Драмалық поэзия

Главная » Рефераттар » Драмалық поэзия

Драма болып өткен оқиғаны оқушының немесе көрерменнің көз алдына қазіргі шақта болып жатқан оқиға секілді етіп көрсетеді. Эпос пен лириканы жақындастырғанмен, драма жеке алғанда эпос та, лира да емес, ол өз алдында өзінше органикалық бір бүтін нәрсе боп табылады. Біріншіден, драмадағы әрекеттің аумағы субъект үшін жабық емес, қайта, драма субъектіден шығады да, соған қайта айналып отырады. Екіншіден, лирикадағыдан гөрі драмадағы қатысушы субъектінің мәні тіпті өзгеше: ол енді өзімен-өзі болған, сезуші және аңғарушы ішкі дүние емес, ақынның өзі де емес, бірақ, ол пайымдау үшін сыртқа шығып, өз әрекетімен ұйымдастырылатын объективтік және шындық дүниенің арасынан келіп орын алады: әлденеше бөлініп, толып жатқан кейіпкерлердің әсерлі жиыны болып табылады, осылардың әрекеті мен қарсы әрекетінен драма құралады. Осының салдарынан драма біздің көз алдымызда болуға тиісті адамдардың хал-ахуалын, оқиғаны, орындарды эпикалық әдіспен суреттеп жатпайды.

Драма лирикаша тамылжытып жыр төгіп жатпайды; драмадағы кейіпкерлер өздерін әрекетте білдіруі керек, бұл түйсік және аңғару емес, характер болып шықпақ. Драманың әрекеті бір мақсат төңірегінде  топтастырылғандықтан да онда өзге мақсат болмауы керек. Романда өзге адамдарға, оның оқиғаға шын қатыстылығына қарап емес, мінезінің ерекшелігіне орай орын  берілуі мүмкін нәрсе, драмада оның даму механизміне өте-мөте қажеті болмаған жағдайда бірде-бір артық адам болмауы қажет. Қарапайымдылық, әрекеттің тұжырымдылығы мен бірлігі (негізгі идеясының бірлігі мағынасында) драманың ең негізгі шарттарының бірі болуы керек; драмадағының бәрі де бір мақсатқа, бір нысанаға бағытталуы керек. Бас кейіпкердің тағдырында драманың негізгі идеясы тоғысатындықтан, драмадағы мақсат бас кейіпкер арқылы көрсетілуі керек.

Алайда, осының бәрі драманың ең жоғарғы тегі – трагедияға жатады. Жоғарыда айтып өткеніміздей трагедияның мағынасы коллизияда болмақ, яғни жүректің табиғи еркінің адамгершілік парызбен соқтығысуына немесе алынбайтын тосқауылда мерт болуында жатпақ. Трагедияның идеясы ғаламат, жайсаң оқиғаның қайғылы боп аяқталатын идеясымен тұтасып жатады. Немістер трагедияны қайғылы көрініс (Granezspiel) деп атайды, шынында трагедияның қайғылы көрініс екені де рас!

.

Қан және өлген дене, қанжар мен у үнемі трагедияның атрибуты болмаса да, трагедия әр уақытта жүректің ең қымбатты үмітін бұзумен, бүкіл өмірдің рақатын жоғалтумен аяқталады. Трагедияның ұлы қасіреттілігі, орасан зорлығы осыдан келіп шығады: ондағы  әмірші – тағдыр, оның негізі мен мағынасы тағдырға байланысты.

Коллизия деген не? Коллизия дегеніміз – тағдырдың құрбандықты талап етуі. Қаһарман бақытты, қуанышты және өмірдің қызығын былай қойып, заңның пайдасына бола өз жүрегінің табиғи желігуін жеңіп шықпақ! Ол – тірі өлік; оның стихиясы – жанының терең қасіреті, оның нәрі – жапа шегу,  осылардан құтылатын оның бір ғана жолы бар – я ауыртпалыққа түсіп, өзінен-өзі безу немесе тез өлу! Трагедияның қаһарманы өз жүрегінің табиғи желігіне еріп кетсе – онда ол өзінің алдында қылмысты, өз арының құрбандығы, өйткені оның жүрегі адамгершілік  заңының тамыры терең жайылған топырақ тәрізді, қашан жүрек парша-парша болмайынша, қансырамайынша  бұл тамыр жұлынбақ емес.

.

Осылай десек те поэзияның бірде-бір тегі біздің жанымызға трагедиядай әсер ете алмайды, бізге оншалықты ләззат та бермейді. Біз тартыста жүріп немесе жеңіп жүріп қазақ тапқан қаһарманға қатты қынжыламыз; бірақ ол осындай қазасыз яғни осы өлімсіз қаһарман бола алмайтынын да білеміз, жеке басы арқылы мәңгілік субстанциялық күшті және әлемдік, мәңгі бақи кететін болмыс заңын іске асыра алмайтынын да білеміз.

Адамның тосыннан өліп қалуы секілді, шығарманың негізгі идеясына тұп-тура қатысы болмайтын кездейсоқ оқиғаның трагедияда болуы тиісті емес. Поэзияның өзге тегінен гөрі трагедияның мейлінше өнерлік шығарма екенін есте шығармауымыз керек. Отелло Дездемонаны тұншықтыруды бір минут кешіктірсе, яғни Эмилия есікті бір минуттай асығып ашса, барлығы түсінікті болар еді де, Дездемона өлмей қалған болар еді, бірақ бұлай болғанда трагедияның құны кетер еді. Дездемонаның өлімі кездейсоқ оқиға емес, Отелло қызғанышының салдарынан болған оқиға, сондықтан, Дездемонаны өлімнен құтқарарлық табиғи кездейсоқтық жағдайларды ақынның әдейі сырып тастап отыруға хақысы бар.

Драмалық поэзия – поэзияның жоғарғы басқышы және өнердің шолпаны десек, трагедия – драмалық поэзияның  жоғарғы басқышы және шолпаны болмақ. Сондықтан трагедияда драмалық поэзияның бүкіл асылы болмақ, ол драманың бүкіл элементтерін қамтымақ, ендеше, трагедияға күлкілі элементтердің кіруі де орынды нәрсе.

Трагедияның актіге бөлінуіне, олардың санына келсек, бұл жалпы драманың сыртқы формасына қатысты бар нәрсе. Трагедия өлеңмен де, қарасөзбен де жазылады, бірақ, әр жерінің өзіне және мазмұнына қарай яғни өмірдің поэзиясы немесе прозасы айтылып отырғанына қарай өлең қарасөзді араластырып жазған лайық.

.

Драмалық поэзия халықтың мәдениеті жетілген кезде, оның тарихи дамуы гүлденген дәуірде пайда болмақ. Гректерде осылай болды. Гректердің даңқты трагиктері болған Эсхил, Софокл және Еврипид.

Ең жаңа халықтардың бірде бірінің драмасы ағылшындардың драмасындай соншалықты толық қарқындай өркендеген емес. Шекспир – драманың Гомері,  оның драмасы – ең жоғары дәрежедегі христиан драмаларының бірінші үлгісі. Шекспир драмаларында мазмұнына қарағанда,  түпсіз көркемдік,  формасына қарағанда ұлы өмір поэзияларының барлық элементтері бір жерге қосылады. Бұларда бүкіл адамгершіліктің қазіргісі бар, оның бүкіл өткендегісі және келешектегісі бар; бұларда барлық халықтың, барлық ғасырдың өнері дамуының думанды үлгісі мен салтанатты жемісі бар.

Комедия – трагедияға қарама-қарсы қойылған драмалық поэзияның соңғы түрі. Трагедияның мазмұны – адамшылық ұлы құбылыстың әлемі, оның қаһарманы —  рухани адам табиғатының субстанциялық күшіне кенелген жеке бастар; ал комедияның мазмұны – ақылға сыйымсыз кездейсоқтар, елес әлемі, яғни шындықта болмайтын жорамал; комедияның қаһарманы — өзінің рухани кейпінің субстанциялық табиғатынан безген адамдар. Сондықтан, трагедияның ететін әсері – жанды тебірентетін қасиеті сұмдық, ал комедияның ететін әсері – бірде көңілді, бірде зілді күлкі. Комедияның мағынасы — өмір құбылысының  және өмір мағынасы мен өмір бағытының арасындағы қайшылық. Бұл ретте өмір комедияда өзін-өзі жоққа шығарған тәрізді. Нағыз көркем комедияның негізінде терең  мағыналы мысқыл (юмор) болады. Өмірдің қандай болуы керектігін бізге айқын аңғарту үшін өмір қандай болса комедияда сол қалпында көрсетіледі. Көркем комедияның асқан үлгісі – Гогольдің  “Ревизоры”.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.