Х—ХV ғасырлардағы Араб мемлекеттері

Главная » Рефераттар » Х—ХV ғасырлардағы Араб мемлекеттері

Араб халифатының ыдырауы VІІІ ғасырдың екінші жартысындаақ басталған болатын. Оның ыдырауына бірнеше себептер ықпал етті. Біріншіден бағындырылған халықтардың тəуелсіздікке ұмтылуы халифаттың күш-қуатын əлсіретті. Екіншіден феодалдық құрылыстың дамуына байланысты жер-жерде ірі феодалдар күшейе бастады. 756 ж. Кордова Эмираты бөлініп кетіп, ол 929 ж. жеке халифатқа айналды. Ол халифат 1031 жылдан кейін ыдырап кетті. X ғасырдың басында Марокко мен Тунис бөлініп шықты. IX ғасырдың екінші жартысында Египет тəуелсіздік алды. Мұнда алғаш Тулун əулеті, ал X ғасырда Əлінің фатимилер деп аталған ұрпақтары билік құрды. 969 ж. фатимилер Египетті егемен Каир халифатына айналдырды. ІХ-ғасырда Шығыс Иран (Хорасан), Х-ғасырда — Батыс Иран да Араб халифатынан бөлініп шықты. Амударияның шығысындағы Мəуреннахрда Саманидтер мемлекеті құрылды («Мəуреннахр — өзеннің арғы жағы» деген сөз). Оның астанасы Бұхара қаласы болды. Басқа үлкен қалалары Самарқан мен Ходжент болды. X ғасырдың басында Ауғаныстан бөлініп шықты. Бағдад Халифатының қарамағында тек Месопотамия ғана қалды. Бірақ оны да Иран əміршісі өзіне бағындырып алды. Тунис пен Египеттің араб халифатынан бөлініп шығуы негізінен фатимилер əулетінің атымен тығыз байланысты.

Исмаилшыл имамдар 893 ж. Əбу Абдаллах деген миссионерді Ифрикияға (Тунис) жіберді. Ол өзі құрған шииттік қауымды күшті əскерге айналдырды. Оған жан-тəнімен берілген берберлер жеті əскери құрамаға бөлінді. Олардың басшылары ақсақалдар Кеңесін құрды. Өмір теңдік жəне əділеттілік принципіне негізделді. Берберлерді аббастық наместниктіктердің билікті заңсыз басып алғандығы ызаландырды. Олар билікті фатиманың ұрпағы, саламилік имам Убейдуллахқа алып беру үшін күресті. Убейдуллах пен оның баласы кезекті уағыз кезінде тұтқындалып, түрмеге қамалған болатын. Оны босату үшін Абу Абдаллах 909 ж. берберлер отрядымен Магрибке (батыстағы облыстар) аттанды. Убайдуллах пен оның баласы түрмеден босатылды. Убайдуллахтың басшылығымен тек Əли мен Фатиманың ұрпақтарын ғана имам деп мойындайтын шииттік-исмаилилік «Фатимииа» сектасы құрылды. 910 ж. қаңтарда Убайдуллах (ол өзін Əли мен Фатиманың ұрпағы деп санаған) «махди» (əділетсіздіктен құтқарушы) деген атақ алып, «діндарлар əмірі» деп жарияланды. Бербер тайпаларының көмегімен Əбу Абдуллах Солтүстік Африканың Тахерте, Сиджилмас, т.б. аудандарын басып алды. Сиджилмаста Əбу Абдуллах халыққа: «Мынау Махди. Мен сендерді оған бағынуға шақырамын!»,— деген үндеу тастады. Ал Махдидің Əли мен Фатиманың ұрпағы екендігі жалған еді. «Тарих ал-Кайруан» деген кітабында ибн Халликан ол (Убайдуллах) Саламилік иудей еді, ол Саид деген ұста еді дейді. Убайдуллах берберлердің үмітін ақтамады. Ол салық мөлшерін ұлғайта түсті. Қарсы шыққандарды өлім жазасына кесіп отырды. Ал Əбу Абдаллахтың халық арасындағы беделі күшті болды. Ол өзі жариялаған теңдік пен əділеттілік принциптерін жүзеге асыруға тырысты. Бұл принциптері Махдидің саясатымен сыйыспады. 911 ж. Əбу Абдаллах Махдидің бұйрығымен өлтірілді. Оған жауап ретінде берберлер көтеріліске шықты. Бірақ көтеріліс басып тасталды. 914 ж. Махди Египетті жаулап алу əрекетін жасап, сəт-сіздікке ұшырады. Мұндай сəтсіз əрекеттер 919, 935, 945, 966 жылдары қайталанды. 969 ж. Египетте ашаршылық болды. Сəуір айында шыққан тегі славяндық қолбасшы Жауһар басқарған 100 мыңдық фатимилік əскер Египетке аттанды. Онымен бірге аш отырған Египет халқы үшін егін тиелген кемелер де келді. Шілде айында египеттік əскер талқандалды. 969 ж. 9 шілдеде фатимилік халиф — Муизздың атына мешітте Хұтба оқылды. Ол Египеттің халифы деп жарияланды. Сөйтіп, Египет фатимилік мемлекеттің құрамына қосып алынды да, оның негізгі аумағына айналды. Сол жылы жаңа астана — Каир қаласының негізі қаланды. 973 ж. оған Муизз халиф көшіп келді. 974 ж. фатимилер Дамаск қаласын басып алды.

Фатимилер Египетте жер реформасын жүргізді. Ол бағдаттық еврей Йакуб ибн Киллис пен оның көмекшісі Услудж ибн Хасанның атымен байланысты. Империядағы барлық жердің ең жоғарғы иесі фатимилік халиф деп саналды. Ол мемлекеттік қордан ірі шенеуніктер мен əскер басыларына ихта ретінде жер үлесін беріп отырды. Ихта берумен арнаулы диван (кеңсе) айналысты. Ихта иелері өкіметке солдат беріп отырды. Лендердің көлемі оны иемденушінің қызметінің үлкенді-кішілігіне байланысты болды. Лен қызмет істеп жүрген кезіне ғана берілді. Мемлекеттік табыстың басты көзі жер салығы — харадж болды. Ол ақшалай да, азық-түлікпен де өтеле беретін. Харадждың есепқисабын екі диван жүргізді. Біреуі — төменгі, екіншісі — жоғарғы Египеттің жер салығымен айналысты. Муызз (Абу — Темим Маадд) (953—975) бен Азиз (Əбу Мансур Низар) (975—996) халифтардың билігі кезінде фатимилер билігінің қуаттылығы шырқау шегіне жетті. Фатимилер түрік жəне негр гулямдарын көптеп сатып алды. Фатимилер əртүрлі елдердің халықтарынан күшті мемлекет құрды. Олар, К. Э. Босворттың1 айтуынша феллахтарды жүмыс күші, христандарды — шенеуніктер, еврейлерді — делдал көпестер ретінде шебер пайдалана білді. Еврейлер Үндістанмен жəне Батыс Еуропамен сауда қатынасын қайта жандандырды. Түріктер мен негрлерден ұлан құрылса, берберарабтардан жасақшылар құрылатын. 996 ж. таққа Хаким отырды. Ол 1021 жылға дейін билік құрды. Хаким исмаилшылар мойындайтын исламның барлық дəстүрлі əдет-ғұрыптарынан бас тартты, Кағбаға жапқыш жіберуді тоқтатты, қажылыққа баруға кедергі жасап бақты. Оның қолөнерімен, саудамен күндіз айналысуға, əйелдердің үйден далаға шығуына тыйым салуы ақыр заманның алғашқы белгісі деп қабылданды. 1011 ж. алдымен христиандарды, сонан кейін сунниттерді қудалау басталды. Мамлюк негрлер мен түріктердің қақтығысы орын алды. Шəлкес деспот халиф Хаким 1021 ж. із-түзсіз жоғалды. Оның орнын басқан халиф Зəкір (1021—1036) Хакимнің жарлықтарын жойды. Зəкірден кейін Мустансир (1036—1094) халиф болды.

.

1055 ж. Бағдадты Тоғрыл-бек сұлтан басқарған — селжук түріктері басып алды. Олар сунниттер болатын. Сондықтан да селжук түріктері күпірлер деп санаған каирлік халифатты жоюды көздеді. Фатимилер тұсында Египеттің əскері ақын, əрі саяхатшы Насир-и Хосроудың айтуынша, судандық негрлерден, түріктер мен славяндардан құрылған 60 мыңдық гулямдардан, Магрибтік берберлер мен Хиджаздық арабтардан құрылған 135 мыңдық жасақтан тұратын. 1062 ж. маусым айында негр гулямдар мен түрік гулямдарының арасында қақтығыс болды. Негр гулямдар жеңілді. 1073 ж. халиф Мустансир əскердегі қолбасшылыққа Бадр əл-Джамали деген армянды тағайындады. Армян жəне сириялық əскер қулықпен түріктік əскер басшыларын қолға түсіріп, қырды. 1064 ж. селжуктер Сирияға басып кірді. 1071 ж. Атсыз басқарған селжуктер Иерусалимді басып алды. Сирия мен Палестинада селжуктер империясына вассалдық тəуелділіктегі сұлтанаттар құрылды. Олардың арасында жиі-жиі қақтығыстар болып тұрды. Осындай жағдайды пайдаланып, фатимилер Акканы, Тирді жəне бірнеше теңіз жағалық қалаларды басып алды (1089 ж.). Фатимиліктердің əлсіреуі, селжуктер империясының ыдырауы кресшілердің Таяу Шығысқа жорықтарына жол ашты. 1098 ж. қараша айында кресшілер Антиохиядан Иерусалимге қарай бет алды. Босфор бұғазынан өтіп шыққан 700 мыңдық əскерден Иерусалимге 25 мың адам ғана жетті. Бұл кезде фатимилер Иерусалимді селжуктерден тартып алған болатын. Фатимилер халифы Хаким кресшілердің Иерусалимге қарусыз, шағын топпен табынуға келіп тұруларына рұқсат берді. Бірақ кресшілер бұл шартқа көнбей, шабуылмен қаланы басып алды. Бірінші крест жорығы үш жылға созылды. Оның нəтижесінде кресшілер Эдессаны, Антиохияны, Триполи мен Иерусалимді басып алды. Бұл табыс еуропалық басқыншыларды жігерлендіре түсті. 1101 ж. көктемде еуропадан кресшілердің жаңа легі келіп жетті. Жарты миллионға жуық кресшілер үш топқа бөлінді. Раймонд Тулузский басқарған 260 мыңдық кресшілерді селжук түріктері Ғалиса өзенінің бойында талқандады. Кресшілердің екінші тобын селжуктер Тавр тауының етегінде талқандап, бытыратып жіберді. 100 мыңға жуық үшінші кресшілер тобын түріктер Гераклея маңында жеңді. 1101 жылғы крест жорығы осылай күйреді. Алып үш армияны селжук түріктері құртып жіберді. 1147 ж. жазда əрқайсысы 70 мыңнан тұратын неміс жəне француз əскерлері екінші крест жорығына аттанды. 1148 ж. Палестинаға ол əскердің жартысына жуығы ғана жетті. Қалғанын жолда түріктер жойып жіберді.

Иерусалимдік кресшілер батыстан келген кресшілердің жаңа тобынан құтылу үшін оларға Дамаскіні жаулап алуды ұсынды. Кресшілер ол қаланы қоршауға алған кезде Дамаскіге көмекке Атабек жіберген түрік əскері келе жатыр екен деген хабар тарады. Иерусалимдік кресшілер үшін Дамаскінің арабтар қолында қала бергені тиімді еді. Сол себепті олар енді еуропалық рыцарларды Дамаскіні қоршауды тоқтатуға көндірді. Еуропалық кресшілер кейін шегініп, ақыры елдеріне қайтты. Сөйтіп, екінші крест жорығы зор шығынға ұшырап, сəтсіз аяқталды. 1154 ж. Дамаск Солтүстік Ирактың қол астына көшті. Сəтсіз аяқталған екінші жорықтан кейін де еуропалық рыцарьлар шығысқа көз тігуін тоқтатқан жоқ. Оларды, əсіресе Египет қатты қызықтырып, өзіне қарай тарта берді. Ондағы экономикалық құлдырау саяси анархияға ұласып жатты. Фатимилік мемлекеттің ішкі ыдырауы күшейді. Ол өз байлығын тиімді пайдалана алмады. Исмаилизмнің ел ішіндегі тірегі берік болмады. Сарайлық төңкерістер, көшелердегі қырқысулар, т.б. тəртіпсіздіктер XII ғасырдағы фатимилік Египетті қатты қалжыратты. Фатимилік халифаттың мұндай жағдайы кресшілер үшін пайдалы болды: оларға оңтүстіктен қауіп төнбеді. Бірақ өкімет басына айюбилер əулеті келген соң жағдай күрт өзгерді. 1171 ж. халиф Адид өлген соң билікті оның уəзірі Салах-ад-дин басып алды. Ол шыққан тегі жағынан курд (равадия тайпасынан) болатын. Сириялық əскер басшылығынан 1169 ж. фатимилер халифының уəзірлігіне тағайындалған еді. Билік басына келген əулеттің Айюблер деп аталуының себебі Салах-ад-диннің əкесінің аты Айюб ибн Шади болатын. Бұл əулет кресшілерге қарсы күресті басқарды. Əулет 1250 жылға дейін билік құрды.

Таққа отырысымен Салах-ад-дин Египеттің аумағын ұлғайтуға кірісті. 1172-1173 жж. ол Барку мен Триполиді, ал 1174 ж. Иеменді бағындырды. Сол жылы Сириядан Дамаск, Хама, т.б. жерлер басып алынды. Сирияның наместнигі етіп Салах-ад-дин өзінің інісі Тураншахты тағайындады. 1182 ж. египет əскері Халебті басып алды. Тонаушылықпен айналысып отырған Иерусалимдік рыцарьларға енді оңтүстіктен де, шығыстан да қауіп төнді. Салах-ад-дин рыцарьларды 1177 ж. Аскалон маңында, 1179 ж. Иордан жағасында жеңді. 1184 ж. келісім жасалды. Ол бойынша кресшілер мұсылмандарға шабуыл жасамауға, көпестерді тонамауға уəде берді. Ал Салах-ад-дин оларға тимеуге келісті. Бірінші болып уəделерін рыцарьлар бұзды. Олар Иорданның жағасындағы Керакты басып алды, Дамаскіден Аравияға бара жатқан сауда керуенін тонады. Келісімді бұзғаны үшін Салах-аддин кресшілерге соғыс жариялап, Иерусалим корольдігіне шабуыл бастады. Жарты күнге созылған шайқастан соң рыцарьлар талқандалды. Иерусалим королі мен тамплиерлер гроссмейстері тұтқынға түсті. Корольдің басы кесілді. Бірнеше аптаның ішінде Иерусалим мен Тирден басқа корольдіктің қалалары Салах-ад-динге берілді. Сонан кейін ол Иерусалимді де басып алып, құнын төлеген қала тұрғындарын тұтқыннан босатты.

Иерусалимнің мұсылмандар қолына көшуі Еуропаны қатты шамдандырды. Папа Урбан ІІІ-барлық княздарды крест жорығына аттануға шақырды. Сөйтіп, үшінші крест жорығы басталды. Ол жорыққа Германия, Англия мен Франция қатысты. Неміс рыцарьлары король Фридрих суға ағып кетіп өлгеннен кейін Сириядан кейін қайтты. Ал Англия мен Франция корольдері басқарған кресшілер 1191 ж. Сирияға жетіп, екі жыл қоршап тұрғаннан кейін Сен-Жан д’Акра қаласын басып алды. Иерусалимді ала алмайтындықтарына көздері жеткен соң ағылшындар мен француздар елдеріне қайтты. Сөйтіп, үшінші крест жорығы да рыцарьлар үшін зор шығынмен аяқталды. 1193 ж. 55 жасында Дамаскіде Салах-ад-дин қайтыс болды. Оның мемлекеті балалары мен інісі Əділдің арасында бөліске түсті. Үлкен ұлы Абдалға — Дамаск, Əзизге — Египет, Захирға — Халеб, Əділге — Месопотамия тиді. 1198 ж. Əзиз қайтыс болған соң Каирдегі билік Əділдің қолына көшті. Қайтадан мемлекет бірлігі орнады. 1204 жылғы төртінші кресшілер жорығы рыцарьлардың Константинопольді басып алып, Латын империясын құруымен аяқталды. Барлық крест жорықтары Константинополь, сонан кейін Кіші Азия арқылы жасалатын. Оған қатысушылар Селжук түріктерінің қылышына тап болатын. Аман қалғандары Палестинаға азып-тозып, жабырқап əрең жететін. Мұндай əскер Сирия үшін де, Египет үшін де қауіпті болмады. Тек крест жорықтары Рум сұлтанаты арқылы емес, кемелермен теңіз арқылы жүргізіле бастағанда жəне Еуропада Египеттің өзіне басып кіру туралы сөз басталғанда ғана Египет сұлтаны өз əскерін ұлғайта бастады. Халықты əскерге алып, шайқастарға шығару мүмкін болмады. Жергілікті халық тек салықты уақтылы төлеп тұрумен қанағаттанып, сыртқы жаулардан қорғану деген ойдан аулақ болды. Сондықтан да əскерді сатып алынған кавказдық черкестерден жəне Қара теңіз бен Еділ жағаларынан əкелінген қыпшақтардан құруға тура келді. Бұл əскер мамлюктер деп аталды. «Мамлюк» деген арабтың «біреудің меншігі» деген сөзінен шыққан. Қыпшақ мəмлүктер Нил өзеніндегі ар-Рауда аралында (əл-Бахр) орналасып, Бахрилер деп аталды. Олар египет əскерінің негізгі күші болды. Черкестер Каир бекінісінде (əл-Бурдж) орналасқандықтан бурджилер деп аталды. Мəмлүктер əскерінің саны 9 мыңнан 12 мыңға дейін жетіп отырды. Оларды 24 бейлер басқарды.

Иерусалимді қайтарып алу мақсатымен Еуропалықтар 1217 ж. бесінші крест жорығын бастады. Оған немістер мен венгрлер қатысты. Олар Иерусалимге бармай, Египетке қарай бұрылды. Дамиет қаласын басып алып, Египетті бағындырмақ болды. Бірақ ақырында жеңіліс тауып, Дамиеттен аман-есен шыққандарына қуана-қуана елдеріне қайтты. Он жылдан кейін император Фридрих II алтыншы крест жорығын бастады. Палестинаға келіп түсіп, ол Египеттің сұлтаны Мəлік əл-Камилмен келіссөз жүргізді. 1229 жылғы келісім бойынша Иерусалим кресшілер қолына көшті. Ол үшін Фридрих IIсұлтанға Египеттің жауларына қарсы күресте көмектесіп отыруға уəде берді. 1231 ж. Хорезм шахы Жəлел-ад-дин қайтыс болғаннан кейін оның түрік қыпшақтардан тұратын əскері иесіз қалды. Ол əскерді Кони сұлтаны Ала-ад-дин Кей-Құбрат І жалдап алды. Бұл кезде айюбилер мен түрік сұлтанының ара қатынасы шиеленісе бастаған болатын. Ала-ад-дин Кей-Құбрат хорезмдіктерді айюбиліктер елін басып алуға пайдаланғысы келді. 1233 ж. сұлтан хорезмдіктер күшімен бұрынғы одақтасынан Хилатты тартып алды. 1237 ж. сұлтан Құбрат І қайтыс болғаннан кейін жаңа сұлтан Гийас-ад-дин Кей-Хосроу ІІ хорезмдік əскердің басшысы Қырхан Мəлікті адал қызмет етпейсіңдер деп айыптай бастады. Қырхан қамауға алынып, көп ұзамай қайтыс болды. Хорезмдік əскер Анадолыны тастап шығып, айюбиліктерге қызмет етуге көшті. Хорезмдік əскер 1241 ж. 11 шілдеде Иерусалимді басып алып, Египетке қайтарып берді.

Иерусалимнен хорезмдіктер Жерорта теңізі жағасына қарай бет алып, Газа қаласын басып алды. Египеттің сұлтаны хорезмдіктерге сол жерге тоқтауға бұйрық беріп, Рукн-ад-дин Бейбарыс басқарған мəмлүктерді жіберді. Сириялық айюбиліктер арабтармен жəне курдтермен келісіп, египеттіктерге қарсы шайқасқа дайындала бастады. Сириялықтарға кресшілер де қосылды. Себебі олар арабтармен соғысуға, оларды жеңіп, тонауға болатынын, ал хорезмдік түркілер мұндайға жол бермейтіндігін түсініп еді. 1244 ж. 17 қазан күні Газаға жақын маңдағы Харбийа ауылының түбінде кескілескен шайқас болды. Хорезмдіктер мен мəмлүктер барлық арабтарды, күрдтер мен кресшілерді қырып салды. 30 мың адам өліп, 800 кресші рыцарьлар тұтқынға түсті. 1245 ж. қазан айында түркі мəмлүктер мен хорезмдіктер Дамаскіні басып алды. Бірақ хорезмдіктердің қалаға жеңімпаздар ретінде кіруіне египет сұлтаны тыйым салды. Бұл шараны хорезмдіктер мұқату деп санап, египет сұлтанына бағынудан бас тартуды ұйғарды. Бейбарыс сұлтан оларға іш тартып, қолдаушылық білдірді. Оның əйелі де хорезмдік еді. Бейбарыс дереу Каирге шақырып алынды. Хорезмдіктер Иерусалим мен Наблугты басып алып, Египет сұлтанының наместниктерін қуып шықты. Бірақ 1246 ж. 26 мамырда Хомс қаласының маңындағы шайқаста хорезмдік түріктер əскерін сұлтан əскері талқандап, бытыратып жіберді. Сөйтіп, Хорезм əскері өзінің тарихын тəмамдады.

.

1248 ж. Франция королі Людовик Əулие жетінші крест жорығын бастады. 1249 ж. көктемде кресшілер Египеттің теңіз жағасындағы Дамиет қаласына келіп түсе бастады. Нил өзенінің тасуы кресшілерді бірнеше ай бойы Дамиеттен шығармай қойды. Сұлтан ал-Мəлік ас-Салих бұл кезде қайтыс болып кеткен еді. Оның өлгенін жесірі Шеджерет ад-дур құпия ұстап, хабарламады. Ол өзінің Месопотамияны билеп отырған баласы Тураншахтың келіп жетуін күтті. Нил тасқыны басылысымен кресшілер Каир қаласына шабуылға шықты. Бірақ əмір Бейбарыс басқарған мəмлүктердің ерлігінің арқасында қала аман қалды. 300 француздықтар, 80 тамплиерлер, барлық ағылшындар қаза тапты. Людовик əулиенің өзі əрең қашып қүтылды. Мəмлүктер бай кресшілерді құн төлеткізіп, босатты да, төлей алмағандарын қырып тастады. Дамиет қайтадан Египеттің қолына көшті. Кресшілер 800 мың алтын ақша төледі. Сегізінші крест жорығы осылай аяқталды. Түркілік мəмлүктер өз қожайындарын ұнатпады. Сондықтан да 1171 ж. олар исмаилилік халифты сунниттік сұлтанмен ауыстыруға жол берді. Енді олар Тураншах дұрыс басқармайды деп тапқан соң айюбилерге де, бұл елге де қызмет қылуды тоқтатуды үйғарды. Олар енді елді өздеріне қызмет етуге көндіруге кірісті. 1250 ж. 2 мамыр күні əмір Бейбарыс басқарған мəмлүктер Тураншахты тақтан тайдырды. Мəмлүктер билікті ал-Мəлік асСалих сұлтанның жесіріне берді. Оған мəмлүктердің əмірі, түрік Айбекті үйлендірді. Қызғаншақ сұлтанның жесірі опасыздық жасаған күйеуі Айбекті моншаға түсіп жатқан кезінде евнухтарына өлтірткізді. Тақты жас Əмірге ұсынды. Əмір тақтан бас тартты. 1257 ж. 2 мамыр күні сұлтанның жесірі өлтірілді. Билік ал-Мəлік ас-Салихтың кəмелетке жетпеген жас баласының қолында қалды. 1259 ж. мəмлүктер Бейбарыстың досы Құттызды Египеттің сұлтаны етіп сайлады.

Мəмлүктердің билік құрған екі əулеті белгілі: 1. Бахрилер ― түрік халықтарының өкілдері; 1250―1390 ж.ж билік құрды; 2. Бурджилер — негізі кавказдық черкестер, 1390―1517 ж.ж билік құрды. Кресшілер Египетке мəмлүктер билік қүрып тұрғанда Таяу Шығысты бағындыра алмайтындығын түсініп, монғолдармен одақ құру жолына көшті. 1258 ж. ақпан айында монғол əскері Бағдадты басып алды. Хулагу халифтың сарайын христиан патриархына сыйлады. Мешіттерді де шіркеуге айналдырды. Таяу Шығыстың христиандары мəз-мəйрам болып, қуанышқа бөленді. Олар монғолардың арқасында өздерінің Таяу Шығыстағы мақсаттарына жетуге ұмтылды. Сидонның еуропалық билеп-төстеушілері монғолдарды арамдық қылықтарымен таңқалдырды. Олар монғолдардың қол астына көшкен Сирияны əскер жоқ кезде тонап, талан-таражға салып, тайып тұратын болды. Монғолдар еуропалықтардың одақтасына жасаған мұндай опасыздығына қайран қалды. Шыдамы таусылған Сирияның билеушісі Кетбұқа нойон Сидонды жермен-жексен етіп, еуропалық тұрғындарының қашып құтыла алмағандарын қырып жіберді. Египет сұлтаны Құттыз монғолдардың өз еліне шабуыл жасауын күтіп отырмай, өзі шабуылға шығуға бекінді. Ол əскерімен Сирияға бет алды. Құттыздың əскері ұзақ жолдан шаршап, Акраға жеткенде ондағы рыцарьлар өз одақтастары — монғолдарға тағы да опасыздық жасады. Египеттің əскеріне қарсы шықпай, керісінше олардың дем алып, көліктерін əлдендіріп алуларына жағдай жасады. Бұл көмегі үшін мəмлүктермен сауда келісімін жасады: монғолдардан қолға түсірген жылқыларын мəмлүктер рыцарьларға арзан бағаға сатуға келісті. Бірақ кейін мəмлүктер бұл келісімді орындаудың қажеті жоқ деп шешті. Найман Кетбұқа басқарған монғол əскері Құттыз бен Бейбарыс басқарған мəмлүктермен Назареттің маңындағы Айн-и Жалуд деген жерде 1260 ж. 3 қыркүйек күні кездесті. Мəм-лүктер əскерінің алдыңғы сапында шайқасқан Бейбарыстың жауынгерлері жеңісті қамтамасыз етті. Монғол əскері жеңілді. Кетбұқа тұтқынға түсті. Ол Құттызды патша өлтіруші, опасыз деп айыптаған соң өлтірілді. Құттыздың бұл əрекеті сол кездегі дəстүрге қайшы келетін шара еді. Кетбұқа қылмыскер емес болатын. Олай болса ол өлім жазасына кесілмеуге тиіс еді. Сөйтіп, Құттыз күнəкəр болды. Көп өтпей ол осы күнəсі үшін жазасын алды.

.

Египетте медицина бұрыннан зор жетістіктерге жетіп келе жатқан болатын. Х―ХV ғасырларда бұл салада атақты оқы-мыстылар қатары онан сайын өсе түсті. Олар: қан айналымының ғылыми тұжырымдамасын жасаған Ибн ан-Нафис (XIII ғ.); көз аурулары туралы құнды еңбектер жазған Ибн ан-Накид (XII ғ.); медицина тарихы жайында еңбек жазған Ибн Аби Усейбиа; жаратылыс ғылымы мен философия тарихын жазған ал-Кифти (XII ғ.). Тарихшылардың ішінен аты шыққан оқымыстылар — саяси жəне діни қайраткерлер мен оқымысты ғалымдар өмірбаянын (бəрі 865) жазып шыққан Ибн Халликан (XIII ғ.); тарихшы əрі географ Абул-Фида (1332 ж. өлген); тарихшы Ибн Тагриберди (1463 ж. өлген); Египет пен мəмлүк сұлтандарының тарихын жазған ал-Маркизи (1442 ж. өлген); ұлы араб тарих-шысы Ибн Халдун (1406 ж. өлген) т.б. болды. Дамыған феодализм кезінде араб елдерінде өнер саласында да елеулі табыстарға қол жеткізілді. Оған дəлел сəн өнерінің əсем ескерткіштері болып табылатын ал-Азхар (972 ж.), ал-Хаким (1012 ж.), ал-Акмар (1125 ж.) мешіттері. Бұл кезеңде мешіттермен қатар керуен-сарайлар, моншалар мен əсем тұрғын үйлер салынған. Сəн өнерінің көрнекті ескерткіштерінің қатарына Каирдегі Салах-ад-дин салғызған цитадельді, сұлтан Қалауын салғызған мешіт пен аурухананы, Қайытбей сұлтан салғызған медресе мен мешіт-кесенені жатқызуға болады. Х―ХV ғғ. аралығында музыка өнері де онан əрі дамып, жетіле түсті. Бұл кездегі араб музыкасы Еуропа мен Орта Азия елдерінің музыка өнеріне, музыкалық аспаптарының қалыптасуына əсер етті.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.