Eжелгi Еврей әдебиетi

Главная » Рефераттар » Eжелгi Еврей әдебиетi

 Б.з.д. XII-II ғ. аралығындағы ежелгі еврей әдебиетінің ескерткіштері бізге жалпылама норма­тивтік жинақтар мен Інжіл заңдары арқылы жетті. Оған діннің күшті ықпалы болды. Бірақ бұл жайт діни заңдардың құрамына зайырлы жанрдағы шығармалардың, тарихи шежі­ре­нің, күнделікті өмірдегі скептикалық афористиканың, махаббат өлеңдерінің енуіне кедер­гі­сін тигізген жоқ. Діни көзқарастарға қатысы түрлі мәтіндерден тұратын бұл Канон кішкене әдеби әлем ретінде құрылып, пайда болғаннан бастап, екі діннің киелі кітабы ретінде екі мың жыл өмір сүрді: иудаизмнің «Інжіл» («Библиясы») мен христиандардың «Көне өсиет» («Вет­хий завет») кітабы. Ұрпақтан ұрпаққа кітаптың мәтіндері дінтану мен құлшылық ету, құқық­тар мен мораль нормалары ретінде жетті. Олар көптеген өзгерістерге ұшырап, заманға сай маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Оған күнәһарлар кінәлаушыдан шындықты сұрай оты­рып жалбарынды, ал кінәлаушылар күнәһарлардың мойынсынуын сұрады. Бұл кітаптарға деген қарым-қатынас зайырлы және рухани биліктің әсерімен, оған қоса, мысалы XYІ ғ. Германия шаруаларының талаптары мен XYIІ ғ. Англиядағы төңкеріліс­пен түсіндірілді. Монархияны жақтаушылар монархиялық билікте құдайға табыну ілімдері бар деп есептеді. Ал Монар­хия­ға қарсы адамдар кітаптарды құдайға қарсы деп түсінді. Шіркеу кітаптардың ішінен күпір­лерге қарсы тұжырымдар іздесе, өз кезегінде күпірлер де шіркеуге қарсылықта­рын көрсетті. Өзінің әдеби-эстетикалық аспектісінде көне еврейлер әдебиетінің ескерткіште­рін халық ұзақ уақыт бойы қабылдаса да, оларды нақты ешкім түсіне қоймады. Көне шығыс мәдениет­терінде заңдарға бағыну қарапайым нәрсе еді. Көне үнді мәтіндері де, Авестаны құрған иран мәтіндері де ғасырлар бойы діндік қауымдастықтардың киелі жазба­лары құқығында жүрді. Қытайда көне жарлықтар мен өлеңдердің нұсқалары діндік сипат алмаса да, нормативті заңдарда анық көрініс тапты. Көне өсиетті канон үш үлкен циклға бөледі:

1) Тәурат немесе Бес кітап, Моисейге қатысты шежірелі заң шығарушы бес кітап. 2) «Пайғамбарлар» бөлімі. Бұл бөлімнің ішіне көне шежірелер, Исайе, Иеремий, Иезекиль мен 12 «кіші пайғамбарларға» қатысты шығармалар кірді. 3) Әр түрлі жанрға жататын жазбалар. Бұл жіктеу шартты түрде жасалған. «Иисус Навин кітабы» келесі «Кету Кітабын» («Книга Исхода») жалғастырса, үшінші цикл шежіресі екінші циклдағы «Патшалықтар кітабы» тақырыбын жалғастырады.

Інжілдің ғылыми сыны «Деворa әндерінен» бастап Қасиетті Кітаптың басқа да кітапта­ры­ның құрылу мерзімін белгілегенімен, кейбір көне еврей әдебиеті ескерткіштерінің шыққан уақыты нақты емес.

.

Археология Інжіл шежірелері мен дастандардағы күнделікті өмірді зерттеуде көп жұмыс атқарды. Мысалы, «Болмыс Кітабында» («Книга Бытия») суреттелген патриарх отба­сы­ның құрылымы ғылымда соңғы уақытта белгілі бола бастаған орта қола дәуіріндегі Месо­потамия мен ханаандар туралы ақпаратпен сәйкес келеді.

Мысалы, бала көтере алмайтын әйел өзінің үйіндегі қызметші қызды күйеуіне нәресте сыйлау үшін табыстауы жайлы дәстүр Сарра мен Агари, Рахилла мен Балл, Лия мен Зелф туралы Інжіл әңгімелеріне ұқсас келеді. Бұған қоса бұл оқиға б.з.д. ІІ мыңж. қолда­ныл­ған неке келісім-шарттарымен дәлелденеді. Авраамның өзінің құлы Элиецерді асырап алуы тура­лы ойы, израильдік-иудейлік құқыққа сәйкес келмесе, хурриттік Тупкийалар ұстанған зан­дық нормалар бойынша заңды болды. Әлеуметтік тарих үшін «Самуил кітабында» суреттел­ген варварлық «әскери демократиядан» таяу шығыстық үлгідегі озбыр монархияға өтуге байланысты қақтығыстардың себептері анық болды.

Таптық бөліну мен патриархалдық нормалардың бұзылуы афинылық мемлекет қайрат­кері әрі жазушы Соломонды сол замандағы көне еврей пайғамбарларынан кем толғандыр­мады. Сыртқы ақпарат пен мәтінді сараптау арқылы Інжіл кітаптарындағы өзгерістердің тарихи жағдайлары мен бұл кітаптың шумер-аккадтық, угариттік әдебиеттері сияқты басқа да көне шығыс әдебиеттеріне қатыстылығы анықталды. Бұған қоса, Інжіл мен басқа кітаптарды ұқсас ететін типологиялық белгілер анықталды. Осылайша, Көне Өсиеттегі канонның үш бөлімдік құрылымы дәстүрлі өркениеттің ұстанымдарын көрсетеді. Әдеби дамудың кезекті сатысы алдыңғы кезеңдегі ескерткіштерге түсінік береді. Мысалы, «Бес кітапты» игеру тарихы жазба цикліне кіретін «Наемии кітабында» айтылған. Үшінші циклдің біраз кітаптары екінші циклдің негізгі кейіпкерлері, Сүлеймен (Соломон) және Дәуіт (Давид) патшаларының есімдерімен байла­нысты болды. Жазба цикліндегі «Иереми зары» «Пайғам­барлар» цикліндегі Иеремиге қатысты. Біз осындай «түсіндірмелі дәстүрлерді» қытай және үнді әдебиеттерінде де кездестіре аламыз. Көне еврей әдебиеті мен шығыс әдебиеті байланы­сының тағы бір белгісі түрлі жанрлар мен замандардағы ескерткіштерде көрініс тапқан екі бағыт діни-рулық және жалпы адамдық ендіктердің шиеленісуі болып табылады. Басқа дін өкіл­деріне қастық, өз құдайларын басқа ұлт өкілдерін жек көретіндей етіп елестету, өз құдайы үшін соғыстан тайынбау сияқты оқиғалар «Иисус Навин кітабында» анық көрсе­тілген. Керісінше, Амос пайғамбарының құдайы әрбір халықты жақсы көреді және барлығы бірдей құқыққа ие болып табылады. Исайя соғыс заманында бейбітшілік туралы үгіт-насихат жүргізіп, халықты бейбітшілікке шақырды. «Иона пайғамбар кітабында» бір пайғамбардың өз дұшпандарының қаласын жек көргені үшін Құдай­дың жазасына ұшырағаны туралы жазылған. «Яхве кітабы» түрлі ру арасындағы некеге тыйым салса, «Руфь кітабы» оны жоғары бағалады.

ІІ мыңж. орта кезеңіне жататын Шығыстан табылған құжаттарда «хапиру» немесе «апиру» есімдері айтылады. Олар Ханаан мемлекетінің жерінен шөлдер мен далалар арқылы ел қоныстанған жерлерге өтіп жүрген көрінеді. Иври сөзі сол «хапиру» терминінің осы кездегі формасы екені көрінеді және бұл сөзде этникалық мағынаға қарағанда әлеуметтік мағына басым. Інжілдегі «Болмыс Кітабында» көне еврей халқының ата-бабалары дәл сол көшіп жүрген малшы­лар ретінде суреттеледі. Олар жергілікті халықтан құдықты пайдала­нуға рұқсат алған және кей кезде жер телімін сатып алатын болған.

Б.з.д. XIII ғ. еврей тайпалары, батыс семит тайпаларының бір бөлігі мен Яхве құдайына табынатындар Палестинаға басып кірді. Інжіл аңызы олардың бұл жерге басып кірместен бұрын Египеттен кетіп, шөлде ұзақ жүргендерін айтады. Бұл оқиғаның соңы олардың жергілікті халықтармен және батыстан келген басқыншылармен арпалысып, «Израиль» деп аталатын 12 тайпадан тұратын одақтың құрылуымен аяқталады.

Б.з.д. ХІ ғ. соңында шофеттер басқарған әскери патриархалдық демократияның орны­на монархия келді. Ауыр қақтығыс арқылы жүзеге асқан еркіндіктен озбыр көне шығыс мемле­­кеті­не ауысу Інжілдегі «Патшалықтар кітабында» айтылған. Дәуіт пен Сүлеймен патша­­ларының кезеңі мемлекеттің нағыз күшейген шағы ретінде қарастырылып, інжілдік дәстүрде көне еврей мемлекетінің «алтын ғасыры» деп аталды. Жақын жатқан халықтар мен тайпалар одақтастарға немесе салық төлеушілерге айналды. Египетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнап, патша­лық еш қауіпсіз, бейбіт өмір кешті. Қоғамның жоғарғы табы ханаандардың, финикийліктердің және египеттіктердің материалдық және рухани жетістік­терін пайдаланып, басқа жердің өмірімен танысты. Дәуіт басып алған Иерусалим қаласында өздерінің астанасын орнатса, ал Сүлеймен патша кезінде патша резиденциясы Яхве құдайы­ның құрметіне арналған керемет сарай мен шіркеуге ие болды. Бірақ Дәуіт патшалығының өрістеуі мәңгі болған жоқ. Шамамен б.з.д. 928 ж. патшалық Дәуіттің ұрпақтары Иерусалим­нен басқаратын оңтүстік Палистинадағы иудейлік патшалық пен солтүстік Палестинадағы израильдік патшалықтарға бөлінді. Екі мемлекет арасындағы мүліктік қақтығыстар өте қауіпті болды, бұл египеттіктер, ассириялықтар мен вавилондықтар сияқты халықтар үшін оңай олжа болатын.

Б.з.д. IX-YIII ғ. өмір сүрген пайғамбарлар байлықтың өсуін мінейтін патриархалдық нор­маға қайта келуге шақырып, әлеуметтік қиын мәселелерді шешу үшін діни-этикалық идеалды ұсынды. Кей кездері пайғамбарлардың әсерінен патшалар уақытша тұрақтылықпен қамтамасыз ететін санаулы реформалар жасайтын. Бірақ екі патшалықтың да түбі жақсы болмады.

Б.з.д. 722 ж. ассириялық патша ІІ Саргон Израиль патшалығын басып алып, Самария­ның тас талқанын шығарды. Ал б.з.д. 587 ж. вавилондық ІІ Навуходоносор Иудей патшалы­ғы мен Иерусалимді қиратады.

Ерекше атақты кісілер, оқыған және бай тұрғындар тұтқынға алынып, көне еврей әдебиеті­нің кейінгі тағдыры армандағыдай емес, ашшы шындық негізінде өрбіді.

Пайғамбарлардың уағыздарындағы саяси және қоғамдық мәселелердің діндік көзқарас­тағы шешімдері жиі айтылып отырды. Халықтың басындағы қайғысы Яхве құдайына толық сеніммен бағынбаушылық кесірінен болғаны түсіндіріледі. Иудейлер тұтқында жүргенде ғана Яхве құдайының құдіретін түсінеді. Мемлекетті қайта құру, талқандалған Иерусалимді қайта қалпына келтіру мен Дәуіт патша ұрпақтарының таққа қайта отыруы туралы армандар мистикалық деңгейге жетеді: құрылатын мемлекет жай мемлекет емес, қасиетті, теокра­тиялық мемлекет, таққа отырғызылатын Дәуіт ұрпағы да жай монарх емес, Яхве құдайының таңдаулы адамы ретінде суреттеледі. Осы кезде Вавилон империясының жері парсы шапқын­шыларының иелігіне өтіп, олар иудейлердің елдеріне оралып, Иерусалимді парсы­лар­дың қол астындағы ғибадатханалық қала ретінде қайта салуға мүмкіндік береді. Қаланы қалпына кел­ті­руді Эзра мен Неемия қолға алып, барлық нәрсеге діндік-этникалық ұстанымдар бойынша қарап, қатал тыйымдар қояды.

Б.з.д. ІY ғ. Парсы империясының басқа да жерлері сияқты, Палестинаны да Александр Македонский жаулап алып, бұл мемлекеттер эллиндік өркениетті ортаға кіреді. Иудейлік қоғамның жоғарғы табы гректердің жүріс-тұрыс нормаларын қабылдап, Яхве құдайынан бас тартады. Бұл жағдай Селевкид әулетінен шыққан Сирия патшаларына, әсіресе, иудаизмді ұстан­ғандарды қуғын-сүргінге ұшыратқан IY Антиохқа қатты ұнады. Б.з.д. 167 ж. мұндай қуғын-сүргінге қарсы Иуда Маккавей көтеріліс ұйымдастырды. Күрес тең дәрежеде болма­ды, бірақ кенеттен жеңіске ұласты. Б.з.д. 140 ж. Иудея тәуелсіздік алды, бірақ бұл мемлекет ұзақ өмір сүрмеді. Б.з.д. 63 ж. Иерусалимге Помпей әскері басып кіреді. Ал б.з.д. 6 жылы Иудея Рим империясының провинциясына айналып, римдіктерді тақтан түсірудің сәтсіз әрекеттерінен кейін Иерусалим толығымен талқандалды. Бұл көне еврей мәдениетінің соңғы кезеңі еді.

.

Көне еврей әдебиеті Египет, Месопотамия, Ханаан мен Финикия мәдени дәстүрлерімен байланыса отырып, басқа халықтардың мифологиялық жүйесіне ұқсамайтын иделогияның ерекше бір түрін дүниеге әкелді.

Біз көне шығыстың рухани өмірінде бір құдайға сенушілік, шексіз сенім мен құлшылық етуді көреміз. Бұған мысал ретінде Египеттегі IY Аменхотептің (Эхнатон) діндік реформа­сын келтірсек болады.

Ұлы мәдениеттермен салыстырғанда, дәстүрге айтарлықтай бай емес, жас көне еврей­лік мәдениетте ғана монетеизмге өту үдерісі жүзеге асып, онда ішкі қақтығыстар мен қайшы­лықтар орын алды.

Көне египеттік мәдениеттке қарсы келетін Эхнатонның бастамасы жемісті болғанымен, қысқа уақытқа ғана созылып, күйреуге ұшыраса, керісінше, Дәуіт пен Сүлеймен патшала­рының кезіндегі мемлекеттің өркендеуі, онымен байланысты әскери қауіп, Иосияның рефор­малары сияқты көне еврей тарихының әрбір тұсы монотеистік ұстанымдар негізінде тура әрі нақты қызмет етті. Б.з.д. YI ғ. тәуелсіздіктің жойылуы және оның кесірінен болған саяси-па­триоттық құндылықтардың діндік құндылықтармен ауыстырылуы монетеистік принципті құру бағытында жұмыс істеді. Монетеистік ұстанымдар қиял әлемінің қалыптасуы мен жал­пы әдеби топиканың сипатына әсер етті. Егер Египет, Ассирия, Вавилон, Финикия мен Гре­кия­­дағы құдайлардың өзіндік шығу тегі, өмір тарихы болса, Інжілдегі құдай туралы еш­нәр­се айтылмайды. Яхве құ­дайы­на қатысты тек оның әлем мен адамды жаратқаны туралы белгілі болды. «Сандар кітабында» «Леп» («Дуновение») термині қатты желді білдіреді. Дегенмен бұл жел Яхве құдайының рухы ретінде суреттеледі. Сонымен, Яхведен шыққан жалындаған дүлей жел мен күркіреген күшті дауыс, мұның бәрі нақты бір бейнені құрайды..

Басқа халықтар сияқты көне еврейлердің де ұрпақтан ұрпаққа таралған өлеңдері, дұға­лары мен нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, мысалдары мен жұмбақтары болған. Фольклордан әдебиетке өту әдетте батырлар жыры арқылы жүзеге асады. Көне еврей әдебиетінің тарихы біз үшін б.з.д. ХІІ ғ. әскери эпикалық өлеңнен басталады. Бұл өлеңнің әйелге қатыстылығы оның өте көне архаикалық кезеңге жататындығын айқындайды. Ол әйелдің аты — Девора. Інжілде баяндалған мәтіндер бойынша, ол төреші, яғни тайпа көсемі болған.

Ханаанейлік қолбасшы Сисера оның әскерін талқандағанда Девора Нафтали тайпа­сынан шыққан Барак көсемді көмекке шақырады да, соғыс толыққанды жеңіспен аяқталады. Сисера қашып бара жатқанда оны тағы бір батыл әйел Ианль өлтіреді.

Көне еврейлер жайындағы мистика-ритуалдық сипаттағы Самсон туралы туынды да ерекше көзге түседі. Самсон дүниеге келмей тұрып, құдайдың таңдаулысы болып, оған «назорей» (құдайға арналған өмірдің бір формасы) ретінде қызмет етеді. Ол өзін құдайға берілгендігін көрсету үшін өмірінің соңына дейін жеңіл жүрістен бас тартып, ешқашан шашын алдыртпайды. Бұл ерекшелік оның орынсыз әзілге құмар, дұшпан әйелдерінің алдын­да әлсіз әрі қарапайым батыр болуына кедергі бола алмады. Ол Газа қаласының бір жеңіл жүрісті әйелдің үйінде қонғанда, Газа тұрғындары оған шабуыл жасамақшы болды. Самсон оларды күлкі етіп, Газаның басты қақпасын йығына салып, Хевронға әкетеді. Екінші Далила атты филистимдік қыз Самсонның құпиясын, оның күштілігі құдайға берілгендігімен байла­ныс­ты екенін, ең бастысы, оның шашын кессе, ол күштен айырылатынын біліп қояды да, Самсон ұйықтап жатқанда, оның шашын кесіп алады. Филистемлялықтар оны тұтқынға алып, көзін ойып, оны шынжырлап, ауыр жұмысқа салады. Құлдық кезінде оның шашы өсіп, күш жиналып, назорей атағын қайта қайтарады. Ешнәрседен хабары жоқ дұшпан халқы мейрам кезінде ойын-сауық үшін Самсонды халық ортасына шығарады. Сонда Самсон: «Жаным менің, филистилялық халқымен бірге өл!» деп, тастан жасалған мұнараны өзі мен маңындағы халықтың үстіне төңкереді.

Сәуегейлік (апокалиптика) әдебиет. Пайғамбарлар кітаптары ежелгі еврей әдебие­ті­нің өзіндік ерекше­лік­терге толы ең маңызды жанрының бірі болып саналады. Бұл кітап­тарсыз әдебиеттің бол­мысы мүлдем өзгеше болар еді. Мұндай сәуегейлік кітаптар бізге YIII-YI ғ. тоқырау кезінде еврейлердің рухани өмірінің негізі болған бір ғана қоғамдық ерекшелік болып табылатын пағамбарлық қозғалыстың рухын түсіндіреді. Әр халық өз дамуында шамандық, бақсылық бейнелерді білетін. Мұндай қасиетті бар адамдар Ежелгі Палестинада да болды. Қалыпты адамдар олардан қорқып, кейде тыңдайтын, бірақ мұндай «қасиетті­лер­ді» тіпті сыйлам­айтын.

Шамандық желігудің көне стихиясы біртіндеп мүлдем жаңа оймен сипаттала бастайды. Пайғамбар мұнда зұлым күшке қарсы тұрмайды, керісінше жалғыз мейірімді Яхве құдайына өмірінің соңына дейін тәуелді болады. Яхве үшін ол жердегі күштермен күреске шығып, тіпті Дәуіт патшаның уәзірі ретінде қызмет еткен пайғамбар Натан да патшаға қарсы шығып, патшаның өз беделін жаман істер үшін қолданып жүргеніне қатты ызаланады. Пайғамбар­ларлар өздерінің парызын өтеу үшін әлемде барлығын ұмытуға дайын, олар адамзат баласын тура жолға түсіруді өздерінің парызы деп санайды.

Міне, пайғамбарлар жайындағы әңгімелерден кейін, біз олардың өздерінің дауыс­тарын естиміз: б.з.д. YIII ғ. бері олардың насихаттары жазылып келе жатыр. Амос, Исаия, Иеримия, Иезиккиль сияқты пайғамбарлық қозғалысқа қатысушыларды ежелгі еврей әдебие­тінің негізін қалаушылар ретінде тануымызға болады. Олардың өмір сүрген кезеңінде шығыс Палес­ти­нада жаңа діни-философиялық жүйелер пайда болып, Грекиядағы Гомер мен Гесиод сияқты алғашқы философтар мен лириктердің пайда болу кезеңімен сәйкес келді.

Пайғамбарлардың әр сөзі Яхвенің атынан айтылатын. Пайғамбарлардың құдайы Таяу Шығыстың халқы бұрын-соңды білмеген мүлдем басқа құдай болатын. Ол өзіне құрбандық шалып, сый тарту етуін немесе мейрамдар жасауды талап етпейді. Керісінше, оның елшілері құдайға жақындау үшін құрбан шалып, діни жоралғыларды орындаған адамдарды келеке еткен.

Осылайша, пайғамбарлардың насихаттары — бұл адамдардың рухани, ішкі жандүниесі мен парасаттылығының белгісі. Пайғамбарлық кітаптарды жазушылардың алғашқылары ретінде Иудейдің солтүстігінен шығып, б.з.д. YIII ғ. Израильде көзге түскен Амос малшыны айтуға болады. Ол Израильдің гүлденген кезеңінде өмір сүрді. Бірақ Амостың ойынша мемлекеттің гүлденуі шын мәнінде өтірік пен зұлымдылықтың негізінде қалыптасты.

Амостан кейінгі пайғамбарлар адамдарға Яхвенің опасыздыққа байланысты үкімін түсін­дірген Осия (Хошеа) мен үш «ұлы пайғамбарлардың» бірі Исаия болды. «Исаия пайғам­бардың кітабы» 66 тараудан тұрып, оның тек отыз бесінде ғана шамамен б.з.д. 740 жылы өзінің уағызын айта бастаған Исаия туралы жазылған. Сол кезде оның қоғамы мен айналасы өшпенділік, соғыс пен адамдардың жазықсыз қанына толы еді.

YI немесе Y ғ. «Исаия кітабының» соңғы тарауларын жазған авторды немесе автор­­лар­ды Тритоисаия деп атау қалыптасқан. Гебраист А.Вейзер бұл кітапта түрлі дәуірлерде жа­зыл­­ған тарауларға қарап, оны әр кезеңде түрлі адамдардың қолына алып отыр­ғанын бай­қайды. Иеремия халқы арасында ең мұңды пайғамбар әрі ақын ретінде танылғандықтан, өзі жазбаған жоқтау (кина) үлгілеріндегі Иерусалимнің құлауына арналған «жоқтау өлең­дерін» де оған таңады.

Пайғамбарлардың өздерінің шәкірттері екі ғасырға кеш болса да пайда бола бастады. Олар Исайдың идеялары мен ойларынан тәжіребие алып, кейін олардың насихаттары Исай кітабына енеді. Оның 40-55 бөлімдерінің авторы II Кир кезінде, яғни б.з.д. 6 ғасырда өмір сүрген. Ол ғылымда Дефтероиса деп аталады.

Лирикалық жанрлар. Дәуітттің болашақта құдайға қызмет ететін әншілерден тұратын бірлестік құрғаны туралы көне жазбаларда айтылған. Осы бірлестіктің билігінде үш жоғарғы шебер отырды. Бізге Дәуіт кезеңіндегі жоғарғы шеберлердің бірі Этане туралы, оның жергі­лік­ті адам, яғни Палестина елінде туылған ханаандық екені белгілі болды. Сол кезде Ханаа­ней-финикийлік аймақ музыка жанры жақсы дамыған аймақ болатын.

Жоғарыда келтірілген діни жырдың өзіне тән «Яхвенің алдында мұңын шертушінің дұғасы» деген аты бар. Осыдан басқа да бірқатар діни жырларды осы тәрізді атауға болады. Мұндай дұғаларды айтуда Таяу Шығыстың зор ықпалы болды, алайда ежелгі еврей діни лирикасында адам қасіретін жеткізудің ерекше, нақты деңгейін көре аламыз.

«Мадақтар кітабының» тағы бір ерекшелігі — ондағы эпитамалар (некелесушілерді құт­тық­­тайтын өлеңдер, 106; 46-псаломдар). Бұлар тақырыбы жағынан «өлеңдердің өлеңіне» жақын. Адамның ұлы жаратылыс екендігі жайлы айтылатын сегізінші діни жыр секілді басқа да кейбір жырлар философиялық-медитативті тұрғыда болды.

Діни жырлардағы келесі тақырып ешнәрсенің себепсіз жаратылмағанын, жануар, өсімдікке дейін өз жүйесімен тіршілік ететінін (104-псалом) көрсететін ғарыштық, әлемдік құры­­лысқа байланысты. Христиан елдерінің діни уағыз тілінен ұлттық тірі тілдерге көшу процесіндегі діни жырларға айтарлықтай еліктеу болып, ол жаңа шығармаларға негіз бола бастады.

Дәстүрге сай «Өлеңдердің өлеңі» атты лирикалық туындының авторы Сүлеймен  патша делінеді. Өйткені ол халық арасында өте данышпан, парасатты адам болып, дәл соның кезінде сарай маңында поэзия, махаббат лирикасы жақсы дамиды. Сол замандарда Ніл жағасында ер жігіт­тер мен қыздар өзара «аға», «қарындас» дейтін. Бірақ бұл салт еврейлер арасында түсініс­пеушілік тудырғандықтан, өлеңдерде «қарындасым, қалыңдығым» деген түсіндір­мелер қосу­ға тура келді.

«Өлеңдердің өлеңі» деген туындының негізгі кейіпкерлері – ер жігіт мен бойжеткен қыз. Бойжеткен қыз көбіне қой бағушы ретінде сипатталса, ал жігіт кей жерде қойшы, кей жерде патша деп көрсетіледі. Жалпы Таяу Шығыстың салты, аңыз-әңгімелері бойынша үй­лен­гендерді патшалармен салыстырады. Ал Сирияда жас жұбайлардың некелескен алғаш­қы аптасын патшалық деп атайтын көрінеді. Себебі оларды туған-туыстары, жақын­дары патша­дай күтіп, сыйлайды, қалыңдық пен күйеудің киімдерінің сұлулығын мадақтап, өлең айтып, ән салатын болған.

Сонымен, ғалымдар «Өлеңдердің өлеңін» драмамен шектесіп жатыр деп баға береді. Бұл жинақ негізгі үш оқиғадан тұрады. Бірінші оқиғада бас кейіпкер бойжеткен қыздың махаббаттан алатын ләззат сезімі мен оған деген үрей сезімі арасындағы қайшылықтар туралы айтылады. Екінші оқиға күйеу жігітті ең әдемі сөздермен мақтаудан басталады. Шығыстың ең жақсы салттарында ол – бейне бір патша Сүлеймен, ал қыз – әлемдегі ең пәк, сұлу қыз. Оны бейнелеуде жабық құдық, адам баспаған бұлақ, кіруге болмайтын бау-бақша сияқты аллегориялар қолданылған. Алайда қыз арманына жете алмай, ғашығын іздеуге қайта шығады. Ол қайтадан түнгі қарауылдардан сұрастырғанда, олар қызды жыққыға алады. Барлық қиындықтарға қарамастан ғашықтар бірін-бірі тауып, жазық далаға аттанады. Қыз қайтадан қылығымен көріне бастап, махаббат оты жалындай түседі.

Бұл жырдың сөздеріне қарай отырып, арада өткен мыңжылдықтар сезілмейді де. Оның себебі ақынның шеберлігі мен тақырыптың тозбастығында болуы мүмкін. Бірақ қазіргі оқырманға жырдың поэтикасын терең түсіну қиынға соғады.

«Жинақтардың жинағы» деген туындының мазмұны жағынанТаяу Шығыс елдеріне өте жақын. Онда хахам данышпандарының ақыл-кеңестері, адамның өмір сүру қағидалары мен күнделікті өмірде өзін қалай ұстау керек, «патшаның алдында сақ бол», «нашар әйелдердің алдында қаражатыңа сақ бол», т.с.с. ойлар қозғалады. Олар дүниедегі жалпы мәселелерді үшке бөліп қарастырған: Құдай алдындағы тақуалық, адамдармен қарым-қатынас және өзіңді түсіну. Осылайша «Иоһва кітабында» осыған байланысты басқа да дау тудыратындай афоризмдер, терең ойлар мен сарказм, діндар «даналыққа» қарсы пікірлер, жалған дүниеде қарапайым өмір сүрудің кілті келтіріледі.

.

Иов (Ийов) – Таяу Шығыс елдеріндегі танымал кейіпкер. Өз заманында Иезекил үш ең тақуа адамдардың атауы керек болғанда, ол Нұхты, Даниил және Иовты атаған. Ол нағыз үлгі тұтарлық, ақыл-парасаты мен адамгершілігі кемеліне жеткендер қатарынан еді. «Иов кітабы» осылай оны бейнелеуден басталады. Әдеттегідей ол өте бай, ауқатты, өзін күнәдан алыс ұстап, арын таза сақтаған адам болған. Бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, Құдайдың өзі оны сынаққа алып, шайтанды жібереді-міс. Көптеген баяндаулар бойынша, шайтан — Яхвенің дұшпаны емес, бірақ адамдардың қас жауы. Ол — өте ақылды әрі қу. Ол Яхвеге Иовтың тек мал-дәулеті толып тұрғандығынан ғана тақуа болып жүр дегенді дәлел­дегісі келеді.

Тақуалық, адамгершілік шынайы ма, Иов соңына дейін Яхвеге берілген бе, жоқ па? Нәтижесінде, Яхве сүйікті құлын сынау үшін оған төрт үлкен апат жібергенде де, Иов байлықтан айырылғанына қарамастан, тақуалығының шыңына жетіп, өз мұңын сабырмен жеңеді делінген.

Жалпы, б.з.д. І ғ. мен б.з. ІІ ғ. драмалық кезеңінде ақырзамандық әдебиет жалпыға мәлім бола бастайды. Бұл әдебиет халықты қайғылы уақытта қолдап, ұлы жеңіске қол жеткізуде септігін тигізіп, сонымен қатар халықтың білімге деген құмарлығын қанағат­тан­дырып, астро­номиялық және физикалық энциклопедиялар ұсынады. Дәл сәуегейлік әдебиет арқылы Таяу Шығыстағы әлем бейнесі христиандық апокрифтерге ене бастайды. Сәуегейлік шығар­малардың ең басты тақырыбы қазіргі заманның құпиялары емес, болашақтың құпиясы еді. Сәуегейліктің жарқын нұсқалары 1947 жылы Өлі теңіз маңындағы үңгірден табылған.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.