Денсаулық психологиясының субъектілік негізі

Главная » Рефераттар » Денсаулық психологиясының субъектілік негізі

Жеке индивидтен бастап бүкіл ұлттың денсаулығын сақтау мен нығайтуды тек медицина ғана қамтамасыз етпейді. Қазіргі замандағы экологиялық жағдайдың төмендеуі, әлеуметтік-психологиялық мәселелердің көбеюі, стрестің артуы денсаулық құбылысының психологиялық жақтарына ерекше назар аудартады. Сондықтан, денсаулық мәселесі медициналық қана емес, психологиялық ғылым салаларында да тереңінен, әдіснамалық- теориялық тұжырымдап, қарастыруды қажет етеді. Осыған орай, соңғы жылдары ғылым мен тәжірибеде «денсаулық психологиясы», «психологиялық саулық» (И.В. Дубровина), «психикалық саулық» (Денсаулықты сақтаудың дүниежүзілік ұйымы, 1979), «кәсіби денсаулық психологиясы» (GeorgeEverly, 1986) атты ұғымдар орнығып қалды. Тіпті, қазіргі кезде психолог мамандығының еуропалық дипломын (EuropeanCertificateinPsychology, EuroPsy) алу үшін денсаулық психологиясының аясындағы мәселелерді шешуге қатысты құзіреттердің студенттерде дамуы маңызды шарт болып табылады (Houdmontetal., 2010) . Адамның өз денсаулығына қатынасын көптеген психологиялық факторлар бейнелейді. Осы факторлар бойынша денсаулық психологиясында бірнеше психологиялық үлгілер бар.

А. Бандураның (Bandura, 1997) әлеуметтік үйрену теориясының аясында тұлғаның өз әрекеттерінің тиімділігіне сенімді болу тұжырымдамасы іс-әрекеттің басталуын да, барысын да анықтайды. Индивидтің өз әрекеттерінің тиімділігіне сенімді болуы шылым шегу, алкоголизм сияқты тәуелділіктерді және көптеген науқастарды емдеуде предиктор ретінде қарастырылады (Condiotte, Lichtenstein, 1981; Kavanaghetal., 1996; 1999). Денсаулық психологиясына қатысты мәселелерді бақылау локусымен түсіндіретін үлгілер бар. Осы орайда «денсаулықты бақылаудың локусы» термині қолданылып, индивидтің денсаулықты сақтаудың сыртқы немесе ішкі факторларына сенімділігін бағалаудың арнайы әдістемесі қарастырылады (Wallstonetal., 1976). Субъектінің өз денсаулығын сақтауға қатысты мінез-құлқы, жүріс-тұрысы денсаулықты бақылаудың локусы арқылы болжанады. Мәселен, бақылаудың интернальді локусы денеге күш түсіруді үзбей жүзеге асырумен (Normanetal., 1997); дұрыс тамақтанумен (Steptoe, Wardle, 2001) оңды корреляция көрсетеді. Сонымен қатар, адамның денсаулыққа қатынасын анықтайтын психологиялық факторларға оның тұлғалық сапалары мен әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері жатады (Diefenbach, Leventhal, 1996).

Денсаулықты сақтаудың және нығайтудың субъективті жақтары көптеген зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылады. Солардың шегінде адамның өз денсаулығына қатынасы, өзара әрекеттесудің нәтижесі арқылы анықталатын соматикалық денсаулықтың психологиялық сипаттамасы – «соматонозогнозия» (Квасенко, Зубарев, 1980) ұғымы негізделеді. Жалпы, денсаулықты сақтау мен нығайту тұлға субъектілігінің нәтижесі болып табылады. Әрине, субъект қасиеттері денсаулық төмендеген жағдайда өзекті болады. Сонымен қатар, субъектілік ұстаным индивидтің науқастану мазмұнына және тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты сипатталады. Дегенмен, субъектілік тұлғаның әлеуеттік қасиеті ретінде әрқашан денсаулықты сақтап, нығайтудың негізі болып табылады. Субъект категориясының философия аясынан шығып, психологиялық теорияға кіргізілуі болашағы зор, эвристикалық маңызы орасан іс болды. Соның арқасында кейбір іргелі психологиялық мәселелердің әдіснамалық тіректерін дәлме-дәл келтіруге мүмкіндік ашылды. Субъект категориясы әртүрлі психологиялық ұғымдарды саралауға әрі оларды ерекше жүйелікпен жинақтауға әдіснамалық бағдар болады. Субъект категориясы үздіксіз, жоғары қарай үдемелі жетілуді, дамуды білдіреді. Осыған орай адамды өмір, іс-әрекет, қарым-қатынас процестерінің субъектісі ретінде психологиялық зерттеу ғылымдағы түрлі теорияларды ықпалдастыратын тұрғы дәрежесінде анықталып, өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан теориялық-әдіснамалық негізге айнала бастады. Субъект талдамасы психология ғылымдарының бірлігін орнататын, сондай-ақ, психологияны жаратылыстану және гуманитарлық тарамдарға айырылып, жікке бөлінуін жеңуге мүмкіндік беретін жол ретінде аса жоғары дәріптеледі /14, 94 б./. Сондай-ақ бірқатар зерттеушілер психология ғылымдарының барлық салаларының жалпы зерттеу пәні тек субъект болатынына әбден негіз бар деп санайды /15, 18 б./.

.

Теориялық және эмпирикалық зерттеулер арқылы пайда болған жаңа сала – субъект психологиясы С.Л. Рубинштейннің /16/ адам баласы болмысты және өзін саналылықпен құрауға, өзгертуге, түрлендіруге қабілетті болатыны жайлы басты идеяның негізінде пайда болған. Мұнда постулаттық тұжырым жасалған: адам субъект болып дүниеге келмейді, субъект болып дамып, жетіледі. А.В. Брушлинский субъект ұғымын белсенділіктің әртүрлі формаларына байланысты әлдеқайда кең түрде анықтайды: «Субъект, яғни, өз тарихын жасаушы, өзінің өмір жолын басқарушы болу – адамның барша қасиеттерінің арасындағы аса маңыздысы. Бұл, алдымен, практикалық іс-әрекеттің, қарым-қатынастың, мінез-құлықтың, танымның, жасампаздықтың және басқа да ерекше адами белсенділік түрлерінің (шығармашылық, адамгершілік, еркіндік танытатын) және қажетті нәтижеге қол жеткізудің бастамашысы болу мен іске асырылуын білдіреді» /17, 5 б./. Осы орайда адам баласының субъект ретінде өзгертуші, түрлендіруші, жасампаз, шығармашыл белсенділігін, осы белсенділік факторлары мен оны жүзеге асыру механизмдерін зерттеу бірқатар жәйттерді түсіндіреді. Субъект психологиясының қағидалық негіздері денсаулықты сақтау мен нығайту мәселесін тұжырымдауға мүмкіндік береді.

.

К.А. Абульханова /18/ ұстанымы бойынша тұлғаның субъектілігі іс-әрекеттің талап-міндеттері мен тұлғаның өз өлшемдеріне сәйкес қайта құрылу, қайта ұйымдастырылу процесін анықтайды. Субъект ақиқатты бейнелеп қана қоймайды, ол әрқашан осы ақиқаттың мән-мағынасын айқындап, оның құнды жақтарын ашып, оған өзiндiк мазмұн бередi. Сондықтан, субъектілік индивидтің денсаулықты нығайтудағы психологиялық шарты болады. Субъект адамның барлық нақты қасиеттерін, жан-дүниесін бір жүйеге біріктіреді. Мұнда А.В. Брушлинский пікірінше тұтастық, бірлік, ықпалдастық субъектінің барлық, тіпті, өзара қайшылықты және үйлесе алмайтын да қасиеттерін бір жүйеге ұйыстыратын негіз ретіндегі оның аса маңызды ерекшеліктері болып табылады /19, 6 б./. Осылайша, бірқатар ілімдерде субъект белсенділіктің, бастамашылықтың, біртұтастықтың, автономдықтың жоғары деңгейіндегі адам, өз өмірінің жасампазы, өзінің тіршілік әрекеттерін басқарушы ретінде анықтау орныққан (К.А. Абульханова, Г.И. Аксенова, Б.Г. Ананьев, Л.И. Анцыферова, А.А. Бодалев, Г. Крэйг, Д.А. Леонтьев, В.Д. Шадриков және т.б.). Мәселеге қатысты әдебиеттерге жасалған талдау зерттеушілердің ғылыми ұстанымдары әрқалай болғанымен, олардың көзқарасында қиылысатын тұстарды айқын көрсетті. Бұл субъектінің әрқашан өзін-өзі дамытуға әзірлігіне қатысты. Сонда, түрлендіруші іс-әрекетпен қатар субъектілік ұстанымдағы адам өзін-өзі өзгертуге әлеуетті келеді. «Адам мақсаттарды және оларды жүзеге асыруға қажетті әрекеттерді еркімен таңдау арқылы анықталатын сана және өзіндік сана-сезім иесі ретінде ғана субъект болып табылады» /20, 26 б./. Осы орайда, субъект тұрғысынан денсаулықты сақтап, нығайту мүмкіндіктері бойынша индивидтің «Мен-нақты» жағдайын дәлме-дәл бағалауы, «Мен-идеал» бейнесі жобаланып, анықталады. Сондықтан денсаулық психологиясындағы субъектілік индивидтің өз денсаулығына саналы қатынасын сипаттайды.

Сонда, денсаулықты сақтау мен нығайту үшін тұлғаның өз өмірін жасаушы, өзгертуші, түрлендіруші субъект болуы қажетті шарт. Дегенмен, К.А. Абульханова «… кез-келген тұлғаның іс-әрекет субъектісі бола алмайтындығын» жазады /18, 63 б./. Әрі, «субъект – кемелге жету шыңы емес, тек оны бетке ұстап, қозғалу деген жалпы анықтамаға сәйкес әрбір тұлғаның субъект ретінде қалыптаса бастауы әр шамада болады» /18, 65 б./. Осыған орай, денсаулықты сақтау мен нығайту үздіксіз, ұдайы дамитын субъектілік ұстаным болатыны нақтыланады.

.

Шығыстық парадигмаға сәйкес адамның сыртқы ортаны өзгерту, түрлендіру әрекеттеріне ізгілікті, рухани ұстаным тән. В.П. Зинченко да адамның субъект ретінде өзін және әлемді, ондағы өз орнын тануға өзгертуші, түрлендіруші іс-әрекетін, тәжірибесін, ізденушілігін руханилық деп дәйектеген /21, 275 б./. Рухани-тәжірибелік іс-әрекет субъект жететін айрықша деңгей болып табылады. Бұл түсініктеме денсаулық психологиясындағы субъект ретінде дамытуының ізгіліктік, руханилық бағытын тағайындайды. Тұлға субъект ретінде ғана кісіліктің, әдептіліктің оңтайлы даму деңгейіне жете алады. В.В. Знаков /22/ субъектілікті адамның өз қылықтарын саналы аңғаруға және өз әрекеттері үшін жауапкершілікті ерікті түрде, рухани-адамгершілік тұрғысынан өз мойнына алуға мүмкіндік беретін тұлға сипаттары арқылы анықтайды. Оның ұстанымынша басқалармен өзара әрекеттестікте саналы, рухани сенім негізіндегі тәсілдерді қолдануға дербес шешім қабылдай алатын ерікті адамды ғана субъект деп атау қажет. Осыдан рухани- адамгершілік құндылықтарды қабылдамаған, ізгіліктік ұстанымы жетілмеген психолог, дәрігер, пациент, клиент өзінің де, өзгелердің де денсаулығын құндылық ретінде қабылдай алмайды. Олай болса, субъектілік парадигма денсаулық психологиясындағы адамгершілік-ізгіліктік қағидалардың маңызын айқындап береді.

К.А. Абульханова іс-әрекет субъектісі бола алған тұлғаның сапалық өзгерістерін қарастырып, адам бойында өтетін трансформациялардың үшеуін ажыратады. Біріншіден, барлық жан қуаттары (психикалық процестер, қасиеттер, қабілет, кейіп) тұлғаның өмірдегі тірлігі мен іс-әрекетін қамтамасыз ету құралы ретінде қолданылады. Екіншіден, барлық жан қуаттары тұлғаның іс-әрекетіне бағынышты болатын жеке-даралықтың композициясын құрайды. Үшіншіден, тұлға субъект болған соң бойындағы өз шамасына, қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарамастан өмірдегі және іс-әрекеттегі өз стратегияларына арқалана бастайды. Міне, сондықтан өзінің ерік-күшін, зерде-зиятын, қабілеттерін өмір сүру мағынасынан айырылып қалған адам іс-әрекет пен өзін-өзі жүзеге асыру үшін қолдана алмайды /18, 68 б./. Бұдан біздің зерттеу үшін 1) субъект негізінде тұлғаның денсаулығы арта түсетіні және 2) мықты денсаулықтың тұлға субъектілігін дамытуға шарт болатыны жайлы аса маңызды тұжырым бекітіледі.

Олай болса, психологиялық саулық нашарлағанда тұлғаның субъектілігін қалай түсінуге болады? Мұнда субъект функцияларының кейбір жеке-дара тұстарына ғана екпін түседі де, олар адамның жан-дүниесінен, тұлғалық сапаларынан, мінез-құлқы мен жүріс- тұрысынан жоталанып, ерекше көрінеді. Бұл жағдайда кейбір жеке психологиялық құбылыстардың үстем ықпалы орын алып, адам өз өмірін өзінің кереғар, адамилықтан аулақ мазмұнына бағынышты етіп қояды. Маниакалдық жағдайлар, түрлі фобиялар, клептоманиялық, зомбилық құбылыс, агрессия мен девианттылық формалары, гемблинг- тәуелділік, эгоистік қатынастар, програстинация т.с.с. осыған барынша көрнекі мысал болады деп танимыз. Басындағы мұндай ауытқушылық жағдайында адам өз-өзіне еркі жүрмей, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі бақылау мүмкіндіктері жоғалып, тәуелді кейіпте күй кешеді. Осындай біржақты, тұтастығы жоқ, адами тұрпатқа жат, ауытқуға ұшыраған белсенділік, дербестік, бастамашылық қасиеттерді субъектілік ерекшеліктің бір түрі дегеннен гөрі бейсубъектілік деп анықтаған жөн сияқты. Сондай-ақ ақкөңілдік, мейірімділік, ізгіліктілік, білімділік жоталы болғанымен, өзінің «Мен» бейнесін идеалды деп қабылдайтын кейбір адамдағы тұлғалық деформациялар да бейсубъектілік құбылыс деп санаймыз. Олай болса, толымды субъект өз тіршілігінде, іс-әрекетінде, қарым- қатынасында мөлшер, шектілік қағидасын басшылыққа алуға әлеуетті болады. Өзгертуші, түрлендіруші іс-әрекетінің аясын субъект өзі таңдап, өзі тағайындайды; және қоғамдағы моральға тіректеліп, өз субъектілігінің денсаулығы мен жансаулығына салдарын өз бағалайды. Ұлттық сана-сезімінен, ұлттық мәдениетінен, тіршілік әрекетінен, өзара әрекеттестік пен өзара қатынас саласынан, бейбіт өмірді құндылық ретінде қарастыруынан, этикалық нормаларынан, стандарттары мен атрибуттарынан дүниеге – табиғатқа, қоғамға, мәдениетке, адамға ықпал етудің ізгілікті, рухани негізінен қазақ халқының өлшемді білу қабілеті, ұстанымы жоғары болып, психологиялық саулық мәселесін шеше алуы айқын аңғарылады. К.А. Абульханова қайшылықтарды шеше алудағы мүмкіндіктерді субъект категориясының анықтауышы ретінде ұйғарады. . «… өмір жолының субъектісі ретіндегі тұлғаның қасиеттері оның өз өмір жолын ұйымдастыру, құру кезінде пайда болатын қайшылықтарды шешу тәсілінен (Бөліп көрсеткен – К.А.А.) көрінеді» /23, 25 б./). Ол «субъектінің қайшылықтарды шешуші ретінде анықталуы шешім қабылдаудан қашқалақтайтын тұлғаның деформацияға, деградацияға, фрустрацияға ұшырай бастауын түсінуге мүмкіндік береді» – деп түйіндейді /18, 68 б./. Олай болса, субъект өлшемі ретінде қайшылықтарды шешуге қабілеттілік алынады. Сонда, тұлға субъект ретінде ғана денсаулық мәселелерін шешуге психологиялық даярлық таныта алады. Ал, осы бағыттағы белсенділіктің таңдамалы болуы және оның даралық негіздегі нәтижелілігі, баламалылығы тұлғаның тек субъект ретіндегі әрекетін сипаттайды. Мұнда тұлғаның өзін-өзі ұйымдастыру, құру және реттеу деңгейлері басты мәселе болып табылады. Субъектілікті А.Г. Асмолов /24/ іс-әрекеттің ішкі жоспарын ашатын жүйелі сипаттама ретінде қарастырады. Ол субъектіліктің ең жоғары формасына тұлғалық мағынаны жатқызады. Адам өзіне өз іс-әрекетінің субъектісі ретінде қараса, онда, осы іс- әрекетті жүзеге асыру сипаты тұлғалық мағынаға берілген мәселені шешу сипатына айналады. Олай болса, мәселені шешуге байланысты субъектіліктің даму деңгейі анықталады. Осыған орай, субъект ретінде денсаулық мәселесін шешу тұлғалық мағынаға ие болуы керек деп бекітеміз. Нақты бір проблемалық жағдаятты шешуге қатысты субъектіліктің ерекшелігін «жағдайдан тыс субъектілік» ұғымы дәлме-дәл анықтайды /25/. Тұлғаның әрқашан денсаулықты сақтап, нығайтуға қатынасы жағдайдан тыс субъектілік ретінде тұрақты және әлеуетті қасиетке айналады. Біз өз зерттеулерімізде субъектілікті тұлғаның өзіне және өзгелерге деген құнды қатынасы бойынша анықтаймыз. Себебі, субъектілік қатынас ұғымы арқылы мәндік сипатқа ие болады. В.Н. Мясищев адам қатынасын «оның әрекеттерінен, реакцияларынан, және жай-күйінен танылатын, объективті ақиқаттың әр түрлі жақтарымен саналы, таңдамалы, тәжірибеге негізделген, психологиялық байланыс» /26, 48 б./ – деп түйіндейді. Ғалым «басыңқы қатынас» ұғымын енгізіп, дәйектеу арқылы онымен тұлғаның мәнді сипаты, өмір мағынасы жайлы мәселелерді байланыстырады. Басыңқы қатынас адамның ниет-тілектерінен, мүмкіндіктерінен, әрекеттерінен көрінеді. С.Л. Рубинштейн басқа адамдарға деген қатынасты «адамзат өмірінің өзегі» – деп бейнелеп келтірген /16, 262 б./. Осы мағынадағы адамның басқаларға қатынасы ортаға да, өзіне де қатысты өзгерту, дамыту, жетілдіру анықтауышы болады. Сондықтан, денсаулықты арттыруда тұлғаның басқаларға және өзіне деген қатынасының құнды, ізгі-рухани сипатта болуы өзекті мәселе. Л.И. Анцыферова /27/ тұлға қатынастарын «реципроктілі» деген. Адам өз тарапынан ғана қатынас жасамайды, ол өзіне деген басқа адамдардың да қатынасын ескеріп, жинақтайды. Сондықтан субъектілік жеке-дара субъект қасиеті болып қоймайды. Олай болса, кез келген субъект өз субъектілігінің жалғыз ғана иесі емес. Адамдар арасындағы қатынас субъектілік дамудың шарты болып табылады. Осы орайда өзара қатынас сипатын зерттеу субъектіліктің реципроктілік ерекшелігін айқындайды. Қатынастардың реципроктілігін В.А. Петровский /25/ анықтаған, біреуді басқа адамның идеал ретінде өзінше көрсетуін (бейнелеуін, қайталауын) білдіретін «бейнеленген  субъектілік» ұғымына мағынасы жағынан бара-бар келеді. Мұнда, «бейнеленген субъектілік» тұлғаның басқалармен байланысын аңғаруды білдіреді. Бейнеленген субъектілік басқа адамдарда субъектінің жалғастық табуын түсіндіреді. Олай болса, субъектілік денсаулықты нығайтып, арттырудың әлеуметтік сипатын айқындайды. Сонда, біздің ойымызша, өзінің денсаулығын сақтап, арттыруда субъектілік танытатын тұлғаның «бейнеленуі», басқа адамдардың көзқарастарының, дүниетанымының, қатынастарының, ұстанымдарының оңды өзгерісіне ықпал етуі орын алады. Сонымен, тұлғаның денсаулыққа қатынасы 1) басқаларға және 2) өзіне құндылық ретінде қарап, өзін субъект ретінде қабылдауы арқылы бейнеленеді.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.