Ежелгі шығыс және әлемдік тарих

Home » Рефераттар » Ежелгі шығыс және әлемдік тарих
Рефераттар Комментариев нет

Адамзаттың шығыс және әлемдік тарихы дегенде нені ескереміз? Адамзатқа тән, ортақ, үйлес заңдылықты; жергілікті өркениеттердің бірлігін; мәдениеттің жалпы көріністері мен жергілікті түрлерінің қарым — қатынастарын негізге аламыз. Адамзат тарихында жергілікті өркениеттердің қоғамдық өрлеуінің іргелі зандылықгары мен әр өлкедегі қауымдастықтың өмірлік тәжірибелері кейде бірін — бірі түрлендіріп, кейде бірін — бірі тұншықтырып жатты. Адамзат тарихы алуан уақыттық өлшемде және кеңістік сипатта қатар өмір сүрген, тіпті бір — бірімен тамырласып жатқан. Тайпалардың одақтасуы әртүрлі табиғи ортада қалыптасты, өмір сүрген өлкелік болмысқа бейімделуді ықшамдады. Тұрақты мекен — жай тұрмыс салттағы әлеуметтік ортаның және мәдени кеңістіктің калыптасуына демеулік етті. Ежелгі Шығыстағы әлеуметтік-мәдени ортаның қалыптасуына, мал шаруашылығы, егіншілік, балық ұстау, ондағы еңбек өнімділігі басты ұйтқы болды, дене және ой еңбегінің жіктелуі дәнекер болды,  тыптық қатынастың күш алуы шешуші себепкер болды,  ном – қала — мемлекеттің бой көтеруі негіз болды. Көне дәуірдегі бастаулар Шығыста мәдениеттің ошағына айналды. Әр дәуірде шығыстың бейнесі, дәстүрі, келбеті әрқалай өзгерді, әр қарқында икемділінді. «Шығыстық» уакытаралық даму мен кеңістіктегі жаңғыру бірде үйлесіп, бірде кері, бірде қарсы бағытта өріс алды. Алтай -Байқалдан Пиреней түбегіне дейін, Қытай, Жапониядан Туниске, Кавказдан Эфиопия, Индонезияға дейін азиялық, африкалық кеңістікте жүздеген мемлекеттер әрқалай қалыптасты. Таяу, Қиыр, Орта шығыс, Оңтүстік — Шығыс Азия, Орта Азия деп жіктелінген шексіз географиялық кеңістіктің тарихы бірде ұқсас, кейде үйлесе бермейтін алуан өтпелі жолдан өтеді. Азиялық кеңістіктегі адамдардың табиғи ортаға бейімделуі, өзара қауымдасуы, бір -бірімен жауласуы қилы-қилы кезеңдерден, қиыншылықтардан өтті. Адам болу күрделі үрдіс еді. Бірақ «азиялық», «шығыстық», еуразиялық табиғаттағы қиыншылықтарды жеңе, тарихтағы қайшылықтарды шеше білген адамдар қауымдастығы адам болмысының «шығыстық», «азиялық» өмір салтын, оның алуан типтерін қалыптастырды.

Көне дәуірдегі адамдардың табиғи жағдайға бейімделуі және бір — біріне жақындасуы, топтасуы — тарихи-мәдени үрдістің қос ағымын құрып өмір заңына айналды. Жергілікті табиғи және әлеуметтік — мәдени жағдайға бейімделу мүмкіндіктері бірдей болмады, қауымдастыққа ену немесе жаңа әлеуметтік қарым — қатынасты қалыптастыру тәсілдері жалқы, жалаң емес, алуан қолданыста болды. Алғашқы қауымдастықтың күнкөрісі қарапайым дағды мен құрал — сайманның аумағынан шыға бермеді. Көне дәуірде адам табиғатқа толық тәуелді болды, соның ырқына бағынды. Мыңдаған жылға созылған өмір сүрудің дөрекі, тұрпайы түрлер тарихи үрдістің көне кезеңі деп аталды. Адамзат үрдісі мен үдерісі туралы, көне тарихы туралы мәліметтер алуан, түсініктер бір — бірімен әмісе үйлесе бермейді. Десек те, ежелгі дүние, көне дәуір дегенде жер бетінің тіршілікке қолайлы табиғат өңірінде 10-12 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар кауымдастығы деген түсінік қалыптасқан. Ауа райы жылы, жері құнарлы, аң — құсы мол орманды — дала азиялық өңірде, атап айтқанда, шығыс — азиялык өңірде қаншама тайпалар мен түрлі қауымдастықтар қатарласып өмір сүрді. Олар әсіресе Орталық және Кіші Азияға, Қытайдың оңтүстік жағы мен Үндіқытай жақтарына, Солтүстік Африка мен Арабиялық мекен — жайға, Таяу және Орталық Шығысқа шоғырланды. Көне тарих туралы мәліметтер алуан, түсініктер де бір-бірімен үйлесе бермейді. Алғашқы қауымдық құрылыс мәдениеті қашан және қай жерде пайда болды? Бұл сұрақтарға нақты жауап беру оңайлыққа соқпайды, өйткені адамның қалыптасу үдерісінің тарихы тереңде, сонау көне заманда жатыр. Ақиқатқа жүгінсек, қазіргі антропология ғылымының өзі де адамзат баласының қалыптасып, дамуына байланысты туындайтын көкейкесті мәселелерге егжей — тегжейлі жауап бере алмайды. Қауымдық құрылыс адам баласының өсіп дамуындағы, адамдық жолға түсе бастауының ең алғашқы кезеңі болды және оның жүздеген мыңжылдықтарға созылғаны ақиқат.

Құнарлы жермен, тіршілікке ыңғайлы табиғи ортада адамдар үнемі ізденісте, қарқынды әрекетте болды. Алғаш рет сұлыны Кіші Азия, Палестина, Иран және солтүстік Африка өңірінде еккен деген мәлімет бар. Кейінірек б.д.д. Х — VІІІ мыңжылдық аралығында Иран қыраттарында ешкіні, қойды, есекті қолға үйреткен, егін еккен, ал VI мыңжылдықта Египетте, Түркменияның оңтүстігінде, Балқандағы Дунай өзенінің жағасында егін егіп астық өндіру үйреншікті шаруаға айналған. Б.д.д. VIII- VI мыңжылдықтарда осы өңірлерде тастан құрал — жабдық жасау, мата жасау, корзина өру, күйдірілген қыштан ыдыс — аяқ жасау қолөнерлері дамыған. Мұның бәрі тамақты молырақ жасауға, сақтауға ықпал етті, адамдардың өмір сүру деңгейін анағұрлым жақсартты. Адамдар қауымдастығы бір — бірімен байланыста болып өсіп — өнді, табиғи ортаға тезірек сіңісті. Алғашқы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы адамдардың қара дүрсін күнкөрісіне жетсе де, олардың артық өнім өндіру, оны сақтау немесе сақтық қор жасау мүмкіндігі шектеулі болды. Осыдан халықтың саны баяу өсті, мекен-жайға әрқалай бейімделді, кездейсоқ күйде таралды. Тек б.д.д. VIII -VI мыңжылдықтарда Кіші Азия, Сирия, Палестина жерлерінде жетілген ауылдар, дуалмен қоршалған тұрақты мекен — жайлар қалыптасты. Дуалдар байлықты сақтау үшін, сыртқы жаудан сақтану үшін соғылған десек, мұның өзі тұрмыс-салттың жақсарғанын аңғартады. Ендігі отырықшылардың қоныс аударуы сирейді, ұзаққа созылмайды. Табиғи және басқа да қиыншылықтарды жеңген сайын қоныс аудару баяу, сатылап өрбиді. Малшылар судың бастауынан, су жағасынан ұзап кете алмады. Малшылар ат пен түйені қолға үйреткеннен кейін ғана, көші — қон ауқымын кеңейтеді. Б.д.д. VI—III мыңжылдықтары ірі тайпалар мен жеңілген тайпалардың үлкен көші — қоны орын алған. Көптеген ру-тайпалар Алтай өңірінен оңтүстік-шығысқа, батысқа, ал африкалық-азиялық тайпалардың солтүстік Африкаға, Таяу Шығысқа — Арабия, Сирия, Месопотамия жерлеріне толқын-толқын қоныс аударуы орын алған. Көшіп келген тайпалар жергілікті тұрғындарды мекен — жайдан ығыстыра бермей, олармен араласып кеткені аңғарылады. Сырттан келгендердің жергілікті тайпалармен араласуы жаңа мәдениетті – көшіп — қону әдет — ғұрпын, өзара тіл табысу жөнін, малды асырауды, жерді өндеуді жетілдірдіреді. Егін мен мая шаруашылығымен қатар шұғылданатын жаңа қауымдастықтар қалыптасады. Б.д.д VІІ – VІ мыңжылдықта Африка мен батыс Азияда егін, мал шаруашылығымен шұғылданған кауымдастықтар таза көшпелі тайпаларға жата бермеді. Егіншілер біртіндеп жартылай малшы жартылай егіншілерден бөліне бастайды. Өмірлік жай мен жағдайды игеру шарасы баяу, біртіндеп, әрқалай жүзеге асады, яғни ұзаққа созылды. Тарихта еңбектің бөлінуі мен табиғи кеңістікті игеру немесе оған бейімделу жұмыстары әр қарқында жүріп жатты. Егіншілер суармалы жерге қоныстанды, малшылар жайлау іздеп, тіршілік бағытын өзгертті. Ғалымдардың пікірінше, алғашқы қауымдық құрылыс үш дәуірге бөлінеді. Олар: тас дәуірі («Палеолит») — бұдан 2,5 — 2,6 млн. жылдай бұрын басталып, б.д.д. екі мыңыншы жылдықтың басына дейін созылған; қола дәуірі — б.д.д. екінші және бірінші мыңжылдықтардың басын қамтиды); темір дәуірі — шамамен б.д.д. бір мыңжылдықтың ортасынан басталады. Алғашқы қауымдық құрылыс өнерінің бастапқы кезеңінің басты ерекшелігі — синкретистік (гректің «қосылу» деген сөзінен шыққан) сипатта. Алғашқы адамдардың өзін коршаған дүниені танып — білуі стихиялық жағдайда өтті, олар табиғат күштерінің алдында дәрменсіз болды. Ертедегі адамдар тобыры біріге жүріп жануарлардан тартып алған баспананы, үңгірлерді, апандарды өздеріне мекен-жай етеді. Олар табиғаттың дайын өнімдерін теріп жеді және аңшылықпен айналысты. Алғашқы қауымдық құрылыстың кемелденген кезеңі — неолит дәуірі. Бұл рулық құрылыстың орнығып, тастан жасалған құрал -саймандарды кеңінен қолданған кезең. Қауым адамдары тас балталардың көмегімен ағашты кесіп үй салды, қайықтар жасады. Жаңа тас дәуірінде адамдар саз балшықты күйдіріп, оны су өткізбейтін қатты затқа айналдыруды үйренеді. Неолит дәуіріндегі адамдардың шаруашылықты жүргізу тәсілдеріне байланысты екіге бөлуге болады. Олардың бастапқысы, аң аулаумен, балықшылықпен, екінші саласы егіншілікпен және мал өсірумен тығыз байланысты Бұл — иелену экономикасы болып табылады және оны «өндіретін экономика» деп атаған. Неолиттік техниканың жетілуі нәтижесінде бай қоныстар, деревнялар пайда бола бастады, қауымдар тайпаларға бірікті, сөйтіп мемлекеттің пайда болуына даңғыл жол ашылды. Неолит дәуірінде (б.д.д. 5-4 мыңжылдыктар арасында) Орта теңіз, Орта Азия өңірінде тас құралдарын пайдалану тұрмысқа кеңірек енеді, қандас қауымдастық қалыптасады. Адамзат шаруашылықты жүргізу тәсілдері бойынша аңшылар, балықшылар, дайын жеміс — жидекті жинаушылар деген атауға ие болады. Тамақты таста, ағаш ыдыста пісіруді үйренді, қолға малды үйретті. Адамдар қауымдастығы әр өңірдің ауа — райына, географиялық кеңістіктің қырат — сайына, тұрмыс тіршіліктің ыңғайына орай жабайы аңдарды қолға үйреткен. Малды қолға үйрету жұмысы баяу жүргізілген, ұзаққа созылған. Мал шаруашылығымен щұғылданған аңшылар алғаш колға итті үйретті. Әр замандағы түрлі қауымдастықтардың бірі — ешкіні, бірі — қой мен ешкіні, бірі — атты, бірі — түйені және т.б. колға үйретеді. Мал шаруашылығымен шүғылданбақ икемділік бастапқыда VIII — VI мыңжылдықта Кіші Азия, Сирия және Палестина сияқты өлкелерде пайда болады. Шаруашылықтың түрлері өмірге қарым — қатынастың санын көбейтті, оны түрлі ортаға ендірді, жер — жерде алуан рәсім — салтты, наным — сенімді қалыптастырды. Тас пен ағашты өңдейтін ұсталық қалыптасады. Артық зат пен өнімді айырбастау барысында кеңістіктегі қатынастар, яғни ел-жұрт арасындағы барыс — келіс артады. Үш дүние туралы — көк аспан (жоғарғы дүние), жер (ортадағы дүние), жер мен теңіз астындағы (төменгі) дүниелер туралы елестер түсінікке енеді. Осы неолит дәуірінде дүниеге деген тұтас түсінік, оның алып ағашқа ұқсас түрлі бұтақтары, тамырлары мен көріністері туралы көзқарастар қалыптасады. Дүниенің осы үш деңгейінің адамға қатысын, көзге көрінбейтін байланысын әлемдік күш — қуат арқылы, рух арқылы түсіндірмек талпыныс та орын алды. Оны — шамандық рәсім — салт, шаманизм ағымы деп жатады. Шаман тылсым дүниенің сиқырлы күші арқылы, жоғарыдағы аруақты шақыру арқылы адамды емдеуге немесе қарғауға араласқан. Неолит дәуірінде мал шаруашылығымен қатар егіншілік те дамыды. Егіншілер алғаш ағаш соқамен көшіп — қонып жүріп астығын жинаса, кейінірек орнықты жайға көшеді. Егін шаруашылығына металдан жасалған еңбек құралдары қолданған сайын тұрақты ауыл мекендері мен қалашықтар қалыптасады.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.