Дао және Конфуций философияларындағы білім мен надандық тұжырымдамасы

Главная » Рефераттар » Дао және Конфуций философияларындағы білім мен надандық тұжырымдамасы

Классикалық қытай философиясының құрамында “таным теория-сы” деген арнайы сала болмаған. Бірақ бұл көптеген гносеологиялық мәселелерді қарастыруға кедергі жасамаған. Білім мен білімсіздікке байланысты негізгі мәселе ондағы білім мен білімсіздіктің мәртебесі, шынайы және шынайы емес білімді ажыратуға қатысты болатын. Бұл сұрақтарға берілген жауаптардың талдауына назар аударайық. Дао-шыл философиядан бастайық.

Дао философиясының өкілдері жалпы адам мәселесі сияқты, білім мен білмеудің мәселесін де өздерінің әлем туралы ілімінің контек-сінде шешкен. “Чжуан-цзы” трактатында оған көп көіңіл бөлінген. Әрине, білім бір нәрсе туралы білім болғанда ғана білім болады, оның пәні бар. Сондықтан, алдымен, білім пәнінің шекарасын, оның мазмұнына кіретін не кірмейтін нәрселерді анықтау қажет. Даошыл-дық философия бойынша, әлем – бейболмыс пен болмыстың бірлігі және бейболмыс болмыс әлемінде дао түрінде өмір сүреді. Танымның қол жетімді (негізінде қол жетімді) саласының шекарасы болмыс әлемімен шектеледі. Бейболмыс, бостық, шексіздік әлемін тану мүмкін емес; оның бар екенін ғана білуге болады, оған қосар ешнәрсе жоқ. Даоның да танылуы мүмкін емес: “Ол көзге көрінбейді және оны есту мүмкін емес”; “Дао [бізден] жасырынады…” Оны ұқсату арқылы ғана, яғни шамалап қана тануға болады. Лао-цзыдың айтуынша, оған ұқсас нәрсе – су.

.

Даосшылдардың пікірінше, болмыс әлемінде танымның қолы бәріне бірдей жете бермейді. Айталық, “Чжуан-цзы” трактатында Лао-цзы мен Конфуцийдің әңгімесі беріледі. Лао-цзы былай дейді: “Бір нәрсе ғаламның барша желісін байлайды, бірақ оның түрін ешкім көрмеген. Кішірейіп және үлкейіп, толып және сарқылып, біресе жанып, біресе өшіп, күннен-күнге жаңарып, ай сайын өзгеріп, ол күні-түні қызмет етуде, бірақ оның жемісін көрген адам жоқ. Барша тіршілік бір нәрседен туады, барша өлген нәрсе бір жерге  кетеді, басталу мен аяқталу әлемдік айналыста мәңгіге қосылып кеткен және оның шегінің қайда екенін ешкім де білмейді”. Демек, таным бұлардың себептері мен қайнарларын  емес, салдарлары мен нәтиже-лерін ғана тани алады және өзінің мазмұны бойынша білім солармен шектеледі.

.

Танушы әрі білуші субъект ретіндегі адам тұтас нәрсе болатын әлемнің құрылысымен шектеледі. Бірақ белгіленген шеңбердің ішінде таным мен білім, негізінен, шексіз болады. Чжуан-цзы былай дейді: “Біздің өміріміз шектеулі, ал білім шексіз”. Бұл пікірде, біздіңше, таным біріншіден, жеке-ұжымдық, екіншіден, қоғамдық-тарихи үдеріс болатыны туралы айтылады. Әрине, танитын жеке тұлға, бірақ замандастар ортақ білімді жасағанда, таным нәтижелерімен бөліседі. Алдыңғы буын өкілдері таным нәтижелерін, өздерінің білімін келесі буынға қалдырады. Сонымен, адамдар мен буындар өмірден кетеді, ал білім қалады және дамуын жалғастырады.

Білім даму үдерісі ретінде шексіз, бірақ сапа жағынан шектеулі болады. Оны шектейтін болмыс әлемі, ал болмыста оны аспан мен адамның мәні шектейді. Чжуан-цзы: “Аспанның әрекеті мен адамның әрекетін білу – білімнің шыңы” дейді. Ежелгінің асқан даналары сондай білімді игерген адамның үлгісі болатын. Олар болмыс әлемінің қалай пайда болғанын білген,  бірақ: “Түгел заттың қайнарын ұмытпай, барша заттың ақырын білуге ұмтылмай…”, оның қалай жоғалатынына қызықпаған. Олар болмыс әлемін, “сансыз заттардың” қайнарын ұмытпаған және даоға еріп, даоға сеніп, “сансыз заттармен”, барша болмыспен бірге олардың ақырына қарай жылжыған. Барша нәрсенің ақырын білуге ұмтылудың өзі, Чжуан-цзыдың пікірінше,  даналықтың жоқтығын білдіреді. “Демек, – дейді ол, – бәрін білгісі келген адам — дана емес”.

Даошылдық философияның көзқарасы бойынша, адамның мұраты – дана болуға ұмтылу, өзінің адами мәнін еңсеру. Осыған  байланысты адам және дана танитын нәрселердің саласы ажыратылады. Дао философиясында адамға заттар әлемі тиесілі. Чжуан-цзы былай деген: “Оларды (заттарды – А. С.) тану – адамның ісі. Заттарды ұмыту, Аспанды ұмыту – “өзіңді ұмыту” деп аталады. Өздерін ұмытқан адам-дар жайында, олар Аспандағы сарайда тұрып жатыр деуге болады”. Олар өздерін заттың ішіндегі зат ретінде ұмытқан, бірақ өздерінің қайнарын біліп, ұмытпайды.

Даошылдық философия бойынша, заттар әлеміне қатысты екі ұстаным болуы мүмкін. Бірінші ұстанымда болмыс әлемінде өзара ерекшеленетін көптеген заттар өмір сүреді. Демек, заттарды тану үшін олардың ерекшеліктері негізге алынуы тиіс. Қарама-қарсы ұстанымда, керісінше, заттар өзара ерекшеленсе де, абсолютті түрде өзгеше емес; олардың арасында ұқсастық бар. Демек, заттарды тану үшін олардың өзгешеліктерін емес, барабарлығын негізге алу қажет. “Чжуан-цзыда” бұл туралы былай делінеді: “Егер заттарға олардың арасындағы ерекшеліктерді негізге алып қарайтын болсақ, онда бауыр мен көк бауыр Шу патшалығы мен Юэ патшалығы сияқты өзара ерекше-ленетін болады. Ал егер заттарға олардың ұқсастығын негізге алып, қарасақ, онда әлемдегі барлық нәрселердің бірыңғай екенін көреміз. Ондай адам көз бен құлақтың арасындағы ерекшелікті білмейді, оның жүрегі өмірлік қасиеттерге толы болғандықтан туындаған асқан бір-лікті еркін аралайды”.

Даошылдардың пікірі бойынша, бірінші ұстаным түрлі адасу-шылыққа ұрындырады, ал екінші ұстаным ақиқатқа жетелейді. Бол-мыс әлемі өзінің пайда болуы (бейболмыстан) мен негізінде жатқан даоға қатысты бірыңғай нәрсе болады. Мұндай көзқарас тұрғысынан ерекшеліктерді білу ақиқатқа ешнәрсе қоспайды, тіпті, одан алыста-тады. Бірақ диалектикаға сүйенер болсақ, атап айтқанда, жекенің, ерекшенің және жалпыға бірдейдің диалектикасын негізге алсақ, онда заттардың танымында барабарлық қана емес, өзгешелік де маңызды болады. Гегель былай жазған: “Барлық заттар әлдебір жал-пыға бірдей нәрсе мен жеке ретінде қосылатын ерекше нәрсе болады”. Демек, барабарлық пен өзгешелік – заттар әлемінің әртүрлі деңгейі емес, заттардың әртүрлі қырлары. Сондықтан аталған жағдайда даошылдық философия диалектикалық болмай шығады.

Барабарлықты абсолютке айналдырған даошылдардың пікірінше, барлық негізгі адасушылықтардың себебі адамдардың ерекшеліктерді анықтап, олардан айырылмауы болады. Ерекшеліктер тым көп болған-дықтан олардың бәрін қамту мүмкін емес, сол себепті басқа шектелген біліммен сәйкес келмейтін шектеулі білімдер пайда болады. Мұндай жағдай адамдардың Ұлы Бірыңғай нәрсені ұмытып, жеке нәрсеге көңіл бөлгендіктен туындайды. Чжуан-цзы былай дейді: “Белгілі бір жеке нәрсені зерттеуді қанағат тұтатындар көбейіп кетті. Дәл солай құлақ, көз, мұрын, ауыз көрші орналасады: олардың әрқайсысы бізге әлем туралы білімді жеткізіп тұрады, бірақ олардың қабылдаған нәрсесі біріге алмайды. Жүз мектептің ілімдері де сондай, олардың әрқайсысының өзіндік артықшылығы бар, кейде олардың пайдасы тиіп жатады, бірақ олардың ешқайсысында баршаны қамтитын, аяқталған ақиқат жоқ. Бұл өздерінің бұрыштарына байланып қалған адамдардың ілімі”. Алайда, мұндай біржақты ілімдерді жасаушылар, әдетте, ондай ілімдерді бәрін қамтитын және аяқталған деп жариялап, оларды қорғайды. Бұл сол ғалымдарға өздерінің білімдерін жетіл-діруге, жасаған ілімдерін кеңейтуге кедергі болады. Чжуан-цзы былай деген: “Шектелген ғалыммен Ұлы Жол туралы әңгімелесу мүмкін емес, өйткені ол өзінің ілімімен шектелген”.

Даосшылдар үшін ежелгінің адамдары білмді адамның идеалы болған. Олардың ерекше еңбегі білімдері бола тұра, олар оны пай-далануға ұмтылмаған, өйткені олардың тіршілік тәсілі әрекет жаса-мау болған. Ежелгі заманнан бері әлемде барлық нәрсе құлдырайды, ал қазіргі заманды даошылдар азғындаудың шегі деп білген. Білім де бірте-бірте азғындаған. “Чжуан-цзы” трактатының екі жерінде білім-нің әр кезеңдегі азғындауы сипатталған. Олардың бірін келтірейік. “Ежелгінің адамдары өздерінің білімдерінде шекке дейін жеткен. Олар нені білген? Олар әуелде заттардың болмағанын білген, – бұл шек, мәннің бүкіл тұңғиығы, бұған ешнәрсе қосуға болмайды. Олардан кейінгілері заттар бар, бірақ олардың арасында шекара жоқ деп білген. Соңынан келгендер заттардың арасында шекара бар деп білген, бірақ ешқандай зат “осы” не “сол” бола алмайды деп есептеген. “Осы” мен “солды” қарама-қарсы қою – Жолдың көмескіленуінің себебі”. Бұл даошылдар өмір сүретін замандағы жағдай.

Білімнің шекарасы – білімсіздік, білу мүмкін нәрсенің шекарасы – білу мүмкін емес нәрсе. Чжуан-цзы былай дейді: “Білімде білу мүмкін емес нәрсеге тірелген адам, кемелдікке жетеді”. Алайда, ондай білу мүмкін емес нәрсе қандай да бір зат немесе заттардың жиынтығы емес; ол мүлде болмыс әлеміне жатпайды. Танитын адам өзінің танымында сондай шекке жеткенде тоқтайды, ондай шектің арғы жағында білімнің пәні не мазмұны болатындай ешнәрсе жоқ. Сол шектің арғы жағында бейболмыс, бостық, шексіздік бар. Ол туралы адамда білім емес, білместік бар. Бірақ бейболмыс болмыстың қайнары болғандықтан, әуелгі білімсіздік білімнің қайнары болады. “Демек, – делінеді “Чжуан-цзыда”, – біз білмеудің арқасында білеміз! Білім болғандықтан білмейміз!”. Біздің болмыс әлемін танудың арқасында алған біліміміз, бізге бейболмыс әлемін тануға, яғни білімнен де шынайы білімсіздікке келуге кедергі жасайды. Бұл жерде оны Кузалық Николайдың “ғылыми білместігіне” ұқсатуға болатындай көрінеді. Чжуан-цзы былай дейді: “Білімсіздік терең, ал білім үстірт… Білмеу – ішкі, ал білу – сыртқы нәрсе”. Ал даосизм бойынша, онтологиялық тұрғыда сыртқы нәрсенің ішкі нәрседен маңызы төмен болады. Бұл Лао-цзыдың: “Білген адам дәлелдемейді, дәлелдейтін адам білмейді”, — деген белгілі сөздерін түсінікті етеді. Өйткені, адам білмейтін нәрсені біледі, ал оны дәлелдейтін болса, білімнің тіліне жүгінуге тура келер еді.

Білім мен білімсіздіктің осындай арақатынасынан даошылдар білімнің зияндылығы туралы идеясын  шығарады. Чжуан-цзы білімнен бас тартуды адамдарды көптеген бақытсыздықтан құтқаратын жол деп білген. Мысалы: “даналардан бас тартыңыз, білімді тастаңыз – сонда үлкен қарақшылар жоғалады”. Лао-цзыдың ұстанымы, тіпті, кесімді. Ол былай дейді: “Данышпандық пен білімпаздық жойылған кезде, халық жүз есе бақытты болады… Білімпаздық жойылғанда, қайғы-мұң да жойылады”. Бірақ, әрине, даошылдар біздің ұғымдарымыздың белгілі бір тиімділігін де мойындайды; олар мынадай ең жоғарғы өлшемге сай болуы тиіс: “Ұғымдар туралы Жолға негізделіп, пайым-даңдар…”. Бұл – әлемге қатысты абсолютті бастау нүктесі: “Бәріне Жолға негізделіп, қараңдар…”.

Конфуций философиясында білім мәселесі негізінен әлеуметтік мағыналық ауқымда шешіледі. Мұнда білімге үлкен мән берілсе де, оның “білім теориясы” даошылдықпен салыстырғанда, әлдеқайда жұтаң. Конфуцийдің философиясы бейболмыс әлемін білмейтіндіктен және болмыс әлемін ғана білетіндіктен, білім мен білімсіздік өздерінің мазмұны бойынша болмыс әлеміне ғана қатысты болады. Ал бол-мыстың өзі бұл философияда аспан, адами болмыс және тағдыр түрінде ғана болады. Конфуций өзінің шәкірті Чжун Юге (басқа есімі – Цзылу) білімнің мынадай анықтамасын берген: “Өзің білетін нәрсені білім деп есепте және білмейтін нәрсені білімсіздік деп есепте. Білім деген осы болады”. Аталмыш анықтама тым дерексіз және білім мен білімсіздікті ажырату өлшемі объективтілікке емес, субъективтілікте орналасады. Басқа бір жерде шәкірттің (Фань Чжи) білім туралы сұрағына  Конфуций былай жауап берген: “Адамдардың алдындағы парызды орындау қажет, жындар мен аруақтарды сыйлау қажет, бірақ оларға жақындауға болмайды – бұларды білім деуге болады”. Бұл сөйлемде білімді шындыққа деген этикалық көзқарас алмастырған.

Конфуций шығу тегі бойынша білімді туа берілетін (бәлкім, аспан сыйлаған) және адамның тіршілігі барысында алынатын деп бөлген. Ол алғашқыны кейінгіден жоғары қойған және білімнің бірінші түрін иеленетін адамды, екінші білім иелерінен жоғары бағалаған. Ол былай дейді: “Туған кезден білетін адам – ең жоғары адам, келесі орында – үйрену арқылы білетін адам, одан кейінгі – мұқтаж болғанда үйренетін адам; ал қажет болса да үйренбейтіндер – ең төмен тұратын адамдар”. Ол өзін білімді туғанда емес, ежелгі даналықтың арқасында алатын адамдардың қатарына жатқызған. Оның пікірінше, адамдардың білімі үнемі өзгеріп отырады, бірақ екі жағдайда ол өзгермейді: “Асқан даналық пен ең үлкен ақымақтық ешқашан өзгермейді”. Асқан даналық жетілудің шегіне жеткендіктен өзгермейді және дана азғындамайды. Ең үлкен ақымақтық азғындау-дың шегіне жеткендіктен өзгермейді және “нағыз” ақымақ ақыл қоспайды; ақыл қосатын болса, ол ақымақ болмас еді.

Конфуций және конфуцийшілдер білімпаздыққа үлкен мән берсе де, этикалық бастауды жоғары қойған. Біз Конфуцийдің білім туралы пікірін келтірген едік, онда білімді этикалық сипаттама алмастырған. Мұндай әсірелеуді кездейсоқ деуге болар еді, бірақ Конфуцийде мұндай үрдіс жиі кездеседі. “Лунь юйде” мынадай жер бар:

“Ұстаз былай деген:

.

– Үйде жасы кішілер ата-ананы құрметтейді, сыртта жүргенде үлкендердің тілін алады, шыншыл әрі сақ болады, баршаны сүйеді, бірақ адамгершілігі мол адамдармен ғана жақын болады. Егер күш-қуаты қалса, білім алуға ұмтылады”. Бұған қоса Конфуций былай деген: егер адам барлық этикалық ізгілікті сақтайтын болса, “бәрі оны білімсіз десе де, мен үшін ол ғалым болады”. Сонымен, этикалық бастаудың танымдық бастаудан басым болуы – Конфуций филосо-фиясының ерекшелігі. Кейінгі конфуцийшілдікте де ол сақталады.

“Ли цзиде” “Ғалымның мінез-құлығы” деген тарау бар, онда Кон-фуций мен Лу патшалығын білеушісі Сей-гунның әңгімесі беріледі. Конфуций нағыз ғалымның негізгі сипатын береді. Ол басқалардан ерекше киім кимейді, қарапайым, негізгі ізгі қасиеттерді иеленеді. “Ғалымның тұрмысы өте нашар… Ол байлықты тілемейді, өйткені білімді байлық деп біледі..”. Ол сындарлы сынды дұрыс қабылдайды және өзінің пікірінде ешкімге тәуелді болмайды. “Билеуші қатаң болса да, ол пікірін өзгертпейді”. Оны сатып алуға, мәжбүр етуге болмайды, “оны өлтіруге болады, бірақ қорлауға болмайды”. Конфуцийдің айтуынша, нағыз ғалым үнемі білім жинайды. Бір сөзбен айтқанда, нағыз ғалым цзюнь цзы, бекзат ердің сипаттамасына сай келеді. Оның тағы бір ерекшелігі: “Ғалым өзінің замандастарымен бірге өмір сүреді, бірақ өзінің іс-әрекетін ежелгі адамдарға қарап түзейді, оның қазіргі салған жолын, болашақ буын саты ретінде пайдаланатын болады”. Бұл оның қазіргі білімі ежелгі асқан даналардың білімі болады деген сөз. Демек, нағыз ғалым Конфуций сияқты өзі де “жасамаймын, жалғастырамын” дей алады, өйткені жасау – үйлесімсіздікке бастап, бүлік шығару болады.

Сонымен, даошылдық және конфуцийшілдік философиялардағы білім тұжырымдамаларын талдап, мынадай қорытынды жасауға болады. Даошылдық философияда білім гносеологиялық тұрғыда, ал білімдар адам – онтологиялық тұрғыда қарастырылады. Конфуций-шілдік философия білімді де, білімдар адам да таза этикалық (этикалық-әлеуметтік) тұрғыда қарастырады. Іс жүзінде білім ежелгінің білімі ретінде ұғынылып, оның қасиеті шынайылық болған соң конфуцийшілдікте білімнің гносеологиялық қыры ескерілмейтін сияқты. Конфуцийшілдік үшін білім әрқашан ақиқат болады. Ал білімсіздік дегеніміз даошыл философиядағы сияқты бейболмыс әлемін білмеу емес, ежелгі ақиқатты білмеу болып есептеледі.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.