Хасаг немесе қазақтар туралы

Главная » Рефераттар » Хасаг немесе қазақтар туралы

Цевен Жамсрано “Хасаг” немесе қазақтар туралы. “Дархад, Хөвсгөл нуурын Урианхай … Хасаг, Хамниган нарын гарал, үндэс байдлын үгүүлэл”. еңбегінен Хасаг немесе қазақтар туралы Монғолия азаматтары Абақ керей қазақтары урианхайлармен аралас құралас тұрады, бұрын үш хошун еді, соңынан 4 болды. Кейінірек екі хошун болып Қобда аймағының қарамағына өтті. Аталған екі хошунның бірі шерушілер бір сомон ел, енді бірі Ботақара және Шыбарайғыр хошуны үш сомон. Шыбарайғыр хошунының қазақтары Қобданың басындағы көлдер және Баяннорды мекендейді. Соғақ және Ойғыр өзені бойында қыстайды. Жазда Алтайдың арғы бетіндегі (2) Жолты, Тойтас өзенін жайлайды. Ботақара хошунының қазақтары Тұлба көлі, Сақсайдың басындағы Борабургас өзенінен ішкері Буянты өзенінің батыс саласы, Бұғыты, Хорғаға дейін жайыла қоныстанған. Батысында Алтай жотасы арқылы мемлекеттің шекарасы өтеді. Қазақтардың арғы тегі әртүрлі ру-тайпалардың қосындысы сияқты көрінгенімен 12 рулы Қара керей (моңғолша. Arban hoior otog Kara-kerei) деген атпен белгілі болған Түркі этнотобына жатады. Кеңестер одағында тұратын қазақтардан тілі және тарихи тегі жағынан соншалықты айырмашылығы жоқ. Мұхамед дінін (3) ұстанады. Жуыққа дейін араб әліпбиін қолданып келген. Қазақтардың ішкі қақтығыстары жайлы әдейі зерттеу жүргізілмеген (4). Билік ақ сүйек сұлтандардың (5) ұрпақтарының қолында болып келді. Мәнжу билігі кезінде гүң (6) деген жаңа лауазым пайда болды, олардан кейінгі лауазым иелері амбан (әкім ред.) деп аталады. Хошун басы, ноян, ру басылары бүгдийн дарга (7) деген лауазымдылар болды. Билік жүйесінде ру басыларының құзыр билігі жоғары болды. Істі болғандардың ісін қарастырғанда молдалар араласады, көпшілік жұрт байлар, билер және жасы үлкен адамдардың сөзін сыйлайтын әдеті бар. Бұрынғы ру, ата аралық ерекшеліктер әлі күнге дейін сақталып келді. Мәнжу Чин билігі тұсында керейлердің ара бірлігі жақсы және өздерінің ұлттық бостандығын сақтау үшін ұмтылысы арқасында басқыншылардан орасан зәбір көре қойған жоқ. Алым-салық жайына келсек жыл сайын Мәнжу үкіметіне тек бір мың жылқы көлемінде төлем төлеп отырды (8). Одан өзге төлем болған жоқ. Урианхайлар сияқты өртең-ула ұстау, аң терісінен төлем төлейтін жүйе бұларда болған жоқ. Алғаш Алтайдың бергі бетіне асып келуінің басты себебі арғы жаққа мал-жаны сиыспағандықтан болса керек (9). Әдейі малына кең жайылым іздеп келген сияқты (10). Қазақтардың ежелгі моңғолдардың кейбір салт-санасын сол күйінде сақтап келген.

Мысалы бүркіт, қаршыға сияқты құстарды қолға үйретіп, аңға салу саятшылық үрдісі Шыңғысхан заманы және одан соңғы уақытта да серуеннің бір түрі болып келді. Келген қонағына қой сойып бас тартады. Бұл салт буриадтарша қойдың өглийн жегізу, моңғолдардың қойдың ұшасын тарту, қой етін мүшелемей бітеу күйінде пісіріп қоюмен ұқсас салт болып табылады. Мәнжу Дайчин (¦лы Чин) мемлекеті билігінің соңғы кезеңінде хасаг (қазақ) Керейлер барлығы 60 мың жан болған екен. 1860 жылдары Алтайдың бергі бетіне (Қобда) асып келген (11) елінің (халқының) саны тым көп емес. Былтыр Қобда өлкесінде жүргізген зерттеу кезінде алған есепке қарағанда Моңғол қарамағына өткен қазақтардың жанұясының саны 1870 болды, егер бір жанұяда төрт адамнан десек 7480, ал әрбір жанұяда 6 адамнан деп есептесек 11220 жан болып шығады. Біз нақтылы сан тізімін ала алмағандықтан осылайша шамалап есептедік. Қазақтардың малының негізгі түлігі: жылқы, сиыр, сарлаг (як), түйе, қой. Ешкі тым аз кездеседі. Қойы моңғол қойымен салыстырғанда қылшық жүнді, өңі қызыл қоңыр, құйрығы үлкен. Денесі ірі, әрі төзімді. Етті көп береді деседі. Жылқысы моңғол жылқысымен салыстырғанда сәл бойшаңдығынан басқа өзгешелік байқалмайды. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындықтан киіз үйде тұрады. Қазақтарда да моңғолдар сияқты отырықты қала қалашықтары жоқ. Діни рәсімдерді молда деп аталатын діни адамдар жүргізеді. Қазақтардың кәзіргі негізгі мекені Уланхус деген жер, Соғақ өзенінің құйғаны, Тэс, Қобда өзендері бойын мекендейді. Қазақтардың өткен-кеткенін зерттеген біршама еңбектер бар, бірақ оларда жалпы қазақтар туралы баяндалғаны болмаса, Алтайдың бергі бетіне өтіп келген қазақтар жайлы еңбек аз болғандықтан халықтың ахуал тішілігі мен салт-санасы, мәдениеті мен білім деңгейін зерттейтін арнайы зерттеу экспедициясын шығаруды жөн деп есептейміз.

Анықтамалар: 1. Цэвээн Жамсранович Жамсрано (Бегзеев), ұлты буряд-монгол, 1880 жылы Буряд-моңғолдың Байкал өлкесі, Агинск районында туған. Санкт-Петербург гимназиясын, Иркутск қаласындағы мұғалімдер дайындайтын семинарияны, кейін петербург университетін бітірген. Белгілі шығыс танушы ғалым, Буряд және Моңғолдардың тарихы мен мәдениеті туралы бірнеше еңбектердің авторы, 1911-1912 жылғы Моңғолияның ұлт азаттық көтерілісіне белсене араласқан белгілі саяси қайраткер. 1921 жылы Моңғолияда болған халық төңкерісіне де белсене араласып төңкерістің жеңісінен соң Моңғолияның үкіметі мен партия органдары, Ғылым Академиясында жауапты қызметтер атқарған. “Моңғолиядағы оңшылдардың саяси көсемі болды” деген саяси жаламен 1940 жылы атылған. Ол 1920-1930 жылдары Моңғолияның Ғылым Академиясында қызмет ете жүріп ұлттық-этнографиялық бірнеше экспедицияларға қатысады. 1923-1924 жылдары Қобда аймағындағы саны аз ұлт өкілдерінің хал ахуалын зерттеу үшін ұйымдастырылған этнографиялық экспедиция тобын басқарады. Автордың жоғарыда аталған еңбегі осы экспедиция жұмысының нәтижесі. Бұл 1920 жылдары Моңғолиядағы қазақтардың саны, жай күйі және қазақтар Алтайдың арғы бетінен Моңғолияға асып келген себептерін ашып жазған алғашқы еңбектердің бірі. Еңбек ұйғыр-моңғол әліпбиімен моңғолша жыл санауы бойынша 1924, ал европалық жыл қайырудың 1934 жылы Уланбатыр қаласында жарық көрген. 2. Әкімшілік жағынан Қытайға қарайтын қазақтардың әр Алтай аталатын бөлігі 3. Дұрысы мұсылман моңғолша лалын шашин. Бірақ автор бұл жазбасында Мұхамед діні деп қолданады. 4. Бұл туралы жоғарыда Г.Потанин, Г.Грумм-Гржимайло және басқадай қазақ авторларының еңбегінде көрсетілді. 5. Қазақтың жалпы билеушісі ¤жеке төре үкірдай деген лауазымға ие болған. Бейресми түрдегі билік ¤жеке төренің баласы Жәңгірге, онан немересі Адайға, шөбересі Жаңғалдайға өткен. 6. Манж Чин империясына бағынған аз санды ұлттар үшін Уаң (ван-губернатор дәрежесінен кейін бэйль онан соң бэйс (қазақтар бейіс атаған), гуң (оның мемлекеттік және көмекші деген екі түрі бар), зәңгі (занги, сомон билеушісі) деген мансап дәрежелері тағайындалған. Мұнан басқа хэбэй (кеңесші), тайж (тәйжі, тайшы яғыни ақсүйек нәсілден) деген саяси-протестарлық дәрежелер бар. Он екі ру Абақ керейдегі ең үлкен лауазым үкірдай (Укр Да-барлығын басқарушы), онан кейін зәңгі, жүзбасы, елубасы аталған жүйе қазақтар Боғда хандық Моңғолия мемлекетіне ресми түрде қабылдағанға дейін сақталған. Манж Чин әкімшілік билігінің ең кіші билігі ондық, онан соң 150 еркектен тұратын сомон, бірнеше сомоннан хошун, бірнеше хошуннан аймақ құралады. 7. Моңғолша барлығын басқарушы, манжуше Укр-Да, қазақтар үкірдай дейді. 8. Грумм-Гржимайло Г.Е. “Западная Монголия и урианхайский край”. Т.ІІІ, вып. 2, Л., 1930, с.457 и др. 9. Қазақтардың Қобда бетіне өтуінің саяси, экономикалық себептері көп. Қараңыз: З.Қинаятұлы. “Моңғолиядағы қазақтар”. Алматы, 2001, 56-72 бб. 10. Әу баста қазақтар урианхайлардан жер жайылым жалдап алумен басталған үрдіс жаппай қоныстануға ұласқан. Мұнан жергілікті урианхайлар үлкен жәбір көріп, жан-жақты қысымшылыққа түскен. Жер дауы қазақтарды күшпен кері Алтайға қайтаруға итермелейді. Ақыр соңында қазақтың көрнекті өкілдері қарсы тұруымен мәмігерлігі арқасында 1895 ж.Қобдадағы әкімшілігіне тоғыз тарту тартып, жыл сайын 1000 бас жылқыны Мәнжу императоры қазынасына өткізіп тұруға уағдаласуы мәселе түйіні шешілген. 11. Ресми деректер бойынша қазақтар Алтайдан Қобда бетіне 1864 жылдары ру-руымен көптеп көшіп келе бастаған. Алғаш Көбеш бастаған Жәнтекей, Жылқышы бастаған Шеруші, 1890 жылдары Молқы, Шыбарайғыр, Қарақас рулары келген.

.
.

1.6. А.В.Бурдуков. Жалама айдаған жылдар және ¤рікті көл оқиғасы туралы “В старой и новой Монголии: Воспоминания, письма” (М., 1969) еңбегінен. “Жа Лама” (trans. Da Lama)- Моңғол тұңғыстың “Да Лама” немесе “Дін басы, бас Лама” деген сөзінен шыққан. Бұл оқиғаның арқауы болған Да Лама Дамбийжанцан 1860 жылдары Астрахань уезінде туған, ұлты қалмақ. 1890-жылдардың басында қалмақтардың (Ойрат) бұрынғы ата мекені Батыс моңғолияға келіп “Моңғол елінің тәуелсіздігі үшін күрескер, дін уағыздаушы” ретінде Моңғолияға келіп “Қос түйелі диуана” деген лақабымен аты шыққан адам. 1891 жылы Тибетке өтпекші болып бара жатқан жолында Улиастайда Шүршіт-Қытай шекарашыларының қолына түсіп Моңғолиядағы Орыс консулының араласуымен Ресейге қайтарылған. 1900 жылы “Ширээт лама” деген бүркеншік атпен П.К.Козлов (1) экспедициясының құрамында Моңғолияға қайтып келіп, Козловтың тікелей тапсырмасымен Будда дінінің орталығы Лхас (2) қаласына барып қайтқан жолында “экспедициядан көз жазып” қалып Моңғолияда қала береді. 1910 жылы Қобда шебіне келіп Батыс моңғолиядағы ¦лт-азаттық қозғалысына аса белсенділікпен қатысады. 1911 жылы тамыз айының 20 күні Қобда қаласын Шүршіт- Қытайлардан азат ету үшін болған шайқаста басшылық етушілердің бел ортасында болып көрсеткен ерлігі үшін Боғда ханның “Догшин ноен хутагт” (Айбарлы сұлтан деген мағынада) үлкен лауазымға ие болады да Батыс моңғолиялықтардың арасында “Ол әулие және ¤леттің әйгілі Амарсанасының (3) мұрагері екен-мыс” деген аңыз әңгіме ауыздан-ауызға тарай бастайды. Осының арқасында Моңғолияға алғаш екі түйе, маузер мылтығынан өзге “үрерге иті, сығарға биті жоқ” келген Дамбийжанцан екі жылдың ішінде “қарамағында 10 мың отбасы, 500 әскері, 10 мың-нан астам малы бар” (4), Батыс моңғолияның әміршісі болып шыға келеді. 1912 жылы ол өзін іс жүзінде Батыс моңғолияның ханы деп жариялап, Моңғолияның батыс аумағының орталығын Қобдадан Мунджик немесе Шар-цэх (5) деп аталатын кішкентай шіркеуге көшіріп орналастырады. Дамбийжанцан осында 1912 жылдың күзінде елдің игі жақсыларының басын қосып той жасап, тойға жиылғандардың қатысуымен үлкен жиын өткізеді. Осы жиында Дамбийжанцанның ұсынысы бойынша елден шеткеріде жүрген қазақтарды Моңғолияның ішкі өлкелеріне көшіру туралы шешім қабылданады. Бұл “Ақтабанды шұбырынды” сияқты қазақтың басына түскен аса ауыр жылдар болды және Моңғолиядағы қазақтар арасында “Жалама айдаған жылдар” деген атпен есте қалды. Бұл туралы Моңғолия қазақтарының ауызша тарихы мен ауыз әдебиетінде тебіреніспен айтылады. Ал оқиғаны көзбен көріп хатқа түсірген жалғыз еңбек сол кезде Ресейдің Батыс моңғолиядағы сауда өкілі болған А.В.Бурдуковтың жоғарыда аталған естеліктері және хаттары. Ол Ресей саудагері Я.И.Мокиннің Батыс моңғолиядағы (Хангельцик өзені бойында) сауда орталығында 1908-1927 жылға дейін 19 жыл бойы қызмет атқарған, моңғол тілін білген, моңғолдардың салт-дәстүрін жақсы меңгерген адам. А.В.Бурдуков орыстың әйгілі Шығыс танушылары: В.Л.Котвич, Б.Я.Владимирцов, Г.Н.Потанин, П.К.Козлов, Ц.Жамсрано, академик И.М.Майскийлермен өте жақын қарым-қатынаста болды. Ол Батыс моңғолияда тұрғанда Б.Я.Владимирцов Хангельцикте екі рет (1911, 1913) болып, 1913 жылы А.В.Бурдуковпен бірге осында қыстап шыққан. Бұл өлкені Дамбийжанцан билеп тұрған кез болатын. А.В.Бурдуков орыс, моңғол, тілін жетік білетін және сауатты Дамбийжанцанмен етене жақын қарым-қатынаста болды. Сондықтан оның еңбегінен “Дамбийжанцанға бүйрегі бұрылушылық” байқалады. Дегенмен автор шындықты аттап кете алмаған. Еңбек Ресейде бірнеше рет басылып шықты. Ең соңғы басылымы 1969 жылы Москвада жарық көрді.Біз аталған еңбектен осы соңғы басылымы бойынша “Жалама айдаған жылдар” оқиғасына қатысты үзінді келтіреміз (6). ХХІV. Қобда өлкесінің солтүстігінде барлығы да тыныш болатын. Дамбийжанцан өз хошунын ұйымдастырып тыныш жатқаны жөн еді.

Оңтүстікте Қазақтар бас көтеріп, тек Қобда өлкесін мазалап қана қоймай Улиастай одан Тонхыл-норға дейін аяқ басты. Хатунбатар отряды Қытайлардың Қобдаға өтіп кетуінен сақтану үшін олардың (қазақтардың. ред.) соңына түспей Гурван-Цэнхэрде қала берді. Қазақтардан жәбір көрген тұрғындар Дамбийжанцанға келіп оның көмегіне жүгінді. Ал Дамбийжанцанның өзі үстіміздегі жылдың тамыз айында Тонхыл-норға барып Қазақтардың бетін қайтарып қайтқан еді. Сол кезде Дамбийжанцанға айдалып келіп Далай-нор хошунында көшіп-қонып жүрген Сүкірбайдың хошунының қазақтары Урэг-норда (¤рікті көл. ред.) бас көтереді. Олар Бургустай өзені бойында түн жамылып өздерін айдап келе жатқан 33 шенеуникті өлтіріп, 300 от басы барлық мал-мүлкімен Бөх-Мөрөн арқылы Ресейдің қарамағындағы Қош- ағашқа өтіп кетті. Дамбийжанцанның жоқтығын пайдаланып қазақтардың және бір бөлімі Дамбий-¤леттің хошунына шабуыл жасады. Олар бірнеше отбасын талқандап малын айдап кеткендіктен жергілікті тұрғындар олардан сескеніп үдере көшіп кетті. Тек Қобдадан аттанған есаул Коморовский отряды қазақтардың бетін қайтарды. 1912 жылы Қобдадағы Шүршіт-Қытай билігі құлағанын және оған Хатунбатырдың отряды келгенін естігесін Қытайдың бірінші отряды кері қайтты. Олар шегініп кетіп бара жатқан жолында Уенчдегі Захчин шіркеуі және Кряжевтің (7) сауда дайындық орталығын (factory) басып алды. Қытайлар осында қыстап шығып, 1913 жылы жаз шыға Батыс моңғолияны басып аламыз деп үміттенді. Бұл жағдайды Моңғол және Ресей өкіметі де ескерусіз қалдырмады. Моңғол қорғанысын күшейте түсу үшін осы жылы қыста жоғарғы Удеден Казак әскери бөлімдерін Урга арқылы Қобдаға аттандырса, жаз шыға Бийск жағынан құрамында 3000 жауынгері бар артиллериялық жаяу әскер тобы Қобдаға келді. Ресей әскери бөлімдерінің Қобдаға келуі Қытай әскерлерінің аяқ-қолын буып тастады да олар Цаган-түңгіден ары аса алмай қалды, тек қазақтарды моңғолдарға қарсы айдап салумен болды. Ал моңғолдар қазақтардың жөнін оңай тауып, қазақтардың қарсыласу мүмкіндігін жойып жіберді, оның үстіне Қылаң гуң бастаған қазақтар моңғолдар жағына адал күйінде қалды. … Дамбийжанцанның мұнда келуі халық көпшілік үшін көптеген қиыншылықтар тудырды. Халық, олардың мал-жаны бір жерге көптеп топтасуы жайылымның берекесін кетірді. Дамбийжанцан Тонхыл-норда қазақтарды талқандағаннан кейін қалғандарын өзімен бірге көшіп қонып жүруге міндеттеді. Әдеттегі үрдіс бойынша халық өз тұрған жерлерінде қайсы бір хутухтыға (8) бағынып оған азды-көпті төлем төлеп тұра беруге құқықты және басқадай төлем төлеуге тиым салынған болатын. Ал Дамбийжанцанның бұл жаңалығы халықтың наразлығын тудырады, сөйте тұра ол өз дегенінен қайтпады. ХХVІ Қобдадан Мунджик (Шар-Цэх)-қа дейін 60 шақырым жол, жол өзімізге таныс Дамби-өлет шіркеуінің жанымен Қобда өзені шатқалы арқылы өтеді. … Ат қосшыларымыз бізді өзеннің арғы жағасындағы Мунджикке алып келді.

.

Бұрын ешкімге белгісіз болған кішкентай шіркеуге жан кіріпті. … Дамбийжанцанның кәзіргі орталығы бұрынғы Баят орталығынан көлемдірек көрінді. Әдейі шақырылған қонақтар үшін сәнді үйлер тігіліп, белгі қойылыпты. Құрылтайға көп адам жиылыпты (9), құрылтай бір күннен кейін өтпек. Жиынға тек осы аймақтың княздары ғана емес Джасахту хан (10) аймағының көптеген княздары келіпті, Джалханзу-Гегеннің (11) өзі келеді деп күтілген екен, бірақ ол келмепті. Ең мықты деген сәйгүліктер, палуандар мен сұр мергендер де келіпті. Шіркеудің солтүстік- шығысындағы жиын өтетін алаң мұнтаздай тазаланыпты. Көптеген үй, шатырлар тігіліпті. Дамбийжанцан өзінің атақ абыройы мен лауазымына қарамай елдің көңіл күйін бұзып жарып жиынды өзі басқарып жүр. Мені бір қонақ үйге орналастырды. Мен таныстарыммен әңгіме-дүкен құрып жиынды аралап жаңадан тігіліп жатқан үй құрылыстарымен таныстым. Дамбийжанцан кейде келіп мені өз жоспарымен таныстырып кетуді де ұмытпады. Қобдамен салыстырғанда бұл жер өте қолайлы, жақын тауларда ағаш дайындап Қобда өзені арқылы ағызып әкелуге мүмкіндігі бар, орыстың шекарасына 60 шақырымдай ғана, Қытай және Қазақтар шабуыл жасай қалса қорғануға ұрымтал, сондықтан орталықты Қобдадан осында біржола көшіруді ойластырып жүргенін қабарлады. … Мереке Дамбийжанцанды көтермелеумен басталды. Ол бас шатырдағы биік таққа жайғасыпты. Жиналғандар оған әр қайсысы өз мансап лауазымына қарай кезекпен барып Хадақ (12) және басқадай сый-сияпат ұсынып жатты. Көптеген княздар мен шіркеулер оған арнаулы Есэн цагааны бэлэг (тоғыз сыйы) ұсынды (13). Бұл рәсімнің өзі бірнеше сағатқа созылды. Содан кейін олар ат бәйгесін тамашалау үшін құм төбенің басына шықты. Төбеге шыққанда ат жарысатын 15 шақырымдық құм дала көз алдымызда айқын көрініп тұрды. Мұндай жолды тек Моңғол аттары ғана көтере алады. Бәйгеден озып келген аттар Дамбийжанцанға сыйға тартылды. Бұл күн осылайша өтті. Екінші күні палуандар күресі басталды. Әрине спортқа құлықты емес мен үшін бұл соншалықты әсер қалдырған жоқ, бірақ жергілікті халық сүйіп тамашалағандай болды. Княздар өз палуандарын қолпаштап, абырой атағымен шақырып елін жерге қаратпай жеңіске жетуін тілеп аманатын айтып жатты. Мерекеде Дамбийжанцанға қаншама сый құрмет көрсетілгенімен халық оның әкелген ауыртпалығының астында қалғаны байқалып-ақ тұрды. Бұл өлкеге басқа жақтан келген феодалдық қатаң басқарушы Дамбийжанцан өлкенің шын сырын жете түсіне алмаған сияқты, түсіне қою да қиын-ау. Дамбийжанцан өз өктемдігін жүргізу үшін қаралы қадамдарға барғанға дейін жергілікті жұрт оны өздерінің құтқарушысы, қорғаушысы ретінде таныған еді, бірақ ол өзінің қиянат жасаушы екендігін сездіріп алғасын халықтың көңілі одан суи бастағандай. Оның әкелген көші-қон әлегі халықтың қарсылығын тудыра бастады. Қарамағындағы кейбір бөлімдер бұлайша көше беруді жақамады. Мұндай жағдайда оларды күшпен айдап көшіруге дейін барды. (Міне Жалама айдаған жылдар осылай басталған еді. ред.). Мұндай жасандылық, халықты бір орталыққа айдап кіргізу халыққа ұнамады. Халық жаппай қарсы болды, бірақ қорқыту, үркітушіліктің салдарынан ешкім ауыз ашып ештеңе дей алмады… ХХVІІІ … Дамбийжанцанның ордасына біз ымырт жабыла келдік. Оның айналасындағылар Да Лама тіптен амандасуды қойған, бүгін кешке сізбен жолыға қоярма екен деді. Сол жылы қыста Дамбийжанцан Қобда аймағының жарты адамын Мунджикке келтіріп үлгерді. Шіркеудің ауқымдылығы бізді таңқалдырды. Ламалардың үйлері қаз-қатар орналасыпты да кіші- гірім шіркеулер үйлердің қалқасында қалыпты. Шіркеуді жүздеген Сажен (14) бойы айнала қоршаған, қар үсті жолдары қарайып жатыр. Бұл жолдармен Ламалар олай-былай сабылып жүр. … Мұнда болып жатқан барлық жаңалықтарды мен шіркеудің қаражат меңгерушісі қытайлық лама ¤льзийтден естіп білдім. Кешкі сағат тоғыздар шамасында Дамбийжанцан мені әйтеуір қабылдады. Оның қиналысы көзінен-ақ көрініп тұрды, бірақ ол сыр бермеуге тырысты. Ол Ресей өкіметінің ұсынысын неліктен қолдамағанын айтып ақталып бақты. Улан-гом ламалары көші-қон әлегі үшін өз билеушілері Зоригт хан және Дамбийжанцанға қарсы шығып оны тұтқындамақшы болғанын, Зоригт хан (15) үшін мұндай оқиға бірнеше рет қайталанғанын айтты. Дамбийжанцан бұл оқиғадан сақтану үшін жергілікті билеушіден көмек сұраған. Жергілікті билік бас көтерген ламаларды қуып таратып, бастаған адамды ұстап жергілікті билік сотына беріп шара қолданды. Бірақ оған менің қандай қатысым бар дегенді айтып отырды. Азғантай әскери топты бастап келген Баяр тәйші Гурван-цэнхэрдегі әскери отрядтың басшысы болғандықтан Дамбийжанцанға бағынуға тиісті еді. Бірақ Баяр тобы ешкімге де бағынбай қытайлармен жасаған демаркациялық сызықты бұзып қытайларға қарсы мән-мағынасыз шабуылдар жасап, арақ ішіп бассыз баусыздық жасаумен болыпты. Лагерьге келген Дамбийжанцан Баяр тобының айналасындағы ластықты тоқтатуын талап етеді. Баяр маңындағылар талапты орындау былай тұрсын Дамбийжанцанға қарсы үгіт-нәсихат науқанын жүргізеді. Дамбийжанцан оларды тәртіпке келтіру үшін күш қолдана бастайды. Баяр тәйші бұған өшігіп Дамбийжанцанға қарсы ашық әрекетке көшкендіктен Дамбийжанцан оны ұстап Ургаға жөнелтіп Баярдың билігіндегі әскерлерді тарату туралы шешім шығарады. Мұны естіген Баяр Қобдадағы орыс отрядына қашып кетеді. (Мұның барлығы А.В.Бурдуковқа Дамбийжанцанның айтқан әңгімесі. ред.) Баярдың Ургеге (орталық билік. ред.) жеткізген шағымы ескерусіз қалды да кешікпей Баяр өз әскерімен бірге орталыққа шақырылып кетті, әрине бұл орыстар үшін пайдалы еді. Дамбийжанцан орыс әскерлеріне жемшөп дайындап беру міндетін орындамай қойғандығы орыс жағынан оны кінәләуға себепші болды. Дамбийжанцан денсаулығының ақауы туралы айтатын көрінеді, шынымен де ол жүдеңкі көрінді. Мен оған Томскге барып, ұзақ емделуің керек, жалпы Ресейге біржола кеткенің дұрыс деп кеңес берумен болдым. Ол басында менің ақылымды қабыл алған сыңай танытып менен Қобдаға (Орыс консульдығына. ред.) барып, барлық жайды түсіндіріп өзінің Ресейге жүретін жолын ашып беруімді сұрады. Мен қасыма бір әскер ертіп түнімен жүріп Қобдаға жетіп он сағат шамасында ондағы Ресей Консульдығына келдім. Консульдың әңгімесіне қарағанда ол әскерлердің ат көлігі үшін жем-шөп дайындау науқанының орындалмай қалғанын Дамбийжанцанға жауып отыр екен. Консуль бұл өлкеде түйеге ауру келіп Дамбийжанцан мен Зоригт хан тапсырманы орындауға мүмкіндігі болмағандығын біле тұра Баяр тәйшінің бұл жерден қуылғанын жақтамайтын көрінеді. Дамбийжанцан емделу үшін Ресейге аттануы туралы мәселеге келгенде оның шынымен ауру екеніне сенбесе де, қолқабыс жасауға уәде бергендей болды. Біз ол жерден қайтып қараңғы түсе Мунджикке қайтып келдік. Мұнда менің бір таңғалғаным консуль оның Ресейге сапарына рұхсат беретінін естіп біле тұра бұл қабарды тым суық қабылдап, мен Ресейге тек көктем шыға жүргім келеді, бірақ бұл сапар туралы Ургаға қабарлап көмек сұрамай-ақ қойса дұрыс болар еді деп консульға хат жазуымды өтінді. Менімше ол Мунджиктен кете қалса абырой атағына нұқсан келеді деп қауіптенетін сияқты көрінді. Баяр Дамбийжанцан өлтірген қазақтың тұлыбы туралы (17), ол тұлып әлі күнге дейін Дамбийжанцанның қоймасында сақтаулы тұрғаны жайлы деректі сәтті пайдаланса керек. Менімен әңгімесі кезінде консуль да осы әңгімені қозғап Дамбийжанцанның қатыгездігін алға тартқан еді. Мен Дамбийжанцаннан тұлып неліктен әлі күнге дейін ілулі тұрғанын сұрағанымда ол маған еш асып-саспастан, бұл маған рәсім салтын орындау үшін керек деп жауап қайтарды да әрине бұл азық- түлікпен бірге тұратын нәрсе емес қой деп тұлыпты жоғалтуын тапсырды. ХХІХ Ресей Консулының араласуымен Қытай әкімшілігімен (Палт Ван) соғысты тоқтату және Цаган- түңгеден Моңғол алтайына дейінгі аралықта демаркациялық сызық орнату туралы келісім шарт жасалғанының нәтижесінде Қытай жағынан шабуыл жасау қаупі сейілген еді. Бірақ енді бір жағынан Ресейдің Қобдадағы әкімшілігі және жергілікті тұрғын халық Дамбийжанцанның мінез көрсете бастауымен Мунджикте Халха әскерінің саны молая түсуі, Дамбийжанцан өзін Ойраттың ханы деп жариялап, халқы Ургені емес, Дамбийжанцанды жақтайды делініп жүрген Халханың батыс екі аймағын Қобдаға қосып алатын көрінеді-мыс деген лақап сөздер, Дамбийжанцанның Ресейге келешек сапары жайлы әңгіме, міне осының бәрі өлкенің жағдайын тым шиленістіріп жіберді. Шынымен де біз Хангельцикке оралғаннан кейін Мунджиктен Цевен-гуннен хат алып бір адам суыт келді. Онда Дамбийжанцан сізді Қобдаға тез жетсін, менің тағдырымның шешілуіне қолынан келгенінше көмектессін деген тілегін жеткізген екен. Хатқа қарап Дамбийжанцан тұтқындалғанын оның айналасындағылар қауіпсіздендірілгенін білдім. Мен бұл жолы бармадым. ¤йткені сөзім өтпейтінін күні бұрын түсінген едім. Аймақ жұрты Дамбийжанцанның тұтқындалғанын қуана қарсы алды, барлық шіркеулердің ламалары өздерін бұғаудан құтқарып будда дінінің қорғаушысы болған бас консуль Любаның саулығын тілеп мінәжәт оқып жатты. Ал Дамбийжанцан орыс әскери командалығына қарсы тұрғандықтан емес тек қана әскер ат-көлігінің жем-шөбін тасуға түйе шығарып бере алмағаны үшін тұтқындалғанын халық қайдан білсін. Дамбийжанцан Урге өкіметінің келісімінсіз-ақ Петербургтың 1914 жылы 8 ақпандағы шешімі бойынша тұтқындалды. Ол Ресей азаматы, бұрын түрмеден қашқан Астрахан қалмағы Дамбийжанцан Амурсанаев болғандығы үшін осылайша тұтқындалды. Тұтқындалу алдамшы жолмен жүргізілді (18). Хатанбатыр (1912 жылғы ¤рікті көл оқиғасынан болып. Ред.) қазақтарды қайтару туралы орыстармен келісім жасап Мунджикке оралған оқиғаны пайдаланып, олар (орыстар ред.) Қошағаштан көшкен қазақтарға көмектесеміз деген желеумен Қобдадан казактарды аттандырады (19). Дамбийжанцан оларды күтіп алу үшін үй тігіп, ас азық дайындайды. Дамбийжанцанның күтіп отырған қонақтары Дамбийжанцан ауылын қоршауға алып әскерлерін қарусыздандыра бастайды. Қайсы бірі “саймандарыңды тастаңдар!” деген сөздің мәніне түсінбей қаруын ұстап тұра берсе, енді бірі бас сауғалап бұталарға тығылады, сөйтіп олар жаудырған оқтың астында қалады. Тұтқындалған Дамбийжанцан әуелі Қобдаға жеткізіліп сосын күшейтілген қарауылмен Бийск арқылы Томск түрмесіне жеткізіледі. Басында Хатанбатырды да ұстаған болды да кешікпей босатып жіберді. Шошынған әскерлер түн қараңғылығын жамылып ауыл-ауылына тарап кетті. Күшпен орталықтандырылған ламалар әуелі өз шіркеулеріне, сосын хошундарына тарап кетті (20). Дамбийжанцан тұтқындалғасын аймақта жайбарақат тыныштық орнады. Жергілікті әкімшілік төтенше жағдайды жойып, аймақтың ішкі жағдайларын реттеуге кірісті.

Анықтамалар: 1. Н.М.Ядринцев 1889 жылы Түрік-Моңғол мемлекеттерінің бұрынғы астанасы Қарақорымның орынын анықтағаннан соң Ресей үкіметі Моңғолияға 1890 жылы П.К.Козлов бастаған археологиялық алғашқы экспедициясын аттандырады. Бұл экспедицияның құрамында әйгілі түріктанушы В.В.Радлов болды. Моңғолияда қалыптасқан жағдайға байланысты бұл экспедицияның жұмысы бірнеше айдан кейін үзіліп қалады. П.К.Козлов бастаған жаңа экспедиция 1924 жылы Қарақорымда қайта келіп осында Ноян жотасына жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде ертедегі (Б.з.ІІІ ғ. жататын) Хұн ескерткіштерінің бетін ашты. Дамбийжанцан П.К.Козловтың 1890 жылғы экспедициясының құрамында келген болуы мүмкін. Оның моңғол тілін білетіндігі қажет болса керек. 2. Кәзіргі ҚХР, Тибет автономиялық ұлттық аймағының орталығы Лхас қаласы Будданың Махаяма сенімінің орталығы саналады. Буддалықтар үшін Лхасқа барып “уншлага” (мұсылманша құран хат түсіру мағынасында) жасап қайту будда дініне табынушылар үшін қажыға барумен пара-пар ұғым. 3. Бұл Жоңғар әйгілі нояндарының бірі Амарсана. Хойд тайпасынан шыққан. Моңғол тарихында “¤леттің Амарсанасы” деп аталады. Хан тағы ұшін бірер күрестен кейін ол 1755 жылы11 қарашада өзін Жоңғардың ханы деп жариялайды. Бірақ ол ішкі қақтығыстардың салдарынан Шүршіттерден жеңіліп 1756 жылы қазақтың Орта жүзінің ханы Абылайға қашып келіп Абылайдың қызына үйленіп бірер уақыт Абылай ордасында тұрған. 1756 жылы тамыз айында Қазақ батыры Қожаберген және Амарсананың біріккен қолы Шүршіт қолбасшысы Далданга әскерінен жеңіліп орта жүзге қайтып оралады. 1757 жылы Шарбалда болған соғыста Амарсана тағы да жеңіліп Ресей өтіп Тобольск қаласында іш сүзегі ауруынан көз жұмады. 4. Академик Майский. Монголия Накануне революции. 8-12 бет. 5. Шар-цэх кәзіргі Қобда аймағы орталығынан 60 км. қашықтықта “Мянгатын шил” деген жердегі бұрынғы шіркеудің орыны. Қобда аймағының Мянгат сомонынан 20 шақырымда жатыр. 6. “Жалама айдаған жылдар оқиғасы” жайлы осы жолдардың авторының “Жылаған жылдар шежіресі”. Алматы, 1995, 69-75 бб; “Моңғолиядағы қазақтар”. Алматы, 2001, 79-104 бб. таныса аласыз. 7. Захчин шіркеуі Алтайдың оңтүстік бөктерінде, Уенч өзені бойында болған. Мұнда орыс саудагері Кряжевтің төрт інісі: Павел, Петр, Григорий және Андрей Иллиарионович Кряжевтер сауда жасап тұрған. (Г.Е.Грумм-Гржимайло. “Западная Монголия и урианхайский край”, т.ІІІ, вып. 2, с.654); Кәзір мұнда Қобда аймағының Уенч сомоны орталығы орналасқан. Торгут, Захчиндар тұрады. 8. Hutuhy- буддалық діни лауазым. 9. Мунджиктегі жиынға Шерушіден: Гуң Қылаң, Гуң Адай; Шыбарайғырдан Күлкетай; Қарақастан: Халел; Ителіден: Тәйжі; Ботақарадан: Бардам; Молқыдан: Оразбек қатарлы адамдар қатысқаны туралы айтылады. Осы жиыннан қазақтарды Дөрбеттің Далайхан жеріне ішкерілетіп көшіру туралы шешім қабылданады. Бұған қарсы болған Молқы, Базарқұл, Қарақас рулары Алтайға қашқан. Ақыт қажы үлімжіұлының: “Жан жаққа тұрды Керей көзін салып, Қазаққа сол күндері халқа (Моңғол. ред.) қанық. Шеруші Алтай асып көшіп кетті, Қылаңның сөз төркінін сезіп қалып” – деген өлең жолдары Жалама айдаған жылдарды меңзейді. (А.Сарай. “Революциядан бұрынғы Қазақ халқы”. ¤лгий, 1991, 82-б; З.Қинаятұлы. “Жылаған жылдар Шежіресі”, Алматы, 1995, 75-б. 10. Моңғолияның 1921 жылғы әкімшілік жүйесі бойынша құрылған 4 аймағының (Түшээт хан, Цецен хан, Сайн ноян хан, Засагт хан аймағы) бірі. Батыс өлкені басқарған әкімшілік жүйесі, орталығы Улиастай. Қазақтар қарасты болған Қобда әкімшілігі де бұл кезде Улиастай әкімшілігіне бағынатын болды. 11. Улиастайдағы дін басы осылай аталады. 12. Тәңір өңді көк түсті жұмсақ матадан жасалған рәсім шүберек. Осындай рәсім шүберек “Хадақ” деп аталады. Екі қолдап хадақ және сүт ұсыну сый-сияпат татулықтың символы саналады. 13. “Тоғыз” сыйлығы ежелгі түріктерден келе жатқан рәсім. Сыйлықтың құрамына түйемен басталған, атпен басталған, алтын, күміспен басталған, ақ түстен құралған 9 түрлі элемент қатысады. Бұл тоғыз түйе, тоғыз жылқы немесе тоғыз алтын және күміс теңге болуы мүмкін. Бұл басында сый құрметтің белгісі болса, кейінірек “Тоғыз төлемі” “Құн” ретінде қолданылды. “Тоғыз” қазақ ортасында да кең тараған құбылыс. 14. Сажень-ертеде орыстар кең қолданған ұзындық өлшемі. 1 сажень – 2.13 метрге тең. 15. Зоригт хан көтеріліс шығарғаны үшін Улан-гом ламаларын тұтқынға алғаны туралы Х.Чойбалсанның “Хатанбатар Магсаржав” атты еңбегінде жазған еді. Еңбектің 23-24-бб. 16. Баяр Тәйші Ішкі моңғолияда туған. 1911 жылы Тогтох Тәйшінің отрядында Моңғолияның тәуелсіздігі үшін күресте көзге түскен әскери қайраткер. Ержүрек жауынгер. Қобдаға әдейі жолдамамен 1912 жылы келген. 1913 жылы жоғарыдағы жағдаймен қайта шақырылған. Кейін БаронУнгерннің ақ гвардияшылар жағына шығып кетіп 1921 жылы Кяхт маңында Д.Сухэбатор әскерімен болған соғыста қаза болған. 17. Бұл Дамбийжанцанның қазақтарға жасаған қияметінің бір фактісі ғана. Бұл оқиға қазақ арасында ұзақ сақталды, әлі де айтылады. Жырға да қосылды. Осы дүрбелеңнің бел ортасында болып талай қиыншылықты басынан өткерген ақын Нәжікеш Таңқайұлының “Ел айдаған” дастанында: Жайладың жаз маусымда Олон-норға, Әскердің өкімімен бардың зорға. Сойғызып Ақынбекті бітеу тұлып, Құтылмас әбден түстік темір торға.- деп жазған осы оқиға жоғарыдағының дәлелі болса керек. “Замана жыршылары”, ¤лгий, 1989, 188-б. 18. А.В.Бурдуков Дамбийжанцанмен етене жақын болған адам. Ол өле-өлгенше Дамбийжанцанды тұтқындауды Ресей өкіметінің “кешірілмес қателігі” деп кетті. Мысал үшін автордың 1914 жылы 29 мамыр күні В.Котвичке жазған хатын көріңіз (с.280-282). Ол кейін Дамбийжанцанды іздеп Қалмаққа дейін барды. Бірақ Дамбийжанцан 1918 жылы Моңғолияға қайтып оралып Моңғолияда орнаған халықтың жаңа өкіметіне қарсы әрекетке көшкен еді. 1921 жылы Қытай мен Моңғол шекарасындағы Мәжинсан тауына бекінген Дамбийжанцанды Халық революциясының әскери қолбасшысы Д.Сухэбатордың тапсырмасымен аттанған Нанзад батыр тобы атып өлтірді. 19. Дамбийжанцан қолдан жасаған “Жалама айдаған жылдар” оқиғасынан ең жапа шеккен жұрт қазақтар болды. Қазақтың бір тобы Ресей, енді бір бөлімдері Алтай асты. Көп адам қырғынға ұшырап мал-мүлкі тоналды. Сондықтан Дамбийжанцанның үстінен шағым түсіргендердің көпшілігі қазақтар болды. Қытайға барғандары Қытай үкіметіне, Ресейге барғандары Ресей үкіметіне, Қобдада қалған қазақтар Қобдадағы жергілікті әкімшілік және ондағы Орыс отрядына шағымданды. Моңғолдардың өздері де арыз шағым түсіріп жатты. 20. Дамбийжанцан “Шәбі” (шәкірт) алу деген атпен қазақ жігіттерін де өз лагеріне жинаған болатын. Қазақтан “шәбі” болған белгілі адамдардың бірі Майынты ұлы Арсалаң еді. Дамбийжанцанның ішкі жағдайын біліп отырған ол “¤рікті көл” оқиғасына да ұйытқы болды. Баяр тәйші арқылы Орталық үкіметке (Урге) шағым түсірді. Дамбийжанцан тұтқындалғасын лагерьде болған қазақ азаматтары да үй-үйлеріне тарасты.

“Моңғолия қазақтары” кітабынан

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.