Экологиялық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету мәселелері

Главная » Рефераттар » Экологиялық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету мәселелері

Ғаламдық мәселелерді ерекше білім саласы — глобалистика зерттейді. Ғаламдық проблемалар өзара тығыз байланысты және барлығы іс жүзінде жердегі экологиялық дағдарыстың даму процесімен қамтылады. Әрбір ғаламдық проблеманы міндетті түрде шешу қажет, өйтпесе оның дамуы апатқа — өркениеттің жойылуына дейін апарып соғады. Ғаламдық мәселелерді шешу үшін ғаламдық, аймақтық , ұлттық бағдарламалар жасалады, бірақ оларға келісушілік және үйлестірушілік жетіспейді. Ғаламдық мәселелерді шешуге жұмсалатын шығындардың жартысына жуығын экологиялық проблемаларды шешу шығындары құрайды. Өйткені басқа проблемалардың ішінде ғаламдық экологиялық проблемаларды ең артықтау проблема деп санайды.

Ғаламдық экологиялық мәселелер — ғаламдық, аймақтық және ұлттық деңгейлерде айқындалған экологиялық мәселелер кешені. Зор геосаяси мәселелердің экологиялық қауіптілігінің мынадай көріністері бар: табиғи экожүйенің бүлінуі, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, әлемдік мұхиттың ластануы, биологиялық әралуандылықтың азаюы және т.б. Олар тек қана барлық елдердің қатысуымен, БҰҰ-ның басқаруымен шешілуі мүмкін.

Экологиялық мәселелердің ғаламдығы орнын шешу үшін барлық елдердің жігерін жұмылдыру қажеттігін тудырып отыр; қарудың барлық түрлерін азайтпай экологиялық дағдарыстан айырылу мүмкін еместігі; биосфераның жалпыға ортақ ластануына қарай ядролық соғыс ғана емес, тіпті жай соғысты жүргізудің мәнсіздігі; қазіргі өркениеттің технологиялық құрылымын қайта құру, өмір негізі болатын табиғатпен өзара іс-әрекеттің жаңа сапалы әдістері мен құралдарын жасау; қоршаған ортаны қорғау проблемасы бойынша БҰҰ органдары жұмысының тиімділігін арттыру және оларга төтенше өкілеттік беру болып табылады.

Қазақстан Республикасы үшін экологиялық қауiпсiздiк мәселелерi мен жағдайлары бүгiнгi таңда маңызды орын алып тұр. Мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгiмен бiрге жаңа экологиялық қауiпсiздiк жүйелерiн басқару да бой көтерiп келедi. Дұрыс басқару қоршаған ортаны қорғаудың мемлекеттiк саясатын уағыздап, табиғи ресурстарды рационалды пайдалану үшін өте қажет. Өкiнiшке орай Қазақстанда көптеген жылдар бойы өндiрiсте табиғи шикiзаттарды өндiргенде, қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығару көп мөлшерде болды.

Елiмiзде экологиялық қауiпсiздiктi және тұрақты экономикалық дамуымызды қамтамасыз ету мақсатымен, 2003 жылдың 3 желтоқсанында Президенттiң Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған Экологиялық қауiпсiздiк концепциясы жарияланды. Бұл концепция қабылдағаннан бастап көптеген маңызды өзгерiстер болып жатыр. Қоршаған ортаны қорғау заңдылықтар негiзi құрылды. Бiрқатар халықаралық келiсiмдерге қол қойылды. Қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесi құрылды. Концепция қоршаған ортаны қорғау мониторингiнiң бiркелкi жүйесiмен iске асыруды ұсынады.

Экологиялық қауiпсiздiк ол – халық қауіпсiздiгiнiң маңызды бiр бөлiгi. Экологиялық қауіпсiздiк бағытында  мемлекеттiк саясаттың мақсаты, ол – табиғи жүйенi қолданудың қорғалуы. Адам өмiрiндегi ең маңызды жағдайларды ескере отырып, табиғатқа зиян тигiзбеу. Өндiрiстi дамытумен қатар ғылыми-техникалық зерттеулердi күшейту. Экологиялық қатердi болғызбау үшін халық шаруашылығын, өндiрiстi байланыстыра отырып, экологиялық-экономикалық талдаудың әдiстерiн пайдаланып, қоршаған ортаға шығарылатын ластағыштар деңгейiн салааралық модель арқылы талдап көрсету қажет-ақ. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін технологиясы бар мемлекеттің келешегі зор. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев 2006 жылғы Жолдауында халықаралық стандарттарға сәйкес қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде тоқтала келіп былай деді: «2006 жылы біздің экологиялық заңнамаларымызды халықаралық озық актілермен үйлестіруге, жаңа стандарттарға көшуге, мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған Экология кодексі қабылдануға тиіс» [1]. Сол себепті 2007 жылы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі бекітілді.[2] Қазіргі уақытта көптеген ғылыми еңбектердің ішінде экономика және экология мәселелері, экологиялық қауіпсіздік туралы теориялық ізденістердің ішінде отандық ғалым М.С.Тонкопийдің «Экономика и экология» еңбегін атап өтуге болады.[3]

Экологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаты табиғи жүйелердің, қоғамның өмірлік маңызды мүдделері мен жеке тұлға құқығының қоршаған ортаға антропогендік және табиғи әсерлердің нәтижесінде туындайтын қатерлерден қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Экологиялық қауіпсіздіктің негізгі міндеттері:

-климаттың өзгеруі мен Жердің озон қабатының бұзылуына душар ететін антропогендік әсерді азайту;

-биоәртүрлілікті сақтау және жердің шөлейттенуі мен тозуының алдын алу;

-экологиялық апат аймақтарын, әскери-ғарыш полигондары мен сынақ кешендерін оңалту;

-Каспий теңізі қайраңының ластануының алдын алу;

-су ресурстарының тозуының және ластануының алдын алу;

-табиғи ластануларды, әуе бассейнінің ластануын, радиоактивті, бактериологиялық және химиялық, оның ішінде трансшекаралық ластануларды жою және олардың алдын алу;

-өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жинақталу көлемдерін қысқарту;

-табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу.

Қойылған міндеттерді шешу үшін:

-Қазақстан Республикасының заңдарын, табиғат пайдаланудың, мемлекеттік экологиялық бақылаудың және экологиялық мониторингтің экономикалық тетіктерін жетілдіру және жүйеге келтіру;

-табиғат пайдаланудың және экологиялық сараптаманың рұқсат ету жүйесін оңтайландыру;

-қоршаған ортаны қорғау, экологиялық статистика, экологиялық білім беру, экологиялық үгіт-насихат және жұртшылықтың қатысуы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту;

-халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолымен қол жеткізіледі.

Мемлекеттің экологиялық қауіпсіз дамуы мынадай қағидаттарға негізделеді:

-табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық мүмкіншіліктерін айқындайтын және қоршаған ортаны сапалы теңгермелі басқаруды қамтамасыз ететін шектеулердің, нормативтердің және шаруашылық әрі өзге де қызмет жүргізу ережелерінің ғылыми-негізделген кешенін енгізу жолымен мемлекеттің тұрақты дамуы үшін барлық қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелік тәсіл;

-экологиялық қауіпсіздіктің өңірлік және жергілікті міндеттерінің экологиялық қатерлердің алдын алудың жаһандық және ұлттық мақсаттарына бағыныштылығы;

-қоршаған орта мен адамның денсаулығына келтірілген залалды өтеудің міндеттілігі (табиғат пайдаланушылар мен ластаушылар төлейді);

-өндірістік күштерді дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгермелігі (экологиялық сыйымдылық пен аумақтық жоспарлау қағидаттары);

-шаруашылық және өзге де қызметінің қоршаған ортаға әсерін одан кейінгі экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалармен бағалаудың міндеттілігі;

-халықтың экологиялық ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету және оның экологиялық проблемаларды шешуге қатысуы;

-халықаралық ынтымақтастықтағы әріптестік және халықаралық құқық нормаларын сақтау және т.б.

Жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің адамзат өркениетінің даму жолында ұзақ әрі күрделі тарихы бар. Қауіпсіздіктің өзі бірнеше салаларды қамтитын кешенді ұғым. Жалпы қабылданған тұжырым бойынша, қауіпсіздік — белгілі бір нысанның сыртқы және ішкі қатер әсерінен қорғана білу ахуалы.  Ал ол қатер бірнеше  сипатта  болуы мүмкін. Солардың бірі экологиялық сипаттағы қатер. Елбасымыздың тікелей қолдауымен бұл бағыттағы проблемаларды шешуге аса көңіл бөлінуде. Соның арқасында Қазақстандағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының бірқатар тетіктері қалыптастырылды. Қазақстан мемлекеті бірнеше халықаралық шарттар мен келісімдерге қол қойған, экологиялық проблемаларды шешудің халықаралық деңгейдегі ұсыныстарына ие субъекті. Мемлекеттің экологиялық қатынастарды реттеуге қабілеттілік таныта алатын құқықтық қоры белгілі деңгейде қалыптасқан. Әсіресе, солардың ішінде «Қоршаған ортаны қорғау туралы», «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» және басқа да бірқатар заңдардың мәні зор. Қоршаған ортаның қауіпсіздігі — ол тиісті ортаның антропогендік және басқа да факторлардың қатерлі әсерінен қорғалуының жай-күйі. Демек, қоршаған ортаны қорғау динамиканы құраса, ал экологиялық қауіпсіздік — табиғатты тиімді, кешенді пайдалану және қоршаған ортаны тиісті деңгейде қорғалу нәтижесін құрайды. Дұрыс нәтижеге жету немесе адам баласының талабын қанағаттандыратын қауіпсіздік көрсеткішінің сақталуы, осы бағыттағы заң нормаларының тиімді болуы мен тікелей байланысты. Адамзат өркениеті дамуының бүкіл тарихы көрсетіп отырғандай кез келген мемлекеттің қатардағы адамдарының әл-ауқаты, ең алдымен оларды қоршаған табиғи ортаның қауіпсіздік дәрежесіне байланысты екендігін анық көрсетіп отыр. Кей уақыттарда экологиялық ахуалды жақсарту үшін атқарылатын шаралардың басымдықтарын, шарттарын, негіздерін, ерекшеліктерін, принциптерін, стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді белгілеп береді.Осының аясында бірқатар құқықтық шаралар іске асырылады. Дегенмен де аталған тұжырымдамада көрсетілген бірқатар құқықтық шаралар іске асырылмай қалады олар:

  1. Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды басқару жүйесінің тиімді шешілмеуі. Дәлірек айтқанда, қоршаған ортаны қорғау органдарының жергілікті атқару немесе басқа да органдардан тәуелсіздік мәселесі шешілмейінше, бұл бағыттағы қандай да бір өзгеріс өз нәтижесін бермейді. Жергілікті және орталық атқару органдары үшін экологиялық мүддеден экономикалық мүдде басымдығы жоғары болып отыр. Бұған біздің заңдарымыз да мүмкіндік береді. Заң ешқашанда өздігінен жүзеге аспайды. Заңның орындалуы оны талап етуші субъектінің әрекетіне байланысты. Сондықтан қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық негіздерінің тиісті қоғамдық қатынастар мазмұнына сай орындалуы, оған күштеуші негіз болатын мемлекеттік басқару органдарының, сәйкестілік жүйесінің қалыптасуына тікелей байланысты. Бұл мәселелерді оңтайлы шешудің тиімді ұсыныстары мен теориялық қағидалары профессор Д. Байделдиновтың еңбегінде («Правовой механизм государственного управления в области экологии») өте жан-жақты тұжырымдалған. [6]
  2. Реттеуші экологиялық заңдар мен тиісті қоғамдық қатынастар мазмұнынын, сәйкессіздігінің нәтижесінде құқық нормаларының декларациялық сипаталуы қандай да бір қоғамды заңға негіздеп құру, дамыту мүмкін емес. Керісінше заң қоғам ерекшелігіне негізделіп, оның дамуына ықпал жасап отыруы қажет. Бұл жерде сапа көрсеткіші тиісті қоғамдық қатынастардың реттелу нәтижесімен бейнеленеді. Заңның тиісті қатынастар ерекшелігімен үндесуі ғана тиімді нәтижеге қол жеткізетіндігі ғалымдар тарапынан нақты тұжырымдалған. [4]

Әрқашанда тиімді заңдар болуы үшін, ол заң тиісті қоғамдық қатынастардың ерекшеліктеріне сай мазмұнда болуы қажет. Сонда ғана құқықтық реттеу өз нәтижесін береді, заңдар тиісті заңдық күшке ие болады.

  1. Экологиялық қауіпсіздік — қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың оң нәтижесі. Бұл нәтижеге қол жеткізуде экологиялық жауапкершілік институтының алар орны ерекше.

Біздің құқықтық жүйеде экологиялық жауапкершіліктің көптеген жетілмеген теориялық және практикалық мәселелері көп. Тиісті жауапкершілік көрсетілген нормативтік актілердің өзі бағытталған құқық бұзушылардың мазмұнымен мүлдем сәйкессіз. Әкімшілік жауапкершілік санкциялары өте жұмсақ тұрғыда қарастырылған. Материалдық жауапкершіліктің тетіктері жетілдірілмеген. Мұндай құқықтық база елдің экологиялық қауіпсіздігі мәселелерін шеше алмайды.

Жауапкершілік нормалары басқа нормалардың іс жүзіндегі орындалу мүмкіндігінің негізгі тетігі. Экологиялық заңдарды бұзудың салдарынан келтірілген материалдық жауапкершілікті өтеудің басқа да заң бұзушылықтан келтірілген материалдық жауапкершіліктен өзіндік ерекшелігі бар. Аталмыш бағытта да соңғы кездері нәтижелі табыстарға жеткен теориялық зерттеулер бар.[5] Елдің экологиялық қауіпсіздігі, азаматтардың бұл құқықтарының сақталуы -өркениеттіліктің ажырамас белгісі. Осыған орай жауапкершілік институтын жетілдіру туралы бірнеше ғылыми еңбектер жазылып, маңызды тұжырымдар жасалған. Осы тұжырымдарды іс жүзіне асыру, заң шығару барысында оны пайдалану, яғни жоғарыда көрсетілген үш мәселенің құқықтық тұрғыдағы міндеттерін шешу экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің оң жетістіктері болар еді.

Бүгінгі таңда экономика мен энергетиканы дамыта отырып, экологиялық қауіпсіздікті назардан тыс қалдырмау қажет. Бұл осы күнгі жаһандық күрделі проблема. Қазіргі заманғы ғаламдық үдеріс жағдайындағы энерго-экологиялық мәселелерді шешу жолдары қазақ елі Президентінің ғаламдық энерго-экологиялық стратегиясында көрініс тапқан. Экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері — бүгінгі таңдағы ең ауқымды әрі маңыздылығы өте жоғары, кезек күттірмейтін жаһандық күрделі проблемаға айналып отыр. Энергетикалық және экологиялық қауіпсіз әлемді қалыптастыру мәселелерінен қазақ елі шет қалмақ емес. Мемлекет басшысының бастамасымен ХХІ ғасырдағы тұрақты дамудың ғаламдық энерго-экологиялық стратегиясы әзірленді. Экология, экономика және энергетика. Әлем елдері алдағы уақытта осы үш бағыттың тепе-теңдігін қамтамасыз етуі керек. Яғни, тек энергияны теңгерімді пайдаланудың бірлескен жолын даярлағанда ғана әлемдік қауымдастық жаһандық экологиялық қауіпсіздіктің негізін құра алады. Ғаламдық энерго-экологиялық стратегияда осы мәселе айқындалған. Ең бастысы — экономика мен энергетиканы дамыта отырып, экологиялық қауіпсіздікті қалыс қалдырмау қажет.

Оған анық дәлел ретінде Еуропа мен Азияны байланыстыратын трансконтинентальды ма­гистральдар қиылысында орналасқан Қазақ елі халықаралық көрмені өткізу жауапкершілігін мойнына ала отырып, әлем назарын ғаламдық қуат көздерінің таусылу мәселесіне аударуға және баламалы энергетиканың дамуына дәнекер болатынына сенім білдірген Президент «ЭКСПО — 2017» көрмесіне «Болашақ энергиясы» деген тақырып ұсынды. Себебі, дәстүрлі қуат тасымалдаушылардың шектеулі мүмкіндігі мен олардан туатын эко­логиялық дағдарыс қазірдің өзінде дүниежүзіне үлкен қауіп төндіріп тұр. Қуат тапшылығынан құтылудың алғышарты ретінде Қазақстан Еуропа мен Азия арасында «Жасыл көпір» құру бастамасын көтерді. Бұл идея ақиқатқа айналса, Батыс пен Шығыстың күші бірігіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының ортақ нәтижелеріне қол жеткізіледі.

Соңғы уақытта күн энергетикасы — 28,1, жел энергетикасы — 48, геожылу энергетикасы — 7,5, дәстүрлі энергетика — 2,2 пайызға өсті. Алайда бұған мән беріп жатқандардың қарасы соншалықты көп емес. Осы орайда Қазақстанның өзгелерге үлгі боларлық әрекеттерге қадам жасап жатқанын айта кеткеніміз жөн. Баламалы энергетиканы адам игілігіне жаратуды көздеген Қазақстан 2015 жылға қарай тұтынылатын жалпы электр қуатының 1 пайызын жаңартылған қуат көздерінен алуды жоспарлап қойды. Ал 2050 жылға қарай біздің ел көмірқышқыл газының ауаға таралу көлемін 25 пайызға азайтпақшы. Бұл үшін жаңа технологиялар мен жаңар­тылған энергия көздері қолданысқа енгізіледі деп күтілуде. Қазір жоғарыдағы мақсатқа жету үшін Назарбаев университетінде құрылған энергетикалық зерттеулер орталығы ізденіс үстінде. Бұл әрине болашаққа деген үлкен қадам. Әрбір жасаған қадамымыз ең бірінші қоршаған табиғатқа жат әсерін тигізбеуі тиіс. Бұл ұлан- байтақ  жер анамызда өмір кешіп жатқан адамдарға қойылатын негізгі талап!. Сондықтан экологиялық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету қазіргі инновациялық елдердің негізгі мақсаты.

Әдебиет:

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы»атты  Жолдауы. — Астана, 2006.
  2. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексі // «Параграф» мәліметтер жүйесі, 2013.
  3. ТонкопийМ.С. Экология и экономика природопользования. — Алматы: Экономик`С, 2003. – 592 с.
  4. Мухитдинов Н.Б. Проблемы совершенствования природо-охранного законодательства и правотворческий процесс. — Алматы, 1997.
  5. Әбдірайымов Б. Экологиялық зиян: сипаттамасы, денсаулыққа әсері, сот арқылы өтелуі. — Алматы, 2001.
  6. Байдельдинов Д. Правовой механизм государственного управления в области экологии. — Алматы, 1998.
Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.