Гильгамеш туралы аңыздар

Главная » Рефераттар » Гильгамеш туралы аңыздар

Гильгамеш туралы аңыз жөнінде айтар болсақ, бұл-өзгеше дүние. Мұнда оқиғаның қайнаған ортасында адам жүреді. Сүйетін, жек көретін, қайғыратын, қуанатын, тәуекелге бас тігетін, кейде дәрменсіз күй кешетін, өмірден түнілетін, әйтсе де алдан үміт күтетін жұмыр басты пенде. Рас, мұнда да құдайлар бар. Гильгамештің өзі де өз дәуіріндегі аңыз шығармашылығына тән дәстүрге сәйкес — үштен екісі — құдай, тек үштен бірі ғана — адам. Бірақ осы Гильгамеш – адам эпостың бүкіл дамуын айқындайды. Ал құдайлар және олардың істеген істері бұл аңыздың фоны ретінде ғана қызмет атқарады. Немесе қаһарман басындағы шиеленіскен жайлар өтетін жердегі әдемі әшекей немесе көрініс сияқты. Бұл драмадағы адами бастау — үлкен мәнге ие. Осы эпостағы көтерілген мәселелер, адам жан дүниесінің ұмтылысы бар дәуірдегі барлық халықтарға да жақын. Бұл -достыққа деген ұмтылыс. Адалдықты мадақтау. Даңққа жетсем деген талпыныс. Батырлыққа, шытырман оқиғаларға деген құштарлық. Болмай қоймайтын ажал алдыңдағы қорқыныш. Мәңгі өмір сүрсем деген ынта — ықылас. Осы бір адам жүретін өмір бойы толғандырып келе жатқан қарама — қайшы сезімдер Гильгамеш туралы аңыздардың негізін құрайды, Міне, поэманың осы қасиеттері оны барлық уақыттың, барлық заманның шығармасы етті. «Гильгамеш туралы аңыз» өзіне жақын кезендердегі эпикалық туындыларға ерекше ықпал етіп жатса, оған таңданатын ештеңе жоқ. Тіпті, бүгінгі күннің өзінде бізді поэманың жалпыадамзаттық тақырыбы, басты қаһарманның сезім қуаты таңғалдырады. Поэма қысқаша кіріспе сөзбен басталады. Мұнда Гильгамештің өзі және оның туған қаласы Урук мадақталады. Мұнан кейін біз Урук патшасы Гильгамештің қаһарман жауынгер екенін, қарсыластарының ешқайсысын өзіне теңгермейтінін, өзінің асау сезімдеріне тұсау салып көрмеген жан екенін, қала қалқын қатты қысымшылыққа ұшыратқанын білеміз. Әсіресе ол қыз — келіншектерге деген құмарлық сезімдерін ауыздықтай алмайтын жан екені танылады. Осыдан қатты қиналған Уруктың тұрғындары құдайларға шағымданады. Ал құдайлар Гильгамештің өз қаласының адамдарына аяусыз үстемдік жасауының себебі — сол адамдардың ортасынан өзіне тең келетін біреудің болмағанынан деп біледі. Сөйтіп олар, жерге ұлы құдай — ана Арураны жібереді. Арура саз балшықтан құдіретті Энкудуды жаратады. Тыржалаңаш, үсті — басын түк басқан, адамдардың тірлігінен ешқандай хабары жоқ Энкуду алқапты мекендеген жабайылардың арасында өмір сүреді. Міне, осы — адамнан гөрі хайуанға көбірек ұқсайтын Энкуду Гильгамештің асып-тасқан көкірегін басып, оны ақылға келтіреді. Ең әуелі Энкудуды адам қалпына келтіру керек болды. Ал бұл міндет негізінен әйелдерге жүктелді. Уруктан шыққан жеңіл жүрісті бір әйел Энкудуды өзіне еліктіреді. Адамдармен қарым – қатынастың арқасында Энкуду ақыл жағынан да, рухани жағынан да жоғарылайды. Әйел махаббатын сезінген ол ақылды тірлік иесіне айналады. Ал жабайы аңдар енді онан қашатын болады. Әйел оны үлкен шыдамдылықпен дастархан мәдениетіне, кәдімгі адамдар сияқты киіну өнеріне үйретеді. Сөйтіп адам қалпына келген Гильгамешпен кездесуге дайын. Оның ойына не келсе соны істеп бетімен кеткен бейбастақ тірлігіне тоқтау салу үшін де онымен кездескісі келеді. Энкудудың келгенін Гильгамеш түсінде көреді. Уруктағы өзінің шексіз өктемдігіне мастанған Гильгамеш түнгі қызойнақ ұйымдастырып, бұған Энкудуды шақырады. Әйтсе де Гильгамештің бейбастақ мінездерін жек көретін Энкуду қызойнақ болатын үйдің алдында тұрып алып, Гильгамешті кіргізбейді. Міне, сөйтіп, екі алып жекпе — жекке шығады, қала тұрғыны Гильгамеш және жазық даланың қарапайым тұрғыны Энкуду. Алғашында Энкуду үстем болады. Міне, осы кезде Гильгамештің ашу — ызасы тарай бастайды. Сөйтіп, батырлар бірін -бірі құшаққа алады. Осындай арпалысқан айқастан кейін олардың арасында ұзаққа созылған айнымас достық пайда болады. Бұл — аңызға айналған достық. Мұнан кейін бір — бірінен ажырамас достар тізе қоса отырып таңғажайып ерліктер жасайды. Көп ұзамай Уруктағы өмір Энкудудың көңілінен шықпағаны белгілі болады. Ас та төк тамақ, ойын — сауық оны әлсіз, дәрменсіз адамға айналдыра бастайды. Сол кезде Гильгамеш оған өзінің ойында жүрген батыл жоспарын айтады. Самырсын орманды алыс елге барғысы келетінін, осы елді күзетіп отырған Хубабаны өлтіруді ойлайтынын, самырсын ағаштарын кесіп, жер бетінен бүкіл зұлымдықты сыпырып тастағысы келетінін айтады. Бұрын осы жерде самырсын ормандарын еркін аралап жүрген Энкуду Гильгамешті өміріне қауіп төндіретін қатерден сақтандырады. Әйтсе де Гильгамеш оның қорыққанын күлкіге айналдырады. Ол өзінің атақ — даңқын көтергісі және мәңгі өлмейтін даңққа бөленгісі келеді. Өйткені, ұзақ та сүреңсіз өмірден осыны артық санайды. Гильгамеш Уруктың ақсақалдарымен кездеседі. Күн құдайы Шамаштың қолдауына ие болады. Шамаш бүкіл жиһанкездердің қолдаушысы болатын және Уруктың ұсталарына өзі үшін және Энкудуға арнап қару — жарақ соққызады. Осындай дайындық жұмыстарынан кейін олар сапарға шығады. Ұзақ жол жүріп, қаһармандар ертегідегідей ғажайып самырсын орманына келеді. Хуваваны өлтіреді және самырсын ағашын кесіп алады. Бір таңғажайьш оқиға екіншісіне жалғасады. Олар Урукқа келгені сол екен — махаббат және ләззат құдайы Иштар келбеті келіскен Гильгамешке ғашық болады. Оның бар жағдайын жасап, көңілін табуға тырысады. Гильгамешке шындап көңілі құлайды. Бірақ Гильгамеш бір кездегі асау мінезді, өз сезіміне ие өктем Гильгамеш емес. Көп өзгерген. Ол әйел — құдайлардың көптеген сүйіктілері бар екенін және олардың ешқайсысына адал болмағанын жақсы біледі. Сондықтан да ол мұның ұсынысын күлкіге айналдырып, ықыласын кері қайтарады. Қатты ренжіген және қорланған Иштар аспан құдайы Ануға өтініш айтып, Урукқа аспаннан өгіз түсіруін, сөйтіп ол өгіз Гильгамешті өлтіруін, және қаласын қиратуын сұрайды. Әуелі Ану бұған келісім бермейді. Бірақ Иштар жер астындағы өлілерді шақырамын деп қорқытқаннан кейін Ану көнуге мәжбүр болады. Аспан өгізі Урукқа түседі. Айналасына өлім себеді.Қаланы қиратады. Жүздеген жауынгерлерді өлтіреді. Сол кезде Гильгамеш пен Энкуду екеуі өгізбен айқасады. Екі жақтан қыспаққа алып, бұлар осы құбыжықты ақыры өлтіреді. Міне, біздің қаһармандарымыз даңқтың тұғырына көтерілді. Бүкіл Урук олардың ерлігін жырға қосады. Бірақ тағдыр қатал. Аяусыз. Бұлардың қуанышы ұзаққа бармайды, Хубабаны және аспан өгізін өлтіруге қатысқаны үшін құдайлар Энкудуға ажал жіберуге үкім етеді. Оның ауруы он екі күнге созылады, ал он үшінші күні досы Гильгамештің алдында өмірмен қоштасады. Қайғыдан қапа болып, езілген, тағдырдың алдында шарасыз Энкуду өзінің досы Гильгамештің алдында жан тапсырады, Осы күннен бастап оны «күндердің күнінде Энкудудың кебін мен де кешемін-ау, ажалдан құтыла алмаймын — ау» деген ой, ауыр мұң торлайды. Өзі жасаған ерліктер де, атақ — даңқ та Гильгамешті бұрынғыдай қуантпайды. Енді ол мәңгілік өмірдің құпиясын іздеп тапсам деген ойға келеді. Гильгамеш бұған дейін тек бір ғана адамның мәңгілік өмір сүргенін біледі. Ол — Утнапиштим еді.Ежелгі Шуруппактың адал да данышпан патшасы болатын. Шуруппак топан су дәуіріне дейін ірге тасы қаланып, гүлденген патшалықтың бес қаласының бірі болатын. (Айта кетерлік жай: Шуруппак жерленген қыратты неміс және американ археологтары қазған кезде біздің заманымызға дейінгі үш мың жылдыққа жататын көптеген қыш тақташалар тапты). Сонымен Гильгамеш қалай болғанда да Утнапиштимнің қиыр шеттегі мекеніне баруды ойлайды. Бәлкім, мәңгілікті еншілеген қаһарман бұған осының құпия сырын ашар. Ол талай тауларды, шетсіз — шексіз жазықтарды артқа тастап, кей кездерде адасып, ұзақ жол жүреді. Жыртқыш аңдармен айқасады. Қатты ашыққан кездері де болады. Ол алғаш жаратылған мұхитты жүзіп өтеді. «Ажал теңізінен» де аман сау шығады. Ақыр соңында шаршап қалжыраған, әл дәрмені таусылған ол Утнапиштимнің алдына келеді. Уруктің бір кездегі өркеуде әміршісі кезбеге айналған. Оның кір — кір денесін жауып тұрған — тек аң терілері ғана… Гильгамеш Утнапиштимнен мәңгілік өмірдің құпиясын сұрайды. Әйтсе де Утнапиштимнің жауабы оны қанағаттандыра қоймайды. Шуруппактың патшасы оған топан су жайын айтады. Бұл топан суды жер бетіндегі тіршілік иелерін жою үшін құдайлардың жібергенін айтады. Егер даналық құдайы ұлы Эаның ақылына құлақ асып, кеме жасамағанда өзінің де ажалдан қашып құтыла алмайтынын айтады. «Ал егер мәңгілік өмір жайына келсек, бұл — тек құдайлардың ғана еншісіндегі нәрсе», — дейді ол. Ал Гильгамешке мәңгілік өмір сыйлайтын бір құдай табылар ма екен?

Осындай жауапты естіген біздің қаһарманымыз қатты торығады. Урукқа қайтпақ болады. Міне, осы сәтте оның алдынан үміт сәулесі көрінеді. Утнапиштим оған адамды жасартатын шөпті қайдан алуға болатынын айтады. Бұл құпия сырды айтуына Утнапиштимнің әйелі түрткі болады. Бұл сиқырлы шөп теңіз түбінде өседі екен! Сонымен Гильгамеш теңіз тұңғиығына аттанады. Сол шөпті табады. Енді Урукқа қайтуға асығады. Әйтсе де құдайлардың ұйғарымы басқа болды. Ол шомылып жатқан кезде, бір жылан келіп, оның шөбін ұрлап алады. Әбден азап шеккен, еңбегі еш кеткен батыр Урукқа қайтып оралады. Ендігі пананы қамалмен қоршаған қаладан табады. Бабылдың «Гильгамеш туралы эпос» жазылған он бір тақташасындағы аңыздың қысқаша маңызы осындай. (Ал «он екінші тақташаға» келетін болсақ, негізінен оның бұл эпосқа тікелей қатысы жоқ. Тек тараудың соңғы жағында ғана бұл туралы айтылып кетеді.) Бұл аңыз өмірге қай уақытта келген? Егер ежелгі вавилон нұсқасын кейінірек табылған ассирий нұсқасымен салыстырып қарайтын болсақ, тұтастай алғанда бұл эпос біздің заманымызға дейінгі екі мың жылдықта осы бізге жеткен нұсқасы бойынша кең таралған. Ал егер бұл қайдан шықты дейтін болсақ,ономастикалық негізде үстірт танысып шыққанның өзінде Гильгамеш туралы аңыздардың, еш шүбәсіз, шумер әдебиетінің туындысы екенін айтуға болады. Бұл аңызды семиттік негізге жатқызу — қисынсыз нәрсе. Аңыздың бас қаһармандары Гильгамеш пен Энкудудың есімдерінің өзі де — шумерлік есімдер. Гильгамештің ата — аналары Лугальбанда мен Нинсунның есімдері де шумерлік есімдер. Энкудуды жасап шығарған ана — құдай Аруру, Нинмах, Нинхурсаг немесе Нинту есімдерімен белгілі. Кекшіл әйел құдай Иштар үшін аспан өгізін жасаған шумер құдайы Ан, вавилондық нұсқасында Ану деп аталады. Энкудудың алдағы тағдырын шешкен (күнінен бұрын өлімге ұйғарған) да шумер құдайы — Энлиль. Және ең соңында топан су туралы аңызда да басты роль атқаратын шумер құдайлары.

Гильгамеш туралы аңыздардың көп бөлігі Шумерде туғанын тек осы дәйектерге және логикаға жүгініп қана айтып отырғанымыз жоқ. Біздің қолымызда осы аңыз мәтіндері жазылған шумер тақташалары мен поэма үзінділері бар. Ал бұл мәтіндер — Бабыл (вавилон) мәтініне қарағанда анағұрлым көне жазбалар. 1911-1935 жылдары Радау, Циммерн, Пебель, Лэнгдон, Кьера, де Женуяк, Гэдд және Фиш тәрізді көрнекгі астриологтар Гильгамеш туралы поэманың үзінділері бар 26 шумер тақташалары мен үзіктерін жариялады. Осы мәтіндердің он төртін Э.Кьера жариялады. 1935 жылдан кейін Стамбул мен Филадельфия мұражайларынан мен «Гильгамеш туралы эпосқа» қатысты қосымша 60 үзінді таптым. Олардың көпшілігінің көшірмелерін жасап алдым. Сонымен бүгінгі күні біздің қолымызда Гильгамеш туралы поэманың негізгі бөлімдері бар деп айта аламыз… Біз оларды Бабыл (вавилондық) эпосымен салыстыра келіп, вавилон авторлары ежелгі шумерлік негізді қалай пайдалан-ғанын және қаншалықты дәрежеде пайдаланғанын дәл анықтап бере аламыз. Әйтсе де «Гильгамеш туралы эпостың» шығу төркіні жөніндегі мәселені шешу, бір қарағанда, оңай сияқты көрінгенмен, бұл өте күрделі мәселе.   Гильгамеш — Шумердағы жеке дара батыр емес. Оның алдындағы Энмеркар мен Лугальбан да шумер ақындарының талай жырларына арқау болған айтулы батырлар. Егер эпикалык әдебиетіне қарап ой түйер болсақ, шумерлерде батырлар өмір кешкен тұтас дәуір болған.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.