Х—ХV ғасырлардағы феодалдық Корея

Главная » Рефераттар » Х—ХV ғасырлардағы феодалдық Корея

ІХ ғасырда елде орын алған феодалдық өзара қырқысулар Х ғасырдың басында тыйылып, жарты аралда мемлекеттік бірлік орнай бастады. Үш мемлекетті біріктіруді 918 ж. «Екінші Когурёде» өз билігін орнатқан əскер басшысы Ван Гон қолға алды. 935 жылы ол Силланы, 936 жылы «Екінші Пэкчені» бағындырып алды. Қайтадан бірігіп, қалпына келген мемлекет «Корё» деп аталды /осы атымен қазір де аталады/. Оның астанасы Сонгдо /қазіргі Кэсон/ қаласы болды. Ван-Гон шаруаларға арқа сүйей отырып, табысқа жетті. Ол жаңа жерді басып алысымен ондағы шаруаларды бұрынғы қарыздарынан босатып, салық мөлшерін уақытша азайтты. Корёнің жер жүйесі негізінен тандық жүйеге еліктеді. Жер барлық адамдарға берілді. Əркім қызметіне қарай үлес алып отырды. Ол чонсиква деп аталды. Жердің иесі өлген соң ол мемлекетке қайтарылып отырды. Солдаттар үлесті 20 жасқа толған соң алатын, 60 жасқа толған соң қайтарып беретін. Егер баласы немесе басқа туысы оның қызметін жалғастырса, үлес қала беретін. Баласы жоқ адамдар 70 жастан кейін зейнеткерлік үлес алатын. Ол «кубунчжон» деп аталды. Баласы жоқ солдат соғыста қаза тапса, зейнеткерлік үлесті оның əйелі алатын. Сонымен қатар марапат (награда) ретінде де үлес берілетін. Ол үлес «конымчжонси» деп аталды. 16 жаста кəмелетке толған деп саналды, ал 60 жаста зейнеткер деп жұмыстан босатылды. Зейнеткерлер салықтардан да босатылатын. Үлес иелері əрбір кёлден (~ 1 га) бір сок (~ 160 кг.) салық төледі. Жалпы салық мөлшері табыстың 1/10-інен аспады. Бір орталыққа бағынған мемлекет құрылғанымен бұрынғы жеке мемлекет басшылары, олардың жақтастары қайтадан бөліну үшін күресіп бақты. Корё үкіметі өзінің сыртқы саясатында Қытайдағы Сун империясына бағыт ұстады. Қытаймен одақтасу кидандар қаупіне байланысты болды. Кидандар Корёнің ішкі талас-тартысын пайдаланып, оны басып алуға тырысты.

.

993 ж. Кореяға кидандар шабуылы басталды. Бірақ олар тойтарыс тауып, кейін қайтты. 1009 ж. Корё өкіметінің басшысы Ван Мок Чонды əскерлер тақтан түсірді. 1010 ж. кидандар əскері Амноккан (Ялуцзян) өзінен өтіп, Корёге басып кірді. 1011 ж. қаңтарда олар Корё астанасы Кэгёнді (Кэсон) басып алып, талқандады, талан-таражға салды. 1011 жылғы 28 қаңтардағы шайқаста Корё əскерінің басшысы Ян Гю қаза тапты. Бірақ кəріс халқы шет елдік басқыншыларға қарсы аянбай күрес жүргізді. Үш айдан кейін Кан Гам Чхан басқарған кəріс əскері кидандарды шегінуге мəжбүр етті. 1013—1014 жж. кидандар Тончжо мен Хынхвачжин аудандарында Корёге екі рет басып кірді. Бірақ сəтсіздікке ұшырап, кейін қуылды. 1014 ж. Корёдегі өкімет билігін əскерилер басып алды. Хынхвачжиндегі шайқастан кейін олар Кэгёнге бет алды. Бірақ біраз шайқастарда жеңіліс тапқан соң кейін шегіне бастады. 1019 ж. қаңтарда Корё əскері кидандарды Куджда тасталқан етіп жеңді. Кидандармен бітім шарты жасалды. Амноккан (Ялуцзы) өзені осы кезден бастап Кореяның шекарасы болып белгіленді.

Корёнің гүлденуі Мунджон (1047—1082) корольдің билігі кезінде басталды. Бұл кезде өте тиімді əкімшілік жүйесі құрылды. Ол жүйе 2,5 ғасыр өмір сүрді. Бұл орталықтандырылған өкімет билігінің күшеюі, мемлекеттің жерге меншігінің нығаю кезі болды. Сонымен қатар Х—ХІІ ғғ. ірі жеке меншіктік жер үлестерінің өсуімен сипатталады. Көптеген ірі жер иелері өздерінің қарулы күштерін ұстады. Осы кезде бекініс-қала Намгён (қазіргі Сеул) салынды, Ол 1394 ж. Корёнің астанасына айналды. Корёнің бейқуат тыныштық өмірі ХІІ ғасырға қарай қайта бұзылды. Осы ғасырдың басында Корёге Қытайдың солтүстікшығысын мекендейтін тунгустық чжурчжендер тайпасының шапқыншылығы жиіледі. 1104 ж. Чонпхён қамалындағы шайқаста кəрістер жеңілді. 1107 ж. чжурчжендер жаңа шабуыл бастап, қатты тойтарыс алды. 1125 ж. Корё Қытайдағы чжурчжендердің Цзинь империясына вассалдық тəуелділігін мойындады. Бұл кезде Корёда будда шіркеуінің ықпалы өсе түсті. Ол үкімет беделінің өсуіне көмектесті. Бірақ жеке феодалдар шіркеу иелігінің өсе түсуіне наразы болды. Шіркеу мен феодалдар арасындағы қақтығыстар елдің саяси-экономикалық жағдайына айтарлықтай зиян келтірді. Əсіресе шаруалар үлкен күйзеліске ұшырады. Сондықтан олар көтеріліске шығып отырды.

.

1126 ж. Ли Ча Гём басқарған Кэгёндегі бүлік бұрқ ете түсті. Ли Ча Гём (Ли Джагём) Инджон ванның қайын атасы болатын. Ол 134 135 əскердегі билікті жəне чиндер (қызмет) министрлігін өз қолында ұстаған. Алғаш Джагём жеңіске жетіп, Инджонды қамап қойды. Бірақ көп өтпей Ли Джагёмді өзінің бір вассалы өлтіріп кетті. 1135 ж. Согёнде будда монағы Мё Чхон басқарған бүлік шықты. Бұл кэгёндік жəне сэгёндік (солтүстіктің орталығы) ақсүйектер арасындағы билік үшін күрес еді. Мё Чхон басқарған феодалдар тобы елдің Солтүстік-Батыс облыстарының жеке мемлекетке бөлінгендігін жариялады. Бірақ көрнекті мемлекет қайраткері Ким Бусик басқарған өкімет əскері 1136 ж. көктемде Согёнді штурммен алып, бүлікті басты. Бұл мемлекетті нығайтуды жақтаушылардың жеңісі болды.

ХІІ ғасырдың екінші жартысында Қытай ықпалына қарсы күрес тоқтамады. 1170 ж. Ыйджон ванның билігіне наразы феодалдар тобы төңкеріс жасап, билікті басып алды. Чон Джунбу бастаған дінбасылары таққа құлатылған ванның інісі Мёнджонды отырғызды. Іс жүзінде өкімет билігі əскерилердің қолында қалды. Феодалдар арасындағы, феодалдар мен шіркеу арасындағы қақтығыстар елдің саяси-экономикалық жағдайына айтарлықтай зиян келтірді. Əсіресе шаруалар үлкен күйзеліске ұшырады. Сондықтан олар көтеріліске шығып отырды. Көтерілістер 1162, 1166 жылдары болды. Ал 1176 ж. нағыз шаруалар соғысы басталды. Оны Мани басқарды. Көтеріліске шыққандар негізінен нобилер — мемлекеттік басыбайлы шаруалар болды. Олар елуге жуық қалаларды басып алды: 1177 ж. көтерілістің оңтүстіктегі негізгі ошақтарын басқаннан кейін көтерілістер солтүстік-батыс аудандарға тарай бастады. Көтеріліс тек 1178 жылдың аяғында ғана толық басылды. Мани өлтірілді. Сонан кейін ірі көтерілістер Кёнсан провинциясында 1193—1194 жж. Ким Сами мен Хё Симнің басшылығымен болды. 1196 ж. іс жүзіндегі өкімет билігі Чхве Чхун Хэннің қолына көшті. Сөйтіп, 1258 жылғы моңғол жаулап алушылығына дейін елде екі əулеттің билігі қатар орнады. Осындай феодалдық өзара қырқысулар Корёні əлсіретіп, оны басқа мелекеттердің жаулап алуын жеңілдетті. 1216 жылы Кидандар Кореяға қайта басып кірді. Корея королі Цой Чхун Хэн монғолдардан көмек сұрады. Монғол отрядтары 1218 жылы Кореяға кіріп, кидандарды қуып шықты. Корея моңғолдарға салық төлеп тұрудан бас тартқан соң 1231 жылы моңғол əскерлері жарты аралға басып кірді. Сылтау — Кореядағы моңғол елшісінің өлімі болды. Моңғол ханы Кореяға Сартай басқарған əскер жіберді. Корея королі мен үкімет басшысы Цой У астанадан қашып, Канхвадо аралындағы қамалға барып тығылды. Дегенмен моңғолдар Кореядан салық алып тұрумен шектелді. Моңғолдар Кореяны толық басып алу ойынан қайтқан жоқ. 1259 жылы Цой əулетінің үкімет басшысы өлтірілді, Канхвадо аралындағы қамал талқандалды. Король мұрагері кепіл ретінде Моңғолияда ұсталды. Кореяның королі өлген соң мұрагер еліне қайтып келіп, таққа отырды. Ол Кореяны Моңғолияның вассалы деп жариялады. Сөйтіп, Кореяда моңғолдар билігі орнады.

Моңғолдар Кореяны Жапонияға қарсы соғыста өз базасына айналдырды. Бірақ бұл зорлыққа халық көнгісі келмеді. 1270 жылы моңғолдар өз елін қауіпсіздендіру мақсатымен Кондо аралығындағы қамалды жойып, оны қорғап тұрған əскерді таратуды талап етті. Бұл талап «үш корпус əскерлерінің» көтерілісін туғызды. Осы əскерлер моңғолдарға қарсы үш жыл бойы күресті. Оларға шаруалар да көмектесті. Бірақ король мен оның одақтасы 1273 жылы көтерілісті басты. 1274, 1281 жылдардағы Жапонияға сəтсіз жорықтардан кейін моңғолдар Кореяны оккупациялауын онан əрі жалғастырды. Олар «Шығыс жорығын басқару» мекемесін құрды. Ол мекеме Корея үкіметінің үстінен қарайтын орган болды. Кореяның король үкіметі бұл мекеменің қолжаулығы болды. Жүз жылдық моңғол езгісі Кореяның экономикасына айтарлықтай зиян келтірді. ХІV ғасырдың ортасына қарай Кореяның жағдайы өте қиындап кетті. Шіркеу мен феодалдардың, моңғолдардың езгісіне жапон шабуылдары қосылды. 1356 жылы жапондықтар Есонган өзеніндегі Кедон аралын басып алып, Корея астанасына қауіп төндірді. 1359—1360 жылдары Солтүстік Корея «Қызыл бастылардың» талан-таражына ұшырады. Елде тап күресі де шиеленісті. Кəріс дворяндары шіркеудің, ақсүйек феодалдардың жерлерін тартып алуды, моңғолдарды қууды, үкімет билігін күшейтуді мақсат етті. Сондықтан олар армия мен флотты күшейтуді, будда шіркеуінің жерін тартып алуды талап етті. Кореяның қала халқы — қолөнершілер мен көпестер дворяндарды қолдады. Бұл талаптарды король Конминнің /1352—1374/ бірінші министрі Синдун ескерді, мүмкіндігінше қанағаттандыруға тырысты. 1356 жылы Синдун «Жер мен халық санын қайта қарау басқармасын» құрды. Ол ірі жер иеленушілер тарапынан қатты наразылыққа ұшырап, корольге қарсы қастандық ұйымдастырды деген айыппен өлім жазасына кесілді.

1356 жылы моңғолдардың негізгі күші Кореядан шықты, ал қалған гарнизондары 1359 жылы толық талқандалды. Кореядағы моңғолша жыл санау, қызмет баптары жойылды. 1359 жылғы жеңісте ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсіп, жеңісті қамтамасыз еткен Ли Хван Чжо деген феодалға король он мың шаруалар отбасын сыйлап, əскердің қолбасшысы етіп тағайындады. Сөйтіп Ли əулетінің жұлдызы жанып, шарықтауы басталды. 1368 жылғы Қытайдағы моңғолдар билігінің құлауы Кореяға да əсер етті. 1369 жылы Корея королі Конмин ресми түрде ұлы ханның вассалы екенін мойындаудан бас тартты. Патшалығының екінші кезеңінде король будда дінбасыларының серкесі Син Удың ықпалына түсіп кетті. Бұл 1374 жылғы сарай төңкерісіне əкеліп соқты. Син У мен король өлтірілді. Бұл төңкерістен кейін тақ үшін күрес 20 жылға созылды. Ақыры династия құлады. 1389 жылы «Жаңа партияның» басшысы, Ли Хван Чжоның баласы Ли Сон Ге таққа сол партияның өкілі Коньянды отырғызды. Бірақ партияның əскердегі офицер мүшелері 1392 жылы сарай төңкерісін жасап, Коньянды тақтан құлатты. Оның орнына Ли Сон Генің өзін король деп жариялады. Ол мемлекеттің Корё деген атын Чосон деп өзгертті. 1396 жылы оның астанасы Ханьян /қазіргі Сеул/ қаласына көшірілді. Жаңа король Ли Сон Ге /1392—1398/ «жаңа партияның» талабына сай ақсүйек феодалдардың ірі жер иеліктерін конфискелеп, орташа жəне ұсақ иелікті дворяндарға таратып берді.

.

Жаңа тəртіптің нығаюы, сонымен қатар жаңа династияның таққа түпкілікті бекуі династияның ІІІ-королі Ли Хван Вонның /Тхечжон/ атымен /1401—1419/ тығыз байланысты. Бұл король өте шебер саясатшы болды. Ол Қытай императорынан «Чосон королі» деген грамота алды. Сондай істерімен Ли Хван Вон Кореяны Шығыс Азиядағы ірі күштердің біріне айналдырды. Бұл корольдің тұсында басқару аппараты қайта құрылды. Алты палаталы орталық өкімет органы құрылды. Жоғарғы үкімет органы сегіз мүшесі бар Мемлекеттік Кеңес болып табылды. Ел сегіз провинцияға бөлінді. Оларды король тағайындайтын, тек корольге бағынатын уəкілдер басқарды. Провинциялар уездерге бөлінді. Қызметке орналасу үшін «ғылыми дəреже» қажет болды. Ол арнаулы емтиханнан өткен соң берілді. Негізінен үш атақ болды. ІІІ — төменгі дəреже жергілікті жерде, қалған екі жоғарғы дəреже — астанада берілді. Қызметтегі адам Янбан деп аталды. Бұл сөз кейін дворяндардың атына айналып кетті. 1401 жылғы жарлық бойынша будда монастырларының көп жері тартып алынды. Елдің ішіндегі жағдайды реттеу мақсатындағы шаралар бүкіл ХV ғасыр бойы жүргізілді. Король Сечжонның /1419— 1450/ тұсында бүкіл өңдеуге жарайтын жердің есебі алынып, жиналатын салық мөлшері анықталды. Ол жердің сапасына, судың жақындығына қарай белгіленді. Жапониямен сауда жасау да реттелді. Сауда үш порт арқылы жүргізілді. Олардың бастысы Цусима болды. 1420 жылы осы порттың бастығы Жапония сауда кемелерінің қайсы портқа қанша рет қатынасатыны жөнінде келісім жасады. Кореяны əсіресе олардың солтүстік — шығысындағы көршілері — чжурчжендер қатты мазалады. Онымен күрес көпке созылды. Тек 1449 жылы Корея Туманган өзені маңында Чжурчжендер жерін басып алып, онда əскери гарнизонын орналастырды. Бірақ чжурчжендермен тайталас ХV ғасырдың екінші жартысында да онан əрі жалғасты.

Ли əулетінің жетінші королі Сечжо /1456—1470/ тұсында корей деревнясын қамтыған өзгерістер болды, ашаршылық бола қалған кезде қажет болатын егін сақтайтын қоғамдық қоймалар салынды, жер жыртуға, көшіп-қонуға керек болатын ірі қара мал басын көбейтуге қолдаушылық көрсетілді; малды, жібек құртын бағыпқағу жөніндегі басшылық нұсқау кеңестер жасалды. Ескі суару жүйесін жөндеп, жаңасын салуға көп мəн берілді. Бұл шаралар елдің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосты. Өңделген жердің көлемі 1391 жылы 798 127 кёл болса, 1404 жылы — 922 677 кёлге жетті. Бұл кезде қолөнері мен сауда жақсы дамыды. Қолөнершілер мен саудагерлер еуропалық цехтар мен гильдиялар сияқты ұйымдарға бірікті. Ол ұйымдар үкіметтен қажетті тауарлар шығару монополияларына құқ алып отырды. Елдегі сауданың өсуінің куəсі — жергілікті жəрмеңкелердің көбеюі болды. Кореяның жаңа астанасы — Сеул ХVІ ғасырдың басында халқының көптігі жағынан елдің ең ірі қаласына айналды. Ол халықтың басым көпшілігі қолөнершілер мен саудагерлер болды.

Мəдениеті. VІІІ—ХІІ ғасырларда Кореяда қолданбалы қолөнері елеулі табыстарға жетті. Кореямен көршілес барлық елдерде Силла шеберлерінің нефриттен жасаған зергерлік бұйымдары жоғары бағаланды. Силла кезінен алтын білезік, тəж, семсер, сондай-ақ металдан жасалған белдіктер мен ертоқымдар сақталған. Əсіресе Кореядағы кітап шығару ісі ерекше көңіл аударарлық болды. 991 жылы Сэген /қазіргі Пхеньян/ қаласында қолдан жасалған кітаптар шығаратын мекеме құрылды. Негізінен буддалық діни кітаптар мен тарихи жылнамалар басылып шығарылатын. 138 139 1022 жылдан ағаштан, 1232 жылдан металдан жасалған шрифтер қолданыла бастады. 1403 жылы сөз құю қалыптары жасалды. Білім беру ісін кеңейту шаралары жүзеге асырылды. Ол істі қытайдың философия, саясат, экономика жəне тарих жөніндегі кітаптарынан рухтанған кəріс оқымыстылары — конфуциандықтар басқарды. Мəдениеттің дамуына 1403 жылы жасалған «сөз құю» қалыптары зор үлес қосты. Корей халқының мəдени өміріндегі ең маңызды оқиға — онмун /қарапайым халық жазуы/ деп аталған ұлттық алфавиттің жасалуы болды. Ол алфавит 1446 жылы ресми құжатта жарияланды. Ұлттық алфавиттің жасалуына байланысты ағарту ісі қанат жайып, ұлттық тілдегі əдебиет дамыды. Корольдің конфуциандық кеңесшілері қарапайым халық тіліндегі жазуды кеңінен қолдануға қарсы болды. Сол себепті мемлекеттік құжаттар мен барлық саяси, экономикалық жəне философиялық əдебиеттің тілі ретінде қытай тілі қалып қойды. Астрономия мен календарлық есепке үлкен көңіл бөлінді. Жұлдыздардың орнын анықтайтын жаңа астраномиялық құралдар жасалды. Жаңа метеорологиялық аспаптар ойлап табылды. Жердің ылғалдылығын өлшейтін аспап барлық мекемелерде болуы керек деп міндеттелді. ХV ғасырдың ортасында кəріс оқымыстылары «Нонса чиксоль» («Жер өңдеу кітабы») деген кітап жазды. 1451 ж. Ян Сон Джи жəне басқалар Корёның тарихи-географиялық сипаттамасын жазып, картасын жасады. Медицина саласында да біраз табыстарға қол жетті. 1432 ж. «Хянъяк чипсонбан» (дəрі жасау) деген фармакопея құрастыру аяқталса, 1445 ж. «Ыйбан юхчви» деген медициналық энциклопедия баспадан шықты. ХІY ғасырдың аяғында Хансонда Кёнбоккун сарайы салынды. Кəріс музыкасының дамуына ХV ғасырда өмір сүрген Пак Ен көп үлес қосты. Ол ең алғашқы музыка мектебін ашты. 1493 ж. Сон Хён басқарған топ «Акхак квебом» («Музыка білімінің негіздері») деген кəріс музыкалық энциклопедиясын құрастырды. ХІV—ХV ғасырда «камёнгык» деген маскалар театры мен «инхёнгык» деген қуыршақтар театры құрылды. Сөйтіп, дамыған орта ғасырларда Корё мəдениеті ішкі — сыртқы қиыншылықтарға қарамастан елеулі табыстарға қол жеткізді.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.