Демократиялық интеллигенция 1916 жылғы көтеріліс кезінде

Главная » Рефераттар » Демократиялық интеллигенция 1916 жылғы көтеріліс кезінде

Жоғарыда көрсетілгендей, кеңестік тарихтану қазақ демократиялық интеллигенциясының 1916 жылғы көтеріліске байланысты айқындамасын баяндауда тарихи шындықты ашуды мұрат тұтпай, қалай болғанда да оларды реакциялық бағыт ұстанған күш ретінде көрсетуді көздеді. Шын мәнінде мәселе анағұрлым күрделірек болатын. Бұрын азды-көпті мәлім, сондай-ақ зерттеу жұмыстарына әлі тартылып үлгірмеген тың деректік материалдарға сүйене отырып, қазақ зиялыларының көтеріліс қарсаңындағы және барысындағы қызметіне тоқталып көрейік. Көтерілістің шығуына түрткі болған жағдай қазақтан соғысқа солдат алу емес, қара жұмысшы алу екендігі мәлім.

.

1914 жылы Ресей дүниежүзілік соғысқа енген соң, әскер қатарын толтыру қажеттігіне байланысты қазақтан солдат алу мәселесі қайтадан қойыла бастайды. Оны көтерген Мемлекеттік Дума болатын. Мемлекеттік Думада екінші разрядты атты әскер жасақтарын құру туралы заң жобасын талқылау барысында мұсылман депутаттар фракциясының өкілдері Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай облыстары мен Түркістан өлкесіндегі қазақтардан атты әскерге солдат алу туралы ұсыныс жасайды. Мемлекеттік Дума бұл мәселе бойынша заң жобасын талқыламастан бұрын әскери министр Сухомлиновке істің жағдайымен танысып шығуды тапсырады. Сухомли­нов 1914 жылы шілдеде Мемлекеттік Дума атына мынадай мазмұндағы баяндама түсіреді: қазақтар көшпелі, көшпелілік пен мемлекеттік бір-біріне үйлеспейтін ұғымдар; қазақтардың мәдениеті төмен, орысша білмейді, жазу танымайды, солдат тамағын тамақсынбайды, әскер қызметіне шыдамайды; бұларға қосымша, қазақтар соңғы кезеңде панисламизм рухында тәрбиеленіп отыр1.

Сухомлиновтың орнына келген әскери министр Поли­ванов қазақтан солдат алу мәселесін қайтадан көтереді. Бас штабтың бастығы генерал Михневич «Биржевые ве­домости» газеті тілшісімен әңгімесінде бұл туралы заң жобасы дайындалып, басқа мекемелердің пікіріне жіберілгендітін хабарлайды. Деректердің көрсетуіне қарағанда, әскери министрліктік ұсынысы бойынша бұл мәселе Омбы және Торғай генерал-губернаторлықтары кеңесінде талқыланған. Ол кеңестердің қабылдаған құпия шешімін 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін Петербургте шығатын «Известия Всероссийского Мусульманского Совета» газеті жариялайды. Орталық биліктің бұл мәселе бойынша шешім қабылдауына негіз болған бұл құжатта мынадай тұжырымдар бар еді.

.

Торғай кеңесінің пікірінше, біріншіден, қазақтарды орыс патшалығының сенімді қарашысы деуге болмайды, өйткені бұларда дұшпандық пиғыл бар. Соңғы жылдары қазақтардың арасында да панисламизм идеясы, яғни бүкіл мұсылман халықтарының бірігуі туралы пікір жайылып келеді, сондықтан қазақтар солдат болып әскер арасына кірсе, біздің дұшпандарымыз көбейеді. Қа­зақ жігіттері 3-4 жыл әскерлік қызметте болғанымен Ресейге шын ықыласымен қарашы бола қоймас, керісінше, қару-жарақ ұстап үйренеді, ал ол біз үшін тиімсіз. Екіншіден, қазақтардың мәдениеті төмен, орыс тілін білмейді, әскер өнерін үйренуге ақыл-парасаты жетілген жоқ. Сондықтан бұларды түзу жолға салудың жалғыз-ақ жолы — арасына жақсы орыс учителі мен орыс тәртібін енгізу. Сонда ғана 15-20-30 жылдар өткен соң барып Ресейге дұшпандығын жоғалтып, өздерін Ресей патшасының қарашысы санамақ. Оған дейін қазақтар әскерге алуға сенімсіз халық және әскерлік қызметті өтеуге даярлығы жетіңкіремейді.

Омбы кенесінің пікірі бойынша, қазақтар әскерлік қызметті өте жек көреді, отырықшылыққа өтпей, казак-орыстыққа жазылмай жүрген негізгі себебі де осы әскерлік қызметтен қашқандықтан, ал қала болған қазақтарды қазірден әскерлік қызметіне алатын болсақ, жалпы қазақты қалаға айналдырамыз деген зор мақсатқа кедергі болады, жаңа-жаңа қара шекпендермен бір қатарда тәртіпке түсіп келе жатқан сот ісі, ел билеу реті һәм жер мәселесіне зиян келмек. Қазақ халқын тезірек орыстандыру үшін әкімдер, қалайда болса, көшпеліліктен шығарып қала болдыруға бар ыждиһатын салулары, қала болуға көлденең тұрған себептерді жоюға тырысулары керек.

Бұл айтылғандарға қосымша қазақ халқы саяси жағынан сенімсіз, ол бізге жаулық пиғылдағы Орта Азия, Хиуа, Бұқар мемлекеттерімен және Қытай мұсылмандарымен көрші, демек, көшпелі бұратана мұсылмандардан жыл сайын аз да болса әскерге адам алып, қару-жарақ ұстауға үйрету — саяси тұрғыдан қателік болар еді. Торғай және Омбы кеңестерінің шешімін негізге алып, орталық үкімет патша мен Мемлекеттік Думаға баяңдама дайындайды. Баяндамада қазақтардың XIX ғасырдың екінші жартысына дейін Ресейге жаулық пиғылда болып келгендігі, 1847 жылы өлген Кенесары Қасымұлы қазақ халқын өз алдына бөліп әкету үшін әскер жинап, қарсылық қылып, қазақ даласын толқындырып, шарасыздықтан, барар жері болмағандықтан басылғандығы, тек Орта Азия хандықтары біржола Ресей империясына бағынғаннан кейін барып тыныштанғаны айтылады.

«Бұл уақытта, — деп көрсетіледі баяндамада, — Сібірде һәм Торғай облысында қазақ жерінің артығы қа­ра шекпенділерге алынып жатыр; және де бұратаналарды билеу ісі һәм соты өзгертіліп, жер алғандары отырықшыл болғанға есептеліп жатыр. Жаңа өзгерісті қара халық жек көретін емес, бірақ байлары һәм басшылары оған қарсы. Жер мәселесіне келгенде қазақ үкіметке сенбейді, жерін алуды жаратпайды. Осы күнгі мал бағып отырған жерлерін өз мүлкі һәм атамекені деп біледі, жері алынғанға амалсыздан ғана көнеді. Әсіресе, қа­зақ жері алынғанды жек көретін байлар: олар барлық жақсы жерді өздері пайдаланьш, кедейлерді қысып үйреніп қалған».

Осы және басқа дәлелдерді келтіре отырып, ең соңында үкімет «сақтық жүзінен һәм патшалық пайдасы үшін ыңғайлы уақыт келгенше Орал, Торғай, Ақмола, Семей һәм Түркістан уалаятындағы бес облыстың қазағын әскерлік қызметке алуды кешіктіре тұруға» қаулы етеді. Сөйтіп, 1914-1915 жылдары жоғарғы және жергілікті мемлекеттік биліктің ішінде бұл мәселеге байланысты жүрген айтыс ең соңында қазақ елінен әскерге адам алуды кейінге шегере тұрумен аяқталған еді. Үкімет орындарының мұндай құпия шешімге келгенін, ол кезде, әрине, қазақ зиялылары білген жоқ. Сондықтан да «Қазақ» бетінен қазақтан солдат алу мәселесі 1915 және 1916 жылдарыда түскен жоқ-тын.

Қазақ зиялылары газетке жазған материалдарында бұл істің жағымды және жағымсыз жақтарын талқылаумен болды. Мәселен, «Қазақтан солдат алу туралы» деген мақаласында Мемлекеттік Думадағы мұсылман депутаттардың ұсынысына байланысты «Қазақ»: «…қазақтан солдат алуды қуаттайтын мұсылман депутаттары мен мұсылман газеталары. Бұлардың ойлайтыны: қазақ солдат болмай тұрған кезде ала алмай отырғандарын солдат болса алады деген есеп. Солдат бермейсің деп бермей отырған земствосын берер; надансың деп бермей отырған депутаттықты берер; шамансың деп бермей отырған муфтилікті берер; жер таңдауын басқаға беруді қойып, қазақтың өзіне берер; солдатқа барған жастар дүние көріп, жол танып, жөн біліп, ысылып келер; сөйтіп, қазақ арасында мәдениет жоғарылар»1 деген пікірін келтіріп, «бұлардың көздегені қазаққа жамандық емес, жақсылық», бірақ, бұл қазақ жайын жақсы білмегендіктен туған пікір, «осы соғыс тұсында қазақтан солдат алғанын қуаттау — зор адасу», өйткені, қазақ елінде паспорттандыру жүйесі жоқ, ал бұл жағдай өз ретінде түрлі зорлық-зомбылыққа жол ашатындығын айтты. Одан ары газет: «қазақтан солдат алса құқы ұлғаяды, салмағы молаяды, мәдениеті жоғарылайды деген мұның, бәрі әдемі сөз. Бірақ сөзден іске қарай аяқ басқанда онша әдемі болып шыға қоймас. Қазақ тізгінін Ресейге бергелі екі жүз жылға жақын заман болды. Бұл қазақ метрикесін түзетуге жеткілікті уақыт. Қазақ Ресейге тізгінін бергенде Ресейдегі басқа жұрттармен тең болуға көніп берген. Сондықтан әскер қызметінен қазақ бас тартпайды. Бірак мұны 20-30 жыл бұрын ойлап, мет­рике шатақ болмауына қам қылу тиіс еді. Істелмеген соң қазақтан солдат алғаны жақсы деп айтқанда ауызға жеңіл болса да, аларда ауыр болар. Қазаққа солдаттық пайдалы деп түсіндірушілер айтқанда ғана емес, аларда да жеңіл болу жағына қам қылу керек» деген дәлелді пікірді білдіріп, ең соңында, «көздеген пайдасы, ойлаған жақсылығы қазаққа қанша қымбат болғанмен, алды-артын абайлап қарамай, асығып айтқан пікір, пайда орнына зиян келтіруі ықтимал. Сондықтан істің аңысын аңдып, өз пікірімізді айтудан әзір тоқтала тұрамыз»2 деп, тұжырымдайды.

Кейін өмірдің өзі көрсетіп бергендей, бұл қазақтан әскерге адам алуға байланысты дәл, негізді айтылған пікір болатын. Дегенмен, «Қазақ» бұл саяси зәру мәселенің күрделі жақтарына қазақ қоғамының көңілін аудару үшін өз беттерінде пікірталастық материалдарға да кең орын берді1. Сол газет бетінде жарық көрген түрлі пікірлерді қорыта келе М.Дулатов «Г. Дума  һәм солдаттық мәселесі» деген мақаласында «солдаттық мәселесі туралы қазақ даласының һәр тұсынан жиналған пікір, тілек бір ауыздан шығып тұр» деп жазып, ол айтылған ойларды былай қорытады: 1)  қазақтан осы соғыс үстінде солдат алынбау;  2) солдат алудан бұрын метрике түзеу үшін муфтилікке қарау;  3) лажсыз алынатын болғанда, жаяу солдат болмай, атты әскер болу, казак-орыспен жер-су һәм правода теңгерілу.

Зерттеу еңбектерінде тарихшылар «Қазақ» газеті мен ұлттық демократиялық интеллигенцияның бұл мәселеде ұстанған бағытын бұрмалап, «буржуазиялық ин­теллигенция халықтың сыртынан үкіметпен ымыраға келіп, іс жүзінде әскерге қазақтан адам алуды жақтады» сияқты пікір айтқанда, жоғарыда берілген үш пункттен тұрған тұжырымның алғашқы екеуін жауып қойып соңғысына сілтеме жасайтын. Ал, шын мәнінде, соңғы пікірді білдіруші және қолдаушы топтар қазақ қоғамында бар болатын. Мәселен, патша жарлығы шыққаннан кейін де Омбыдағы генерал-губернатор атына Пет­ропавловск уезі Полуден болысы қазақтарының өкіл-ақсақалдары қол қойған (барлығы 11 адам) жеделхат түсіп, онда «егер біздің балаларымызды окоп жұмысының орнына сібірлік казактармен құқылық жағынан теңгеріп отқа салса да шексіз риза болар едік»3 деген пікір айтылған. Демек, «Қазаққа» ондай пікірдің барлығын жасырудың да ешқандай қажеті жоқ болатын. Бұл арада мәселе ғылыми дәлдікте. «Қазақ» газетін шығарушылардың соғысқа адам беруге қазақ қоғамының даяр еместігі жөнінде айтқан дәлелді пікірін саналы түрде жауып қою зерттеушілер тарапынан жіберілген әділетсіздік еді.

Газет жүзінде айтылған пікір, жасалған тұжырым қазаққа жеткенімен, жоғарғы билікке өздігінен жете қоймайтыны түсінікті. Ал бұл істі өз мойнына ала қоятын мемлекеттік жүйе немесе қоғамдық ұйымдардың ол кезде болмағаны мәлім. Сондықтан да қазақ елінің әскерге адам алу ісіне байланысты пікірін Петроградтағы үкімет орындарына жеткізу міндетін «Қазақты» шығарушы топ өз қолына алады. Ол жөнінде М.Дулатов жоғарыда аталған мақаласында: «Бұл тілектерге ие болып, жалпы жұрт қара көрсетіп, қам қылғандығы білінбейді: тағдырға тапсырылып жай жатқан түрі бар. Солдаттық туралы қазақ халқының пікірін, тілегін хүкіметке, Думаға жеткізу үшін, олармен сөйлесіп, жай-жапсарды түсіндіру үшін әр облыстан бірер өкіл баруы тиіс еді. Бұл істі қалың қазақтан күту, қашпаған қашардың аузына қарағандай болған соң, Дума ашылуға қарсы Самарадан Ғалихан Бөкейханов, Орынбордан Ахмет Байтұрсынов, Ақтөбе уезінен Нысанғали Бегімбетов 3 ақпанда Петроградқа жүріп кетті», деп жазып, ал олардың қазақ атынан жеткізетін талаптары жоғарыда аталған үш пункттен тұрған тұжырымға негізделетінін айтты. Бірақ бұл делегаттық сапар айтарлықтай нәтиже бермеген еді. Қазақ елінен әскерге адам алу не алмау мәселесін жоғарғы билік қазақтың өзімен ақылдаспай-ақ шешіп қойған болатын. Дегенмен, жоғарыда баяндалған фактілер, қолайлы жағдайдың жоқтығына қарамастан қазақ демократиялық интеллигенциясының 1916 жылғы 25 маусым жарлығы шыққанға дейін өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауға күш салғанын айғақтай алса керек.

Бұратана халықтардан майдан жұмысына адамдар алу туралы 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығы қазақ даласына шілде айының орта тұсына қарай келіп жетті. М.Дулатов айтқандай, «жұрт сеңдей соғылды. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылды. «Әне келеді, міне жетеді» деп өлім жазасына бұйырылған үкімнің орнына келуін күткен тұтқындай болып жүрді». Қарапайым халыққа әсіресе ауьгр тигені «қазақтарды окоп қазу жұмысына алады екен» деген сөз еді. Оларға бораған оқ ортасында жер қазу, ажал аузына өз аяғымен барумен бірдей көрінген еді.

Қазақ зиялыларының алдын ала айтқаны дәл келді. Паспорттандыру жүйесінің жоқтығы нәтижесінде алғашқы күндерден бастап-ақ ел ішіндегі атқа мінерлер, болыс басқарушылары мен хатшылар қисапсыз көп әділетсізідікке жол берді. Тізім жасаушы адамдар халыққа патша жарлығы мен губернаторлар үндеуінің мазмұнын жеткізудің орнына, көп жағдайда қорқыту-үркіту әдістерін қолданды. Онсыз да үрейлі жұрт үкімет адамдарына сенуден қалды, күн санап наразылық артты. Шілденің орта тұсынан бастап бүкіл қазақ даласында өте ауыр жағдай қалыптасты. Бір жағынан, әскерге адам бермеймін деп қарапайым халық көтерілсе, екінші жағынан, қайтсем де аламын деп үкімет орындары күшке көшуге дайындалып жатты. Ақтөбе қаласында өткен митингіде сөйлеген Торғай облысының вице-губернато­ры «Бірде-бір қырғыз тірі қалмаса да, патша бұйрығы орындалатын болады», — деп сес көрсетті.

Міне, осындай жағдайда, М.Тынышбаев дәл басып көрсеткендей, аз ғана қазақ зиялылары екі бірдей оттың ортасында калды. Жаңа басталған ұлттық бас көтеру жағдайында ресми билік орындары қазақ зиялыларына қозғалыстың ұйымдастырушылары ретінде сезіктене қараса, ал қарапайым халық болса оларға патшалық зорлыққа өздері қарсы қойған заңды наразылығын қолдай қоймағандығына түсінбей қарады. Осы арада отаршыл әкімшілік өзінің дәстүрлі әдетіне басты. Көтерілістің себебін өзінің іс-әрекстінен іздемей, «түрік және герман үгітінен», олардың «қазақ ішіндегі агенттері» ұлттық интеллигенцияның саяси белсенді бөлігінен және дін қызметкерлерінен көрді. Әкімшілікке «Қазақ» газеті мен оны шығарушылардың ескі дұшпандары «көмектесті».

Архив материалдары арасында М.Дулатовтың 1916 жылғы 10 тамыз күні полковник Кашинцевке берген жауабының хаттамасы сақталған. Онда М.Дулатов «газеттің редак­торы мен қызметкерлері газетте бұратаналарды тылдағы жұмысқа алу туралы патша бұйрығын өткізу идеясын жүргіземіз» деген пікір айтады. Бұл арада алдымен мынаны айтқан жөн. 1916 жылғы 25 маусым жарлығы шығып, халық наразылығы бұрқ ете түскенде мәселенің мән-жайын жақсы білетін қазақ зиялылары бірден жұртты ашуды тыйып, ақылға келуге шақырды. Өйткені қанша наразылық көрсеткенімен, күштің тең еместігі, қарулы қарсылықтың қан төгумен аяқталатындығы айқын болатын. Оның үстіне отаршыл әкімшіліктің мұндай сәтті қазақ қоғамы үстінен өзінің саяси билігін күшейте түсу, переселендерге тағы да жаңа жерлер алып беру үшін пайдаланып кетуі мүмкін екендігін қазақ зиялылары жақсы түсінді. Сондықтан да олар көтерілістің алғашқы күндерінен бастап халық арасында көтеріліске шықпауға шақырған үгіт жүргізді. Жетісу облысында М.Тынышбаевтың да көтеріліске қарсы үгіт жұмысын жүргізгендігін байқаймыз. Ол кейін ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: «…я не одоб­рил восстания казахов и киргизов в 1916 году против царской власти — отнюдь не из любви к царскому режиму, а из боязни, что казахи и киргизы пострадают от восстания. Тов. Асфендрияров до сих пор укоряет меня, что я не был на стороне восставших в 1916 году» деп жазған еді.

Көтеріліске байланысты мұндай пікірді Семей облысындағы Х.Ғаббасов та қолдайды. Ол 1929 жылы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында «мен қан төгуден басқа ештеме бермейтін көтерілісті болдырмауға әрекет жасаушылар жағында болдым» деп көрсетті. «Қазақ» газеті төңірегіне біріккен топ та осы бағытты ұстанып қана қойған жоқ, дағдарыстан шығудың жалғыз жолы — ауыр болса да патша жарлығына көніп, әскер жұмысына адам беру екендігін қалың бұқараға жеткізуге тырысты.

25 маусым жарлығынан кейін қазақ даласында қалыптасқан ауыр саяси дағдарыс сәтінде өмірге келген аса маңызды құжат Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов және М.Дулатов үшеуі қол қойып, 1936 жылғы 11 шілде күнгі «Қазаққа» жариялаған «Алаштың азаматтарына!» атты үндеу еді. Шешен тілмен, бұұ  ымлтартпас қисынмен жазылған бұл үндеуде көсемсуден гөрі шешуі қиын сауалдар көп еді, жол көрсетуден гөрі халықтың өзімен кенесу, ақыл қосу, жол іздеу басым еді. Өйткені бұл құжат саясаттың құбылмалы ағымында ойнаған саясаткерлердің кезекті айла-шарғысы емес, елдің қамы қабырғасына атқан нағыз ел азаматтарының ұзақ рухани күйзелісінен кейін біржола тоқтаған жалғыз тура шешімі еді. Сонымен, бұл үндеуде не айтылды?

Олар «ойламаған жерден жұрт басына мұндай іс, мұндай ауырмалдық түсті, мұны қалай қыламыз, қалай атқарамыз», деп елге сауалмен қайырылып, көніп жұмысқа адам бергенде қандай ауырлық келмек, сондай-ақ көнбей көрсеткен қарсылық немен аяқталмақ, міне, осы екі жағын бірдей ақыл таразысына салып қарауға шақырады. Сонымен бірге мәселенің жалғыз тура шешімін өздері ұсынады. «Көнбейміз деушінің сүйенгені жан тәттілік болса, салыстырып қаралық: …Көнгенде — шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық — бағынбай үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істер. Мұндай мысалдар болып тұрған жоқ па?» — деп, дәлел ретінде Түркістан өлкесіне енгізілген соғыс тәртібін, Жетісуда болып жатқан қайғылы оқиғаларды көлденең тартып, «біздің білуімізше жеңілі — көнген» деп, ауыр да болса өз шешімдерін айтады. Шешімдерін айтып қана қоймай, оны іске асырудың сол ауыр жағдайдағы ең тиімді жолдарын да көрсетеді.

Осы сын сәтте өздерін ұлт-азаттық қозғалыстың лайықты бастаушылары есебінде көрсеткен үшеудің үндеуі қазақ қоғамын ауыр жағдайды түсінуге шақырады. Бірақ елдің отаршыл әкімшіліктің жасап келе жатқан зорлығына деген наразылығында шек жоқ болатын және бұл көңіл күй дегенін істеді. Шілде айында басталған толқулар тамызда бүкіл қазақ даласын қамтыған қарулы көтеріліске ұласты. Көтерілістің тамызда ең өршіген, аяғы қанды қырғын мен жат елге босуға айналған ауданы Жетісу өңірі болды. Патша үкіметі көтерілісті басуға 8750 штыктан тұратын 95 рота, 3900 қылыштан тұратын 24 жүздік, 16 зеңбірек пен 47 пулемет жіберді. Патша әскері мен переселендердің жасаған ойраны Жетісу халқына бұрын болмаған қайғы-қасірет әкелді. Қазақ пен қырғыздардың 94 ауылы бүліншілікке ұшырады, соның ішінде 5373 үй өртеліп, 1905 адам өлді, 684-і жараланды, 1105 адам тұтқынға алынды. Көтерілістің басшыларының бірі Бекболат Әшекейүлы қыркүйектің 9-ы күні дарға асылды. Жетісу облысының жергілікті халқының төрттен бір бөлігі, яғни шамамен 300000 адам Қытай жеріне қуып тасталынды. М.Тынышбаевтың есебі бойынша, Жетісу облысына қарасты Алматы, Жаркент, Пішпек, Пржевал уездеріндегі 44 болыс елде тұратын 47 мың 759 түтіннің 40 мың 250 түтіні Қытай астьг.

Бұл тақырыпты зерттеуші тарихшы-ғалымдар 16 жылғы көтерілісті антифеодалдық, отарлық езгіге қарсы көтеріліс есебінде бағалап келді. Мұндай баға 16 жылы болған қайғылы оқиғалардың шын мазмұнына сәйкес келе бермейді. Біздің пікірімізше, көтерілістің, белгілі дәрежеде, антифеодалдық бағыт алғаны рас, бірақ оның ең алдымен ұлтаралық қақтығыс сипатында болғанын жасыру да қателік болар еді. Оған мынадай фактілер куә бола алады. Жетісу облысында көтерілістің ең өршіген жерлері переселендер көп орналасқан аудандар болды. Қарапайым халық орыс селоларына шабуылдар жасап, сол арқылы өзінің патшалық биліктің отаршыл саясатына деген шексіз наразылығын білдірді. Соның салдарынан, мәселен, Пржевал уезінде жиырма село түгелдей өртелініп, олардың тұрғындары арасынан төрт мың адам өлтіріліп, мал мен мүліктері талан-таражға түсті. Көтерлістің шығуына отаршыл әкімшілік қолымен жасаған ұлтаралық араздық себепші болғанын көтерілісшілердің өздері де айтқан. Жаркенттегі переселен мекемесінің меңгерушісі Жетісу облыстық переселен мекемесінің меңгерушісіне жазған қатынасында көтерілістің осындай ұлтаралық сипатын мойындап: «Көтерілістің орыс тұрғындарына деген жаулығы тура Әндіжан көтерілісіндегідей анық байқалып отыр» деп жазды.

Оқиғаның осындай ұлтаралық бағытын жақсы түсінген жергілікті әкімшілік орындары орыс селоларына тез арада қару-жарақ таратты, көтерілісшілерді аяусыз басуға сырттан әскер күштерін шақыртты. Момақан «бұратаналардан» мұндай қарсылық күтпеген патша үкіметі кез келген басқа облыстардан шыққан бас көтерулерді аяусыз жаншып басуға әзір тұрды. Міне, осындай жағдайда отаршыл әкімшіліктің қанды қимылына шек қоятын әрекеттер жасау керек болды. Сол тұстағы қалыптасқан саяси жүйе шеңберінде ондай істі Мемлекеттік дума арқылы жүргізу мүмкін еді. Сол жылдың қыркүйегінде Ә.Бөкейханов Петроградта «қазақ арасында болған көңілсіз оқиғалар жайынан мағұлмат жинап, соларды депутаттарға қорытып беріп, үкімет орындарына, яғни бас министрге, соғыс және ішкі істер министріне Түркістан мен дала облыстарында патша жарлығын орындау барысында жіберілген заңсыздықтарды түзету үшін қандай істер атқарылып жатқандығы жөнінде сұрау салып, 30 депутат қол қойған (мұсылман фракциясы мен кадет партиясы атынан) депутаттық запрос түсіртеді.

.

Бұған дейін Дума мүшесі А.Ф.Керенский мен Думадағы мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев Думаның тапсырмасымен «көтеріліске байланысты оқиғалармен болған жерінде танысу» үшін қыркүйектің ортасында Түркістанға келіп қайтады. Ал Мемлекеттік дума Түркістан мен далалы облыстардағы болған қайғылы оқиғаларды 13 желтоқсандағы жабық (құпия) мәжілісінде қарайды. Мәжілісте баяндамамен сөйлеген А.Ф.Керенский Түркістан мен далалық облыстарда 1916 жыл ойранын ұйымдастырған және бастан аяқ «бұл іске жауапкер тек патша өкіметі» деп мәлімдейді.

Сонымен, 16 жылғы оқиғалар қазақ қоғамында империялық  үстемдікке қарсы күресте екі көзқарастың, екі әдістің болғандығын көрсетіп берді. Олардың бipi батырлар бастаған қол жасақтап жауға қарсы көтеріліп, елдің еркіндігін білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғау еді. Өткен ғасырлардан келе жатқан бұл белгілі әдіс 16 жылғы қиын-қыстау заманда тағы да бой көрсетті. Басқа жол, басқа әдісті әлі танып білмеген қарапайым халықтың басым бөлігі өз батырларының соңына ергенде мұндай әрекеттің арты немен аяқталатынын әуелде жақсы түсіне алмады. Олардың өз арасынан хан сайлап, хандық құруы да феодалдық-патриархалдық қоғамдық қатынастардың әлі де болса мықты екендігінің көрінісі еді.

16 жылғы оқиғалар, сонымен бірге қазақ қоғамында ұлттық бостандық үшін күрестің жолдары мен әдісіне қатысты жаңа көзқарастың қалыптасып қалғанын да көрсетіп берді. Оны ұстанушы ұлттық демократиялық интеллигенция қазақ жеріндегі ара-салмақтың өзгергенін, қарсы тұрған жаудың да күші мен айласы бұрынғыдан басқа екендігін ескере отырып, күрестің жаңа әдісіне көшу қажеттігін, ал ол әдістің негізгі белгісі ұлттық саяси тұтастық және негізгі мақсаттар үшін саналы, ұйымдасқан әрекетке өту екендігін халыққа жеткізуге тырысты. Оқиғалар ағымы екінші көзқарастың сол тарихи кезеңдегі ұлт мүддесіне тура келетіндігін көрсетіп берді. Демократиялық интеллигенция болса жаңа заман, жаңа өзгерістердің келе жатқанын түсіне отырып, енді белсенді әрекетке көшті. Оның бұл әрекеті алдымен майдандағы қара жұмысқа алынған жігіттерге қызмет көрсетуден басталды. Сондай-ақ бұл қызмет ол үшін үлкен сын және азаматтық кемелдікке қадам басу сәті болды.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.