Эстетикалық пен көркемдік

Главная » Рефераттар » Эстетикалық пен көркемдік

Көркем шығармашылық пен эстетикалықтың арасындағы қарым-қатынас түрлінше ұғынылып, түрлінше түсіндіріліп келеді. Кейбір жағдайда танымдық, пайымдық, коммуникативтік тұрғыдан танылған өнер өзінің эстеткалық аясынан шететіледі. Н. Г. Чернышевский өз кезегінде өнердің туындыгерлік және ақпараттық бастау көзінің басымдығына мән берді. Ал, Л. Н. Толстой шынайы пайымдау үшін «әдемілік ұғымын шатыстыратын барлық істі кері ысыру» керек деген ой айтты. Өнердің эстетикадан тысқары мәнісі турасында Г.Н. Поспелов жұсақ әрі сонымен қатар бір мезетте қатаң түрде сөз етті. Оның ойынша, эстетикалық қасиетке ие заттар өзінің табиғаты жағынан эстетикалық болып табылмайды,  ондағы эстетикалық дегеніміз – әлдебір «заттың мәнісінің барынша тұтасқан» «сыртқы көрініс беруі». Осының негізінде ғалым өнердің мәні – рухани, эстетикалық оның бойындағы – қосымша, формалды ая, сондықтан,  эстетикалық теориясының ұғымдарына сүйеніп, көркем шығармашылықты қарастыруға еш болмайды деген тұжырым жасайды.  «Өмірде өз мәнісі бойынша эстетикалық болып табылатын ешбір құбылыс жоқ,-деп жазды ол. Өнер турасында да осындай ой айтуға болады. Оның мәні шын мәнісінде тіптен эстетикалық болып табылмайды» Бұл пайымдау көп жағдайда парасатты түрде өнер туындысының басты арналымы эстетикалық құндылықты қабылдау болып табылады дегенге түзету жасайды. Бұған таңданатын түгі жоқ, түрлі елдер мен қилы дәуірлердегі өнер теоретиктері эстетикалық аспектіні өнердің басты қозғаушы күші деп қарастырып келді. Я. Мукаржовскийдың пікірі бойынша, өнер өзінің «табиғи қызметіне, эстетикалық әсер етуіне» адал болуы керек.

Өнердің эстетикалық аямен байланысы көп қырлы. Біріншіден, барша шынайы адамның көруі мен естуіне арналған өмір көркем туындының танымы мен қайыра туындатушылығының өзегі болып табылып, эстетикалық сипаттарға (қасиеттерге) айналады. Екіншіден, көркем образдардың материалының өзі (музыкалық туындыдағы – дыбыс; сөздің дыбыстық қабығы т.с.с.) сезімдік сипатқа ие болып, оның эстетикалық қабылдауына жүгінеді.  Ақыр соңы, үшіншіден, эстетикалық өнер туындысында сәулеленіп қана қоймайды, сонымен қатар, шығармашылық акті барысында өмірге келеді. Эстетикалық құндылық ретінде қабылданбаған өнер туындысы өзінің басты мақсатын орындай алмайды.

Өнердегі эстетикалық пен көркемдіктен тыс болмыс арасындағы қарым-қатынас түрлінше ұғынылып, түрлінше түсіндіріліп келеді. Бір жағынан, өнер шынайлықты толықтырып, оның бойына тәртіпке келтірушілікті енгізіп, жаңадан эстетикалық құндылықты өмірге әкеледі деп тұжырымдаса, екінші жағынан «өнер әдемілікті тудырады» дейтін тезис жарамсыз, жалған классикалық, тар ауқымдағы эстеттік, керісінше, әлемнің әдемілігі көркем құндылықты туғызып, «өнер әдемілікті туызбайды, қайта оны сыртқа шығарады» деген ой айтады. Біздіңше, көркем іс-әрекет бойында аталған екі негізде табылып, өнер тіршіліктегі эстетикалық құндылықты айшықтап, қайыра туындатуға қабілетті.

Эстетикалықтың аясы әлбетте, көркемдіктің аясына қарағанда өте кең. Сонымен бірге, тап өнер туындысы эстетикалық құндылықтың көрініс беруінің әлдебір толықтығы болып табылады. Тек көркем іс-әрекетте эстетикалыққа басты орын беріліп, бірінші қатарға шығарылады.  Адами басқа теориялық-амаляттық іс-әрекет түрлерінде шығармашылық бастау көз болғанымен эстетикалық онда міндетті компонент болып табылмайды. «Эстетикалық» және «көркемдік» гуманитарлық аяда (көп жағдайда ғылыми ортаға қарағанда, ғылым маңында)  синоним ретінде қолданылуы тегін емес. Тек өнерде ғана эстетикалық толыққандылық пен тереңдікке ие болып, оның іргелі сипаттары айқын танылады. Тап осы өнердің эстетикалық сипаты танымдық бастау көзден нәр алып, көркем туындыдағы автор санасын айшықтайды. Лотманның айтуынша, өнер туындысы бір мезетте екі бірдей объектінің: шындық болмыстың көрініс беруі мен автордың тұлғасының үлгісі болып табылады. Біз өнердің эстетикалық доминанты туралы әңгімені аяқтай отырып,  өнер туындысы өзіне тұрақты түрде «таңдап» алатын көркемдіктен тыс феноменіне назар аударатын боламыз.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.