Есім ханның ескі жолы

Home » Рефераттар » Есім ханның ескі жолы
Рефераттар Комментариев нет

XVII ғасырдың басында алғашқы ширегіндегі мемлекет және құқық туралы түсініктердің дені «Есім ханның ескі жолы» атты ережелермен байланысты. Қазақ шежіресі Есім ханның (1598— 1630 жж.) қызметіне жоғары баға береді. XVIII ғасырда өмір сүрген әйгілі Бұқар жырау Абылай ханға «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кешегі Еңсегей бойлы Ер Есімді де білемін. Сен оның бір түстігіне жарамайсың» деп айтуында да Есім ханға деген үлкен қошемет сезіледі. Ер Есім туралы, оның заманында жаңа жүйеге түскен заң ережелері туралы Қазанғап Байболұлы, М.Ж.Көпейұлы, Қ.Халид сияқты қазақ шежірешілері баяндайды. Құрбанғали Халид өз шежіресінде «Есім хан ұзын бойлы, денелі кісі болған соң «Еңсегей бойлы Ер Есіл» деп дәріптеледі екен. Орыс ханның қызыл туы осының қолында қалған» деп жазады. Қазақ хандарының бабасы Орыс хан (шешіреде —Ормамбетхан) Дәшті Қыпшақ, оның ішінде АқОрда дәулетіне билігі тұтас жүрген ірі хан болған. Алтын Орданың астан-кестеңі шығып жатқан уақытта өмір сүрген Орыс хан Ақсақ Темірді сахараға жолатпай, шекараны мығым ұстап отырғаны да, Алтын орданың туын құлатпаймын деп Сарай шаруасына да араласқаны белгілі. Орыс ханның қызыл туына Есім ағасы Тәуекел хан Бұхара қаласы түбінде өзбекпен соғыста жараланып, Ташкентте қайтыс болғаннан кейіннен болды. Самарқанд ол кезде Есім билігінде еді. Есім ханның ерліктері жөнінде М. Ж. Көпейұлы былай жазады: «Тәуекелден соң Еңсегей бойлы Ер Есімхан болды. Өзі Туркістанда тұрып, Тәшкентке Турсынханды ие кылып қояды. Сол кунде Иманқұл деген өзбекке хан болып Бұхараны билеп, Еңсегей бойлы Ер Есіммен үш рет соғысып, Туркістан, Тәшкентті ала алмай жеңіліп қаша берген». Қазақ шежіресінде Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы бақталастық, Тұрсын ханның Есім хан жорыққа кеткен кезде Түркістанды алуы Есім ханның Ташкентті шауып, Тұрсынды өлтіруі т.б. әңгімелер жақсы баяндалады. Оның негізгі себебі Қазақ хандығының этносаяси құрылымындағы тарихи жарықшақ деп есептеуге болады. Қадырғали Жалаиридің шежіресіне қарағанда Орыс хан заманында «алаш мыңы» атанған өзбек қауымы үш ұлыс алаш, екі ұлыс қатаған болып екіге бөлінген. Тоқсан екі рулы (баулы) өзбек қауымы ыдыраған уақытта үш ұлыс алаш елі қазақ халқының негізін салды, олармен сыртқы одақтас қатаған ұлыстары Ташкент манында келте хандық (бағынышты) құрды. Біздің пікірімізше Есім мен Тұрсын арасындағы жанжалдын басты себептерінің бірі осы. Қазақ шежіресі Есім мен Тұрсын келісіп, шығыстан төнген қалмаққа қарсы Есім тұратын болып, оңтүстіктен келген өзбекті Тұрсын тойтаратын болып, соныменен Есім хан қалмаққа қарсы аттанып кете береді. Осы уақытта қорғаусыз қалған Түркістанды Тұрсын шауып, Есімнің отбасын Шеп деген қамалға қамайды. Н.Н.Гродековтың ел қарияларының ауызша әңгімесінен жазып алғанына қарағанда «Есім хан застал свое семейство заключенным в крепости Шеб, или Ханымчеби, на верховьях Сайрамской реки…».
Мемлекеттің ішкі мәселелері асқындап кетуі Есім ханды белгілі дәрежеде саяси өзгерістер жасауға жетеледі. «Тұрсынмен соғысып, Қатағанды қырып, хан Тұрсынды өлтіріп» деген сияқты билікті орнықтыру үшін қатаң шараларға баруы да түсінікті. Билікті күшейтудің екінші жолы мемлекеттің құқықтық негізін бекіту екенін жақсы түсінген Есім хан әдет-ғұрып (Жарғы) заңдарына қатал ережелер енгізіп, бейтарап ережелерді азайтуға кіріскен болса керек. Осылай «Есім ханның ескі жолы» аталатын орталық, яғни ұлыстық билікті күшейткен жаңа заңдар өмірге келді. Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресінде айтылатын: «Жоғарғы Тәуекел ханның орнына баласы Есім хан болды. Қазақтың «Еңсегей бойлы Ер Есім» дейтұғын ханы осы және жоғарыдағы Қасым ханнан қалған қазақтың жолын түзеп «Есім ханның ескі жолы» атандырған осы еді…». Біздің пікірімізше бір жағы сыртқы жаугершіліктің күшейуі (қалмақ тарапынан, өзбек жағынан, Сібір өлкесіне қол созған орыстан) оның үстіне ішкі талас-тартыс, жікшілдік Қасым заманындағы билік институттарын жаугершілікке бейімдеу арқылы мемлекет біртұтастық нышандар ала бастады. Бұл саясат ру басылары тарапынан қарсылыққа ұшырағанын, хан саясатына көңілі толмаған кейбір басы асау ел басыларының жүген-құрықты ала қашқанын аңғарамыз. Мәселен Жиембет Бортоғашұлының Есімге арналған назтолғауы осыны көрсетеді. Акацемик Ә.Марғұлан да өзінің «Еңсегей бойлы Ер Есімге» арналған мақаласында ол заманда жаугершіліктің көп болғанын, «Есім хан өз хандығының шығыс және солтүстік-шығыс шеттерінде ойрат-қалмақ шапқыншылығына қарсы тойтарыс беру үшін, көбіне жорықтарда жүргенін» ескертеді.
Жошы әулетінен шыққан хандар ішінде 40 жыл тұтас хандық құрған деп дәріптелетін Есім хан өз заманында көптеген жол-жоба, кәде-қауымет заңдарын шығарған, бірақ олар «Қасым ханның қасқа жолы» сияқты қалыптасқан билік-кұқық жүйесін өзгерту емес, қайта жаңғыртуға бағытталған істер болды. Мемлекет негізін нығайту, қоғамда төрелердің орны мен белсенділігін күшейту, ішкі жікшілдікті болғызбау, жалпы Шыңғыс ханға баратын «Жасақты» күшейту Есім мақсаты болды. Сол себептен оның заманында елге танымал тәртіп «Есім ханның ескі жолы» атанды. Шығыс тарихшыларының жазба еңбектері мен қазақ, қырғыз, қарақалпақ сияқты көшпелі мал баққан, жауынгер халықтардың ауызша әңгімелері Есім ханның өз заманында бүкіл Орталық Азияға билігі жүрген ірі хан болғанын айғақтайды. Бұл жерде шығыс жазбаларына түсініктеме берудің этнографиялық әдіс-тәсілдерін де оңтайлы пайдаланған жөн. Мысалы Шығыс Түркістандық тарихшының «Тарих-и Қашғар» кітабында Моғолстан ханы Әбд-ар-Рақымның Есім ханға өз қызы Айханым падишахты бергені жөнінде «Ишим ханза явил: «Я пришел на служение. У меня естъ друзья и враги. делінді. Шын мәнінде Шығыс билеуші әулеттердің тәртібі бойынша күшті билеуші әлсіз билеушіге қызын бермейді, бәрі керісінше жүреді. Біздің пікірімізше Есім хан билігі кезінде Қазақ хандығының астанасы, бірнеше мың жылдық тарихы бар Түркістан қаласында қазақтың және қазаққа қоңсы ағайындардың өкілдерінің қатысуымен «Жеті жарғы» кеңесінің алғашқы отырыстары өткен болуы керек. Нақты деп айтпағанмен мұның бір дәлелі Есім ханның көрші қырғыздың басшы билеріне қамқорлық жасауы, оларды қалмақ және қашғар хандарынан қорғауы, Тәшкентте «Көкемнің көк күмбезі» сияқты құрылыстарды салуы т.б. Осы сияқты қамқорлық қарақалпақ пен сунақтарға да, Сыр бойының отырықшы қауымдарына да жасалды деп есептейміз. Соңғы кезде жарияланып жатқан ғылыми еңбектердің бірінде «Есім ханның ескі жолы» заңдар жолы накшбандийе тариқатының тәртібі бойынша жасалды деген пікір бар. Автор Есім хан заманында накшбандийе тариқатына жасалған қолдау Түркістан маңындағы сунақ, сарт, шалақазақ т.б. субэтникалық топтардың пайда болуына алып келді дейді. Қазақ шежіресінде XVI—XVII ғасырларда қабылданған «жолдардың» мемлекеттік тәртіпті күшейтуге негізделгені басым айтылады. Біз де Есім хан заманындағы мемлекеттік және құқықтық өмірде болған өзгерістер ең алдымен ұлт мүддесінен туындаған шаралар деп есептейміз, ал осы мақсат жолында қожалардың белгілі бір топтарына батылдылық беру мәселесі әлі де зерттеуді қажет етеді. З.Ж.Кенжалиевтің пікірінше «жолдар-көшпелі қоғамдағы орталық мемлекеттік биліктің жеке-дара дербестенуінің бір көрінісі, оның қалыптасқан құқықтық мәдениетті жаугершілік, әскери заманға сай бейімдеп пайдалануға талпыныс жасауының нышаны». Біз жоғарыда осы мәселеге байланысты бірсыпыра түсінік бердік деп есептейміз.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.