Əдеби тіл туралы түсінік

Home » Рефераттар » Əдеби тіл туралы түсінік
Рефераттар Комментариев нет

Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған өмірдің кез-келген орайында əрі қару, əрі қалқан болған, əрі байырғы, əрі мəңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен? Əрине, одан қымбат ештеңе жоқ деп айтуға болады. Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мəдени тұтастығына ең негізгі ұйтқы болған – оның ғажайып тілі.

Қоғамның аса қажетті қатынас құралы тілдің ұзақ жылдар бойы жұмсалу тарихында оны пайдаланушы ел-жұрттың талай заманды бастан кешіріп, талай асулардан асқан тарихында оның өн бойына елеулі өзгерістер енеді. Тарихи даму белестерінің бір кезеңінде тіл тек қарым-қатынас құралы қызметінде ғана емес, ерекше əлеуметтік саяси өрлеудің де қызметін атқарады. Ол тілді пайдаланушы халықтың еңсесі биік, озық ойлы мəдениеттің белгісі. Ал тілдің əдеби тіл дəрежесіне көтерілуі халық ұлт тілінің таным болмысын жаңа сапаға ие болуының көрінісі. Қалайда халық тілінің ұлт тіл болуы – тілдің жазба əдебиетке əсер етуіне кең жол ашады. Халықтың ұлттық сана-сезімі оянып, ғылым, мəдениет туралы көзқарастары қалыптасады. Осылардың нəтижесінде жазба əдеби тіл халық тілінің жоғарғы формасы болып, əбден кемелденген сөздік құрам, синтаксистік құрылым, нормаланған дəрежеге ие болады.

Қазақ тілі білімінде əдеби тіл – жазба əдебиет арқылы жалпыға бірдей ортақ нормалары қалыптасқан, стильдік тармақтары сараланған, қоғамдық қызметі əр алуан халық тілінің жоғары формасы ретінде қарастырылып жүр. Олай дейтініміз, қазақ тіл білімінде əдеби тіл, оның тарихи арналары, қалыптасу тарихы туралы көзқарастар, жалпы сипаттамасы, зерттелуі жөнінде ғылыми зерттеу жұмыстары мен пайымды пікірлер төркіні сан қилы. Р. Сыздықова, І. Кеңесбаев, Н. Сауранбаев, М. Балақаев, С. Аманжолов, А. Ысқақов, Ғ. Мұсабаев, Т. Қордабаев, С. Исаев т.б. зерттеуші ғалымдардың əдеби тіл тарихына қатысты ғылыми еңбектерін басты назарға ала отырып, қазақ əдеби тілі тарихының зерттелуі жөнінде жалпы мəселелерді қарастыруды мақсат еттік.

Осы мақсат үшін мынадай міндеттерді басты назарға алдық: əдебитілдің жалпы сипаттамасын анықтау; қазақ əдеби тілінің зерттелуін айқындау; қазақ əдеби тілінің қалыптасу тарихы туралы пікірлерді салыстырып, саралау; əдеби тілдің ауыз екі тілге жəне диалектизмге қатыстылыған көрсету. Ғылыми жұмысты жазу барысында мынадай əдіс-тəсілдерді қолдандым. Олар: салыстырмалы сипаттау, ғылыми пікірлерді жинақтап, саралау əдістері. Ұлт болмысының бір көрінісі ретінде танылатын қазақ əдеби тілі тарихының зерттелуі жайында талданған бұл ғылыми көзқарастар – қазақ жазба əдеби тіл теориясының дамуына өзіндік үлес қосады деген пікірдемін. Əдеби тіл – жалпы халықтық тілдің хатқа түскен, белгілі бір дəрежеде өңделген ерекше түрі. Тіл білімі тарапынан алғанда «əдеби тіл» деп тек көркем əдебиет емес, ғылыми зерттеулердің, газет-журналдардың тілін де – қысқасы, жазба тілді айтамыз. Міне, осы пікірлес ғалымдар белгілі бір тілді əдеби деп тану үшін жазудың болуы шарт, яғни хатқа түскен нұсқалары өте аз немесе жоқ жерде əдеби тіл де жоқ дегенді кесіп айтады. «Əдеби тіл» термині «жазба тіл» дегеннің баламасы ретінде ұсынылады. М. Балақаев та: «Əдеби тіл – жазба тіл. Жазба əдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі əдеби тіл дəрежесіне көтеріле алмайды», — деп жазды. Дəл осындай тұжырымды Ғ. Мұсабаев та айтқан: «Əдеби тіл ең əуелі-ақ жазуға сүйенеді. Ал жазу стилінсіз əдеби тіл болмақ емес», — дейді.

Енді бірқатар зерттеушілер қазақтың əдеби тілін ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталады деп, мұны ұлы ағартушы-демократтар Абай мен Ыбырайдың есімдерімен байланыстырады. Əсіресе бұл қағида Абай мен Ыбырай сияқты қаламгерлердің шығармашылығын сөз еткен тұстарда баса айтылып келеді. Тіл мəдениетінің басты талабының бірі – тілдік нормаларды қалыптастыру. Олар халық тілінің, əдеби тілдің даму барысында қалыптасады, кейбіреулері (жазу нормалары, терминдер, пунктуация нормалары) қолдан жасалады да, басқалары тілде бұрыннан бар жүйелер негізінде баспасөз арқылы қалыптасады.

Əдеби тіл деп – жазба əдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стилдік тармақтары сараланған, қоғамдық қызметі əр алуан тілді айтамыз. Көркем əдебиет тұрғысынан алғанда, М. Горький айтқандай: «Əдебиет тезіне түспеген «шикі» тілді халық тілі дейміз де, көркем сөз шеберлері шыңдаған тілді əдеби тіл дейміз». Біз мəселеге дублеттердің қай сыңары негізгі, əдеби норма болуға тиіс деген тұрғыда қараймыз. Мүмкін, кейде екі сыңарын да норма деп есептеуге тура келер, оны əдеби тілдегі бұлардың жұмсалу заңдылығына қарай анықтауғатиіспіз. Мысалы, осы күнгі халық, қазір, жəне, үшін, жиі, өйткені, сияқты сөздер бұрын басқа да вариантта жазылатын еді ғой. Осы күнгі варианттар (қалық, кəзір, хазыр, жана, жиы, ұшын, үйткені) сөйлеу тілінде бар да, баспасөзде норма ретінде жазылмайды. Солар сияқты ондаған, тіпті жүздеген сөздер əдебиетте байланысып, былығып жатса, оған енжар қарай алмаймыз, яғни олардың əдебиетте жиі қолданылуға, нормалауға тиісті нұсқалары мынау деп көпшілікке бағдарлама беруге тиіспіз. Мысалы: қазір бəйге – абəйгі, ырза – риза, разы, жарты – жарым, есеп – қисап, мəлім – мағлұм деп əдебиетте жөн-жосықсыз жарыса қолданылып жүр.

Тіл мəдениеті жоғары халықтар мұндайлардың бір сыңарын негізгі деп есептейді де, басқаларын ретіне қарай қолданады. Мысалы, жарты дегенді нормаға жатқызсақ, жарым мүлде қолданылмасын деген ұғым тумайды. Мұндайды əдеби тілдің қабылдамайтынына көз жеткен тұста, сол ізбен бау – бақ, суару – суғару, мысалы – мəселен сияқты көптеген жарыспа сөздерді синоним деп бетімен қоя бермей, əр сыңарын белгілі мағынаға ие етуге əбден болады.

Əдеби тіл – қоғамдық категория ретінде сол қоғамның ілгері даму сатысының жоғарылаған кезеңінде біртіндеп жазба əдебиет арқылы жасалады. Қазақ əдеби тілі жалпы халық тілі негізінде пайда болғандықтан, əдепкіде оның негізгі тірегінен қаншалықты айырмашылығы бар екені де көмескі, бұлдыр болғандықтан, ғалымдар оған бірден назар аудара қоймайды. Оның қандай тіл екені, тарихын айқындаудың қиын екені сонымен байланысты болса, екінші жағынан оның құрамын,халық тілінің байлықтарын əдеби тіл қаншалықты дəрежеде бойына сіңіргенін анықтау да оңай емес.

Осындай қиын жұмысқа ден қоюдың да өз тарихы бар. Қазақ əдеби тілінің зерттелуі – қазақ тіл білімінің кенже қалған саласы. Орыс жəне басқа тілдерді зерттеуде əдеби тіл мəселелері кең арнаға түсіп, көп жылдық тарихты бастан кешірген болса, қазақ тіл білімінде ол енді-енді қатарға қосылып, бой түзеп келеді. Оның түрлі себебі бар: біріншіден, тіл мəселелерінің бүгінгі өмір үшін аса қажетті дегендері жаңа заманның жедел, мойын бұрғызбайтын іс-əрекетіне айналды. Сол кезде алфавит, орфография, терминология, грамматика, фонетика, лексика, лексикография проблемалары қолға алынды. Айналып келгенде, солардың бəрі əдеби тілге тікелей, не жанама түрде қатысты болғаны болмаса, арнайы əдеби тілдің теориялық проблемалары көпке дейін тіл мамандарының назарынан тысқалып келді. Екінші себебі – қазақтың əдеби тілі хылық тілі негізінде жасалып, ол екеуінің жігі онша білінбей дамып жатқан кезде, əдеби тілдің енді қай проблемалары бар? — деген мəселе көтеріледі. Сондықтан болар, олардың жайын зерттеу ғылыми-зерттеу орындарының іс-жоспарында болмады. Тек 40-50 жылдары ғана жекелеген мақалалар жариялана бастады.

Н.Т. Сауранбаев қазіргі қазақ əдеби тілін ХІХ ғасырда пайда болған жазба əдеби тілдің даму нəтижесі деп қарайды. Сол əдеби тілдің негізін қалаушылар Абай мен Ыбырай екенін бірнеше жерде айтады. Ə. Құрышжанов, Н. Сауранбаевтың таңдамалы шығармаларының алдындағы кіріспе мақалада: «Орыс əдебиетінде болсын, дүние жүзілік əдебиеттер мен түркологияда болсын əдеби тілдің анықтамасы теориялық жағынан біркелкі сияқты», — дейді де, мына анықтаманы келтіреді: «Ол (əдеби тіл) – жазба əдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түсіп, стильдік тармақтары сараланған, əлеуметтік қызметі əр алуан қатынас құралы; халық тілі байлықтарының негізінде қалыптасқан, жалпы халықтық тілдің жоғарғы формасы».

Н.Т. Сауранбаев қазақ тілінің төл əдеби тілін ауызша əдебиет тілі, жазбаша жазба əдебиеті тілі деп бөлмейді, бірақ жазусыз да əдеби тіл болады дегенін жоғарыда айттық. Ал қазақ əдеби тілін топтастыруға келгенде, тек «жазба əдеби тілді» қамтып, оны үш дəуірге бөледі: 1) ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі дəуір; 2) ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейінгі дəуір; 3) кеңестік дəуір. Осы бөлістің Абай, Ыбырайлар қазақ əдеби тілін жасаушылар, негізін қалаушылар дегенімен үйлеспейтін жерін елемегенде, біршама дұрыс топтастыру деп қарауға тиіспіз. Ол топтастыруда Н.Т. Сауранбаев, М.О. Əуезовтың Абай, Ыбырайлардан да бұрын əдебиеттің көрнекті өкілдері болып еді ғой деген пікірімен санасқан болуы керек. Т. Қордабаев əдеби тілге тəн төрт белгі (жазу, норма, стиль, қызметі) өткен ғасырда дəл бүгінгідей болмағандақтан, мақалаларында əдеби тілдің басы 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі дəуір дейді. Дұрысында бұл дəуір – əдеби тілдің кемелденген кезі. Ол əдеби тілдің тарихын оның сол кемелденген кезінен бастағысы келеді. Əдеби тіл туралы көп жазған кісінің бірі – А. Ысқақов. Оның Ашхабадта өткен конференциясында жасаған баяндамасында түсіндірме сөздіктің алғы сөзін жəне Абай тілі сөздігінің бас жағындағы «Абай жəне қазақтың əдеби тілі (Алғы сөз ретінде)», «Ы. Алтынсарин жəне қазақтың ұлттық əдеби тілі» деген мақалаларында бірталай байсалды пікірлер айтылған. Мұнда автор Ы. Алтынсариннің əдеби тілді қалыптастыру қызметіне ерекше көңіл бөледі. Тіпті оны ұлттық əдеби тілдің «негізін салған» деп даралайды: «Бұл жаңа əдеби тіл қазақтың тұңғыш педагогы, болашақ ұлттық үлкен жазба əдебиетінің іргесін қалаушылардың бірі – Алтынсарин Ыбырай негізін салған əдеби тіл еді» (Абай тілдігінің сөздігі. – 6 б.). Осының алдында əдеби тілдің үш арнасы ауыз екі сөйлеу тілі, ауыз əдебиеті тілі жəне жазба əдебиеті тілі екеінін дұрыс атаса, кейінгі мақаласында алдыңғы екеуін де əдеби тіл деп атайды.

Əдеби тілдің нормасына жатпайтын сөздер мыналар: 1. Диалектизмдер: шаттаулық (жаңғақ), сым (шалбар), шібіш (балапан), т.б. Жақшаның ішіндегі сөздер лексикалық мағына болып есептеледі. 2. Дөрекі, былапыт жəне жаргон сөздер. Олар: көкмойын, шорт-морт, шүрім-пүрім, маскүнем, жексұрын т.б. сөздер. 3.Қазақ тілінде баламасы бар термин сөздердің орысша атауларын қолдану лексикалық нормаға жатпайды. Мысалы: стройка (құрылыс), план (жоспар), т.б. сөздер.

Қазақ əдеби тілі – қоғамдық өмірдің əр алуан саласында қолданылатын стильдік тармақтары сараланған мəдени жұртшылықтың бəріне ортақ нормасы бар, ауызша жəне жазбаша түрде қызмет ететін тіл. Қазақ əдеби тілі қоғамдық өмірдің білім мен ғылым салысында, құқықтық қатынас саласында, əдебиет пен өнер саласында, бұқаралық ақпарат саласында, тұрмыстық қарым-қатынас саласында қызмет етіп, тілдік ұжымның қарым қатынас қажетін өтейді.

Десек те, тіліміздегі сөздердің жұмсалу аясы бірдей емес. Сөйлеу тіліндегі сөздердің кейбіреулері əдебиетте кездескенімен олар əдеби нормаға жатпайды. Қазіргі таңда тіл, тіліміздегі сөздердің дұрыс, сауатты қолданылуы деген проблемалық мəселелер басты назарда екені белгілі. Заманның қарыштап дамуы нəтижесінде жаңа үлгіде пайда болып жатқан түрлі дүңгіршек атаулары, көшелерде ілінген жарнамалар үлгілерінде кездесетін кейбір қателер əді де өз қалпына түспей келе жатыр. Баспасөз беттерінде кездесетін кейбір сөздердің жоғарыда айтылған əдеби тілдік нормаға сəйкес келмейтін жақтарын да еске түсіруге болады. Мысалы: шалғай – алыс, жамағат – халық, ілгешек – ілмек, разылық – ризалық, егде – қария, сұхбат – сұқбат, алып – ап, болып – боп, мағлұмат – мəлімет, едəуір – беймарал, журнал – жорнал, сорт – сұрып, қараша үй – киіз үй, зор, клиент т.б. сөздерді баспасөз беттерінен оқығанда əдеби тіл заңдылықтарын еске түсіреотырып, тілімізде түрленіп қолданылып жүрген осы сөздерді неге бір ізге келтірмеске деген ой келеді. Ұлы Абай ақын: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол–ақынның білімсіз бейшарасы», — дегендей, көшелерде, жарнама, хабарландыру беттерінде кездесетін өрескел қателерден де құтылатын уақыт жеткен сияқты.

Əдеби тілдің дамуы қоғамдық құрылыстың, оның экономикалық жүйесі мен негізгі саяси ұстанымдарының өзгеруімен, қоғамның ана тіліне деген көзқарастарымен тығыз байланысты етсек, ғасырдың соңғы он жылдығы қазақ қоғамының тарихында дүбірлі оқиғаларға толы жылдар болды. Ана тіліміздің мемлекеттік тіл мəртебесін алуы, оның үкімет тарапынан қамқорлыққа алынуы – бүгінгі өміріміздегі жаңа үрдістердің бірі.

Қалай да халық тілінің ұлт тілі болуы – тілдің жазба əдебиетте орын тебуіне кең жол ашады. Халықтың ұлттық сана-сезімі оянып, ғылымға, мəдениетке қол соза бастайды. Сол талап жазба əдебиеттің етек алуына жол ашады. Сол кезде жазба əдебиеті халық тілінің жоғарғы формасы болып əбден бекемделгенмен, халық тілі байлықтарын біртіндеп, тірнектеп жинап, жазба əдебиеттің елегін өткізе бастайды. Бара-барақұрамы, синтаксистік құрылысы, нормалау дəрежесі, қоғамдық қызметі жағынан елеулі өзгерістерге ие болады. Халық тілінің таңдаулы, шұрайлы байлықтарын бойына жинап, ауызекі тілден біраз оқшаулау нəтижесінде жоғарыда айтылған өзгерістерді жалпы халықтық дəстүрге айналдыруы оның халық тілінің мəдениеттенген, байыған жоғарғы формасы екендігін көрсетеді. Əдеби тіл халық тілінен керегін ғана қабылдап, қажетсіздерін кейінге ысырады.

Ауызекі сөйлеу тілі адам қоғамының ұзақ өмірінде пайда болған сөз байлығын, сөз мағынасын, тілдің дыбыстық, грамматикалық құбылыстарын небір əсерлі, образды сөйлеу шеберлігін бойында сақтап, коммуникативтік қызметінде эстетикалық талғам ісін атқарғаны даусыз. Бірақ сондағының бəрі бірдей сөз байлығына жатпайды. Олардың ішінде жансыз, жасық сөз қадіріне онша мəн бермейтіндердің аузынан шыққан жарымжан сөдер де, диалектизм «көз жанары» əлсіреген историзм, архаизмдер бар. Əдеби тіл солардың керегін екшеп, таңдап алады, бұл – бір. Екіншіден, заманының сəн-салтанатына, өсу, даму бағытына күнделікті өмір жаңалықтарынан керекті жаңа ұғымдарға лайық жаңа сөздер, сөз тіркестері пайда болады, грамматикалық құрылысы жақсарады. Үшіншіден, жазу мəдениеті, тіл мəдениеті артады. Осылардың бəрі – əдеби тілдің ішкі даму заңдылықтары. Əдеби тілдің ішкі даму заңдылықтарын меңгерумен қатар жүретін келесі бір шарттылық – əдеби тіл тарихын тану. Бұл – жалпы халықтық тілдің əдеби сұрыптаудан өтіп қырлануын, түрлі стильдік құралдар мен тілдік жаңа элементтермен толығуын, баюын, жаңа мағыналы сөздердің пайда болуын олардың экспрессивті, эмоционалды бояуларының жандана түсуін, мəндес сөздердің мағыналық жақтан бір-бірінен алшақтауын, терминдену процесінің жүруін зерттеу болып табылады.

Дегенмен, əдеби тіл дегеніміз қандай тіл дегенде, негізінен оның үш қасиетін баса көрсеткен жөн. Біріншіден, жергілікті диалектілер мен қарапайым сөйлеу тіліне қарағанда жалпы қауым «дұрыс» деп тапқан нормасының болуы. Екіншіден, сол нормалардың қоғам мүшелерінің бəріне бірдей міндеттілігі. Үшіншіден, оның қоғамды ұйымдастырушылық яғни, қоғамның рухани, мəдени қажетін өтей алатындай əлеуметтік қызмет атқаруы. Ал қалған белгілерді əдеби тілдің даму дəрежесіне қарай бірде қосып, бірде алып отыруға болатын тəрізді.

Қазақ халқының осы жетілген əдеби тілінің негізі – халық тілі болса, оның даму заңдылықтары мен арналары халықтың ауызекі сөйлеу тілі, ауыз əдебиетінің тілі, ақын-жыраулар тілі жəне Орта Азия халықтарына ортақ əдеби тілі үлгілері мен байлықтары. Төл əдеби тілдің негізгі даму арналары мыналар: 1. Халықтың ауызекі сөйлеу тілі. 2. Ауыз əдебиетінің тілі. 3. ХV ғасырдан бергі жердегі ақын- жыраулардың өлең-жыр тілі. 4. Орта Азия халықтарына ортақ – əдеби тіл. «Бұлақтағы таудан арна ақса, теңіз болар аяғы» дегенді əдеби тіл туралы да айтуға болады. Бұлақтағы таудан «аққан» арналардың басы түйіскен«теңізі» – қазақтың төл əдеби тілі.

Төл əдеби тіліміздің терең сырына бойлап, мемлекеттік тілді өз деңгейінде меңгерутге күш салу – тіл жанашырының басты міндеті. Жас ұрпаққа туған тілдің қыры мен сырын ғылыми негізде таныту – бүгінгі күн талабы дей келе, өз сөзімді белгілі жазушы Ғ. Мүсіреповтің мына пікірімен аяқтағым келеді: «Қазақ тілі – бай тіл. Оралымды, ырғақты, теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс сияқты, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Мен осындай тілімізді таза ұстайық деймін».

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.