Гормондарды мал шаруашылығында қолданудың физиологиялық негіздері

Home » Рефераттар » Гормондарды мал шаруашылығында қолданудың физиологиялық негіздері
Рефераттар Комментариев нет

Гормондар торшалардағы зат алмасу процесін бағыттай отырып, олардың өсіп-дамуын, жіктелуін қамтамасыз етеді, көбею, қоршаған орта жағдайларына бейімделу процестерін реттейді, гомеостазды сақтауға мүмкіндік туғызады. Гормондар медиаторларға торшалық, молекулалық, гендік деңгейде ықпал етеді. Осымен байланысты организмнің гормондық статусы мен оның өнімділігінің арасында тығыз байланыс қалыптасады. Әртүрлі гормондарды қолдану арқылы организмдегі зат алмасу процесін белгілі бағытта өзгерте отырып, малдың өнімділігін: салмақ қосуын, сүттілігін, жүнділігін, өнімталдығын, жұмыртқалағыштығын, т.б. арттыруға болады.

Қазіргі кезде эндокринология, биохимия, биотехнология жетістіктері гормондарды мал шаруашылығы мен мал дәрігерлік жұмыстарда тиімді пайдалануға шексіз мүмкіндіктер беріп отыр. Көптеген гормондардың химиялық құрылымы анықталып, гипофиздің троптық гормондарының (СТГ, ГТГ, АКТГ т.б.) алыну жэне тазартылу жолдары жетілдірілді, кейбір релизинг-гормондар хаза күйінде бөлініп, синтезделді, біраз гормондар аналогтары (стероидтар) химиялық жолмен алынып, практикаға гормондарды анықтаудың өте сезімтал радиоиммундық әдісі енгізілді. Гормондардың практикада қолданылуы биотехнология жетістіктеріне байланысты. Гендік инженерия әдісімен «рекомбинантты» (қайта реттелген) белоктық және пептидтік гормондар алу жолдарын табудың болашақта пайдасы зор. Әрине, гормон препараттарын малдың өнімділігін, өсімталдығын арттыру мақсатында қолданғанда олардың әрекетінің түлік түріне, малдың жасына, физиологиялық күйіне байланысты өзгеретінін, экзогендік гормондардың қайтарымды байланыс принципімен эндокриндік бездер қызметіне тежеуші әсер ету мүмкіндігін ескерген жөн.

Олардың нысана ағзаларға қосалқы әсерінің сипатын жан-жақты зертеу де қажет. Эндокринология саласындағы ғылыми жетістіктер мал шаруашылығы мен мал дәрігерлік жұмыста гормондарды мына бағыттарда пайдалануға болатынын көрсетті.

1. Бордақы жас малдың (бұзаулар мен торайлардың) өсіп-жетілуін анаболизмдік немесе гипогликемиялық әсері бар гормондық препараттармен (андрогендер, эстрогендер, инсулин, соматотропин) жандандыру. Бұл мақсатта ұлпаларда белоктардың түзілуін арттырып, олардың ыдырауын бэсеңдететін аноболизмдік эсері басымырақ стероидты препараттарды пайдаланған тиімді. Анаболиктерді емдік мақсатта пневмония мен диспепсиядан жазылған бүзауларға қолданған да жөн.
2. Ұрғашы малдың ұрпақтану (репродуктивтік) қызметін реттеу. Бұл мақсатта прогестиндер, гонадотропиндер, ГТ релизинггормон, СЖК, простагландиндер қолданылады.
3. Сиырдың сүттілігін арттыру Бұл бағытта желіннің секрециялық элементтеріне тікелей әсер етіп, қоректік заттардың желін мен басқа ұлпалар арасында таралуын реттейтін соматотропин, соматолиберин сияқты гормондар қолданылады. Гормондар жиынтығын қолдана отырып, таналарда сүттену процесін тудыруға болады.
4. Қойдың жүнін, ешкінің, қоянның және қолда өсірілетін басқа аңдардың түбітін өсіру үшін тиреоидтық немесе антитиреоидтық гормондарды, соматотропинді, стероид-анаболиктерді пайдалану тиімді.
5. Малдың табиғи төзімділігін арттыру, төл басын аман сақтау мақсатында эстрогендер мен кортикостероидтарды пайдалануға болады.
Пайдаланылатын гормондық препараттың сипатына және көзделген мақсатқа қарай оларды не ас қорыту жолы арқылы береді, не егеді, не тері астына қондырады. Кейбір жағдайда экзогендік гормондар немесе релизинг-факторлардың орнына қажетті бездердің функционалдық белсенділігінің күшейген кезіндегі эсерін қайталайтын биологиялық белсенді заттарды егеді. Мұндай заттарға амин қышқылдары, биогендік аминдер, «өсу факторлары», т.б. жатады.

Практикада экзогендік гормондарды егумен қатар организмнің гормондық статусын зерттеу әдісі де кеңінен қолданылады. Бұл әдіс малдың өнімділігін болжауға, белгілі бір технологиялық тәсілдердің (мысалы, жаңа сауын аппаратының) әсер сипатын, малдың физиологиялық күйін (буаздық т.б.) анықтауға мүмкіндік береді. Гормондарды малдың саулығына және өнімдер арқылы адам денсаулығына зиян келтірмейтін болған жағдайда ғана қолданады. Бұл мәселе қатал санитарлық-гигиеналық бақылауда болады.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.