Ежелгі Иран әдебиеті

Главная » Рефераттар » Ежелгі Иран әдебиеті

Ежелгі Иранның жазу өнері б.з.д. ІІ мыңж. бастап Гиндукуштан Дон сағасына дейін, Оралдан Парсы шығанағына дейін созылып жатқан кең алқапта өмір сүрген халықтар мен Иран тайпаларының көне мәденеитінің бір бөлігі болып табылады. Б.з. І мыңж. бастап шы­ғыс және батыс ирандықтар қоныс тепкен территориялар анықтала бастады. Шығыс иран­дық­тар Орта Азияны (қазіргі Ауғанстанның біраз бөлігі мен Гиндукуш тау тарамдары­ның бір бөлігін қоса алғанда) мекен етіп, шығыс-еуропалық халықтармен, Қытай және Үндістан­мен өзара қатынаста болды. Шығыс Иранның орталықтары Ферғана, Хорезм, Согда, Дранги­ган, Памир мен Хорасан қалалары болды. Батыс ирандықтар қазіргі Иран жерінде өмір сүріп, Месопотамия мен Жерорта теңізінің алқабын мекендеген халықтармен қарым-қатынас жаса­ды. Батыс Еуропаның орталық қалалары Мидия, Атропатен мен Фарс қалалары болды. Шығыс және батыс ирандықтардықтардың қарым-қатынасы ғасырлар бойы үзілмеді.

Ежелгі ирандықтардың, әсіресе көшпелі тайпалардың сенімі туралы мәліметтер Геродот пен Ктесия сияқты антикалық жазушылардың еңбектері мен көне шығыс тілдерінде жазыл­ған жазбаларда кездеседі. Уақыты жағынан бізге жеткен иран жазба ескерткіштерінің алғаш­қы­сы – бірнеше бөлімнен тұратын қасиетті кітап Авеста. Оның ең көнесі 17 дұғадан тұратын «Гаталар» туындысы. Оның авторы — ежелгі иран дінінің негізін салушы Заратуштра.

Гаталар құрылған б.з.д. І мыңж. алғашқы ғасырлары Орта Азия мен Иранда рулық қоғамнан ерте таптық қоғамға өту кезеңі болып табылады. Бұл уақытта адамдар темір балқы­туды игеріп, темір құрал-саймандар пайда болып, отырықшылық мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қалыптасып, дами бастады. Шығыс ирандықтар көшпелілер және отырық­шылар болып бөлінді. Отырықшы ирандықтар үш әлеуметтік таптарға жіктелді: малшылар мен егіншілер, әскерилер және абыздар. Бұл қоғам біртіндеп әскери демократия­дан аристок­ратиялық олигархияға өтіп, алғашқы мемлекеттер пайда бола бастады.

.

Бізге дейін сақталған ескерткіштер мен фольклор арқылы ежелгі иран халқының алғаш­қы дүниетанымдары туралы және олардың табиғатпен белсенді қатынаста болғанда­рын біле аламыз. Осы кезде адамдарды от жағып, үй салуға, жануарларды қолға үйретіп, киім тігуге, егін­шілікке үйреткен әдеби батырлар туралы аңыздар пайда бола бастады. Теріс зұлым күштермен күрескен батырлар туралы жырлар, шамандық өлеңдер мен абыздық ұрандар пай­да болып, шешендік өнер дами түсті.

Иран тайпалары ежелгі тарихының осы кезеңінде пайғамбарлар немесе бір ғана ұлы пайғамбар Заратуштра арқылы арнаулар, гаталар оқылды. Бұл туындылар өздерінің әсемді­гімен тыңдаушының жүрегін жаулап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырды. Кейінірек оларды абыздар қағаз бетіне түсіреді. Гаталарда өмір, болмыс пен өзін-өзі ұстау нормалары көр­сетіледі. Гаталардың бейнелеу жүйесіне табиғат пен қоғамдағы қарама-қарсы күштердің шынайы қақтығысын қамтитын әмбебап поляризация тән.

Жалпы, әлем екіге бөлініп қарастырылды: біріншісі – шынайы «заттар әлемі», екіншісі – ойдан шығарылған «рухтар әлемі». Заратуштра «екі дүниеде де, заттар мен рухтар әлемінде де жеңілдік беруіңді сұраймын» деп жалбарынатын. Гаталардағы түсініктер бойынша, құдай­лар мен мейірімді рухтардың патша­лы­­ғында жердегі тәртіпке мұрат болатын үйлесімді, таңғажайып тәртіп үстемдік етеді. Бұл үйлесімді­лік гаталарда көрініс тапқан үштік прин­ципке негізделген. Онда 3 саны қасиетті болып есептелінеді.

Сол кездегі қоғамның үш топқа бөлінуіне байланысты аспан әлемінде де үштік үстемдік етеді: жоғарғы құдай – Ахура Мазда, оттың рухы – Арту Вахишта және малдың пірі – Воху Мана. Аспан үштігі игі рухтармен қатар жүреді. Мұндай игі рухтар төртеу: металл рухы – Варйа Хшатра, жердің рухы – Спентра Армаити немесе Арматай, судың рухы – Аурват және өсімдіктер рухы – Амертат. Кейін бұл жеті құдай Амеша Спента, яғни өлмес әулие аталып, оларға мистикалық сипат берілген болатын. Жалпы, гаталарда мистикалық сипат жоқ.

Игі рухтарға зұлым рухтар тобы қарсы келеді. Мұнда да, алғашқы «үштік» симмет­риясы сақталған: Ахура Маздаға қарсы зұлым рухтардың басшысы Друдж (өтірік құдайы) келтірілсе, одан кейін Ако Мана (жауыз ниет) мен Айшма (қарақшылар құдайы) келеді. Олар­мен қатар адамдарға қастандық жасайтын жауыз рухтар тобы өмір сүреді.

Осы ілім бойынша осы дүниеде тура жолдағы адам жақсылыққа ие болып, ал жалған жолмен жүргендер зұлымдыққа ұшырап, шынайы жаза ақыретте беріледі делінген.

Гаталар арасында нақты жанрлық айырмашылықтар жоқ, дегенмен оларды екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі – мадақтар, екіншісі – уағыздар.

.

Авестаның басқа да кітаптары. «Авеста» сөзінің мағынасының бүгінгі күнге дейін ортақ түсінігі жоқ, алайда ол «Негізгі мәтін» ретінде аударылып, қолданылып келеді. Бұл ежелгі ирандықтардың зороастризм дінін ұстанушылардың қасиетті мәтіні болып табы­лады.

Авеста Заратуштра өсиеттерінің айналысында ұзақ ғасырлар бойы қалыптасып (б.з.д. шамамен IХ-YI ғ.), соның нәтижесінде оның мәтіні де даму үстінде болды. Авестаның бізге жеткен ең ескі қолжазбасы 1278 жылға сәйкес келеді. Ескерткіш зороастра дәстүріне сәйкес Заратуштраға Жарық пен Мейірімділік құдайы Ахура Мазданың жіберген шындығы болып табылғанымен, ол ежелгі мифологиялық көріністерді, эпикалық фрагмент­терді сипаттайды.

Авеста — нақты әрі тура ықшамдылыққа бағынбайтын, ежелгі иран тілдерінің бірінде жазылған. Шартты түрде иран тілдерінің «Солтүстік тобына» жатқызылып, «авестийлік» ескерткіші ретінде біздің заманымызға дейін жетті. Бұл ескерткіш бізге екі негізгі басылым түрінде жетті. Олардың біреуі авестий әліпбиімен жазылған дұғалар жинағы болып табылады.

Екінші басылымдағы жинақтардың мақсаты бірінші жинақтағы секілді құдайға құлшы­лық ету кезіндегі дұға оқу емес, керісінше  жүйелік үйрену болып табылады. Бұл басылым­дағы авесталық мәтін кітаптар мен параграфтарға бөлінген пехлеви алфавиті­мен жазылған ортапарсы тіліндегі аудармамен қамтылған. Авестаның екінші басылымы біріншісімен  салыстырғанда  «Зенд — Авеста» аталады, оның мазмұндық  құрамы мынадай:

  1. «Вендидад» — заңдар мен жазбалар тізімі, бұл әзәзілдерді қуып, жою үшін арналған. Мұнда Заратуштра мен Ахура Мазда арасындағы күнәлардан арылу, таза жолға түсу секілді мәселелер айтылатын әңгіме баяндалады, сонымен қатар мифологиялық элементтер де кездеседі және 22 тараудан тұрады.
  2. «Висперед» (Виспред) — 24 тараудан құралған салттық мазмұндағы сыйынулар қамтылған.
  3. «Ясна» — құрбандық шалу, мадақтау, құдайдан бір нәрсе сұрау кезінде оқыла­тын дұға­лар, 72 тараудан құралған, оның ішінде 17 тарауы «Гаталардан» тұрады.
  4. «Яшта» — түрлі зороастралық құдайларды мадақтаудан тұратын 22 шумақтардан құралған мадақ әнұрандар, мұнда мифологиялық элементтер көп кездеседі.
  5. «Кіші Авеста» — қысқа дұғалық мәтіндердің жинағы.

Авестаны алғаш кодтау процесі аршакидтер тұсында жүргізіледі. Екінші ретте Авеста­ны үдерісі алғашқы аудармасымен ІІІ-YІІ ғ. Сасан әулеті тұсында жүзеге асырылады.

Жалпы, Авестаны архаикалық діни шығарма түрінде қарастыруға болады. Оған шексіз қайталанатын дұғалар мен ұлы құдайлардың ұзын тізімдері, арғы аталардың рухтары мен ертедегі әміршілер туралы әңгімелер жатады. Сол секілді заңдастырудың түрлі догматика­лық салттары мен қарақшыларды жазалаудың түрлері баяндалады. Бұл шығарма арқылы ақы­­рет­тік өмір туралы кең діни уағыздарды, ақырзаман туралы, өлгендердің тірілуі т.б. құнды мағлұматтар ала аламыз.

Авестада архаикалық қабаттағы ескерткіш­терден басқа иран тайпаларының толыққан­ды поэтикалық шығармаларын да кездестіруге болады. Егер архаикалық поэтикалық шығар­ма­ларда адам жануарлар патшалығы мен табиғат құбылыстарына бейімделуге тырысса, кейінгі поэзияда титан-адамның, батырдың, алып күшке ие тұлға ретінде суреттелеуі кең орын алған. Жарық пен қараңғылық патшалығында зұлым күштерге қарсы тоқтаусыз соғыс­тарға қатысқан батырлардың бейнелері айқын көріне бастады.

.

Ежелгі ирандық мифтік және батырлық жырларында таптық қатынастар мен абыздар ықпалына байланысты туындаған элементтер кездеседі. Авеста поэтикасының сипаты оны бір жағынан ведалық поэзияға, ал екінші жағынан ирандық фольклорға жақын.

Ведалық, тіпті оған дейінгі кезеңге барып тірелетін үнді-иран байланыстары сол уақыт­тан-ақ ежелгі Иран әдебиетінде көрініс табады. Олар үнді-ирандық космогониялық және мифтік, ежелгі поэтикалық жүйенің ортақ элементтерінен көрінеді. Бірақ қайырым­ды­лық пен зұлым­дылық туралы түсінік екі мәдениетті уақыт бір-бірінен алыстатады. Үнділер   қайырымды­лықты жоғарғы құдайлар — дэвтер арқылы деп түсінсе,  зұлымдықты тө­мен­гі — асурлар деп санаған. Ирандықтар, керісінше, Ахура — қайырымдылық,  ал зұлымды­лықты дэвтер ісі санаған.

Ахемени дәуірінде Иран мәдениеті өзінің бойына ассириялық және вавилондық мұра­лар­­дан нәр алып, сусындайды. Ежелгі Иран мәдениеті ежелгі иудей мәдениетімен де өте тығыз байланыста болып, одан әрі дами түседі.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.