Фрейд іліміндегі тілдің қызметі

Главная » Рефераттар » Фрейд іліміндегі тілдің қызметі

Психоанализдің ғылым ретінде бой көрсетуіне байланысты біз одан талдау әдісі, процедурасы және мақсаттары жайында есеп алып, оларды көпшілік мойындаған «ғылым» әдістерімен, процедурасымен және мақсаттарымен салыстыруға хақымыз бар. Психоанализ тәсілінің негізіне алынатын пайымдаулардың жолын түсінгісі келген адам, біртүрлі оғаш тұжырымға келуі мүмкін. Жан кеселін тіркеуден бастап­ақ сауыққанға дейінгілердің барлығы да материалды саладан тыс жүріп жатқандай әсер қалдырады. Ешбір процедура дәйекті түрде тексеруге келмейді. Бір түйіннен келесі түйінге өтерде, кез келген ғылыми пайымға тән, кәдімгі себепкер байланыс анықталмайды. Психиатр, психоаналистке қарағанда, жан кеселін жарақатпен түсіндіруге талпынғанда зерттеудің классикалық әдістемесіне сүйеніп, зерттеуге қажет «себепті» іздейді. Психоанализ әдістемесінде біз осыған ұқсас ештеңе таппаймыз. Психоанализбен Фрейдтің жазғаны арқылы танысып (осы жолдардың авторы сияқты), оның тәжірибелілік тиімділігінен (бұл жерде ол талданбайды) гөрі, құбылыстардың мәні мен олардың арақатынасына қызығатын адам, психоанализдің басқа ғылымдардан айырмашылығына көз жеткізе алады. Олар мынадай: науқастың айтқандары психоаналистің материалы болады. Психоаналист науқастың айтқандары арқылы, сөйлеуі мен «аңыз жасау» кезіндегі оның мінез­құлқын зерттеп, ауру адамның сөздерінің ішінен бірте­бірте түпкі санада жасырынып жатқан комплекспен байланысты басқа тілді ұғынып, соны түсіндіруге талпынады. Емнің шипалы болуы комплекстің анықталуына байланысты, өз кезегінде ол жасалған тұжырымның дұрыстығын дәлелдейді. Сонымен, емделушіден психоаналистке дейінгі және психоаналистен пациентке дейінгі процестің барлығы ­ тіл арқылы жүзеге асады.

.

Тілге деген осындай көзқарастың болуының өзі назар аудартады және бұл осындай талдауларға тән ерекше сипат болып есептеледі. Біздіңше, психоаналист науқастан табылып, зерттеуге алынатын әртүрлі белгілердің жиынтығына негізінен, түп санада пайда болып, кейіннен жалған уәжділіктерге жиі ауысып, санада орын алатын белгілі бір бастапқы уәжділіктің өнімі ретінде қарайтын сияқты. Анықталуы тиіс бастапқы уәжділік тұрғысынан алғанда, науқастың барлық қылықтары түсінікті болып, өзара байланысқа түскенде, психоаналистің пікірінше, олардың нәтижесі әрі символикалық субститут болып табылатын жан дертіне ұласады. Біз мұнда психоаналитикалық тәсілдің маңызды ерекшелігін көреміз: уәжділік қатынасы, жаратылыстану ғылымындағы себептілік қатынасы тәрізді, «құбылыстарды» қосып тұратын үзбе ретінде пайдаға асады. Біздің ойымызша, егер психоаналистар осыны мойындайтын болса, онда ғылым ретіндегі психоанализдің ерекше дәрежесі де және олар қолданатын әдістің ерекше сипаты да берік негізге ие болар еді.

Уәжділіктің психоанализде «себептің» қызметін атқаратынына анық дәлел бар. Психоанализ процедурасының толығымен өткенді саралауға бағытталып, науқастың жады мен әңгімелерінде кеселдің дамуын түсіндіруге қажет болатын нақты деректі тірілту мақсатын көздейтіні белгілі. Осындай жолмен психоаналист науқастың санасында жоғалып, жадында көмілген «тарихи» деректі іздей бастайды, ал кейін науқас адам оны өзімен салыстырып «қабылдауға» не келіседі, не келіспейді. Бізге белгілі бір өмірлік тәжірибені, өткен өмірбаян дерегін осылай жандандыру — «себепті» іздеумен барабар деген уәж айтылуы мүмкін. Бірақ өмірбаян дерегі өздігінен себептік ­ салдарлық байланыстың қызметін атқара алмайды. Өйткені, «бастан кешкені» тек қана өзіне мәлім науқастың көмегінсіз, психоаналист ол дерек туралы білмейді, ал білген жағдайдың өзінде де ол деректің мәнін аша алмайды. Мысалы, белгілі бір утопиялық әлемде объективті куәлардың көмегімен психоаналист науқастың өмірбаянындағы барлық оқиғалардың ізін қалпына келтіре алады­мыс. Дегенмен де сәтті кездейсоқтық болмаса, оның пайдасы да шамалы. Психоаналистке науқастың әңгімесі қажет, тіпті, оның белгілі бір мақсат қоймай, қалай болса солай сөйлегені керек. Ол науқастың жадынан басқа еш бір жерде кездеспейтін қандай да бір эмпирикалық деректі анықтау үшін ғана керек емес, өйткені тарихи нақтылығына қарамастан, шын тәжірибе сипатын үстейтін «сөйлеуде» және науқастың «сөйлеуінде» ғана (тіпті оның сөзі жалған немесе ол өмірбаяны ойдан шығарылса да) психоаналист үшін эмпирикалық оқиғалар нақтылыққа ие болады. Жағдайдың осылай болуы психоаналистің деректерді жандандырудан гөрі, уәжділікті анықтауға ұмтылуына байланысты болады. Мұндай өмірбаянның негізгі сипаты оның сөйлеу арқылы (вербальды түрде) көрініс табатынында, сондықтан ол баяндаушы үшін «өзінікі» болып қабылданады; оның көрінісі — сөйлеу; психоаналист пен науқастың әңгімесі де диалог және сөйлеу болып табылады.

.

Бұл жердегінің бәрі қолдану аясы және сүйікті құралы тіл болып табылатын тәсілдің пайда болуын көрсетеді. Мұнда маңызды сұрақ туындайды: өзі де, белгілейтіні де соншалықты маңызға ие бұл қандай «тіл»? Ол психоанализден тыс қолданылатын тілге барабар ма? Ең болмаса, диалогқа қатысушы екі адамға ол бірдей бола ма? Профессор Лакан сөйлеу мен тілдің психоанализдегі қызметі мен орнына арналған өзінің керемет еңбегінде психоанализ әдісі туралы мынадай пікір айтады (103­б.): «Оның әдісі — тілдік әдіс болып табылады, өйткені тіл тұлғаның қызметіне мән бітіреді; оның саласы — субъектінің трансиндивидуальды нақтылығы ретінде болатын нақтылы тілдік жағдайдың саласы; оның амалдары тарихи ғылымның амалдары, өйткені ол нақтылықтағы ақиқаттың көрінісін анықтайды». Осындай сәтті анықтамаларды және ең алдымен Ж.Лакан енгізген «құралдар» мен «саланы» межелеуді негізге алып, көрсетілген «тілдің» түрлерін анықтауға мүмкіндік бар.

Ең әуелі, біз субъективті әлемге, сөйлеу әлеміне жолығамыз. Фрейд талдауларының барлық бойында пациенттің өзіне өзін өз ойындағыдай етіп «көрсету» үшін және «басқаны» да соған итермелеу үшін тіл мен әңгімені қолданатынын көреміз. Оның сөзі— басқаға тіл арқылы бағышталған шақыру және жалбарыну, кейде дүлейленген үндеу де. Осылар арқылы ол өзін­өзі дәлелдемек болады, бірақ көбінесе оның үндеуі ерекше көріну мақсатында айтылып, жалған болады. Басқаға қаратып сөйлеу кезінде өзі туралы әңгімелеуші адам басқаны өз өміріне қатысты етеді де, сол арқылы өзін­өзі таниды, өзін салыстырады, өзін­өзі ойдағыдай етіп көрсетуге талпынады, және нәтижесінде бұрмаланған немесе үзік әңгіме арқылы өзінің өткен өмірін жасайды («өзін­өзі тарихиландырады»). Сонымен, бұл жерде тіл — сөйлеу ретінде пайдаға асып, диалогтың бөлігі саналатын осы мезетте өтіп жатқан және қабылдануы қиын субъективтіліктің көрінісі болады. Тіл науқастың босаңсып, өзін­өзі тұлға ретінде орнықтыратын және басқаға әсер етіп, өзін мойындататын әңгіме құралына айналады. Сондай­ақ, тіл — сөйлеудің жеке және субъектаралық мақсаттарын өтеу нәтижесінде жаңа әрі жеке бейнеге ие болатын бүкіл қоғамға тән құрылым. Тіл — бәріне ортақ жүйе болса, сөйлеу бір мезетте хабардың иесі және іс­әрекет құралы. Бұл мағынада тіл арқылы және тілдің ішінде жүзеге асып отырса да, сөйлеу формалары әр кезде де теңдесі жоқ, бірегейлігімен ерекшеленеді. Сондықтан да науқас адамда сөйлеу­әңгіме мен тіл арасында қарама­ қайшылық (антиномия) байқалады.

Бірақ психоаналист бұл антиномияны тіпті басқа тұрғыда қабылдайды және ол басқа мәнге ие болады. Ол әңгіме ­ сөйлеудің мазмұны мен ондағы кідірістерге мұқият болғаны жөн. Бұл мазмұннан психоаналист науқастың жағдай туралы ойы мен оның өзіне арнаған орнын біліп, мазмұн астарындағы жаңа мазмұнды, жасырын жатқан комплекске апаратын түп саналық уәжділікті табуға талпынады. Ол тілдің өзіне тән символдық жүйенің арғы жағына шығып, науқасқа беймәлім түрде оның айтқандарынан да, жасырып айтпағандарынан да пайда болатын жеке символдық жүйені тануы тиіс. Сонда науқастың ойдан шығарылған тарихының астарынан уәжділікті түсіндіретін басқа бір тарих көріне бастайды. Сонымен, психоаналист тілді психиканың терең құрылымдарынан бастау алатын, өзіндік ережелері, символдары және «синтаксисі» бар басқа «тілді» түсіндіруші делдал ретінде пайдаға асырады.

.

Егжей­тегжейлі талдауды талап ететін, бірақ оларды тек психоаналист қана нақты анықтай алатын осы екі жүйенің арасындағы айырмашылықтарды көрсете отырып, біз кейбір қате түсініктерді сейілткіміз келеді. Мұндай түсініктердің кең тарап кетуі қаупі, онсыз да «аңғал» тілдің қалай зерттелетіні түсініксіз және психоаналистердің ерекше тәсілдерінің арқасында жаңа қиындықтар пайда болатын салада туындап отыр. Фрейд тілдік жадтың жоғалу және қате сөйлеу арқылы көрініс табатын, ойын аспектісінде немесе сананың меңгеру қызметі тоқтап, сандырақтаған кездегі вербалды (сөз) қызметтің сенімді талдауын жасап берді. Тілдік нормада ауыздықталатын немесе сублимацияға ұласатын барлық анархиялық күштердің тегі түпкі санада жатады. Сондай­ақ, Фрейд тілдің осы формалары және түп саналық уәжділіктің тағы бір көрінісі болып табылатын түс көру кезінде пайда болатын ассоциациялар арасындағы терең ұқсастықты байқаған. Осы жолмен ол тілдің санадан тыс жатқан психика құрылымдарымен қалай байланыс жасап, қызмет атқаратыны туралы пайымдауларға және тіл формаларында психикаға тән жанжалдардың ізі қала ма деген сұраққа келеді.

Фрейд бұл мәселені 1910 жылы жарық көрген «Алғашқы бейнелі сөздердегі қарама­ қарсы мағыналар туралы» деген мақаласында көтереді. «Traumdeutung» («Түстердің мәні») деген еңбегінде түс көру қисынына қайшылықты елемеу тән деген маңызды пікірі бастапқы нүкте ретінде алынған: «Қарама­қарсылық пен қарама­қайшылық категорияларының түс көру кезіндегі көрінісі ерекше таң қалдырады: олар мұнда тіпті көрінбейді де, түсте «жоқ» деген білінбейді. Түс қарама­қарсылықтарды біріктіруде және оларды бірақ нысан ретінде көрсетуде асқан шеберлік танытады. Сондай­ақ түсте қайсыбір элемент өзіне қарсы нәрсе арқылы жиі көрінеді, сондықтан қарама­қарсылығы болуы мүмкін элементтің түсте жағымды немесе жағымсыз мағына жеткізіп тұрғаны белгісіз болады». Фрейд К.Абельдің бір еңбегінен «әдетте түс көруде кездесетін аталған әдіс, бізге мәлім тілдердің ең көнелеріне тән» дегеніне дәлел тапқандай болды. Осыны бірнеше мысалдармен көрсете келе, Фрейд мынадай тұжырымға келеді: «Біз мақаланың бас жағында көрсеткен түс көру барысындағы ерекшеліктер мен филологтардың ең көне тілдерде тапқан тілдің қолданыс ерекшеліктері арасындағы сәйкестіктің болуы, біздіңше, біз ұсынған түстегі ойдың көрінісі туралы тұжырымдаманы дәлелдейді. Тұжырымдама бойынша бұл көрініске ретроспективті, архаикалық сипат тән болады». Біздер, психиатрлар, тілдің дамуы туралы толығырақ мәліметке ие болғанда, түс көру тілін де дұрыс түсініп, жеңіл ұғындырар ма едік деген ойға келеміз».

Фрейд беделінің арқасында бұл пікірді дәлелденген деуге болады және онда айтылған идея жемісті зерттеулерге жетелейтіндей әсер қалдыруы мүмкін. Түс көру процесі және белгілі бір сөздің бір мезетте бір нәрсені және оған қарама­қарсы нәрсені белгілейтін «қарапайым» тілдердің арасындағы аналогия (ұқсастық) табылғандай болып көрінуі мүмкін. Ұжымдық тіл мен жеке психикаға ортақ құрылымдарды зерттеуге де жол ашылғандай. Осынау болашақ жетістіктерге қарап, Фрейдті жолдан тайдырған Карл Абелдің этимологиялық пайымдары ешбір деректермен дәлелденбейтінін айту ләзім. Бұл мәселе тілдің психопатологиялық көріністерімен емес, тексеруге келетін, тарихта бар тілдердің бәрінде де кездесетін нақты деректерге байланысты.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.