Германия әдебиеті

Home » Рефераттар » Германия әдебиеті
Рефераттар Комментариев нет

ХІХ ғасырдың соңына қарай неміс жазушылары өздерінің еуропалық көршілеріне қарағанда әлде қайда артта қалған болатын. Біріншіден, онда Э.Золя мен Т.Гардиға тең келетін талантты суретшілер болмады. Екіншіден, сол кездегі неміс жазушылары кішігірім бір аймаққа тән мәселелерді шешумен ғана шектеледі. Туған елдің әдебиеті деп аталатын ұғым жазушылардың тек өздері туып-өскен жердің күнделікті тіршілігін суреттеуімен байла­нысты. Бұл әдебиеттің негізгі мақсаты қарапайым шаруа мен жұмысшыны капиталистік қоғамның қысымынан қорғау болып табылады.

«Туған елдің әдебиеті» деген ұғым «Туған ел» журналының редакторлары Фридрих Линхард пен Адольф Бартельсонның мақаласында алғаш рет қолданылады. Олар өздерінің мақалаларында жазушыларды үлкен қалалардан кетіп, ауылды жерлерге баруға шақырады. Беллетрист Людвич Гангховер мен Родольф Герцог өз шығармаларында оқырмандарға нағыз ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін баяндап береді. Осы бағыттың жақтаушысы Густав Френсен өзінің 1901 жылғы «Иерн Ульф» атты романы арқылы елеулі жетістікке жетеді. Бұл романда қалаға келген шаруа отбасынан шыққан жасөспірімнің басынан өткен шытырман оқиғалары әңгіме болады.

Клара Фибихтың «Өз анамның ұлы» (1906) атты романында Рейн облысындағы ауыл­дық өмір мен ондағы әдет-ғұрыптар суреттелген. Людвиг Томның «Андрес Фест» (1905), «Бой­­дақ» (1911), «Дөрекі» (1922) атты романдарында баварлық шаруалардың ұжымдық портреті шебер суреттел­ген. Онда жазушы кейіпкерлердің қайраттылығы мен қыңырлығын, дүниеқо­ңыз­дығы мен байлыққа деген құштарлығын көрсеткен. Аталған авторлардың ешқайсысы күнделікті тіршілікті суреттеуден асып шыға алмады. Олар жеке тұлғаның қасиеттері мен даралығын ескерместен ұлттық батырдың бейнесін құруға ұмтылады. Әлеуметтік-философиялық тұрғыда ойлануға олардың батылдары жетпеді.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін соғыс экспрессионизм бағыты белең ала бастайды. Экспрессионистердің негізгі эстетикалық ұстанымы шындыққа еліктемей, оған деген ашуды білдіру болды. Әдебиет саласында эксперссионизм лирикалық кейіпкердің күйзеліс кезіндегі көңіл-күйін жеткізуге тырысқан ақындар тарапынан қолдау көреді. Экспрессионизмге жақын драматургтер мен суретшілер өнерде де, өмірде де бүлік шығаруға жандары құмар болған. Олардың шығармаларында буржуазиялық шындық карикатурамен беріліп, олар өздерінің ойын жанжалға толы тәсілдермен жеткізудің жолдарын іздеді.

Әдебиет саласына соғыс пен төңкерісті бастарынан кешірген Эрих Мария Ремарк, Людвиг Ренн, Бертольд Брехт, Бернгард Келлерман, Арнольд Цвейк сынды ақын-жазушылар келе бастайды. Әдеби бағыттар мен жанрларда да біршама өзгерістер байқалады. Соғыстан кейінгі жылдары жазушылар өздерінің бастарынан кешкен оқиғаларды дәл әрі анық сурет­тейді. Реалисттік роман жанрлардың арасында айтарлықтай басымдылыққа ие болады.

Леонгард Франк (1882-1961) — соғысқа қарсы тұрып, экспрессионизмге жақын болған прозаиктардың бірі. Ол Швейцарияға жер аударып, онда өзінің «Адам мейірімді» атты әңгімелер топтамасын жариялаған. Онда Франк өзінің замандастары мен жерлестерін соғыс­ты тоқтатып, қаруларын адамзатты құртуды көздеп отырған саяси жүйеге қарсы бағыттауға шақырған. Ол сөзге шебер дарынды жазушы болған. Франк шынайы өмірде орын алған қарапайым оқиғаларды баяндайды. Оның «Әке» атты романындағы бас кейіпкер кафеде жұмыс істеп, көпшіліктің тарапынан көрсетілген қысымға шыдап бағады. Ол өзінің ұлын уневерситтетке оқуға жіберіп, оның нағыз адам болып шығуын армандап, тек ұлы үшін өмір сүреді. Оның ұлы соғыс алаңында қайтыс болады. Кеше ғана үндемей жүрген кафе ­қызметкері енді халықты соғысты бастаған үкіметті жоюға шақырады. Мыңдаған жетімдер мен жесірлер, барлық адамзат бейбітшілікті армандайды. Экспрессионист-ақындар оқырмандардың жүрегіне үміт отын ұялатып, оларға әсер етуді маңызды орынға қояды.

Готфрид Бенн (1886-1956) — ұлы неміс ақындарының бірі, экспрессионизм өкілі, шір­кеу діндарының баласы. Бенн Марбургте германистиканы, Берлинде медицинаны оқып, кәсі­би психиатр, венеролог болған. Оның алғашқы өлеңдер жинағы «Мүрдехана» (1912) аталып, онда адамдардың өліктері суреттеледі. Беннің өлеңдерінде («Аңырап жатқан қатындардың палатасы», «Тән», «Доктор») адамның өлімнен кейінгі тіршілігі сипатталады.

Г. Беннің дүниетанымының қалыптасуына атақты әйел ақын, прозаик Эльза Ласкер-Шюллер (1869-1945) айтарлықтай әсер етеді. Ол соғыс жылдары дәрігер ретінде қызмет атқарып, поэтикалық сұмдықтардың шындыққа айналғанына куә болады. Г. Бенн өмірінің соңына қарай танымал болып, оның шығармалары ел арасында кеңінен таралады.

Генрих Манн (1871-1950) Любеке қаласында дүниеге келген. Манн әулеті астық сатумен айналысқан. Анасы Бразилиядан шыққан талантты музыкант болған. Генрихтің 20 жасында әкесі қайтыс болады да, оның отбасы Любекеден көшіп кетеді. Сатириктің шығармашылық шыңы ретінде оның «Адал бағынушы» (1914) атты роман-памфлетін атауға болады. Онда Германияның шынайы саяси өмірі суреттелген. Соғыс жылдарында бұл шығарманың басылымға шығуына рұқсат берілмейді. Романның бас кейіпкері Дидерих Геслингтің кемшілігі психология­лық емес, әлеуметтік сипатта болады. Ол бала кезінен бастап билік құмар болып өседі де, әкесінің кәсіпорынын мұра етіп алғаннан кейін бүкіл қаланы өзіне бағындыруға тырысады. Неміс тіліндегі фашизмге қарсы жазылған алғашқы романы саналады.

1930 жылы Германияның өнер академиясына президент болып тағайын­далған Генрих үш жылдан кейін туған жерінен кетуге мәжбүр болады. Ол әуелі Прагадан, кейін Парижден пана іздейді. Жазушы қуғында жүріп өзінің «ІY Генрих патшаның жас кезі» (1935) және «ІY Генрих патшаның кемелденген кезі» (1968) атты тамаша туындыларын дүниеге әкеледі. 1940 жылы жазушы отбасымен бірге Марсельден Нью-Йоркқа атанады. Басынан көп қиыншылықтарды өткізіп, көп ұзамай Лос-Анджелеске де жетеді. Жазушы қуғында жүріп «Ғасыр шолуы» (1944) атты естелік кітабын жазады. Генрих соғыс аяқталғаннан кейін Америкадан Германияның шығысына кетпекші болады. Алайда жазушы 12 наурызда өз Отанын қайта көре алмай көз жұмады.

Томас Манн (1875-1955) «Будденброк» романының авторы ретінде неміс әдебиетінің классигі атанған. Бастапқыда автобиографиялық новелла жазбақшы болғанымен, атақты отбасылық хрониканы дүниеге әкеледі. Шығармадағы оқиғалар 1835 жылдан жазушының дүниеге келген кезіне дейінгі бірнеше онжылдықты қамтиды. Онда 1948 жылғы төңкеріс сияқты тарихи, саяси оқиғалар баяндалады. Томас бюргерлер әулетінің төрт ұрпағының тарихын қайта жаңғыртады. Бұл әулет түрлі қиындықтарды басынан кешіріп, соңында тарих бетінен жоғалып кетеді. Жазушы Будденброк әулетінің құруына әсер еткен себептердің бірі ретінде жаңа пайда болған буржуазиялық тапты көрсетеді.

Прозаиктің шығармашылығында ерекше орын алатын «Фьоренца» драма­лық шығар­масы 1905 жылы жарыққа шығады. 1912 жылы Томас Манн әйелі емделіп жатқан Давос шипа­жайына барады. Ол жерде дәрігерлер жазушының өкпе ауруына шалдыққанын анық­тай­ды. Жазушы дәрігерлердің көмегімен ауруынан айығып кетеді. Осыдан кейін Томас Ман­ның «Сиқырлы тау» атты романы дүниеге келеді. Оқиға Давос шипажайныда орын алады. Романның кейіпкерлері — жазылмайтын ауруға шалдыққан әр түрлі елдің өкілдері. Бұл роман Томас Маннға әлемдік даңқ әкеледі. Осы шығармасы үшін оған 1929 жылы Нобель сыйлығы беріледі.

Билік басына ұлтшылдар келгеннен кейін Томас Манн Германиядан кетуге мәжбүр бо­ла­ды. Алғашқы бес жыл Швицарияда тұрып, кейін 1938 жылы АҚШ-қа қоныс аударады. Бұл жерде оның шығармалары оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырады. Томас 1926-1943 жылдары шетелде жүріп «Иосиф және оның бауырлары» атты тетралогиясын аяқтайды. Томас Манн өзінің шығармашылығында Гетенің дәстүрін сақтауға тырысады. Бұл «Веймардағы Лотто» (1939), «Вертьера», «Дәрігер Фаустос» (1947) сияқты шығармаларында айқын көрініс тапқан.

Герман Гессе (1877-1962) — белгілі неміс ақыны, прозаик. Ол өмірінің көп бөлігін Швей­­­царияда өткізген. 1923 жылы осы елдің азаматтығын алып, ұлтшылдардың қуғын-сүр­гі­нінен құтылып, Германияда болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістерді бақылап отыруға мүмкіндік алады. Гессенің «Дөңелектің астында» (1906) атты ең алғашқы шығармасы ел ара­сында танымал болады. Герман Гессенің шығармашылығында біршама қарама-қайшылықтарды байқауға бола­ды. Ол кейде өзі жоққа шығарған нәрсесін дәріптеп көрсетеді. Германиядағы өмір өте қызықты әрі тыныш болып көрінеді. Оның кейіпкерлері орта ғасырдың сәулет құрылыстары сол қалпында сақталған Германиянының қалаларын аралайп, ғажайып өмір сүреді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Гессенің дүниетанымына айтарлықтай әсер етіп, өзінің мақалаларында барлық жазушыларды соғысқа қарсы күресуге шақырады. Екінші дүние­жүзілік соғыс басталған сәтте Гессе бұрынғы мақалалары жазылған «Соғыс және Бейбіт­шілік» (1940) атты жинағын шығарады. Бірақ оның көркем шығармаларында саяси мәселе­лер қозғалмайды. Гессенің 1919 жылы жазылған «Клейн мен Вагнер», «Клинг Зораның соңғы жазы» (1920), әсіресе 1927 ж. жазылған «Дала қасқыры» романы үлкен жетістікке ие болады. Шығарманың кейіпкері Дала қасқыры деп атанып кеткен Гарри Галлер өзі майданда болмаса да, батыл түрде соғысқа қарсы шығып, соғыс жылдары сынақтан өте алмаған дәс­түрлі адамгершілік құндылықтарын жоққа шығарады. Гессе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Дала қасқыры» төніп келе жатқан фашизмді ескерту үшін жазылғанын айтады. Бірақ өз уақытында оны түсінгендердің саны аз болатын. Швейцария республи­касының азаматы, неміс ақыны Гессе өзінің соңғы жылдары жазылған шығармаларында адамның рухани құн­ды­лықтарын жоғары бағалап, төніп келе жатқан әлемдік апат туралы болжаулар жасайды.

Бертольт Брехт (1898-1956) — немістің атақты драматургы, драма теоретигі, режиссер, прозаик әрі ақын. Мюнхен университетінде білім алып, әдебиет пен философияны, кейін медицинаны оқыған. 1918 жылы майданға аттанып, Аугсбергтегі госпитальде санитар болған. 1924 жылы Брехт Берлинге келіп, онда неміс театрында драматург қызметіне орналасады. 18 ғасырдың ағылшын драматургы Джон Гэйдің «Бейшаралар операсы» атты шығармасының желісінде жазылған Брехтің «Үш тиындық операсы» (1928) үлкен жетістікке ие болады. Б. Брехт 20 жылдардың ортасынан бастап өмірінің соңғы жылдарына дейін «эпостық театр» теориясымен айналысып, «Опера жайлы» (1930), «Тәжірибелік театр жайлы» (1939), «Театрға арналған шағын органон» (1949), «Театрдағы деалектика» (1953) атты мақалалары мен трактаттарында театр мәселелерін сөзге тиек етеді.

Фашисттер Польшаға басып керген сәтте Б. Брехт Отыз жылдық соғыстың тарихы жазылған «Кураж апай мен оның балалары» (1939) атты драмасын аяқтап қалған еді. Кураж апай соғыста балаларын жоғалтса да, бұл соғыстың сырын түсінбейді. Оқырмандар мен көрермендер ұлдарынан айырылған осы ананың өмірінен сабақ алады.

Брехтің «Галилейдің өмірі» атты драмасы үлкен жетістікке ие болып, екі рет басылып шығады. Бұл пьесаның бас кейіпкері ұлы ғалым Галилео Галилей мен оның шәкірті Андре Сартидің арасында айтыс жүреді. Шығармада ғалымдар өздернің жаңалықтары мен ғылымдағы ашылулары үшін жауапты екені айтылады. Брехтің туындысы әлі күнге дейін адамзат баласына ескерту ретінде өз маңыздылығын жоғалтпады.

Эрих Мария Ремарк (1898-1970) он жеті жасында гимназияны бітіре салысымен, май­данға аттанып, бес рет жарақаттанады. Соғыстан кейін провинцияларда мұғалімдік қызмет атқа­рып жүріп, кейін Берлинге қоныс аударады. Ремарк соғыстан оралған соң өзінің «Өзге­ріссіз Батыс майданында» (1929) атты тамаша романын жазып шығады. Бұл шығармада автор тек оқиғаның куәгері ретінде емес, соғыстың құрбаны ретінде танылады. Ремарк «Қай­та оралу» (1931) атты романында да соғысқа қатысқан сарбаздардың бейбіт өмірге қайта ора­луы жайлы жазады. Ол дене жарақатын алған немесе рухани азған жандардың соғыс туралы естеліктері мен достарының мәйіттерінен өмір бойы айырыла алмайтындығын айтады.

1932 жылы Ремарк Швейцарияда тұрып, ем алады. Осы кезде оның кітаптары ұлтшылдардың бұйрығымен көпшілік алдында өртенеді. Ол Швейцариядан Францияға, кейін 1939 жылы Америкаға қоныс аударады. Ремарк «Үш жолдас» (1938) атты шығармасында «фашизм», «ұлтшыл» деген сөздерді қолданбаса да, өз замандастарының алдағы қиындық­та­рын айтады. Ремарктың көптеген шығармаларында махаббат ұшқыны баяу пайда болып, кейіпкер бір сәтте махаббаттың өмірдегі ең құнды нәрсе екенін түсінеді.

Ұлтшылдық жойылғаннан кейін Иоганнес Р. Бехер, Бертольт Брехт, Эрих Вайнерт, Анна Зегерс, Арнольд Цвейг, Леонгард Франк сынды көптеген қуғын-сүргінге ұшыраған фашизмге қарсы жазушылар өз Отандарына қайта оралады. Бехердің басшылығымен 1945 жылы маусымда Германияны қайта жаңарту үшін Культурбунд — мәдениет қызметкерлерінің одағы құрылады. Культурбунд ұлттың рухани дамуы үшін күрескен барлық өнер қайраткерлерінің басын қосады. Одақта қуғын-сүргінге ұшыраған неміс жазушыларының еңбектері шығарылатын «Ауфбау» басылымы пайда болады.

XX ғасырдың ортасына қарай неміс әдебиетінде жазушылардың жаңа толқыны пайда болды. Германияның халқы сияқты неміс әдебиеті де екіге бөлінеді. Шығыс Германияның жазушылары жаңа заман адамдарын қайта тәрбиелеуді басты орынға қойып, өз шығар­маларында әдетте ұлтшылдықтан бас тартуға шақырады. Мұндай шығармаларға Д. Нолльдің «Вернер Хольттың басынан кешкендері», М.В. Шульцтың «Біз желге қарсы қойылған тозаң емеспіз» атты романдарын жатқызуға болады.

Батыс Германия жазушылары әрбір немістің болған оқиғаларға жауапты екеніне басты назар аударады. Олардың шығармаларында кейіпкерлер өздерінің кінәлары мен қателіктерін түсінеді. Вольфганг Кеппен «Шөптегі кептерлер», «Жылыжай», «Римдегі өлім» атты романдарында, Ганс Эрин Носсак «Д`Артездің ісі» атты шығармасында, Мартин Вальзер «Емен мен қоян» және «Қара аққу» пьесаларында ұлтшылдық саясатына әрбір немістің жауапты екенін дәлелдеуге тырысады.

Генрих Бёлль (1917-1985) — Бавар өнер академиясының мүшесі (1960), Халықаралық Пен-клубының перзиденті (1971), Нобель сыйлығының лауреаты (1972), әлемге әйгілі романдар мен новеллалардың авторы. Ол католиктік отбасында дүниеге келген. Генрих ұста Виктор Бёлль мен Мария Бёлльдың алтыншы баласы болған. Ол жиырма жасында Ф.Достоевскийдің ықпалымен кедейдің қайғы-қасіреті жайлы әңгімелер жаза бастайды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста Франция, Польша, Кеңес Одағы мен Румынияда, Венгрия мен Германия жерлерінде болған ұрыстарға қатысады. 1949 ж. «Пойыз уақытында келді» атты повесі жеке басылым болып жарыққа шығады. Онда казармада болған адамның бейнесі, оның өмірге деген көзқарасы мен кейіпкердің басынан кешкен қиыншылықтары мен қайғы-қасіреттері, жан күйзелісі туралы жазылған.

Оның «Адам, сен қайда болдың?» атты алғашқы романы Бёлльге үлкен жетістік әкеледі. Алдағы уақытта Бёлль «Бір сөз айтпады» (1953), «Қараусыз қалған үй» (1954), «Ерте кездегі нан» (1955), «Сағат тоғыз жарымдағы Бильярд» (1959) атты романдары жарыққа шыққаннан кейін Бёлль Германияның соғыстан оралған атақты жазушыла­рының біріне айналады.  Бёлль шығармашылығы шынайылығы мен мейірімділігі, оның жетім-жесірге, үлкен-кішіге деген қамқорлығымен ерекшеленеді.

Бёлль әр адамның тағдырына «кішігірім мәселелер» әкелген елдегі ұлы трагедияның себептері мен одан туған зардаптарды ой сарасынан өткізеді. Оның маңызды романдарының бірі – «Ханыммен түскен ортақ сурет» (1971). Бёлль бұл романдағы сюжетті шынайы өмірдей көрсеткісі келеді. Романда бір жас жігіт Лени атты әйел жайлы ақпарат жинайды. Ол Лени Груйтеннің достары мен жақындарынан, танитын адамдарынан қыздың өткен өмірі мен мінез-құлқы жайлы сұрастыра жүріп, кейіпкердің жан дүниесін терең білгісі келеді. Бұл жігітке көмек көрсетіп, оның бақылауына қатысқандардың барлығы да Ленидің әрекеттерін қатты сынға алып, өз бақытсыздығына өзі кінәлі деген пікір айтады. Егер ол өз қыңырлығы мен еркелігіне қарсы тұрғанда, бақытқа қол жеткізер еді. Лени неміс халқының тарихында орын алған өзгерістерді еш байқамайды. Ол ұлтшылдыққа еш қарсылық білдірмесе де, қоғамда қалыптас­қан заң қағидаларын бұзып, заңға қайшы әрекеттер жасайды. Ленидің ауыр қылмыстарының бірі — кеңестік әскери тұтқын Борис Колтовскиймен бас қосуы. Егер билік басындағылар бұл жайтты білсе, онда үлкен қиындықтар туын­даушы еді. Бёлль Ленидің бейнесін де өте шебер жасаған: Лени – қарапайым адам, ол жүрек қалауына бағынады және бұл өзінің адами құндылықтарынан айырылмауға көмектеседі. Қатты ауруға шалдыққан Бёлль 1985 ж. маусымда қайтыс болады.

Гюнтер Грасс 1927 жылы туылған. Ол «Қаңылтыр барабан» (1959), «Мысық пен тыш­қан» (1961), «Жергілікт наркоздың күшімен» (1969), «Кең дала» (1995) атты сатиралық шығармалардың авторы ретінде танымал. Грасстың да өмірі өз замандастары секілді қарапайым өтеді. Католиктік отбасынан шыққан жазушы жасөапірім шағында соғысқа қатысуға мәжбүр болады. Он жеті жасында соғыстың аяғына қарай қатты жараланып, ағылшын­дар­дың қолына тұтқынға түседі. Кеніште жұмыс атқарып, кейін Дюссельдорф­тағы өнер академиясына түседі. Оның шығармашылығы «Қаңылтыр барабан» атты романынан соң өрлей бастайды. Романдағы оқиғалар толығымен XX ғасырдың 1-ші жартысын қамтиды: Бірінші дүние­жүзілік соғыс, жеңіліс, инфляция, фашизм, қайта соғыс және қайтадан құлдырау. «Қаңылтыр барабан» романындағы, одан кейінгі жылдары жырық көрген «Мысық-тышқан» повесі мен «Ит жылы» романын­дағы оқиғалар Данциг маңындағы жерде өрбиді. Гюнтер Грасс өзінің балалық шағы өткен қала мен поляк, неміс, еврей сияқты сол жердің тұрғындары жайлы естеліктер жазған.

1983 жылы Гюнтер Грасстың «Тельгтегі кездесу» атты шағын повесі жарық көреді. Онда 1648 жылы болған оқиға баяндалып, соғыстан кейінгі неміс әдебиетінің қайта қалпына келуін және жазушының әдебиетке келуіне үлкен ықпал еткен «47 Топ» туралы естеліктер жазылған. 1999 жылы Гюнтер Грасс Нобель сыйлығының лауреаты аталады. Осыған дейін оның «Кең дала» романы жарыққа шыққан болатын.

Жаңа ғасырға қадам басқан Г.Грасс «Менің ғасырым» атты тарихи эскиздер мен новеллалардың топтамасын шығарады. Әрбір сюжет немістер мәңгі есте қалатын оқиғалар орын алған күнмен белгіленген: Бірінші дүниежү­зілік соғыс, инфляция, фюрердің үкіметке келуі, 1936 жылығы Олимпиада, 1938 жылғы «хрусталь түні» және т.б. Грасс сол дәуірде болған бірде-бір оқиғаны ұмыт қалдырмайды: Сталинградтағы жеңіліс, Берлин қабырға­сы­ның тұрғызы­луы мен оның құлауы, панктардың поп-фестивалі және т.б. Шығармада Ремарк пен Юнгердің, Брехт пен Беннің арасындағы пікір таластар да келтіріледі. Онда спортшылар мен актерлер сияқты танымал адамдар туралы да айтылады. Қарапайым неміс Г.Грасс қайда жүрсе де, тарихтан құтыла алмайды. Тарих ешқашан өлмейді, ол ғасырлардан ғасырларға ұласып, өз жалғасын таба бермек.

Зигфрид Ленц (1926) Фашизмнің күйреуіне аз қалғанда вермахқа шақырылады. Фашистер жаулап алған Данияда шамамен бір жылдай қызмет етеді. 1945 жылы әскерден босатылады. Ленц соғыстан кейін Гамбург университе­тінің филология факультетінде оқып жүріп репортер болып қызмет атқарады. Ленцтің «Неміс тілі сабағы» (1968) атты еңбегі батыс Германия­ның әдеби өміріндегі үлкен оқиға болады. «Неміс тілі сабағы» атты романда айыпты болған жас қылмыскердің бірнеше ай бойы өжеттілікпен, бар ынта-жігерімен жазған «Өз борышын ақтау­дың бақыты» деген тақырыптағы шығармасы туралы айтылады. Зерек, өткір көзді Зигги олардың арасындағы таласқа қатысып, суретшіні жақтайды. Ол әрқашан суретшіге көмектесіп, суреттерді әкесінен тығып, оттан аман алып қалады. Бастапқы кезде біреуге көмек ету мақсатында жасалған ұрлықтар оның бойында ұрлыққа деген құмарлықты тудырады. Осының салдарынан Зигги қиын балалар тәрбиеленетін колонияға түседі. Бұл жерде педагогтар оған қатігездік танытып, оны өздеріне бағынышты етіп, сыпыртқы тоқуды үйретеді. Романда оқиға автордың атынан емес, Зиггидің атынан баяндалады. Зиггидің әкесі — ауылдағы жалғыз және тұрақты билік өкілі. Ауыл тұрғындарының барлығы бір-бірімен ұқсас. Олар балық аулайды немесе шымтезек өндіреді, мерекелер тойлап, жиі ас береді. Кезінде әлемдік атаққа ие болған Суретші Макс Людвиг Нансен (оның түптұлғасы атақты неміс суретшісі Эмиль Нольде) — өзі туып-өскен ауылдың суреткері, бір сөзбен айтқанда сол жердің мәртебесі. Үкімет суретшіге сурет салуға тиым салған. Бірақ бұл оған өлім жазасын алумен бірдей болады.

Ленцтің романындағы ең күрделі мәселе ауыл полициясының «басты қылмыскер» болып шығуында жатыр. Оның адамгершілік қасиеттері өте тереңде жатқандай. Жазушының «Шынайы мысал» (1973) романы да ел ішінде кең таралғанымен, көркемдік жағынан аса сәтті шықпады. Романның мазмұны мектеп хрестоматиясын құрастырушы үш адамның кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге үлгі болатын «шынайы мысал» табу үшін Гамбургтегі кездесуімен байланысты.

Кейінгі романдарында «Өлке мұражайы» (1987), «Оқу алаңы» (1985), «Дыбысты келтіру» (1990) Зигфрид Ленц оқырмандарды өткенге саяхат жасауға шақырады. Романда ертедегі халық шығармашылығының тамаша үлгілері болсын, тот басқан әскери сауыт-сайман болсын, өткен уақытта орын алған тарихи оқиғалар туралы баяндалады. Олардың барлығы оқырманды Мазур өлкесінде тату-тәтті өмір сүрген халықтардың бір-бірімен жауласып, түрлі ұлт өкілдерінің арасында қырғын соғыс басталған кезеге алып келеді.

Зигфрид Ленцтің шығармаларында жаңа заман әрқашан өткенмен ажырамастай байла­нысқа түседі. Ол аға буынның басқа да неміс жазушылары секілді жастық шағында басынан өткерген қиыншылықтардың жаңа біріккен Германияда ешқашан қайталанбауын қалады.

Патрик Зюскинд (1949). ХХ ғасырдың соңына тән әдебиеттегі елеулі құбылыстардың бірі Патрик Зюскиндтің «Иіс су жасаушы» атты романының (1985) жарыққа шығуы болды. Бұл роман әлемнің он шақты тіліне, соның ішінде орыс тіліне де аударылған. Бұл шығарма оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болғанымен, сол кезде автордың өзі туралы мәлі­меттер өте аз болатын. Ол сұхбат бермеді, өзінің шығармасына түсіндір­мелер де жазбады. Патрик Зюскинд романдармен қатар «Көгершін», «Жекпе-жек», «Зоммер мырзаның тарихы» атты новеллалар мен «Контрабас» пьесасын да жазады. Өзінің жеке өмірінен сыр бермейтін шебер жазушының шығарма­шы­лығы да үлкен қызығушылық тудырады. Оның «Иіс су жасаушы»[1] атты романы маңдай алды үздік туынды болып қала бермек.

Автор өткен тарихты жаңа заманның ерекшеліктері арқылы көрсетеді. Сол кезде қайдағы бір имиджмейкерлер, стилистер мен модельерлердің билігі саясаткерлер, баспасөз бен әскерлерге қарағанда биік тұрған. Зюскинд зұлымдықтың адамды азғырып, басын айналдыратынын, сұлулық көріксіз­дікпен орынын ауыстырып, қоғамдағы әдеміліктің табиғи емес, жасанды жолмен, компьютердің көмегімен құрастырылып жатқандығы туралы айтыл­ған аңызы арқылы сол заманның өзекті мәселесін көтереді.

Зюскинд «Көгершін» новелласында банкінің қарауылы Ионатан Ноэль Парижде жалғыз тұрып, оның қызмет пен үйде болып жатқан істері күн сайын қайталана береді. Ол саналы түрде адамдардан оқшауланып, анонимді тұлғаға айналады. Ұшып келген құс оның өміріне өзгеріс әкеледі. Бұл өзгеріс кейіпкерді үлкен апатқа ұшырата жаздайды. «Зоммер мырзаның тарихы» (1991) атты шығармасында кейіпкер серуендеуге құмарт­қа­ны соншалық, тіпті он бес минут бір орында тұра алмайды. Қарт Зоммерді бақылап тұрған жасөспірім үшін қарттың қайда асығып бара жатқаны жұмбақ болып қалады. Патрик Зюскинд постмодернизмге жақын келетін ерекше әдеби жанрды дүниеге әкеледі.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.