Әдебиет дегеніміз не?

Главная » Рефераттар » Әдебиет дегеніміз не?

Әдебиет – ескүстбаның бес тарауының біреуі. Ескүстба адамзаттың сұлулық сезімінен, сезім арқылы жаратылысты, өмірді ұғуға ұмтылуынан туған. Сұлулықтың өзі не нәрсе? Философ Қаныт былай деп жауап береді: “Түрімен ғана тура құлқынға байланған ләззат оятатын нәрсенің бәрі — сұлулық”, — дейді. Осы сөзде түгел болмағанмен бірталай шындық бар. Шыныда, мысалы, қазақтың мұрнын тесіп, зере салуының құлқы үшін, тұрмыс үшін  қандай тура пайда бар? Әрине, тура, қолма-қол пайда жоқ. Қазаққа мұны істеткен Қаныт айтып отырған құлқынға байланбайтын сұлулық сезімі. “Сұлулық сезімі барлық жануардың, оның ішінде адамның жаратылысына салынған, табиғатына берілген”, — дейді Даруин. Осы пікірлерді Маркыс философиясы негізінде демейді. Маркысшылдықтың бұған қосатыны, толықтыратыны бар. Маркысшыл зор ғалым Плеқанып жазады: “Адамның табиғаты адамның сұлулық ұғымдары болуының мүмкіндігіне жол  ашқан. Айналадағы  шарттар осы мүмкіндікті іске асырады. Қоғам адамның  сұлулық ұғымдарының тууы, сипаты анадай болмай, мынадай болуы осы айналадағы шарттарға байлаулы”, — дейді /Плеханов. Об искусстве. Сб. “Искусство”, изд. “Новая Москва”, 1922, стр. 44/. Мынау сөзді  ұғымдырақ қылып айтқанда, былай болады:

.

Бір халықтың, бір таптың бір заманда анадай сұлулық ұғымы болмай, мынадай сұлулық болуы, сипаты анадай болмай, мынадай болуы тұрмыс түріне, еңбек түріне байлаулы. Бұл пікірдің дұрыстығында дау жоқ. Қазақтың мұрнын тесіп зере салуы – Ауропа көзінде сұлулық емес,  тағылық деп саналады ғой. Яки, Ауропаның күн батқандағы суретті аузынан суы құрып мақтауы қазақтың өз әдебиетінде жоқ қой. Біз жоғарыда сұлулық сезімінен әм сезім арқылы жаратылысты, өмірді ұғуға ұмтылудан ескүстба тумақ дедік. Бұл мәселе жоғарыда сөздермен біраз шешіліп қалды. Ескүстба да тұрмыс түріне, еңбек түріне қарап өзгеріп отырмақ. Ескүстбаның тұрмысқа байланысы жалғыз тұрмыспен бірге өзгеріп отыруы ғана емес. Ескүстба сезімі арқылы сезімнен туған әм сезімді оятатын сурет арқылы жаратылысты, өмірді ұғуға ұмтылу болғандықтан, ескүстба өмірге, тұрмысқа пайда тигізуге тиісті. Бірақ ескүстба тұрмысқа тура қолма-қол пайда тигізбейді, тигізе алмайды: арада талай қол арқылы, алыстан тигізбек. Әдемі өлең, сұлу күй ешкімнің қарнын тоқ, көйлегін көк қылмақ емес. Бұлардың пайдасы – қиғаш, алыстан ұрын барып тиетін пайда. Маркысшыл ғалым  Ортодокыс осы пікірді бір әсерінде толық айтады /Л.Ортодокс. О.Уайльд. Изд. “Основа”, Иваново – Вознесенск, 1923, стр. 50-53/. Қысқасы, ескүстбаның негізі – сезім, құралы – сезімнен туған сурет, мақсұты – білім беру емес, сезім ояту. Бұлай болса, ескүстба қайраткерлерін, ақынды өлшейтін кез мынау болады: сұлу, терең суреттер арқылы, қандай болса ондай болсын, әйтеуір терең сезім оята алса, ол – ақын. Оята алмаса – ақын емес. Сондықтан Ағамемнон Ахеделесті жырлаған Ғомер өмірді қарғап өтсе де, суреті терең болып, тұңғиық сезім оятатын Байрон – қайткенде ақын. “Тарғынды”  жырлаған Марабай, “Жібек Қызды” жыр қылған Жүсіпбекқожа, қыл көпірді, мақшарды, жұмақ, тамұқты суреттей біліп тыңдаушыны есеңгіреткендей дін қыссасын шығара білген біреу – қайткенде ақын, қырық парызды сынайтын Орынбай қырық парызына келгенде ақын емес,  уақытында “ақын” да, басылған “қазағым, өнерлеріңе мектеп аш, қала бол, егін сал“ деген сықылды ақылды өлеңдер – қайткенде ақындыққа жанаспайды. Ақындық бағытта емес, ақындық – ақындықта. “Қалай жұмсалса талантты талант дейміз ғой”, — дейді Лунашарский /Луначарский. Что такое искусство. “Этюд” – Госиздат, Москва, 1922, стр. 32/. Қысқасы, ақынды өлшейтін бірінші өлшеуші – ақындық. Бірақ, ақын қандай болса бір елдің бір таптың азаматы болғандықтан, өлімді емес, өмірді, жауыздықты емес, ізгілікті нысана қалған жалпы адамзаттың бір мүшесі болғандықтан, ақынның оқушыда, қараушыда ізгі, дұрыс сезім, өмір сезімін оятуға ұмтылуы – азаматтық борышы.  Осы борышты атқару үшін ақын  ақындығын өмірге, тұрмысқа жанастыруға міндетті. Таза ақындықпен бірге осы борышты да атқарған ақынды ғана ел “тап өзімнің ақыным”  демек. Ақындықты азаматтықпен өлшеу – бұл ақынға салынатын екінші өлшеуіш. Бұл арада ашып кететін сөз мынау: Ақындықтың тұрмысқа жанасуын тұрмыстың құлы болуы деп ұғу қата. Ақындық жаратылысты, тұрмысты айтпай, бұлжытпай құр түсіріп қана отыратын фотография емес, фотография ақындық емес. Тұрмыс пен жаратылыс – ақынға тек тиянақ. Осы тиянаққа таянып басып, осыны құрал қылып, көптің көргенін, көптік сезгенін жанап, бір топ қылып, сол топқа ақын өзінше түс беруге міндетті. Тип – партрет емес, тип қашанда болса жасама. Лениннің фотография түсірген партретінде ақындық жоқ. Ал, суретшіл ақын салған партретінде ақындық бар. Мұның себебі не? Ауропа әдебиеті “Шекіспір, Шекіспір” дейді. Осы Шекіспірдің ақындығы – 16-17-нші ғасырлардағы қалса Англияның, асса Ауропаның тұрмысын бұлжытпай суреттегендіктен ғана ма? Ауропаның асқан ақыны Гете айтады: “Кәдімгі бір күшікті тұрған күйінше суретке салсақ, жердің жүзіндегі толып жатқан күшіктің санын көбейтіп, бір күшікке қосқан болып табыласың. Онымен суретшіл ақын болып табылмайсың”, — дейді.

.

Ақын Гетенің тағы бір жұмбақ сөзі бар: “Әдебиет әсері неғұрлым жабайы өлшеу деп аса берсе, неғұрлым ақылға ұғымсыз болса, соғұрлым сұлу болмақ”, — дейді. Жоғарыдағы пікірлерді қорытқанда былай болады: ақындық ауданында ақын – ақын ғана, тұрмыс ауданында — әрі ақын әрі азамат. Тұрмыстың мүшесі болған соң, ақын азамат та болуға міндетті. Ақындық фотография емес, фотография ақындық емес. Ақынның міндеті – білім беру емес, терең сезім, асқар пікір ояту.

.

Тарихта әдебиетті тұрмысқа тиянаққа алмаған, жалаңаш пікір билеп кеткен дәуір бар. Сүмірейіп, тұқыртып тұрмыс билеп кеткен дәуір бар. Бастапқы дәуірлерде де, соңғы дәуірлерде де жиһан әдебиеті бәсеңдеген, төмендеген, ал тұрмыс пен асқар пікірді қиюластырып қоса билеген дәуірлерінде асқарланған, өрлеген. Әдебиеттің шын асқарлауы, сөз жоқ, тұрмыс пен қиялы мүлтіксіз қабысатын алдымыздағы ортақшылдық дәуірінде болмақ. Бірақ үстіміздегі төңкеріс дәуірінде адамзат тарихының теңсіз бір дәуірі. Бұл дәуір – тұрмыстың қиялға, шын бақытқа, өмірге қол созған дәуірі, қиялдың, жаңа өмірдің жерімізге жақындап, көгімізге қалықтап ұшып жүрген дәуірі. Мұндай дәуірде терең де екпінді әдебиет тууға  істі. Бірақ, мұндай дәуірдің әдебиетінің екі бетінде екі бүр болмасқа мүмкін емес. Пілеқаныптың: “Жаңа таптың тудырған ескүстбасы рәлизм мен идеализмнің бір түрлі қоспасы болмақ”, — деген сөзінің мәнісі осы /Петров. За двадцать лет. Спб – 1905, стр. 307/. Бұл сөзден шошитын ешнәрсе жоқ. Ұққысы келген адамдар бір қолмен қиратып, бір қолмен жаңа дүние құрып жатқан реализмнің қоспасы екені ашық қой. Тарихта ең зор, ең қасиетті істер осындай қоспа дәуірде істелмек. Терең де, екпінді де әдебиет осындай қоспа дәуірде тумақ.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.