ХІХ ғ. аяғындағы Қазақстандағы әкімшілік-құқықтық реформалар

Главная » Рефераттар » ХІХ ғ. аяғындағы Қазақстандағы әкімшілік-құқықтық реформалар

1867-1868 жж. әкімшілік реформалар

ХІХ ғ. 60 жылдарында Қазақстанды Россияның жаулап алуы аяқталды. Қоқан және Хива хандығы жеңілгендігін мойындады. Сондықтан Қазақстанды басқаруды империялық жүйеге қарай икемдеу керек болды. Бұл Россиядағы 60-70 жылдардағы буржуазиялық реформаларға сай келді, әскери-феодалдық империя буржуазиялыққа айналды.

Орталық Азиялық иеліктердің тек стратегиялық маңызы болып қана қойған жоқ, сонымен қоса экономикалық маңызы да үлкен болды. ¤йткені мұнда Европада өтпейтін товарлар мен шикі заттарды сатуға болатын еді. Бұл Қазақстанның ресурстарын (қорларын) пайдалануды және жаңа колонияға жалпы империялық заңдарды енгізуді қажет етті.

1863-1865 жж. консультациялар жүргізілді, жобалар жасалынды, ақырысында 1867 ж. тиісті министрліктерге тапсырылады. Осының нәтижесінде 1868 ж. 21 қазан күні «Орал, Торғай, Ақмола және Семей болыстарын басқарудың Уақытша Ережесі» қабылданады.

Мұның алдында, біраз бұрын 1867 ж. 11 шілдеде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару Ережесінің жобасы» қабылданады, және «Түркістан генерал-губернаторлығын құру туралы» указ қабылданады, мұның құрамына Қазақстанның оңтүстік-шығысы кірген.

Бұл Ережелер көшпелі кезеңге, 2-3 жылға арналған болатын, бірақ ол тым көбірек уақытқа, ХІХ ғ. аяғына дейін қолданылды, сөйтіп өлкенің әкімшілік және құқықтық өмірін реттейтін негізгі құжатқа айналды.

Әкімшілік-территориялық бөлу. 1867-1868 жж. Ережелер бойынша Қазақстан үш генерал-губернаторлықтың құрамында болды: Орынбор, Батыс Сібір және Түркістан. Орынборлық генерал-губернаторлыққа Орал мен Торғай облыстары. Біріншісі Орал қазақтары әскерінің жерінен тұрды. Екіншісіне Орынбор облысы қазақтарының Орта және Шығыс бөлігі кірген. Батыс Сібір генерал-губернаторлығына Ақмола мен Семей облыс­тарының жері кірген. Түркістан генерал-губернаторлығы Сырда­рия мен Жетісу облыстарының жерін біріктірді, басқарды.

Облыстардың орталықтары туралы айту. Әрбір облыс уездерге бөлінген. Орал облысында – 4, Торғай облысында – 4, Ақмола облысында – 5, Семей облысында – 5, Жетісу облысында – 6, Сырдария облысында 5 уезд болды.

Уездер өз кезегінде волостарға бөлінді, оның әр қайсында 1-2 мыңнан шаруашылық болған. Волостар территориялық белгі бойынша қалыптасқан. Волостар ауылдар әкімшілігінен тұрды. Бұрынғы рулық құрылымды түбірлі жою үшін ауылдарға номер берілген. Бір ауылда 100-200 шаруашылық болған. Батыс Қазақстан­да Бөкей Ордасы (Ішкі Орда) Астрахань облысы­ның, Маңғыстау Закавказье, кейіннен Закаспий облысының құрамына берілген.

Салық жүйесі. 1822 және 1824 жж. «Уставтар» бойынша ясақ салығын төлеген (мал санының 1 %) 1837 ж. Орынбор ведлмствосында әрбір үйден 1 рубль 50 коп. (күмістей), ал 1867-1868 жж. Ережелер бойынша 3 рубльге жеткен. Уали, Бөкей, Айшуақ тұқымдары салықтан босатылған. Басқа жаққа табыс табуға кеткен қазақтар паспорт сборына 1 руб. 50 коп. төлеген.

Бұдан басқа қосымша салықтар әр үйден  – 50 копейкіден волостық басқарушыны, іс жүргізушіні, ауыл старшинасын, хат таситынды ұстау үшін жиналған. Волостарға бір жылына 300 рубль керек болған. Қара шығын деген салық болған-көпірді, жолды, мешіт пен мектеп құрылысы үшін, сол сияқты аурухана­ны ұстауға, шешекке  қарсы егу т.б. әлеуметтік шараларға. Оңтүстік Қазақстанда отырықшы халық хараджы салығын (егіннің 10 %), танап салығы – жоғарғыдай 10 % ақшалай – егерде заттай алуға мүмкіндік болмаса, зекет – товардың 1/40 бөлігі. Салықтар ылғиынша өсіп отырды.

1867-1868 жж. реформалар бойынша басқару органдары

Облыстық және уездік басқару. Генерал-губернаторлықта ең жоғарғы билікті генерал-губернатор жүргізді, оның кең көлем­ді әкімшілік-саяси, әскери, соттық және шаруашылық өкілеттігі болды. Ол патшамен тікелей сөйлесе алатын, одан тікелей тапсырма алатын. Оның функциялары:

  1. жергілікті әкімшілікке тікелей және жанама бақылау жасау, оған жататындар қазына палатасы, жер басқармасы, салық және басқа ведомстволар (оқу орындары, соттар, банктер, кеден), мемлекеттік меншікті басқаратын салалық департаменттер, т. б.;
  2. тиісті әскери округтің армиясын басқару;
  3. төменгі соттардың үкімдеріне кассациялық шешім қабылдау;
  4. облыстық басқармалардың бөлім бастықтарын тағайын­дау, әскери министрлікпен келісіп әскери губернатордың кандидатурасын ұсыну;
  5. сыртқы істер Министрлігінің келісімімен шекаралық мемлекеттермен дипломатиялық байланыстар жасау.

Облыстарда басқару ісі әскери губернатор мен облыстық басқарушылардың қолында болған, ол вице-губернатор деп аталды. Әскери губернаторды император тағайындайды, оның қолын­да азаматтық, әскери, әкімшілік және сот істерді болды. Ол облыс территориясында әскердің қолбасшысы, облыстық әкім­шілік-полициялық аппаратты басқарды, волостың басқарушыла­рын тағайындайтын. Облыстық басқару үш бөлімшеден тұратын: реттеушілік, шаруашылық, сот істері. Облыстық басқарудың мүшелері болып дивизиондық доктор, архитектор, тау-кен және орман-тоғай шаруашылығы бойынша айрықша чиновник есептелінді.

Реттеуші бөлімшенің функциясы:

  1. облыстың әкімшілік бөлінуі мен құрылымы;
  2. үкіметтің указдары мен бұйрықтарын халыққа жеткізу;
  3. облыстың әкімшілік аппаратының қызметі мен демалысын ұйымдастыру;
  4. волость және ауыл әкімшілігін сайлау;
  5. халықтың рухани өміріне бақылау ұйымдастыру;
  6. әкімшілік жер аудару және оларды қайтару;
  7. денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне басшылық;
  8. облыста тәртіпті қамтамасыз ету.

Шаруашылық бөлімінің функциясы:

  1. жердің есебін алу, оны тұрғындарға бөлу;
  2. базарлар мен жәрменкелерді өткізуді ұйымдастыру;
  3. статистикалық мәліметтер жинау;
  4. төлемдер мен салықтарды жинау.

Сот бөлімшесінің функциясы: қылмыстық істер мен азамат­тық істерді дайындау және сот отырысында қарау, сот және тергеу істеріне байланысты хат алысуды ұйымдастыру. Уездің барлық әкімшілік-полициялық және әскери жұмыста­ры уездік бастықтың қолында болды. Оның функциялары: уездегі тәртіптің сақталуын байқау; салықтар жинау; статистикалық мәліметтер жинау; купецтер мен мещандарға сауда жасауға рұқсат ететін құжат беру; денсаулық ісі мен сауданы бақылау; волостар съезінің орны мен уақытын белгілеу; ауыл старшинасын бекіту.

Уездік начальник сонымен қоса волость басқарушысын уақытша орнынан босата алатын, төменгі қызмет орнындағы адамдарға және қатардағы қазақтарға штраф салатын, 7 сутқаға дейін тұтқындай алатын.

Жергілікті басқару. Қазақ халқының өкілдері тек жергілікті басқару жүйесіне ғана жіберілген, және мұнда сайлану принципі заңдастырылған. Волостың басқарушысы  үш жылға сайланатын, оның жасы 25-тен кем болмауы керек, сотталмаған, тергеуде болмаған, халықтың сенімі мен құрметіне бөленген адам болуы тиіс. Волостной управительдің қызметі (функциясы): волоста тәртіпті қадағалау; салық жинау, сот шешімдерін орындау, ауыл кездесулеріне қатысу (сходкаға), және ауыл старшинасы сайлауына бақылау жасау; волостық съездің қарарларын орындау; байлардың съезіне (бас қосуына) қатысу және талаптық өтініштерді қабылдау.

Сонымен қоса волостық управитель 3 күндік арест жасауға, немесе 3 рубль көлемінде штраф салуға, егерде азаматтар өкімет талаптарын орындамаса, төбелес ұйымдастырса т.б. Билер сотына куәләр мен жауапкерлердің келуін қамтамасыз ететін.

Волостық управительге берілген кең өкілдік, әсіресе фискальдық (мемлекеттік қазынаға байланысты) салада, бұл қызметті өз басының байыуна пайдаланатын қазақтың сауда-малды байлары үшін сырт табыстың көзі болды. Сайлау орынға таласушы жақтардың қатаң күресі жағдайын­да өтетін, мұнда заңды да, заңсыз да әдістер кеңінен қолданы­латын. Уезд бастығы сайлауға міндетті түрде қатысатын және оның көзқарасы шешуші роль атқаратын.

Уезд начальниктері белгілі кандидатпен сөз байласатын, ол үшін әрине қымбат сыйлықтар алатын, яғни пара алатын. Қысқа­сы уездік және волостық деңгейде коррупция кеңінен тарады. Волостық съезд управительдерді, билерді сайлайтын, ауыларалық жер дауын шешетін, уездік начальникке статистикалық мәлімет беретін, ауылдарға салықтар мен алымдарды бөлетін. Ауыл старшинасын ауылдық кездесу үш жылға сайлайтын, әр он үйден бір сайлаушы қатысатын. Ауыл старшины шаруа­шылықтарға жайылымды бөліп беретін, жер дауын реттейтін, ауыл үйлеріне салықты анықтайтын, салықтың уақытылы төленуін бақылайтын, қадағалайтын.

Қазақстанның оңтүстігіндегі отырықшы елді мекендер сайлаушылар кездесуінде ақсақал сайлайтын. Үлкен елді мекендер мен қалалар кварталдарға бөлінетін, мұнда да оны ақсақал басқаратын. Кездесуде, сонымен қоса, қоғамдық және шаруа­шылық басқармалары сайлайтын, олар 3-5 адамнан болатын. Оның председателін әскери губернатор тағайындайтын. Жалпы алғанда, отырықшы аудандардағы жергілікті басқару жүйесі көшпелі облыстағыдан тым өзгеше болған жоқ.

Патша үкіметі әскери-оккупациялық режиммен бірге жергі­лікті байларды кеңінен пайдаланды, оған сүйене отыра патша өкіметіне қолайлы (жағымды) басқару жүйесін қалыптаструға тырысты. Реформалар сұлтандардың құқықтары мен артықшылық­тарына соққы болды, оларды басқа қазақтар сияқты «селолық тұрғынға» теңеді. Қысқасы, реформаның басты мақсаты Россия қол астындағы халықтарды бірыңғай басқару жүйесі астына біріктіру, жергілікті аристократияны биліктен тайдыру, «рулық» негізді барынша әлсірету, қазақ даласын империяның басқа бөліктерімен қосу, негізінен орындалды.

Құқық жүйесі

1867-1868 жж. реформалар Қазақстан территориясына жал­пы империялық сот жүйесі мен заң жүйесін енгізуді көздеді. Қандай болмасын азаматтық және қылмыстық істер әдеттегі құқықтан алынып тасталынып, оны бұзу саясаты қолданылды.

Құқықтық жүйедегі өзгерістер. Құқықтың жаңа көзі-империялық заңдар болды. Барлық империялық құқықтар екі топтан тұрды: 1) Россия империясының барлық территориясында қолданы­ла­тын құқық нормалары; 2) Қазақстанға арналған, аймақтың ерекшелігін ескеретін құқық нормалары.

Қоғамның прогрессивті өзгеруіне және оған жаңа әлеумет­тік-экономикалық қатынастардың кіріуне байланысты қазақтың әдеттегі-құқығы елеулі өзгерістерге ұшырады. Оның ережелері өзгеріп отырған жағдайға қарай жылдам жаңарып отыратын.

Қылмыстық және азаматтық істер деп бөлу сақталып, одан әрі бекіді, қылмысты іске жататын құрылым саны анағұрлым өсті. Мысалы, ХІХ ғ. ортасында ауылдарға көршілес Азия елдері­нен мұсылман дінінің қызметкерлерін жіберу, қаңғыбас-кезбелер мен қайыршылардың тұруына ұлықсат алу, қаскүнемдік ниет (ұрылыққа), өлген малдың терісін алуға, арестанттардың қашуына әдейі, немесе кездейсоқ көмектесу, қоғамдық тәртіпті бұзу т.б.

Қылмыстық істер құқығында жазалаудың арест, денеге жаза, күштеп жұмыс істету т.б. кеңінен қолданылды. Билер сотының қарауынан алынып, қылмыстың мына түрлері жалпы империялық сотқа берілді: кісі өлтіру, барымта, қастандық, мемлекетке сат­қындық жасау, мемлекет билігін мойындамау, мемлекетке қарсы үгіт, почта мен транспортқа шабуыл, христиандарды, немесе христиан дінін қабылдауға дайындалып жүргендерді өлтіру қызмет бабындағы адамдарды өлтіру, т.б.

Мүліктік құқық нормасы да әжептәуір өзгерді. 1867-1868 жж. Ережелер, қазақтардың қол астындағы барлық жерлерді мемлекеттік меншік деп жариялады, бұл жерлер ауыл қауым­дастықтарына берілген деп саналды.

Осы құқықтық норма ХІХ ғ. аяғында қазақтардың жерін алудың юристік (заңды) негізі болды. Шын мәнінде қазақтарда меншік емес жерді пайдалану құқығы ғана қалды, өйткені жердің қорынан оның бөліктері ылғиынша мемлекеттік меншікке алынып, жеке меншікке, яғни орыс және украин шаруаларына, қазақтарға және шет елдік өнеркәсіп иелеріне берілетін. Жалпы алғанда, меншік иелерінің құқығы кеңейтілді бүкілроссиялық құқық нормаларына сәйкес.

Отбасылық-некелік құқықта көп өзгерістер болған емес, алайда россиялық заңдардың әсерімен қазақтардың әдеттегі құқығына жаңа нормалар қосылды. Әйелдердің құқығы кеңейтіл­ді, мүлік мұрагерлігіне ие болу кеңінен қаралатын болды. Міндеттілік құқығына өзгерістер енгізілді, өйткені Қазақ­станда товар-ақша қатынастарының дамуына және қауымның ыдырауына сәйкес жаңа әлеуметтік-экономикалық байланыстар­ды реттеу қажеттілігі туды. Сонымен қоса жергілікті тұрғын қазақтар мен қоңыс аударушы орыстар арасындағы қатынастар­дың құқықтық нормасы да пайда болды.

Арендалық шарттар. Бұл негізінен екі түрде болды: 1) қазақ қауымдарының орыс шаруаларына жерді арендаға беру, немесе өнеркәсіп иелеріне арендаға беруі; 2) казак әскерлерінің жерін қазақ қауымдастықтарына беру арендаға.

1867-1868 уақытша Ереже бойынша волостық және ауылдық сходтар (жиналыс, жиын) қауым жерін орыс шаруаларына, купецтерге, өнеркәсіп иелеріне арендаға бере алатын. Аренда шарттары жазба түрде жасалынатын 30 күндік мерзімге. ХІХ ғ. аяғында жекелеген байларға қарайтын қысқы жайылым учаске­лері ауыл сходының келісімінсіз-ақ арендаға берілетін.

Арендалық қатынастардың екінші түрі казак әскери бөлімдеріне ірі жер учаскелерін бөлуге байланысты болды. Бұл шекаралық аймақтағы тұратын қазақтар  үшін жер дефицитін (жетіспеу) туғызды. Екінші жағынан, казак офицерлері жалпы әскери фондыдан жеке меншігіне жер алатын. Мүмкіншілігі және ынтасы болмағандықтан меншігіндегі жерлерін аз жері бар қазақтар қауымына арендаға беретін. ХІХ ғ. аяғында 6700 шаруашылық Сібір қазақтары әскерінің жерін арендалады. Аренда ақысы ылғиынша өсіп отырды, ХІХ ғ. аяғында орта есеппен бір шаруашылық үшін 13 руб. 25 коп. болып қалыптасты.

Арендатордың мақсатьтарын қорғайтын қандай бір болма­сын юристік кепілдік болған емес. Қазақстанның міндеттілік құқығында болған жаңалық – жеке жалдау шарты. Мұның негізгі себебі қазақ қауымының ыдырауы және қазақ ауылындағы мүліктік жіктелудің барған сайын артуы еді.

Товар-ақша қатынастарының қазақ қоғамында дамуы байлардың сауда-ростовщиктік (алып сатар) тобын қалыптастыр­ды, екіншіден, әбден кедейленген байғұстар мен қонсылар тобы пайда болды, өмірге келді. Сөйтіп, қауымдық ішкі өзара көмек принциптерінің әлсіреуі, әбден кедейленген қазақтардың бай ауылдастарына шарт арқылы жұмыс жасауына тұра келді. Шарт ауызща белгілі бір мерзімге жасалатын, ақысы малмен төленетін. Осы категориядағы адамдардың құқықтарын, юристік тұрғыда, қорғау болған емес.

Сот және сот процесі. 1867-1868 жж. Ережелер бойынша империя соттары қарайтын істер Қазақстан территориясына да таралды. Ең маңызы деген қылмысты істер әскери-сот комиссияларында қаралды. Бұдан басқа қиын жұмыстар мен азаматтық талаптар, 2 мың рубльден аспайтын, облыстық правленияда қаралатын. Облыстық правление бүкіл Россиялық  келістіру судьялары съезі және қылмысты істер мен азаматтық істер палаталары құқығымен пайдаланатын.

Россияда және Қазақстанда да соттарды және присяжной соттарын сайлау практикасы болмаған. Үш күн арест, немесе 100 руб. штраф салынатын қылмыстарды және 2 мың рубльге дейінгі азаматтық істерді уездік соттар қарамайтын. Осы соттық инстанциялардың барлығы жалпы империялық заңдарды басшылыққа алатын. Сонымен қоса «халық соты», яғни билер соты да жұмыс атқарды, бірақ оның құқығы белгілі дәрежеде өзгерді (трансформация­ланды). 1867-1868 жж. Ережелер бойынша билер сайланатын болды. Билер волостар съезінде 3 жылға сайланатын. Әр волоста 4-тен 8-ден би болатын, бірақ бір ауылда бір би ғана болды. Билердің үш инстанциясы сатысы қалыптасты:

  1. бидің жеке соты – 300 рубльден аспайтын азаматтық талаптарды, 100 рубльге дейінгі талаптарды түбірлі шешуге құқығы болды;
  2. билердің волостық съезі сомасы шектелмеген азаматтық талаптарды, ал 500 рубльге дейінгі искіні толғынан шешуге құқығы болды. Сонымен қоса, екінші сатыдағы сот есебінде, билер қараған мәселелерді қайта қарай алатын;
  3. билердің төтенше съезі әртүрлі волостарға қарайтын қауымдар арасындағы даулы мәселелерді қарайтын, волостық билер съезінің қарарларын (үкімдерін) қайта қарауға құқығы болды.

Сот ісін жүргізуде де нақтылы өзгерістер орын алды. Үкім қағазға жазылатын, ал көшірмесі екі жаққа да берілетін. Волостық және билердің төтенше съезінің дайындаған ережелері міндетті түрде жазылатын. Билер соты нотариустік жұмысты да атқарды. Билерді сайлау және оларды отарлық өкіметтің бекітуі, би лауазымын (қызметін) сатып алуға кең жол ашты, сотта коррупция кеңінен орын алды. Егерде ХІХ ғ. дейін қазақтар беделді бидің қайсына болсада шағым жасай алса, енді олар тек өздерінің волостық билеріне ғана арыз тапсыра алатын еді. Ал, волостық билер, көп жағдайда, мәселені туысқандарының пайдасына шешетін, пара алуды кеңінен қолданды.

Сөйтіп, «халық соттары» колониялдық (отарлық) аппарат­тың бір бөлігіне айналды, традициялы әдеттегі құқықтың ыдырауына, ескі ақсүйектер беделінің түсуіне себепкер болды, қазақ ауылында жаңадан пайда болған сауда-ростовщиктік топтың мақсаттарын қорғады. Дегенмен билер соты қазақ даласында әліде беделді еді, тіпті орыстардың өзі қазақтармен арадағы даулы мәселені шешу үшін билерге жүгінетін. Қысқасы, ХІХ ғ. 60-жылдарында царизмнің өткізген құқық­тық реформалары Қазақстанның құқықтық жүйесін Россия империясы сот жүйесімен біріктіруге бағытталғанын байқаймыз.

ХІХ ғ. аяғындағы Қазақстанның әкімшілік-құқықтық жүйесіндегі өзгерістер

1867-1868 жж. Ереже уақытша, 2-3 жылға ғана деп айтылғанымен, Қазақстан онымен бірнеше он жыл өмір сүрді, өйткені әскери-оккупациялық режимнен өкіметтің айрылғысы келмеді, азаматтық басқаруға көшуді ерте деп санады. Дегенмен, Қазақстанда біраз әкімшілік және құқықтық өзгерістер іске асырылды.

Дала генерал-губернаторлығының құрылуы. 1881 ж. 2 шілдеде Орынбор генерал-губернаторлығы таратылады да, Тор­ғай мен Орал облыстарын басқару Ішкі істер министрлігіне жүк­теледі. 1882 ж. 18 мамырында Батыс Сібір генерал-губернатор­лығы таратылып 28 мамырдағы 1882 ж. патша Указымен Дала генерал-губернаторлығы құрылады, орталығы Омбы қаласы. Оның құрамына Ақмола, Семей және Жетісу облыстары кіреді.

1886 ж. Ереже. 1886 ж. 2 маусымында «Түркістан өлкесін басқару туралы Ереже» қабылданды. Осы Ереже бойынша Оңтүстік Қазақстанның халқы 1917 ж. дейін өмір сүрді. Түр­кістан генерал-губернаторы әскери және азаматтық басқару функциясын біріктіріп атқарды. Оның саяси тұрғыда сенімсіз деп саналған адамдарды бес жылға жер аударуға құқығы болды және өте хауіпті қылмысты істерді әскери сотқа беретін.

Генерал-губернатор жанында азаматтық және әскери чинов­никтерден, ерекше тапсырмаларды орындайтын чиновниктерден, аудармашылардан және канцеляриядан тұратын совет болды.

Канцелярия үш бөлімшеден тұрды:

  1. басқару мәселесі және лауазымды қызметкерлердің жеке құрамы;
  2. жер мәселесі, салық, құрылыс, байланыс, ағарту және медицина мәселері бойынша;
  3. финансы, статистика, жер, шетелдік азаматтарға бақылау жасау мәселелері.

Ерекше дипломатиялық бөлім орталық-азиялық протекто­раттар – Хива мемлекеті және Бұқар Эмираты мәселелерімен шұғылданды. Советтің қарауында кең көлемді мәселелер болды: өлкені басқару, заңды қадағалау, өлкенің бюджетін қарау, натуралды түрде алынатын салықтардың көлемін белгілеу, жерге орналасуды басқару т.б.

Облыстарды басқаруда өзгеріс болған жоқ, бірақ уездерде полиция басқармасы құрылды. Нақтылы аудандарға полициялық бақылау жасау үшін становой приставтар (стан-қос, лагерь), полицмейстрлер, және полиция приставы тағайындалатын.

Қаланы уездік начальниктер басқарды, ал олар жоқ жерде – участкалық приставтар, оған қалалық депутаттар қатысатын. Ташкентті қала начальнигі басқарды. Қалалар орыс және жергілікті халықтар бөлігінен тұратын. 1877 ж. бастап Ташкентке өзін-өзі басқару құқығы берілді. Қалалық Дума сайланатын, оның мүшелелерінің 2/3 бөлігін орыс тұрғындар, 1/3 бөлігін жергілікті халық сайлайтын.

Сот жүйесінде де өзгерістер болды. Орталық Россияда болған келістіру судьялары да Қазақстанға тарады.

1891 ж. Ереже. Осы жылдың 25 наурызында «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы Ереже» қабылданады. Осы құжат бойынша «Уақытша Ережелер» арқылы басқару жүйесі орнығып бекиді. Дала генерал-губернаторы Түркістандық әріптесі дәрежесін иеленді. Уездік начальниктерді генерал-губернатор тағайындайтын, ал Орал мен Торғай облыстарында – әскери губернатор тағайындайтын.

Сот жүйесіндегі өзгерістер. Келістіру судьяларын Юстиция министрлігі тағайындайтын, ал генерал-губернатордың келісімі­мен барлық уездерге, Семей, Верный және Орал қалаларында келістіру судьялары тағайындалған. 1898 ж. шілдеде сот уставын қолдану туралы «Уақытша Ереже» бекітіледі.

Осы Ереже арқылы мировой судьяның (келістіруші судья), келістіру судьялар съезінің, округтық соттардың, сот палата­сының және Үкіметтік сенаттың-ең жоғарғы кассациялық сот есебінде өкілеттігі бекітіледі. Мұндағы жаңалық округтік соттардың пайда болуы. Бұл сот бұрынғы облыстық соттарды айырбастады, присяжной заседательдердің қатысуымен қылмысты істерді қарайтын болды.

Округтік сот екі бөлімшеден тұрды: 1) азаматтық істер; 2) қылмыстық істер. Әр бөлімше екі бөліктен болатын: 1) коренной (негізгі) соттан; 2) присяжнойлар соты. Округтік соттар үшін аппеляциялық (шағым жасау) инстанция болып сот палаталары есептелді, олар барлық генерал-губернаторлықтың орталығында құрылған болатын.

Жаңа қоныстанушылардың (переселендер) әкімшілік құрылысы. ХІХ ғ. аяғында Россиядағы аграрлық дағдарысқа байланысты Қазақстанға переселендер ағыла бастайды. Екінші жағынан алғанда, шаруаларды жаңа қонысқа аудару, шығыс аудандарына, үкіметке отарлық саясат жүргізуде әлеуметтік база және тірек болды.

Ең алдымен көшіру Түркістан облысында іске асырылды. 1868 ж. қабылданған «Уақытша Ереже» бойынша Жетісуға көшкен шаруалар біраз жеңілдікпен пайдаланды. 1883 ж. Ереже бойынша переселендердің кейбір артықшылықтары алынып тасталды.

1889 ж. 13 шілдеде қабылданған «Положение о добровольном переселении сельских обывателей и мещан на казенные земли и о порядке причисления лиц означенных сословий, переселившихся в прежнее время» құжатында көші-қону ішкі істер және мемлекеттік мүлік Министрліктерінің келісімі мен ғана өткізілуі тиіс болды.

Алайда, переселендер саны көбейді, олардың біреуі қазақ­тардан жерді арендаға алғандар, кейбіреуі жерді басып алғандар болатын. 1897 ж. санақ бойынша орыстар мен украиндар барлық халықтың 13 % құраған. Қазақстандағы орыстарды басқарудың жалпыимпериялық­тан айырмасы болған жоқ. Жалпы басшылықты Уездік присутствие атқаратын. Оның құрамында уездік начальник, шаруалар мәселесі бойынша чиновник, мировой судья, уездік инспектор болды. Өзіндік басқару органдары мыналар болды: волостық съезд, волостық правление, волостық старшина, селолық сход, селолық староста.

Қорытынды. 1867-1868, 1886, 1891 жж. реформалар Қазақ­стан­ның отарлық статусын бекітті. ХІХ ғ. 50-жылдарында өлкені басқару Сыртқы істер Министрлігінен Ішкі істер Министрлігіне және әскери Министрлікке берілді. Қазақстан халықаралық құқықтың субъектісі болудан қалды.

Дегенмен, өлкені басқару жүйесі жалпыимпериялықтан өзгешелеу болып, мұнда әскери-полициялық жағы басым болды. Азаматтық және әскери әкімшілік бөлінген жоқ, былайша айтқанда бұл оккупациялық режимді орнатқанмен пара-пар еді.

Россия халқының ХІХ ғ. 60-70 жж. буржуазиялық реформалар нәтижесінде қолы жеткен аздаған құқықтары мен бостан­дықтары Қазақстанға тарамады. Қазақтар «селолық обывательдер» деп жарияланғанымен, шын мәнінде өлкені басқаруға қатыстырылған жоқ.

Дискриминация (шектету) ұлттық және діндік негізде өткі­зілді. Іс қағазын жазу ауылдық жердің өзінде орыс тілінде жүр­гізілді, орыс еместер волостық деңгейден жоғары қызметке та­ғайындалмайтын, тіпті мұсылмандардың басшысын Ішкі істер Министрлігі тағайындайтын, мектептер мен мешіттерді ашу уездік начальниктің ұлықсатымен іске асырылатын, адамды өлті­ру ең ауыр қылмыс деп есептелетін және істі әскери сот қарай­тын, христиандықты қабылдағандарға әжептәуір жеңілдіктер берілетін.

Осының нәтижесінде үкімет қазақтарды орыстандыру және христиандыру саясатын кеңінен қолданды, қазақтарды, барлық саяси құқықтардан айырды, традициялы шаруашылығын және әлеуметтік құрылымын бұзды. Бұған жауап ретінде ХХ ғ. басында ұлт-азаттық қозғалысы өсті. Қазақ интеллигенциясы елде жаңа әлеуметтік-құқықтық реттеудің қажеттігін түсінді.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.