Гелиогеофизика туралы қазақша

Home » Рефераттар » Гелиогеофизика туралы қазақша
Рефераттар Комментариев нет

Күн (гелио) мен Жер (гео) физикасы — жас ғылым саласы, Жер бетіндегі геофизика құбылыстары мен Күннің әрекет қимылының өзгерістері арасындағы байланысты зерттейді. Жердегі барлық қозғалыстың түпкілікті көзі Күн. Ауа райының өзгерістерімен септеседі деген болжамды жақтаушы ғалымдар көп. Ауа райы дегенді қазақ арасында көбінесе «күн» деп сөйлейді. Күн қандай, күн жауын, күн суық, күн жылы, күн боран дегендей сөздердің бәрінде де «күн» қабатталып жүруі түп негізінде шындықпен қабысады: ауа райының күйі Күннің қимылымен сабақтас. Мал шаруасымен шұғылданған қазақ халқының отырса-тұрса есінен кетпей, білгісі келіп құштарланатыны ертеңгі күн, осы ай, осы қыс қандай болып өтер екен дегендей жанға батарлық мәселелер болатын. Ауа райының өзгерістерінің сбептері тым күрделі. Оған Тұлқатын да, Сарыжұлдыз да, Қызылжұлдыз да кінәлі емес. Күнді болжап дәл айтып беру, осы кездегі ғылымның барлық табыстарына сүйенгеннің өзінде де оңай емес. Ол үшін көктегі Күн мен Жердегі ауада болатын өте көп құбылыстардың басын қоса отырып, оларды ұштастырып, салғастырып барып қорытындылар жасалады. Күннің ғаламат күрделі сипаттарының сырын ашу деген ғалымдар үшін түбегейлі мәселе. Күн бізден орасан қашықта тұрса да, сәулесі тік түсіп тұрғанда оның ыстығы өтіп бара жатады. Жақындаған сайын ыстық, әрине күшейе түседі. Күн бетінің температурасы 6000 градус  екені анықталды. Ал оның  ішінде есеп бойынша, 25-30 млн. градус ыстық болу керек. Осындай керемет ыстықта Күн ішінде ядролық процестер жүріп, атомдық энергия бөлініп шығып жатады. Күннің телегей теңіз жарығы мен жылуының сарқылмас көзі осында. Астан-кестен сапырылысып қайнап жатқан плазмалық мұхитты ұшығына жетіп суреттеуге кімнің тілі жетсін! Сөйтсе де ғалымдар Күн бетінде байқалатын өзгерістерде заңдылық бар екенін ашты. Күйелеген әйнекпен жай көзбен-ақ қарап, кейде күн бетінде қарауытқан кішкене дақтарды көруге болады. Бір ірі дақтардың көрінуін осыдан 6000 жылдар бұрын орыс шежірешілері жазып кеткен. Зерттеп қарағанда, көбінесе осы дақтардың төңірегінен самаладай жарық көрініп және Күн бетінің әр жерінен жалын шудалары ұдайы атылып шығып тұратыны байқалады. Күн бетіндегі дақтардың, оталыстардың, жалын шудаларының саны бірде азайып, бірде көбейеді. Орта есеппен 11 жыл сайын дақтар, оталыстар көбейіп отырады. Оны Күннің әрекет-қимылы күшейген жылдар дейді. Гелиогеофизикада мұндай кезде Күннен тарайтын радиация күшейетіні анықталған. Күннен тараған әлгі радиация Жерді қоршаған ауаға келіп жетіп, оның күйіне әсерін тигізеді. Осылай көктегі мен жердегінің арасында септестік бар болып шығады. Нөсер жауындардың, полярлық шұғылалардың саны, магнит тілінің ұйытқуы, радиотолқындардың таралуы сияқты жер бетіндегі бірсыпыра геофизикалық құбылыстар да дүркін-дүркін өзгеріп, әлгі Күннің әрекет-қимылы күшейген жылдар сонымен сабақтасып, бұлардың өзгерістері  де күшейе түседі. Бағзы бір ғалымдар жер бетіндегі жылы және суық ауа массаларының жылысып, алмасуы да Күннің әрекет-қимылының күшеюімен ұштасады деген пікір бар.

Ғалымдар мұқият зерттеп, жердегі көп құбылыстарда қайталаушылық бар екенін және олардың Күннің әрекет — қимылымен сабақтас екенін дәлелдеді. Қазақ даласында да ірі жұттар 12 жыл сайын қайталап, айта қалғандай, бірнеше рет Қоян жылдарда болып отырғаны мәлім. Жұттар мен Күннің әрекет-қимылының, өзгерісінің арасында іліктестік жоқ па екен деген мәселе де көңіл бөлуге тұрарлық. Бірақ жұттар қай жылдарда болғаны жайлы біздегі бар мәлімет, соңғы 150 жыл ішін ғана қамти алады. Елді түгел не жартылай жұтқа шалдықтырған жылдар мыналар екен: 1811/12, 1826/27, 1827/8, 1829/30, 1838/39, 1844/45, 1847/48, 1848/49, 1853/54, 1867/68, 1873/74, 1875/76, 1879/80, 1884, 1888/89, 1891/92. Қыс күндері қар еріп, жаңбыр жауып, арты аяз болса, жайылымды мұз ұстап, тебін малы шөп алып жей алмайды. қырғын жұттардың болу себебі көбінесе «мұз» жауудан. Мұны «Көкқоян» деген аттың өзі-ақ білдіріп тұр. «Көкқоян» жұттар бірнеше рет болған. Жаз құрғақшылық болып, шөп шықпай қалған жылдар да жұтқа ұрындырады. «Тақырқоян», «Тақыртауық» деген аттар осыдан шыққан. Қалың қар, қатты боран, қыс аяғының созылуы, міне, осының бәрі де тебін малына жайлы тимейді. Ал, енді көктегі Күн бетінде болып тұратын құбылысқа келейік. Күн бетінде болып тұратын құбылысқа келейік. Күн дақтарының өршитін жылдарының арасы тапжылмай 11 жылдан болып отырмайды. Тетелес екі өршу аралығы 7 жылдан 14 жылға дейін созылып та кетеді.

200 жыл ішінде максимум мен минимумдер мына жылдарда болыпты. Өршулер: 1750, 1761, 1775, 1784, 1798, 1810, 1823, 1833, 1843, 1843, 1860, 1870, 1883, 1893, 1905, 1917, 1928, 1937, 1947, 1958. Бәсеңдеулер: 1755, 1766, 1775, 1784, 1798, 1810, 1823, 1833, 1843, 1856, 1867, 1878, 1889, 1901, 1913, 1923, 1933, 1944.

Салыстырып қарасақ, 1811 мен 1927 жылдар арасында 30 болған жұттардың жартысындайы Күн әрекет-қимылының максимумына, не максимум қарсаңына дөп келіп отырыпты, ал 8-і минимумге не минимум қарсаңына, 9-ы әрі-сәрі болып, максимум мен минимум жылдарының аралығына келген. Осы қолда бар аз ғана мәліметтің өзіне сүйене отырып-ақ мынадай қорытынды жасауға болады. Жұттар Күн әрекет-қимылының ылғи максимумына тура келмейді, минимумге де, екі аралығына да сай келеді, сөйтсе де максимумге көбірек келген. Декабрьде жаңбыр жауып жұтатын екі жылдың біреуі максимумге, енді біреуі максимум қарсаңына тура келген. 1958 жылғы максимум кезінде Қарағанды облысының Қу ауданында 27 майда қар жауды. Ендеше осы қорытындымыз қалың қарды, күшті жауынды, қатты желдерді ілестіре жүретін ауа массаларының алмасуы және суық ауа массаларының жылысуы, Күннің әрекет-қимылының күшеюіне тәуелді деген пікірлермен жуысады. Сөйтіп, ауа райын дұрыс болжаудың бір басты шарты Күн бетіндегі дақтардың санын бақылау. Гелиогеофизика мен климотология ғылымдары бірлесе отырып ауа райының болжамын қазірдің өзінде бірсыдырға дұрыс айтып бере алады. Ауыл шаруашылығының маусымдық жұмыстарын жоспарлауда, авиацияда ауа райының дұрыс болжамын білу келелі мәселе.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.