өспеуінен қисайып, байламдар пайда болады. Ауру залалданған сабан мен тұқымнан тарайды. Ауру көктемде өскіндерде басталып, саңырауқұлақтың мицелийі диффузиялық жолмен өсімдіктің барлық жер үстіндегі мүшелерін зақымдайды. Ауру мәдени дәнді дақылдардың ішінде қара бидай үшін өте кауіпті.

Тарының қаракуйесі. Ауру гүл шоғыры шыға бастағанда білінеді. Ауру өсімдіктерде гүл шоғырының орнына жұқа қабықшамен қапталған гүл шоғырының қалдықтарынан тұратын ақшыл күлгін түсті немесе қоңыр кір түсті зат пайда болады. Споралар тұқым мен топыраққа егін орағы кезінде жұғады.

Жүгерінің толарсақ қаракүйесі. Аурудың қоздырғышы жүгерінің жас ұлпаларын өсімдіктің бойы 30-40 см болғаннан бастап ұлғайған шағына дейін зақымдайды. Ауру сабақты, жапырақтарды, буын аралықтарын, масағын, жер бетіндегі тамырларын залалдайды. Зақымданған мүшелерде көлемі мен пішіні әр түрлі байланымдар түзіледі. Споралар жетілген кезде қаптары жарылып шашылады. Олар тұқымда және топырақта сақталады. Ауырған мүшеге байланысты түсім шығыны әр түрлі. Жүгерінің тозанды қаракүйесі. Гүл шоғыры зақымданады. Сабақ зақымданғанда сырты ақ немесе қызғылт қабықшамен қапталған споралар жиынтығына айналады. Гүл шоғырында жекелеген гүлдер зақымданады. Ауру өсімдіктердің өсу жағдайы нашарлап, көп бұтақтанып кетеді және өнім бермейді. Телиоспоралар орақ кезінде дәнге, өсімдік қалдықтарына және топыраққа жұғады. Өскіндерді зақымдайды.
Ауру қоздырғышының дамуы температурасымен тікелей байланысты. Саңырауқұлақтың өсуі мен дамуына қолайлы температура — 28-30° С шамасында.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.