Есекқырған (Юпитер туралы қазақша)

Главная » Рефераттар » Есекқырған (Юпитер туралы қазақша)

Ертедегі халықтардың аспан шырақтарына қойған аттарының ішінде Есекқырған (немесе Юпитер), Арыстан, Аю, Тоқты, Торпақ, Ат, Сілеусін деген сияқты бірқыдыру түз және үй хайуандарының аттары бар.  Бірақ олардың ішінде жайшылықта қыңыр, ақымақ дегендей эпитеттер қосылып айтылатын есек аты жоқ. Бойшаң болса да түйе аты жоқ. Аспан шырағына қырсау есек атының қатысуын қазақ арасынан кездестіреміз. Дегенмен мұнда да есек байғұстың осалдығынан басқа мардымды іштемеге жарымаймыз. Тауар тиеулі шаналарға есек жеккен керуен неше күн үдере көшіп, жолдағы бекетке келіп қонды. Нарқы жоғары тауарды базарға тезірек жеткізсем деп жанталасқан көпес күзетшіге: Шолпан туа оят, ертерек жүреміз, — деп бұйрық беріп жатып қалады. Ұйқылы ояу қалғып отырған күзетші бір кезде күншығыстан туып келе жатқан жарық жұлдызды көріп, Шолпан туып қалыпты, тұрыңдар деп керуеншілерді оятады. Таң жақын деп керуен жолға түсіп тартып береді. Бірақ таң атпайды, оның үстіне борасын көтеріліп, күн суытады. Керуен жолдан адасады. Жылы қорадан шығып кеткен есектер суықтан қырылады. Мен Шолпан екен десем, ол есекті қыруға шыққан жұлдыз екен ғой депті аңқау күзетші. Осылай манаға жарық жұлдыз таң алдында туатын Шолпан емес, Есекқырған жұлдызы деп аталады. Есекқырған деген аттың қалай шыққаны туралы осы аңызды бүкіл ел біледі, алайда оңтүстік жақтағы шөлге жақын елдер аңызды азырақ өзгертіп, керуен адасып, шөлге шығып кетіп, құдық таба алмай, есектер судан қырылыпты дейді. Қасқырдан әбден запы болған елдер, Шолпан туды деген оймен керуен есектерін жайылсын деп ағытып жіберсе, әлі жайым түн ғана екен, оларды қасқыр қырып кетіпті, деп аңызды өзгертіп айтады. Сөйтіп Юпитердің кесірінен бір заманда, бір жерде есектер қырылған. Бәлки, Қазақстанның кең сахарасындағы, құс қанаты сөгілген дегендей, ұзақ жолдарды еске алсақ, есектер әлгіндей апаттың қайсысына болса да аз ұшырамаған болар.

.

Күн системасындағы ең үлкен планета Юпитер көлем жағынан Жерден 1300 есе үлкен. Шолпаннан кейінгі ең жалтырауы күшті осы Юпитер. Әсіресе оның жалтырауы, ол Жерге ұрымтал, Күнге қарама-қарсы келген кездерінде өте күшті болады. Ал оқтын-оқтын Күннің маңына барған кезде ол көрінбей қояды. Ел оны «жатып» қалды дейді. Юпитер, «қыдырма» жұлдыз болғандықтан іңірде де, түн ортасында да, таңға жақын да, қысқасы, түннің кез келген уақытында туа береді. Міне, сондықтан Юпитерді Шолпанмен оңай шатастырып алуға болады және ол аспанның шығысынан да, батысынан да, оңтүстігінен де, төбеге таяу жерден де, қысқасы, Күн жүретін жолдың кез келген жерінен көріне береді. Бірақ дәл төбеден не Темірқазық жақтан ешуақытта көрінбейді. Сонымен елдің Есекқырған дейтіні — Юпитер планетасы. Мұны Жарықжұлдыз, Сарыжұлдыз деп те атайды. Сарыжұлдыз дейтініміз Есекқырған деп түсіндіреді. Шынында Юпитердің ақшыл-сары түсі көзге ә дегеннен жарқырап түседі де, осы белгісі бойынша ол елдің бәріне әйгілі. Есекқырғанның сыр-сипаты, жүріс-тұрысы жайында ел сөзін келтірейік. Есекқырған сары жұлдыз, ол Темірқазықты айналып жүрмейді, оның бір жатып, қалатын кезі болады. Шолпан жақтан, күншығыстан туған Сарыжұлдыз күннің батысына қарай өтіп, Жоғалып кетеді.

Халықтың Сарыжұлдыз жоғарылай берсе күн суытады деген негізсіз емес. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген мақал дәл осы арада теріске шықпайды. Сарыжұлдыздың көтерілуімен ауа райының арасында байланыс жоқ деп, ел көтерілуімен ауа райының арасында байланыс жоқ деп, ел сөзін бекерге шығармақ болсақ, қателескен болар едік. Мәселе былай, Юпитердің Жерге ұрымтал келуі 1 жыл 34 күн сайын қайталап отырады, бірақ үнемі бір мезгілде емес: біресе жазға, біресе қысқа ауысып отырады. Юпитердің орбита жазықтығы эклиптикамен беттесуге жақын. Ал эклиптиканың жазықтығы және сонымен бірге Юпитер жолы да, қыстыгүні түнде жоғары, жаздыгүні түнде төмен тұрады. Ендеше, егер Юпитердің Жерге ұрымтал қалпы қыс айларына келсе, ол Сарыжұлдыз іңірде шығыста туады да, түні бойы жарқырап, төбеге қарай өрлей береді. Ал, жаз айларында Юпитер ондай аспандамай, іргелеп жүреді. Бұл да Айдың жыл мезгіліне қарап тікірейіп, не шалқалап тууы сиықты құбылыс.

.

Ұрымтал келу кезінен кейін Юпитер көрер көзге батысқа қарай жүреді. Міне, сондықтан егер ноябрь айында Сарыжұлдыз іңірде Күн батысымен шығыстан туса, декабрьде іңірде одан жоғары, январьда іңірде төбеге өрлеп келеді де, көктемге қарай төмендеп, батысқа барып көрінбей кетеді. Тегінде бұқыра халық аспанға назарын көбінесе іңірде аударады. Аяздың күшеюімен бірге Сарыжұлдыздың күн санап шатынап жоғарылағаны, әрине, көзге шалынбай қоймайды. Міне, 1952 жылы Сарыжұлдыздың көріну жағдайы дәл осылай болды. 1964 жылы да осылай болды. Оның бір айда іңірде шығыста көрінуі жағдайы 12 жылдан соң қайталайды. Есекқырағнның суық күшеюімен бірге осылай өрлеуі ертеде көп жұттардың біріне дәл келіп қалып отырады. Елдің шымбайына батқан жұт жылғы Сарыжұлдыздың көкке шапшыса, суық күшейеді, деп екінің бірі ырым қылып көп айтуы осыдан. Бірақ оған Сарыжұлдыз кінәлі емес, оның өзінің жолы осындай.

.

— Бұрын Сарыжұлдызбен ел көп ұрысушы еді дейді шопандар. Бағзыбір ырымшылдар «кесапаты» тиеді деп, не пәленің бәрін соған жапты. Сөйтіп қазақ ортасындағы аңыз бойынша Юпитер (Есекқырған) тек есек қана емес, мал түлектерінің қайсысын болса да қырына ала жүріпті. Шығыстан өрлеп келе жатқан Сарыжұлдыз төмендер ме екен деп үміттеніп, қыстан қысылып, екі көзі төрт болып, қайта-қайта көкке қарап жүрген шаруа бір күні күнбатыстан шатынап шыққан тағы бір жарық жұлдызды көрді. Мәссаған ! Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты. Бірі мағырыптан, бірі машырықтан келсең кел дегендей айбат шігіседі. Қайтер екен ? Әлде екеуі тоғысып тоқайласа ма ? Ақжұлдыз бен Сарыжұлдыздың қарсыласуы немен тынар екен деп, енді шаруаның назары осыған аударылып, ойы бөлінді. Арада екі-үш ай өтті. Элогациясына жетіп, Шолпан батысқа қарай қайта оралып, төмендейді. Осы қарсаңда жаз да ертерек шығуға айналып, күн де жылына бастады.

— Кей жылдар күздігүні күншығыстан Сарыжұлдыз, күнбатыстан бір Ақжұлдыз туып, бара-бара екеуі түйісіп, айқасады. Егер Сарыжұлдыз жеңіп, Ақжұлдыз кейін қайтса, қыс жақсы болады екен деп өзінше қорытынды жасайды шаруа. Ел арасында осылай Есекқырған мен Шолпанды қатыстырып, бұлар екі ғашық екен, екеуі бір-біріне жақындаған жылы қыс қатты болады деп ертерек те ойлап шығарды.

 

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.