Құда түсу рәсімі

Главная » Рефераттар » Құда түсу рәсімі

Қыз ұзату — құда түсу рәсімінің алғышарты. қазақтардың ұл-қыздары өздерінің болашақ жарын таңдауға ешқандай еркі болмай олардың ата — аналары таңдайтын. Әке баласына лайық көрген қызды құда түсіп айттыруға ағайындардың үлкендерімен кеңесіп, шешім қабылдайды. Қалыңдық таңдауда ата — ана бірден шешім қабылдамайды. Олар өздеріне лайық деген жанұялардың мінез — құлқын, тұрмыстық жағдайын, бала-шағасының хал — ахуалын, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын, жолдас-жоралары, жегжаттары арқылы әбден біліп алып барып шешімге келеді. Бұл шаруа қазақтардың жабық қоғамында онша қиынға соқпайды. Ал қазіргі кезде ұл балалардың қыз таңдауда өз еріктері бар. Бірақ, қыз балалардың емін-еркін жүрістері болмағандықтан, оларға қиындықтардың көп болатыны рас.

Айттыру — ағайынның үлкендері ұл мен қыздың үйленуіне келісім бере қойса, пысық, сөзге шебер туыстың бір әйел адамы қыздың анасымен хабарласып өз ойларын айтады. Қыздың анасы мақұл көріп, күйеуімен бұл жай-лы әңгімелесіп, қыздарын беруді дұрыс деп шешсе, бір апта ішінде өздерінің келіскендерін хабарлайды. Жігіт жақтан елге абыройлы, беделді ағайындарының бірі бас болып бірнеше адамды ертіп қыздың үйіне барып, жігітін мақтап, өздерінің келгендегі ниетін айтады. Бұл екі жақтың келісімге келгендіктерін көрсетеді. Содан кейін қыздың ата — анасы Ақсақалдармен кеңесе отырып, құда түсетін күнін белгілеп жігіт жаққа хабарын береді. Жігіттің әкесі бірнеше Ақсақалдарды ертіп қыз жақтың «үлкен шаңырағына» барып құда түседі. Екі жақтың ата — аналары, Ақсақалдары әңгіме — дүкен құрып, шәй ішіп, тамақтанып болған соң қыз жағы «Бұйымтайыңыз бар ма?» деп сұрайды. Олар өз ниеттерін айтады. Сөйтіп, екі жақ та өз ризалықтарын айтып, жегжат болайық деген тоқтамға келеді. Сөйтіп екі жақ сөз берісіп, құдалықтың алғы шартын жасайды, болады. Одан кейінгі күндері құда болу рәсімі, сосын құда тойы рет — ретімен жасалады.

Құда болу — құда болу күні ырым бойынша сәтті күннің бірін тағайындайды. Бұл күні екі жақ дәстүрлі қалыңмал мөлшерін анықтайды. Қалыңмал ұдайы нақтылы бір мөлшерде қала бермейді. Оның мөлшерін ауқатты немесе бәсекешіл адамдар өзгертіп отырады. Дегенмен өзіндік мөлшері азды — көпті жоғарылап не төмендеп өзгеріп отырады. Мәселен қазіргі кезде мың — екі мың доллар көлемінде қалыңмал төленеді. Қалыңмал жігіт жақтың материалдық жағдайына байланысты бөлініп бір, екі яки үш мезгілге бөлініп төленеді. Тағы да қалыңмалдың оннан бір мөлшері «Ағалық хақы» деп беріледі. Қалыңмалдың белгіленген мөлшері төленген соң екі жақ кұдалық той жасау күнін белгілейді.

Құдалық той — құдалық той белгіленген соң бірнеше күн бұрын дайындық бастайды. Жігіт жағы өздерінің ағайын — туысқандарына той болатын күнді хабардар етеді. Қыз жақ құдалық тойға баратын ағайындарын анықтап шақырады. Жігіттің анасы жақын апа — жеңгелері (Адайлар оңтүстіктегі қолданылатын әпке сөзінің орнына Апа сөзін, ал, Апа сөзінің орнына Әже сөзін қолданады) қызға тағатын алтын сырға тағы басқа сыйлықтарын дайындайды. Мұнда жігіт жақтың ауқаттылығына байланысты қызға алтын бұйымдар мен түрлі сыйлықтар беріледі. Қыз жақтың адамдары да кұр қол келмей «Ақ қалта», «Ала қалтасын» көтеріп келеді. Құдалық той екі жақтың бір — біріне қошамет сөздері, кең дастарқанның түрлі тағамдары, сый — сыйапатпен өрнектеліп ән — биге ұласып жатады.

Құдалық той қыз жақта жасалады. Жігіт жақтан келетін құдаларға арнап үй дайындап қояды. Бұл үйді «Құда түсетін үй» деп атайды. Қыз жақтың бір жақын ағайыны құдаларды қарсы алып, олардың жағдайын жасауды міндетіне алады. Сол күні құдаларға атап қой сойылып «Ет» (Мұнда жасанды «Бес бармақ» сөзі қолданылады) асылады. Құдаға бас тартып тиісті сый — құрмет жасалады. Құдалық тойдан бір күн бұрын май нан (шелпек), бауырсақ пісіріледі. Бұл күнде құда түсетін үйге қыз жақтың жеңгелері, тума — туыстары, достарының әйелдері жиналып тойға керекті заттарды дайындауға кіріседі. Көмектесуге шақырылған әйелдер құр қол келмейді. Өздерімен ақ қалта, ала қалтасына тойға қажет тәттілер, түрлі мата тағы басқа бұйымдарын той шашуы деп ала келеді. Сондай — ақ келе — сала теңгелерін «шашу» етіп шашады. Қонақтар шәй дастарқанынан дәм татып, жұмысқа кіріседі. Бірі қамыр илейді. Бірі ошақ дайындайды, бірі отынын алып келеді. Сөйтіп, көңілді, жүздерінде күлкі ойнап, әдемі қалжындар мен қуанышқа ұласып жатады. Бұл күні қой сойылып, өкпе — бауыр, ішек — қарынды картоппен қосып қонақтарға қуырдақ дайындалады. Тойға тиісті дайындық аяқталған соң әйелдер үйлеріне қайтып, ертеңіне таң атысымен келесі бір топ ағайындар той болатын жерге келеді. Құдалық той күні көмектесуге тума әйелдер тоб — тобымен той қалталарымен келіп, тойға шашуын шашып, тойға шақырылған дүйім жұрт «Тойшылар» жайылған дастарқан төңірегіне отырып шәй ішіп, қуырдақ жеп сыртқа шығып орнын жаңадан келген қонақтарға босатып беріп, бір — бірін қошаметтеп тойды думандатып қыздырып жатады. Бұл жерде қыз жақтың жақын ағайын үйіне де қалыңмалдан үлес беріледі. Ол қалыңмалдан алған ақшалай үлесін қонақтарды қабылдауға жұмсайды. Құдалардың саны 200 адамға дейін жетеді. Әрине бұл сан қазіргі кезде нарықтық жағдайға байланысты төмендеп кетті. Көп жылдардан бері құдаларды қазақ «күріш» пісіріп қарсы алуды дәстүрге айналдырды. Қонақтар санының көп болуына қатысты әр төрт, алты қонаққа бір табақ күріш тартылады. Дастарқанға жеміс — жидек, салат және сусындар қойылады. Тамақ қолмен желінетіндіктен қонақтарға қол жуғыш алып келіп қолдарына құмғанмен су құяды. Тамақ тартылып жатқанда, бір адам шелек алып жүру дәстүрін орындайды. Шелек ішіне қонақтар туыстық — достық қарым -қатынастардың алыс — жақындығына қарап сый ақша салады. Шелекке түскен ақшалар қонақ иесіне тапсырылады. Жиналған ақшаның есебінен қонақ иесі көмектескен жас әйелдерге ақшалай немесе заттай үлес береді. Тамақ желініп болғаннан кейін ас қайырып, құран оқылады. Қонақтар бәрі үйден сыртқа шыққан соң жігіттің әкесі не ағасы үйден сыртқа шықпастан бұрын отырған жердің киізінің астына қонақ иесіне «сыйлық» ретінде ақша қалдырады. Оған «төсек асты» делінеді. Құдалар қонақасы берілген үйден шыққан соң қыздың әкесінің үйіне бет алады. Қыз жағының әйелдері құдаларды шашу шашып қарсы алады. Құдаларға қонақ бөлмеге кірер алдында ырымдап ақ жол болсын деген ниетпен ұн жағады. Құдалық тойдың ең қызық сәті «Құда түсіру» деп есептеледі. Өйткені құдаларды қызықтап қарсы алу және құт болсын деген ниетпен оларға ұн жағып жатады. Бүгін қызыққа батамыз деп құдалардың ішінде қалжыңдауға ыңғайы келген құданы ұнға әбден малып, тұла бойын қардай аппақ қылып тастайтын. Кейінгі жылдары бұл рәсімнің тек қана ырымы жасалады. Қыз жағы құдаларды шәй дастарқанымен қарсы алып, куырдақтан кейін күрішпен тамақтандырады. Бұдан кейін қыз жағы жігіт жағынан келген құдаларға бес түрлі «кит» береді. Біріншісі жігіттің ата — анасына, екіншісі бірінші дәрежелі туыстарына, үшіншісі одан кейінгі ағайындарына, төртіншісі дос -жарандарына, бесінші кит «көптің киті» деп аталады. Ол жалпы жиналған қонақтарға таратылады. Сондай-ақ «өлі — тірінің киті» бар. Ол сондағы молдаға тапсырылады. Әрине аталған киттердің мөлшері жоғарыдан төменге қарай азая түседі. Содан кейін «төс» құдаларға тарту етіледі. Төсті арнайы табаққа салып, оған қоса әйелдерге арналған көйлек маталар, бір жұп әйел костюм және матаға оралған кілемше қосып құдаларға сыйлайды. Құдалар төс пен қатар алған сыйлықтарын алып қайтады. Оларды жігіттің үйі қой сойып қарсы алады. Құда болып қайтқан жамағат жігіттің үйінде қуырдақпен шәй ішіп, ет жеп үйлеріне тарасады. Қонақтар тарап болған соң жақын ағайындар киттерді атап жазылған қағаздарына қарап ата — ана, жігіттің ағайындары, жақын туыстары, алыс тумаластары мен тойға қатысқан қауымға үлестіріп береді. Алып келген төспен қосымша етінен жиналған адамдар ырымдап дәм татады. Одан кейін төспен бірге алып келген сыйлықтардың қабын ашуға кіріседі. Төстің сыйлық қабын күйеу әрі балалары қайтыс болмаған яғни бақытты жас әйелдің ашуын қалайды. Төс сыйлығының түймешегінде орамалға оранған арнайы сыйлық бар. Ол төс түймешегін ашқан әйелге тиісті болады. Төс сыйлық мата, кастюмдері, кілемше жиналғандарға көрсетіліп, әкесі өзіне тиісті сыйлықты жақын ағайынның біріне тарту етеді. Келесі күні «Құда той» жігіттің үйінде жалғасады. Жігіттің үйіндегі құда тойда дәл қыздың үйіне жасалған рәсімдермен қайталанады. Яғни қыз жағынан келген құдалар әуелі жігіттің ең жақын деген туысының үйінде қонақасы жеп, сый -сыйапатына бөленіп, кейін жігіттің үйіне келіп түседі. Оларды да жігіт жағы шашу шашып қарсы алып, ұн жағу рәсімін жасайды. Ұн жағу рәсімі де өткен күнгі ұн жағу рәсімінің қалай өткеніне байланысты қыза түседі. Ал, жігіт жағы құдаларға төстің орнына «құйымшақ» тарту етеді. Құйымшақты үлкен табаққа күріш қосып салып береді. Оған қоса келісілгендей қалыңмалдың бір бөлігін әрі бұрынғыша сыйлықтар беріледі. Қыз жақтан келген құдалар қалыңмал, сый — сыйапатын алған соң бата береді. Бұл рәсімдердің соңында бата берілгеннен кейін қыз ресми түрде жігіттің қалыңдығы болғанын мәлімдейді.

Қалыңдық болу мерзімі — қалыңдық мерзімі әртүрлі алты айдан бес жылға дейін созылғандары бар. Ең қызығы бұл мерзім аралығында жігіт пен қыз ашықтан ашық бір — бірімен кездесе алмайды. Сондай — ақ қыз — жігіт ата — ене және туған — туыстарының көзіне түсе бермеуі керек. Бұл жағдай «қашпақ» деп аталады. Ал жігіт пен қыз бұл үрдісті сақтамаған болса оларға айып пұл төлеуге тура келеді. Әрине, бұл қатаң дәстүр қазіргі кезде біршама жұмсарды. Айт күндері мәселен құрбан айт, наурыз мерекесінде екі жақ құдалар көрісуге барады. Ал, наурыз айтта күйеу баланың тарапынан қалыңдыққа міндетті түрде түрлі алтын әшекейлі бұйымдар сыйлыққа алып барады.

Тойға дайындық — жігіт жағы қалыңмалды толық өтегеннен кейін келін түсіру тойды жасауға дайын екендіктерін жария етеді. Той мерзімі жақындай түсісімен қыз өзінің сырлас жеңгелерінен «сыңсу» өлеңдерін үйрене бастайды. Тойдың күні нақтылай белгіленген соң қызды өз ағайындары мен дос — жараңдарын қонақасы беруге қонаққа шақырады. Оның ең жақындары мұндай шақыруды думанға айналдырып жібереді. Яғни қызды түнде барлық туыстар мен достарын қоса шақырып, үлкен құрмет көрсетіп, ән айтып, күй шертіп дүрілдетіп той жасап өткізеді. Бұған Иран қазақтары «Ойын кеші» деп ат қойған. Қыздың құрметіне жасалатын мұндай «Ойын кештері» ағайындарының санына байланысты қырық түн, қырық күнге дейін созылуы мүмкін. Әсіресе бай қызына ойын-сауықтың ұзаққа созылуы ғажап емес. 1980-1985 жылдарға дейін «Ойын кештерінің» көркі қазақтың қара домбырасы мен қазақ жырлары еді. Темірбай, Емберген, Қайырбай, Жаңбыр, Шомақ тағы басқалары той кештерді домбырамен жырлатып әндетіп қыздыра түсетін. Бүгіндері олардың біразы қайтыс болса, қалғандары қартайды. Сондықтан той кештерінің басым бөлігі жеңіл — желпі музыкамен ырду — дырду күйінде өтіп жатады. Қысқасы кейінгі жылдары бұрынғы ұлттық үрдіс жойылып, «Ойын кештері» жергілікті жердің жеңіл әуендері, жеңіл билерімен парсы тіліндегі әуендермен өтіп жатады. Бұл қазақ тілінің әлсірей түскенінің бір белгісі. Бұл кемшіліктің түп — тамырын ол жерден емес, олардың еліктеп тұрған үлкен шаңырақтың қазақ тіліне немқұрайды қарайтынынан іздеу керек сияқты. Үлкен шаңырақтың тілге деген құрметі мықты болса, оның жаңғырығы шетелдегі бауырларға да өз ықпал — әсерін тигізбей қоймайды. Міне, осылай қызды «Бақыт үйіне» кетуге дайындап, ағайын — туыстарымен қоштасуға мүмкіндік береді. Бұл да болса қазақтың ежелгі дәстүрлерінің сарқыты болу керек. Өйткені көшпелі қазақ қызын ұзатқан соң айлап, бәлкім жылдап оны қайта көре алмайтын шығар. Тойға дейін қыздың жасауындағы жетіспей жатқан бұйымдар түгенделеді. Той күнін екі жақ Алланың сәтті бір күніне орайластырып бекітеді.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.