Ежелгі Месопотамия әдебиеті

Главная » Рефераттар » Ежелгі Месопотамия әдебиеті

Ежелгі Месопотамия әдебиеті

Шумер өркениеті дүниежүзіндегі ежелгі мәдениет ошақтарының бірі болып саналады. Қосөзенде, яғни Тигр және Ефрат өзендерінің аңғарында б.з.д. IY мыңжылдықтың өзінде таптық қоғам пайда болды. Бірақ Мысырмен салыстырғанда Қосөзен мәдениеті біркелкі болмады. Оның құрылуына тілі бізге белгілі тілдік топтардың біріне де жатпайтын шумер­лер, көне еврей, финикийлік, араб тілдеріне ұқсас семит тілдерін қолданатын аккадтықтар (вавилондықтар мен ассириялықтар), Солтүстік Месопотамия мен Солтүстік Сирияда мекен­деген хуриттер мен көптеген басқа халықтар қатысты. Қосөзендегі жазу жүйесі шумерлерден бастау алды деген болжам бар. Олардың хат жүйесі (сына жазуы) аккадтықтар, сонан соң алдыңғы Азияның басқа халықтарына әсер ете дамып, үш мың жыл бойы қызмет етті. Демек, көне сына жазуын оқи отырып, өркениеттің ертерек кезеңдерінен бастап ұзақ уақыт аралы­ғын­дағы әдебиеттің қалыптасу жолдарын зерттеу мүмкіндігіне ие боламыз.

Сақталып қалған шығармалардың ішінде сына жазулары рим мен грек әдебиетінен басқа барлық ежелгі әдебиеттерден асып түседі. Шынында, сына жазу әдебиетіндегі шығармалар көлемі жағынан ауқымды емес. Себебі ауыр әрі көлемді балшық тақтайшаларда ұзақ мәтін­дерді жазу қиынға соқты. Сондықтан да бізге жеткен ең көлемді деген сына жазу ескерт­кішінің өзі екі-үш мың қатардан аспайды.

.

Қосөзен тарихында Шумер кезеңі шамамен 1000 жылға созылып, Тигр мен Ефрат аңғарында ежелгі таптық мемлекеттер қалыптаса бастаған б.з.д. IY мыңж. соңынан б.з.д. ІІІ мыңж. соңына дейінгі кезеңді қамтиды. Шумер халқының тегі әлі жұмбақ, тіпті анық қайдан келгені де белгісіз. Тілі өз төңірегіндегі ежелгі халықтардың ешқайсысына ұқсамайды. Олар­дың көпшілігі көп буынды сөздерден тұратын болса, шумер сөздері көбіне бір буынды сөз­дер­ден тұрды. Олар иленген саз балшықты әрқилы қалыпқа түсіретін аяқпен теппе зырыл­дауықты, диірмен мен соқаны, доңғалақ пен желкенді қайықты, мыс, қола құймаларын, күн тізбесін алғаш ойлап тапқан халық. Гемопатиялық медицинаның қалыптасуына әсер етіп, заңды, аспан денеле­рінің адам ағзасына әсерін жүйелеген. Құрылыста күмбез, нақыш, фриз, шыны-шытыра, тас қашау, металл безендіруді бірінші боп пайдаланған. Арасына сабан, қамыс салып, қам балшықтан кірпіш басу, қыш кірпіш, ағаш бөлшектерден үй салуды кең өріс­теткен. Тұрған үйлері төрт бұрышты, қосқабатты, аспалы бақты болған. Су құбырларын тартып, қала­ларының қақ ортасында жебеуші тәңірінің құрме­ті­не арналған алып ғимарат орна­тып, сәулет өнерімен бірге мүсін өнерін де дамытқан. Музыка аспаптары мен музыка тео­рия­сын да бірінші боп қалыптастырған шумерлер. Аспан-Жер-Жерасты бір-бірімен бағы­ныш­тылық жолымен бай­ла­нысып тұрған кешенді құбылыс деп түсінген. Осылайша, шумер­лер таңғажайып мәдениеті қалып­тасқан халық болатын.

Б.з.д. ХХІY-ХХІІ ғ. шумерлер аккад әмірлігінің қол астына кіреді. Аккад билігі кезінде шумерлер де, олардың дәстүрлері де жойылған жоқ, дегенмен аккадтықтардың әсері Қосөзен бойындағы көркем өнердің дамуында айқын көрініс тапты. Шумерлердің тәуелсіз тарихы­ның соңғы кезеңі құл иеленушілік мемлекеттің толық қалыптасып, оның идеялогиясының түзелуі, пантеон жүйесі мен салт жораларының реттелінген кезіне, яғни ІІІ Ура және Исин әулетінің басқаруы (б.з.д. ХХІ ғ.) тұсына сәйкес келеді. Осыдан соң Қосөзен Вавилонның билігіне өтіп, шумерлер тәуелсіз халық ретінде өмір сүруін тоқтатады.

Шумер әдебиетінің ескерткіштері олардың аккадтықтармен етене араласып, аккад тілі шумер тіліне қарағанда кең қолданыста болған б.з.б ХІХ-ХYІІІ ғ. сейкес келеді. Бұл ескерт­кіштер шумер тілінде не шумер-аккад тілінде жазылған шығармалар немесе олардың көшір­месі болатын. Осыдан біз шумер мәдениетінің Қосөзен тарихында үлкен орынға ие болғанын көре аламыз.

ХІХ ғ. 60-жылдардың ортасында америка археологтарының қатысуымен ежелгі шумер­лік мәдени орта­лық болып табылатын Ниппурға жақын Абу-Салябих деген жерде шамамен б.з.д. XХYІІ-XХY ғ. аралығына жататын үлкен мұрағат табылды. Ондағы алуан түрлі сына құжаттардың ішін­де ұрандар, аңыздар мен ғибратнамалар болды.

Шумерлерде патша жазулары І Ура әулетінің билігі басталғанға дейін, яғни б.з.д. ІІІ мыңж. ІІ ширегінде пайда болды. Алғашқы мұндай жазулар ғибадатхана мен ка­нал­­дардың құрылысымен байланысты болып, негізінен «Мынадай құдайға мынадай ғимарат са­лын­­ды» деген бір ғана сөйлемнен тұрды. Кейін сөйлемдер күрделене түсіп, соғыстар жайлы айтыла бастайды. Б.з.д. ІІІ мыңж. жазулардың ауқымы кеңейіп, мазмұны түрлі кейіп­кер­лер мен көрі­ніс­­тер арқылы байи түсті. Сондай шығарманың бірі Лагаш қаласының билеу­шісі Эаннату­ма­ның (б.з.д. ХХY ғ.) «Қарақұс стеласында» соғыс алаңындағы көріністер сурет­телсе, Лагаш­тың тағы бір билеушісі Энметеннің (б.з.д. ХХІY ғ.) жазбасында Лагаш пен Умма қалала­ры­ның тарихы баяндалған.

Уақыт өте келе жазуларлардың тек көлемі кеңейіп қана қоймай, олардың стильдік негіз­дері қалыптасып, әсерлі әрі бейнелі сөздермен өрнектеле бастады. Кейінірек шумерлер мен вавилондықтарға тән өте қызық жалғанжазу (псевдонадпись) жанры пайда болады. Стиль жағынан ежелгі жазуларға ұқсағанымен, онда оқиға бірінші жақта баяндалады. Жал­ған­жазу­ларда әскери жағдайлар мен шынайы тарихта орын алған қарулы қақтығыстар тура­лы сурет­теледі. Ескерткіштің бұл түріне Адабтың аңызға айналған патшасы Лугальанемун­ду­дың аннал­­дары мен Уруктың патшасы Утухенгали мен Кута қаласының билеу­шісі Тири­канның арасында болған қанды шайқасты суреттейтін шығарма­ны жатқызуға болады.

Кейде тарихи құнды мазмұндағы ескерткіштер кездеседі. Соның ішінде ежелгі шумерлік Ниппур қаласындағы «Туммаль ғибадатханасының» қабырғаларындағы жазуларда оны сал­ған, не қайта жөндеген қала басқарушыларының есімдері, солардың ішінде Урук патшасы Гильгамеш, оның баласы Ур-Нунгаль, Киш қаласының билеушісі және Гильга­меш­тің қарсы­ласы Энмебарагес пен оның ұлы Агга есімдері келтіріледі. Бұл мәліметтер басқа мағлұмат­тар­мен бірге шумер-аккад жырының белгілі батыры Гильгамештің тарихи тұлға екендігін көрсетеді.

Шумер тарихының хронологиялық арқауын құрастыруда өте маңызды саналатын «Пат­ша тізімі», сондай-ақ ІІІ Ура әулеті тұсындағы «Жыл атауларының тізімі» де өте қызықты. «Пат­ша тізімі» бірыңғай және мәңгі «патшалық» идея – «нам- лугальды» қамтиды.

ІІІ Ура әулеті кезіндегі «Жыл атауларының тізімін» алғашқы хроника немесе жылнама деп есептеуге болады, онда әр жыл сол жылда болған бір оқиғаға байланысты аталды. Мұн­дай тізімдер аккад әулеті кезеңінде жазыла басталған (б.з.д. ХХІІІ ғ.), бірақ бізге жетпеген.

Бізге жеткен бірнеше шумер мәтіндерін шумертанушы ғалым С.Н. Крамер әдеби ката­лог ретінде баспаға ұсынды. Салыстырмалы түрде бұл мәтіндерді анықтау қиынға соқпады, себебі шумерліктер мәтіннің атауы ретінде шығарманың бірінші жолының басын алған, ал тізімде белгілі ескерткіштер қатары болды. Шумер әдебиетінің шамамен 150 ескерткіші бел­гілі (көбісі фрагментарлы түрде). Олар­дың арасында ғибадатханада құлшылық етудің бір бөлігі болып табылатын өлеңмен жазыл­ған аңыздар, эпикалық әңгімелер мен жалбарынулар, құдайлар мен патшаларға арналған ұрандар, діни өлеңдер, махаббат әндері мен жоқтаулар да болды. Олар ғибратнамалар, ақыл-өсиеттер, дау-сұхбаттар, сондай-ақ мысалдар, күлдіргі әңгімелер, жаңылтпаштар мен мақал-мәтелдерге бай еді.

Шумерлер дінін қауымдық мәдениетке негізделген сенімдер ретінде анықтауға болады, басқаша айтқанда, ол діннің ежелгі типіне жатты. Діни нанымдарда этикалық оқуларға қара­ғанда сиқырға арналған салттар маңыздырақ саналып, қауымдар арасында өздеріне жақын әрі қорғау­шы түрлі құдайлары болды.

Көптеген зерттеулерде құдайлар мен батырлардың ерлігі жөніндегі әңгімелерді аңыздар немесе батырлар жыры ретінде қарастырылады. Шумер әдебиетінде мұндай әңгімелердің 11 белгілі, олардың 9 батырлар ерлігі (құдайға теңелген патшалар), ал екеуінде құдайлардың  (Инанна құдайы мен Эбех тауының құбыжығы арасындағы соғыс пен Нинурта құдайы мен Асаг есімді зұлым шайтан шайқасы) даңқты істері туралы айтылған.

Шумер аңыздарын шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа Урук билеу­шісі Гиль­гамештің Киш билеушісі Аггамен күресі жөнінде айтатын тек бір мәтін жатады. Бұл — жанрын батырлық өлең ретінде қарастыруға болатын бізге белгілі жалғыз шығар­ма. Бұл шығармада қиялғажайып көріністер мен бейнелер кездеспейді әрі оның желісі нақты тарихи оқиғалармен сәйкес келеді.

Аңыздардың екінші тобына «Энмеркар мен Аратта абызы» және «Энмеркар мен Энсух­кеш­данна» атты екі мәтін жатады. Екі туындыда да Энмеркар мен Аратта қаласының жоғар­ғы абыз­дары арасындағы пікірталастар суреттеледі. Бұл шығарманың алғашқысында Урук қаласының билеушісі Энмеркар Инанна құдайының құрметіне арнап ғибадатхана салмақ бо­ла­ды да, алыстағы Иран таулы аймақтарындағы Аратта тұрғындарынан үлкен көлемді алым­ға ие болу үшін бұл қаланың абызына жұмбақ жасырып, елші жібереді. Энмеркар елші бұл қиын да ұзақ жұмбақты ұмытып қалмас үшін жазуды ойлап табады. Осылайша, екі кейіпкер бір-біріне біз түсіне алмайтын сиқырлы жұмбақтар жасырумен болады.

Аңыздың үшінші әрі көбірек сақталған тобын сиқырлы батырлар ертегісі құрайды. Олар­дың саны сегіз: «Инанна және Эбех тауының құбыжығы», «Ушнурта және Асаг кұбы­жы­ғы», «Гильгамеш және аспан бұқасы», «Гугальбанда және Хуррум тауы», «Гильгамеш және Хуллуппу ағашы», «Гильгамеш және ажалсыздың тауы», «Лугульбанда және Ангуд бүркіті», Энкиду және жер асты әлемі».

Бұл шығармалардың барлығы да мифологиямен байланысты. Оларда әлемдік ғажайып ертегі­лерге тән элементтер кездеседі. Әдеттегідей, басты кейіпкер ержүрек батыр тұлға басқа елге немесе жер асты патшалығына аттанып, жолда түрлі кедергілер мен қиындық­тарға ұшы­рап, құбыжықпен алысып, қасиетті ағашты құлатуы қажет болады.

Шумер әдебиетінде әнұран жанры барынша толық берілген. Шумер әнұрандары ұжым­дық, топтық орындауға есептелген, мадақталатын құдайға қызмет ететін мәтіндер болып та­бы­­лады. Бұл құдайға жеке емес, тұтас ұжымның арнауы, ал әнұранды орындау кезінде пайда болған эмоция­лар — ұжымдық эмоциялар.

Мифологияны зерттеуде әнұранның алар орны зор. Оның әр тұсында мифологиялық негіз жатыр. Осыған ұқсас ескерткіштердегі қайталаулар күшті әсер қалдырып, мәтінді жеңіл есте сақтауға көмектеседі. Бізге жеткен әнұрандардың көпшілігі Ниппурдан шыққандықтан, оның айтарлықтай бөлігі Энлиль мен оның баласы Наннаға арналған. Діни мәтіндерге, сонымен қатар, жоқтауларды да жатқызуға болады. Бізге жеткен ең көне жоқтауда Лагаш қаласының билеушісі Уруинимгин мен Умманың патшасы арасындағы қым-қиғаш ұрыс кезінде Лагаш қаласының құлауы туралы айтылады. Ал қалған жоқтаулар діни сипатта. «Ак­кад қарғысы» атты жоқтауда Иштар (Иннин) құдайы қарапайым адам Сарагон­ға ғашық болып, оны ұлы патша етеді. Оның тұсында ел өркендеп, дами түседі. Кейін оның немересі Нарам-Суэн Энлильдің құрметіне тұрғызылған ғибадатханасын қорлап, құдайға сөз тигізеді. Осы үшін ел үлкен жазаға ұшырайды.

А.С. Пушкин атындағы бейнелеу өнері мұражайының сына жазу жинағының арасында белгілі ғалым С.Н. Крамер анықтаған екі жерлеу өлеңдері сақталған. Бұл екі өлең — әкесі Нанна мен әйелі Навиртум өлімдерін жоқтайтын Лудингердің элегиясы.

Шумер әдебиетінің ерекше жанрын мектеп мәтіндері немесе Эдуба мәтіндері құрайды. «Эдуба» сөзі «кесте үйі» не шумерлік жазғыштарды дайындаған мекемені білдіреді. Шумер мекте­бі сына жазудың пайда болуына байланысты қалыптасты, өйткені хат жүйесін игеру үдерісі күрделі және ұзақ дайындықты талап ететін болған. Ежелгі жазба ескерткіштердің ара­сынан (б.з.д. ІY мыңж. соңы — ІІІ мыңж. басы) оқу мәтіндері, жатқа жаттау үшін сөз тізімдері, кейінірек мақалдар, жаңылтпаштар табылды. Шумер мектебі б.з.д. ІІ мыңж. бастап дами бастады. Онда сарай шаруалары мен ғибадатхана үшін жазғыштар дайындалды.

Эдуба әдеби мәтіндерін үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа мектеп өмірін және онда дәріс беруді суреттейтін шығармалар жатады. Екінші топқа дидактикалық шығармалар жата­ды. Ол үлгі-өнегеге, ақыл-кеңес пен өсиет­ке толы тәрбиелік мәні бар мәтіндерден тұрды. Үшінші топқа халық даналығының жиынтықтары жатады. Бізге белгілі б.з.д. ХХYІІ ғ. жата­тын ең көне оқу мәтіндерінің бірінде мақалдар жинағы келтірілген.

.

Шумерлік жазба әдебиетінде алғашқы қауымдық идеологияның таптық қоғамның жаңа идеологиясымен қақтығысу үдерісі көрініс табады. Ежелгі шумер ескерткіштерімен, әсіресе мофологиямен танысқанымызда, бейнелерді плэтизациялау мен идеализациялаудың жоқты­ғы көзге түседі. Шумерлік құдайлар жер бетіндегі жай ғана жаратылыс емес, олардың ішкі әлемі адамзатқа тән сезімдер әлемі емес, керісінше олардың бейнесі қоқынышты әрі ұсқын­сыз, қатыгез әрі дөрекі ретінде суреттеледі. Құдайлардың тіршілікті тырнақтың астындағы кірден жаратуы, мас кездерінде адамдарды жаратуы, еш себепсіз адамзатты жою, мұның бар­лы­ғы сол кездегі адамдардың әлем туралы алғашқы түсініктерін көрсетеді. Ал шумерлік­тердің жер асты патшалығына келер болсақ, онда мысырлық Осирусқа тән әділ сот та, адам­дар­дың әрекетін өлшеу де жоқ. Олардың өлім туралы, оның қалай болатыны, о дүние тура­лы ешқандай түсінік­тері болмады. Оның себебі мысырлықтарға қарағанда Қосөзен бойын­да мекендеген халықтар табиғат қаталдығын жиі көргендіктен болар (су тасқыны, таби­ғи байлықтардың аздығы, құм болардары мен ылғал ауарайы). Сондықтан пайда болған жаңа идеология табиғақа деген осын­дай қорқынышты сезімдерге қарсы тұруы керек болды.

Қосөзен мемлекеттерінде таптық қоғамның жаңа идеологиясы орнағаннан кейін, әде­биет­тің мазмұны да өзгеріске ұшырап, олардың жаңа түрлері мен жанрлары дами бастады. Жазба әдебиетінің ауызекі әдебиеттен бөліну үдерісі тез әрі қарқынды жүрді. Шумер қоға­мы­ның соңғы даму сатысында дидактикалық шығармалар пайда болып, мофологиялық көріністер жүйеленіп, жазба әдебиетінің жаңа бағыттары дүниеге келе бастады. Алдыңғы Азия әдебиетінің осындай жаңа даму сатысын тарих сахнасынан жойылған шумерлердің мәдени мұрагерлері – вави­лон­дықтар (аккадтықтар) жалғастырды.

.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.