Ежелгі Грек әдебиеті

Главная » Рефераттар » Ежелгі Грек әдебиеті

Евро-афро-азиялық аймақтың Балқан және аралдық бөлігінің ежелгі әлемге өтуі тарих сахнада көне ахейлік гректердің мәдениетін жоққа шығарған жаңа халық — дорийлік гректер келді. Алайда ахейліктердің әлемі жаңа халықтың өміріне өз әсерін тигізбей қоймады. Сол кезең­де орын алған тарихи жағдаяттардың көпшілігі аңыздардың, тарихи жазбалардың құра­мы­на енеді және жаңа халықтардың әлемге деген көзқарасын анықтады. Міне, осы күрделі үдерісте грек әдебиеті қалыптасты.

Ежелгі грек әдебиетінің дамуының елеулі кезеңдерін, әдетте, ірі үш: ерте – архаикалық, орта – классикалық, кейінгі – эллиндік деп бөліп қарастырады. Бірінші кезең – рулық-тайпа­лық көне дәуірден б.з.д. YIII ғ дейінгі әдебиет. Оған архаи­ка­лық туындылар мен қаһарман­дық эпостар жатады. Сол секілді осы кезең еншісіне Гомер эпостары да кіреді. Екінші кезең – полистер /б.з.д. YI-YII ғ./ тұсындағы әдебиет. Лирика мен драма дамы­ған. Архилох, Анак­реон, Сапфо, Пиндар, Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофан, Гера­дот, Фукидид, Ксено­фонт, Исократ, Демосфен, Сократ, Платон, Аристотельдердің кезеңдері. Үшіншіге — жаңа аттикалық комедиялар, александриялық поэзия, эллиндік проза кезеңдері кіреді.

Грек және рим әдебиеттері қалыптасып, өркендеген кезеңді антикалық дәуір кезеңі деп те атайды. Қайта өрлеу дәуірінде дүниеге келген, бұл терминді италиялық ойшыл-гуманис­тері грек-рим елдеріне байланысты қолданған. Бұл атау «ежелгі» мағынасын беретін «атик­вус» деген латын сөзінен шыққан. Антикалық әдебиеттің негізін қалаушылар өздерін «эллин­дер», ал елдерін Эллада атаған.

.

Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» поэмалары ежелгі грек халықтары тұрмысынан мағлұ­­мат беретін құнды еңбектер саналады. Антикалық дәуір ұстазы саналатын Гомер шама­мен б.з.д. YII ғ. өмір сүрген. Жеке тұлғалық мәдениеттің нормаларына бағытталғаны­мен де Гомер дәуірі ерекше. Ақын кейіпкерлерінің мінез-құлқы, тәртібі күрт жекеленген, не­гіз­гі құндылығы жауынгерлік айбын («арете»), ал оған қол жеткізу «ержүректік кодекс­пен» өлше­неді. Даңққа қол жеткізгеннен кейін, қоғамдағы алатын орны мен байлығын ұлықтау баста­ла­ды. Ержүрек жауынгердің кері шегінуін кінәлайтын халықтың әсерінен «ұят мәдениеті» пайда болған. Ол қоғамдық бақылаудың негізгі түрі болып есептелінеді.

Гомер дастандарының құдіреттілігі осы бір ұлы адамның дәуір тынысын терең сезінгенінде болса керек. Оның эпостары халық аңыздарының негізінде жүйелі түрде баяндалады.

Архаикалық кезеңде әдебиет саласында бұдан басқа бірқатар тамаша туындылар өмірге келді. Солардың ішінде шоқтығы биігі — ақын Гесиод болды. Ол жазған «Теогония» (Құдай­лар­дың шығу тегі жөнінде) және автордың өзінің өмір жолына арналған «Еңбектер мен күндер» атты дастаны гректердің көңілінен шықгы. Әдебиет саласында басты орынға шық­қан лирикалық поэзияның өкілдері адамның ішкі жан-дүниесін жырлауға ерекше назар аудар­ды. Бұл жаңа жанрдың көрнекті өкілдері Архилох (б.з.д. YII ғ.), Алкси (б.з.д. YII ғ. аяғы мен Y ғ. 1 жартысы), Анакреон (б.з.д. 570-478 ж.) және тағы басқалар болды.

Архаикалық дәуірде әдебиет саласында басында лирикалық жанр үстемдік етсе, кейін­нен трагедия мен комедия жанрлары басты орынға шықты. Дәл мағынасында «траге­дия» деген сөз — «ешкілер әні» деген ұғым береді. Ол ешкі терісін жамылып, әзіл-оспақ сарынында хормен өлең айтудан шыққан Афиныда Дионис құдайдың құрметіне байланысты жалпы мемле­кеттік мейрамның бекітілуі трагедияның мерейін жоғарылата түскен. Мифологиялық кейіп­керлерге толы грек трагедияларының басты мазмұны — халықтың өз теңдігі мен әлеу­меттік әділет жолындағы қаһармандық күресінің сан саласына арналған. Традегия жанрының гүлденуі Эсхил, Софокл, Ефрипид сияқты үш ұлы драматургтың есімімен тығыз байланысты болды.

Гомер (б.з.д. XI-YIII ғ.). Гомер — Ежелгі Грекияның аты аңызға айналған ақыны. Көне деректерде кезбе, соқыр жыраудың тарихи, нақты шынайы болмысы ойдан шығарылған, фантастикалық бейнемен ұласып кеткен де, соның салдарынан Гомер туралы анық мәлімет көмескіленіп, бізге жұмбақ күйде жеткен. Гомердің Отаны атануға «жеті қала» (Смирин, Хиос, Колффон, Саламин, Ролос, Аргос, Афины) таласқан. Қазіргі Хиос қаласында Гомердің отырған тасы сақталған.

Ерте заманда эпостық жырлардың көпшілігін Гомердікі деп келген. Кейінірек ежелгі дәу­ір сыншылары сапасына карай сараптай зерттеп, зерделей отырып «Илиада» мен «Одиссея» деген атақты екі эпостық дастандарды, сондай-ақ бірнеше шағын шығармаларды («Гомердің ел ұраны», «Моргит» комедиялық поэмасы және т.б.) Гомердің өзінің төл туындысы, өзі шығарған, ел аузында ерекше сақталған атақты шығармалары, эпостары деп танып, өзіндік баға беріп, ара жігін ажыратқан. Сол ерте кездің өзінде бұл екі поэманың («Илиада» мен «Одиссея») бір адамның, яғни жалғыз ғана Гомердің қаламынан туған шығарма екеніне күдік келтірушілер, өзіндік теріс пікірлерін айтушылар да болған. Бірақ сол тұста Аристархтың /б.з.д. ІІ-І ғ. Александрия ғалымы/ «Гомер «Илиаданы» жас шағында, ал «Одиссеяны» қартайған шағында өз қаламынан тудырып, жазып шыққан шығармасы» деген тұжырымды сөзі барлығын жеңіп шыққан.

Бұл екі дастан төңірегінде онан бергі кезеңдерде де қарама-қайшы пікірлер болған. Француз ғалымы Обиньяк, неміс ғалымдары Ф.А.Вольф (1759-1824) және К.Лакман бұл екі шығарманың бір ақын жазған шығарма, тұтас дүниелер екеніне өзіндік көзқарастары тұрғы­сынан шүбә келтіріп, жазуы жоқ адамдар хат танымайтын заманда осыншалықты тарих пен тағылымға құрылған, сюжеті ұзақ дастандар мен жырлардың өмірге келуі мүмкін емес жағдай деп топшылау жасайды. Гомердің аталған туындыларын жоққа шығарып, шүбә кел­тір­ген адамдарга қарсы жауап ретінде ғылыми дұрыс тұрғыда пікір айтқан Ф.Шиллер, В.Гете, Г.Гегель, В. Нич тәрізді ақындар мен философтарды атап өтуімізге болады.

«Илиада» поэмасының оқиғасы[1] Троялық соғыстың 10-шы жылында көрініс табады, бірақ дастанда соғыстың себебі туралы да, басталуы жайында да айтылмайды. Бұл бөлімдегі басты тұлғалар оқырманға таныс болып келеді. Бұл дастанның мазмұны гректік және троя­лық батырлардың бейнесі жинақтала көрініс тапқан бір ғана бөлімнен тұрады. «Илиада» дас­та­ны антикалық ғалымдар грек алфавитінің саны бойынша 24 кітапқа бөлген 15700 өлеңнен тұрады.

«Одиссея» — «Илиаданың» занды жалғасы болып табылады. Бұл дастанның мазмұны Трояның құлаған 10-шы жылымен байланысты болып келеді. «Илиада» дастанында көрі­ніс табатын тұлғалар «Одиссеяның» да сюжетіне кіргізілген. «Одиссеяны» да антикалық ғалым­дар 24 кітапқа бөлген.

Батырлық эпостың басты ерекшелігі – оның сол кездегі әлеуметтік қатынастарымен бірлескен қандай да бір көне замандағы тарихи жағдайға байланыстылығында еді. Гомерлік поэмалар үшін мұндай тарихи оқиға Троя соғысы, Микен жайлы естеліктер болып табылады. Олардың қатарына, мысалы; кейіпкерлердің мыстан жасалған қару-жарақтарының сипатта­ма­сы, көркем жиһаздар, ыдыстар мен ер тоқымдар, әскери ат арбалардың қолданы­луының өзі де жатады. Агамемнонның гректердің арасындағы беделі, микен дәуіріндегі орталық­тан­ған биліктің болғанын білдіреді, ал кемелер каталогындағы 164 географиялық атаулардың іші­нен шамамен тоқсаны мекендік Грекияда болған қалалар мен мекендердің атауына сәйкес келеді. Б.з.д II ғасырда гомерлік эпостар мен таяу шығыстық фольклордағы мотивтердің ұқсас­­тық­тары байқалады. Мысалы Ахилл мен Патрокл арасындағы қарым-қатынас аккад  бянда­маларында сөз етілген, Гильгамеш пен Эндиктің достығына ұқсас келеді. Одиссей сапары жайлы әңгімелерінің прототипін ежелгі египеттік «Кеме апатын бастан кешіргендер» атты әңгімеден табуға болады.

Сонымен қатар автор ежелгі ауыздан-ауызға тараған әңгімелерді өңдеген кезде бұрын­ғы батырлық эпостарға тән қиял-ғажайып белгілерді алып тастауға талпынғаны байқа­лады. Нәрес­тенің ғажайып жағдайда туылғаны, ғажайып балалық шағы, кішкентайынан үлкен күшке ие болатындығы, сиқырлы жануарлардың, әсіресе атының көмегі сияқты ғажайып оқи­ға­лар гомерлік поэмада мүлдем кездеспейді деуге болады. Ал киім үлгілері мен шаш үлгі­сінің сипаттамасы кейіпкерлердің қалай қаруланғанының, мәйіттерді өртеу рәсімінің және осы сияқты басқа да әрекеттердің сипаттамасы микендік мәдениетке емес, YIII ғасыр­дағы Иондық мәдениетке, яғни Троя соғысының төрт-бес жүзжылдықпен алшақтанған дәуірге тән. Негізгісі поэмадағы сол дәуірге тән әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәлі­мет­тер, ең бастысы кейбір тайпалық бірлестіктердің басшылықта орын алуы мен аристократ­тардың болуы жайлы  мағлұматтар да жатады. Ең жақсы  да шұрайлы  жерлер, көптеген  мал үйірлері мен таңдаулы жайылымдар әйгілі көсемдердің еншісіне тиетін еді. Қолға түскен  байлықтарды бөліскен кезде олар өздеріне ең жақсысын таңдап алған.

Атақты патшалар мен көсемдер екі поэманың да басты кейіпкерлері мен  сол дәуірдің идеал бейнесін алғандықтан, буржуазиялық әдебиеттануда «аристократизм» туралы көзқа­растар таралған. Зерттеушілердің ішінде бүкіл гомерлік эпосты «ойын-сауықтық» поэзия деп тапқандар да кездеседі.

Басқа эпикалық көсемдер тәрізді Гектор да батырлық абырой кодексіне адал. Ахиллмен шайқастан бас тарту немесе ауытқу туралы ойламайды. Бірақ оның ахейлік батырлардан айыр­­ма­шылығы – ол  елін  қорғау үшін күресті басқарып, троялық әйелдер мен балаларды қор­­ғай­ды. Трояның құлайтынын біле тұра, Гектордың елі үшін қасық қаны қалғанша күресуге дайын болуы, оның тұлғасына шынымен – ақ траге­диялық айбындылық береді.

Батырлық «этиканың» белгілері «Одиссейде» айқынырақ білінеді. Бұл поэманың да басты кейіпкері ахейлік тайпаның жоғары әулетіне жатса, ақылы мен ептілігі арқасында атағы шыққан Одиссей үшін Ахилл мен Гектордың мінезінде кездеспейтін, икемділік, айла­керлік, барлық жерде мұқияттылық, тұйықтылық және тікелей қылымсулық тура қайсар­лықпен ержүректілікке қарағанда құндырақ қасиеттер болып табылады. Поэмада Пенелопа құда түсуге келеген күйеу жігіттер жағымсыз жағынан көрсетіледі. Олар озбыр жолмен Одиссейдің үйін ойсыратады. Телемахтың олардың  озбырлығын халықтық жиналыс арқылы басу талпынысы ешқандай нәтижеге алып келмейді. Міне, ақсүйек жастардың осындай қылығы тайпалық институттардың қандай дәрежеге жеткенін көрсетеді. «Илиадаға» қара­ғанда «Одиссеяда» құлдық еңбек туралы көбірек сөз етіледі. Бірақ ол заманда құлдық патриархалдық сипатта болады да, үй ішіндегі қызметпен шектеледі.

Гомерліктердің дүниетанымына «құдайлар — адамдарды өнегелікке қарсы күнәлары үшін соттай алатын және жазалай алатын жоғарғы күш» деген ойлар тән. Гомерлік құдайлар адам­дардан тек мәңгі өмірімен және күшімен ерекше, өз араларындағы қарым-қатынасы мен адам­дарға деген қатынасында әділеттілік емес, жеке көзқарастары мен керісін­ше жақсы көр­меулері жетекшілік етеді. Адамдардың тыңдамаушылығына деген құдайдың ашу-ызасы қауіпті, бірақ негізінен адамдардың жердегі өмірінің өлшемі оның істеріне емес, тағдырына  байланысты. Тек «Одиссеяның» соңында ғана діни-этикалық мәселенің пайда болғаны бай­қа­­лады. Құдайлар Одиссейдің жолдастарының немесе Пенело­па­ның күйеу жігіттерінің тағ­дырына араласпаса да, оларды масқара, арсыз әрекеттерден сақтандыруға тырысады. Ал күйеу жігіттер­дің өлімі ежелгі қонақжайлылық заңдарды бұзғандары үшін, Одиссейдің үйін қорлағаны үшін тартқан жазалары деп есептелінеді.

Жеке тұлғалардың мүмкіндіктерін сезіну эпостық образдарды құрудың негізі болды. Образдардың әрқайсысының жеке белгілері бар: барлық көсемдерді парыз сезімі, батыл­дылық, қажымас қайсарлық сипаттайды, Ахиллге қажырлылық, туралылық және адалдылық, Агамем­нон­ға атаққұмарлық, менмендік, мақтаншақтық, Одиссейге шешім қабылдаудағы асық­­пау­шылық, сақтық пен айлакерлік тән. Екі гомерлік ақсақалдың ішінде Троя патшасы  Приамның тағдырына шыншыл жанашырлық көрсетілсе, ал ахейлік Нестордың көпсөзді наси­хаттары мен кеңестеріне деген жеңіл ирония байқалады. Гомерлік поэмаларда көптеген әйел образдары суреттелген. Гекторға шын жүрекпен адал Андромаха, балаларын бірінен соң бірін жоғалтқан Гекуба, жоғалып кеткен жарын адал күтіп отырған Пенелопа және Одиссей сияқты адамға тұрмысқа шығуды армандайтын жас ханшайым Навсикая. Бұл кейіп­керлердің барлығы тек айрықша тағдырмен ғана емес, белгілі бір жан қасиеттерімен, мінез-құлықтарымен ерекшеленеді.

«Илиадада» тек қана әскери өмірді сипаттаса, «Одиссейде» бейбіт тұрмыстың да кел­беті бар. Автор Одиссейдің басынан өткен таңғажайып оқиғалармен қатар, оның Отанына де­ген сағынышын, жолдастарынан айырылған кездегі сағынышын, басқа да сезімдерін сипат­тап кетеді. Одиссейдің батырлығы, айлакерлігі, Отанына оралуға деген құлшынысын тіпті жебеу­шісі Афинаны да таңдай қақтырады.

Ежелгі гректерге «Илиада» мен «Одиссея» тек сүйікті жыр ғана емес, тәрбиелік мәні бар жалпыгректік мәдени туынды еді.

Аңыз айтушы ақынды (ежелгі гректерде ол аэд, кейін рапсод деп атаған) тойларда ұзақ, түрлі оқиғалармен әбден сіңген поэманың белгілі бір бөлі­гін (жырлар) ән салып айтуды сұрайтынын елестетуге болады. Егер тойлаушылар ежелгі Троя түбіндегі ерлік істер туралы естігілері келсе, ақын-жыршы кифара­ның дыбыстарының сүйемелдеуімен керемет «мықты дуалданған» Троя (Илион) орналасқан Кіші Азия жағалауына Грекиядан «қара қабырғалы кемелерде» жүзіп келген «сары сауыт киген жауынгер» ахейліктер (гректер) мен туған қаласының қорғаушылары батыл троялық жауынгерлер арасында туындаған Троя соғысы  туралы өлеңді айтқан.

Трояны алу кезіндегі қанды оқиғалар туралы римдік ақын Вергилийдің б.з.д. I ғ. жазыл­ған «Энеида» поэмасында да баяндалады. Бұл поэманың  батыры талқандалған және жа­нып жатқан қаладан қашып кете алған троялық Эней болды. Вергилий сөзсіз Илионның (Троя) күйзелісі туралы поэманы білді, себебі ол Демодоктың «Одиссеядағы» әңгімесінде кездес­пейтін нәрселерді еске алады.

Эсхил (б.з.д. Y ғ.). Эвфорионның баласы Эсхил б.з.д. 525 жылдар шамасында Афины маңындағы Элевсин деген жерде дүниеге келген. Ол — Марафон, Саламин, Платея шайқаста­рына қатысқан жауынгер.

Эсхил гректің ең алғашқы әрі ұлы трагик-ақыны саналады. Оған дейін трагедияда дра­ма­лық элементтер өте аз болды. Барлық рөлдерді бір ғана актердің ойнауы шығармадағы іс-әрекеттің айқын жеткізілуіне кедергі келтірді. Нағыз драмалық тартысты тудыру үшін екінші әрекет істеушіні шығармаға енгізу қажеттілігі туды. Бұл өзгерісті әлем әдебиетінде алғаш рет «Трагедия атасы» атанған Эсхил дүниеге әкелді.

Эсхил ерте кезден-ақ драмалық шығармалар жазған, оның 90 пьесасы белгілі болған. Оның 70-і трагедия, ал 20-ы сатиралық драма. Бірақ бұл шығармалар бізге толығымен жет­кен жоқ. Эсхил өзінің талантын шыңдау үшін драмалық жарыстарға қатысуды жақсы көр­ген. Б.з.д. 484 жылдан бастап ол 13 рет, кейбір деректерде 28 рет жеңімпаз атанған. Шы­ғар­ма­­­­­шылық өмірінің орта шеніне қарай атағы елге жайылған. Оның «Орестея» тетралогиясы табысты сахналанғаннан кейін б.з.д. 458 жылы Эсхил Сицилияға көшеді. Б.з.д. 456 жылы сондағы Геле қаласында дүние салған, сонда жерленген.

Эсхилдің 7 трагедия мен 400-ге тарта үзінділер ғана бізге жетті. Сол 7 шығарманың үшеуі­­нің ғана хронологиялық уақыты белгілі: «Парсылар» — 472 ж., «Фивке қарсы жетеу» мен «Орестея» — 467 ж., «Агамемнон», «Хоэфорлар», «Эвменидтер» — 458 ж. қойылды. «Пар­сы­­лар­дан» басқаларының барлығы мифтік негізге құрылған.

.

«Өтінушілер» трагедиясы — тетралогияның бірінші бөлігі. Шығарма  сюжеті «Данайдың елу қызы» деген мифтен алынған. Ол қыздар өздерінің жақын ағаларынан қашады. Себебі Данайдың Эгипт деген ағасының елу ұлы оларға үйленбекші болады. Сұмдыққа шыдамаған қыздар қашып шығып, Аргос деген жерден көмек сұрайды. Сол елдің патшасы Пеласт қыз­дарға ең алдымен халықпен кездесуді ұсынады, егер халық келісімін берсе, өз қол  астына алатындығын айтады. Халықтың келіскені сол-ақ екен, теңізде бірнеше кемемен Эгипт ұлда­ры келе жатқаны туралы хабар жетеді. Бұл хабар данайлық қыздардың үрейін ұшырады. Сол кезде Пеласт патша қыздарды өзі қорғайтындығы туралы қуанышты хабар айтады. Келесі оқи­ға тетрологияның екінші бөлігіне «египеттіктер» трагедиясына негіз болады. Бірақ өкі­ніш­ке орай, бұл шығарма бізге жетпеген. Мұнда Эгипт ұлдары зорлықпен данайлық қыздар­ға үйленеді. Данайлықтар болса кек алу үшін, некелесу түнінде күйеулерін өлтіреді. Тек жалғыз ғана Гиперместра оған бармайды. Гиперместраны сот алдында айыптау «Данайлық­тар» атты үшінші бөлімнің оқиғасы болады. Оны жақтаушы ретінде Афродита келіп, барлық елге «әйелдер өз күйеулерін өлтірсе, адам баласы ұрпақсыз қалатындығын» айтады. Сөйтіп, Гиперместра Аргоста патша әулетінің ұрпағын жалғастыру-шы ретінде қалады.

«Фивке қарсы жетеу» трагедиясы тетралогияда 3 орын алады. Оның сюжеті Эдип мифі­нен алынған. Бұл трагедия мыналар: «Аолий», «Эдип» және «Фивке қарсы жетеу» және соң­ғы­сы «Сфинкс» сатиралық драмасы.

Фив патшасы өз ұлының қолынан өлетіндігі туралы естіген соң, кішкентай Эдипті өлті­ру­ге бұйрық береді. Бірақ оның бұйрығы орындалмайды. Біреулер Эдипті жасырын Коринф патшасына әкеліп береді. Ол осы патшалықга тәрбиеленіп, патшаның туған ұлы болып кете­ді. Кейін Эдипке болашағы туралы «әкеңді өлтіріп, анаңмен үйленесің» деген болжам айты­лады. Одан қорыққан Эдип Коринфтен қашып кетеді. Жолда ол Лайды өлтіріп, аз уақыттан соң Фивке жетеді де, қаланы Сфинкстен құтқарады. Осы ерлігі үшін ол патша болып, Лай­дың жесірі Иокастаны әйел етіп алады. Көп ұзамай Эдип Лайдың өз әкесі болғандығын, Иокас­та­ның шешесі екендігін біледі. Бұл масқараға шыдамаған Иокаста асылып өледі де, Эдип өз көзін өзі ағызып жібереді. Содан кейін бауырлары Этеокл мен Полиниктің мазағына шыдамай, патшалықтан кетеді. Әкесінің өлімінен кейін Этеокл билікті өз қолына алып, ағасын қуып жібереді. Полиник қуғында жүрген кезінде алты жолдас тауып, олармен бірге туған қаласына қарсы аттанады. Трагедия  («Фивке қарсы жетеу») прологтан басталады, онда Этеоклдың қаланың қорғанысын ұйымдастыруы суреттеледі. Этеокл тыңшылар жіберу арқы­лы жаудың жеті қақпаға бөлініп келе жатқандығын біледі. Олардың басшыларының сипатына қарай өз әскерінен сәйкес қолбасшыны шығарып отырады. Ал жетінші қақпаға ағасы Полиник келе жатқанын білген ол, оған қарсы өзі аттанады. Хор құрамындағы әйелдер оны тоқтатқысы келгенмен, Этеокл шешімін өзгертпейді, сөйтіп ағасына қарсы аттанады. Хор Эдип үйінің бақытсыздығын жырлайды. Сол кезде хабаршы келіп екеуінің де өлгендігін хабарлайды. Қала ақсақалдарының кеңесі Этеоклдің сүйегін сән-салтанатпен жерлеу керек­тігін айтады, ал Полиник өз еліне қарсы қару көтергендіктен жерленбейді деп шешеді. Ал Антигона өз ағасының сүйегін өзі жерлейтіндігін мәлімдейді. Хор екі­ге бөлінеді: бір жарты­сы Исмена мен Этеоклді жерлеуге, екінші жартысы Антигонамен Полиникті жер­леуге атта­на­ды. Антигона мен Исмена Эдиптің қыздары еді.

Эсхилдің көпке белгілі — «Бұғаудағы Прометей» трагедиясы. Бұл трагедия «Прометейді босату» және «От тасушы Прометей» трагедияларымен бірігіп, тетралогия құрайды. Ғалым­дар тетралогияның бірінші бөлімі деп «От тасушы Прометейді» атайды. Себебі бұнда Проме­тей елге от әкеліп, үлкен көмек етеді. Бірақ бұл бөлімде Прометейдің елге жасаған еңбекте­рі­нің бәрі ескеріліп, оған Аттикада ескерткіш қойылғандығы жырла­на­ды. Сондықтан ол тетро­ло­гия­ның соңы саналады.

Эсхилдің драма жанрына жаңалық енгізуі грек әдебиеті үшін мәңгілік мақтаныш. Ұлы трагик грек әдебиетіне ғана емес, рим әдебиетіне де үлкен әсер етті. Оның шығармаларын Эний, Акций, Сенека жинақтап, талдаумен айналысты. Оны Кальдерон, Мильтон, Вольтер, Гете, Шиллер, Шелли, Байрон сияқты әлем әдебиеті үздіктерінің шығармаларынан байқауға болады.

Софокл (б.з.д. Y ғ.). Грекияның ұлы ақыны Софокл б.з.д. 496 жылы Афиныда дүниеге келіп, б.з.д. 406 жылы қайтыс болған. Белгілі адамның отбасында дүниеге келіп, жақсы тәр­бие алған Софокл, бала кезінен грек поэзиясын жаттап өседі. Ол Гомерден бастап, Эсхилге дейінгі грек поэзиясын сүйіп оқиды. Софокл 16 жасында грек жерінде болған Саламин шайқасында жеңісті дәріптейтін жастардың хорын ұйымдастырады. Ол өзінің музыкаға де­ген ынтасымен де ерекшеленеді. Софокл өз трагедияларының әуенін сомдайды. Осындай талант­тың иесі болған Софокл еңбексүйгіштік қасиетімен де ерекшеленген. Ол өз заманы­ның ұлы ақыны ғана болып қоймай, сонымен бірге мемлекеттік қызметтер де атқарған.

Деректерге сүйенсек Софоклдың 123 шығармасы бар делінеді. Бізге жеткені — 7. Олар: «Аякс», «Трахинянки», «Антигона», «Эдип патша», «Электра», «Филоктет», «Эдип Колон­да» трагедиялары. Бұл трагедиялардың дәл қай уақытта жазылғаны белгісіз.

Софокл трагедияларында өзі өмір сүрген заманының проблемаларын басты мәселе етіп қояды. Олар адамдардың дінге және құдайға деген көзқарасы, заң туралы, жеке адамдардың кызығушылықтары, адамдардың және құдайлардың еркіндігі, мейірімділік пен ар мәселесі т.б. Софоклдың ойынша, адам өзін ертеңгі күні не күтіп тұрғанын болжауы мүмкін емес. Ол тек қана жаратушы құдайдың қолындағы іс дейді.

Дарынды ақын — артына осындай ұлы мұралар қалдырған тұлға. Б.з.д. ІҮ ғасырда Софоклдың трагедиялары Дионисийдің репертуарына енген. Афины театрында Софоклдың құрметіне ескерткіш орнатылған.

Еврипид (б.з.д. 484-406 ж.). Еврипид – атақты көне грек драматургы. Ол драматургия­ның трагедия жанрын қалыптастырған үш драматургтың бірі болып табылады. Эсхил траге­дияға екінші кейіпкері енгізсе, Софокл диалогтардың көлемін үлкейтіп, үшінші кейіпкерді ен­гіз­ді. Ал Еврипид болса, трагедияның қарама-қайшылық туғызған мәселелерін және кейіп­кер­лердің мінез-құлқын толығымен қарастырды.

Еврипидтің жаңалықтары (реалистік ойлар) көрермендерге түсініксіз болып қалатын. Б.з.д. 405 ж., Еврипид дүниеден өткеннен кейін Афиныда Аристофанның Еврипид шығарма­ла­ры­ның идеялық негізін және бейнелеу құралдарын қатты сынға алған «Бақалар» атты коме­дия­сы елге әйгілі бола бастайды. Аристофан Еврипид драматургиясы мен Эсхил шығар­ма­ларын салыстыра отырып: «Егер Эсхил трагедиялары адамдарды тәрбиелесе, Еврипид шығармалары оларды «бұза­ды»« дейді. Еврипид көзі тірісінде атақты шығармалары толы­ғы­мен драматургиялық қағидаларға сай болған. Софокл мен Эсхилдің танымалдылығымен қатар тұра алмайды. Көпшілік Еврипид шығармашылығын ол дүниеден өткеннен кейін ғана шыңдап бағалай бастайды. Б.з.д. Ү ғасырда Рим Империясы құлағанға дейін Еврипид анти­ка­лық дәуірдің ең атақты және танымал драматургы болып саналады. Оның шығармалары антикалық тұрмыс комедияларының қалыпта­суы­на, Рим трагедияларының құрылымына ора­сан зор ықпал етті.

Еврипид 18 жасынан бастап трагедиялар жазумен айналыса бастады деген деректер бар. Еврипидтің өзі сахнада ойын көрсетпеген және шығармала­ры­на әуенді арнайы музыкант­тар­ға тапсырысқа беріп отырған. Еврипидтің 17 трагедиясы жеткен.

Еврипидтің сақталған барлық пьесалары көне Эллада өмірінің барлық аспектілеріне үлкен әсерін тигізген Афины мен Спарта арасындағы Пелопенес соғысы (б.з.д. 431-404 ж.) кезінде жазылған. Еврипид шығармаларының бірінші ерекшелігі — сол заман қажеттілігі: ерлік-батырлық сарыны. Спартаға деген дұшпандық қарым-қатынас, антикалық құлие­лену­шілік демократияның дағдарысы, материалдық философияның карқынды дамуымен бай­ла­нысты діни сананың бірінші дағдарысы және т.б. Сонымен қатар, әсіресе, Еврипидтің аңызға деген қарым-қатынасын айтуға болады. Аңыз драматург үшін күнделікті өмірді бейнелейтін құрал болып табылады, ол класси­ка­лык аңыздың тек қосалқы бөлшектерін ғана өзгертпейді, сон­дай-ақ танымал сюжеттердің тиімді түсіндірмелерін берген. Еврипидте адамдарға қарағанда (Ипполит, Геракл т.б) құдайлар кекшіл, қатал, зұлым болып келеді.

Еврипидтің басты жаңалығы – адамдардың мінез-құлқын бейнелеу. Бұл оған деген заман­дастарының қарсылығын туғызады. «Адамдар қандай болу керек» деген драматург көзқара­сымен, Эсхилде титандар, Софоклда идеал кейіпкерлер болды. Ал Аристотель «Поэ­ти­ка­сын­да» Еврипид адамдар өмірінде қандай болса, сахнаға да дәл сондай қылып шығарды деген. Еврипид­тің басты кейіпкерлері, әсіресе, басты рөлдегі әйелдер толық образға ие бола алмайды, олардың мінездері қиын әрі қарама-қайшылығы көп, ал сезімдері, құмарлықтары, ойлары бір-бірімен тығыз байланысады. Еврипид трагедиялық образ мінездерін көпқырлы­лық­пен өрнектеді, көрер­мен­дерді қобалжудан қорқынышқа дейінгі қиын сезім иірімдеріне батырып, қатты толқытты. Мысалы, бір ғана тақырыптағы Медеяның адам төзгісіз азаптары оны қанішер жауыздыққа итермелейді, сондықтан туған балаларын өлтірсе де, Медея өкініш сезімін бастан кешпейді.

Орта ғасырларда Еврипид шығармашылығы басқа да антика өнерлері сияқты ұмыт қалады. Оның драматургиясына деген жаңа қызығушылық толқыны Қайта өрлеу дәуірінен пайда болады.

Аристофан .д. Y ғ.). Көне грек көркем әдебиетінің негізін салушылардың бірі — Аристофанды бүкіл дүниежүзі комедия жанрының атасы ретінде біледі. Өкінішке орай, бізге Аристофан өмірінен жеткен мәлімет өте аз. Аристофан б.з.д. 445 жылы дүниеге келген. Ол — ертедегі антикалық комедия өнерінің дамуына үлкен үлес косқан тұлға.

Жас кезінде Эгин бұғазында жұмыс істеп, әскери қызмет атқарады. Оның шығарма­ла­ры: «Қарақшылық», «Вавилонда», «Ахарнях»[10], «Байлық» атты комедиясы, б.з.д. 388 ж. сахнаға қойы­лады. Бұдан кейін «Конад», «Эолосинион» оның ұлы Арардың атымен қойы­лады, бірақ бұл туындылар белгісіз болып қалды. Аристофан 40 аса комедия жазған, соның 11 ғана жеткен.

Оның «Алма», «Құстар» және басқа да бірқатар шығармаларында басынан аяғына дейін тұнып тұрған тәлім-тәрбие, адамдарды адамгершілікке баулу мәселесі қозғалып, автор­дың айтар ойынан ізгілік исі аңқып тұрады. Аристофанның ең маңызды сатиралары — әдеби пародияға өте ұқсас. Комедиялық образдардан жазушының өз характерін, көркемдік бейне­сін толық аңғаруымызға болады. Ең керемет бейне ретінде «Бағбаншы» комедиясындағы ролін Аристофан өзі ойнап шығады. Аристофан сомдаған Клеон рөлін ең ұятсыз, өтірікші, адам өлтіруші, елінің сенімін ақтамаған, байлардың зәресін алушы, өмірге қауіпті адам ретін­де әр азаматты кінәлаған демократияға қарсы дұшпан ретінде ойнайды. Аристофан өмірде болған, көзімен көрген жайттарды ғана қағаз бетіне түсіріп отырған. Сондықтан оның барлық шығармаларынан тарихи дәлдікті аңғарамыз. Аристофан комедиялары тез, шапшаң оқылуымен, оқиғасының мәнділігімен, сюжетінің сазды­лығымен, тақырыбының алуан түрлілігімен ерек­ше­ленеді. Комедияларының басты кейіпкерлері қай уақытта болсын табан астында тауып айтылған әзілдің арқасында қиыннан жол тауып кетіп отырады. Әлем әдебиетінде Аристофан Платоннан кейінгі ұлы ізбасар ретінде танылған.

Архилох (б.з.д. YII — YI ғ.). Архилох – көне грек әдебиетінің танымал ақыны. Халыққа танымал еткен оның ямбтары мен элегиялары. Ол — Парос аралының тұрғыны, Телесикл атты аристократтың күңнен туған баласы. Өскеннен кейін атасы жарлығымен жалданбалы жауын­гер болып Фасос аралына, кейін Фракияға, Эвбей аралына Грекияға да барады.

Ол жауынгер ақын ретінде ретінде өзін соғыс құдайы Арес пен өнер падишалары — музаларға қызмет етемін деп есептейді.

Ұлы ақынның 100 шақты керемет ямбтары, трохей және элегиялық өлеңдері ғана жеткен. Оның өлеңдерінің тақырыптары әр түрлі болды. Ол мысал өлеңдер де жазған. Осы мысал өлеңдерінің ішінде кең таралған Гераклге арналған әнұраны Олимпиадалық ойын­дарда айтылды.

Грек халқы оның шығармашылығын атақты Гомермен қатар қойды. Архилох жаңа жанр­дың негізін қалаушы саналған. Архилох шығармашылығы — ащы мысқылға, өткір сынға толы туынды­лар.

Сапфо (б.з.д. YII ғ. не YI ғ.). Сапфо — (кейде Сафо, Саффо) атақты ақын, лесбостық лириканың өкілі. Атақты Алкейдің жерлесі мен замандасы. Лесбос аралындағы тартыс кезін­де ақсүйек ретінде демократтармен бірге қуғындалып, уақытша Сицилияға қашуға мәжбүр болады. Деректерге сүйенсек, оның бір қызы болған, ал өзі әбден қартайған шағында дүние­ден өткен. Сапфо негізінен үйлену әнұрандарын, өлеңдерін және тағы мелостық туынды­лар жазған. Сапфо өлеңдері көңіл-күй лирикасының шегінен шығып кетеді. Бұл көңілдің суреті тіл жетпес керемет сұлулық арқылы беріледі. Бұл қадам лесбостық ақын-қызға үлкен данқ әкеледі. Ежелде Сапфоның 8 кітабы белгілі болған. Бірінші кітабы 1320 өлеңнен (330 шумақ) тұрған. Толығымен бізге төрт өлеңі ғана жеткен.

Махаббат — Сапфо поэзиясының басты тақырыбы. Ақын бар күш-қуатымен махаббатты жырға қосады. Мұнда тұтас бір сезім мен түйсіктің тұтасқан симфониясы жатыр. Тылсым таби­ғаттың сиқырлары да Сапфо поэзиясына асқақ сезімге толы көңіл-күй сыйлайды. Ақын­ды тәтті сезімнің құшағына жетелейді. Оның шығармаларында эпифаламиялар, яғни кештер­де айтылатын үйлену әндері ерекше орын алады.

Сапфо — өз заманының керемет шебер ақыны. Ол мәңгілік таусылмайтын махаббат тақыры­бын жете меңгерген. Оның «Афродитаға» арналған әнұраны, «Меніңше ол өлмейді, ол — құдай» (ауд. Ф.Е. Карш). «Мен сәндіні сүйемін…» (ауд. Ф.Е. Карш), «Меніңше, қоштасудан ажал жеңіл…» (ауд. Ф.Е. Карш), «Алкейге жауап» секілді эпифаламиялары грек әдебиетінің мол мұрасы.

Феокрит (б.з.д. III ғ.). Феокрит Сиракуз аралында б.з.д. 300 жылы дүниеге келген деген болжам бар. Бірқатар шығармаларында ақын Птоломей II Филадельф патшаның кең пейілдігін, Береника ханшайымға арнап мадақтау өлеңдерін жазған. Ақынның тек 30 идиллиялар жинағы мен 23 эпиграммасы жеткен. Феокрит — «идиллия» жанрының негізін салушы. Бұл сөз тура мағынасында «көрініс», «шағын пьеса» дегенді білдіреді. Жаңа заманда бұл терминге бір қалыпты, тыныш, қара­пайым өмірді бейнелейтін мән берілген. Феокрит идиллиялары мазмұны жағынан келесідей топтастыруға болады:

а) Буколикалық немесе мал бағушылық (малшылық) өлеңдері. 11 санымен (I, ІІІ-ХІ, XX) таби­ғат аясындағы малшылардың өмірін, өзара айтысы түрінде бейнелейді.

б) Мимдер, 4 санымен (II, ХІҮ, ХҮ, XXI) драмалық көріністерді баяндайды. Мысалы, II идиллия­сында жас әйел өзін тастап кеткен сүйген адамын қайтармақ болып магиялық әре­кет­терге жүгінгені бейнеленеді. Бұл әрекет оның қолынан келмей, ол түндегі жарық айға өз бақытсыздығын айтып, жас төгіп бұл тығырықтан шығатын жол жоқ екеніне налиды.

Мимдерге қарағанда Феокрит идиллиялары реалистігімен ерекшеленеді. «Сиқыршы­лар», «Сиракуз әйелдері», «Балықшылар» сияқты идиллияларда Сафрон мимдеріне еліктеу­шілік байқалады. Бұл туындылар қарапайым балықшылардың өмірін суреттеуге негізделген. Бейнеленген адамдардың өмірі кедейлік тауқыметін тартумен өтеді. Мұндай адамдардың өздерінде жоқ нәрселері түстеріне енеді. Мысалы, олар түсінде үлкен балық аулап алады, қараса алтын балық екен…

Феокрит идиллиялары жеке тұлғаның дамып, күрделене түсуін көрсетеді. Оның өнерін жалғастырушы Бион және Мосх болды. Римдік ақын Вергилий өзінің буколикалық шығарма­ла­рында Феокрит тәсіліне еліктеп, оны қайта өрлеу дәуіріне дейін жеткізді.

Плутарх (І ғ.). Плутарх — (46-127 ж.) әйгілі грек философы, биограф-қаламгері. Ол Беотии облысында Хероней жерінде ауқатты отбасында дүниеге келеді. Жоғарғы білімді Афиныда алады. Плутарх дельфиялық абыздармен тығыз байланысының арқасында Афины азамттығын алады. Оның бізге жеткен шығармаларын екі топқа бөлуге болады: «Ноіка» және «Моrаlіа» деген жалпы атауға ие болған биографиялық не тарихи еңбектері мен филосо­фиялық публицистика стилінде жазылған шығармалар.

Бірінші топқа жататын шығармаларынан 46 қатары жеткен, онда 4 биографиялық суреттеулері (Артаксерк, Арат, Гальб және Отон) де кездеседі, қалғаны жетпеген.

.

Плутархтың еңбектерінің 20 шақтысы арнайы этикаға арналып жазылған. Онда Плутарх барынша адамдарды «қайырымдылыққа үйретуге» тырысады, өмірден алынған даналық сөздер мен ақын адамдардың сөздерімен толықтырады. Плутарх шығармаларындағы мораль дінмен байланыстырылады. Ол ырымшылдыққа қарсы тұрды, сонымен қатар эпикуршіл­дер­дің атеизміне және евгемеристтердің прагматика­лық рацио­на­­лизміне қарсы шықты.

Плутархтың «Үстел басындағы әңгімелер» атты шығармасында тұлға түсінігі барынша кең мағынада талқыланған. Бұл шығарма 9 кітаптан тұрады. Онда еврейлердің шошқа етінен өздерін тыюы туралы, музалар саны туралы, билердің түрлері жайлы, т.б. жазады. Қаламгер сонымен қатар «Жеті ғұламаның думаны», «Гомердің өмірі», «Философтардың догматтары туралы», «Өзендер туралы» т.б. көптеген туындылары да бар.

Плутархтың жазбалары негізінде еуропалық мәдениетте антикалық тарих туралы пікірлер қалыптаса бастады. Сондықтан да Плутархтың еңбектерін Ағартушылық дәуір ойшылдары, Ұлы француз қайраткерлері және декабристердің ұрпақтары жоғары бағалады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.